Бұқаралық ақпарат құралы- мерзімді баспасөз басылымы, радио мен теледидар бағдарламасы, кино-құжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және бұқаралық ақпаратты мерзімді немесе үздіксіз жария таратудың басқа да нысаны.
Мерзімді баспасөз басылымы — тұрақты атауы, ағымдағы нөмірі бар және кемінде жарты жылда бір рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень және олардың қосымшасы.
Теледидар, радио, бейне, кинохроникалық бағдарламасы- толық атауы бар кемінде жылына бір рет эфирге шығатын мерзімді дыбыс-бейне хабарлары мен берілімдердің жиынтығы.
Эфирге шығу — ұқсас және цифрлық электромагниттік жүйелерді пайдалана отырып, теледидар, радио бағдарламаларын, дыбыс-бейне жазбаларын тарату.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өнімі- мерзімді баспасөз басылымының жеке нөмірінің немесе дыбыс-бейне бағдарламасының таралымы, радио, теледидар, кино, хроникалық бағдарламалардың жеке шығарылымы.
Ресми хабар – БАҚ арқылы одан әрі тарату мақсатымен мемлекеттік органдар беретін ақпарат.
БАҚ өнімнің тарату – мерзімді баспасөз басылымдарын сату (жазылуы, жеткізу, үлестіру) радио, теледидар бағдарламаларын эфирге шығару, кинохроникалық бағдарламаларды көрсету.
БАҚ редакциясы – жеке тұлға не БАҚ-қа материалдарды жинауды, дайындауды және шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі болып табылатын шығармашылық ұжым.
Бас редактор – БАҚ редакциясын басқаратын және оны шығару мен таратуға эфирге шығаруға тиісінше өкілеттілігі бар жеке тұлға.
Журналист – еңбек қатынастары немесе өзге де шарттар негізінде БАҚ үшін хабарлар мен материалдар жинау, өңдеу және әзірлеу жөніндегі қызметті атқаратын жеке тұлға.