Қарт пен тапқыр жігіт
Бір қарт адам болыпты, өзі ғалым болыпты. Бір күні шаһарға барып, үйіне қайтып келе жатса оны бір жас жігіт қуып жетеді. Ол келе жатып жөн сұрады да, бара жолы бір болғаннан кейін:
– Ата, жолды қысқартайық, – дейді. Қарт:
– Жол қалай қысқарады? – дейді. Жігіт:
– Жолдың қысқаруы оңай, екеуміз бірімізді бірімізарқаласақ болғаны, – дейді.
Шал ішінен:
– Япыр-ай, мынау бір кесапатты адам болмаса игі еді? Сөзінің түрі жаман екен. Ат-матыммен мені бұл қалай арқалайды? Мен мұны қалай арқалаймын? – деп, ойдап жауап қайтармай, бетіне ажырайып қарап қояды.
Мұнан кейін жігіт те үндемей келе жатады да, орылмаған бірақ пісіп тұрған бір тамаша егінді көріп:
– Ата, мына егін сіздің елдікі ме? – дейді. Қарт:
– Иә, біздің елдікі, – дейді. Жігіт:
– Иесін білесіз бе? – дейді. Қарт:
– Білемін, – дейді.
– Олай болғанда, бұл өзі желініп қойған егін бе, жоқ, желінбеген егін бе? – дейді.
Қарт тағы да бетіне ажырайып қарап қояды да: – «Япырым-ай, мынаның бір сөзінен бір сөзі сорақы болды-ау! Орылмай тұрған егінді көре тұра, бұл қалай айтқаны?» – деп, ойлайды. Онан өтіп, жолшыбай бір елге кездеседі. Бұл елдің адамдары бір өлген кісіні көтеріп, қабірге қойғалы апара жатыр екен. Жітіт:
– Ата, мына кісіні білесіз бе? – деп, сұрайды. Қарт:
– Білемін, – дейді. Жітіт:
– Бұл өзі мүлдем өлген кісі ме? Жоқ, өлмеген кісі ме? – деп, сұрайды.
Қарт шыдай алмай:
– Өлмесе жерлеуге апармайды ғой! – деп жігіттің бетін қайырып тастайды. Жігіт үндемейді.
Көтеріп әкеле жатқан өліктің қабірі жолда екен. Бұлар қабіршілерге келеді де, солармен бірге өлікті қойысады. Былай шыққаннан кейін:
– Ата, әлгі кісі өлмеген екен, – дейді.
«Я, құдай, мынаның кесапатынан құтқара көр. Көрге көміп тастаған адам өлмей ме екен? Бұл не деген ахмақ!» – дйді қарт ішінен. Күн кеш болды, екеуі қарттың үйіне келеді. Қарт оны ұнатпаса да, күні бойы жолдас болып, бірге келген соң, қондырмасқа болмайды. Қонағын үйіне кіргізеді де, бойжеткен жалғыз қызы бар екен, соны оңаша шақырып алып:
– Шаршадым, менімен бірге бір жігіт үйге келді, мейман ет! Бірақ сүйкімсіз мінезі бар? Сөзінде кесапаты зор адам, – дейді.
Қыз тамақ әкеліп беріп, қонақпен сөйлесіп, көрсе, сөзі мағыналы, кескіні де ажарлы екен. Қыз: «Япырм-ау, әкемнің айтқаны осы кісі ме, басқа жігіт пе?» – деген оймен әкесіне келеді де:
– Әке, сізбен еріп келген жолдасыңыз екі кісі ме, әлде бір кісі ме? – дейді. Әкесі:
– Жалғыз кісі, – дейді.
– Үйде отырған қонақ сол ма? – деп, сұрайды қыз. Әкесі:
– Я, сол, – дейді. Қыз:
– «Сөзінде кесапаты зор», – деген адамыңыз осы болса, мұнан қандай кесапат көрдіңіз? – дейді. Қарт:
– Ойбай, шырағым, оның күн бойы сөйлеген сөзінде кесапатсыз бір сөзі жоқ. Әуелі оның сөзі сол болды: «Жол қысқартайық», – деді. Мен: «Жол қалай қысқарады?» – деп едім. Ол: «Бірімізді – біріміз кезек арқалап отырайық», – деді. Мен оған «Ол мені, мен оны қалай арқаламақшымыз», – дедім. Мұнысы былай тұрсын. Онан өтіп пісіп тұрған егінге кез келіп едік: «Ата, мына егін желініп қойған ба, желінбеген бе?» – деп сұрады. «Орылмай тұрған егінді кім жеп қояды?» – дедім мен. Бұл мұнымен тұрсын. Бір кісі өліп, оны табытқа салып қойғалы апара жатыр екен, соны көре сала: «Ата, мына адам шын өлген бе, өтірік өлген бе?» дейді. Онан шығып келе жатыр едік: «Ата жаңағы адам өлмеген екен» деді. Міне, мен оның осындай төрт кесепатты сөзін естідім, – дейді.
Сонда қыз тұрып:
– Әке, бұл сөздер кесепатты сөздер емес, зор мағыналы сөздер. Сіз оның айтқан сөздеріне түсінбеген екенсіз. Оның бірінші: «Кезек арқаласып отыралық» – дегені: «Кезекпе-кезек әңгіме айтып отырайық, жол қысқарғандай болып, тез жетіп аламыз», – дегені. Екінші: «Мына егін желінген бе, желінбеген бе?» – дегені: «Байдікі ме, кедейдікі ме?» – дегені екен. Байдікі болса, өз көлігімен, кісі жалдап жыртып, өз тұқымын себеді, өнімін ертең өзі алады, ал бұл желінбеген болып саналады. Кедейдікі болса, ол сорлы тұқымды несиеге салып алады, жерді көлік жалдап жыртады да, түскен өнімі борыштан аспайды. Сондықтан ол шикідей жеп қойғанмен бір есеп болады. Үшінші: «Ана өлікті өтірік өлген бе? Шын өлген бе?» – деп, сұрағаны: «Баласы бар ма?» – дегені екен. Ол өлген адамды қабірге салғанда, оның балалары қабірдің басында, барлығы бүлініп, жылап тұрған шығар, оны: «Өлмеген адам екен», – дегені сол болу керек. Артында қалған баласы бар адамның аты жойылмайды, сондықтан: «Ол өлмейді», – деген сөзі екен. Сіз ол арасының жұмбағын шеше алмаған екенсіз, – деген соң, қарт өзінің қате ойлағанын сезеді де, жігіттің қолын алып:
– Мен сенің айтқан сөздеріңе түсіне алмай, ішімнен соған қатты ренжіп едім. Олай емес, сен ақылды жігіт екенсің. Мына қызыммен екеуіңнің ақылың тең, екеуің бірге өмір сүріңдер, – деп, қызын соған беріпті.