Аңызға айналған Атымтай
Ертеде кедей-кепшікке, жетім-жесірге барынша көмек көрсетуімен, қайырымдылығымен аты шыққан Атымтай деген адам болған екен. Әйтеуір тұрмыстан қағажу көріп киер киімге, ішер асқа жарымай келген жарлы-жақыбайлардан барын аямай риза етіп жіберетін көрінеді. Сол себепті Атымтай жомарт атанып, ел арасына атағы кең тарапты. Туған ағасы бір күні шешесіне келіп:
– Атымтайдың жомарт деген атағы елге әйгілі болды. Мен де жомартпын, менің атым неге шықпайды? – деген екен.
Сонда анасы:
– Атымтай туа жомарт болды, – депті. Қос емшегімнің бірін басқа балаға емізбесем, ол ембей жылайтын. Сондықтан қос анарымның бірін бөтен балаға ұсынуға мәжбүр болатынмын. Ал сен болсаң, бір емшегімді сорып жатқанда, екіншісін тас қып қолыңмен ұстап жататынсың. Сен қалай жомарт боласың? – деп бетіне тіктеп қараған екен.
Сол заманда тағы бір жомарт патша болған екен. Атымтайдың даңқының ел арасына тарағанына қызғаныштан оның іші күйеді. «Қалай бұл менен асып кетеді? Егер оның көзі жойылса, менің атым шықпағанда кімдікі шығады», – деген ой жанын жегідей жейді. Ақыры Атымтайды құртудың жолын іздестіріп, сол елдегі баукеспе ұры-қанішер біреуді шақырып алып, жомартты өлтіру үшін тапсырма береді.
– Пәлен деген қалаға жақын ауылда, – дейді патша. Атымтай жомарт деген адам бар. Соны өлтіріп, тапсырманы орындағандығыңның дәлелі ретінде басын кесіп маған әкелесің. Тіршілікте қалағаныңның бәрі орындалады. Алтын, күмісті керегіңше аласың!
Әлгі қанішер ханмен уағдаласып, аттанып кетеді. Бірнеше күн жол жүріп, шаршап-шалдығып іздеген аулының шетіне кештете ілігеді. Отын шауып әкеле жатқан адамға жолығып, сәлемдескен соң:
– Күн болса кешкіріп қалды, – дейді ол. Мен болсам алыстан келе жатқан жолаушы едім, бұл ауылда баратын танысым да жоқ.
– Олай болса, біздің үйге жүр, асықпай жатып әбден тынығып, дем ал, – деп жаңағы отын әкеле жатқан адам үйіне ертіп келіпті.
Қонағы өте риза болып үш күндей тынығып, жақсы дем алады. Отынын базарға сатып келген үй иесіне таңданып: «Бұл не деген ғажап адам, – деп ойлайды. Тұрмысы жақсы, байлығы жетеді, сүйте тұрып, әуреленіп отын шауып, оны базарға сатып, несіне бейнеттенеді екен?
Бірде қонағы сөздің реті келгенде:
– Байқаймын, тіршілігіңіз жаман емес сияқты. Барлығы да жеткілікті, таршылық көретін жеріңіз жоқ. Несіне отын шауып, сатып бейнеттенесіз. Жатпайсыз ба дем алып? – деп үй иесіне қарапты.
– Еңбекпен тауып ішкен асқа не жетсін, – депті үй иесі қонағының сұрағына жауап беріп. Отын дайындап, оны сатып адал еңбек, маңдай термен табылған қаржымен күнелтемін. Ал үйдегі жинағаи қазына-мүлік, шаруашылығымды жетім-жесір, кем-кетік, шаршап-шалдыққан адамдар мұқтажын өтеуге, келімді-кетімді қонақтарымды риза етіп атқаруға жұмсаймын. Егер қалағаның болса айт, қолыңнан қақпаймын, саған да берем!
Үй иесінің сый-құрметіне риза болған қонағы «шаруамды бұл кісіден жасырмайын» деп ойлайды.
– Рақмет сізге, – депті ол. Еш нәрсе де алмаймын. Келген шаруам пәленше деген патшамыз: «Осы маңда Атымтай жомарт деген бар, соны өлтіріп, басын кесіп алсаң керегіңше қазынадан алтын, күміс аласың», – деген еді. Сол жомартты тауып маған көрсетсеңіз болғаны, патшаның берген сыйының жартысын сізге берем.
– Маған еш нәрсенің керегі жоқ, оны тауып беру оңай, – деген жауапты естігенде қанішер әкесі базардан келгендей қуанып, екі езуі екі құлағына жетіпті.
– Бәрібір, табысымның жартысы сіздікі, – деп дегбірі қалмапты.
Енді Атымтайды іздеп жолға шығуға асықтырып, орнынан тұрған кезде, үй иесі сабырмен:
– Сенің іздеп келген Атымтай жомартың менмін. Құлдығыңа әзірмін, патшаңды риза ет те, сыйлығыңды ал, – деп қонағына басын тосады. Сасып қалған қонағы шошынып:
– Қойыңыз, бұл неткеніңіз… Япырмай, қандай мәрт адам едіңіз… Айып менде, – деп кешірім сұрап, еліне қайтып кетеді. Оралысымен патша алдына келіп болған жайды бастан-аяқ баяндайды. Сонда жомарт патша отырып:
– Бұл не деген ғажап жан! Адам мал мен мүлікке, дүниеге жомарт болушы еді. Атымтай өз жанына да жомарт, сірә, мұнымен таласуға болмас, – депті.