Жеті шаян

Жеті шаян
Бұрынғы заманда Нұрым деген біреу сауда қылып, саудагерлікпен үлкен ірі байлар қатарына қосылып, қалжың басты адамның бірі болады. Нұрымның Асан, Үсен деген ержеткен екі ер баласы болып, үшінші бала туылғанда, атын Әнуәрбек қояды. Әнуәрбек алты айлық болғанда әкесі өліп, жылға жете бергенде шешесі де қайтыс болып, Әнуәрбек емшектегі күнінде жетім қалыпты.
Есепсіз көп мал-мүлік Асан мен Үсеннің еркіне қалып, бұл екеуіде шарап ішіп, құмар ойнап, малды ысырап қылып, шашып-төгіп, бар жоғы екі жылға жақын мерзім ішінде барлық мал-мүліктен бүтіндей айрылып болыпты. Киіп жүрген киімдерінен басқа сататын түк таба алмай бірнеше күндер аш қалып, енді еріксіз малайшылық істейтін болыпты. Лажсыздан малайлық істейтін болғанында өзара екеуі ақылдасып, біздер бұл күнді өз басымызға өздеріміз іздеп таптық, біздер бүкіл елге белгілі Нұрым байдың балалары болып, соншалық мал-мүлікті ысырапшылықпен құртып болып, енді осы ел ішінде малай болып істеп, жан баққаннан гөрі өлгеніміз артық емес пе десіпті. Екеуі сол елдің ішінде жүріп, малай болудан намыстанып, басқа жаққа кетуге айналғанда, үш жасқа толық жетпеген Әнуәрбекті қайтеміз десіпті. Әрі-бері ақылдасып келіп, Әнуәрбекті құдайым ата-анасынан жасқа толмай, қалдырып зарлатқан үстіне ата-ана орнына бағатұғын біздің жәйіміз мынау болды, Әнуәрбек бізбен бірге жүре алмайды, жас баланы арқалап жүріп қалай әрекет етеміз? Біздің алдымызда қандай қиындықтың тұрғанын кім білсін? Қайда барып, қайда тұрарымыз белгісіз, мүмкін өлтіріп алармыз. Жасқа толмай қақсап, зарлап қалған Әнуәрбек еді ғой, қайтелік құдайға тапсырдық, ажалды болса өлер, ажалсыз болса жүрер, неде болса, ел ішінде қала берсін десіп, ұйықтап жатқан баланы екеуі кезек-кезек сүйіп, қатты жылап, туысқандық махаббат іштерін елжіретіп, екі айналып келіп сүйіп, үшінші келулерінде, «Обалың екеуімізде, қош Әнуәрбек», – деп баланы иесіз тамға ораған күйінше тастап, түн ортасы мөлшерінде жүріп кетіпті. Олар сол бетімен кете берсін әңгіме Әнуәрбектен басталады.
Екі ағасы түнде оянып қалып, далаға қаңғырып, кетпесін деп сыртқы қақпасының сыртынан тіреп, бекітіп кеткен екен. Бала күн шыққанда оянып, жалаң аяқ, жалаң бас жатқан жерінен түргеліп, қораға жүгіріп шығып, қақпаны ашайын десе, қақпа ашылмай, бала ойбайды салып, ағалап, әрі-бері жүріп, екі көзі бұладай болып ісіп кетіпті. Қақсап, зарлауменен күн түске жақын түс мөлшері болғанда, өздерімен көршілес отырған бір кедей Кембағал кемпір шыр-шыр етіп жылаған жас баланы дауысынан естіп, жетім сорлыға не болды екен деп жүгіріп жетіп, жылай-жылай сілесі қатып, өзі әбден қорыққан бала күнде көріп жүрген кемпірді көргенде, апалап барып, кемпірді бас салыпты. Кемпірдің балаға жаны ашып, көңілі босап, алды да, сорлы балам-ай, ағаларың жұмыс істеуге кеткен екен ғой. Ағаларың кешке қайтып келгенше сорлы баланы үйіме апара тұрайын деп, баланы жетелеп өз үйіне апарып, баланың көз жасын сүртіп, алдандырыпты. Күн батып, ымырт болады. Кемпір баланың ағаларының үйіне қайта-қайта жүгіріп барып, 3-4 рет көріп, ымырт жабылып, түн болғаннан кейін ертең бір-ақ келетін болған ғой деп, ағалап жылай берген баланы жұбатып жатқызып, ертең келер десе, олардан бір жұмаға дейін хабар болмаған соң, ұзаңқырап кеткен екен, көп жүрсе, бір ай жүрер деп кемпір, Әнуәрбекті жылатпай бағып тұра беріпті. Әнуәрбектің ағаларын кемпір күте-күте жыл өтіпті. Бұлардың белгісіз болып кеткеніне жылдан асқан соң, кемпір бұлардың келмесіне көзі жетіп, өз жанымды зорға ғана бағып жүргенде, бұл жетім бейшараны қайтып асыраймын деп, сол жерде бала оқытатын Омар деген молдаға баланы апарыпты.
– Молдеке мына бала кешегі Нұрым байдың баласы еді. Әке-шешеден бір жасында айрылып, зарлап қалған бір сорлы еді. Оның үстіне екі ағасы бұзық болып, барлық мал-мүліктерін құртып болып, ақыры мына баланы тастап, өздері қашып кеткеніне жылдан асып кетті. Мен көршілік ақым үшін бұл сорлыны жылдан аса бағып едім, әл-шамам жоқ, өзім жесір адаммын, бұл баламен бірге жан бағуым жоқтықтың салдарынан өте ауырға соғып, хәлім нашарлағандықтан, осы баланы сізге алып келіп отырмын. Құдай үшін, бұл жетім баланы сіз бағар ма екенсіз деп әкеліп отырмын. Молдеке, жетімді баққанның сауабын өзіңіз білесіз, рақым етіп, бұл баланы бағып, бала қылып алсаңыз, сіздің қолыңыздан алатын адам жоқ, сізге келешекте зиян болмас деп келіп едім, – депті.
Омар молда әрі-бері ойланып қарап, «бұл иесіз балның маған қанша зияны бар, енді 4-5 жылда малай орнында істемей ме. Есі кіргенде біраз оқытып қойсам да болар. Баланың қылығына қарармын» деп ойланып, Әнуәрбекті алып қалмақшы болғанында, Әнуәрбек шырылдап жылап, кемпірден айрылмай жабысып алыпты. Сонда кемпір қоса жылап, алды да:
– Қарағым-ай, шамам жоқ, қайтейін, – деп баламен қосыла жылағанда, Омар молданың әйелі олармен бірге жылап,
– Құдай аямаған сорлы-ай, мен тірі болсам, жалғызым Күләндадан кем қылып бақпаспын, – деп баланың көзінің жасын сүртіп, тәтті беріп, алдап-сулап, алып қалыпты. Бала қанша айналып-үйрілседе бір күн кешке дейін жылап, ақыры бара-бара молданың әйеліне үйір болып, бірде жыласа бір мезгіл Күләндамен ойнап, ақыры біраз күнде кемпірді ұмытып кетіпті. Әнуәрбек молданың үйінде төрт жыл тұрып, сегіз жасқа шыққанда, Омар молда өзінің қызы Күләндамен бірге оқыта бастады. Әнуәрбек сегіз жасқа жеткенде әке-шешесіне қолғанат болып, малға қарау, су әкеліп, от жағып жіберу жұмыстарына жарай бастады. Баланың мінезі мен ұғымдылығы Омар молдаға өте қатты ұнады. Омар молда баланы жеті жыл оқытып, Әнуәрбек он беске шыққан жылы өз білгенін біліп алып, енді бір ойға батып кетіпті:
– Мені бұлар төрт жасымнан бері асырап, ер жеткізіп, өзімді оқытып, адам қатарына қосқан қарыздарымен дәм-тұздарын ақтайтын міндетім бар емес пе? Бұл кісілер кемпір-шалдыққа да айналатын уақыттары жақын қалды ғой», – деген ойға келіпті. Әнуәрбек он беске шыққанда бала сияқты емес, үлкен адам секілді тиянақты, өте сүйкімді, кең ойлы болып өсіпті. Бір күні әкесіне, «маған рұқсат етсеңіз, мен бір әрекет етсем деймін. Қандай әрекет етуім керек, ол жөнінде қандай пікір бересіздер», – депті. Бұған Омар молда риза болып, «балам өзің біл», – депті.
Бұл елдің Мәлік деген патшасы бар екен. Мәлік патша кезінде мықты патшаның бірі болып, ел сұрау жөнінде түрлі дауалы істерді сұрап бітіруге жеті молданы отырғызып, хатшы қазына бөлімдерін құрып, өзі сыртынан қарап, тексеріп отыратын болыпты. Сырттан арыз берушілердің арызын алып, патшаға жеткізіп тұратын бөлімін қақпаның ауыз жағынан орналастырып, ол бөлімдегі қызметші арыз әкелушілердің арыздарын тапсырып алып, патшаға жеткізеді екен. Патша жеті молдаға жіберіп, ол жетеуі тойғандарынша параны алып-алып, көп берген жағының ісін тез бітіріп тұратын болып, халық бұл жетеуінен өте жиіркенсе де лажсыздан олардың бітпеген істеріне қарсы тұра алмапты. Патшаның екінші бір әдеті өзіне қарасты. Елдің сұлу қыздарын еріксіз алып кетсе, үш күн өте сұлу болса, үш ай қылып, қайтадан шығарып жіберіп отырады екен. Бұл жөнінде халық іш құса болып, сыртынан қарғап-сілеп амалсыздан патшаның әміріне көне беріпті. Қандай әрекет істесем екен деп ойға кеткен Әнуәрбек бір күні патшаға келіп, өзінің жағдайын толық айтып, маған лайықты бір қызмет берсеңіз деп арыз беріпті. Патша арызын қарап көріп, «сөзі өтімді көрінеді, арыз алушы бөлімі қызметке алынсын», – деп бұйырыпты. Әнуәрбек арыз алатын бөлімге кіріп, қызмет істей бастағаннан тартып, арыз әкелушілердің арыздарын патшаға жібермей, дауалы істердің екі жағында өз алдына шақырып алып, дауагерді де, жауапкерді де риза қылып, өте әділеттілікпен бітіре беріпті. Сұрақшы жеті молда сияқты пәледен түк алмастан дауалы істерді бітіру әділеттігі ел ішіне таралып, барлық халықтың «Әнуәржан көп жаса», – деген батасына жолыға бастапты. Бірнеше айларға дейін патшаның алдына арыз келмей, сұрақшы жеті молданың алдына дауалы істен біреуі келмей, олар Әнуәрбекке дұшпан бола бастапты. Мәлік патша алдына көп уақыттан бері іс келмеген соң, менің халқым осындай-ақ тынышталып кетті ме деп, бір күні Әнуәрбек отырған бөлімге кірсе, бірнеше арызшыларды көріп, патша:
– Ей, Әнуәрбек арыз етушілер тоқтағанына бірнеше айлар өтіп еді, бүгін арыз берушілер көп қой. Бұл қалай? – деп сұрады.
Сонда Әнуәрбек:
– Тақсыр ел болған соң, халықтың дауалы істері тоқтайын, сіздердің бастарыңызды қатырмай бітіре берейін деп, осы арадан-ақ бітіріп тұр едім, – депті.
Мәлік патша:
– Ондай болса, мыналарды сұрап бітірші, – деп өзі қарап отырыпты.
Әнуәрбек бұрынғы әдетінше екі жағын көзбе-көз отырғызып сұрап, бірнешеуін бітіріп жіберген дауагер де, жауапкер де күлкімен риза болғандарын көріп, Мәлік патша Әнуәрбектің екі жағын бірдей ренжітпей отырып бітіргеніне қайран қалып, Әнуәрбекке рахмет айтып, тақтына келіп отырғаннан кейін Әнуәрбектің қызметін жоғарлатуға бұйрық береді. Әнуәрбек қызметке отырып, елдің дау-шатақ істерін бітіре бастағаннан тартып бір қаншалар Омар молдаға келіп, балаңызға айтып, ісімізді бітіртіп бер деп, Омарға мал дөңгелеп келе бастапты. Омар молда баласының халыққа мұншалық жағымды болғанына, және де малдың қиуасыз жерден үйінде жатқан өзіне төгіліп келе бастағанына сүйсініп, бір күні қатынына айтыпты:
– Қатын байғұс-ау бізге мына Әнуәржанды құдай айдап, оңынан кез келтірген екен. Қазіргі кезде біздің Әнуәрдің абыройы патшадан да артық болды. Бүкіл халық Әнуәрға қарай беріліп кетті. Енді біздер бақытымызға душар болған Әнуәрдан айрылмайық. Жат жұртқа жаралған бала ақырында біреудің адамы болады ғой, Күләнімізді осы балаға қосып, бүтіндей өзіміздікі етіп алайық, – депті.
Сонда қатыны тұрып:
– Ее сен, қызыл шай мен май тоқашқа дәндеген кезде ғана есіңе түсті екен ғой, менің ойланып жүргеніме бес жыл болған, – депті.
Сонда Омар молда қарқ-қарқ күліп:
– Қатын байғұс-ау, менен гөрі сен сезімді екенсің ғой, – деп, әйелінің арқасынан қағып-қағып қойыпты.
Омар молданың Күләнда деген жас қызы Әнуәрбекпен бір жылда туған. Әнуәрбекпен бірге оқып, бірге өскен. Ай десе ай емес, күн десе күн емес, сұлулықта теңдесі жоқ. Адам бір көрсе, екінші және бірнеше көрсем-ау деп аңсатып тұратын өлшеусіз сұлу екен. Күләнда мен Әнуәрбек бірін-бірі өте жаратып, бірін-бірі бір сағат көрмесе аңсап тұрады екен. Бірақ та әке-шешелерінен бата алмай, соларын іштеріне сақтап, амалсыздан жүреді екен. Дүние, малға қарқ бола бастаған Омар молда әйелімен ақылдасып, алған соң тойын кейін жасаймыз деп екеуін оңаша қарсы үйіне шығарып:
– Балам Әнуәржан, сен менің күйеу балам болдың, – деп сырын ашық көрсетіп, сонымен бірнеше күндер өтті. Алдарына елдің дауалы ісі бармай, парадан қағылып, қарындары аша бастаған жеті молда бір күні отырып, өзара кеңесіпті:
– Япырым-ау, осы бір қу баланы құдай қалай кезіктірді, осы неме келгелі алдымызға іс келуден бүтіндей тоқтап, елдің бәрі сол қуға аударылып кеткен жоқ па? Өзін барған сайын патша да өте жақсы көріп барады. Осы немеге ақылды қалай табар екенбіз, – дескенде, араларынан біреуі отырып:
– Оның ақылын мен таптым, – депті.
Басқалары:
– Е кәне, амалын қалай табасың, – десіпті.
Сонда әлгі молда айтыпты:
– Осында бала оқытатын Омар деген молда бар. Сол молданың адам баласы тең келмейтін өте бір сұлу қызы бар. Омар молда сол сұлу қызын осы қуға некелейтін болыпты. Оның сұлулығын патша білген жоқ. Егер патша ол қызды бір көрсе, бұл қудың жаны шырқырап, үміт кетеді оп-оңай дегенде басқалары қуанып кетіп, ойбай-ау, олай болса, оны қарайтын Мәриям деген қатынға айталық. Ол көріп келіп патшаға осы істің оңалғаны десіп, біреуі барып Мәриямға:
– Сіз патшаға лайықты өте сұлу бір қызды көрмей жүр екенсіз. Осында пәлен жерде бала оқытатын Омар деген бір молда бар. Оның теңдесі жоқ бір сұлу қызы бар. Соны алдымен өзіңіз бір көріп алып, патшаға айтсаңыз, сіздің мәртебеңіз көтерілгелі тұр депті. Мәриям мұны естісімен тоқталмастан, Омар молданың үйіне барып қызды көрсе, адамнан туды деуге болмайтын бір сұлуға таңданып, біраз қарап тұрып, асығып қайта жүгіріп, алқынған күйінде Мәлік патшаның алдына кіріп келіпті. Мәлік патша қайтседе бір сұлу тауып келген екен деп қасына отырып:
– Е, асығыс келдіңіз, – депті.
Сонда Мәриям:
– Ойбай тақсыр, ауызбен айтып түр-сипатын толықтыра алмайтын бір қыз таптым, – депті.
Патшада оның сүйсініп:
– Е, ол қыз кімнің қызы, қай жерде, – деп сұрапты.
Мәриям:
– Әлгі бала оқытатын Омар молданың қызы, – депті.
Мәлік патша:
– Ондай болса, ол қызды өзім барып көрейін, – деп, сол сағатында тоқталмай, атқа мініп, дереу Омар молданың үйіне келіп көрсе, күндей балқып отырған бір қыз. Патша Күләнданың нұрына таң қалып, мұндайда адам баласы туылады екен-ау деп, жан-ділімен ғашық болып, қайта айналып, дереу тақтына отырып, Омар молдаға сол сағатында үш кісі жіберіпті. Ол жіберген елшілеріне айтқан сөзі, «Омар молданың қызы маған өмірлік әйел болуға лайықты екен жауабын тез алып келіңдер», – деп бұйырыпты. Жіберген елшілері Омар молданыкіне келсе, Омар үйінде екен. Елшілер келіп амандасып отырып:
– Молдеке, сіздер бір бақытты адам екенсіздер. Балаңыз патшаға лайық туылыпты. Қызыңызды патша өз көзімен көрген екен, қызыңызды өмірлік жолдас етемін, жауабын алып келіңдер деп бізді жіберді. Қане, не дейсіз, – депті.
Сонда Омар молда күлімсіреп ойланған, «Мен патшаға ата болсам, одан артық құдайдан не тілеймін. Дүние деген өз-өзінен төгілмеді ме? Енді сарайды алтыннан салып, бір жас тоқал алса, одан еркек балалар туылмай ма? Патша маған күйеу болған соң, енді маған теңдесетін кім бар? Мұнан артық құдай қайтып оңлайды» деп, сақалын саусағымен тарап-тарап қойып, күле сөйлеп:
– Ойбай-ау, патшаға біздің қыз ұнаған болса, мен патшаның қасындамын ғой, – дегенде әйелі баж етіп түргеліп:
– Ойбай, қызымызды Әнуәрбекке атастырып қойғанбыз, бұл кісі байқамай сөйлеп отыр, – деп, бетін шымшып-шымшып алып, патшаға айтыңыздар үйдегі балаға обал қылмасын, – депті.
Омар молда:
– Ой, боқ жеп келген дәулетті тебемін дегенің қандай ақымақшылығың? Балам үйде болмағанда қайда кетіпті? Оттамай отыр! Мені сен билей алмайсың, – деп қатынын ұрарманға келгенде, елшілер:
– Молдеке, ашуланбаңыз, қатын деген не білуші еді, өз сөзіңіз сөз-ақ қой. Енді біз қайтайық, – десіпті.
Сонда Омар молда, «мені қатын билей алмайды ғой, менің ойым патшамен бір-ақ жерде, ендігісін патшаның өзі білсін. Патшаға менен үш қайтара сәлем деңіздер», – деп, Омар молда қақырынып, күрбиіп елшілерді аттандыруға шығып кетіпті. Елшілер келіп әкесімен сөйлесіп отырғанда, Күләнда есіктің сыртынан тыңдап тұрған екен. Омармен елшілер үйден шығып кетісімен Күләнда шешесіне жылап келіп бас салып:
– Апатай-ай, бұл не деген сұмдық болды. Менің қу әкем біреудің адамын құдайдан қорықпай, қайтып зар қақсатып айырмақшы болды. Бәрібір мен ол жерге барғанымша, маған бір сүйем бұйырсын. Мен Әнуәрдан айрылып, тірі жүре алмаспын, – депті.
Сонда шешесі қызынан да қатты жылап:
– Ой, сорлы балаларым-ай, құдай көздеріңді ашпайын деген екен. Әнуәрді бір жасынан жылатып, зарлатқан жасаған бейшара, көз жасына қарамай-ақ қойған екен. Сен сорлы қызымды өз теңіне қосылды ғой деп қуаныш ішімді кернеп жүргені бекер екен. Сен әзірше сабыр ет! Әнуәр не дейді екен, ақылдасып көр, – депті.
Патшаның елшілері молданыкінен шығысыменен патшаға келіп, Омар молданың жауабын түгел сөйлеп беріпті. Мәлік патша қуанып кетіп, қазынашыға дереу бұйырып, қазынадан ақша алып, базардағы неше түрлі асылдардан жартас алыңдар. Ұсталар Күләндаға лайықты алтын, гауһар тастан алқалар соқсын деп бұйырыпты. Бұл істердің барлығын Жабар деген патшаның хатшысы Әнуәрбекке бастан аяқ ұқтырып, «менің қолымнан келетін шара жоқ, іс жаманға айналды, өзің ойланып көрерсің», – депті. Әнуәрбек бұл сөзді естігенде қаны қашып, өңі бұзылып, жүрегі дүпілдеп, үнсіз біраз отырды. Сенерін, сенбесін білмей кешқұрым үйіне қайтып келсе, Күләнда әке-шешесі отыратын бөлмеде бүктүсіп жатыр екен. Әнуәрбек өздері жататын қарсы бөлмеге кіріп, біраз әрі-бері жүріп жүрді. Әнуәрбек келісімен бір минут өтпей жатпай келетін Күләнда бүктүсіп жатқан күйінше жатып алыпты. Әнуәрбек бұған сенер-сенбесін білмесе де, бұл ахуалды көріп, естіген сөзінің шынға айналғанына көзі жете бастады. Бір кезде енесі келіп, тамақ іш деп шақырған соң, Әнуәрбек ата-енесі отырған бөлмеге кіріп келсе, қабағын түсіріп, Әнуәрбекке шынайы бір қарамаған Күләнда бұрышта бүктелген күйі жата беріпті. Енесі қатты уайымға түсіп кетіпті. Үшеуі үнсіз отырып тамақ ішіп, Әнуәрбектің тамағынан тамшы да өте алмай, өзі жататын бөлмеге барып, қасіретпен қарайып, ұйқы келмей, түнімен сенделіп, әрі-бері жүріп, сонымен таң атқызыпты. Күләнмен ауызша жолығайын десе, Омар молда да ұйықтамай, қызын бағып, таң атқызыпты. Таң атқан соң, Әнуәрбектің көңілінде Күләннан айрылса, тірі жүре алмайтынын айта келіп, Күләнжан өзің не ойлап жатырсың деп хат жазып, қорасында атқа қарайтын он жастағы бір балаға беріп, сол күні өзі күндегідей қызметіне бармай, шет жерде бір танысының үйіне барыпты. Әнуәрбек қызметке келмеген күні жеті молданың біреуі Мәлік патшаға келіп:
– Тақсыр, сіз қауіпті жүрсіз. Қадірлеп, қастерлер жүрген Әнуәрбек сіздің дәм-тұзыңызды татып жүріп, сізге дұшпан болып, сіздің ғашық, адал жарыңызды алып қашып кеткелі жатыр дейді. Өзі менің абыройым, патшадан асып кетті деп өте көлбеңдеп, кеткенін сезбей жүрмісіз, – депті.
Патша елең етіп қарап:
– Е, оған ондай күш қайдан біте қалды? Өзі Жапарменен бір жүреді. Анығын сол білетін шығар деп оны да шақырып келіп, сен мына сөзден не білесің, – деп сұрапты.
Жапар:
– Мен ондай сөзді естімедім. Кеше басым ауырып отыр деп отырған. Жазылса ертең келетін шығар, – депті.
Әнуәрбек шетте бір танысының үйінде күн батқанша жатып, кешкісін Жапардың үйіне келіп:
– Қане достым, біздің жағдайымыз қалай болатын болды, – деп сұрапты. Жапар естіген сөзін түгел айтып келіп:
– Бұл бұзықтар Күләнді қайтседе ажыратып алатынын анықтады. Сендердің қайғы-қасіреттерің менің жаныма да батып барады. Амал не? Қолдан келер түк жоқ, енді өзің ойланып көрерсің, – депті.
Сонда Әнуәрбек қасіретпен қан жұтып тұрып:
– Достым, мен Күләннан тірідей айрылғанымнан гөрі, өліп айрылғаным жақсы. Мен Күләнға жанымды қидым. Қазір Күләннан хабар аламын, мүмкін Күләнда өз жанынан үміт үзгенде шығар. Күләнді осы жерге шығарып алып, бұдан былай жарық көре алмайтын өмірдің боласысын тезірек болдырамыз. Қайтейін достым, жолдастық ақың үшін маған қаншалық жаның ашығанымен лажымыз жоқ. Жолдастық қарызыңызды кешіңіз, – деп екеуі қол ұстасып жылап тұрып, қош айтысып ажырасып кетіпті.
Әнуәрбек ымырт жабыла, Омар молда бала оқытатын мектептің жанына келсе, өзі хат берген он жастағы бала жүгіріп келіп:
– Аға, бүгін мен сізді кешке дейін іздеп таба алмадым, Күлән тәте ағаңды қайдан болса да тауып, мына хатты бер деп еді. Өзі ауырған ба білмеймін, тамақ ішпей кешке дейін жылап жатыр, – деп Күләнда жазған хатты беріпті.
Әнуәрбек, Күләнжан не деді екен деп асып-сасып, хатты ашып, оқып көрсе, сондағы Күләннің жазған хаты:
Айналайын Әнуәр,
Бірге өсіп едім жасымнан
Төл қозыдай тең өстім,
Бір сағат кетпей қасыңнан
Жеттім бе деп мұратқа,
Бақытым қайсы ашылған?
Шыбын жан кетпей кеудемнен,
Тірідей сіздей айрылман.
Ендігі өмір не керек?
Не десең сонда мен тұрам
Мен де қидым жанымды
Әнуәр өзің шыдасаң.
Ес білгелі бірге өсіп
Он беске кәмәл кеп едім
Өз жанымнан тәттірек
Ғашығым, сәулем сен едің.
Зұлымның түстік торына
Келтіріп тұрған кемелін.
Айналайын Әнуәр,
Бір көрініп жол көрсет,
Дегенің болсын- дегенің.
Әнуәрбек Күләннің жазған хатын оқып, өте сүйсініп, қасындағы балаға:
– Інім, сен үйге барып, апамды мен шақырады деп айта ғой, – депті. Бала құлдырықтай жүгіріп отырып, Әнуәрбектің енесіне:
– Апа, сізді балалар оқитын жерде Әнуәр аға шақырып жатыр – дегенде, енесі естісімен жүгіріп Әнуәрға келіп, оны көргенде енесінің көзінен жас төгіле бастап:
– Бақтарың жанбаған сорлы балаларым-ай, ендігі күндерің не болар екен, – деп еңіреп жылап жіберіпті.
Әнуәрбек енесімен қосыла жылап:
– Апатай-ай, Күләнжанның хәлі қалай болып жатыр? Бізге айтар ақылыңыз не? – деп сұрапты.
Сонда енесі тұрып:
– Ой, сорлы балам-ай, Күләннан қандай хәл сұрайсың? Күлән жанынан үмітін үзді. Бар арманы сені тірлігімде бір көрсем болғаны, одан кейін маған ендігі жарық дүниенің керегі жоқ деп қасіретпен қан жұтып жатыр, – депті.
Күләннің зарын естіген Әнуәр іштей елжіреп, шыдап тұра алмай жылап жіберіп, «апатай-ай, бізге айтар ақылыңыз бар ма», – деп қайталап сұрай беріпті.
Енесі тұрып:
– Менде не ес қалды деп тұрсың, сендер қайғы-қасіреттеріңмен енді мені адам болып жүре алады деп тұрмысың? Менің қураған қу маңлайым симаған екеуің, енді өздерің білерсіңдер, – деп енесі жылап жіберіпті.
Әнуәрбек енесіне:
– Апатай-ай, егер өмірім болса, төбеме көтергендей бағармын-ау деуші едім, құдай ол тілегіме жеткізбеді. Біздегі аналық қарызыңызды кешіңіз, енді Күлән екеуіміз тірлікте сізге жоқпыз, дегеніме жете алмай бұл дүниеден өтетін болдым, жаны басқа адамның өліп кетуі де оңай емес, өзіңізді-өзіңіз мықты ұстаңыз, – деп жылап тұрып, апатай, Күләнді шығарып жіберіңіз, Күлән екеуіміз де өмірден үміт үзген адамбыз ғой, әзірше осы арадан бір шығып кетіп, не болса да бірақ көрелік, – депті.
Енесі де еңіреп, жылаумен тұрып:
– Біріңе-біріңді лайықтап қосқан екі қарағым-ай, менде кешпейтін не қарыз бар? Ажалсыз жанға айла бар деуші еді ғой қарақтарым жолдарың болсын. Қашан жаман аттарыңды естігенше үміт дүниесі ғой тілектеріңді тілеп тұрайын, Күлән әзір-ақ келеді. Қош-қош-қош қарағым, – деп үш айтып, өксіп жылап үйіне қарай жүріп кетіпті.
Енесі кеткеннен кейін көп кешікпей-ақ Күләнда жүгіріп жетіп келіп, екеуі жылап тұрып амандасып алып, шеттегі танысының үйіне қарай жүре беріпті. Жолда келе жатып екеуі ақылдасып, сонда Әнуәр айтыпты:
– Біздер бір жаққа ұзап қашқанмен мұнан құтыла алмаймыз. Жанды қинап қашқан ақыры ұсталуымыз анық. Сондықтан осы маңайға екі-үш күн айналып, бітетін өмірді тезірек бітіріп жібергеннен тиістісі жоқ екеуіміз тірідей ажырап кетсек құса менен қатып барып ақырында өлуіміз анық. Өйтіп жанды қинап өлгеннен гөрі неде болса зәлімдердің өздерімен қарсыласып, халық алдында өліп кеткеніміз дұрыс па? – депті.
Сонда Күләнда тұрып:
– Менің ойымда осы еді. Мен махаббатсыз тіршілікпен-ақ өмір кеше тұрайын десем, Алланың жазған өміріне көндім деп, бүгін үйімнен шықпайтын едім. Маған ендігі өмірдің керегі жоқ, қалай десең, мен сол жердемін депті. Бұлар өзара кеңесіп алып, түнделетіп, шеттегі таныс үйіне келіп, сол жерде екі-үш күн болса да өмір сүре тұралық, – деп, сол жерде тоқтап жата беріпті. Әнуәрбек пен Күләнда кеткен түннің ертеңінде, «Әнуәрбек Күләнданы алып қашып кетіпті» деген сөз ел ішіне дүр ете түсіп, Мәлік патша естігенде, қаһар менен терісіне симай жарылып кете жаздап, «қайдан болса да тауып келіңдер», – деп, ел ішіне көптеген адам шығарып, үй-үйге кіріп, астан-кестенін шығарып, тінтіп жүргенде, барлық халық:
– А, құдай, мына бұзықтар табылмай құтылса еді, – деп Әнуәрлардың тілегін тілеп, шуласып кетіпті. Тінтушілер қаншалық іздесе де, таба алмай енді ұзап іздеуге айланған уақытында үш күн өтіп, төртінші күні Әнуәрбек ерте тұрып, Күләндамен қол ұстасып қоштасып тұрып:
– Сүйікті адал жарым Күләнжан, үш күннен бері ел арасын іздеп болып, енді қырға шығып іздейді. Енді біздің дүниеден көретін жарығымыз таусылып, бітетін уақыты болса керек. Мен қазірден бастап сол зәлімдер алдына барып, көңілдегі сезімімді ашық айтып, көпшіліктің алдында өлейін. Сені өздері де тауып алар, әзірше сабыр етіп, осы үйде отыра тұр, – депті.
Сонда Күлән:
– Әнуәржан, сенің бұл не дегенің? Бәрібір сен ол жерге барған соң-ақ ол зәлімнің өлтіруінде шек жоқ. Мен бұл жерде қалып, жеке жерде өлгенімше сенің өліміңді көріп тұрып, сол жерде өлгенім жақсы емес пе? – депті.
Сонда Әнуәрбек:
– Сен сабыр ет! Кім білсін, қалай болады? Менің жақсы-жаман ахуалымды есті, – деп, Күләнданың бірге бармау жағын сұрай берген соң, Күләнда амалсыздан риза болып, сол жерде қалатын болғанда, екеуі қоштасып, жылап тұрып, қоштасқандағы Әнуәрбектің сөзі:
Төрт жасымнан бірге өскен,
Айналайын Күләнжан.
Мінсіз болып туылып,
Сымдай белің бұралған
Бақытымызға кез бопты,
Бұзық бір заман қуарған.
Тұйықсыз торға оралып,
Шыға алмай қалдық Құмардан.
Қылмысты ісім жоқ еді,
Көпке ісім сыналған.
Сен ғашық жетпей мұратқа
Біз құсап кеткен жылап та,
Қош Күләнжан, қош енді
Емеспіз артық солардан.
Күләннің жылағаны:
Айналайын Әнуәр,
Сүйікті, сынды бағланым.
Мен үшін қиып жаныңды,
Бір бағыттан танбадың.
Бірге өлсем деп өзіңмен,
Тіленіп мен де зарладым.
Амалым қанша, қайтейін,
Қызығыңа қанбадым.
Іші-бауырым елжіреп,
Күйсем де от боп жанбадым.
Жеткенде желкем қиылып,
Тістеулі кетті бармағым.
Жазуға амал бізде жоқ,
Зұлымның қанды қармағын.
Қош-қош сәулем қош енді,
Қайырлы болсын барғаның.
Екеуі бірін-бірі қимай көпке дейін айрылыса алмай жылап тұрып, үй иесіне Күләнді тапсырып, қайта-қайта қоштасып, амалсыздан Әнуәр Күләнданы құшақтаған қолын босатып, Мәлік патшаға қарай жүре беріпті. Әнуәрбек сол бетімен тоқталмастан Мәлік патшаның алдына кіріп келгенде, Мәлік патша тұтанып, қап-қара болып:
– Ей, бұзық сенің менің қатынымда нең бар еді, – деп, зіркілдей жөнелгенде, Әнуәрбек бұдан тірі қалмасын білген соң:
– Мен бұзық емес, сен бұзықсың, мына отырған жеті қуменен сегізіңе құдайдың дүзі арам. Күләнда қашан сенің қатының болып еді? Сен бізді жылатсаң, сені құдай жылатсын, – деп қасқарып тұрып алғанында, Мәлік патша қаһарланып, жендеттеріне «мына бұзықтың екі қолын байлап апарып, зынданға салыңдар», – деп ақырыпты.
Жендеттері Әнуәрбектің қолын байлайын деп жетіп келгенінде, Әнуәрбек жендеттерді қойып-қойып жіберіп, «апаратын жерлеріңе өзім-ақ барам, жүріңдер», – деп кетіп бара жатқанда жеті молдаға қарап:
– Жерлерің енді кең, сендердің қандарыңда менің қаным сияқты шашылсын, – деп, жендеттердің алдына түсіп, үйіне өзі келіп, кіріп кетіпті. Жетеуі «бұл бұзықтың өлім алдында тұрып айтқан сөзін қарашы» деп, мұрттарынан күліп қала беріпті. Мәлік патша хатшыларын шақыртып алып:
– Дереу хабарландыру жазып, барлық жерлерге іліңдер! Әнуәрбек бұзық ертең дарға тартылады, – деп бұйрық беріпті. Хатшылар дереу жазып, халық көретін жердің бәрінде бір сағат ішінде Әнуәрбек дарға тартылады деген хабар қаптап кетіпті. Бұл хабар Күләндаға естіліп, ол Әнуәрдің тапсырып кеткен адамынан жасырынып далаға шығып, қолына бір құлаштай жіп алып келіп, Әнуәрбек өлді деген хабардан бұрын өліп алайын деп, жіпті ілмектеп бір ағашқа тастап жіберіп буынып енді жаны шығып бара жатқан кезінде, үй иесі көріп қалып, жіпті кесіп жібергенде Күләнда сылқ етіп құлай кетіпті. Әлгі адам дереу өкпесіне қолын салып жіберсе, болымсыз жыбырлағандай болған соң, Күләннің бетіне су бүркіп, аздан кейін Күлән есін жиып, бас бармағын батыра шайнап алып, су бүркіп отырған адамға қарап:
– Ағатай-ай, маған бекер обал еттіңіз-ау! Сіздің маған жаныңыз ашыса, мен Әнуәрдің өлімінен бұрын өлгенім жақсы еді ғой. Бәрібір мен енді тірі қалатын адам едім ғой, – деп еңіреп жылай беріпті. Күләннің зарына ер-әйел екеуінің іштері елжіреп, екеуі Күләндамен қосыла жылап, Әнуәрдің таныс адамы:
– Қарағым-ай, сабыр етші, – деп, Күләнданы жұбатып, сонан кейін өзі ешқайда бармай және ұйықтамай Күләнданы күзете тұрыпты.
Ендігі әңгімені Асан менен Үсеннен бастайық. Әнуәрбектің жоғалып кеткен екі ағасы намыстанып, өз елінен шығып кеткеннен кейін алыс бір елге келіп, малайлық іспен әлдене бастағанда сол жерде тұрып, сауда қылып, бұрынғы бұзықтарын тастап, әбден байып, қатын алып, балалы болып, әбден өлместей болған кезінде өз еліне көштерінің бетін түзеп, өздері үш жасында тастап кеткен інісін сағынып, Әнуәрбек тірі болса, жылдамырақ көрелік деп, көштеріне қарай Әнуәрбек қамауға алынған күні өз елінің ішіне жетіп келсе, қайсыбірі мал айтып сойып, қайсыбірі жеті нан таратып:
– А, құдай, Әнуәрбекті сақтай көр, – деп, жылап-шулап жүрген елді көреді. Сонымен бірге әр жерде Әнуәрбек ертең дарға тартылады деген хабарландыруды көріп, бұлар:
– Япырым-ау, мына адам көпшілікке осыншалық жағымды, қадірлі адам болғанда, патшаға неғып қылмысты болды екен? Өзінің жайын білейікші, – деп, бір адамды шақырып алып:
– Бұл өлімге бұйрылған кім? Патшаға соншалық қылмысты адамның осынша көпшілік неғып тілеп жүр? Бұл өлімге бұйрылған адамның бұл елге қандай жақсылығы өткен адам, – деп сұрапты.
Сонда әлгі адам тұрып:
– Біздің елде Нұрым деген бір бай бар еді, ол адам әйелімен екеуі бір жылда қайтыс болып, оның ер жеткен екі баласы, бір жастағы Әнуәрбек деген баласы қалған. Ер жеткен екі баласы бұзық болып, бар малды тауысып қашып кетіп, сол жетім қалған Әнуәрбек оқып, ер жетіп, осы елді әбден түзеп еді, патшамыз сол Әнуәрбектің әйелін тартып алып, өзін дарға тартып өлтіретін болып тұр. Мына шулап жүрген халық, сол жас үшін жылап жүр.
Бұл сөзді естіген Асан мен Үсен естерінен танып, көздерінің жасы кетіп, енді қайтеміз деп бірін-бірінен ақыл сұрағанда, Үсен тұрып, «мен қазір Әнуәрдің жатқан жеріне барып, қайтсемде Әнуәрдің бір түн қу бетінен сүйіп, бүгінше Әнуәрмен бір жатып, ертең онымен бірге өлем», – депті.
Сонда Асан тұрып:
– Біздердің бұрынғы ақымақтығымыз жетіп жатыр. Енді біздерге Әнуәрдан айрылып, жасаған өмірдің керегі де жоқ. Біздер бекерден-бекер өлгенше бүгін екеуіміз екі ақ балта тауып алып, ертең дар түбінде Әнуәрді өлтірушілердің бір-екеуін өзіміз өлтіріп, өзіміз Әнуәр өлтірілген жерде бірге өлеміз, – депті. Бұл сөзді Үсен де тура көріп, екеуі екі балта сатып алып, оны ұзынырақ сапбен саптап, өткірлеп қайрап, екеуі де туысы үшін өз жандарын өлімге қиып, даярлық ете беріпті.
Қаһарлы Мәлік патша ызаменен ерте тұрып, «барлығы дар майданы түбіне жиналсын», – деп бұйрық етіпті. Әнуәр үшін шулап, жүректері дүпілдеп, ұйықтаған көпшілік ерте менен топ-топ болып, дарға қарай ағытылып жүре беріпті. Әнуәрбекті қамаудан шығарып, дар майданына қарай айдағанда, екі қолын байлап, жендеттер алды-артынан қамап алып, қолдарына мылтық, қылыш алып айдапты. Дарға қарай ағылып келе жатқан көпшілік байлауменен айдалып келе жатқан Әнуәрді көргенде:
– Қайран Әнуәр, шынымен өлгенің бе? Ақ иіліп сынбайды деген бекер екен ғой, – деп жылаған дауыстар жер жаңғыртса да патша әміріне қарсы тұруға шара жоқ, шулап, жылағаннан басқа шарасыз болып жүре беріпті.
Сонда Әнуәрбек байлауда айдалып келе жатып, халықпен қош айтысып айтқан сөзі:
Білесіздер ел-жұртым,
Бір жастан жетім шерлі едім
Екі ағам тастап кеткенмен,
Туып-өскен жерде едім.
Ата-ана мен туыстың,
Тәрбиесін көрмедім.
Риза бол ел-жұртым,
Қаны бірге өз ұлтым.
Дегендей қылып көбіңе,
Қызмет етіп бермедім.
Тірі болса ағалар,
Бұдан кейін кеп қалар.
Бір арман сол сәлемде,
Тірлікте бірін көрмедім.
Қаны қара зұлымдар,
Ерте айырды елімнен.
Кіндік кесіп, кір жуып,
Туып-өскен жерімнен.
Жемеңдер қанзұт жеті қу,
Қу құлқынға берілген.
Тілектерің қабыл боп,
Ойлаған шықты жеріңнен
Он беске жаңа жеткенде,
Опырдың қулар белімнен.
Ызалы халық анталап,
Тесемен, шотпен балталап
Уақыт кезі келгенде,
Шұқысын көзге көрінген.
Сендерге барып оқ болсын,
Бір тамшы қаным төгілген.
Соры қайнаған енеме,
Көз қырын сал ағайын.
Әнуәр, Күлән деп жүріп,
Ағартып еді самайын.
Кеудемде жаным тұрғанда,
Келген қысым қу жанға.
Көрінсе енем деп едім,
Арыздасып қалайын.
Жоқ сияқты бұл жерде,
Жан-жағыма қараймын.
Сәлем де жұртым сәлем де,
Ғарып болған енеме.
Бағып еді төрт жастан,
Көтергендей төбеге.
Мені есіңе алсаңдар,
Жүріңдер желеп-жебеп.
Кететін болдым,
Күләндаға сәлем де!
Аманда бол ел-жұртым,
Жаны бір көшеде
Әнуәрбектің бұл зарын естігендер, одан әрі шулап, Әнуәрді айдаған жендеттер де майданға жақындап қалыпты. Асан-Үсен Әнуәрбектің екі ағасы екі ақ балтаны қойындарына тығып алып, олар да жендеттердің артында таяу жүріп, еңіреп жылап келе жатыпты. Жендеттер Әнуәрбекті қамалап, майданға айдап келгенде, Мәлік патша мен жеті молда бұрын келіп, майданда тұр екен. Әнуәрбек майданға айдалып жетісімен-ақ Мәлік патша жендеттерге:
– Тартыңдар, – деп ақырғанда, жендеттің бірі Әнуәрдің мойнына арқан ілмектеп, тартып қалғанда, Үсен қарғып келіп, Әнуәрдің мойнына арқан тастағанды қақ басынан ақ балтамен періп кеп жібергенде, жендеттердің енді біреуін Асан періп жіберіпті. Сол кезде Әнуәрбек үшін жылап-шулап тұрған көпшілік ойбай, жабылыңдар жабылыңдар, – деп шу етіп басып келіп, алдымен Мәлік патшаның, содан кейін жеті молданың бастарын қағып-қағып жіберіпті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *