Білгір мен хан
Бұрынғыда бір бай болыпты. Төрт түлігі сай болыпты. Өзі ақылды дүниедегі білгір болыпты. Бірақ мұның жалғыз баласы болыпты. Күндердің күндерінде бай баласын шақырып алып, бар ақылын үйретіпті. Ақылында «балам біріншіден қатыныңа сырыңды айтпа! Екінші ақымақпен дос болма! Үшінші жаңа байығаннан қарыз алма!», – деген екен.
Баласы әкесінің бұл айтқан сөздеріне мақұл деп көнген. Бірақ неге айтқанын білмей, талайға дейін түсіне алмай жүріпті. Ойлай-ойлай ойының түбіне жете алмапты. Бір күндері болғанда әкесінің айтқандарының барлығын қолымен істеп көзімен көрмекші болмақ болып, бір байдан қасақана қарыз алады. Бір ақымақпен дос болады. Сөйтіп үйіне келіп, бір қойды бауыздап өлтіріп, қолын қандап, үйінің артынан жер қазып көме салып қатынына келіп:
– Қатын! Қатын! Ешкімге айтпа. Мына менің қолымдағы қанды көрдің бе? Бір кісі өлтіріп едім, соның қаны дейді. Қатыны:
– Ой, тәңір-ай! Кімге айтайын, ешкімге айтбаймын, – дейді.
Соныменен біраз күндер өтеді. Бір күні түнде қатынын сабапты. Қатыны, азанымен тұра салып ханға барып арыз береді. «Байым анада бір кісінің қанын ішіп» еді, енді мені де сөйтбекші болды ма, түнімен сабап шықты, – дейді. Хан естісімен ақ бір жендетін жіберіп жауапқа шақыртады. Жендет барып байдың баласын айдап келе жатқанда куәлікке досымды ерте жүрейін деп досына келсе, «Қолым тимей жатыр еді», – деп бармайды. Қоштасып бұдан өте бергенде, баяғы қарыздары ұшырасады. Олай-бұлай деуіне қоймайды. Жабысып жағадан алады. Қалмайды. Жанын тықсырып бара жатқан соң бұрынғы ақшасын жанынан суырып бере салады. Бұдан да өтіп ханға келеді. Хан:
– Не үшін қанышерлік қыласың? Қатының анада бір адам өлтіріп еді, енді мені өлтірмекші деп арыз беріп отыр рас па, – дейді?
Бала:
– Жоқ тақсыр өйткен емеспін, – деп шынын бастан-аяқ айтып береді. Хан сенбестен адам жіберіп көрсеттіріп, ақыры шынына жетіп сенеді. Бірақ хан мұның әкесінің ақылдылылығынан қорқып, бағыма кертартпа бола ма дегендей мақсатпен құрттырмақшы болады. Бір терең зындан қаздырып, соған әкесі мен баласын салып көмдіріп тастатады. Екі, үш жыл өтеді. Оған шейін дихандар да қарап жатпастан егін егіп, оғып-бұғып зынданның үстіп таптауға да жақындапты.
Бір күні ханның тамағына шөп кетіп, ауырады. Дүниеде бақсы-бәлігер, тәуіптің ешқайсысын қоймай қаратса да жазыла алмайды. Бір күні бұрынғы білгір байдың қадірін білетін бір адам ханға келіп:
– Ол жақсы адам еді сіздің ауыруыңызды қалайда болса жазар еді. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ», – дегендей сіз оның қадірін білмедіңіз, жазасын тартқаныңыз осы, – дейді.
Хан жұртын жиып:
– Ол адам шын білгір болса, әлі күнге дейін өлген жоқ деп, білінбей қалған зынданның маңайынан үңгірлеп қаздырып жатқанда бір сүйек шығыпты. Бұл қайсысы екенін ажырата алмастан, одан ары қазыңқырағанда ақылдының өзін тауып алады. Баяғыда көмілерінде өзіменен бірге бір дорба тоқаш ала көмілген екен. Баласына да берместен күніне бір тоқаш жеп күнелтіп тірі екен. Бірақ қансыз, сөлсіз өлудің аз-ақ алдында екен.
Жұрттар:
– Ханымыз ауырып жатыр еді. Сені жазады дегенмен саған жіберіп еді. Біздер алып кеткелі келдік орыныңнан тұрып жүр, – дейді.
Білгір:
– Жоқ, бармаймын хан мені бір өлтіріп, енді өзіне керек болғанда ғана шақырды ма? Бар айтыңдар, – дейді.
Жұрттар ханға барып келмейтінін білдіргенде, хан:
– Егер мені жазса, күллі бақ дәулетімнің бәрін берем деп жатыр деңдер, – дейді.
Жұрттар білгірге қайта барып ханның сөзін айтыпты. Білгір:
– Олай болса қырық қыз әкеліңдер, бір саты тауып, соған зынданның аузына жеткенше қыздарды жағалата қойыңдар, – деген екен, айтқанының бәрін істеді. Сатыдан жоғары өрлеп келе жатып, жолдағы жағалай тұрған қырық қыздың бетінен шопылдатып, қырық сүйіп үстіге шығады. Сөлденіп қызыл кіріп қалады, әбден айығып ханға келсе, тамағынан шөп қадалып, азаптанып өлудің аз-ақ алдында жатқанын көреді.
– Сен жазыла алмайсың, бірақ менің бір шартым бар, соны орындасаң жазылуың мүмкін, – дейді. Халқы да, ханы да:
– Егер жазатын болсаң орындармыз, – дегенде
– Ендеше, ханның жалғыз баласы бар екен. Соны әкеліңдер. Алдына бауыздаймын, содан жазылар, – депті. Хан мұнысына «Балам өлгеннен өзім өлгенің артық» деп көнбепті. Жұрттар:
– Жоқ, сенің өлгеніңнен балаңның өлгені артық. Жас балаң өсіп бізді билегенше біздің тұқымымыз құриды, – деген соң лажысыз баласын бауыздауға қияды.
Баланы алып келіп, алдына қол-аяғын буып бауыздамақшы болып тұрып:
– Қой, көзіне көрсете бауыздамайық, ханымыз талып кетер. Онан да алдынан ши тартып ханның көзінше баланы шиге кіргізіп, басқа бір қойды аяғын буып әкеліп, қорыс еткізіп шалып жібереді.
Хан жалғыз баламнан айырылдым-ау дегендей қылып: о…о…о…п! деп ішінен қайғылы-шерлі леппен күрсінгенде тамағына қадалып тұрған шөп сызылып сыртқа шығады. Сол жерде ханның өзі де, баласы да аман қалады. Мынаның қылығына хан разы болып, бақ, дәулетінің барлығын білгірге береді. Сөйтіп ол мақсат, мұратына жетеді.