БАСПАСӨЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ. Баспасөз конференциясы жанр ма? Ол сұхбатқа жақындау болғанымен, жауап бір ғана адамға емес, түрлі ақпарат көздерінен келген журналистер тобына арналады. Сұрақ жауабы баспасөз конференциясын ұйымдастырушы арнаулы адамның мәлімдемесінен алдын – ала байқалады. Онда қозғалатын актуальді мәселеге байланысты таңдалынып, тексерілген көзқарас қана хабарланады. Баспасөз конференциясы – сұхбаттан бұрыннан бар, бірақ БАҚ тәжірибесінде көп қолданылмаған түрі. Бұл көбіне белгілі адамдармен, басшы қызметкерлермен өткізілетін әңгіме. Баспасөз конференциясы ел көлеміндегі не әлемдік маңызға ие бір мәселеге арналады немесе қалыптасып отырған жағдайды көрермендерге түсіндіру мақсатында ұйымдастырылады. Бұрынғы экс – премьер Қажыгелдин кезінде баспасөз конференциясы жиі ұйымдастырылатын. Оған себеп, ел көлеміндегі экономикалық жағдайдың ауырлығынан қалыптасқан әлеуметтік мәселелердің шешімін табу жолындағы үкімет ұстанған саясат туралы болатын. Шындығында, бұл кейде өз жемісін беріп те жатты.
Кезінде Өскемен студиясы «Баспасөз конференциясы» деген атаумен тұрақты хабар өткізіп тұрды. Баспасөз тобында қазақ және орыс тілінде шығатын облыстық, республикалық газеттер мен Қазақ телевизиясы мен облыстық телерадионың, аудандық газеттердің редакторлары болды. Хабар теледидар студиясының павильонынан жүргізілді. Дөңгелек үстел басына облыс басшылары мен журналистер орналасады. Әрбірінің алдына аты – жөні мен қай ұйымнан екендігі жазылып қойылады. Әңгіме арасында экраннан шағын бейнесюжет те көрсетіліп отырылады. Бейнетүсірілім, студия, журналистер алдындағы жазылым – осының бәрі де баспасөз конференциясы кезінде телевизияны қолданатын спецификалық құралдары болып табылады.
Кез келген баспасөз конференциясының тақырыбы көпшілікке ортақ қызығушылық тудырған жағдайда ол телевизиялық хабар бола алады. Кейде телевизия қызметкерлерінің өздері талдамалы публицистиканың телевизиялық жанрына ұқсас баспасөз конференциясын ұйымдастырады. Ондай жағдайда студияға көрнекті саясаткерлер, мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар шақырылып, әрі теледидар тарапынан сұрақ қоюшыларға шек қойылмайды. Алайда, сұрақ қою мүмкіндігі осы тақырып төңірегінде әйгіленіп жүрген танымал БАҚ – тың журналистеріне көбірек жасалынады. Мұндай телевизиялық баспасөз конференциясы кейде телеаудитория үшін қызғылықты, аса шиеленісті пікірталасқа ұласып, оның драматургиялық шешімі ұжымды ізденіске салып қояды. Көпшілігінде телевизиялық баспасөз конференциясы режиссер монтажынсыз тікелей де жүріп жатады. Дегенмен, баспасөз конференциясының өзінің қалыптасқан дәстүрі, орныққан қағидасын хабарға қатысушы әрбір адам біліп, оны сақтауы орынды.
Баспасөз конференциясын жүргізуші қонақтардың әрбірін таныстырып, олардың қысқаша мәлімдеме жасауына мүмкіндік береді. Кейде тақырып бәріне белгілі болған жағдайда сұрақ қою бірден басталады. Сұрақты баспасөз конференциясына төрағалық етушінің рұқсатымен ғана қойған жөн. Егер залға радиоқабылдағыш қойылған жағдайда микрофонды күткен орынды. Алдымен өзіңізді таныстырып және қызмет істейтін БАҚ туралы хабарлайсыз. Содан соң, мүмкіндігінше бір ғана қысқа, ықшам, айқын сұрақ қойылуы керек. Сұраққа жауап қайтарушымен пікір таластыру журналистің кәсіби этикасына жат нәрсе.
Баспасөз конференциясы актуальды мәселеге арналып, ол көпшілік аудиториясының қызығушылығын тудырады. Осы жанр аса маңызды экономикалық, саяси әлде ғылыми проблемаларды тереңнен көрсетудің біржақты мүмкіндігіне ие.