«ОН АЛТЫНЫҢ ОЙРАНЫ»
Апталықтың күні кешеге дейін қараланып келуінің тағы бір себебі 1916 жылғы патша жарлығына қатысты көзқарасына байланысты болды. Бір назар аударарлығы, халқымыздың тарихында ерекше із қалдырған осынау оқиға тұсында ұлттық демократиялық интеллигенцияның бұған дейінгі алауыздықтан арылып, бір жолды таңдауы қоғамдық ой-сананың едəуір ілгерілегендігін айқындап берген еді. Ол заманына қарай амалын қарастырудан туған жол болатын. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялылары «білекті бірді, білімді мыңды жығатын» кез келіп жеткенін жақсы түсінді. Сондықтан, мұздай қаруланған патша əскеріне қарсы ашық шайқасқа шығу халықты орынсыз шығынға ұшыратып, қырғын келтіретінін алдын ала сезіп-біліп, күрестің басқаша тəсілін таңдаған болатын. Ол əдістің негізгі белгісі ұлттық саяси тұтастық жəне негізгі мақсаттар үшін, яғни ел теңдігі мен бостандығы жолында саналы, ұйымдасқан əрекетке көшу екендігін халыққа түсіндіріп жеткізу мұраты еді. Осы жолда қалың қазақ елінің ұлттық санасын ояту арқылы сауатын арттыру міндетін бірінші кезекте алдарына тартыпты. Апталықтың 1917 жылғы 212-санында жарияланған «Тарихи жыл» деген публицистикалық мақаласында М.Дулатовтың: «Қазақ баласы енді оянбасаң, мəңгіге шейін ұйқың ашылмай, қараңғыда, құлдықта, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткенің», – деп жазуы сол жайынан сыр тарқатады.
1916 жылғы патша жарлығының зорлық-зомбылығына қатысты, оның халқымыздың тарихынан алатын орнын анықтау мақсатында жазылған ең алғашқы туынды болып табылатын осы мақаласында М.Дулатов көтерілістің жылнамасын жасауға ниет танытады. Қалам қайраткерінің оны халқымыз бастан кешірген тарихи кезеңдермен, атап айтқанда, «қазақ қалмақтың жауласқан заманы; ақтабан шұбырынды; Ресейге бағынған шағымыз; Кенесары заманы; Қоқан заманы; 1868 жылғы жаңа заңның шығуы» секілді тарихи оқиғалармен тең қойып қарастыруы – оған ерекше маңыз беріп отырғандығының айғағы. Туындының құндылығы да сонда. Сонымен бірге ғасырлық мəнге ие осынау оқиғаның шынайы шежіресі, алғашқы əсермен ақ қағазға түсірілген қысқаша тарихы болуы да оның бағасын арттыра түсері анық. Мақаламен танысу арқылы төтеннен туған патша жарлығының тып-тыныш отырған елге кенеттен өрт тигендей əсер еткендігін, қаншама зардап-залал алып келгендігін бейне бір оқиға ортасында болғандай көз алдыңыздан өткізесіз: «айдап өргізіп, иіріп жусатып күнелткен төрт түлік малына қатерлі он екі жылда бір айналып, көбінесе тегін кетпейтін сұм қоянды (қоян жылын – С.Қ.) аман өткізіп, өткен жаз қазақ байдың баласы пейілі кеңіп, байға жарлы теңеліп, жайлауында жадырап, өзінше өзінен бақытты жұртты білмей, рахат ғұмыр өткізіп, тып-тыныш жатқанында өрттен шошып оянғандай бір күйге ұшырады. Халқын бір уыс қылды, кең дүниесін тарылтты, жүрегіне найзадай тиді», – деген жолдар қаламы ұшқыр, ойы жүйрік журналистің əрі өткір пікірлі публицистің шығармашылық шеберханасының шоқтығы биік екендігін тайға таңба басқандай айқын танытады.
Бұдан Ресей патшалығының қоластындағы «бұратана» жұрттардан қара жұмысқа жігіттер алу жөніндегі «25 июнь» жарлығының төтеннен туып, жорта асықтырылып, халықтың апшысын қуыра, жанын ышқынтып, қысымшылықпен орнына келтірілмек болғанын байқаймыз. Десек те, қазақтан солдат алу мəселесі ел үшін жаңалық емес-тұғын. «Қазақ» газеті бұл турасында содан үш жыл бұрын мəселе көтеріп, əсіресе, бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты 1914-1915 жылдары жеріне жеткізе жазып, оқырман талқысына салып келген болатын.
Əскер тақырыбында «Қазақта» жарық көрген тырнақ алды туынды – «Қазақтан солдат ала ма?» атты Қыр баласы, яғни Ə.Бөкейханов жазған мақала. Ол апталықтың 1913 жылғы 13-санында басылып шыққан. Мұнда публицист жер мəселесіне əскер мəселесін қосып шатастырып, қараңғылық қармауындағы қалың елін алдап-арбап, құрған қақпанына түсіру əрекетіндегі отаршыл озбыр саясаттың бетпердесін түріп, əшкерелейді. Соған көндігіп, мойнына қамыт кигізіліп жатқанымен шаруасы жоқ көнбіс жұртының іс-əрекетіне реніш білдіреді: «Қала болып жер кестіріп алсақ, солдат алмайсың ба?» деп сұрап, төрелер «солдат алынбайды» деп бір жапырақ қағаз берсе, бейшара қазақтар жаудан мал айырғандай қуанады. «Солдат алмаймын, – дейді ғой, – солдат алмаса болды» деп тоғытқан қойша ұйытқып барса қайтпасқа кіріп кеп кетеді», – деп жазып, халқының басындағы ауыр жайды қынжыла баяндайды. Тек сынап-мінеп қана қоюмен шектелмей, тығырықтан шығар жолды іздестіргенде, озбырлыққа қарсы күресте заңды қару ету керектігін алға тартады: «Қазақтан солдат алынбасын деген закон бар, войнский уставтың 42-статьясында жазған: «Түркістан һəм Ақмола, Семей, Жетісу, Орал, Торғай қазақтары солдаттықтан азат (Свод законов Российской империи, т.ІV, изд. 1897)» деп 1834 жылы Ақмола аға сұлтаны – Сұлтан Қоңырқұлжа Құдайменде баласы Петерборға барған. Сонда Қоңырқұлжа айтқан: «Патша солдат алады деп, қазақ халқы қорқып уайымдайды», сол себептен қазақтың корқыныш жұмысын ашып бер деп сұраған соң, правительство Қоңырқұлжаға қағаз берген: «Қазақтан бұл күнде солдат алынбайды, келер уақытта да қазақ халқы солдаттан азат. Осы қалпымен жүрсе де, егін, сауда қып, өз еркімен кент қалыбына түссе де деген» деп мəселенің заң жолы бойынша қалай шешілгендігінен нақты дəлелдер келтіреді. Сөйтіп, осы заңдар күшін жоймайынша, қазақтан солдат алынбайтындығын, сондықтан оны жер кестіріп алу, т.б. мəселелермен шатастыруға болмайтындығын кеңес етеді. Мақала тек мазмұны жағынан ғана емес, сонымен бірге жазылу стилі тұрғысынан да құнды. Мұндағы басты ерекшелік ой ықшам жəне нақты дəлелдермен оқырман назарына ұсынылады. Əсіресе, заңдардан үзінділер келтіріліп, олардың қайдан алынғандығына сілтемелер жасалынып отыруы туындының ғылыми құндылығын арттыра түсері даусыз. Осы қырынан келгенде мақаланы ғылыми стильде жазылған төлтума туындылардың қатарына жатқызсақ, қателеспейміз.
Қазақтан əскер алу мəселесі бұдан кейін де «Қазақ» шығарушыларының назарынан тыс қалмаған. Халықты толғандырып отырған жайға қатысты əркез көңіл аударып, мəселенің алдын алу міндетінде болғандықтары байқалады. Мəселен, апталықтың 1914 жылғы 60-санында жарияланған «Қазақтан солдат алына ма?» деген мақаласында М.Дулатов қала болып отырған кейбір қазақ ауылдарынан əскерге адам алынып жатқандығынан нақты деректер келтіре отырып, оның заңсыздық екендігін ашына жазады: «1912 жылы Павлодар абақтысы арқылы Өскемен қаласындағы дисциплинарная ротаға бір топ жазалы солдаттар айдалып өтті, солардың ішінде бір қазақ солдат бар екен, сонымен танысып сөйлестім. Бұл Тобол губерниясында крестьяндыққа жазылып, қала болған Атығай Сəрсембай деген қазақтың баласы. …Егер Закон бойынша қазақтан солдат алынбайтыны анық болса, бұл істеп отырғандары жолсыз екендігі онан да анық болмай ма? …Біздің қазақтың жолдыға да, жолсызға да тырп етпей, мойынсұнып отыратыны осыдан да көрініп тұр емес пе?» – деп шындықтың шымылдығын түре, өз құқығын өзі қорғай алмай жүргендердің жігерсіздігін айыптайды, намысын қайрайды.
«Газеталардан» деген тұрақты айдармен басылым басқармасы атынан апталықтың 1915 жылғы 153-санында жарияланған «Қазақтан солдат алу» деген бас мақаладан осынау көкейтесті мəселенің жылдан-жылға ушығып келе жатқандығын көреміз. Мұнда орыстың «Русское слово», «Биржовые ведомости», «Утро России», «Новое время» газеттерінде жарық көрген мақалалар негізінде қазақтан солдат алу мəселесіне патшалық əкімшіліктің қызығушылық таныта бастағандығы алғаш рет ауызға алынады. Бұл мəселе думада да сөз болып жатқандығы айтылып, депутаты болмаған себепті ондай хабарлар қазақ жұртының құлағына жетпей жүргендігі баяндалады.
Газеттің келесі санында «Қазақтан солдат алу туралы» деген проблемалық мақала жарық көрген. Онда «бұратана» елдерден əскерге адам алу мəселесін переселен мекемесінің бастығы Глинко да қолдап отырғандығынан мəлімет келтіріледі. Ұзынқұлақтан естулері бойынша, өкімет дайындап жатқан қазақтан солдат алу туралы заң жобасы мемлекеттік негізгі заңның 87-бабы бойынша қабылдануы мүмкін екендігі тілге тиек етіліп, оған мынадай түсініктеме беріледі: «Бұл 87-інші деген статья – мемлекеттік негізгі заңның статьясы. Ол статьяда айтылған: «Дума тарап кеткен кезеңде қалыптан тысқары керегі болып, тəртіп шығару керек болса, ол туралы закон жобасын министрліктер төте патшаның өзіне жолдауға ықтиярлы» деп. Бірақ бұл сияқты тəртіптер Г.Дума жиналғаннан кейін екі айдың ішінде Г.Думада қаралуға тапсырылмаса, яки Г.Дума мен Г.Совет қабыл етпесе, закон күшінен айрылады деген».
Мақалада сонымен бірге қазақтан солдат алу мəселесіне мұсылман депутаттары мен мұсылман газеталары да теріс қарамайтындығы айтылады. Олардың мұндай мақсатты көздеп отырғандары егер қазақтан солдат алынса, үкімет бермей отырған депутаттықты, муфтилікті, земствоны жəне жер тандауын өздеріне берер əрі əскерге алынған жігіттер жер көріп, мəдениет жоғарылауына жол ашылар деген игі тілектен екендігі түсіндіріледі. Бірақ соғыс кезінде олардың айтқандарының бірі де келмейтіндігі, ол қазаққа пайда емес, залал келтіретіндігі былайша дəлелденеді: «Бірден осы соғыс тұсында қазақтан солдат алғанын қуаттау – зор ұлығу. «Уақыт» газетасы айтады: «Үйден өрт шыққан кезде əйнек сынғанына қарамайды» деп. Ол рас. Бірақ қазақтан солдат жинау соғыс үшін елден тері-терсек, темір, шойын, мыс жинаудай деп ойлау да жарамайды. Қазақтан солдат шықса, бесіктегі баладан бастап, тоқсандағы шалға дейін алынсын демес. Пəлендей деп жас мөлшері көрсетілер. Ол жастың дəл анығын білдірерлік метірке қайда? Қазақтың жасын білу – нағыз былықпа іс. Рас, қазақта посемейной список дегені бар екені. Ондағы жастың бірі де дұрыс емес. Ауылнайлар кімнің неше жаста екенін сұрамастан сыртынан жаза салады. Өйткені оның жасына қарап тұрған қазақ арасында бұрын жұмыс жоқ. Ауылнай һəм болоснойлардың жазуынша өз партиясы болса, 20 жастағы 40-та болып шығуы, қарсы партия болса, 40 жастағы 20-да болып шығуы оп-оңай».
Бұдан Алаш азаматтарының аурудың алдын алу қамында болғандықтарын көреміз. Бұл мақала 1915 жылдың 22-қазанында жарық көріпті. Бірақ, соған қарамастан, осында көтерілген мəселенің арада бір жыл өтпей-ақ шындыққа айналуы «Қазақ» қаламгерлерінің көрегендік болмысын айқындап берсе керек.
Əскерге шақыру жөніндегі əртүрлі алыпқашпа сөз 1916 жылдың басына қарай қазақ елі құлағын түрген ең көкейтесті мəселелердің біріне айналады. Соған байланысты «Қазақ» газеті орыс жəне татар басылымдарының хабар-ошар, пікірлерін жариялап отырумен шектелмей, ендігі жерде оның қаншалықты рас-өтірігін айқындап, анық-қанығына жету мақсатын да алдарына тартады. Əсіресс, төртінші дума ашылу қарсаңында оның қажеттілігі еселеп арта түскен. Соған байланысты мəселенің мəн-жайына қанып, жұрттың өтініш-тілегін депутаттарға жеткізу мақсатында арнайы топтың Петербургке аттанғандығы газеттің 1916 жылғы 168-нөмірінде былайша хабарландырылады: «Бүгін, 9-февральда Г.Дума ашылады. …Хүкімет Думаның бұл мəжілісіне соғысқа қатысы бар бірсыпыра закон жобасын кіргізбекші. Бұлардың ішінде қазақтан солдат алу жобасы болуы да ықтимал. Қазақтан солдат алады деген сыбыс күзден бері естіліп келеді. Қазақтан қазір, осы соғыс үстінде, солдат алу мүмкін еместігі, қазақ халқы қамсыз жатқандығы, анық жасын білерлік метірке жоқтығы һəм басқа себептері де газетімізде кезінде жазылған еді. Думада өзімізден депутат жоқтығы, солдаттық мəселесі секілді зор мəселені қатесіз шешетін, қазақ жайын білетін депутаттардың кемдігі де айтылған еді. Бірақ газет жүзінде ғана жазылған сөз, айтылған тілек тиісті орындарға өздігінен жетпейтіндігі белгілі. Бұл тілектерге ие болып, жалпы жұрт қара көрсетіп, қам қылғандығы көрінбейді. Тағдырға тапсырылып, жай жатқан түрі бар. Солдаттық туралы қазақ халқының пікірін, тілегін хүкіметке, Думаға жеткізу үшін олармен сөйлесіп, жай-жапсарды түсіндіру үшін əр облыстан бірер өкіл баруы тиіс еді. Бұл істі қалың қазақтан күту қашпаған қашардың уызына қарағандай болатын болған соң, Дума ашылуға қарсы, Самардан Əлихан Бөкейханов, Орынбордан Ахмет Байтұрсынов, Ақтөбе уезінен Нысанғали Бегімтаев 3-февральда Петроградқа жүріп кетті».
Бұдан кейін газеттің төрт нөмірінде қатар бас мақала орнына Петроград хаттары жарық көрген. Апталықтың «Бас жазушысы» қаламынан туған бұл хаттарда халықтың құлағын елеңдетіп тұрған солдаттық мəселесі егжей-тегжейлі зерттелініп, анық-қанығы күн құрғатпай қалың оқырмандар назарына ұсынылады. «Солдат алар ма?» деп атаған алғашқы хатында көрнекті қалам қайраткері күзден бергі қазақтан əскер алу жөнінде заң жобасы жасалынып жатыр деген алыпқашпа сөздің шындыққа жанаспайтындығын хабарлайды. Ол 1914 жылдың шілде айында, соғыс басталардың нақ алдында соғыс министрі тарапынан Министрлер Кеңесіне ұсынылған анықтамадан (докладная записка) туындап жүргеніне тоқталады. Бірақ, ол анықтама керісінше мақсатта, яғни қазақтан солдат алмау жөнінде болғандығын, соған келтірілген көп дəлелдердің ішінде қазақ казарма тұрмысына шыдамайтындығы айтылғандығын жазады. Əйтсе де, қауіп сейілгенін көңілге тоқ санап, қол қусырып қарап отыруға болмайтындығын, түбінде заң шығуы ықтималдығын дума депутаттарының аузынан шыққан сөздермен тарқата баяндай келіп, алдын ала соның қам-қаракетінде болу керектігін оқырмандар назарына ұсынады.
Қалған Петроград хаттары енді не істеу керек деген сауалға жауап беруге арналған. Мəселен, «Не істеуге?» деген екінші хатында А.Байтұрсынов соғыс кезінде бұрындысоңды əскерге шақырылмай келген жұрттардан солдат алу дұрыс еместігі, онымен мүлде келісуге болмайтындығы жөнінде мəселе көтереді. Ал соғыстан кейін алам десе, оған қарсылық таныту олжа əпермейді. Одан гөрі, қалай жəне қандай əскерге алатындығы турасында талас туғызған пайдалы деп түйін түйеді. Сөйтіп, əскердің түрлерімен таныстырып, соның қайсысы оңтайлы екендігін көпшілік талқысына салады. Үш түрлі əскердің: жаяу əскер, кавалерист жəне атты қазақ болудың бірін тандағанда, соңғысының ел тұрмысына жақындығын тарата талдай келіп, «түбінде əйтеуір əскерліктен құтылмайтын болған соң, казак секілді (əскер – С.Қ.) болуды қаламайтын қазақ жоқ шығар десек, адаса қоймаспыз», – деп басылым басқармасының пікірін ашық білдіреді. Оның себебін «солдаттың (жаяу əскердің) жүрісі жаяу, тұрысы казармада, кавалеристің жүрісі атты, тұрысы казармада, казактың жүрісі атты, тұрысы үйінде» болуынан тарқата түсіндіріп береді. «Өгізді қойшы – өлген қойшы, түйелі қойшы – тұрған қойшы, жаяу қойшы – жатқан қойшы, атты қойшы – екпіні қатты қойшы» екендігін, сондықтан да атты казак болудың пайдалылығын, ал атты кавалерист болуға казарма ауасы қазаққа жақпайтындығын, ол көкірек ауруына душар ететіндігін құрғақ сөзбен емес, белгілі ғалымдардың пікірлерімен дəлелдеп, ұстанған жолдарының дұрыстығына айқын көз жеткізуге тырысады.
Хатта көтерілген екінші мəселе халықтың тілек-ұсынысын дума депутаттарына дер кезінде жеткізіп тұру жолдарын іздестіруге саяды. Бірер адамның өтініші халық тілегі болып шықпайтындығы, оның заңдық күші болу үшін «жұрт ортасынан сходпен сайлап, думаға жіберген депутаттардың аузынан шығуы», я болмаса, «жұрт аузынан сходта приговорға жазылып барған сөз» болуға тиістігі тəптіштеп түсіндіріледі. Сол себепті күнілгері қам-қаракетін жеп, қазақтан солдат алу туралы заң жобасының дума табалдырығын аттамай тұрып-ақ өз өтініш-тілектерінің депутаттар колында болуын халқына уағыз етеді. «Қолымыздан келетін жағымен тілегімізді Думаға жеткізіп қалу – қазақ біткенге қажет іс. Мұны қалғып-мүлгіп отырып өткізіп алып, қамсыз қалған қазақтар балаларының һəм онан кейінгі ұрпақтарының казармада шіріп, азып-тозуына себепкер болып, көрінде тыныш жата алмас, талай күрсініп, күңіренер», – деген жолдар кім-кімді де толғандырмай тұрмайды. Халқым деп соққан жүректен шыққан сөз жүрек төрінен орын иемденеді.
Осы хатында Ахаң бұған дейін де «Қазақ» газеті бетінде бір емес, бірнеше рет көтерілген метірке түзету мəселесіне қайыра соғып, оны толық шешпей тұрып, қазақтан солдат алынуы барып тұрған əділетсіздік болатындығын құлаққағыс етеді: «Қазақтан əскер алудың алдында метірке түзелуі тиіс. Метірке түзету жұмысы духовные собраниедей (муфтиліктей) қиянатсыз істейтін мекемеге тапсырылмаса, қиянатқа үйреніп қалған мекемелерге тапсырудан қолайсыз шатақ істер шығып, халық ылаңға түсуі ықтимал», – деп үлкен қауіптің алдын алуға, жұрттың əділетсіздік құрбанына айналмауына амал қарастырады.
Сонымен, қаһарлы патша əмірі шығар күн де жақындай бастады. «Қазақ» газетін шығарушылар күн көзін торлай бастаған қара бұлттың түсі суық екендігін күнілгері сезіп-біліп, алдағы дауылдан халықтың қамсыз қалмауын сақтандыру жолында жан аямай қызмет еткендігін көреміз. Олар халық басына үйірілген қара бұлтты дауылға айналдырмай, қалайда саяси жолмен бетін қайтару қамында қолдарынан келгенінше күресіп бақты Бірақ, амал не, патша үкіметінің қазақ елінен əскерге адам алу не алмау мəселесін халықтың өзімен ақылдаспай-ақ шешуді ұйғарып, оны шұғыл түрде жүзеге асыруға көшуі отаршыл озбыр саясаттың тағы да бетпердесін айқара түріп, əлем алдында əшкерелеп берген болатын.
Бұратана халықтардан майдан жұмысына адам алу туралы 1916 жылы 25-маусымдағы патша жарлығы ел күтпеген тосын оқиға болды. Ол жөнінен кейіннен сол бір суық хабарды елге жеткізу міндетін мойнына алған ардақты Алаш азаматы М.Дулатов былайша есіне түсіреді: «1916 жылғы маусым жарлығы шыққан кезде Орынборда едім. Ахмет Байтұрсынұлы сол жаз Торғай уезіндегі санақ қызметіне кетіп, «Қазақ» газетін мен басқарып тұрдым. …Бір күні төбеден түскен жайдың оғындай июнь жарлығы сарт ете түсті. Бұл жарлықтың бізге жайдың оғындай көрінуі қазақ еліне оның əсері қандай болатындығын сезгендігімізден еді. Бұл жарлықтың қазақ арасына қалай тарайтыны, қазақ елі не күйге ұшырайтыны көз алдымызға елестей қалды. …«Қазақ» басқармасына қазақ жерінің тұс-тұсынан телеграммалар, хаттар жауа бастады. Ол кезде «Қазақ» газетін қазақ елінің көбі көз-құлағындай көретін. Сондықтан құр телеграмма жіберу, хат жазумен ғана қойған жоқ, жан-жақтан саулап ел адамдары Орынборға ағыла бастады. Елде не болып жатқанын, хатқа, телеграммаға жазуға болмайтын сөздерді солар əкеліп отырды. Қазақ даласы күңіренді».
Осындай халықтың арқасына аяздай батқан қаралы хабар – патша жарлығының ойламаған жерден тосыннан жариялануының өзіндік себептері де жоқ емес-тін. Бұл туралы «Қазақтың» көрнекті қаламгерлері сол бір сұрапыл заманда үн қата қоймағанмен, кейіннен, ақпан төңкерісі жеңіске жетіп, ел тізгіні қолдарына тиген уақытта көкіректерінде қатталған, көңілге түйген ойларын ортаға салмай қалмаған. Апталықтың 1918 жылғы 258-санында жарық көрген «Орынбор, 1-қаңтар» деген бас мақаладан біраз жайдың сырына қанамыз.
300 жылдан астам уақыт Ресей секілді алып мемлекетті жұмса – жұдырығында, ашса – алақанында ұстап келген Романовтар тұқымының тақтан түсуі бірінші дүниежүзілік соғыс салдарынан болды. Патшалық монархия өзі қазған орға өзі құлады. Ол соғысқа билігімді күшейтем, байлығымды молайтам деп кірсе де, күн өте келе ол үміті ақталмайтынына көзі жете бастады. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, сасқан тұсы да осы кез болды. «Зор соғыстың салмағы да зор. Оны көтеруге көп күш керек. Жайшылықта керек қылмайтын халық күшін, халық ісін керек қыла бастады. …(Оны) земстволар қолға алып, хүкімет далада қалып қоятын болды. Мұны көріп, тіпті керексіз болып, босқа қалармын деген хүкіметке қауіп кіре бастады. …(Сол себепті) соғысты тоқтатпақ ниетке кірісті. Бірақ соғысты тоқтату да оңай бола қоймады. Соғыс басталған жылы, август ішінде Англия, Франция һəм Россия араларында жасалған, онан кейін Жапония мен Италия да қол қойған уағда бойынша, аталған патшалықтардың ешқайсысы жаумен бөлініп шығып бітім жасамасқа тиіс, ішінен бүліншілік шыққан патша ғана одақтарынан бөлек өз бетімен бітімгершілік жасауға ықтиярлы болды. …Сөйтіп, бітім жасаудың жалғыз-ақ шарасы болды. Ол – мемлекет ішінен бүліншілік шығарып, соның сылтауымен бітім жасау. Соғысты тоқтатуға олай да, былай да жол қарап, Романовтар хүкіметінің ақырында тоқтаған шарасы іштен бүліншілік шығару болды. Бүліншілік өте зор болып кетсе, басу қиын болар деп ол жағынан да қорықты. Ептеп шамалы бүліншілік шығару жаһұтымен бұратаналарды соғыс жұмысына алмақ болып, 25-июнь жарлығын шығарды. Ол жарлықты жорта асықтырып, жұрттың апшысын қуырып, жанын ышқынтып, қысымшылықпен орнына келтірмек болып, телеграммамен хабарландырды. Ондағы есептері бұратаналар соғыс жұмысынан қорқып, жарлыққа көнбейміз, адамдарын бермейміз деп бунт шығарып, бүліншілік жасар деген еді». Басылым басқармасының мұндай тұжырымы шындыққа жанаспайды дей алмаймыз.
Міне, мəселенің түп мəні. Саяси шолу осылай жазылса керек-ті.
Ойы орамды, тілі жатық, пікірі дəлелді. Көтеріліп отырған мəселе қанша күрделі болса да, қысқа да нұсқа əрі көңілге қонымды түрде берілген. Бұл біліктілікті, шеберлікті қажет етеді.
Əлгіндегідей суық оймен суыт жүргізілген солақай саясат салдарынан «жұрт сеңдей соғылған, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылып, «əне келеді, міне келеді» деп өлім жазасына бұйырылған үкімнің орнына келуін күткен тұтқындай болып тұрған» алмағайып уақытта халыққа жолжөн көрсету сол кезде шын мəнінде қазақтың қамқоршысына айналған «Қазақ» газеті басқармасына жеңіл соқпағандығы түсінікті. «Өз өмірімізде басымызға тумаған ұлы дағдарысқа ұшырадық, – деп жазады ол жөнінде кейіннен М.Дулатов: – Қайтпек керек? Не істейміз? Елге не айтамыз? Біздің басшылығымыз қандай болмақ керек? Елдің ризалықпен көнгісі келмейтіні, балаларын бергісі келмейтіні, «соғыс», «солдат» деген сөздерден өлердей қорқатыны, патша үкіметіне сенімі жоқтығы белгілі. «Көнбе, берме» дейміз бе? Оның түбі не болады? Немізге сеніп, «көнбе» дейміз? Көнбейтін күшіміз қайда? …Міне, біздің басымызды дал қылған, миымызды ашытқан, дағдарысқа қалдырған сұраулар осылар еді. Қайткенде де бізге бұл жолдың біріне түспеске болмады. Ол кезде 1916 жыл еді. Жиһан соғысының қызып тұрған шағы еді. Ресейдің таяқ жеп, халқының шаруашылығы күйзеліп, патша үкіметіне наразылық күнненкүнге күшейіп, саяси партиялардың төңкерістен үміт етіп те тұрған шағы еді. Бірақ, ондай төңкеріс қашан болады, қалай болады? Ондай төңкеріс бола қалғанда қазақ жұрты көнбей, қарысып отырып, соған аман-есен жете ала ма? Бұған біздің көзіміз жетпеді. Төңкеріс жолында қазақ жұрты құрбан болып-ақ кетсін деуге дəтіміз шыдамады. Сондықтан біз екінші жолды қаладық, көну керек дедік».
Басылым басқармасы осы шешімін газеттің 1916 жылғы 8-шілдеде жарық көрген бас мақаласы арқылы дүйім жұртқа жария етеді. Бұл күні кешеге дейін зерттеушілер «…қазақ буржуазияшыл ұлтшылдарының газеті («Қазақ» – С.Қ.) өзін ұлтын сатқан орган ретінде көрсетті. …Ол халықты патшаның указын орындауға, патша ағзамының алдында құрдай жорғалап, қазақтарды дереу шақыру пунктіне келуге үндеді», – деп, оңды-солды айыптауға негіз болған
əйгілі мақала болатын. Ендеше, апталық жарияланымдарын тарата талдай отырып, қаншалықты патша «сойылын соққандығын» айқындамасқа амалымыз қалмайды.
«Соғыс», «солдат» деген сөздерден онсыз да үрейі ұшып, берекесі қашып тұрған жұртқа қара жұмысқа алу жөніндегі жарлықтың келіп шүйлігуі жағдайды тіпті ушықтыра түскені айтпаса да түсінікті. Осындай қысқа күнде қырық түрлі хабар тарап, елді сеңдей сапырыстырған уақытта көзсіз көбелектей отқа ұмтылған жұртты тыныштандырып, сабырлылыққа шақыру қалайша «өз ұлтын сатқандық» болып шығады? «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп білетін халық үшін əсіресе ауыр тигені қара жұмысқа алады деген сөз болды. Газеттің жоғарыдағы 188-санындағы бас мақалада бұл жайлы, оның ел намысына тиетіндігі туралы былайша ашық жазылады: «Мынадай қырғын соғыста мал шығынынан тартынбай, əскерлікке алам десе де, ақылдасып барудан тайынбастай болып жүрген қазақ халқы бүгін қара жұмысқа алатын жарлық шыққанға дағдарып, таңырқап қалдық. Қазақ секілді іргелі жұрт өзгелер қатарында соғыс майданында қару-жарақ асынып, мемлекет қорғауға лайық еді, қатарда жоқ қара жұмысқа байлануды кемшілік санаймыз».
Мұнда өздерінің үш жыл бойғы жазып келген əскер тақырыбындағы қыруар еңбектерінің еш болғандығына наразылықтарын білдірумен қатар, ел намысын жерге таптағанмен бірдей екендігін айтып, айыптау бар. Алайда, құрығы ұзын патша əміріне қарсы шығып, опа табар жол жоқ. Өйткені: «Қашып жан сақтауға болмайды. Қысқа ақылмен қашатын жігіт болса, елде бүліншілік болады. Бұл күнде соғыс уақыты, тəртіп қатты, қашқындардың артынан қуғыншы отряд шығып, елді һəм артында қалған əкешешесін, қатын-баласын шулатқаннан, шаруасын күйзелткеннен басқа өнер нəрсе жоқ». Осы себептен де патша жарлығын орындамасқа амалымыз қалмайды деген қалың қазақ еліне түсіндіру шаралары бар. Соны көпшілік қауымға жеткізуді ел ақсақалдары мен жұрт жақсыларынан өтінген тілектері берілген.
Мақала соңында автор: «Жұрт қара жұмысқа алғанын кемшілік көреді екен, олай болса, жарлықты орнына келтіріп, адамын жұмысқа жіберіп отырып, ал жарлығыңды орындадық, бірақ бізге бұл лайық емес еді, бізді теңгеріп əскерлік қызметіне ал деп сұрағаны оң болады. Жаяу солдат боламыз дей ме, атты казак боламыз дей ме, ол еркі халықтың өзінде. Бұл туралы біздің пікіріміз халыққа белгілі», – деп əлі де болса, үмітті үзуге болмайтындығын ауызға алып, үркіп, тулаған ел-жұртты тыныштандырғысы келеді. Сеңдей сапырылысқан халқына басу айтып, ақылға шақырады. «Қазақ қаламгерлері патшаның сөзін сөйлеп, сойылын соқты» дегендей айыптаулар осыдан шығарылып, айтылып келген болса керек. Ол əділеттік болып шықпайды.
«Қазақ» газеті қаламгерлерінің 1916 жылғы қанды оқиғалар кезіндегі атқарған қызметтерін төртке бөліп қарастырған жөн. Олар: 1. Патшалық əкімшіліктің бұйрық-жарлықтарынан туындайтын құйтырқы саясатын елге талдап түсіндіріп отыру; 2. Ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықтың бас амандығы жолында күресу; 3. Жігіттерді қара жұмысқа алу кезінде жіберілген кемшіліктерді, яғни қара басының пайдасын халық қамынан жоғары қойған «ел пысықтарын» əшкерелеп, сынап-мінеу; 4. Майдан шебіне алынған жұмыскерлердің күйін күйттеп, қам-қаракетін жеу, олардың арасында болып, керек-жарағын түгендесіп, халжағдайларын жариялап тұру.
Апталық тігінділерін ақтарып отырып, басылым басқармасының осы талап-міндеттер үдесінен шыға алғандығына көз жеткізу көп қиындық келтіре қоймайды. Алдымен, жоғары билік орындарының бұйрық-жарлықтарын қандай мақсатта жариялап отырды деген сауалға жауап іздесек, оның өзіндік мəн-мағынасы да жоқ еместігін байқауға болады. Патша жарлығының қатаң екендігін, оның жолында əкімшілік ештеңеден тайынбайтындығын танытуға мүмкіншілік туған еді. Бір ғана мысал, газеттің 1916 жылғы 207-нөмірінде «Торғай облысы Ырғыз һəм Торғай уездерінің бас хакімінің бұйрығы» деген жарияланымды алып қарайық. Мұнда үкім қысқа да нұсқа: бітірудің ең ақырғы срогы – 15-январь 1917 жыл. 15-январьдан кейін шақыруға келмеген еркек жанның бірі қалмай жасын айыру үшін қаралады һəм жасы 19 бен 31 арасында болып, шақыруға келмегендер ауру-сырқауына қарамай, патша жарлығынан бас тартқаны үшін тегіс судқа беріледі» деген бұйрық реті келген соң айтыла салған сөз емес, шындығында облыс тұрғындарының басына төнген нəубет болатын. Бұл жөнінде басылым басқармасы атынан жазылған, апталықтың 1917 жылғы 214-санында жарияланған «Военное положение» деген мақалада біраз жайдан сыр тарқатылады. Автор (атыжөні көрсетілмеген, біздіңше, А.Байтұрсынов) Сенатқа түсірген патша жарлығын қаз-қалпында келтіре отырып, Ырғыз, Торғай жəне Қостанай уездеріне военное положение орнағанын оқырмандарға хабардар етеді жəне оның не жарлық екеніне жан-жақты түсініктеме береді.
Осында военное положениенің елге тигізетін зардапзалалының ең үлкені жай соттың əскери сотпен алмасатындығына байланысты екендігі ауызға алынады: «Қазаннан Ырғыз, Торғай уездеріне баратын военный суд шығайын деп жатқан көрінеді. Военный судтың жай гражданский судтан айырылатын толып жатқан жігі бар. Военный судтың жазасы күшті, ісі шапшаң. Жай судтай следство жасау жоқ. Тергеу, тексеру қысқа. Құрылған жерінен тысқары болса, айғақтарды сұрамасқа ықтиярлы. Жазу-сызу аз. Хүкімді тез орнына келтіру қажет десе, ол хүкімінің үстінен риза алмасқа ықтиярлы. Военное положение соғыс заңында болған соң, созып отыру жоқ. Ұмар-жұмар іс бітіру болады. Түркістанда военный суд құрылып, бүліншілік шыққан жерлерінің халқы тергеуде. Талай адамдар жазасын тартып та қойды», – деген жолдар жоғарыдағы Торғай облысы бас хакімінің бұйрығы түбі осылай болып жүрмесін дегенді ескертіп тұрғандай. Кейіннен Ақтөбе қаласында өткен митингіде Торғай облысының вице-губернаторының «Бірдебір қырғыз (қазақ – С.Қ.) тірі қалмаса да, патша бұйрығы орындалатын болады» деген сес көрсетуі ондай қауіптің негізсіз еместігін тайға басқан таңбадай айқын аңғартады.
Бұдан басылым басқармасы жоғарғы билік мекемелерінің бұйрық-жарлықтарын, қарарлары мен сот шешімдерін жариялай отырып, оларды өз қажеттеріне жарату мақсатын көздегендіктерін көреміз. Сол арқылы жұрттың көзін ашып, ненің не екенін түсіндіру, елді еліртушілердің сөзіне еріп, арандап қалмауларына жол-жөн көрсету қам-қарекетінде болғандықтары байқалады. Бұл сол кезең жағдайында халықты қырғынға ұшыратпай, аман сақтап қалудың бірденбір дұрыс жолы болғаны дəлелдеуді қажет етпейді.
«Қазақ» қаламгерлерінің сынықтан сылтау іздеп отырған патша үкіметінің қылышынан қан тамған солақай саясатына қарсы халықты жаппай қырылудан аман сақтап қалу жолындағы күресінің екінші тармағы ел ішіне барып түсіндіру жұмыстарын жүргізумен, газет арқылы үндеулер таратумен жалғасады. Осы бағытта қолға алған іс-шаралары халық өкілдерінің басын қосып, осынау ел басына түскен ауыртпалықты жеңілдетуі мүмкін деп күтілген мəжіліс өткізуден басталады. Торғай, Орал, Ақмола, Семей жəне Жетісу облыстары қазақтарының қатысуымен 9-тамыз күні Орынборда өткен мəжілісті ұйымдастыруға «Қазақтың» бас жазушысы А.Байтұрсынұлының үлкен еңбек сіңіргеніне мына бір дерек дəлел.
«Туркестанские ведомости» газетінің 1916 жылғы 28-шілдедегі санында: «Губернатор Тургайской области пригласил к себе редактора киргизской газеты «Казах» и имел с ним обстоятельную беседу о призыве мусульман на оборонительные работы. По этому поводу местная киргизская интеллигенция имело общее собрание, в котором участвовали также известные киргизские общественные деятели и представители общественных организации», – деген хабар жарық көрген. Осыған қарап мəжіліс «Қазақ» қаламгерлерінің басшылығымен өткендігін көреміз. Апталықтың 1916 жылғы 192-санында жарияланған мəлімет бойынша, осы жиында 18 баптан тұратын талап-тілек алдыға тартылған болатын. Олардың негізгілері мыналар: «1.Солтүстік уездеріндегі қазақ жігіттерін келер жаңа жыл – бірінші январьға дейін, оңтүстік уездер халқын 1917 жылғы 15 мартқа дейін алмай кешіктірсе екен. 2. Ең əуелі 19 бен 31 арасындағы жастардың үштен бірі ғана алынса екен. Алғанда 19 жастан бастап алуы тиіс. Өйткені бұл жастағылардың көбі үйленбегендер болады… 3. Бір үйдегі шаруа басқаратын алынатын жастағы бір жігіт қалса екен (егер сол үйдің басқа еркектері 17-де, яки 50-ден аспаған болса). 4. Шаһар медреселерінде оқып жүрген шəкірттер қалсын… Алынған жігіттер отыз кісіден қостас болсын. Əр қосқа бір переводчик һəм он қосқа бір молда сайлансын…»
Бұдан М.Дулатовтың жоғарыдағы тілге тиек етілген «Он алтының ойраны» деген мақаласында: «…неше түрлі сылтаумен (жарлықтың орындалуын – С.Қ.) соза түсу жағын ескеріп отырдық» деп жазатынындай, мəжілістің сол мақсатта ұйымдастырылғанына көз жеткіземіз. Ел қамын терең ойлаған Алаш азаматтарының бұл əрекетінен нəтиже де жоқ емес. Патшалық əкімшіліктің қазақтан қара жұмысқа алу жұмысын 15-қыркүйекке кейін шегеруі соның жемісі болатын. Торғай облысы губернаторының жоғарыдағы талаптілекке орай 25 тамызда «Отказать, отсрочка предоставлена только до 15 сентября», – деген шешім шығаруы – соның айқын айғағы.
1916 жылдың шілде айының орта тұсынан бастап бүткіл қазақ даласында өте ауыр жағдай қалыптасты. Бір жағынан, патша жарлығына қарсы халық наразылығы ушыға түссе, екінші жағынан, патша үкіметінің үкімін қайтсек те орнына келтіреміз деп қаһарланған жергілікті билік мекемелері күшке көшуге дайындалып жатты.
Міне, осындай өлкені өрт құшып тұрған аласапыран уақытта, кейіннен Алаш ардақтысы М.Тынышбаев дөп басып көрсеткендей, ат төбеліндей көзі ашық қазақ зиялылары екі оттың ортасында қалды. Біріншіден, патшалық əкімшілік оларға көтерілісті ұйымдастырушылар ретінде сезіктене қарап, бақылауды, қысым көрсетуді күшейте түссе, екіншіден, қарапайым халық та олардың патша əміріне қарсы ашық күреске шыққан көтерілісшілерді қолдамауын кері түсініп, түрлі өсек-аяңға бой алдыра бастайды.
Лай суда балық аулауды əбден əдеттеніп алған ел ішіндегі орта бұзар пайдакүнемдерге керегі де осы болатын. Олар онсыз да жалындап тұрған отты одан сайын құшырлана көсей түсіп, бүлінген елден бүлдіргі таппаққа əрекеттеніп баққан. Газеттің 1917 жылғы 239-нөмірінде жарияланған «Қазақ баспаханасы» деген мақаласында М.Дулатовтың: «Жəбірді жаудан көргеніміз жоқ, жақыннан көрдік. Ағайынның шағымымен абақтыға жатқан ақынның (А.Б.) айтқаны бар:
«Еш нəрсе емес абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған қиын осылардың бəрінен
Өз аулымның иттері үріп қапқаны».
Бізге ең қиыны, жанымызға батқаны жаудың жақыннан шыққаны болды. Ол күндері біз көрген қорлығымызды халыққа жариялап шыға алмайтын едік. Күзетші-тыңшы көп еді. Біз жетім едік, жалғыз едік. Жолдасымыз жоқ еді. Халыққа көрініп, қызмет етейін деген азаматтар ақшаға ариманын сатқан жүзіқаралардан қаймығып, жарыққа шыға алмайтын еді», – деп жазуы сол жайынан сыр тарқатады.
Осы мақалада сондай халық қамын өз пайдасына мансұқ еткен жүзіқаралардың кесірінен газет 1916 жылы да əкімшілік орындарының тінту, тексеруіне ұшырағанынан нақты деректер келтіріледі. Оны архив материалдары да жоққа шығармайды. 1916 жылғы 19-шілдеде Орынбор генералгубернаторының атына Орал губернаторынан телеграмма келіп түскен. Онда Ілбішін уезіндегі 6-ауылда 7-шілде күні Қажығалым Аулымбердиев деген молданың басқаруымен өткен мəжілісте қазақтардың соғыс жұмысына адам бермеу жөне үкімет орындарына тізім жасатпау туралы шешім қабылдағаны жəне сол жиында молданың əскерге адам бермеуге шақырған Бөкейхановтың хатын оқығаны жөнінде ақпар алынғандығы айтылған. Телеграммада, сондай-ақ, айтылған уездің басқа да ауылдарында болып өткен басқосуларда «Қазақ» газетінің қызметкерлері Байтұрсынов пен Дулатовтың да есімдері айтылып, оларға қазақтың ылғи да кеңес алуға барып тұратындығы көрсетіледі».
Мұндай шағым-арыздың аяқсыз қалмайтындығы айтпаса да түсінікті. Жоғарыдағы мақалада Орал губернаторының телеграммасына орай 1916 жылы 12-тамызда Орынбор жандарм мекемесінің бастығы полковник Кошинцевтің Орынбор губернаторына берген 8680-нөмірлі құпия анықтамасынан мəліметтер келтіріледі. Онда аты аталған «Қазақ» қаламгерлеріне тағылған айыпқа қатысты мынадай деректер бар: «1.Орал губернаторының телеграммасында Байтұрсынов 25-июнь жарлығына қарсы қазақты құтыртты дейді. Бірақ ол 23-майдан август басына шейін Торғай уезінде мал есебін алып жүрді. Торғай уезінде ондай іс істегені естілмеді. 2…Орал губернаторының телеграммасы бойынша, 30-июльде Дулатовтың пəтерінде һəм «Қазақ» басқармасында тінту болды. Бірақ 25-июнь жарлығына қарсы қазақты құтыртқандай ешнəрсе табылмады. Ə.Бөкейханов туралы Самар жандарм мекемесіне білдірдім. Самар жандарм мекемесінің бастығынан хабар алдым, Бөкейхановты сыртынан бақылап жүрміз деген»…
Осылайша, əкімшілік мекемелерінің қатаң бақылауында болған «Қазақ» газеті қаламгерлерінің патша жарлығына қарсы ашық күреске шыққан көтерілісшілерді қолдай қоймауы қарапайым халық тарапынан да түсінбеушілік туғызған. Сол себептен де басылым басқармасына өздерінің ұстаған жолдарын айқындап, көпшілік қауымға дұрыс жеткізіп отыру үшін көптеген хат-хабар, мақалалар мен үндеулер жазып таратуларына тура келеді. Олардың барлығына бірдей тоқталып, талдап, жатпай-ақ, Алаш азаматтарының осынау халық басына түскен зар замандағы атқарған қызметтерін «Қазақ жұртына», «Алаштың азаматы» жəне «Торғай һəм Ырғыз уезінің халқына» деп аталатын үш бірдей үндеу жариялауларынан-ақ толық тануға болады деп білеміз.
Үндеу қоғамның көкейтесті мəселесіне орай көпшіліктің назарын өзіне аудару үшін белгілі бір əлеуметтік топтың немесе жеке тұлғалардың халқына арнауы екендігі белгілі. Қазақ баспасөзінің қалыптасу дəуірінде мұндай əдіс-тəсілдің алғаш рет қажетке жаратылуынан-ақ «Қазақ» басқармасының, атап айтқанда, Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтардың қолдарынан келгенінше халқына адал қызмет етуден аянып қалмағандарына көзіміз жете түседі.
Апталықтың 1916 жылғы 192-нөмірінде жарық көрген «Қазақ жұртына» деген алғашқы үндеулері ел арасында өздерінің аттарын жамылып, жаңсақ пікірмен елді еліртіп жүрген алаяқтардың бетпердесін түріп, əшкерелеу мақсатында жазылған. Газет арқылы көпшілік қауымды олардың сөзіне сеніп, арандап қалмауға шақырады. Апталықтың 8-шілдедегі 188-нөмірінде жарияланған патша жарлығына қарсылық қылмай, көну керек деген пікірінің «жеті рет өлшеніп, бір рет пішілген» шешім екендігін былайша шегелеп жеткізеді: «…Патша жарлығына қарсылық қылмай орнына келтіру керектігін газетіміз арқылы алты Алашқа жариялау жолындамыз. Біздің мұнан басқа бүгіп отырған сырымыз, ақылымыз жоқ. Хатпен кісі пікірін жұртқа тегіс жая алмайды. Жұртқа тегіс тарайтын неше мың болып жұмасына басылып шығатын газеттегі сөз екендігі əркімге таныс болған шығар. Сондықтан газеттегіден басқаға сенбеңдер һəм көнбе деп біз жазды деген хатқа екі бастан сенбеңдер. Біз ондай сөзді айтпаймыз».
Ал не себепті көну керек деп отырғандарын газеттің дəл осы нөмірінде жарияланған «Алаштың азаматына» деген екінші бір үндеулерінде жан-жақты ашып көрсетіп, ұстанған жолдарының дұрыстығына оқырман көзін жеткізе түседі. Мұнда талдап-түсіндірудің ұтымды жолы таңдалған. Ол қара жұмысқа жігіттерді бермеуден туатын қиыншылықтар мен патша жарлығына көнуден келетін ауыртпашылықты қатар қойып салыстыру əдіс-тəсілі болатын. Осы арқылы қайсысы дұрыс екендігін оқырманның өз таңдауына қалдыруы туындының асқан шеберлікпен жазылғандығын танытады.
Сонымен, көнгенде келер қиыншылық пен көнбей, қарсыласқаннан туар ауыртпашылықтың қайсысы халыққа жеңілдеу тиеді деген сауалға Алаш ардақтыларының берген жауабы мынадай: «Көнгенде, шаруаға кемшілік те келер, барған жігіт қазаға да, бейнетке де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас. Ал көнбегенде, хүкімет құр өкпелеп қана қоймас, күш жұмсар, ол күшті законға сүйеніп істер», – дей отырып, оған нақты мысалдар келтіреді. Торғай, Орал облыстарында бірлі-жарым писерлеріне зиян келгенін сылтауратып елге əскер шығарылғанын, көптеген кісілер абақтыға жабылып, əскери сотқа тапсырылғанын, ал Жетісу облысында арыз-шағым айтқандар таяққа жығылып, тұтқындалып, қорлыққа ұшырап отырғанын қалың қазақ еліне құлаққағыс етеді. Мұны аз көріп, қарсыласуын жалғастыра берсе, елелге жазалаушы отряд шығатынын, онда елдің берекесі кететінін, бас пен малға əлегі бірдей тиіп, елдің іргесі бұзылатындығын тəптіштеп түсіндіріп береді. «Міне, біздің екі ауырлық дейтініміз осы. Бірі – барса, шаруаға кемшілік келіп, алынған жігіттер аз қазаға, бейнетке ұшырағаны, екіншісі бармаймын деп қарсылық қылса, елге келетін зор бүліншілік. Осы ауырлықтың жұрт қай жеңілін тандау керек», – деп түйін түйіледі.
Көп ұзамай, соңын ойламай «отқа май құйғандардың» кесірінен ел іші тынышсыздана бастаған тұста Алаш ардақтылары халқын ақылға шақырған тағы бір үндеу жариялайды. Жан толқынысынан шыққан, газеттің 1916 жылғы 195-нөмірінде жарияланған «Торғай һəм Ырғыз уезінің халқына!» деген арнауларын тебіренбей оқып шығу, əсте, мүмкін емес. Осынау ел қасіретін сəл де болса жеңілдету мақсатында бастарын тауға да, тасқа да ұрған ардақты Алаш азаматтарының жанайқайы ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Жоғары азаматтық рухта жазылған үндеу-басылым басқармасының ашу-ызаға булыққан, неден болса да тайынбастай тулаған жерлестеріне соңғы арнауы. Бұдан кейін кеш болатынын олар жақсы түсінді. Сондықтан жандарын жегідей жеген жайларды түгел ақтарып, қалай болғанда да тура келген апат тасқынынан ел-жұртын аман алып қалу қамында жан сала əрекеттенгендері байқалады. Сөздің құдірет-күші де осы жерде сезіледі. Алаш азаматтарының қолындағы жалғыз қаруы – баспасөз. Сол арқылы елге таралған жанайқай – жүректен шыққан сөздері кімді де болсын ұйытып, жан тебірентпей тұрмайды: «Бұл хатты жазушы біздер – өз балаларың, өз тумаларың. Жанымыз ашиды, қабырғамыз қайысады. Біздің ата-ана, туған-туыстарымыз іштеріңде. Бізді қазақ баласы, қанына тартады, жаны ашиды десеңдер, тіл алыңдар! …Біз газет арқылы болсын, ауызша да болсын, бұрын сан рет айтқанбыз, көнбесеңдер, елге бүліншілік болады, əскер шығады, түбінде алмай қоймайды дегенбіз. Сол айтқанымыз, міне, келді. Бұған біздің көзіміз бұрыннан жеткен. Əлі де болса, бізді осы елдің баласы екен дейтін болсаңдар, біздің ең соңғы, қысылғандағы ақылымызды алыңыздар! Түбінде іс өткен соң өкінгеннен пайда жоқ. Өлген тірілмейді, өшкен келмейді», – деген жолдардан олардың азаматтық борыштарын барынша адал атқарғанын аңғарамыз.
«Қазақ» газеті көрнекті қаламгерлерінің ел басына сын болған сол бір тарихи кезеңдегі енді бір атқарған қызметтері патша жарлығымен қара жұмысқа алынған қазақ жігіттерінің қам-қарекетін жеуге арналады. Оның өзі екі бағыттан тұрады. Біріншісі – осынау қарбалас кезеңде өз пайдасын күйттеген «сауысқан-қарғалардың» өлексе іздеген ісін əшкерелеп, сын тезіне салу жолындағы амал-əрекеттері. Екіншісі – майдан тылындағы қазақ жұмыскерлерінің жайкүйін анықтап, жыртығына жамау болу, хал-жағдайларын елге білдіріп тұру бағытындағы ерен еңбектері.
Алғашқы мəселе туралы айтқанда, басылым басқармасы ел қамын жегенсіп, өз пайдасын көбірек ойлап жүрген «жұрт жақсыларын» сынап-мінеуді басты тақырыптарының біріне айналдырғанын көреміз. Апталықтың 1916 жылғы 195-нөмірінде жарық көрген «Елді еліртушілер» деген мақаласында М.Дулатов: «Істің ар жағын қойып, бер жағымен болып отыр. Жұрт түбінде не боларымен бұлардың жұмысы жоқ. Суды лайлап жіберіп, балық ұстауларына оңай жол табылды. Бұрын жұрт жұмысына тиын шығармайтындар бұл күнде жұрт ісіне мыңнан шығарамыз деп отыр. Солардың көбі бұрын жеп үйреніп қалған дағдылы ауыздардан асып, жұрт жұмысына қанша жұмсалар екен. Көбі-ақ атқамінерлердің қалтасының бұрыштарында қалып қоятыны шексіз», – деп қарапайым халыққа шындықты жазып, солардың жеміне айналмау жөнінде ой тастайды. Осы мазмұндас апталықтың 1916 жылғы 198-санында жарық көрген «Біздің ел» деген екінші бір мақаласында қанша айтылып, жазылып жатқанына қарамастан, құлқынының құлы болған «ақсақал-қарасақалдардың» құрған торына қара шаруалардың қалайша топырлап түсіп жатқанына нақты деректер келтіреді: «Торғай қазақтары 40 мың соммен төрт адамды патшаға жіберуге қаулы қылып тарқады. …жұрт басы аман қалатын жолға мал аямайтыны рас, бірақ халықтың дағдаруын пайдаланып, бір айлық жолға кісі басы 10 мың сомнан қаражат алуы – біздің қазақтың ғана қолынан келетін іс. Бір кісіге мың сом да азық болуға жараса керек еді, бір мың сом бір кісіге бір айда күніне 33 сом. 9 мыңға жол болсын! Ізденушілердің мұнысы «ертең қиямет болады, малдың не керегі бар» деп Қожа Насрединнің жалғыз қойын алдап жегеннің кебі емес пе?!» – деп, аңқау елге арамза молда болғандарды əжуə етеді, жұртты жемқорлардан сақтандырады.
Осындай ел ішіндегі жеке бас пайдасын халық қамынан жоғары қойып, тонын айналдырып киген «сужұқпастардың» типтік образын жасауда апталықтың 199-нөмірінде басылған «Ішік кайырлы болсын!» деген туындының орны бөлек. М.Дулатов қаламынан туындаған шығарма төл əдебиетімізді байытқан тұшымды сатиралық əңгімелердің бірі десек, қателеспейміз. Ол диалогқа құрылған. Жұрт қаржысын жеке бастарының қажетіне жаратып, оңай олжаға белшеден батқан қос «жарылқаушының» əңгімесінен сол кездегі атқамінерлердің бейнелі образын бұлжытпай танисыз. «Ой, шырағым-ай, жұрт жарықтықтың арқасында бір бүтінделіп қалалық та» деген Қожекеңнің (əнгіме кейіпкері) ақылкеңесіне Тоқаш мырзаның: «Сіз əлі жұрт арқасында киініп қалалық деп отырсыз, осындағы газетші қулар …бізді кінəраттап жатыр, …сонша ақшаны қайда жұмсадыңдар десе, елге не дейміз?» – деп қобалжушылық танытуы, оған Қожекеңнің: «Шырағым, Тоқашжан, сен əлі баласың ғой, біз мұндайды көп көргенбіз, оның не қысылатыны бар. Адвокатқа бердік, переводчик, чиновниктерге бердік дейміз, ретін таппаймыз ба», – деп жауап қайыруы – өмір шындығынан шынайы көрініс. Осылайша, ел «игі жақсыларының» типтік образын жасау арқылы сол кездегі қазақ қоғамы бой алдырған аурукеселді сын тезіне сала түзету – шығарманың басты мақсатмұраты. Ол сонысымен де құнды.
Апталық қаламгерлері қара жұмысқа алынатын қазақ жігіттерінің қам-қаракетін күнілгері ойлап, толғана бастаған. Патша жарлығы жарияланған күннен көп өтпей-ақ газеттің 189-нөмірінде жарық көрген «Оренбург, 15-июль» деген басылым басқармасы атынан жазылған бас мақала – соның айғағы. Мұнда майдан тылына алынғалы отырған ел азаматтарының керек-жарағы жөнінде алғаш рет сөз қозғалады. Олардың бас амандығы жолында не істелінуі керек деген сауалға жауап іздестіріледі. Оқырман қауымды осы туралы ойлануға шақырады: «Жоғарыда айтқан ретше үйден сайланып шығу бай балаларының қолынан келеді. Бірақ жұрттың бəрі бірдей емес. Жалаңаш-жалпы кедейлер көп. Міне, осылардың күні қараң. Бұларға қарасу, кемкетігін жетістіру – жұртқа зор борыш», – деп ел-жұрттың алдында тұрған нақты міндеттерді белгілеп береді. Қазақ жұмыскерлерінің қал-жағдайын ойластыруды бұдан кейін басылым басқармасы басты назарында ұстап отырған. Оған газеттің əр нөмірінде дерлік жарық көріп тұрған материалдар дəлел бола алады Мəселен, «Орынбор, 8-октябрь» деген бас мақалада бұл мəселе екінші бір қырынан талқыға салынады. Ұзынқұлақтан естулері бойынша, кей жерлерде аурусырқаулы адамдар да тізімге ілініп кетіп жатқандықтары жөнінен хабардар екендіктерін айтып, басылым басқармасы ондай келеңсіздікті қатты айыптайды. Сонымен бірге метірке жоқтықтан қазақ жігіттерінің жасын айыру ісі қиыншылыққа ұшырап, сақалын саудаға сатқандардың «пысықтығымен» 19 бен 31 жастан тысқарылар да қара жұмысқа жегіліп кетіп жатқандығына наразылық танытады. Бұл жөнінде газет бетінде, сонау 1914 жылдан бастап-ақ мəселе көтеріліп, оған жол бермеу туралы қанша айтылып, жазылып келгеніне қарамастан, оны еститін құлақ, орнына келтіретін басшылық болмағаны, дау жоқ, Алаш азаматтарының ашу-ызасын туғызбай қоймаған. Сөйтсе де, ашуды ақылға жеңдіріп, кеш те болса кемшіліктерді түзетуге уақыт барлығын кеңес етіп, ел қамын, жер жайын ойлаудан бір танбаулары олардың биік азаматтық болмыстарын айқындай түседі.
Жоғарыдағы кемшіліктердің анық-қанығын айқындауда М.Дулатов қаламынан туған, газеттің 204-санында жарияланған «Орынбор» деген мақаланың орны бөлек. Қаламы жүйрік журналист мұнда өзі көрген, куəсі болған жайға оқырман назарын аударады: «Ақтөбе уезінің Тұзтөбе болысынан алынған 260 һəм екінші Бөрте болысынан алынған 291 жұмысшы Орынбор келіп жатыр еді. 30-октябрь күні бұларды Оршаға жөнелтпек екен, олар жатқан баракқа барып жолықтым. Бұларды Ақбұлақта қарап алған комиссия ауруына һəм жасының артық-кеміне онша ілтипат етпеген көрінеді. Мысалы, 2-Бөрте қазақтарынан Қалыбай Отар баласы – құлақ-тілсіз, Сұлтанғали Əли-баласы – көкірек ауру, Кенжебай Айтуған баласының көзі көрмейді, Ерғали Биміш баласы – теңге қотыр», – деп, ел тізгінін қолына ұстаған атқамінерлердің мінін дəлелді түрде беттеріне басады. Ол жігіттердің Орынбордағы əскери дəрігерге тексеріліп, елдеріне қайтуларына рұқсат алғандықтарын хабардар етеді. Бұл, сөз жоқ, Алаш азаматының араласуымен қол жеткен əділеттік. Бірақ, ол жөнінде бұл арада ештеңе айтылмауы авторының оңай олжа іздеген, атаққұмар адам емес, халқының қамын жеген азаматтық болмысын паш етіп тұрғандай əсер қалдырады.
Мақалада қара жұмысқа ылғи кедей-кепшіктің алынғанына наразылық білдіріліп, «байлар малымен, оқығандар білімімен, атқа мінгендер пысықтығымен» аман қалып отырғандығы заң жолымен де, шариғат жолымен де əділеттік емес екендігі жеріне жеткізіле сыналып-мінеледі. «Жаздыкүні ақсақалдары «ізденеміз» деп Орынбор келгенде осы кетіп бара жатқан кедейлердің бұзау-торпағын сатқызып, ақшаларын өз балаларын қалдыру жолына жұмсағаны ұмытылған.
Бұл жігіттердің ішінде жалаңаш кетіп бара жатқандары бар. Бұлардың бай ағайындары қайда? Жұрттың жұрттығы қайда? Шынымен-ақ, қазақтан қайыр-ықсан көтерілгені ме? «Құдайдың үйін көрген» бұл елдің қожа-болыстары қайда? Тым болмаса, осы жұмыс тақырыпты нəпсілерін ауыздықтайтын реті бар емес пе еді», – деген жолдардан халқының қамын ойлап аһ ұрған азаматтың үнін естігендей боласыз. Осыдан кейін: «16-жылдың оқиғасы – ұлтшылдардың байшылдық пердесінің шетін ең алғаш түрген оқиға. ХХ ғасырдың басынан бастап қазақ байларынын сойылын соғып, бірақ сол сойылды жалпы «қазақ» атынан соққан ұлтшылдар байшыл екенін еңбекші бұқараға 1916 жылы ең алғаш көрсетті. Жалпы қазақ емес, қазақтың байларын ғана басқаратындығын, еңбекші бұқараның көтерілісіне олардың жүрегі жібімейтіндігін 1916 жылы айқын дəлелдеді. Ұлтшыл ақындардың қаламы байлардың мақсатында ғана қозғалып, ақындық бұлағы байлардың мақсатында ғана құйылатынын, еңбекші бұқараға түскен қиындық оларға бит шаққандай көрінетіндігін де 1916 жыл көрсетті» , – деген пікірмен қалай келісесіз? Ол көрінер көзге жала жапқандық, шындықтың өңін айналдырып айтып, аққа күйе жаққандық екендігін жоғарыдығы мəліметтер толық дəлелдейді.
1916 жылғы 25-маусым жарлығын жалғыз қарсы алған басылым – «Қазақ» газеті халқымыз бастан кешірген сол бір сұрапыл заманның шынайы шежіресі болуымен де аса бағалы. Шын мəнінде бүкілелдік ұйымдастырушы орталыққа айналған басылымның назарынан тыс қалған мəселе жоқ. Оның төңірегіне топтасқан қазақ зиялылары тек үгітшілік-насихатшылық жұмыстармен ғана айналысып қоймай, керек жерінде жұрт ортасынан табылып, халық қамы үшін қол күштерін де аянып қалмағандарына – апталық материалдары айғақ. Олар қысқа күнде қырық түрлі хабар таратып, не істерін білмей сеңдей соғылысқан халықтың ес жиюына қолқабыс етумен бірге, қара жұмысқа алынып жатқан жігіттерге қандай киім, жолға қандай азық керегінен бастап, майданға барып орналасқаннан кейінгі жағдайлары, олардың елімен байланысы секілді істеріне түгелдей басшылық етіп отырған. Тіпті, керек десеңіз, оларға тиісті үкімет мекемелерінің назарын аударып, қолдарынан келген жəрдемдерін аямағандықтарын дəлелдейтін деректер жеткілікті.
«Қазақ» газеті 1916 жылдың 22-қазандағы бас мақаласында «жұмысқа алынғандардың жабдығында болу міндетіне» байланысты жұрт алдында екі түрлі талапты тартады. Оның бірі жігіттерге барған жерінде бас-көз болып, олардың мұң-мұқтажын тиісті орындарға жеткізіп тұратын орыс жəне қазақ тілдеріне бірдей, білімді жігіттердің керектігі болса, екіншісі, қазақ жұмыскерлерінің хабарын біліп, артынан керек-жарағын жеткізіп тұратын адамдардың қажеттігі еді.
Апталықтың 1916 жылғы 204-санында жарияланған хабар бойынша қазақ жігіттерін қара жұмысқа алу науқаны қызған шақта басылым басқармасының белді өкілі Ə.Бөкейханов Петербургтегі мұсылман фракциясы жанындағы бюрода қызмет етіп жүрген жерінен Мəскеуге келеді. Сөйтіп, Мəскеу арқылы өтіп жатқан қазақ жұмыскерлерінің қалжағдайын біліп, қайда бөлінгендері туралы хабарларын алып, солардың керек-жарақ, мұң-мұқтажына байланысты əкімшілік мекемелердің есігін тоздыра келіссөздер жүргізіп, нақты жəрдемдер көрсетілуіне қолқабысын тигізеді. Мəселен, Земскі Одағы Бас комитетінің төрағасы князь Львовпен болған келіссөздер нəтижесінде осы комитеттің жанынан қара жұмысқа алынған «бұратана» жұрттардың бөлімін ашуға қол жеткізеді. Бұл бөлім тікелей майдан тылындағы жұмыскерлердің жағдайын жақсартумен айналысып, көптеген игілікті істер атқарған.
Осынау сауабы мол істе Алаштың арыс азаматы жалғыз болмаған. Оның жанында қазақтың көкірек көзі ояу, оқыған жастары бірге қызметте болып, арқалаған жүгін тең бөлісе көтеріп əкетіскен. Атап айтқанда, Мұстафа Шоқай, Мырзағазы Есболов, Тел Жаманмұрынов, Мұса Сейдалин жəне Бекентаев сынды асыл азаматтардың осынау сын сағаттарда атқарған қызметтерін бөле атау керек.
Кейіннен бұл топты ардақты Алаш азаматы М.Дулатов толықтырады. Апталықтың 1916 жылғы 215-ші, 1917 жылғы 229-сандарындағы жарияланымдарға жүгінсек, ол 1917 жылдың 5-ақпанында Минскідегі Земск жəне қала одақтары жанынан ашылған бұратаналар бөлімінің төрағасы Ə.Бөкейханов пен оның орынбасары М.Есболовтың шақыруымен жолға шығады да, Минскіге наурыз айының басында жетеді, сөйтіп сол жақтан «Қазақ» газетіне материалдарын жолдап, қазақ жігіттері мен ел арасындағы байланысты дұрыс жолға қояды.
Ə.Бөкейханов бастаған топ осылайша 1917 жылдың шілде-тамыз айларына дейін майдан тылындағы қазақ жігіттерінің қасы-басында болып, мойындарына алған міндеттерін адал атқару жолында аянбай қызмет еткендіктеріне – газет материалдары айғақ. Бір ғана мысал, қара жұмысқа алынғандарға байланысты «Қазақ» газетінің 244-нөмірінде жарияланған ең соңғы мақалаға көңіл қоялық. Онда Минскіден майдан тылындағы жігіттердің ең ақырғы тобымен елге оралған Серік Жиенбайұлының есебі берілген: «28 шілдеде Минскідегі бұратана бөлімі жабылды. …Бұл күнде Мəскеу мен Петроградтан басқа қалаларда бұратана жұмысшылары жоқ. Мəскеу һəм басқа қалалардан жинаған ауру, өлген бұратаналардың списіктері Тургайский обласной управаға тапсырылды», – деген жолдардан Алаш азаматтарының бұл жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарап, оны аяғына дейін тиянақты түрде орындап шыққандығына көз жеткіземіз. Бұл – елдік үшін, елдің ертеңі үшін болған, жанкештілікпен жүргізілген күрестің жарқын көрінісі. Оның басы-қасында «Қазақ» газеті басқармасы жəне солардың маңайына топтасқан қазақ зиялылары тұрды. Бұл жөнінен кейіннен ұлы Мұхаң, Мұхтар Əуезов А.Байтұрсыновтың 50 жылдық мүшелтойына арналған мақаласында: «Қазақ» газетінің 1916 жылғы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер білімі, саясат жолындағы қажымаған қайраты біз ұмытқанда да, тарих ұмытпайтын істер болатын», – деп жазуы дəл, əрі жоғары берілген баға. Біз зерттеу еңбегімізде соған толық көз жеткіздік деп білеміз.