«ҚАЗАҚТЫҢ ТІРІ Я ӨЛІ БОЛУ МƏСЕЛЕСІ»
Қай заманда да жер дауын бірінші орынға қойған қазақ халқы үшін ата-бабадан қалған бай мұра – ұланғайыр даланы көздің қарашығындай сақтап қалу ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ең өзекті мəселеге айналды. Бұл жөнінде Қазан төңкерісіне дейін, шын мəнінде, «халықтың көзі құлағы һəм тілі қызметін» абыроймен атқарған «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 13-сəуірдегі санында жарияланған «Жер мəселесі» атты бас мақалада: «Бұл күнде қазақ қажетінің арасында ең біріншісі – жер мəселесі», – деп жазылуы бекер емес-тін. «Басқармадан» деп қол қойылған мақала авторы, біздіңше, Ахмет Байтұрсынұлы. Олай деуімізге екі түрлі уəжіміз бар. Біріншіден, басқарма атынан жарияланған материалдардың дені А.Байтұрсынұлы қаламынан туындағаны талас тудырмауы тиіс. Екіншіден, тілге тиек етіп отырған мақаладағы сөз орамдары мен жер мəселесін көтерген жəне астына Ахаңның «А.Б.» деген бүркеншік аты таңбаланған «Аңдаспаған мəселе» турасында» деген екінші мақаладағы сөз саптау мəнері бірі-бірімен үйлесіп, бір қолдан шыққанын соқырға таяқ ұстатқандай, анық аңғартады. Алаш ардақтысы «Жер мəселесі» мақаласында: «Қазақ қажетінің ең біріншісі – жер мəселесі, – деген пікір айтады. – Əркім жер деген сөзді жеңіл түсініп жүрген секілді. Бұл терең ойлап, тексере қарайтын іс», – деп өрбітіп, жер мəселесінің маңызын айшықтап берсе, «Аңдаспаған мəселе» турасында» атты мақаласында осы ойды: «Қазіргі қазақ мəселелерінің ең зоры – жер мəселесі. Бұл – қазақтың тірі я өлі болу мəселесі, – деп түйіндеп, мынадай қорытынды жасайды: Бұл турасында түсініп жетпей қателесіп, қазақты теріс жолға салғанымыз – 5 миллион адамның обалын мойнымызға жүктегеніміз. Сондықтан бұл турасында қазаққа ақыл айтқанымыз қазақ та һəм басқалар да қате ұқпастай етіп, анықтап ашып сөйлегеніміз абзал» . Екі мақалада да мəселенің көтерілуі мен оны жеткізу жолдары жəне ой үйлесімдігі біріне-бірі қатты ұқсап, сөз жүйесі қайталанып тұрғандықтан да бір қолдан шыққаны еш талас туғызбауы тиіс.
ХХ ғасыр басында қазақ даласында жер мəселесінің осыншалықты ушығуының себебін іздегенде оған толыққанды жауапты Алаш публицистикасынан табарымыз хақ. Осы орайда, публицистиканың тарихи құндылығы туралы құнды ой туады. Ұстазымыз, профессор Т.Амандосовтың: «Публицистика – өмірдің сырлы суреті. Публицистика арқауы – шындық… Публицистика – адамдар арасындағы əлеуметтік, саяси-экономикалық, өндірістік, ғылыми жəне рухани, тағы басқа құбылыстарын, өмір фактілерін байыптап түсіндіріп береді» , – деген ғылыми тұжырымын негізге алсақ, қазақ көсемсөзінің ел тарихын түгендеудегі мəн-маңызы айшықтала түседі. Заман тарихы, қоғам шындығы, өмір шежіресі болғандықтан да көсемсөзді тарихшылар ғылыми зерттеулеріне дерек көзі ретінде пайдаланып, тарихи қорытынды жасауға негіз етіп жүргені жаңалық емес. Айталық, Алаш қозғалысы тарихын терең қазып, көзіқарақты оқырманға құнды еңбектер ұсынған алаштанушы ғалымдар М.Қозыбаевтың, К.Нұрпейісовтің, М.Қойгелдиевтің, т.б. зерттеушілердің еңбектерінде Алаш баспасөзі жарияланымдарының басым орын алатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Оның себебі де түсінікті. Өйткені, «публицистика нақтылы өмірден орын алып отырған мəнді оқиға-фактілер төңірегіндегі пікірді қозғап, сол туралы дұрыс ұғым қалыптастыруға ықпал жасайды. Яғни, публицистика – фактінің, нақты оқиғаның жанры». Бұдан түйер ой – нағыз көсемсөз шеберлері өз заманы мен қоғамының тыныстіршілігін өшпестей етіп қаз-қалпында тасқа қашап жазып, ұрпаққа аманаттап қалдыратын тұлға болғандықтан да олардың еңбектерін тұнған шежіре деп қарастыруға болады.
Публицистиканың тарихи құндылығын айшықтайтын ғылыми тұжырымымызды Алаш көсемсөз шеберлерінің жер туралы жеріне жеткізе жазған публицистикалық құнды еңбектері дəлелдейді.
«Қалмақтармен ұзақ та сұрапыл ұрыстардан кейін, əкелер қанының өтеуімен азат етілген атамекенін өз меншігі деп есептеген қазақтар орыстың қарамағына кіргенде, ол мемлекет халық меншігіне қол сұға қояды деп ойлаған жоқ еді. Ал сол кезде-ақ орыс мемлекеті ешқандай дəлел-себепсіз күштінің құқы жүреді деген қағидаға сай, барлық қазақ жері мемлекеттік меншік болып танылады деген заңды бекітіп, соның нəтижесінде қазақ даласына (орыс шаруаларының – С.Қ.) қоныс аудару қозғалысы басталды. Ең шұрайлы жерлер қоныс аударушыларға кертіліп біріліп, ең нашар жерлер қазақтарға қалды. Əрине, жердің бұлай сапалық жəне сандық жағынан азаюы малшы қазақтардың тұрмыс халіне əсер етпей қойған жоқ. Соңғы кездері халықтың айрықша байқала түскен жарлылануы да дəл осы ешқандай төлемсіз жəне байырғы халықтың шаруашылығына айқын зиян келтіре отырып, шұрайлы жерлерді күшпен тартып алумен түсіндіріледі» .
Бұл – Семей облысы, Қарқаралы уезі қазақтарының Патшалық Ресейдің Министрлер Кеңесі төрағасына 1905 жылдың 26-маусымында жолдаған атақты арыз-талаптан (петициядан) үзінді. Тарихта Қарқаралыдағы Қоянды жəрмеңкесіне қатысушылар қол қойған арыз-талап болып таңбаланған петицияның «мəтінін профессор М.Қ.Қойгелдиевтің орыс тілінен қазақ тіліне аударған» нұсқасынан алынған үзінді отарлау саясатының салдарынан
əбден ушыққан жер мəселесі туралы халықтың жанайқайынан сыр тарқатады. Сонысымен де əрі тарихи шынайы дерекке негізделіп жазылғандықтан да оны публицистикалық мұра деп қарастырған дұрыс.
Өкінішке қарай, аталған атақты арыз-талаптың түпнұсқасы осы күнге дейін табылмағаны көңілге қаяу салады. Бұл туралы Алаш қозғалысы құжаттары мен материалдары жинағын құрастырушылар: «Нақты құжаттың түпнұсқасы табылмады. Құжаттың қазақ тіліндегі мəтіні болуы мүмкін», – деп жазып, зерттеушілер назарын аудартқанын орынды ескертпе деп есептейміз. Арыз-талаптың түпнұсқасы табылмағандықтан оған қол қоюшылардың саны туралы
деректерде бірізділік байқалмайды. Мəселен, жоғарыда сілтеме жасалынған жинақтың өзінде бір жерде: «Подлинная за подписками 12767 лиц» , – деп көрсетілсе, екінші жерде: «Летом грамадное совещание было устроено в Семипалатинской обл. Каркаралинскому у. На Куяндинской ярмарке, здесь подписались 14,5 тысячи человек под знаменитой петицией» , – деген дерек келтіріледі. Осы дерек Алаш публицистикасына талдау жасаған өзге бір ғылыми еңбекте: «Қарқаралы петициясының мəтінінде Ахаң қолтаңбасы айқын көрінеді. А.Байтұрсынов дайындаған саяси құзырхатқа 16500 адам қол қойып Санкт-Петербургке жіберілді» , – деп беріледі. Үш түрлі дерек үш түрлі санды көрсетеді. Қайсысы шындыққа сай? Бұл сұраққа жауап беру болашақта тарихшылар еншісіндегі міндет деп білеміз. Ел тарихында аса зор мəнге ие құжат туралы деректің алуан түрлі болуы оған көлеңке түсіріп қана қоймай, сенімсіздік туғызады. Сондықтан тарихи құжат туралы деректі бірізділікке түсіру маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Жалпы, ел тəуелсіздігі жолындағы ұлтазаттық күрес шежіресінен ойып тұрып орын алатын құны өте қымбат тарихи жəдігеріміздің түпнұсқасын іздеп тауып, ел мұрағаты мен музейлерінен орын сайлайтын болсақ, ұрпақ танымы мен тағылымын арттыруға үлес қосқан іс болар еді. Бұл да келешек зерттеушілер назарын өзіне аударуы тиіс.
Тарихшылар Алаш қозғалысы тарихы осы Қоянды жəрмеңкесіне қатысушылар атынан даярланып, 12767 кісі қол қойған (бұл жерде жоғарыда сілтеме жасалынған Алаш қозғалысы құжаттары мен материалдары жинағындағы дерекке жүгініп отырмыз), 1905 жылғы 26-маусым күні Санкт-Петербургке, Ресей Министрлер комитеті төрағасына жолданған атақты арыз-талаптан бастау алады деген қорытындыға келеді. Осы ғылыми тұжырымды негізге ала отырып, біз де Алаш публицистикасы тарихын сонымен байланыстыра қарастырғанды дұрыс санаймыз. Бұл турасында «Алаш публицистикасын кезеңдеу мəселелері» атты бөлімде арнайы терең əңгіме өрбітілетін болғандықтан, ол туралы əңгімені осымен əзірге шектейміз.
Қаймана қазақтың көкейтесті мəселелерін паш еткен мұндай арыз-талаптар қазақ даласының барлық өңірінен сан мыңдаған кісілердің қол қоюымен Патшалық Ресей өкіметіне тұс-тұстан жолданғанын назардан тыс қалдыруға болмайды. Алаштың көрнекті көсемсөз шебері М.Тынышбаевтың 1905 жылы 19-қарашада Санкт-Петербургкте Автономистер одағы құрылтайында жасаған «Қазақтар жəне азаттық қозғалысы» атты баяндамасында: «Сын Отечества» газетінің 11-қарашадағы санында Семей жəне Павлодар уездері қазақтары мен татарлары атынан (граф Виттеге жоданған) зорлықзомбылыққа өткір қарсылық көрсеткен жəне үкіметтің уəдесіне сенімсіздік танытқан телеграмма жарияланған.
Ақмола облысы қазақтары да бастарына төнген түрлі қауіп-қатерге қарамастан, табанды əрекет танытты. Осы қозғалыста қазақтар арасынан бюрократиялық тəлкекке қатты ұшыраған Дала өлкесі тұрғындары айрықша күш көрсетті, 25 мыңнан аса кісі əртүрлі арыз-талаптарға (петицияға) қол қойды. Енді генерал Сухотинге барлық қазақ тұрғындарын Сібірге жер аударып, жансыз далаға патшалық етуден басқа жол қалмады. Семей облысындағы халықтық қозғалыс Жетісуға жетті: «Лепсі қазақтары үкіметтің сасық саясатына қатты қарсылық танытып, өз талаптарын білдірген, 1000 кісі қол қойған арыз-талаптарын жолдары… Бұлардың арасынан, əсіресе, Орал жəне Торғай облысы қазақтары қозғалысын айрықша атап өтпеуге болмайды (Орыс тілінен аударған – С.Қ.)» , – деп жазып, атақты Қоянды жəрмеңкесі арыз-талабынан басқа да наразылық шаралы көп болғаннан мəлімет келтіреді.
Аталған арыз-талаптардың қай-қайсысыда жер мəселесін бірінші орынға қойғаны дəлелдеуді қажет етпейді. Өйткені, қазақ халқының экономикалық жағдайы жермен тығыз байланысты болатын: «Мал күйлі болса, қазақ та күйлі, өріс шұрайлы болса, қазақтың жүзі де шырайлы. Мұнда дала – малды, мал – қазақты асырайды» , – деген ұстаным тіршілік заңына айналған еді. Осыны негізге ала отырып даярланған құзырхатта Қоянды жəрмеңкесіне қатысушылар Ресей Министрлер комитеті төрағасына жер мəселесіне қатысты мынадай батыл талаптар қояды: «…4. Дала өлкесін отарлау жүріп жатыр. Жыл өткен сайын қазақтардың иелігіндегі жер азайып келеді. Қоныс аударушылар телімдеріне деп ең шұрайлы жерлер мен тұщы сулы алқаптар тартып алынуда. Сондықтан да қазақтар иеленіп отырған жерлерді олардың (қазақтардың – С.Қ.) меншігі деп тану шарт.
5. Мемлекеттік мүлік басқармасы Дала өлкесінде қазынаның иелегіне жер бөлу үстінде қазақтарды өздерінің атабаба қыстауларынан қуып шығуда. Осы тұрғыда, жерді межелеп бөлу кезінде қазақтардың өз қонысынан қуылмағаны, олардың тікелей қатысуымен қазына жері мен екі арадағы қашықтық шамасын өздері анықтайтын қорғаныс белдеулері қалдырылуы қажет.
6. Қазіргі «Далалық Ереже» қазақ өмірінің бүгінгі қалпына сəйкес келмейді. …Сондықтан да қазақтардан құралған депутаттардың қатысуымен «Далалық Ереже» өзгертілуі қажет».
Əрине, Қарқаралыдағы Қоянды жəрмеңкесіне қатысушылар атынан даярланған арыз-талап мəтінін жеке тұлғалар əзірлегені дау туғызбайды. Алаштанушы ғалым С.Өзбекұлының зерттеуіне жүгінсек, Ахмет Байтұрсынов пен Жақып Ақбаевтың осы міндет төрінен көрінгеніне көз жетеді. «Ақаңның 50 жылдық тойы» атты портретті очеркінде М.
Əуезов те, аталған арыз-талапта Ахмет Байтұрсынұлының қолтаңбасы бар екенін ашып көрсетеді: «1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен біраз оқығандар бас қосып, кіндік үкіметіне қазақ халқының атынан петиция жіберген. Ол петициядағы аталған үлкен сөздер. Бірінші – жер мəселесі, қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. …Петициядағы тілек қылған ірі мəселелер қазақ баласының дертті мəселелері болғандықтан, Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған». Бұл жолдар жоғарыда біз айтқан «арыз-талаптардың қай-қайсысы да жер м
əселесін бірінші орынға қойған» деген пікірдің негізсіз емес екенін дəлелдейді.
Қоныс аударушы орыс шаруаларын орналастыру үшін қазақтың ең шұрайлы жерлері тартып алынып жатқанын айыптаған шағым-арыздар жеке кісілер атынан да хат болып кіндік үкіметке жолданғанын мұрағат материалдары айғақтайды. Мəселен, Ақмола облысы Көкшетау уезі Жыланды болысының тұрғындары Мұстафа Илинов пен Байдүйсен Оразаевтың атынан Ресей Жер ісі жəне мемелекеттік меншік министріне жолданған жерді əділ бөлу туралы өтініш хат сақталған. Хатта өтініш иелерінің сөздерін қағазға түсірген демалыстағы казак Алексей Портняжев екені жазылған. Сонымен бірге хат иелерінің өтініш сұрауымен Василий Глухов деген азамат қол қойғаны айтылады.
Біздің назарымызды өзіне ерекше аудартқаны – хаттың жазылған мезгілі. Арыз-тілек 1901 жылдың 4-сəуірінде жолданғаны – оның мəн-маңызын арттыра түсетін дерек. Демек, Алаш публицистикасы кезеңі 1905 жылдың 26-маусымындағы атақты Қоянды жəрмеңкесіндегі арыз-талаптан емес, осы жеке тұлғалардың хаттарынан бастау алады деген сөз. Бұл «Алаш публицистикасын кезеңдеу мəселелері» бөлімінде таратыла талданатын болады.
Қос беттік шағын хатта қазақ даласындағы жер мəселесінің түйткілді жайлары таратыла баяндалады.
«Есте жоқ ерте заманнан пайдаланып келе жатқан жерлерімізді тартып алу кейінгі кездері жыл сайынғы əдетке айналды. Бізге беймəлім өлкелерден көшіп келіп жатқан қоныс аударушы шаруаларға жер кесіп беру салдарынан біздің қоныстарымыз тарылып барады, оның есесіне жерге деген қажеттілігіміз еселеп өсу үстінде: жан жəне мал саны артуда, бұрын тұтынып көрмеген қажеттіктер тууда, мысалы, қыстап шығу үшін өзімізге нан, малымызға жемшөп дегендей, оның үстіне, салықтың түр-түрі үздіксіз өсіп барады (орысшадан аударып, алғаш пайдалануда – С.Қ.)», – деп басталатын шағым хатта жиырмасыншы жүзжылдық табалдырығынан жаңа аттаған қазақ халқының ауыр күйі ашық айтылады. Бұдан əрі хат иелері жергілікті жұрт орыс қоныс аударушыларына жасалынып жатқан жақсылықтардың бірін де көрмей отырғандығын, оларға ең құнарлы жерлер бөлініп берілсе, өздері сусыз-нусыз, тау-тасты жерлерге ығыстырылу үстінде екенін айыптап: «Бізге қазірдің өзінде өмір сүру өте қиындап кетті, ал осы талғажау етіп отырған жерлерімізден айырылсақ, онда күйіміз не болады?!» – деген мұң-зарларын сыртқа тоғытады.
Шағын хатта қаймана қазақтың қайыршылық күйге түсуінің, жылдан-жылға жатақтардың (малсыздардың) көбейіп бара жатуының себебін жердің тарылуынан деп дəл түсіндіріледі. Отарлау саясатының «нəтижесін»: «Біздің атақонысымыз болған жерлерде Максимовка (1890), Владимировка (1878), Новгородок (1897) жəне басқа да ауылдар (поселкелер) пайда болды. Өткен 1900 жылы жазда мемлекеттік іс жүргізші Уминов-Велицкий Тақыр-Жыланды (Жалтыр) қыстағындағы қоныс аударушыларға бөлінген жер маңайынан бізге қарайтын Жалтыр-Су қыстағын кесіп алды», – деп, деректерге жүгіне отырып, нақты дəлелдейді.
Жер мəселесіндегі осындай əділетсіздіктерді ашық айыптаған хат иелері Ресей министрінен өтініштерін аяқсыз қалдырмай, қамқорлық танытуын сұрайды: «Жоғары мəртебелім, Сізден қоныс аударушыларға алынады деп қарастырылып жатқан Жалтыр-Су, Үй-тас қыстақтары мен Күтем-Қыс (Бұлақ зират), Жан-тамыр, Шетен-Адыр, Өр-шиелі (Ур-челі) өзендерін, Новгородтан Қара-суға дейінгі аралықты біздің меншігімізде қалдыруға тапсырма беруіңізді сұраймыз. Бар өтінеріміз осы. Онсыз тіпті тарлық көріп, өмір сүруіміз мүлдем қиындап кетеді», – деген жолдар деректілігімен жəне жиырмасыншы жүзжылдық басындағы қазақтың мүшкіл халін баян етуімен құнды. Осынысымен де публицистиканың ауыр жүгін арқалап тұрған туынды деп қарастырғанымыз тарихи əділеттіліктің салтанат құруы, яғни аты аталған азаматтардың бастарын бəйгеге тіккен еңбектерін бағалау деп білеміз.
Алаш азаматтарының жер мəселесі туралы публицистикалық еңбектерін талдағанда көрнекті қоғам қайраткері Мұхаметжан Тынышбаевтың 1905 жылдың 20-маусымында Ресей Министрлер комитетінің төрағасына жазған хатын бағаламау қиянат болар еді. Санкт-Петербург қаласындағы І Александр атындағы Теміржол транспорты институтының студенті қазақ халқының басына түскен ауыртпалықты ашына жазып, метрополия тарапынан зорлық-зомбылықтың тоқтатылуын талап етеді. Жас қайраткер көтерген қазақтың көкейтесті мəселелерінің ішіндегі ең соқталысы – жер дауы. Бұл жөнінде заңсыздықтың етек жайғанын былай дəлелдеуге тырысады: «Уақытша ереженің» (1868 жылы қабылданған қазақ даласын басқару туралы заңдық күші бар құжаттың – С.Қ.) 125 жəне 129-тармақтары бойынша қазақтардан бос жатқан артық жерлерді ғана алуға болады. Құрылыс салынып жатқан, бау-бақша егілген, басқа да игерілген жерлер жеке меншікке теңестірілген. Ал, шын мəнінде, бізден ең тəуір жерлер: қыстаулар, жайлаулар, шабындықтар, құрылыс жəне бау-бақша орындары тартып алынуда. Қазақтардың мұндай жерлері артық жəне бос жатыр деп айтуға ауыз бармайды. Қазір ондай жерлер басқаларға бөлініп берілуде, соның салдарынан жерден тапшылық көрген қазақтар оған көнгісі келмей, қарсылық танытуда, нəтижесінде бітпейтін дау-дамай, ұрыс-керіс, тіпті өлім-шығын орын алуда» (Орысшадан алғаш аударылып пайдалануда – С.Қ.).
Көсемсөз қоғамдық маңызды мəселені көтеріп қана қоймай, оны шешудің жолдарын іздестіруімен де бағаланатынын ескерсек, М.Тынышбаевтың эпистолярлық публицистикасында бұл жай қалыс қалмаған: «Біз, қазақтар, есте жоқ ерте замандардан өз жерімізді иеленіп келеміз. Орыс қоластына өз еркімізбен, еш қантөгусіз өткенде ең құнды жерімізден айырылу үшін, əділетсіздік пен зорлық-зомбылықты көру үшін емес, арамызда тыныштық жəне бейбіт заман орнасын, қысымшылықтан қорғасын деп қамдандық. Сондықтан да тарихи əділеттілік қыстаулар мен жайылымдарды, шабындықтарды келімсектерге беретін аудан шекарасынан шығарып тастауды талап етеді. Егер бос жатқан артық жерді қоныс аударушылар қажетіне беру лажсыз керек болса, ондай жерлер қазақ қоғамының шешімімен, тек солардың келісімімен жайлаулардан бөлінуі тиіс» , – деген жолдар ХХ ғасыр басында қазақ даласында аса күрделене түскен жер мəселесін шешудің нақты тетіктерін ұсынуымен құнды.
Орысшадан қазақ тіліне алғаш аударып, тұңғыш ғылыми айналымға біз енгізіп отырған М.Тынышбаевтың эпистолярлық жанрдағы тырнақалды туындысы тарихи шындықты жайып салуымен ерекшеленеді. Жиырма бес жасар студенттің қалың елі қазағының қамын жеп, батыл қадам жасауы – Министрлер комитетінің төрағасына ұлт намысын жыртып, хат жолдауы тарихи ерлік деп бағалануы тиіс.
Тілге тиек етіп отырған тарихи хатында публицист жаңа жүзжылдық басында «қазақтың тірі я өлі болу мəселесінің» соншалықты ушыға түсуінің түпкі себебін дөп басып тани білген. Ол – метрополияның отарлау саясатын заңдастыру мақсатында 1868 жылы 21-қазанда патша өкіметі бекіткен «Орал, Торғай, Ақмола жəне Семей облыстарын басқару жөніндегі Уақытша Ереже».
Алаш ардақтысы Міржақып Дулатов кейіннен «Тарихи жыл» атты маңызы айрықша мақаласында: «Қазақ халқының өткен дəуіріне айналып қарасақ түрлі тарихи зор уақиғалар, өзгерістерді бастан кешіргенін көреміз:
–Қазақ-қалмақтың жауласқан заманы;
–Ақтабан шұбырынды;
–Россияға бағынған шағымыз;
–Кенесары заманы;
–Қоқан заманы;
–1868 жылғы жаңа заңның шығуы», – деп жазып, осы «Уақытша Ереженің» күшіне енуін «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманымен тең қоюы бекер емес-тін. Ұлы империялық кеселге шалдыққан Ресей патшалығы осы заңды негізге ала отырып, орыс шаруаларының қазақ даласына жаппай қоныс аударуын қолға алды. Бұл ұшы-қиырсыз қазақ жерін империяның географиялық құрамдас бөлігіне айналдыруды көздеген патшалық
əкімшілік үшін аспаннан іздегені жерден табылғандай жол болды. Мұны шұғыл əрі ауқымды жүзеге асыру арқылы патша үкіметі мынадай үш түрлі пайда тапты:
Біріншіден, «қара шаруа переселендерін сыртқа көбірек жіберіп, Орталық Ресейдегі жер дағдарысынан құтылмақ болды».
Екіншіден, ішкі Ресейдегі етек алып бара жатқан шаруалар көтерілісін осылай тұншықтырып, елдегі саяси тыныштықты қамтамасыз ету арқылы отандастары алдында жоғалып бара жатқан абырой-беделін қайтарып, жақсыатты көрініп қалу үшін де ұтымды саясат еді.
Үшіншіден, жəне бұл ең негізгісі, орыс шаруаларының қоластындағы ел территориясына кең жайыла орналасып, жергілікті жұртты тықсыра қоян-қолтық аралас отыруы отарлау, яғни орыстандыру саясатын батыл əрі қалауынша емінеркін жүргізуге қолайлы жағдай туғызады деген мысық тілеуі күткендегіден да артық «жемісін» бере бастады. Оған мынадай тарихи мəліметтер айқын дəлел. «1917 жылға дейін Қазақстанның 45 млн. гектарға жуық жер көлемі қазақтардың иелігінен казак-орыс əскерінің, қоныс аударушы орыс жəне басқа еуропалық шаруалардың, сондай-ақ, патшалық мемлекет мекемелерінің пайдалануына өткен». Бұл кесіп алынған жерлер топырағы ең құнарлы, сулы да нулы, шұрайлы аймақтар екендігі бесенеден белгілі.
Қара шекпенділердің қазақ даласына сеңдей тоғытылуы, əсіресе, ХХ ғасыр басында өте жоғары қарқын алды. Мысалы, 1896-1905 жылдар аралығында Ақмола, Торғай, Орал жəне Семей облыстарына ішкі Ресейден 294296 шаруа қоныс аударса, ол 1906-1910 жылдары 770 мың жанға өскен.
Əрине, бұл жағдай қазақ облыстары тұрғындарының ұлттық құрамына кері əсерін тигізгені даусыз. Тарихи дерекке жүгінсек, 1905 жылдан 1910 жылға шейін қоныс аударушы келімсіктердің қатары екі еседен артық өссе, оның есесіне, жергілікті ұлттың үлес салмағы 12,9 пайызға кеміген.
Алаш қайраткерлерінің публицистикалық мұралары патшалық Ресей өкіметінің қазақ даласына мақсатты түрде жүргізіп отырған осындай отарлау саясаты зардаптарын егжей-тегжейлі талдап, жеріне жеткізе жазып, əшкерелеуімен бағалы. Жоғарыда халық наразылығының нақты көрінісі ретінде метрополияның зорлық-зомбылығына қарсы жолданған арыз-талаптар көптігі туралы мəлімет келтірген М.Тынышбаевтың 1905 жылғы 15-қарашада Санкт-Петербургте ұйымдастырылған Автономистер құрылтайында жасаған «Қазақтар жəне азаттақ қозғалысы» атты баяндамасынан үзінді келтірген болатынбыз. Эпистолярлық публицистика үлгісіндегі осы тарихи еңбегінде Алаш қайраткері отарлау саясатының ойранына айналған қазақ даласы мүшкіл жағдайының себеп-салдарын айқара ашып көрсетеді. «Одақ мүшелеріне (бұл жерде əңгіме Автономистер одағы туралы – С.Қ.) Ресейде əлі таныла қоймаған халық өкілдерімен жұмыс істейтін болғандықтан қазақтар туралы, оларды басқару жүйесі туралы, қазақ даласындағы жағдайдың басты себебіне айналған саяси, рухани, діни жəне экономикалық қаналу туралы мəлімет бере кетуді дұрыс санаймын», – деп басталатын баяндамасында публицист ХХ ғасыр басындағы Алаш баласы басындағы тауқыметті тарата талдайды.
Осы жерде аталған Автономистер одағы туралы қысқаша мəлімет келтіре кеткенді дұрыс көреміз. Бұл қоғамдық-саяси ұйым Ресей империясы құрамындағы ұлттар мен ұлыстардың еркіндігін қамтамасыз ету үшін поляк ғалымы Б.А.Бодуэн де Куртенэнің ұйымдастыруымен ХХ ғасыр басында, нақты айтсақ, 1905 жылдың қарашасында құрылған. Одақтың құрылуы Ресей империясы қоластындағы халықтардың еркіндік жолындағы күресте бірігуіне ықпал еткен ірі саяси оқиға болды. Жалпыресейлік мұсылман қозғалысы атынан А.Ибраимов, А.Топчибашев, С.Жантөрин секілді қайраткерлер қатысқан. 1905 жылдың 19-қарашасында ұйымдастырылған жəне М.Тынышбаев баяндама жасаған Автономистер құрылтайына поляк, əзербайжан, армян, грузин, белорус, украин, еврей, латыш, татар, қазақ халықтары атынан 83 өкіл қатысқан. Құрылтай Ресей империясы халықтарының барлығы бірдей Республика негізінде мемлекет құруға қатысуы тиіс деген қаулы қабылдаған. Олар Ресей əр ұлттың дербес автономиялық басқаруын қамтамасыз ететін федерациялық мемлекет болуы қажет деп санаған. Сол үшін де «автономистер» саяси қуғын-сүргінге ұшыраған.
М.Тынышбаевтың баяндамасы танымдық маңызы өте жоғары тарихи деректерге негізделуімен жəне қара қылды қақ жарған əділ əрі өткір тілде жазылуымен оқушысын еліктіріп, елітіп əкетеді. Мұны публицистің шеберлік қыры ретінде қарастыруымызға əбден болады. Сөзіміз құрғақ болмауы үшін баяндамадан тағы үзінді келтірсек, оған көзіңіз анық жетеді: «Ақмола, Семей, Жетісу, Торғай, Орал, Сырдария, Каспийдің бір бөлігі, Самарқан жəне Ферғана облыстары мен Əмудария бөлімін, Астрахан губерниясының қазақ-қайсақ аталатын Бөкей ордасын мекендейтін қазақ көшпенділері 1897 жылғы жалпыхалықтық санақ бойынша 4 100 000 жан деп есептеліп, Ресейде 6-орынды иемденеді (1-великоростар – 55,7 млн., 2-малоростар – 22,5 млн., 3-поляктар – 8 млн., 4-беларустар – 5,9 млн., 5-еврейлер – 5 млн.).
Əрине, бұл сан шындыққа толық сəйкес емес: кейінгі уақытқа дейін қазақтарда метірке деген болмаған, ол қазір де көп жерде жоқ. Санақ кезінде қазақтар біржола босатқанына қарамастан үкімет əскери борышкер етуге əзірлік жасауда деп қорқып, балаларын жасырып қалды. Торғай облысы əкімшілігінің бұрынғы кеңесшісі И.Крафт қазақтар 6 миллион деп санайды. Қазақтардың тарихы мен тұрмыстіршілігінің білгірі саналатын Я.Я.Полферов 5,5 миллион деп есептейді, меніңше, осы сан шындыққа жанасады (орысшадан аударған – С.Қ.)», – деген жолдар тарихи деректілігімен құнды.
Тарихи баяндамасында Тынышбаев қазақ халқы үшін ең маңызды мəселе, сөз жоқ, жер дауы екенін: «Жер мəселесі – қазақтар үшін, сөз жоқ, ең маңыздысы», – деп жеткізіп, Алаш жерінің талан-таражға түсіп жатқандығы туралы шындықты құрылтайға қатысушылар алдына жайып салады. Орыс тіліне жетік публицист стиліне тұщына қану үшін қазақшаға аудармай үзінді келтірейік: «Лет 20 тому назад местные администраторы-генералы, по выражению Я.Я.Полферова, «кликнули клич», и доклады о колонизации киргизских (казахских – С.Қ.) степей стали поступать один за другим. По ходатайству губернаторов переселенцам предоставляли всякого рода льготы, чтобы только они понаехали и заняли богатый, сказочный край; и вскоре переселенческие обозы в безчисленном количестве потянулись по степным дорогам, разыскивая удобные места для поселений. С проведением Сибирской железной дороги волна переселенного движения увеличилась. Правительство отбирает все новые и новые участки, туземное населения фактически лишается удобных земель, годных для пастбищ и земледелия. Киргизы жмутся друг к другу; из-за земель происходят «споры», драки и убийства. Киргизов обвиняют, что они от скотоводства не переходят к земледелию, но в предоставляемых в их распоряжение голых степях и песках не могут жить не только люди, но и звери. Теперь районы пастбищ сильно сократились, благодаря чему киргизы уже принуждены оставить привычку частых передвижений для поправления скоты. Леса, под защитой которых зимою паслись стада на подножном корму, уже отняты. Собирать сенные запасы на зиму неоткуда. Снежные бураны в степи, гололедица и падеж скота стали учащаться, и статистика прогрессивного падения скотоводческого хозяйства киргизов прямо-таки невероятна. Земледелием заниматься больше почти негде. Отсюда понятно, почему теперь киргизский народ идет таким быстрым темпом по наклонный поголовного обнищания и принужден повторить в скором времени историю повсеместных голодовок и вымирания не менее несчастных соседей – башкир.
…Вот в общих и кратких чертах политика правительства, приведшая весь, киргизский народ в состояние поголовного бесправного степного пролетариата!».
ХХ ғасыр басында жер үшін күрес не себепті «қазақтың өлі я тірі болу мəселесіне» айналғанына М.Тынышбаев баяндамасында толық жауап беріліп тұрғандықтан да одан мейлінше молырақ үзінді келтіруге тырыстық. Автордың мəселені құрғақ баяндамай, деректерге жан бітіре сөйлеуі, мəселенің мəнісін терең зерттеп, жан-жақты аша білуі, сезім қылын шертетін сөздерді ұтымды пайдаланып, авторлық позициясын айқын білдіруімен бірге өз ойын көпшілік пікіріне айналдыра алу қабілеті көсемсөз өнерінің хас шебері екенін көрсетеді. Ең бастысы, тұла бойында тұнған талантын туған елінің қамы үшін еңсере пайдаланып, «басқа пəле – тілден» деп тосылып қалмай, батыл ойын ортаға салуға саналы түрде баруы көсемдік табиғатын танытады.
Жиырмасыншы жүзжылдық елең-алаңында Алаш публицистері жер мəселесін қоғам талқысына салудың бар мүмкіндігін сарқа пайдаланғанына кəрі тарих куə. Ел сөзін сөйлеп, ұлт сойылын соғатын баспасөз, қазіргі тілмен айтқанда, бұқаралық ақпарат құралы əлі шыға қоймаған заманда ол оңай болмағанын бүгінде екінің бірі біле бермейді. Қалың елі қазағына сөзін жеткізер ақпарат құралы жоқ деп қол қусырып қарап отырмай, қазақ зиялысы шарқ ұрып жол іздеп, түрлі амал-əрекет қамында болғаны ұлт тарихында бағаланбақ тұрмақ, айтылмай келеді. Абай ақынның əйгілі «Қара сөздері» сондай ізденістің жемісі екеніне ешқандай шүбəміз жоқ. Ұлт ұстазы «Бірінші сөзінде»: «… енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?» деп өзіне-өзі сұрақ қойып, оған мынадай жауап берген жоқ па еді: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нəрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзіміздікі дедім де, ақыры осыған байландым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ». Осы жолдарды оқып отырғанда, егер Абай заманында «Айқап» не «Қазақ» басылымы шығып тұрған болса, осы сөздер сөзсіз солардың бетінен ойып тұрып орын алып, бұдан да басқа қаншама публицистикалық құнды мұра еншілейтін едік-ау деген ой туғанын жасыра алмаймыз. Бұдан мынадай түйін түюге болады: Абайдың «Қара сөздері» жалпыұлттық баспасөзі пайда бола қоймаған қазақ қоғамы үшін ой салудың дара амалы деп қарастыруға зерттеушілер баса назар аударса дейміз.
Жоғарыда əңгіме өзегі болған арыз-талаптар, жеке кісілердің шағым хаттары мен түрлі жиындарда көпшілік талқысына салынған баяндама, ой толғаулар «…кезіндегі əлеуметке керек іске мұрындық болып істеу ыждағатымен айтылған» (А.Байтұрсынов) көсемсөз үлгісі деп қарастырған тарихи
əділеттік болар еді.
Осы орайда, тəуелсіз еліміздің мемлекеттік «Мəдени мұра» бағдарламасы аясында қолымыз жетіп жатқан мұрағат материалдарының ішінен мына бір дерек сонылығымен назарымызды өзіне аударды. Алаш қайраткерлері отарлық езгіден қазақ халқын азат ету үшін, соның аясында жылданжылға күрделене түскен жер мəселесін шешу мақсатында 1905-1906 жылдардың өзінде саяси партия құрып күресу талпынысын жасағанын мұрағат материалдары растайды. Татардың «Əл-ғаср-ул-жадид» басылымының 1906 жылғы бірінші санында жарық көрген «Орал қаласында» атты мақаланы «Алаш қозғалысы құжаттар мен материалдар жинағын» құрастырушылар алғаш рет татар тілінен қазақшаға аударып, жариялаған. «Орал қаласында тұрушы қазақ халқының қадірменді адамдары өзара бас қосып, бірнеше жиналыстар өткізіп, көп пікірлесіп, бүкіл Руссия халқы мүддесін қорғаған «Конституциялық демократиялық партия» секілді ұйым құруға шешім қабылдады» , – деп басталатын мақалада ол ұйымның «Қазақ конституциялық демократиялық партиясы» деп аталғаны туралы ақпарат беріліп, оқырманға партия бағдарламасы ұсынылады. Бағдарлама: «І. Азаматтардың негізгі еркіндіктері», «ІІ. Патшалық қалпы», «ІІІ. Халықтың өзін-өзі билеуі», «ІV. Сот», «V. Дін», «VІ, Жер», «VІІ. Алымсалықтар», «VІІІ. Жұмысшылар», «ІХ. Мемлекеттер» атты 9 бөлімнен жəне «Партия жарғысынан» тұрады.
Мақалада «Қазақ конституциялық демократиялық партиясының мүшелері мыналар» деген қорытынды жасалып, төмендегі кісілердің аттары көрсетіледі: «Сұлтан Бақытжан Қаратаев, Ғабидолла Бердиев, Мірəлі Бақтыгереев, Ихсан Тоқбердиев, Халел Досмұхамедов, Нұрəлі Ипмағамбетов, Мұхамедəлі Мұқанов, Ғабдолкəрім Рахымбердиев, Ізбасаров Үмітəлі Дүйсембин».
Осы орайда, мақала мəтінін жариялаған жинақтың «Ескертпелер» бөлімінде құрастырушылар келтірген мына мəліметтер де қызығушылығымызды арттырды: «Конституциялық-демократиялық (кадеттер) партиясы («Народная свобода» партиясы деп те аталған) 1905 жылдың қазанында құрылып, 1917 жылға дейін Ресей империясындағы ең негізгі партиялардың бірі болған. Партияның көрнекті өкілдері П.Н.Милюков, А.И.Шингаров, В.Д.Набоков т.б. «Речь» газеті мен «Вестник партии народной свободы» журналын шығарып тұрған, – дей келіп, құрастырушылар төмендегі құнды деректерді ғылыми айналымға еңгізеді. – 1905 жылы желтоқсанда Қазақстанның либералды-демократиялық қозғалысының өкілдері Ə.Бөкейханов, Б.Қаратаев, Ж.Ақбаев, А.Байтұрсынов жəне т.б. Орал қаласында өткен бес облыстық делегаттық съезінде «Қазақ конституциялықдемократиялық партиясын құру» əрекетін жасайды. Ə.Бөкейханов 1906 жылы қаңтар айындағы Бүкілресейлік съезде кадет партиясы ОК-нің мүшелігіне сайланған. Конституциялық-демократиялық шеңберде қазақ ұлтына автономия алуды үміт артқан Ə.Бөкейханов кадет партиясы мен қазақ интеллигенция өкілдерінің саяси-идеялық алшақтығын түсінгеннен кейін 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін партия қатарынан шыққан».
Алаш арысы Ə.Бөкейхановтың «Қазақ» газетінде жарияланған «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласына жүгінетін болсақ, оның кадет партиясы мүшелігінен бас тартуына түрткі болған үш себептің бірі жер мəселесі екендігіне көз жеткіземіз: «Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, бір аз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді», – деген жолдар соған нақты д
əлел. Мақаланы оқи отырып, кадет партиясы жер туралы мұндай шешімге кейіннен келгенін, ал басында басқаша болғанын бағамдау қиын емес. Алаш көсемінің: «… жол айырылғаны биыл ашыққа шықты. Мен сонан соң қазаққа Алаш партиясын ашуға тырыстым. Мұны мен июльдегі жалпықазақ съезінде айтқан едім», – деп жазуы соны меңзейді. Олай десек, Алаш арысының кадет партиясына мүше болуының жəне «Қазақ коституциялықдемократиялық партиясын» құруға талаптануының басты себебінің бірі қазақ жерін қайткенде де отарлық озбырлықтан қорғап қалу мақсатынан туындағаны талас туғызбауы тиіс. Жоғарыда тілге тиек еткен татардың «Əл-ғаср-уа-жəдид» басылымында жарық көрген «Орал қаласында» атты мақалада жария етілген «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы» бағдарламасы сөзіміздің жаны бар екенін айғақтай түседі. Аталған бағдарламаның «Жер» деп аталатын алтыншы бөлімінде төмендегідей талаптар алға тартылады:
«Қазақ халқының жері мен суы мəңгілік өздерінікі жəне оған ешкімнің ортақтығы жоқ делініп негізгі заңға жазылсын.
Қазақтардың жері қазына жері жəне ол жерге орыс мұжықтары орналассын деген заңдар бұзылып, жоқ қылынсын.
Қазақтардың жерін өздерінің рұқсатынсыз орыстар мəңгілік ала алмайтындай болсын. Орыс мұжықтарының жері өздерінің отырған жерлерінде кеңейтілсін».
Алаш публицистерінің жер мəселесіне байланысты көпшілік талқысына салып, пікірталас барысында іріктеліп, сұрыпталған ой-тұжырымдары осы талаптармен түйінделеді десек, қателікке жол бермейміз.
Рас, қазақтың ұлан-байтақ даласын сақтап қалу жолын іздегенде Алаш публицистерінің арасында пікір қиғаштығына ұрынған кездері де жоқ емес. Дəл осы мəселеде Алаштың көзінің ағы мен қарасындай болған қос басылым – «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті арасында пікірталас көрігі қызғанын жасыруға болмайды. Екеуі екі жолды нұсқап, насихат еткеніне «Айқап» пен «Қазақ» материалдары жинағына енген жарияланымдар арқылы көз жеткізу қиын емес. Оны «Ұлттық сана ұйтқысы» атты монографиямыздың «Айқап» пен «Қазақ» неге айтысқан?» бөлімінде егжей-тегжейлі талдап, мейлінше толық ашып, тиісті бағасын бергендіктен, бұл жерде зерттелінген жайтқа қайта соғуды артық санап, аталған еңбегімізге сілтеме жасаумен шектелеміз.
Бұл ретте мына мəселеге айрықша мəн берген дұрыс. Кеңес дəуірінде кейбір зерттеушілер «Айқап» пен «Қазақ» арасындағы жер туралы пікірталасты олардың таптық мүддені көздеген ұстанымдарының салдары деп қарастырғанын естен шығаруға болмады. «Жер мəселесі жөнінде «Айқап» журналының маңында болғандар татарлардың əсерімен жерге отырықшы болуды қуаттады. «Қазақ» газеті маңында болғандар қала болмауды қуаттады. Асылында, бұл екі түрлі пікір, екі түрлі ұсыныс қазақ арасындағы негізгі екі таптың пікірі, мүддесі еді. Мұның біріншісі – қазақтың кедейлері мен жарлы-жақыбайларының пікір, мүддесі еді де, екіншісі қазақтың ірі байларының пікір, мүддесі еді», – деген ғылыми тұжырым – соның нақты д
əлелі.
Осы орайда, шындықтан ауылы алыс мұндай жаңсақ көзқарас қайдан туғанының төркінін дөп басып танып алмай, кеңес кезіндегі зерттеушілерді беталды қаралаудан аулақ болған абзал деген ойымызды ортаға салғанды жөн көреміз. Біздіңше, жоғарыда келтірген ғылыми тұжырымды айтқанда зерттеуші мынадай мақсат көздеген болуы тиіс. Елуінші жылдардың басында кеңестік тоталитарлық қоғамды билептөстеген үстемшіл орталықтың өктем саясаты жел үрлеген өрттей өршіп тұрған уақытта «алашордашыл, байшыл, ұлтшыл» деген «айып» арқалап, қуғын-сүргін жалынында қақталған «Қазақ» газетін ақтап алу мүмкін еместігін жете түсінген ғалым еріксіз басқаша амал-əрекетке барған. Ол кезінде көздің ағы мен қарасындай болған Алаштың бір газет, бір журналының алғашқысын қорғап қалу мүмкін еместігіне көзі жеткеннен кейін, тым болмаса, екіншісін аман сақтау жолын іздеген. Сол мақсатын жүзеге асыру үшін екі басылым арасындағы пікірталасқа жүгінген, ол ойы жемісін де бермей қалмаған. Нəтижесінде, «Айқап» журналы «ақталып», кеңес дəуірі кезінде қазақ баспасөзі тарихынан сылынып алынып тасталынбай, ғылыми айналымда болғанына кəрі тарих куə. «Айқап» журналы Алаш арыстары есімдерін атауға қатаң тыйым салынған кездің өзінде азды-көпті зерттеліп, тіпті ғылыми диссертациялық жұмыс объектісі болғаны – соның нақты дəлелі. Ендеше, осының өзі кезінде ғалымның үлкен жеңісі, қазақ журналистика ғылымының айтулы жетістігі болған деп жоғары бағалауға əбден лайық. Алаш азаматтары ақталғанға дейін ол журнал Алаш рухын кейінгі ұрпаққа жалғастырып келген бірден-бір алтын көпір болса, дау жоқ, ол зерттеуші Б.Кенжебаев еңбегінің жемісі.
Алаш азаматтары түгел ақталып, олардың қаймана қазақ қамын жеп жазған асыл мұралары шаң қапқан мұрағат қоймаларынан қотарылып алынып, жинақ болып жарық көріп, ұрпақ көз қуанышы, жан қуатына айнала бастаған бүгінгі нұрлы заманда тарихи шындық салтанат құруы керек. Ол «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті арасындағы жер мəселесі туралы пікірталасқа да қатысты. Екі басылым жарияланымдары мен мұрағат материалдарына жүгінетін болсақ, бұл екеуінің төңірегіндегілердің жер туралы көзқарастарында ешқандай таптық ұстанымдарының табы байқалмайды. Басқаша айтқанда, «Айқап» қазақтың кедейлері мен жарлы-жақыбайларының, ал «Қазақ» ірі байлардың мүддесін көздемегені айдан анық. Екеуінің де «бас жазушыларының» ойлаған мақсаттары бір болды. Ол қайткенде де қазақ жерін отаршыл күштің талан-таражынан қорғап қалу қамы болатын. Бірақ, оған қол жеткізу үшін екі жолды таңдапты. «Айқап» журналының басы-қасындағылар (М.Сералин, Ж.Сейдалин, Б.Қаратаев т.б.) патшалық Ресей үкіметінің қазақ даласын отарлау саясаты мен толассыз қоныс аударушылар легінің екпінінен қорқып, қазақ жерін сақтап қалудың бірден-бір дұрыс жолы келімсектер сияқты 15 десятина жер кестіріп алып, отырықшылық тұрмысқа көшу деп санап, соны уағыздап, бұл істе өздері де үлгі көрсетті.
Ал «Қазақ» газеті төңірегіне топтасқан Алаш азаматтары бұл мəселеге басқаша қарады. Олар отырықшы болуға біржола қарсы шығып, таптық мақсат көздеген жоқ. Орталық əкімшіліктің айлакерлікпен ойлап тауып, əдіскерлікпен қазақ даласына енгізген отырықшы норманың отаршыл мазмұнын ашып көрсетіп, аңқау елді арбап-алдап, қақпанға түсіруді көздеген құйтырқы саясатты əшкерелеуге күш салды.
«Айқап» пен «Қазақ» арасындағы жер туралы пікірталаста антогонистік қайшылық жоқ екенін архивтен алынған мына материал да айғақтайды. «Айқап» журналының жер мəселесі туралы ұстанымын қалыптастыруда ерекше ықпал еткен ірі қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаевтың 1910 жылдың 30-қыркүйегінде Алаш ардақтысы Əлихан Бөкейхановқа жазған хатының көшірмесі табылды. Ол Жетісу облысы басқармасының аудармашысы Барлыбек Сыртановтан 1910 жылы тінту кезінде тартып алынған құжаттар арасында сақталған. Орыс тілінде жазылған хат: «Қадірлі Əлихан! Орал қаласында сенімен жолыға алмай қалғаныма қатты өкінемін. Сөйтсем, сен мұнда екі рет болыпсың, екеуінде де мен қырға шығып кетіппін. Өте өкінішті» (Аударған – С.Қ.) , – деп басталады. Бұған қарап, екі қайраткер арасында ешқандай араздық жоқ, керісінше, достық ықылас бар екенін байқау қиын емес.
Жер мəселесі туралы кеңес сұраған хатында Б.Қаратаев жеке басының шаруасын емес, қалың елі қазағының басындағы ауыр жағдайды деректерге жүгіне отырып жария етеді: «Қоныстандырушы мекеме Орал уезіне қарасты жеті болыстан қоныс аударушылар үшін 47 жер телімін алып үлгерді. Ол алынған жерлер – ең жақсы қоныстар, олардың ішінде тұрғын үйлері бар қыстаулар да бұзылып алынуда. Кей қыстаулар бұйрықпен бұзылып жатса, кейбіреулері төңірегіндегі егін егетін, шөп шабатын жерлерді қоныс аударушыларға беріп қойғандықтан қолайсыз күйге ұшырап, қирау үстінде. Орал жəне Темір уездері қазақтары қоныстандырушы мекеменің барлық талаптарына, барлық зұлымдықтарына бас шұлғып көніп отыр. Шағымданатын жан жоқ, шағымданған күннің өзінде ол қанағаттандырылмайды. Ол аз болса, қазақтың «бас адамдары» орыс үкіметі өкілдерінің ұйғарымымен салтанатты түрде сатылатын басқарма, ауыл басшысы, халық биі секілді қызметтер үшін ешқашан бітпейтін сайлаулардан қолдары босамайды. «Бас адамдардың» жаны ашымай басқаруының салдарынан сайлау қазақ халқының санасын, жанын, өмірін жаулап алғаны соншалық, ұлттың сақталуы, дін, жер мəселелері ойларына кіріп-шығар емес. Есесіне, қоныстанушыларға жерлеріміз бірінен кейін бірі кетуде, «бас адамдарымыз» жерлерімізді тонаушыларды көзсіз мақтап-мадақтап, жерді қорғап қалам деушілерге кінə тағып, басшылыққа қарсы шығушыларды ақымаққа санап, айыптаудан жаңылар емес» , – деген жолдарды тебіренбей оқу мүмкін емес. ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының басындағы ауыр жағдайды жаны шырқырай шынайы жеткізген Қаратаевтың хатын эпистолярлық жанрда жазылған құнды публицистикалық мұра деп қарастырған лəзім. «Көсемсөз əлеуметке басшылық есебінде айтылатын сөз болғандықтан жұрт ісіне мəні зор болады. Басшылығы дұрыс болса, əлеуметті түзейді, теріс басшылық қылса, əлеуметті адастырады. Солай болған соң көсемсөз жазып, əлеуметке басшылық қылатын адам көпті көрген көсем, білімді адам боларға керек», – десек, тілге тиек етіп отырған хат осы талаптарға толық жауап береді.
Қаратаевтың өзінің көзі жетпеген мəселенің мəн-жайын терең түсініп білу үшін қазақ жеріне қоныс аударушыларды орналастыруды тоқтату жолында күрес көрігін қыздырған Алаш қайраткері Ə.Бөкейхановтан кеңес сұрауы «əлеуметке дұрыс басшылық ету» мақсатынан туғандығы айтпаса да түсінікті. «Жан сырымды тек саған ғана жайып салып отырмын. Өйткені, меніңше, тек сен ғана халыққа жетекшілік етуге лайықтысың. Сен ғана халық үшін адал еңбек еттім деп айтуға құқылысың», – деген жолдар сол жайынан сыр шертеді.
ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының көкейтесті мəселесін талқыға салған хатында Қаратаев Шідерті болысының басқарушысы Андижан Жұбаналиевпен бірге жер ісі жəне жерге орналастыру Бас басқармасына Шідерті болысы қазақтарына жеке меншіктері етіп жер кесіп беріп, отырықшылыққа көшкендерін тіркеу туралы өтініш жолдағандарын жеткізеді. Столыпин үкіметінің аграрлық саясатын қолдамайтынын, алайда Шідерті болысының 15 мың десятина жерін қоныс аударушылардан сақтап қалу үшін амалсыз сондай қадам жасауға мəжбүр болғандығын тілге тиек етеді. Оның үстіне, отырықшылық тұрмыс қазақ халқының күйреуге соқтырған көшпенді өмірін өзгертіп, мəдени соқпаққа сала ма деген үміті де жоқ емес екендігін білдіреді. «Татарлар жаңа өмір аясында ояну үстінде. Олардың ізін ала қазақтар да отырықшылыққа көшіп, жеке меншікке жер кесіп алуға міндеттелу нəтижесінде оянуы керек. Міне, менің пікірім осындай. Мүмкін мен қателесетін шығармын. Маған хат арқылы жауап бер. Мен сенің пікіріңді қадірлеймін жəне Шідерті ісінде маған басшылық етуіңді сұраймын. Бұл жер кесіп алып, ата қонысты сақтау жөнінен барлық қазаққа үлгі болар еді. Маған хат арқылы өзіңнің кеңестеріңмен көмекке кел», – деген жолдар «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне сəйкесінше идеялық жетекшілік еткен қос қайраткер арасында бас араздық немесе тап тартысы болмағанына айқын көзімізді жеткізеді. Өкінішке қарай, біздіңше, бұл хат Əлихан Бөкейхановтың қолына тимеген болуы керек. Оған қайтарылған жауапты жəне «Айқап» пен «Қазақ» басылымдары материалдары ішінен ол туралы бірде-бір мəлімет таба алмаған себепті сондай түйін жасаймыз. Бұдан егер дер кезінде Əлихан Бөкейханов тарапынан жауап берілген болса, онда екі басылым арасындағы жер туралы пікірталас тумас та еді-ау деген қорытынды келіп шығады.
Алаш публицистерінің жер туралы жеріне жеткізе, егіле жазған еңбектері қоғамдық пікір туғызу арқылы қоғамдық санаға ықпал етудің жарқын үлгісін көрсетті.
1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін қазақ даласының əр облысында ұйымдастырылған құрылтайларда қаралған жер мəселесі туралы пікірлердің бір жерден шығуы соның жемісі болатын. Осы ғылыми тұжырымымыздың тарихи шынайылығына көз жеткізу үшін бірінен-бірі шалғай жатқан екі облыстың, атап айтқанда, Торғай жəне Жетісу облыстары қазақтарының құрылтайына салыстырмалы талдау жасасақ та жеткілікті.
Орынбор қаласында 1917 жылдың 2-8-сəуір аралығында ұйымдастырылған Торғай облысы қазақтары құрылтайының «6. Аграрлық мəселелер» туралы шешімі:
«І. Мемлекет керегіне қазақтан жер алынатын болса, əуелі қазақтың өзіне жеткілікті жер беріліп, артығы алынсын.
ІІ. Учредительное собранияда жер мəселесі шешілгенше бұл күнге шейін мұжық орнамаған учаскелер, мұжық жамансынып тастап кеткен жерлер, отрубной, оборочный статиялар, мал бағуға деп һəм монастырский участке деп алған жерлердің бəрі бұрынғы иелеріне (қазаққа) қайтарылсын. Законсыз ұзын срокпен арендаға берілген мал бағатын учаскелер де иелеріне қайтарылсын. Қымыз ішуге ашылған ауруханаларға алынған жерлер иелеріне қайтарылсын. Жаңадан алуға жоба жасалған жерлерге енді мұжық жазу тоқтатылсын.
ІІІ. Жер алу Дала уалаяттарында һəм Түркістанда тоқтатылсын. Алуға жоба жасалған жерлердегі қазақтардың қыстауы көшірілмесін. Айрықша қазына мүлкі саналған орман ішінде кеткен қазақтың егіндік, пішендік һəм жайылымына жаңадан бөлік бөліп, бұрын жасалған шекара түзетіліп, қазақтан орынсыз алынған егіндік-пішендігі қайтсын. Бұл ағаштардың арасындағы шөбін қазақ тегін шапсын һəм қыс мал жаюға ерік берілсін. Қазақтың өзі қорыған ағашы өзіне қалсын. Ағаш маңындағы кедей қазақтарға қора-қопсы салуға ағаш берілсін», – деген талаптарды алға тартады. Осы ұйғарым Верный қаласында 1917 жылдың 12-23-с
əуір аралығында өткен Жетісу облыстық қазақ съезінің «11. Облыстағы жер мəселесі» туралы шешімінде былай көрініс табады:
1. Облыс сырттан қоныс аударушылар үшін мүлде жабық деп саналсын.
2. Бұдан кейін шаруаларға, казактарға жəне басқа қоныстанушыларға жер бөліп беру тоқтатылсын.
3. Мемлекеттік мүлік басқармасы тарапынан əлі де болса қоныстандырылмаған қосалқы, алым төленетін жəне т.б. жерлер қырғыздарға қайтарылсын» .
Көріп отырсыздар, екі облыс қазақтары құрылтайының жер мəселесі туралы қарарлары бір-біріне толық сəйкес келеді. Бұл – басқа облыс құрылтайларына да қатысты ортақ құбылыс. Осылайша, облыстық қазақ құрылтайларының барлығында талқыланып, жер мəселесі туралы арнайы қабылданған қарарлар Орынбор қаласында 1917 жылдың 2126 шілдесінде өткен жалпықазақ съезінде халық өкілдерінің ортақ бір шешімге келуге негіз болғаны еш талас туғызбайды. Оған съездің «ІІІ. Жер мəселесі» туралы 14 пунктен тұратын қаулысымен танысу арқылы көз жеткізу қиын емес:
1. Қазақ халқы өзіне еншілі жерге орнығып болғанша қазақ жері ешкімге берілмесін.
2. Қазақ даласында жарамды жер аз болғандықтан қазақ пайдасынан алынып кеткен мынадай участкалар қазақтың өзіне тоқтаусыз қайтарылсын: дворянский, скотоводческий, торгово-промышленный, курортный, моностырьский, переселен орнықпағандар, отрубтар, оброчный статиялар, жай адамдарға «показательный поля» деп берілген, бірақ расында жоқ нəрселер һəм гарнизондарға беріліп, бұл күнде олар кеткеннен кейін яки сəл азайғаннан кейін босаған жерлер.
3. Бос участкелерге жазылу тез тоқтатылсын.
4. Переселен орныққан участкелерде олқы бос тұрған сыбаға жерлер қазақтың өзіне тоқтаусыз қайтарылсын.
5. Қазақтан алған қыстаулар егер қожалары əлі көшпеген болса, қазақтың өзіне қалсын. Келген мұжықтарға қайтадан бөліс қылып, өзге участкелерден жер əперілсін.
6. Айрықша қазына мүлкіне деген тоғайлықтардағы қазақ шабындығы өзіне қайтарылсын. Қазақ малы қазына ағаштарының беткейіне жайылуға рұқсат болсын.
7. Бүкіл мемлекетке дақылы болмаған айрықша қазына ағаштары земство қарауына берілсін.
8. Жер хақында қазақ өз алдына жер жобасын жасасын.
9. Жер мəселесі туралы басқа саяси партиялармен келісу еркі Учредительное собранияда қазақ депутаттарына берілсін.
10. Қазаққа жер берілгенде негізгі өлшеуге қазақ облыстарына мал бағу һəм мал бағу, егін салу үшін лайықталған Щербина нормасы алынсын, əр жердің ретіне қарай.
11. Бөкейлік қазақтары басқа көрші қазақ облыстарына лайықтаған норма бойынша өздерінің отырған жерлерінен жер алсын.
12. Түркістан қазақтарына жер берудің үстіне жеткілікті су да берілсін.
13. Қазақ халқы жермен ортақ пайдалансын (ру, ауыл, болыс болып), яғни земельная община болсын (Ферғанадан келген екі өкіл жерді ортақ пайдалануға қарсы болды, əркімнің жер еншісі бөлек болсын деді).
14. Земельная община яғни ортақ жердің ауданын шамалау жергілікті жер мекемелері (Земельно-строительное учреждение) еркінде болсын», – деген талаптары облыстық қазақ құрылтайларының жер м
əселесі туралы қарарларын негізге алып даярланғаны бірден байқалады. Ең бастысы, алғашқы жалпықазақ құрылтайына қатысқан «Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарының һəм Бөкейліктердің өкілдері» жер туралы м
əселеде алауыздық танытпай, бірауыздан ортақ шешімге келуі Алаш публицистерінің ұзақ уақыт мəселенің мəнісін егжей-тегжейлі терең түсіндіріп, қоғамдық пікір қалыптастыру арқылы қоғамдық санаға ықпал ету бағытындағы жанкешті еңбектерінің нақты жемісі деп бағалаған лəзім.
Жер мəселесі туралы қазақ зиялыларының шешімі бір жерден шыққанына 1917 жылдың 2-5-тамыз аралығында Ташкент қаласында өткен Түркістан аймағы қазақтарының жалпы жиналысы қаулысы да айқын дəлел бола алады. Қаулының «3. Жер-су, переселен орыстар туралы» бөлімі 18 талаптан тұрса, оның 14-і жоғарыда тілге тиек етілген жалпықазақ құрылтайының «Жер мəселесі туралы» талаптарымен толық сəйкес келіп, тіпті сөзбе-сөз қайталанады. Ал, қосымша төрт тармағы Түркістан аймағының мынадай ерекшеліктерінен туындайды: «15. Ақмешіт һ
əм Қазалы уезінің пайдасын ойлағанда, Сырдарияның бас жағынан арық шығару тоқтауы тиіс.
16. Перовск, Қазалы уездеріндегі қазақтардың халін əзде тұтып, қазынаның қаражатымен əдейі осы үшін барған инженерлердің жобасымен қазақтарға су шығарылып берілсін. Суды жинап пайдаланатын үлкен көл-тоғандар соғу керек.
17. Ферғана қырғыздарының жер мəселесі өздерінің бірінші облыс жиналысындағы қаулыларына лайық шешілсін.
18. Шу дариясының орташығындағы переселен мұжықтар пайдасына Шудың бар суы ашылып қойып, төмендегі Сырдария мен Ақмола облыстарының қазақтары құралақан қалып тарығуда. Бұл қазақтарға керекті су тоқтаусыз төменге ағызып жіберілсін».
Алаш публицистерінің қазақ жерін көздің қарашығындай сақтау туралы құнды ой-пікірлері «Алаш» партиясы бағдарламасына да негіз болған. «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш партиясы бағдарламасының жобасы» соған анық көзімізді жеткізеді. Мұнда да жоғарыда сөз болған жалпықазақ құрылтайының «Жер мəселесі туралы» шешімдері жолма-жол қайталанады. Сондықтан бағдарлама жобасының «Х. Жер мəселесі» бөлімін толық баяндамай, «Жоба жасаушылар: Əлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тұрмұхамедов, Ғабдолхамит Жүндібаев, Ғазымбек Бірімжанов» секілді Алаш қайраткерлері маңыз берген мына м
əселеге айрықша тоқталғанды жөн көреміз: «Жер законында жер сату деген болмау, əркім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну. Жердің кені, астығы, байлығы қазынанікі болып, билігі земство қолында болу», – деген талап тарихи маңызымен қоса өміршеңдігімен құнды.
Мəселе мəнісін терең түсіну үшін, алдымен, Алаш қайраткерлері мұндай талапты неге алға тартып отырғандығының сырына үңілген дұрыс. Оған жауапты «Қазақ» газетінде «Бортаң» деген бүркеншік атпен жарияланған «Жер жалдау» деген мақаладан табамыз. Біздіңше, «Бортаң» – Алаш қайраткері Хайреддин Болғанбаевтың бүркеншік аты.
Көрнекті көсемсөз шебері қаламынан туған мақала маңызын газет басшылығының мына лиді (анықтамасы) айқындайды: «Қала болушылар ер басына 15 десятинаны бұрынғыдан еркін, пайдалы деп алған жоқ, аз да болса, атамекенін қимағандықтан алған секілді еді. …Енді бүгін көріп отырмыз өрісі тарылғандар бір күндік ақшаға қызығып, жерлерін орысқа жалдай бастапты. Мұнысы үкімет қазаққа 15 десятина көп екен, міне, өздері артық жерін сатып, жалдап жатыр деуіне дəлел үшін бе, жоқ, құдай береке беріп, жерлері өсіп кетті ме, өздері біледі. Бұл келіспеген істен өзге қала болғандар да сақтансын деп басқармаға келген мына бір хатты басамыз».
Хат авторы Х.Болғанбаев Ақтөбе уезі Бөрте болысының 3-ауылында өзі куə болған келеңсіз жайды əшкерелеп, жалқау қазақтың аңқау мінезін өткір сынап-мінейді: «Былтыр осы ауылдың атқамінер отағасылары мен бірсыпыра ілкім жастары мешіт салуға жаратамыз деп 300 десятина жерді бір орысқа арендаға берген еді. Бірақ онан бері бір жыл заман өтті, не ақша, не мешіттің қайда екенін білген кісі жоқ. Енді биыл тағы да мешітті сылтау қылып, жұрттың ризалығынсыз 25 десятина жерді арендаға беріп отыр, – деп нақты дерекке жүгініп, маңызды қоғамдық ойды ортаға салады. – Бұған риза болмаған бірсыпыра адамдар бастапқы кезде олай қыламыз, бұлай қыламыз деп жүр еді, бір күні əлгі атқамінерлер бір мал сойып, етке тойғызған екен, қарқындары сонымен басылыпты. Сорлы қазақ бір күн етке тойса, жүз жылғы пайдасын ұмытатын жазған ғой».
Əрине, алыстан ойлап тірлік етпей, бір күндік пайдаға мəз болған қазақтың бұл кер мінезі опық жегізбей қалмайды. Болғанбаев мақаласында оны дөп басып, ашып көрсетеді: «Бүгін мешіт салам деп ұлтарақтай жерін сатып бітіріп алып, ертең бала-шағасын асырау үшін елдің еркегі маңайындағы қара шекпеннің малын бағып, көшесін сыпыруға кеткенде ол мешітке кім кіріп құлшылық қылмақшы. Мына сатқан жердің бір шеті ауылдың іргесіне тиіп тұр. Жұрттың осы күні аз да болса, қара-құрасы бар. Бүгінге шейін сол аз малдарын осы сатқан жерлеріне жайып отыратын еді, енді мұнан соң қозы-лағына шейін арқандап отырып бақпаса, қалай бағады? Күн сайын орыстың егініне малын түсіріп потрав (айып – С.Қ.) төлеп отырғанын көрерміз əлі. Міне, осы күнгі алған ақшаның қызығын сонда көрер жұрт», – деген жолдар оқырманға ой салғаны анық.
Жерді кірмелерге жалға берудің болмай қоймайтын зардаптарын жалпақ елге жария ете отырып, оны тоқтатуға күш салған Алаш публицистері еңбектерінің тарихи маңызы орасан зор. Сонымен бірге, өміршеңдік мəнін де жоғары бағалауға тиістіміз. Тəуелсіз еліміздің жиырма жылдық тарихында жерге байланысты мəселелер туындамай қалған жоқ. Жерді жекеменшікке сату туралы заңның үлкен пікірталас туғызып барып қабылданғанын білеміз. Оның дұрыс я бұрыс болғанының бағасын келер ұрпақ берері хақ. Кейінгі кезде жерді қытайлықтарға жалға беру туралы даулы мəселе БАҚ-тан көрініс тауып жүр. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген қазақ мақалына жүгінсек, оның бекер əңгіме емес екенін бағамдауға болады. Осы тұста Алаш көсемдерінің ХХ ғасыр басында – қазақ тағдыры қыл көпірдің үстінде тұрған қилы кезеңде қаламдарын қару етіп, ұлан-байтақ даланы жаппай қоныс аударушылардан қорғап, сақтап қалуға мұрындық болған публицистикалық мұраларын қазір де ел игілігіне жаратар болсақ, көп ұтысқа шығар едік деген ой туады. Ол үшін Алаш публицистерінің жер мəселесі туралы жазғандарын жиып-теріп, құрастырып, жинақ етіп басып шығарып, жерге жауап беретін мемлекеттік қызметкерлер қолына ұстатып, міндетті түрде басшылыққа алуын талап ету, жалпы халықтың етене танысуына мүмкіндік туғызу ауадай қажет. Тарихтан сабақ алып, қателікке бой алдырмай, болашаққа тура жол табу өркениетті елдің төл ұстанымы болуға тиіс. «Өткен жылдар шежіресін үнемі əрі бұрмалаусыз зерделеп отырудың жөні бөлек. Мұның өзі өткендегі тəжірибенің жақсысын үйрену үшін, ескі қателіктерді қаулата бермес үшін, жаманнан жирену үшін қажет», – дейді бұл турасында Т
əуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ə. Назарбаев.
Қорытындылай келгенде, Алаш публицистері қаламдарына арқау болған ХХ ғасыр басындағы ең өзекті мəселе қазақтың құны өлшеусіз байлығы – ұлан-байтақ даласын сақтап қалу қамы болғанына зерттеу барысында көз жеткіздік. Ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынов айрықша анықтама берген «қазақтың тірі я өлі болу мəселесінің» мəніне мейлінше терең бойлап, себеп-салдарын толық ашуға тырыстық.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында қазақ даласында жер мəселесінің осыншалық ушыға түсуінің бірденбір себебі – патшалық Ресей өкіметінің отаршыл озбыр саясатының салдары. Алыстан көздеген əртүрлі айла-амалдарының нəтижесінде қазақтың құнарлы жерлерін білдіртпей, біртіндеп жаулап ала бастаған метрополияның зұлым саясатын əшкерелеп, оның сырын қаймана қазаққа түсіндіруде Алаш зиялылары публицистикасының тарихи маңызы орасан зор. Ел басына қиын-қыстау кез туғанда сөз өнерінің жауынгер саласы – публицистика алғы шепке шығып, əлеуметке басшылық жасауда айрықша рөл атқаратынына Алаш публицистерінің бай мұрасы айғақ.
Халықтың сөзін сөйлеп, сойылын соғатын ұлттық баспасөздің жарық көруіне айрықша ықпал еткен Алаш публицистикасы қазақ мұңын мұңдайтын газет-журнал шықпай тұрған кезде эпистолярлық жанр үлгісінде көрініс тауып, қоғамдық ойдың бірден-бір қозғаушы күші болғаны туралы алғаш айналымға енгізіп отырған ғылыми тұжырымымыздың мəн-маңызы айрықша. Бұл арқылы ХХ ғасырдың елеңалаңында отарлық езгіге қарсы халық наразылығын паш еткен, патшалық Ресей өкіметінің айылын жиып, амалсыз қалың қазақтың талабымен санасуына мəжбүрлеген құзырхаттардың (петициялардың) тарихи маңызын жоғары бағалаумен бірге олардың жанрлық табиғатын айқындау қажеттігіне көз жеткіздік. Қалам қару орнына жұмсалып, ұлт-азаттық күрестің соны соқпағы ретінде тарихта өшпес із қалдырған, қазақ даласының түкпір-түкпірінен сан мыңдаған кісінің қол қоюымен орталыққа бірінен кейін бірі жолданып, метрополия алқымынан алған арыз-талаптар – эпистолярлық жанрда көрініс тапқан Алаш публицистикасының күш-қуатын паш еткен тарихи туындылар. Зерттеу барысында құзырхаттарды Алаш қайраткерлері даярлағаны жəне жеке тұлғалар тарапынан да шағым-хаттар жазылғаны мұрағат материалдары негізінде дəлелденді. Шынайы деректерге құрылуы мен қоғамдық маңызды мəселелерді, соның ішінде ең өзектісі болып табылатын қазақ жері туралы шындықты көтеріп, қоғамдық пікір туғызу арқылы қоғамдық санаға ықпал етуі, ең бастысы, елді елең еткізіп, еліктіріп, елітіп əкететін əсерлі де өткір тілде жазылуы аталған тарихи туындыларды хат үлгісіндегі публицистикалық мұра деп бағалауымызға толық негіз береді.
Алты Алашқа аты мəлім ардақтыларымыз Алаш баспасөзі жарық көргенге дейін қоғамдық маңызды ақпараттарды, танымы мен тағылымы мол ой-толғауларын əртүрлі жолмен ұрпаққа аманат етіп қалдырғанын жадымызда ұстағанымыз жөн. Соның жарқын үлгісі – хакім Абайдың «Қара сөздері». Осы орайда, егер «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті Абай заманында шыққан болса, сөз жоқ, ақынның бұдан да басқа бай публицистикалық мұрасын еншілер едік деген ғылыми тұжырымымыздың жаны бар деп санаймыз.
Алаш баспасөзінің пайда болуы жер мəселесінің қыры мен сырын, қалың қатпарларын түгесе жариялап, көзіқарақты оқырманға шынайы ақпарат берумен бірге қоғамдық маңызды ой туғызып, пікірталас арқылы ақиқатқа көз жеткізіп, санаға сіңіруге қалам қайраткерлері мүмкіндігін арттырғаны зерттеу барысында дəйекті түрде дəлелденді деп есептейміз.