Бұлбұл, жарқанат және қарақұрт
Бұрынғы өткен заманда гүл-бәйшешегі жайқалған жалпақ бір аңғарда таңдайынан күй төгілген әнші бұлбұл болыпты. Өз тұқымының ішінде одан асқан әнші болмапты. Жалпақ аңғардағы орманда, ағаштан ағашқа қонып, күні-түні тыным таппай, сайрайды да жүреді екен. Мүлгіген тауды, қалғыған орманды, шық оранып, балбыраған гүлді әсем әнімен тербетіпті. Таң арайын, күн шұғыласын сұлу әнімен қарсы алады екен.
– О, құдіретті күн! Төк шапағыңды жалпақ аңғарға! Жайқалып, жандансын дала, жайнасын жалпақ өңір! Сен бар жерде өмір бар! Сен бар жерде тірлік бар! Бақыт та, шаттық та сенің мөлдір шұғылаңда! Түнекті түріп, қараңғылықты серпілтіп, бүкіл әлемге жарық сәулені себелейтін құдіретті күн өзіңсің! – деп, таң алдына саңқылдай жыр төгеді екен бұлбұл.
Таң атып келе жатқанда шалқыған әуен жасыл аңғардың үстінде қалықтайды. Сол маңдағы құстар мен аңдар, сықырлауық қанатты көбелек, қыпша бел инелік, гүл шырынын іздеген бал арасы, ызылдаған шіркей бұлбұл әнімен бірге оянып, күнделікті әрекетіне құлшына кіріседі екен.
Сөйтсе де осы аңғардағы бір жартастың қуысын, қараңғы үңгірді мекендейтін бір жарқанат әлемді тербеткен бұлбұл әнін өлердей жек көріпті. Таң саз бергенде бұлбұл әні естілсе болды, өзінің қапас үңгіріне кіріп алып:
– Уа, үнің өшкір, үнің өшсін! Көмейіңе тас тығылсын! – деп, өршелене қарғайды екен.
Ал бұлбұл таңның нұрын, күннің шапағын жырға қосып, шаттық әнін шырқай беріпті. Жарықтан қорқатын жарқанаттың қолынан не келеді, қараңғы үңгірдің түбінде жатып:
– Қараңғылықтың құшағы жақсы ғой. Соны да түсінбейді. Қызық өмір менің үңгірімде, – деп күңкілдеп, күйініп отыра беріпті.
Бұлбұл әні тынбай: «Жарқыра күн нұры! Жадыра, кең дүние!» Бұлбұл әнінен осылай сыр ұғыпты.
– Қараңғылық құрсын! Бұлт баспасын көк жүзін! – дейді екен бұлбұл.
Саңқылдаған бұлбұл әніне жалпақ аңғардағы барлық әнші құс үн қосады екен.
Күндердің күнінде Жарқанаттың үңгіріне қарақұрт кіреді де, екеуі сырласады. Жарқанат мұңын шағып, қарақұртқа жалынады:
– Айналайын, қарақұрт, – депті жарқанат қиылып, – екеуміз дос едік қой. Мен қараңғыны ұнатамын, сен біреудің қанын сорғанды жақсы көресің. Дүниеде сенің уыңнан шошымайтын жан иесі жоқ. Сен шақсаң таудай түйені де құлатасың…
Жарқанаттың мақтауына еліктеген қарақұрт:
– Маған не қыл дейсің? – деп сұрайды. Сонда:
– Үнін естіп жүрген шығарсың өзің де. Осы аңғарда бір заржақ бұлбұл бар. Ұйқы бермейді. Даусымен мезі етті әбден. Естісем, тұла бойым тітіркенеді. Құртшы соны, жойшы көзін! Мүлгіген қараңғыда тыныш өмір сүрейікші! – деп безілдепті жарқанат.
Бұлбұлдың әсем әні топас, қарақұрттың құлағына кіріп те шықпайды екен. Жалынып, жалбарынып тұрған соң жарқанаттың тілегін жерге тастамапты.
– Шағайын! Көзін жояйын! – деп, уәде беріпті.
Содан кейін ағаш бұтағында сайрап отырған бұлбұлға келіпті. Мұны көріп бұлбұл ойланып қалыпты. Қарақұртқа бұрылып, былай депті:
– Уа, қарақұрт, тыңда мені! Мен өмір бойы жер бетіндегінің бәріне жақсылық жасап келемін. Ойлағаным – ізгілік, жырлағаным – жақсылық нышаны. Ажалым сенен бе, кім білсін? Олай болса, өлер алдында саған да бір жақсылық жасаймын. Тақыр жерде тырбаңдап жүріп, бұл өмірден не көрдім дейсің?! Ұста менің құйрығымнан, Мен сені аспанға алып шығып, мынау жалпақ аңғардың тамашасын көрсетейін. Өміріңде есіңнен кетпейді.
Бұған қарақұрт келіседі де, бұлбұлдың құйрығына жабысып отырып алады. Бұлбұл қанатын жайып жіберіп, биікке самғайды. Жалпақ аңғардың үстінде шарлап жүріп, таң нұры мен күн шапағын әнге қосып, сайрай береді.
Құмыр бұлбұлдың әсем әні қарақұрттың да тас жүрегін жібітеді. Балдай тәтті, әсем әнге балқып отырған қарақұрт байқаусызда бұлбұлдың арқасынан аунап кетеді. Құлдырай құлап, тасқа соғылады да, мылжа-мылжасы шығады.
Сөйтіп, арамзалардың ойы іске аспапты. Жарқанат өз үңгірінде күңкілдеп жата беріпті. Ал құмыр бұлбұл осы күнге дейін таң нұрын, күн шапағын жырға қосып, тынбай сайрап келеді екен.