. Жанрлардың түрлері, оның жаңа формалары
Жанр дегеніміз – белгілі бір газет, журнал материалдарының, радио, телевизия хабарларының көріну, өмір сүру формасы. Журналистиканың теориясында публицистикалық жанрды түрге бөлу былайша: біріншіден, заттың (нысанның) танымдығы, көріністегі өзіндік ерекшелігі (заметка, корреспонденцияға – факті мен оқиғаның тікелей қатыстылығы, ал сұхбат пен рецензияға – бейнелеп көрсетудің тән екендігі); екіншіден, танымдық – тәрбиелік мақсаттары; үшіншіден, әрекетті көрсетудегі кең ауқымдылық немесе түйін мен қорытындының ауқымдылығы; төртіншіден, өзіндік айқындаушы – мәнерлеуші құралдары (әдеби тілі, стилі, бейнелігі) қарастырылады.
Шын мәнінде, телевизиялық шығарма жанрын айқындау – осы айтылған жайлардағы қандай да бір жекелілік белгілер емес, олардың бәрінің жиынтығы нәтижесінде болатын құбылыс. Басқаша айтқанда, жанрлық бірлікте болу барлық төрт белгіге қатысты. Осыдан мынадай шығатын қорытынды, публицистика жанры (ақпараттық, талдамалы және көркем), тек мынадай жағдайда ғана – материалдың документальдығы, ойдан шығарылмағандығы, дәлділігімен бөлек кезеңде, үнемі бір – бірімен байланыста болады. Жанр типін айқындау кезінде, оны көріністің негізінде жататын құбылыс пен объективтік процестерге байланысты қарап, айқындаған жөн.
Хабарда журналистер тек қана фактіні баяндаумен ғана шектелмейді, бір мезгілде оған талдау жасауға ұмтылады, оны басқалармен салыстырады, жағдай мен құбылысқа баға береді, проблеманы шешу жолдарын ұсынады. Талдамалы жанр ақпараттық жанрмен салыстырғанда материалды беруде кеңдігімен, ойлауда ауқымдылығымен, өмірлік, маңызды құбылыстарды зерттеумен айрықшыланады. Белгілі бір кезеңдегі бір типті фактілерді жинақтау кезінде автор оларды қорытындылау мен маңызды проблемасын барлық қырынан айқындауға ұмтылыс танытады. Талдамалы жанрлар заттағы танымдық, нысанды кескіндеу, дәл белгілеу, танымдық – тәрбиелік міндетімен, оқиғаны кең түрде көрсетуімен, ауқымды түйін және қорытындысымен, әдеби – стилистикалық құралдар характерімен, айқындаушы – көркемдеуші құралдарымен де ерекшеленеді.
Жанрдың осы тобына жататындардың ішінде негізгілердің бірі корреспонденция жанры, онда нақтылы материалда тар ауқымдылығымен салыстырғанда, аналитикалық планда тақырыптың актуальділігі айқындалып, қандай да бір проблема шешіледі. Корреспонденция хабарлама түрінде де болып: онда, шетелдегі тілшілердің хабарламасы, жаңа бір құбылыстар, ғылыми жаңалықтар өндірістік тәжірибелер әңгіме арқауына айналуы мүмкін. Ол толық заметканы көз алдымызға елестетіп әрі белгілі бір тақырыптағы материалды кең қамтуыменен де ерекшеленеді. Талдамалы корреспонденция суреттелген құбылыстың себебін ашады, мысалы ситуация қақтығыс. Материалдағы фактіні талдау негізіне көпшілігіне жаңа бір тосын проблемалар әрі саяси өмірдегі және әлеуметтік – экономикалық саладағы өткір сұрақтар қойылып жатады. Мұндай корреспонденциялар телепублицистикада қойылымдық деп аталынады. Ал кейде журналист көрермендермен бірлікте кейбір фактілерді бағалап, салыстырып, талдап жатады, осының негізінде корреспонденция – толғау өмірге келеді.
Талдамалы жанрлар құрылымының күрделілігі сонда, мұнда журналист ірі көлемдегі фактілермен жұмыс істейді. Ол фактілерді әу бастан түрлі негіздеріне, олардың арасындағы байланыстарына орай жүйелеу, топтау және классификациялау қажеттілігі келіп туындайды. Шығармашылық процестің осы кезеңінде фактіні сценарий құрылымындағы сан алуан факторлармен байланыстыру мәселесі келіп шығады. Ал сценарийдегі тұтастық белгілі бір концепция, идея және ойлардың негізінде жүзеге асуы мүмкін. Журналиске бәрінен бұрын фактіні талдау, негізгі проблемадағы қажетті кезеңдерді айқындау, әрі фактологиялық мәліметтерді таңдау методы қажеттілік болады. Содан кейін ғана жанрлардағы түрлі бөлімдердің арасын пропорциялы түрде бөлу кезеңі келіп туындайды.
Маңыздысы көрерменге тек қана фактіні ұсынып қою емес, оны журналистің қоғамдағы өткір проблемалармен байланыстыра қарастыруында. Осы орайда, «31 канал» телеарнасында 2001 жылдың қазан айында өмірге келген «Саясат» бағдарламасын атауға болады. Оның авторы және жүргізушісі Иманбай Жұбайдың айтуына қарағанда, «Саясат» бағдарламасы қазақ тіліндегі ақпараттық – сараптамалық рынокқа өзгеше тыныс ала келген екен». «Басқа телеарнадағы ақпараттық – сараптамалық бағдарламалар апта бойғы оқиғаны кеңейтіп, бес – алты минут көлемінде созып береді. Мен аптадағы маңызды деген бір оқиғаны алып, соны жан – жақты талдауға тырысамын. Осыған байланысты проблемаларды көтеруге ден қоямын. Студияда сарапшылар болады. Сөйтіп, бір мәселені бақайшығына дейін шағуды қолға алдым»,- дейді бағдарлама жетекшісі Иманбай Жұбай. Сондықтан да талдамалы жанрлар құрылымында басты рөл мына кезеңдерге беріледі: а) дәлел үшін негізгі тезисті ұсыну; б) ұсынылған тезисті ашу үшін дәлел құрылымын жүйелеу; в) дәлел жүйесінен қорытынды шығару. Сондықтан «Саясат» бағдарламасын бір жақты не ақпараттық, не талдамалы жанрларға тели салу да қателік болар еді. Мұнда жанр түрлерінің сан алуан элементтері тоқайласқан.