ЖИРЕНШЕ
Бір күні Жиренше ханның үйінде отырғанда бір адам ханға сыйға бір піскен қаздың етін алып келген екен. Сонда хан Жиреншеге:
− Сен сөзге де шеберсің және әр нәрсенің бәріне де шебер шығарсың, мына қаздың етін мен, ханым, екі ханзада, екі қаныкей, өзіңмен жеті адамға бірдей қылып бөлші, − депті.
Сонда Жиренше ойланбай, пышағын қынынан суырып алып, әуелі қаздың басын кесіп алып:
− Міне, сіз әрі хансыз, әрі халықтың басысыз, бұл басты сіз тұрғанда кім жейді? –деп, басты ханға беріпті. Екі аяғын кесіп алып, екі ханзадаға: − Сіздер атаңыздың ізін басып, хан боларсыздар,− деп, екі ханзадаға береді. Екі қанатын кесіп алып:
− Сіздер жатжұртқа барсаңыздар, осы екі қанатпен ұшып барарсыздар, − деп, екі қанатын екі қаныкейге береді. Қаздың көт жағын кесіп, бәйбішеге:
− Сіз әрі ханымсыз, әрі бәйбішесіз, бұл – қаздың жаясы. Бұл жаяны сіз тұрғанда, кім жейді? −деп, көтін ханымға береді.
− Мен бас жейтін хан емеспін, жая жейтін ханым емеспін, аяқ жейтін ханзада емеспін, қанат алатын қаныкей емеспін, маған қаздың ортасы да жарайды, − деп, қаздың бар етін алып, үйіне жүріп кетіпті.