Сөйлеу кезіндегі проблематиканың құндылығы

Сөйлеу кезіндегі проблематиканың құндылығы, онда жағдайдың актуальділігі, мәнділігі мен жаңашылдығы болып табылады. Проблеманың қойылымындағы негізгі өзек қоғамның сұранысы мен оның өмірде шешімін табуы. Теориялық әдебиеттерде проблема «білім білместік туралы» мәнді аңғартады, немесе, «білім әрекеттің өзіндік және мәнділік жағының белгісіздігі, алайда ойлау тұрғысынан қоғамдық тәжірибе мен қоғамдық көңіл – күйге әлеуметтік дамудағы қажеттіліктің үстемдік еткендігі». Логикалық түрдегі проблемалық сұрақ, шешімді талап етуден келіп туындайды. Сұрақтың танымдық рөлі сонда, ол «таным мен таным еместің арасын жалғастырушы, немесе ескі білімді ол бағыттағы әлі де қалыптасып үлгермеген жаңамен ұштастыру». Сұрақтың танымдық не коммуникативтік функциясының артықшылығына орай, олар зерттеушілік және коммуникативтік болып бөлінеді. Журналист алғашында әлі шешімін таппаған әлеуметтік, экономикалық, саяси және өзге де сұрақтарға жауап беруге тырысса, ал екіншіден, түрлі көздерден пайдаланылған және өзге де мәліметтерді беруге не хабарлауға тырысады. Сұрақтар мәнділігіне ой тоқтатқан журналист өз ойына ғана қозғау салмайды, әрі одан арғы пікірдің логикалық түзілімін образды түрде құрады. Осы мақсатқа орай, дәлелдегі айғақты талап «тезис» пен «антитезис» келіп шығады.

Тезис – айғақты басты элементтердің бірі, әрі ол айғаққа шыншыл түрде бірлікте жайғасады. Тезис екі жағдайда толыққанды болып шығады: а) ол дәл және айқын берілуі тиіс, онда екіұштылық не айқын еместік болмауға тиіс; б) тезис айғақтың бүкіл өн бойында онымен бірлікте болуға тиіс. Ал «антитезис» термині, айғаққа қарсы пікір, әрі ол айғаққа қарсы логикалық қорытындыны бірлікте туындатады. Осыдан үштік триада формасы шығады: тезис – антитезис – синтез. Автордың қарама – қарсы пікір көзқарастарының соқтығысынан, оқиғаның дамуы динамикалық сипат алып, ол жан – жақты ашылып, ең соңында оның ішкі қайшылықтары жарыққа шығады.

Талдамалы жанрлардың құрылымындағы басты орындардың бірін дәлелдеме иемденеді. Дәлелдеменің өн бойынан автордың логикалық пікірін байқауға мүмкіндік мол. Дәлелдеме арқылы қандай да бір пікірдегі логикалық түйінді не тезистегі жалғандық пен шындықтың дәлелін, әлде айғақты логикалық процестің жиынтығын және психологиялық процестегі көз жеткізуді байқап, түйсінуге болады. Солай етіп, дәлелдер, бір жағынан авторлық пікірдің сыртқы түрін қайталайды, ал, екінші жағынан – аса маңызды психологиялық функцияны, көрерменнің шындыққа көзін жеткізу мен авторлық бекітілімнің дұрыстығын дәлелдеуге бірлікте қатысады. Құрылымдағы дәлелдеме жүйелі болу үшін, мүмкіндігінше риторикалық қағида негізіне сүйенген орынды. Оны біздің жыл санауымыздың I-ші ғасыр Рим риториктері жасап кеткен. Олар жасаған жүйе бір – бірімен байланысты бес бөлімнен тұрады: «1) табу – дәлелді іздеу және таңдау; 2) тұрған орын – дәлелдің жүйелілігі, әрі оның мәтінде орналасуы; 3) айтылу – дәлелді сөйлеу, сөзді таңдау және риторикалық фигуралар; 4) есте сақтау; 5) айту.

Риториктер дәлелдерді мынадай логикалық жүйемен келтіруді ұсынған: 1) кіріспе; 2) баяндау (проблеманың қойылымы); 3) дәлелдеу; 4) мәлімдеу; 5) дербес тақырыптың мазмұны; 6) қорытынды».

Эфирден сөйлеу кезіндегі риторикалық композицияның артықшылығы неде? Сөйлеу кезінде жүргізуші тек аудиторияның көңіл – күйін ғана өзіне аударып қоймайды, ол бір мезгілде көтеріліп отырылған проблемаға көпшіліктің көңілін қоса аударады. Жүргізуші өзі келтірген дәлелдері мен өз пікірі арқылы проблеманы ашуы не қарама – қайшы дәлелдерді де туындатуы әбден мүмкін. Ал, қорытындысында автор өзі жасаған талдаудан қандай да бір пікір түйеді.

Риторикадағы композициялық жүйеден логикалықтың арықшалығы, ол материалдың маңыздылығына ешқандай да әсер етпейді, керісінше талқылау кезінде оған логикалық пайымдаулары да бірлікте қосады. Солай етіп, айғақтың негізгі компоненттері мыналар: констатация (фактіні анықтау) – талдау – баға – қорытынды.

Талдамалы жанрға – корреспонденция, әңгіме, пікірталас, түсініктеме, шолу, баспасөз конференциясы жатады.

ӘҢГІМЕ. Талдамалы жанрлар құрамына кіретін әңгіме, баспасөз конференциясы және пікірталас диалогтық характерге ие бола отырып, өздерінің сұхбаттық шежірелерінен ажырамайды.

Әдебиетте «әңгіме» терминінің сан алуан түсіндірмелері бар. Біз, бұл жерде хабарға қатысушы бірнеше адамның, бір оқиға немесе мәселе жайлы кезектесіп, өзара пікір алысу, бір – бірлерін толықтыруларын айтып отырмыз. Ал әңгімеге қатысушы журналист ол сұхбат алушы емес, хабарды жүргізуші әлде модератор (айтылып жатқан пікірге аудиторияның қатысушылығын оятатын, пікір сайысына қатысушыларды бір тақырып аясынан шықпай ой – толғауға мәжбүр етуші) деп те аталады. Ол әңгімеге қатысушы әрі оның ұйымдастырушысы: оның рөлі студиядағы қонақтардың әрбірінің өз пікірлерін айтуларына жағдай туғызу.

Солай етіп, әңгіме – талдамалы публицистиканың хабарламаны диалогтық формада жеткізетін спецификалық телевизия жанры. Әңгіме теледидардың кез келген бағдарламаларында кездесіп жатады. Ол қоғамда қызығушылық тудыратын: саяси, экономикалық, әлеуметтік, адамгершілік – этикалық, ғылыми және өзге де тақырыптарға арналады. Кейде ол пікірталасқа дейін ұласады. «Ақиқат ауылы» хабарында Бейбіт Құсанбек өткір мәселені – саяси партияларды қалай құру керек деген әңгімені қозғады. Ол «Алаш» партиясының бұрынғы жетекшісі, профессор Сәбетқазы Ақатаевты шақырып, осы жөнінде ашық әңгімелесті. Осы бір партияның жағдайынан еліміздегі басқа партиялардың хал – ахуалы да айқын көрінгендей. Иә, бірқатар партиялардың өзінше еркін қимылдауға қаржысы жетпейді, оларды шын мәнінде қолдайтын адамдар да аз. «Партияларыңыздың құрылтайын неге Көкшетау қаласында өткіздіңіздер?»- деген сұраққа Ақатаев:«Қаржының ыңғайы сол жерден табылды» деп жауап берді. Демек, партия қаржыға қарап қимылдайтын болғаны ғой. Қазір парламентке дайындалып жатқан партиялар туралы заңға ұластырып, бұл хабарды жалпы партиялар туралы ашық әңгімеге жалғастыру керек сияқты. Бәрінен бұрын әр партия өзінің нақты бағдарламасын айқындап, нақты жолын белгілеуі жөн секілді. Өздері қайда барарын, жұртты қайда бастарын білмей отырған партияның соңына кім еруі мүмкін.

Әңгіме кезінде қақтығыс, түрлі көзқарастар тоғысы, ойдың дамуы алдын – ала сценарийде жоспарланғанымен, ол қорытындысында қақтығыс пен пікірталастағы проблематиканың мәнділігіне байланысты дәлелді аргументтер арқылы ортақ оймен аяқталып жатады.

Автор – публицист жұмысы хабардағы тақырыпты айқындау, қатысушыларды іріктеу, хабардың композициялық шешімін іздестірумен басталады. Сценарлық жоспарда болашақ хабардың бар болғаны негізгі кезеңдері ғана белгіленеді. Аса дәлдікпен жасалынған сценарий кейде қайшылыққа ұшырап жатады, не болмаса ол өзінің табиғилығынан, мәнерлігінен, ойдың өз – өзінен дамуынан ажырап қалады. Сценарлық жоспар – құрылымды айқындап, әңгіменің негізгі желісін ғана көз алдымызға келтіреді.

Сырттай статикалық ерекшелігі болғанымен, әңгіменің ішкі динамикасы өте күрделі. Әңгіме кезінде телеэкранда ауызекі сөзге қосымша көрік беретін кадрлар, фотография, схема, документ және өзге де құралдарды пайдалануға болады.

«ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ» БАСЫНДАҒЫ ӘҢГІМЕ. Осы жанр диалогтық топқа кіреді. Бұл ақпарат жинау емес, пікірлер алмасу. Егер сұхбат пен баспасөз конференциясында тұлғаға журналистер сұрақ қойып, оған біржақты директивті, позитивтік әлде эмоционалдық жауап алынса, ал «дөңгелек үстел» басындағы әңгімеде сұрақ, біріншіден бір емес, бірден бірнеше адамдарға арналады. Екіншіден, жауап біржақты болмай, әңгімеге қатысушылардың әрбірі проблема төңірегінде өз пікірлерін білдіріп жатады. Мақсат – проблеманы бірнеше маманның көзімен қарап, оған деген біржақтылық пен тар ұғымнан арылу болып табылады.

Әңгіме кезінде журналистің рөлі аса көп байқала қоймайды. Ол әңгімеге қатыспай не пікірлер ағымын бақылап, оны қажетті бағытқа бағыттап, тақырыптан ауытқуға жол бермей, әңгіме тұйыққа тірелген жағдайда оған жан беретін «церемонимейстер» рөлін ғана атқарып та отырады. Владимир Познер өткізетін «Егер», «Біз», «Уақытта» «дөңгелек үстел» аса көлемді студияда ұйымдастырылып, онда көрермендер амфитеатрда отырғандай орналастырылады. Ортаға – заңгерлер, социологтар, жауапты адамдар жайғасады.

«Дөңгелек үстел» басындағы әңгіме табиғатынан телевизияға жақындау болғанымен, ол газет қойнауынан өсіп шыққан. Диалогтық жағынан телевизияға жақын болса да, тақырыпты байыпты шешуі, дерексіздік, қиындықты салыстыра қабылдауы жағынан газет жанрына келіңкірейді. Мысалы, баламалы рубрикалар «Іскер кездесулер клубы», «Пікірталас клубы», «Семинар» т. б. осы жанрға жатады. «Дөңгелек үстел» басындағы әңгімені ақпараттық және сөзбен қағысу – пікірталас түріне бөлуге болады.

«Дөңгелек үстел» — үш жақты қызығушылықтың пікірлер тоғысы. Журналистер үшін мамандар пікірін, ал мамандар үшін теледидар, радио, газет көмегімен нақтылы шешімге жету әрі өз идеясын жүзеге асыру қажеттілік болып табылады. Көрермен, тыңдаушы, оқырман үшін пікірталас түріндегі ақпарат айтыстың бағытын, ойдың өрбуін әрі өзінің де оған қатысушылығын байқап көру мүмкіндігін туындатып жатады.

ШОЛУ. Теледидардағы журналистік профессиялар қатарында кезінде репортер, комментатордан бөлек шолушы (обозреватель) да болатын. Өткен ғасырдың 70-80-нші жылдары Зорин жүргізген «9-студия» өзінің актуальділігі әрі танымдылығы, көтерген мәселесінің құндылығымен күні бүгінге дейін сол кездегі көрермендердің есінде. Ал орталық телеарнаның 70-80-нші жылдардағы шолушысы Зориннің уақыт кезеңіне сай проблеманы көтеруі мен алымдылығы, әрі шешімділігі көпшілікті сүйсіндіріп отыратын. Осындай жайлардан болар бүгінде телевизиялық тәжірибеде осы спецификалық жанр тұрақты орнығып қалды. Бүгінде «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Мезгіл» не «Хабар» арнасындағы «Жеті күн» бағдарламасының өн бойынан біз бір мезгілде сараптау мен талдауды да, шолу мен түсініктемені де қатар кездестіреміз. «Жалпы, әр жанр «таза қалыпта» кездесе бермейді. Бір туындыда бірнеше жанр элементтері тоғысып жатады. Кейде олар өмірді барлық күрделілігімен, көп қыртыстылығымен көрсету үшін, творчестволық ой – ниетті әсерлі етіп беру үшін әдейі тоғыстырылады. Сонда қай жанрдың белгілері мол болып, бірінші қатарда тұрса, туынды сол жанрға жатқызылады»,- дейді, профессор – ғалым Темірбек Қожакеев. Яғни материалды белгілі бір жанрға жатқызу – шартты нәрсе.

Шолу – талдамалы публицистикадағы орнықты әрі өзіндік дәстүрі бар жанрлардың бірінен саналады. Шолуды өзге жанрлардан ерекшелеп тұратын қасиеттері мыналар: біріншіден, ол аса қатаң фактологиялы, мұнда факті автордың айқындаған мақсатына сәйкес іріктеліп, топтастырылады; екіншіден, шолушы фактіні олардың байланысына қарай айқындап, аралықтарындағы байланысты ашады, әрі оларды байланыстырып тұрған жалпылықты іздестіреді; үшіншіден, шолу материалды зерттеудегі ауқымдылығымен, оқиға ортасында жеке факті ғана болатын түсініктемеден ерекшеленіп тұрады; төртіншіден, материал көпшілігінде хронологиялық рамкамен шектеліп жатады (Жаһан жаңалықтары).

Солай етіп, жанрлардың тақырыбы – қоғамдық оқиға, ал мақсаты – көрерменге ұсынылған оқиғаның себеп – салдары мен оның ары қарай дамуының мәні мен тенденциясын түсіндіру.

Телеэкрандағы шолушы хабар кезінде: 1) мәліметтерді хабарлау кезінде фактілердің өзара байланысына зер салуға; 2) оқиға, фактілердің тұтастығына көңіл қоюға; 3) бір тектес фактілерді жинақтап беруге үнемі көңіл аударып отырғаны қажет.

Айқындаушы құралдар көмегімен экранда аса күрделі, сан алуан мәселелер шешімін тауып жатады. Шолуды эфирге беру кезінде тек процесс ағынымен ғана кете бермей, кейде оперативті материалдармен қатар, автордың логикалық ойына қабыса келетін архивтік бейнематериалдар да бірге беріліп отырылады. Осы жанрдағы хабарлаудың тақырыптық көпқырлылығына сай шолу да өзіндік ерекшелігімен бір – бірінен айрықшыланып отырады. Уақыттың белгілі бір бөлігіндегі оқиғаны көрсетуге арналған «Жеті күн», «Мезгіл» ақпараттық – сараптау бағдарламалары не белгілі бір проблеманы ғана көтерумен, тақырыптық шолумен – экономика, ғылым, өнер, спортпен шектелетін – «Спорт жаршысы», «Хабар — жер», «Салық төлеушінің күнделігі», «Даму дөңгелегі», «Ақша», «Үнем табиғаты».

Сонымен қатар монологтық шолумен бірге эфирде шолу – диалогта, шолушы өмір ағымындағы басты мәселелердің біріне өзінің жауапты қонағымен бірлікте шолу жасап, кейде оны әңгімеге де айналдырып жібереді. Мұнда телеэкранның көріністік мүмкіндіктері: документальді кадрлар мен фотодокументтер және т. б. бірлікте пайдаланады. Олар экраннан сөйленетін ауызекі сөзге қабыса келіп, материалға иллюстрациялық көрікпен қатар жандылық та береді.

Экрандағы музыкалық шолу, театрлық шолу және өзге де осыған ұқсас бағдарламалар жанрлық ерекшелігі жағынан халықаралық не спорт шолуларынан ешқандай да айрықшаланбайды. Тек хабар тақырыбы, маманданған шолушы ғана өзгеше болады да, ал жанр характері сол күйінде өзгеріссіз қалады.

ТҮСІНІКТЕМЕ (КОММЕНТАРИЙ). Түсініктеме латынның түсіндіру, түсінік беру деген сөзінен шыққан. Актуальді қоғамдық – саяси оқиғадағы, документтегі ойды айқындайтын, талдау материалдарының оперативті бір түрі. Телевизиялық түсініктеме – кадрда сөйлеудің жиі кездесетін түрлерінің бірі. Көпшілігінде бейнекадрдан арнайы жинақталған иллюстрацияға кадрдан тыс түсініктеме де беріледі.

Түсініктеме талдамалы публицистика жанрына жатады, себебі онда комментатор ең алдымен оқиғадағы себеп – салдарды айқындауға ұмтылыс танытып, өтіп жатқан көріністің мүмкін болатын салдарын көрерменге хабарлайды. Түсініктеме жанрының негізін авторлық баға беру мен талдау құрайды.

Өзге де жанрлар секілді, түсініктеме басқа жанрлық түрлердің негізгі құрамдарының бірі болуы да мүмкін. Мысалы, көпшілігінде баспасөз конференциясында мынадай сұрақтар қойылады: «Өткен оқиғаға сіз қандай түсініктеме берер едіңіз?». Саяси, қоғамдық қайраткерлер, сол саланың белгілі мамандарымен сұхбат кезінде сұрақтың осылай қойылуы заңдылық. Осыған қайтарылған әрбір жауаптың өзегінде шағын да болса түсініктеме жатады, ал кейде сөйленген сөзге толықтай түсініктеме де беріледі. Табыс мұнда терең талдауға, кең түрде қорытындылауға, қоғамдық маңызды оқиғаға, фактіге шыншыл тұрғыдан баға беруге байланысты болып келеді.

ПІКІРТАЛАС. Пікірталас жанрының әйгілігі мен экраннан көрсетілімінің күн санап өсуі оның демократиялық әрі құқықтық қоғам құру кезінде шындықты іздеген көпшілік әсіресе журналистер үшін өте – мөте керектігінде.

Пікірталас жанры латынның зерттеу, талқылау деген сөзінен шыққан. Мұнда көрермендердің көз алдына жанды ой процесінің тууы, дамуы, өрбуі тікелей өтіп жатады. Түрлі пікірлер қақтығысындағы процестен телеаудитория да тыс қала алмайды. Олар студиядағы зерттеу, салыстыру кезіндегі босаңдық пен әлсіздікті жойып, пікірталасқа қатысушылармен бірлікте шындыққа жетуге ұмтылады. Мысалы, Қазақстан ұлттық арнасындағы Иманбай Жұбай жүргізетін «Бар мен жоқ» пікірталас хабарына студиядағы көрермендер де тікелей қатысады. Ел арнадан өтетін «Болашақтың қаласы» телесайысқа қатысушылар да өз пікірлерін ашық түрде білдіріп жатады. Студиядағы әділқазылар алқасы екі жақтың да пікірін тыңдай отырып, әділ шешімді көпшіліктің көз алдында шығарып отырады. Осыдан келіп жанрдың танымдық қасиеті де жоғарылайды.

Пікірталас хабарын даярлау кезінде автор не жүргізушіге әдеби қиындық көп кездесе қоймайды. Хабар жүргізушісі тақырыпқа орай «иә» не «жоқ» дейтіндерге ортақ сұрақ қоя отырып, өзі бір мезгілде оның бақылаушысы әрі әңгіме тақырыптан ауып бара жатқанда оны қажетті бағытқа бұрушы қызметін де қоса атқарады. Дегенмен, қиындығы сонда кейде пікірталас аудитория күткен биіктен әлдеқайда төмен жатады. Бұл автор не жүргізушінің актуальді тақырыппен бірге, олардың хабарға даярлықсыз келгендерінен деуге де болады. Сондықтан тақырып таласты болу үшін оның бірнеше вариантын жасаған жөн, әрі ол көрерменге түсінікті болып, аудитория қазылық рөлінде де қатысқаны орынды. Осы орайда «Евразия» арнасынан берілген «SuperStar.kz» музыкалық жобасындағы әншілерге бағаны көрермендер беріп отырды. Пікірталас предметі көпшіліктің ортақ қызығушылығын туындататын әлеуметтік мәнділікке ие болғаны қажеттілік. Сонда ғана ол өзінің алдына қойған мақсатына жете алады.

«Бар мен жоқ» пікірталас хабарына қатысушылар студияда екі жаққа бөліне отырып, студия қонағының пікіріне өз пікірлерін де қоса білдіріп отырады. Ең бастысы жүргізушінің қызғылықты, қажетті сәттерді мезгілінде дәл пайдалана отырып, айтылған пікірлерді саралай – салмақтай келіп, оған студиядағы көрермендер ойын да орайластыра қосып отыруы. Ал студиядағы қонақтар мен көрермендер де экраннан сыртта отырған миллиондаған көпшілік алдында әдептіліктен аттап кетпей, сабырлы, салқынқанды, әрі адамгершілік кәсіби этиканы аттап өтпегендері орынды. Мәскеудің «КТК» арнасынан берілетін «Терезе» ток – шоу хабарында әдепсіздік пен ар – ұяттан жұрдай болған не сан миллиондаған көрермен алдында жұдырық ала жүгіріп не бір – бірлерінің көздеріне шөп салып жатқан ерлі – зайыптылармен жарыса сөйлеп, өкіреңдеп отырғандарды көргенде адамгершілік қасиеттен айрылған пенделерді көріп, тәубеңе түсесің. Қайтесің, бұл да өмірдің өз заңдылықтарының бірі.

Эфирден өтіп жатқан хабардың құндылығы жүргізушінің шешендігі мен байыптылығына, әрі әсерлі әңгімені одан әрі мәнерлі етуге қатысушылығында. Екі адамның арасындағы қызғылықты пікірталас, кейде орнықты, сабырлы қалыпта өтіп жатады. Студияда орнатылған телефон арқылы көрермен қонақтарға тақырып төңірегінде толғандырып жүрген мәселеге қатысты пікір – ойларын хабарлап, не олармен пікір таластырады. Мұның өзі пікірталас жанрының шығармашылық мүмкіндігін одан әрі ұлғайта түседі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *