АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК ЖƏНЕ БАҚ ФУНКЦИЯСЫН ЗАҢДАСТЫРУДЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ ХАҚЫНДА (Қ. Сақ)

АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК ЖƏНЕ БАҚ ФУНКЦИЯСЫН ЗАҢДАСТЫРУДЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ ХАҚЫНДА
Алаш ардақтысы Ақселеу Сейдімбек туралы сөз қозғалғанда, бар саналы ғұмырын қазақтың ұлттық құндылықтарын түгендеуге арнаған асыл азаматтың журналистік жəне көсемсөзшілік қызметін айтпай, айналып өту қиянат болар еді. Ақаңның БАҚ-ты ұлт қажетіне жарату туралы ойлары ылғи да ХХ ғасыр басындағы ұлт көшбасшылары – Алаш көсемдерінің пікірлерімен ұштасып жататын. Саналы ғұмырының соңғы күндері «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында қазақ телевизиясын шетелдік экспансиядан құтқару туралы өте өзекті мəселе көтереді де, əлемге əйгілі Əуезовтің «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзін жаңа заман талабына сай «ел боламын десең, телевизияңды түзе» деп қабылдау керек деп корытады. Сөйтеді де, кейбір БАҚ басшыларының телеарна жекеменшік құзырында екендігін тілге тиек етіп, ойына келгенін істегісі келетіндігін, бірақ оған жол беруге болмайтынын былай дəлелдейді: «Телеарна біреудің жекеменшігі болуы мүмкін, бірақ соны көріп отырған халық оның жекеменшігі емес қой. Ендеше халықпен санасуы тиіс, сондай заңды талап қойылуы керек. Бұл кезінде ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мəселе етіп көтерген қисын (теория).
Оған сəл кейінірек тоқталатын боламыз.
Қазақстан Тəуелсіздігін алғаннан бергі уақытта еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі түбірімен өзгерді. Ең алдымен, бір партияның қолшоқпары болудан босатылды. БАҚ-қа меншіктің алуан түрлілігі қамтамасыз етілді. Ата заңымыз – Қазақстан Конституциясында сөз жəне баспасөз бостандығына кепілдік берілді. Цензураға тыйым салынды. Қысқасы, демократиялық бағыт үрдіс алды.
Дей тұрсақ та, ел журналистикасының əлі шешімін таппаған мəселелері де жоқ емес. Айталық, бұқаралық ақпарат құралдарының функциясы қандай болуы керек деген сауалға əркім əрқалай жауап беріп жүр. Біреулер оның ақпараттық қызметін алға тартса, кейбіреулер көңіл көтеретін, сейілдік, жарнамалық функцияларын бірінші орынға қояды. Осындай алуан түрлі түсініктің салдарынан бүгінгі күні еліміздегі БАҚ алабажақ күй кешуде.
Елбасымыз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев «Қазақстан-1» телеарнасы журналистерімен кездесуінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметін қарулы күштермен қатар қойып қарастырып, ел қауіпсіздігі үшін кейінгісінен гөрі алдыңғысының рөлі басым екендігін тілге тиек еткені бекер емес. Ақпараттық қауіпсіздік – қазір күн құрғатпай дұрыс шешуді қажет етіп отырған көкейтесті мəселе.
Осы орайда, еліміздің тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың жоғарыда тілге тиек еткен жүздесуде журналистерге арнап айтқан: «Халыққа жақ, санаға сақ болыңдар», – деген аталы сөзі көңіл төрінен орын алады. Бұл тұжырымдама – сонау ХХ ғасырдың басында қазақ журналистикасының негізін қалаған Алаш азаматтарының көзқарастарымен сабақтаса ұштасып жатқан қағида. Əсіресе, төл журналистикамыздың тұңғыш теоретигі Ахмет Байтұрсыновтың тұжырымдарымен өзектес. Осыдан-ақ Алаш азаматтары ілімінің өміршеңдігін аңғаруға əбден болады.
Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновтың ұйғарымынша, БАҚтың басты қызметі – халықтың көзі, құлағы һəм тілі болу. Басқаша айтқанда, мемлекеттік өзге билік тармақтары секілді журналистика да халыққа қызмет етуші дербес əлеуметтік институт. Қазір БАҚ кімге қызмет ету керек деген сауал қоғамдық келелі мəселе болып тұр. Оған əркім əрқалай жауап беріп, елді адастырушылық байқалады. Билік тармақтарын айтпағанда, БАҚ-қа құрылтайшы болып отырған жеке кісілердің мүддесін көздеп отырған топтар журналистерге билік жүргізгісі келеді. Бұл түптің түбінде өкіндірмей қоймайды. Сондықтан оның алдын алып, БАҚтың фунциясын заңдастыру уақыт талабы деп білеміз.
Осы орайда, Ахмет Байтұрсынұлы іліміне жүгінсек, БАҚ халыққа төмендегідей қызмет түрлерін көрсетуі тиістігі анықталады. Ең алдымен, ақпарат таратушылық қызметі алға тартылуы тиіс. Ол қоғамда, əлемде болып жатқан шындықты жариялауға негізделгені жөн. Сонда ғана халық оның пайдалысынан нəр алып, залалдысынан сақтанып тұра алады.
Екінші, журналистер – жол бастаушы. Басқаша айтқанда, қоғамдық пікір қозғаушысы. БАҚ арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, жол басшылық жасайды.
Үшінші, БАҚ – халыққа білім таратушы. Журналистер осыны əр кез есте ұстап, елдің білімінің артуына адал қызмет етуге міндетті екенін ұмытпағаны жөн.
Төртінші, журналистер – халық өкілі, ендеше соның жоғын жоқтап, мұңын зарлап, сойылын соғушы.
Міне, журналистердің атқаруға тиіс кəсіби міндеттері. Біздіңше, БАҚ туралы заң мен журналистердің кəсіби этикасы осы ілімнің негізінде түзілгені жөн. Ақпараттық қауіпсіздік мəселесі сонда ғана дұрыс шешім табарына күмəніміз жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *