Қали мен Қази

Қали мен Қази
Бұрынғы заманда Қали мен Қази деген ағайынды екі жігіт болыпты. Бұл екеуі жер астының мүжім ғылымын оқуға кетіп, біреше жылдан соң Қали, Қази екеуі де жер астынан мүжім ғылымын бітіріп шығып, екеуі де еліне келеді. Келсе, ел-жұрты бұл екеуін де танымайды. Екеуінің де тырнақ-шаштары алынбапты. Денелерін түк қаптап кеткен, үсті-басы жуылмаған, сиықтарынан адам қорқарлық екен. Міне, сонымен ел-жұрты Қали мен Қазидың екеуін де елге жуытпайды, елден қуады.
Осы беттерімен Қали мен Қази екеуі де еліне сыя алмай, бір айдын дарияға барады да, Қали балық болып жүзіп кетеді де, Қази құс болып ұшып кетеді. Екеуі екі шеттен шығады. Қали суда балық боп ағып отырып бір шәрдің шетінен шығады. Қази құс болып ұшып басқа бір шәрден шығады. Сонымен Қали сол барған шәрін аралап жүрсе, бір кемпір нан сатып отыр екен дейді. Қали келеді де кемпірге қарап тұрады. Кемпірдің нанын алушыны Қали көрмеді. Кемпірдің наны өтпейді. Өйткені наны қара, өте жарлы, бала-шағасы жоқ жалғыз кемпір екен. Сонда Қали тұрып кемпірге айтады: «Шеше, наныңды маған бер, мен сатып берейін, өзің жанымда тұр»,—дейді. Сонымен кемпір нанын Қалиға беріп, өзі жанында қарап тұрады. Сол мезгілде Қали оқыған өнер-ғылымын қолданып, нанға сиқырлық істейді. Сонда нан аппақ, тәп-тәтті болады. Сол базарда мұның нанынан артық нан болмай, базардағы бүкіл жұрт мұның нанына жабылады. Наны қымбат бағамен тез өтеді. Сонымен Қали сол кемпірге бала болып, ылғи нан сатып беріп тұрады. Кемпірдің шаруасы қатарға еніп, қаланың шетінен бір үй сатып алып, сол үйде тұрады.
Бір күндері Қали жақсылап түрлі нандар пісіріп, бұл шәрдағы ханның қыздарына сатады. Ханның қыздары мұнан нан сатып алғыш болады, үйткені Қали сиқырлап пісірген нан өте тәтті көрінеді. Сүйтіп жүргенде Қали сол ханның кіші қызына ғашық болады. Бір күндері Қали түрлі сиқырлармен ханның қызын өзі үйіне алғызады. Мұны ешкімге білгізбейді. Қыздың өзі біледі. Бірақ қалай келгенін, кім әкелгенін білмейді. Үйіне барады да қыз жылайды. Күнде бұлай қызды келтіріп-апарғызып тастайды. Қызының осындай басын айналдырып жүргенін естіп, кім екенін білу үшін хан қызына: «Барған үйіңе сол кебісіңді тастап кет, басқа адамға көрсетпей, өзің ғана біл»,—дейді. Қыз екінші барғанда сол кебісін сол үйдің бір жеріне тығып кетеді. Оны Қали біліп, ертең тұра сала сиқыр жасайды. Сол кезде бүкіл шәрдің үй бас сайын сол кебіс қаптап кеткен. Кімнен екенін тағы да айыра алмайды. Хан қызына: «Сол барған үйіңнің қақпасын қаралап бояп кет»,—дейді. Қыз тағы да барғанында сол үйдің қақпасын қаралап майлап кетеді. Қали ертеңінде қараса, қақпасын қара майлап кеткен. Бұл арада Қали тағы да сиқыр жасап жібергенде, бүкіл шәрдің үйлерінің қақпалары қара майланып қалады. Қай үй екенін мұнан біле алмайды. Сонымен жүргенде хан халқын жиып:
—Сексен кез жерге жамбы қадалады. Атып түсірген кісіге кіші қызымды берем, атам деп тигізе алмағанның басын алам!—деп жар салады. Бүкіл жұрт жиналады. Жамбыны, теңгені ешкім атып түсіре алмайды. Көп мергендер жанынан қорқып ата алмайды. Бір мезгілде Қали мылтығын сиқырлап алып атады, алып түсіреді. Сол уақытта хан кіші қызын Қалиға береді. Күндердің күнінде хан Қалидың дана, ғылыми адам екенін біледі. Сүйтіп, Қалиды ұлындай етіп күйеу бала қылып алады.
Бұл осымен тұра тұрсын, енді Қазиға келейік.
Қази сол барғаннан бір басқа жақтағы ханның қолында болады. Өзінше мүжім ғылымымен ханға өте жағып, ханның жауларын мұқатып тұрады. Сол уақыттарда сол хан мен мына Қали жүрген хан екеуі жауласады. Екі жағында мықты соғыс шығады. Екі хан екі мүжім ғылымын оқыған ағайынды Қали мен Қазиды бір-бірімен соғыстырады. Бір мезгілде әлденеше мың әскермен Қази келеді. Алдынан көп әскермен Қали шығады. Екеуі бірін-бірі танымай мүжім ғылымымен әбден соғысады.
Ұзақ уақыт соғысып, бірін-бірі жеңе алмайды. Көп соғысады. Ақырында соғыс бола бергенде Қали әскері тары болып жайылып кетеді. Қази әскерлері тауық болып жей бастайды. Сонда Қали әскерлері қырғи болып тауықтың басын қия береді. Ақырында Қазидың өзі күйкентай болып қашады. Қали қырғи болып қуады. Алты күн, алты түнде қуып жетеді. Екеуі де таласады. Қази жеңіле бергенде көп жылайды, жалынып. Оған болмай Қали өлтіреді. Өлген уақытта денесі, аяғы Қази болып адам қалпына түседі.
Сол уақытта Қали өзінің інісі Қази екенін таниды. Танып есінен танып қалады. Көп өкініп жылайды. Сол уақытта ми даланы күңірентіп жылағанда маңайындағы көрген халықтардың сай-сүйегі сырқырайды. Осымен көп жылдар өтеді.
Қали әбден қартаяды. Өлер шағында бір баланы тоғыз ай оқытады. Нақ өлерінде балаға тоғыз түрлі шынымен дәрі қалтырады: «Мен өлгенде ешкімге көрсетпей, бір оңаша жерге бар да, бір астауға мені сал, осы тоғыз түрлі дәріні күнде бірін құйып тұр. Сонда мен тіріліп қайтадан жасарып шығармын»,—дейді. Бір мезгілде Қали өледі. Оқытқан баласы айтқанын істей бастайды.
Әуелгі күні бірінші шыныдағы қап-қара топырақ болып кетеді. Екінші күні екінші шыныдағы дәріні құяды, сонда қап-қара батпақ болады. Үшінші күні үшінші шыныдағы дәрі әлгіден гөрі қоюланады. Төртінші күні төртінші дәріні құйғанда батпақ бірте-бірте адам сүгіретіне келеді. Бесінші күні бесінші шыныдағы дәріні құйғанда кәдімгідей адам сүгіретіне әр­түрлі дене құрылыстары келіп, өлі адамға ұқсап жатады. Алтыншы күні алтыншы шыныдағы дәріні құйғанда жігітке айналады. Жетінші күні жетінші шыныдағы дәріні құйғанда барлық денесі тегіс, дене құрылысы түзеліп, бір сұлу жап-жас жігіт, әттең, жаны жоқ болып жатады. Сегізінші күні сегізінші шыныдағы дәріні құйғанда астаудың ішінде аунап түсіп, аунап түсіп «жақ-жақ» деген тілге келіп жатады. Тоғызыншы күні тоғызыншы шыныдағы дәріні құя бергенде көктен Әзірейіл періште түсіп, баланың қолындағы дәріні төгіп жібереді. Екі тірілуге заң жоқ деп, сонымен «жақ-жақ» деп жатып қалады. Әлі күнге дейін «жақ-жақ» деп жатыр дейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *