Емен түбін жайлаған шошқа

Емен түбін жайлаған шошқа
Бұрынғы өткен заманда, ну жыныс қалың орманда бір шошқа мекен етіп тұрыпты. Оның қорек қылатын ағашы емен екен.
Еменнің бүршіктеріне жеміс шығады, ол шошқаның атасының асы, ең сүйіп жейтін тамағы болады
Шошқа әбден семіреді, тегін тамақ мол болғандықтан ашаршылықты көрмейді. Тамаққа тойып, емен түбінде күн шуақта жата береді. Ыстықта көлеңкесіне паналайды, суықта түбіндегі үңгірде жатады.
Қысқасы, осы ормандағы дәу жалғыз емен шошқаның әрі орны, әрі азығы болып, барлық мұқтажын өтеп тұрады. Ашаршылық көрмеген, азық үшін еңбек істемеген семіз, күйлі шошқа әбден ерігеді, не істерін білмейді. Ақырында тұра салып еменнің түбін қаза бастайды. Шошқа бірнеше күн еріккен сайын, емен түбін қазатын болады. Еменнің тамырлары қиылып құлауға қарайды. Сол кезде оған емен тұрып тіл қатады:
– Әй, ақымақ, өлеріңді білмейтін сен доңыз, менің түбімді қазып, құлайтын халге жеткіздің. Құламаған күнде де тамырларым қиылды, көбін аршып тастадың, сондықтан мен аз жылда қуарып құрып бітемін. Ал бұдан былай да қаза берсең, мен көп ұзамай-ақ құлаймын. Сонда келесі жылы сен не жеп күн көресің, қайда, ненің түбінде паналайсың, – депті.
Оған шошқа: «Сенің қурап, құлағаның маған не қажет, мен еріккен соң жанымдағы сенің түбіңді қазбай, алыстан ағаш іздеп әуре болатын мені ақымақ деп ойлайсың ба? Сенің тұрғаның, құлағаның маған не керек, мен үшін сен емес, тек сенің жемісің ғана керек»,– деді де, бұрқыратып қаза бастады.
Сонда емен тұрып: «Өлеріңді білмейтін ақымақ, сенің көзің де, көңілің де соқыр ғой. Мен болмасам жеміс шыға ма, әкесіз бала қайдан туады. Мен құрысам жеміс те құритынын неге сезбейсің, ал жеміс құрыса, сен де құрисың»,– депті. Оған шошқа:
– Сен мені алдап әурелеме, қызықты жұмыстан бөгеме, мен сенің ақылыңмен күн көріп жүргенім жоқ, – деп ашуланып, бар күшін салып қазады. Ақырында бірнеше күн азаптанып, еменнің түбін қазып құлатып, үлкен ата жауын мұқатқандай болып, игілікті зор жұмысты бітіргендей болып масаттанады. Күз бітеді, қыс келді, жаз да жетеді. Құлаған емен қурап жатады. Оған енді жеміс шықпайды.
Шошқа әбден ашығады, өткенге өкінеді, бірақ одан түк пайда шықпайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *