Атымтай Жомарт

Атымтай Жомарт
Мысырда хан сарайында уәзірлердің мәжілісі болды. Мәжіліске Атымтай Жомарт та қатысады. Сарайға жиналған уәзірлер Атымтайды алғаш көргенде, жомарттығы қандайлық дәрежеде екен деген сияқты кейбіреулері таңғырқасты. Содан бір сыпыра жомарттық туралы сөз басталды. Атымтайға таныс адамдар, Атымтайдың жомарттығын мақтады. Уәзірлердің ішінде Зейнілғабиден Атымтайдан Бағыдат шаһарындағы Бану Халима жомарт деді. Бұған уәзірлер екі жарылды. Кейбіреулері Атымтайды, кейбіреулері Бануды жомарт деді. Сонымен екшесіп келгенде Зейнілғабиден Атымтайды қасына ертіп, Бағыдат шаһарына барып Бануды көзімен көретін болды.
Зейнілғабиден мен Атымтай Бағыдатқа келгенде жұрт Банудың жомарттығын алдын ала мақтай бастады. Шынында Бану қоластындағы жетім-жесір, қайыршыларға күнінде бір неше рет қайыр тілеп келсе де, күніне бір-бір ділдә беріп қайтарып отырған. Бануды сынау үшін Атымтай қайыршы киімін киіп, кіріп келіп еді, бір ділдә берді де жөнелтті. Сол күні кешке таяу Атымтай киімін өзгертіп киіп, қайыршы болып және келіп еді және бір ділдә берді. Бұрылып есіктен шыға беріп, қайта оралды да рұқсатпа деді Атымтай.
– Сізбен танысып, біраз әңгімелесуге болар ма екен?
– Неге болмасын.
– Мен Атымтай едім, бұрын естуіңіз бар шығар. Бүгінгі күн екі рет қайыршы болып қолыңнан екі ділдә алдым, мен сияқты күнінде бір неше жүз мың қайыршылар келіп, бір-бір ділдәдан бір неше рет алып отыратын болса, көп қазына керек, бұған сіздің қазынаңыз соншалық таусылмайтын көп пе еді.
– Қазынаның таусылмайтын себебі бар. Мұны айту қиын. – деді.
– Қазынаңыздың таусылмайтын себебін білуге бола ма? – деп Атымтай жабыса кетті.
– Осы шаһардан алты айшылық жерде Гауһаршашба дейтін шаһар бар. Сол шаһарда өнерпаз Гауһаршашба деген адам болған. Қазір де сол адам тірі. Тәңертең базар жиналған соң базарға келіп Гауһаршашба гауһар шашады. Жиналған жұрт гауһар теріп еңбектеп жатқаны. Осының гауһары неге таусылмейды, себебін біліп келіп берсең мен де қазынамның таусылмайтындығын айтамын.
– Олай болса мен қалай да аралап барып қайтамын. Бірақ өзің сөзіңде бол, – деді де шығып жөнелді.
Зейнілғабиден мен Атымтай Гауһаршашба шаһарын іздеп талай жер жүріп, өмірі көрмеген жыныс қарағай, биік тауларды аралап, арып шаршап, Гауһаршашба шаһарына келді. Шаһарға келген соң Гауһаршашбаның пәтерін тауып бір неше күн демалып тынықты. Келген жұмыстарын айтты. Гауһаршашба Банудың айтқанындай қартайса да базардың жиын ортасына барып, өз қолынан гауһар шашып жүргенін Атымтай мен Зейнілғабиден көзімен көрді.
Гауһардың соншалық таусылмайтын қорының қайдан шығып жатқанын жабысып сұрап еді, Гауһаршашба осы шаһардан төрт айлық жерде бір қари алам бар, оның қарилығы сондайлық, таңертеңнен кешке дейін құранның бір ғана екі-үш аятын оқиды да отырады. Онан жалығу, басқа кәсіп істеу дегенмен жұмысы жоқ. Атымтай Гауһаршашбаның аузынан былай деп жауап естіген соң Зейнілғабиденмен ақылдасып, тәуекел барып көріп қайталық деп ұзақ сапар шекті.
Гауһаршашбаның айтуы бойынша, төрт ай жүріп әрең дегенде қаридың шаһарына келді. Шаһарға кеалген соң қариды сұрап келсе Гауһаршашбаның айтқанындай ауыз жаппай «Енна ағмалы бенниати» деп қайта-қайта дауыстап оқып отырды.
Арасында қаридан өздерінің келген жайларын айтып, Атымтай сұрақ қойды. Не себепті дауыстап ауыз жаппай бір-екі ауыз аятты оқисыз да отырасыз деді. Көзін сипап, иегін көтеріп, Атымтайға бұрылып қарады да, мұның мәні бар, – деді.
Бұл арасын толық түсіндіріп айту үшін ең әуелі осы шаһардан үш айлық жерде бір мініскер бар. Ол мініскер дүниедегі ең бірінші қолөнерші деуге болады. Сол мініскердің кім екенін біліп берсең әңгімені бастан-аяқ айтамын, – деді.
Атымтай көп ойланып отырды да мұны да іздеп жүріп кетті. Жолаушылық ұзақ сапарға үйреніп алған адамдар кешке дейін жүріп келіп біраз дамылдап, түнге тағы да шаһарға келген соң мініскерді тауып өзіне жолдықты. Мініскердің шеберлігі соншалық, ағаштан түйін түйеді. Бірақ, ағаштан қандайлық нәрсе істеп шығарса да әрі-беріден соң жерге ұрып быт-шытын шығарып жоқ қылады. Бұл арасы бір ғажап іс. Мұны Атымтай білмек болып және жөнін сұрап еді, ол шаһардан айшылық жерде үлкен шаһар бар, сол шаһарда дүниедегі ең биік, ең үлкен Ақмешіт дейтін мешіт бар. Соның азаншысы тәңертеңнен кешке дейін дамылсыз айғайлап азан айтады да отырады. Бес уақыт намазының орнына ол бір неше мың рет азан шақырады. Осының азанының мезгілсіз осынша айтылатындығын біліп келіп бер, сонан соң мен өз жайымды түсіндіріп беремін деді. Атымтай Зейнілғабиденді ертіпе мініскердің нұсқаған жолдарымен азаншының шаһарына келеді. Келсе мініскердің айтқанындай Ақмешіттің үстіне шығып алып, айғайлап азан шақырып тұрған азаншыны көрді. Іздеп келіп азаншының мезгілсіз азан шақыратын себептерін сұрап еді, осыдан он бес күндік жерде, жапан далада құдық бар, сол құдықтың басында күні-түні киік күзетіп отырған адам бар, киіктері мен киік күзетіп отырған адам, былайғы адамды көрсе үркеді. Жайы келсе киіктер тырым-тырақай болып қашып қалың жыныс қарағай арасына сіңіп кетеді де, құдықтың басында жалаңбас бір адам отырып қалады. Осының мәнісін біліп берсең, сонан кейін мен де өз жәйімді түсіндіремін деді.
Атымтай азаншының айтқан жолдарымен жүріп келіп, құдыққа таяп келгенде қалың мал көрінді. Жақындап келіп еді, мал дегенің киік болып шықты. Киіктер Атымтайды көргенде дүр етіп үркіп, қарағай арасына сіңіп кетті. Құдыққа келсе, құдықтың басында бағанағы азаншы айтқан жалаңбас еңгезердей шонжар бір қара жігіт отыр. Жөн саұрап сөйлесейін деп еді, Атымтайға жарытымды жауап бере алмады. Екі сөзінің бірінде қыз, қыз деген сөздер қыстырыла берді. Сірә есалаң адам болуы керек деп Атымтай қиналыңқырап қасында біраз дамылдап отырды.
– Сіздің жөніңізді кімнен білуге болады, – деді.
– Үш күншілік жерде мешіт бар, сол мешіттің қазіретінен сұра, – деді.
Атымтай бұлай деп жауап бергеніне ырза болып мешітті іздеп жүріп берді. Сұрастыра-сұрастыра мешітті келіп тапты. Елсіз, жұртсыз жерге салынған жалғыз ғана мешіт екен. Мешіттің ішіне кіріп қазіретті бөлмесінен тапты, басына дағардай ақ сәлде ораған, сақалы белуардан түскен аппақ қудай адам екен. Есіктен атымтай кіріп келгенде орнынан ұшып тұрып қол қусырып, амандасып қарсы алды.
– Е, балам, аман келдің бе? Жолың болсын, әңгімеңді сөйлей отыр, – деді.
Атымтай бастан-аяқ әңгімені уәзірлердің Мысырда болған мәжілісінен қозғады. Қазірет қабарын алып, жақсы шыраймен отырып тыңдады. Қазірет Атымтайдың сөзі аяқтағаннан кейін: «балам, – деді, енді бұдан былай қарай тағы жиһан кезіп, жиһаншы боламын ғой деп қорықпа, осыдан былай, енді кейін қайтасың», – деді.
– Анау құдық басында отырған жалаңбас қара бар ғой, оның қасындағы еріп жүрген көп киіктің бәрі де адам, бұлардың шаһары сол құдықтың оңтүстігінде мың шақырым жерде болады, анау жалаңбас қара бір күндерде сол шаһарда қан болған. Киіктер қанның әскері еді. Шаһарынан қыз жетпегендей, перінің қызын алымын деп, Періойнақ деген жердегі бір бастауға келіп, перінің қыздарымен айқасқан. Перінің тілін біледі ме, болмаса олармен үйлесе алмады ма, әйтеуір өздерін пері соғып, қанды дуана ғып, сол бойы отырғызып кетеді де әскерлердің барлығын киік қылып жібереді. Өзің көрген сол киіктер қанның әскерлері, ал, бұған жәрдем беріп, перімен сөйлесерлік шаһарларында еш бір адам жоқ. Жұрттың бәрі де Періойнақ деген жердің маңынан жүруге қорқып, екі күн, үш күншілік жерден бұрылып кетеді. Бұларды қайтадан адам қалпына келтіріп, шаһарына қайтару тек ғана менің қолымнан келер еді, бірақ, менің баруға уақытым жоқ. Олардан ешкім қабарласпайды, сонымен олардың жайлары осы еді.
Атымтай естігенде қазіреттің бетіне қарап отырды да:
– Қазірет, – деді, одан арғы жолдардағы азаншы, мініскер, қари, Бану тағы-тағылардың сырларын ашып бермейсізбе, – деді Атымтай.
– Олардың жайларының бәрі де маған белгілі, бірақ түпкілікті сырларын жол бойы өздері айтамын депті ғой, айтар, – деді.
Атымтай, қазірет бұлай деген соң көп қазып сұрамады. Әйткенмен, Банудың қазынасының түпкі қорының қайдан шығып жатқанын білуге ынта қойды. Атымтайдың ойын қазірет те біліп, былай деп жауап берді: «Бану қазынасының көптігін өзі айтар, бірақ Банудың өз басы саған құмар, түбінде Банудың тілегі орындалады, сен Бануды алуың керек», – деді.
Қазірет Атымтайға батасын беріп, шығарып салды. Атымтай келген ізімен бір неше күн жүріп азаншыға келді. Азаншы құрметпен қарсы алып, күтті. Атымтай азаншыға шешіліп барлық жағдайдың бәрін бастан аяқ сөйледі.
Азаншы өзінің жайын Атымтайға әңгіме қылып сөйлей бастады: мен осы шаһардың азаншысымын. Мезгілмен ғана бес уақыт намаздың алдында мешіттің жоғары мінбесіне шығып азан шақыратынмын. Менің дауысым мұңды, толқынды жанның бәріне сүйкімді еді, айтқан зікірімді жұрт ұйып тыңдай қалатын. Бір күні жұрт жұма намазына жиналып, мен намаздың алдында азан шақыруға шықтым. Екі қолды құлаққа қойып зікір салып тұрғнымда көз алдым қарауытып, басым айналып кеткендей болды. Көз алдыма жіпке тізілген қолға тотылық маржан тартыла қалыпты. Қызықтым, ұстай алып ем, көтеріп бойы мешіттен шығарып көкке алып жөнелді. Көз сол бойы жұмылып кетті, көкті аралап, көктің талай қатпарларынан өттім, әуені де аралап маржанның астында салбырап келемін. Ойлаймын, қолымнан шығып кетіп, жерге құласам, күл талқаным шығып қалады-ау деймін. Әйтеуір көзімді ашқым келмейді. Мүмкін көзімді ашсам, көкте жүріп жерді көріп, жүрегімнің қабы жарылып кетерме. Бір мезгілде сырылдап, тұйғындай түйіліп, жерге қарай зымырады. Мен астында салбырап қалмай жүрмін. Әлде не уақытта аяғым сыбдырлап шалғынға оралды, қолым босап қалыпты. Көзімді ашып жіберсем, құлазыған жапан дала екен. Шалғында белуардан бөленіп жатырмын. Маңайыма көз жіберіп едім, қалың жайылып жүрген қарала, торала таудан түсіп келе жатқан қойларды көрдім. Қуандым, қойшысына сөйлесіп неде болса елге барамын ғой дедім.
Орнымнан ұшып тұра келіп, қойға таман жүре бастадым. Қойдың артынан еріп келе жатқан қойшыға жолығып, ел сұрадым. Ол жауап берместен бұрын менің жөнімді сұрай бастады. Сұрағына қарай жауап беріп жатырмын. Бірақ, бүгін шықтым елден дегеніме сенбей, ашуланды. өзі де алпыстың ішіне келіп қалған ақсақалды адам екен. Шырағым мені алдауға айналдыңба деп тілге келмей-ақ қолындағы таяғымен салып қалды. Зәре қалған жоқ, қорықтым, ғапу сұрап жалындым. Әйтеуір жер таяқты жеп алған соң, неде болса елге жету мақсат болды. Қойшының нұсқауы бойынша елге таман бетімді түзеп тағы жөнелдім.
Бұл уақытта күн батуға таянып қалған еді. Мен бір белең асып түскенімде үлкен зиратқа кездестім. Енді ауыл зираттан көп алыс емес екенін білдім. Бірақта зиратқа түнеу ғадетім еді, сол ғадетім бойынша зиратқа түнедім.
Күн батып, көз байланған соң таудан туралап зиратқа қарай төнген, табақтай дөп-дөңгелек от көрінді. От барған сайын жақындап, зиратқа таяп келгенде, қорқып жасырынып жатып сығалап қарадым. Сүйтсем, от дегенім айдағардың көзінің оты екен. Келді де бір жалпақ есіктей тасты аударып, ішіне кіріп адам суретіне түсті. Бұл уақытта мен де орнымнан ұша түрегеліп әлгі қақпа тасқа келдім. Соңынан ердім, қуыстың ар жағы үй екен. Бір-екі есікті ашып кірді, үшінші есікті ашқанда, ар жағынан күн мен айдай бір сұлу қыз шықты. Қызды көзім шалды, бірақ айдағар жазым қылар деп ізімше шығып жөнелдім.
Қай уақытта шығар екен деп екі көзім қақпа таста, зираттың бұрышында аңдыдым да отырдым. Таң қараңғысында тағы айдағар суретіне түсіп тауға қарай жөнелді.
Ертеңінде мен өз бетіммен елге қарай тарттым. Үлкен бір шаһарға кездесіп, қайыршылық құрдым. өз шаһарымның қаншалық жерде екенін мөлшерлей алмадым. Жайымды айтып сұрайын десем тағы да таяқ жеймінбе деп қорықтым. Әйтеуір бір жақсысы, қайыршының жөнін сұрамайтын елдің ғадеті ғой, сол ғадет бойынша менің жөнімді сұрап білуге ешкім құмар болған жоқ.
Түнде қонып аттанған үйлерім ханның қызы жоғалып, оны айдағар, дию алып кетті деседі. Бірақ, соны мен көріп едім, тауып беремін деп оқыста біреуге аузымнан шығып кетті. Менің бір ауыз сөзім дереу қанға жетті. Хан дереу бүкіл шаһардан мені іздетіп, қонып жатқан жерімнен алдырды. Хан шақырды дегенде тағы да бір қылмыс тағып, жазалап тастарма екен деп қорқып, қашан алдына келгенше зәре құт қалмады. Сүйтсем жоғалған қызын сұрады, табамысың деді, іркілгем жоқ, табамын дедім. Менің табамын деген сөзім шыққанда қан қуанып орнынан ұша тұрып еді, олай-бұлай жүріп егер, – деді, қызымды тауып беретін болсаң, сол қызымның өзін, болмаса қызымдай уәзірлерімнің қыздарының ішінен таңдаған қызыңды өзіңе алып берем деп уәде берді.
Қыздарды шақыр деп еді, сау етіп қан отырған үйге оншақты қыз жетіп келді. Қыздардың сұлулығы соншалық, бірінен бірі өтеді. Төмен қарап үндемей отырдым да байыппен, «хан мынау уәзірлердің қыздарының ішінен өзіңіз лайықтаған біреуін берерсіз», – дедім.
Хан бетіме қарап алды да, ортада тұрған бір қызды нұсқап, қолын созып көрсетті. Мынау деді, Тайыр деген бас уәзірдің қызы Шолпан, олай болса сенің қалыңдығың деп қызға қарап еді, қыз ұялып төмен қарады. Басқа қыздар Шолпанды ортаға алып, хан рұқсат еткен соң орнындрынан қозғалып жөнелді.
Менің де көңілім өсіп қуанып, недәуір көтеріліп қалдым. Бақытыма қарай қан кез болды, енді жолым болар, ханның қызын тауып беруім керек, бұл маған қойылған серт деп ішімнен ойландым да қойдым.
– Жә, менен қандай жәрдем күш, құрал-сайман керек, – деді хан.
– Қырық жігіт, әскерлік құрал күштерімен ертең кешке дейін болсын, бірақ, ол жігіттеріңіз менің әмірімде болып, не бұйырсам соны орындайтын болуы керек, – дедім. Ертеңінде кешке таман сауыт, сайманмен қырық жігітті ертіп кәдуелгі зиратқа келдім. Жігіттердің бәрін де зираттың ішінде жасырып қойып, қазыр мынау таудан айдаһар келеді, соны аңдймыз. Анау қақпа тасты ашып қуысына кіргенде даяр тұрыңдар, шыға берісінде соғысамыз, – дедім жігіттерге.
Көз байланған соң күндегі әдеті бойынша таудан еңбектеп айдаһар да келіп қақпа тасқа ілінді. Қақпа тасты қопарып аударды да кіріп кетті.
– Әне көрдіңдер ме? – дедім жігіттерге.
– Көрдік, – деді.
– Біздің алысатын жауымыз осы. Егер өлтірсек қыз табылады. Барлық күшті жинап ол айдаһар суретіне түспес бұрын, адам суретіндегі күнінде айқасуымыз керек, – дедім.
Қырық жігітпен қақпа тастың аузын алдық. Өзім жігіттердің алдынан белсеніп қару сайманын қолға алып әзір болдым. Таңға жуық айдағар ысылдап шығып келе жатқанда демімен тартып еді, жігіттердің бәрі де қаша жөнелді. Мен семсерді екі қолыма көлденең ұстап, айдаһардың аузынан тіліп өте шықтым. Мен талып қалыппын, жігіттер қашып қанға барып, қайыршы айдаһармен алысып қалды, біз қорқып қашып кеттік деді. Хан екінші қабат кісі жіберіп, бұлар келсе айдаһар өліп қалғанын, менің талып қалғанымды көрді. Менің басымды сүйеп, есімді жинағаннан кейін қақпа тастың ішіне кіріп қызды алып шықты. Жұрт шапқылап ханға қабар жеткізді. Хан қырық күн ойын, қырық күн той жасап, екі той бір болсын деді. Шолпанды маған тигізді. Мен Шолпанды алған соң ханға уәзір болып қызмет істедім. Менің атымды хан Жолдыаяқ қойды. Бұрынғы өз атым Қакім болатын. Сонымен жақсы тұрмыста төрт жылды өткіздім. Үйлі-баранды, бала-шағалы болдым, ханға қызметім жақты. Хан сондайлық маған сенді. Басқа уәзірлерден жасырын сырларын маған ғана айтатын еді.
Бір күні түнде жүгіріп Сағила деген жеңге келіп, суық хабар жеткізді. Сағиланың сөзіне қарағанда, сол күннің өзінде қырық уәзір сыналып, ханның бұйрығы бойынша мені дарға аспақшы болыпты. Мұны естіп Шолпанға ақылдасып едім, Шолпан мен мұны естідім. Бірақ сен айтқан боларсың деген сұраққа сенбедім. Сенбеген соң саған айтпаған едім. Менің естуімше сені сынайды деді. Бірақ ханның қызы куәлік беріп, бұрын бір диудың соңынан қақпа тастың қуысына еріп кіргенін көріп едім, – депті дегенде менің зәрем ұшып кетті.
Көп ойландым. Ханның алдына барып бастан-аяқ қал-жайымды айтсам ба екен дедім, шырақ диудан өзі қорқып тұрған хан ұстап алып өлтіреді ғой деп ойлап және қорықтым. Қашу керек дедім ішімнен. Бірақ Шолпанға бұл сырымды айтпадым. Амал қанша Шолпанды тастап, сол түнде шаһардан шығып қашып жөнелдім. Соңынан менің қашып кеткенімді естіп іле бүкіл шаһар халқы болып, таңды бетке ала іздеді. Қарағайдың арасында маған жетіп жабыла шаһар болып, ортаға алып қуды. Мен қашып келемін, қалың жұрт қуып келеді, желдің лебіне түріліп көтерілген етегімнен әне ұстайды-ау, міне ұстайды-ау деген кезде менің көзіме маржан елестеді. Бас салдым, көтеріп алып жөнелді. Жұрт артымда шулап, не деген керемет деп қала берді.
Маржанның астында баяғыдай салбырап келемін. Әлде не замандарда бір қамысқа келіп аяғым ілініп еді, көзімді ашып жібердім. Ештеңе де жоқ, қалың қамыстың ішінде қалыппын. Жан-жағыма бұрылып қарап едім, биік құм таудан басқа көзіме еш нәрсе көрінбеді. Неде болса осы таудың басына шығайын деп екі етегін беліме түріп алып, әрең дегенде тауға шықтым. Таудың арғы жақ бетінде, тек қана жалғыз, көк шатырлы күмбез көрінді. Аяңдап отырып күмбезге келіп едім, есігінің алдынан күзетші әйел кез болды. Кіруге рұқсат сұрап едім, тұра тұрыңыз, сөйлесіп келейін деп, тұра жөнелді.
– Кіруге рұқсат, – деді.
Күзетші әйелдің соңынан есіктен кіріп, аралап сарайға келсем, асыр салып билеп жүрген қырықтай жас қызды көрдім.
Қадиша деген ханның жалғыз қызы, қасындағылары соның ерген күзетшісі екен. Бұрын ешкімді іштеріне жібермейтін тәртіптері болса да, бұл жолы маған ондай тәртіп қолданған жоқ. Не керек, өздерімен бірге күмбезде асыр салып ойнап көп уақыт өткердім. Қадишамен жақсы таныс болдым, мені сарайдан шығарғысы келмеді, бірақ мен ол өмірге риза болмадым. Менің есі дертім туып өскен шаһарым болды да тұрды. Жатсам, тұрсам осылардың есігінен қалай шығып құтылармын деймін. Бір үні барлық қыз жапа-тармағай сыртқа шықты, мен де шықтым, ойнап жүріп қыздардың арасынан сытылып қаштым. Тұра қуды, құтқармауға айналды. Састым, не қыларымды білмедім. Енді ұстаса оңдырмас, ханға айтып дарға асады ғой деп ойлаймын. Енді ұстайды-ау дегенде ойламаған жерден тағы да маржан сап ете түсті. Шап бердім, көтеріп ала жөнелді, қайда алып барады, қай жерге тоқтайды, онда менің жұмысым жоқ, шынында ондайды ойлауға мұршамды келтірмеді. Ұшқанда жылдамдығы сондайлық, көзіңді аштырмайды ғой. Не заманда табаным жерге тиіп, қолым босап, көзім ашылып кетті. Қарасам өз шаһарым, өзіміздің мешіт тұр, мешітке қарай жүгірдім. Келсем жұрт жиналып, намаз оқығалы жатыр екен. Мені көріп құшақтап бірінен соң бірі аузымнан сүйіп, төсіне қысып мәз болды да қалды. Менің қайда, қалай барып келгенімді сұрады, несін жасырайын бәрін айттым. Жұрт былай деп жорыды, ол сенің маржан дегенің бақыт құсы, анау бастапқы уәзірдің қызы бірінші жұбың, екінші құдай қосқан жұбың Қадиша, ол саған туғаннан ғашық еді, сені күтіп жатқан беті болатын. Сен онан бекер қаштың, – делі.
Мұны естігенде жаман өкіндім. Расында Қадишаны алып кетуім керек екен, ол бір өмірлік өкініш болды. Мен содан бері қатты өкінішті болдым. Қайғырып мешіттің төбесіне мінбеге шығып алып, мезгілсіз зікір шақыратын себебім сол. Бақыт құсы тағы келеме деп үмітті болам. Зікір салмасқа менде еш бір дәт қуат қалған жоқ. Еріксіз бақырамын да тұрам, кейбір шаһар қалықтары мені жынданған деп те сөз қылатын көрінеді. Олардың сөзі ішіме де кірмейді. Міне менің мезгілсіз зікір салатын себебім осы, – деді азаншы.
Атымтай азаншының аузынан әңгімесін естіп болған соң, рұқсат сұрап мініскердің шаһарына жүріп кетті. Көп уақыт жүріп шаһарға келді. Шаһарға келіп мініскерге азаншының мән-жайын, азаншының өзі айтқандай қылып түп-түгел айтып шықты. Мініскер: «Атымтай, – деді. Енді мен мініскерлік жайымды айтайын, сен құлақ салып түгел тыңда», – деді.
– Менің шаһарым осы арадан мың шақырым шамасында, шаһардан қашып келіп отырған мен бір қашқынмын.
Менің әкем жәй ғана қолөнерші еді, әкемнің тәрбиесімен мен де қолөнер жұмысына жасымнан берілдім. Қолымнан келмейтін өнер жоқ, он қолымнан өнер төгілді. Мен темір де соғамын, темірден түйін де түйемін, ағштан жасамайтын, түймейтін түйінім болмайды.
Атадан жалғыз едім, әке-шешем қартайып мені үйлендірмекші болды. Көп уақыт қыз таңдадым, лайықты сұлу қыз кездеспеді, осы қандай ай мен күндей сыншы болып кеткенімді білмеймін. Бір күні үйіме бір ақсақал келіп қонды. «Балам, – деді, қалыңдығың бар ма», – деп мені айналдырды. Жайымды айттым. Маған сұлу керек еді, сұлу таба алмадым дедім. Сенің көзің сұлу зат жасап әбден машықтанып қалған. Саған жуырмаңдағы өңі сұлу қыздар ұнай қоймас деді. Ақсақалдың мұнысы рас еді.
– Я ақсақал, өзіңіздің табар сұлуыңыз барма, – дедім.
– Менің табар сұлуым саған ұнайды, ондай сұлу дүниеде болмауы керек, болса мұнан артық сұлу бұл өмірде көргенім жоқ деді.
Шамасы ақсақалдың жасы алпыс жастан асқан еді. Алпыс жылдық өмірімде мұнен артық сұлу көрмедім дегенде, жүрегімді тас сендірді.
Ақыр ақсақалға еріп, ақсақалдың айтқан сұлуын іздеп бардым. Барсам дүниеде жоқ сұлу десе сұлу екен. Бар сын көзіммен қарап сынасам да, тұрған бойынан түймедей мін таға алмадым.
– Ақсақал, – дедім, сіздің мынау көрсеткен сұлуыңыз көңілге ұнады, мен мұндай сұлу көргенім жоқ едім. Мақтауға сөз таба алатын емеспін, – деп ем, ақсақалым қарқылдап күлді.
Сол жол ақсақалдың жәрдемімен құда болып, қалың малын төлеп сұлуды алдым. Сұлудың аты Айсұлу еді, Айсұлуды алғаннан бері жұмыс істеп кәсіп қылуға мойын жар бермеді, желкеден бір нәрсе тартып тұратын сияқты. Қасынан шықсам, көзінен таса болсам, жаным шығып кете жаздайды. Айсұлу да мойныма оралып қасынан шығарғысы келмейді, еңбек істеп, мал тауып күн көру керек еді. Ол менде болмады. Кемпір-шал өлді, тұттай болып кедейлендік, қолдағы бар таусылды, осы жоқшылықтың бәрі де Айсұлудың қасында отырғанда ойға кіріп те шықпайды.
Бір күні біреулермен еріп жолаушы шығатын болдым. Менің жолаушы шығатынымды Айсұлумен ақылдасып бір ай бұрын шештік. Сонымен жүріп кеттім. Жолаушының еркі өзінде болатын, «құдай қонақпыз» деп бір үлкен ақ ордаға келіп түсе қалдық. Бес-алты адам едік, күтті. Түнде бір құмалақшыға бәріміз де құмалақ салдырдық, менің кезегім келгенде құмалақшы бетіме бір қарап алды да, жәйіп қойған құмалағына қарап алып: «Балам, – деді, сенің ажалың әйеліңнен болады», – дегені ғой. Сенгенім жоқ, оттап отыр деп ішімнен ұрыстым, бетіме қарап маған сенбей ішіңнен ұрсып отырсың ғой, айеліңнің таңға жуық еті мұздап, еркекпен бірге тамақ ішпейтіні распа дегенде шошып кеттім. Осы иттің айтып отырғаны сандырақ, сандырақ та болса мынау сөзді тауып айтты-ау деп қорықтым.
Шынында Айсұлу басқа еркек түгіл өзіммен бірге отырып тамақ ішпейтін еді. Және таңға жуық еті мұздай болатын, ойлаушы ем, еркекпен бірге тамақ ішпеуін, таңға жуық етінің мұздауын бір себептер бар ғой, сол себептерін сұрасам көңілі қаларма екен дейтін ем. Барған соң енді сұрамай болмас деген ойға келдім.
– Ал бәлгер, рас-ақ болсын, енді барған соң сүйтіп ол әйелмен айырылысу керек бе? – дедім.
– Енді жан керек болса айырылысасың, болмаса әйеліңнен өлесің, бұл екі арасын өзің таңдауыңша, – деді.
Мен сол қорыққаннан қорқып, қорқынышты ұстай үйге жеткенше таудай қылып үйіп алдым. Үйге келген соң, әйелімнің бетіге қарасам, жүрегім аузыма тығылып, кеудемнен бір бәле тіреп тұрған сияқты болды да қалды. Қорықсамда қайтейін, «менімен бірге тамақ іш, және таңға жуық етің неге мұздайды, айт», – деп жабыстым. Ашулануға айналды, өңі өзгеріп бұрылып барады екен, табан тіреп сөзімде тұра алмадым. Ойпырмай сұлуым-ай, неге ашуландың деп қорыққанымнан мойныма оралдым. Жан тәтті ғой, жанымды қоярға жер таппай жаман сасқаным. Сонымен неде болса қашып кетейін, қашқын болайын деген қорытындыға келіп, сұлудан қайтып безудің ақылын таба алмадым. Бір күні мұрныма мақтаны тығып, ауа кірместей, шықпастай тығып тастадым да, сұлудың қасында өтірік ұйықтадым да жаттым.
Түн ортасында төсектен атып жерге түсті, сандықты ашып, жақсылап киінді, айнаға қарап таранды, бір нәрсені алып келіп мұрныма иіскетті, маңдайымды уқалап жіберді де шамды өшіріп үйден шықты. Бұл қайда бара жатыр, соңынан қалмайын деп мұрнымдағы мақтаны алып тастап, соңынан ердім де отырдым. Үлкен көшемен аяңдап отырып басынан шығып, ордалы жыланның ішіне келіп жылан суретіне кірді де кетті. Мұны өз көзіммен көрдім, бұрынғы қорқыныш қорқыныш па, қорқыныш онан жаман зорайды, ізімше қайтып келіп орныма жата қалдым. Мұрныма мақтаны тығып қойдым, ойлаймын, бұл сайтан ба, әлде диу, періме деймін де тағы да ойланам. Не заманда таңға жуық келді, шешініп келіп орнына жатып еді, еті маұздай екен. Әрине жер бауыры суық келеді ғой, жыланмен ойнап күліп, жерден шығып келген соң солай болу керек.
Сонымен ертеңінде түнде өз үйімнен өзім үркіп, қашқын болып шаһарымнан шығып, міне осында келдім. Мен келгелі бір қыдыру жыл болды, артымның не күйде болып қалғанын білмеймін. Мұнда келген соң ағаштан түйін түйіп, кімге не керек, керегіне қарай нәрсе жасап шығарамын. Сол қолымнан жасап шығарған нәрсем сондайлық сұлу болып шықса, отырамын да осы сіра сұлуда менің не жұмысым бар, басыма тиіп еді ғой деп жерге ұрып быт-шытын шығарамын да, өзімді өзім басқа ұрып ақырында қарқылдап күлетінім сол. Бұған да шүкіршілік, басым аман қалғанына қуануым керек деймін. Міне менің барлық қал жайым осы деп мініскер Атымтайға әңгімесін аяқтады.
Атымтай мініскердің жалпы жайымен танысып, әңгімесін естігеннен кейін аттанып жүріп кетті. Атымтай сол жүргеннен жүріп Қаридың шаһарына келіп, қарияның өз үйіне түсті.
Қарияға мініскерің жайын сөйлеп, енді қарияның өз жайын сұрады.
Қария:
– Мен ұры едім, ұры болғанда мал яки зат ұрлайтын кәдуелгі ұры емес, осы адам ұрлайтын ұры едім, – деді.
Ол күнде менде төл ат қып мініп жүрген Тобышақ деген атым бар еді. Атымның орамдылығы, шапшаңдыағы, шабысының дәрежесі сондайлық, атылған оқпен жарысатын. Сол атпен жүріп бір шаһардың адамын көшеден, кез-келген жерден алдыма өңгеріп, ала қашып екінші шаһарға алып барып, құлдыққа сатып жіберетінмін, осыны кәдімгі кәсіп қып жүрдім. Бір күні бір шаһардан бір адамды екінші шаһарға сатып келе жатсам, айыр жолдың тарауында бір ақсақал отыр. Жақындай бергенімде ұшып тұра келіп амандасты. Сол уақытта менің ойымда құдай сол ақсақалды оңынан берді ғой, өңгеріп ала кетіп бір жерге құлдыққа сатып жіберейін деген ойыма кірді. Бірақ, аман сәлемнен кейін: «балам дос болалық», – деді. Мен жөнді жауап бермеп ем, «менсінбей тұрмысың» деді. Және «балам қандайлық кәсіп істейсің деген сұрақты көлденеңнен қойып жіберді». «Кәсібім ұрлық» дедім. «Адал кәсіп істеуге болмай ма?» деді, «адал кәсібіңіз не?» дедім. «Дос болсаң мен адал кәсіпті үйретемін, дос болалық» деп жабысты. «Болсақ болалық» дедім.
– Олай болса ер соңымнан деп ақсақал алдыма түсіп жортып жөнелді. Шауып келемін, тобышақтан тері де шықты, нәсілі тобышаққа жеткізетін емес сияқты. Ол жүрген бетімен жүріп келіп сәскелікте үлкен дарияға кездестк. Ақсақал кәлімгі қара жерден жүгіргендей судың бетіне жүгіріп алып жөнелді. Мен суға келіп тіреліп тұра қалып едім, жүр деп айғайды салды. Мен де суға тобышақты салып жіберіп жүзіп өте шықтым. Алдымыз биік жартас еді, шатқа келіп тірелдік, атты саяға байлап жоғары шыңырауына шықтық.
– Балам, – деді қорықпа, сескенбе және масаттанба, – дегені ғой.
– Жарайды деп тәуекелге кірдім, келе үлкен жартасты етекке домалатып жердің құлағын тапты. Үңіліп қарасақ терең, үлкен аңырайған қуыс, ақырындап жел сызғып тұр. Жүр деп шал бастап кіріп кетті. Мен де соңынан еріп келемін, арырақ барған соң, арғы жағы үй болып шықты. Бір есікті ашып кіріп келіп еді, байлаулы тұрған дәл менің тобышағымдай он екі тобышақ тұр. Онан ары жүріп еді алдымыздан шалқыған жалын, сықырланған айдағар жылан не түрлі зиянды қайуандардың бәрі ауыздарын ашып, тілдерін жалақтатып қарсы шықты. Ақсақал қамшысын иіріп ашуланып еді, жолын сөніп, хайуандар бүйірін соғып жата кетті. Онан әрі және бір есікті ашып кіріп келдік, ай мен күндей бір сұлу қыз кездесті. Ақсақал қызды көре ақырып, «шешін» деп зекіріп қамшысын иіре беріп еді, қыз жалбарынып адамның ішіне кірерлік не түрлі тәтті сөздерді айтып шешінбеу айласына кірісті. Ақсақал онан сайын өршеленіп қамшыны қыздың арқасына түйілтіп қояды. Ақыры жанын қоймады, көйлегін шештіріп, енді іш киміңді шеш деп бұйырды. Қыз ғауретімді ашамын ба деп жыламсырап жабысып еді, ақсақал онысына көнбеді, еріксіз тыржалаңаштанды. Қыздың бұлшық еттері құйған шамдай, еті аппақ қардай адамның аққуы екен. Ғауретін ашқанға мазаланды білем, шалқасынан құлады. Қыз құлап еді аузынан ақ көбік бұрқырап ағып, үйдің ішін көбік басып кетті. Дәл сол уақытта ақсақалдың қызды жалаңаштағанына мен де ішімнен наразылық білдіріп тұр едім, ақсақалым көңілсізденіп, «Балам, – деді, сен көңіліңді мықтап ұста, маған да өзіңе де жаман болады, былқылдама», – деді. «Осы есіктен шыға алмай қалармыз, көңіліңді мықты ұстайық», – деді. Маған десе қызды қуырып жесін деп бекіндім. Қыздан өтіп және бір есікті ашып кіріп едік, адам айтқысыз жиһаз қазына мүлкіне кездестік. Кейін қалған он екі тобшақты айдап келіп қазына мүлік жиһазды теңдедік. Сүйтіп тобышақтарды мен сыртқа айдап жөнелерде, ақсақал қыздың аузынан шыққан көбіктен бір қуық көбік алды. Келген жолымызбен тобышақтарды айдап қосылған тарау жолға келдік. Ақсақал тұра қалып: «Ал балам, мынау қазынаның қаншасын аласың, дос едік және адал кәсіпке баулымақшы болып уәде берген едім», – деді.
– Досыңнан түйе сұрасаң қорыққаннан бие береді, – деп мен тобышақтың жүгімен қақ жарымын сұрадым. Ақсақал қынжылмады. «Балам бөліп, жартысын ал», – дегені. Алты тобышақты жүгімен айдап алдыма салып, ақсақалға қоштасып, жөніме жүріп кеттім. Былай шыққан соң ойыма келді, «апыр-ау бәрін неге сұрамадым, сұрасам да беретін еді ғой» деп көңіліме келе берді. Тұра қалып қолымды бұлғап айғайлап шақырдым, жетіп келді, «не айтасың досым», – деді. «Мынау өзі бір жақсы адал кәсіп екен, сізді шақырғаным анау алты тобышақты жүгімен маған беріңіз, керек болса өзіңіз тағы да аласыз ғой», – дедім. «Ал балам, достан кісі мал аяйма», – дегені. Сүйтіп ұялмай он екі тобышақты айдап және жөнелдім. Пендешілік қандай, көңіліме тағы бір жаман ой келді. Осы он екі тобышақтан анау қыздың аузынан шыққан көбік артық шығар деп ойладым. Шақырдым, аяңдап жетті, не айтасың балам деді. Көбіктің жайын сұрайын деп едім, ол неменеге керек, мүмкін ол көбік мынау он екі тобышақтан қымбатырақ шығар дедім. Ақсақал біраз үндемей тұрды да, мынау көбікті адамның көзіне жақса, дүниенің бәрі ұжымақ болып көрінеді деді. Жабыстым, ал ақсақал менің көзіме жақ, ұжымақты көрсет дедім. Қуықтың аузын шешіп, көбікті бармағына жағып алды да, екі көзіме жағып келіп жіберіп еді, көзім соқыр болды да қалды. Он екі тобышақты алдына салып ақсақал айдап жөнелді. «Ақсақал еке ақсақал, көзімді жазып кет», – деп жалынып ем, көзің жазылады «еннама ағләлі беннети» деп айта бер, – деді. Сол жолдың үстінде қақсадым да отырдым. Жүргіншілер кездесіп шаһарыма алып келіп тастады, сонан міне осы күнге дейін көзім жазылама деп күні-түні қақсаймын да отырамын. Былайғы жұрт менің не қылып отырғанымды білмейді, әйтеуір бір аят сөзді оқып отырған соң «қари» деп ұғынады. Мен қаншалық қари болайын, өмірі басым сәждеге тиіп көрген емес деді.
Атымтай қаридың әңгімесін естігеннен кейін, онан аттанып Гауһаршашбаның шаһарына, Гауһаршашбаға келді. Гауһаршашбаға қаридың барлық жайын айтқан соң Гауһаршашба гауһардың қайдан шығып жатқаннын айтты.
Он алты он жеті, шамасында Гауһаршашба өз шаһарында Зейніл деген байдың қолында малайлықта болады. Малайлық өмір, кісі есігі қандай қиын, адамның өмірі өксиді екен деп әңгімені өз өмірінің кісі есігінде жүрген күннен бастайды. Байдың қолында екі ақбоз тұлпары болды. Бір күні бай жолаушылап барып келді де, дәл түнде таңасып тұрған атты маған суарып отқа қой деді. Аттарды суарып құдық басында тұр едім, көлденеңнен екі ұры пайда бола кетті. Мен басында ұры екен деп ойлағаным жоқ едім, жәй адам ғой деп қашпадым. Жақындап келді де тізгінімнен шап беріп аттан аударып тастады, өзімді тіл ауыздан қалдырып өлімші қылып сабады. Беті-аузымды қан жауып кетті, ұрылар атты алып жөнелді. Есімді жинаған соң аяңдап байға келіп істің мән жайын айтып ем, сенбеді. Өзің қолыңнан жөнелтіп келдің деп басыма келіп міне түсті. Тепкілеп көгала қойдай қылып серейтіп босағаға салып қойды. Ыңырсып жатыр едім, мынау сорлыға обал болды-ау деген ешкім болмады. Есімді жинап алып, басымды көтеруге айналсам, бай және келіп ұрып өлімші қылып кетеді. Сол түн таң атқанша таяқ жеумен болдым. Бүйткенше өлейін, таудан құлайын деген оймен еңбектеп құздың басына шықтым. Құздың басында тұрып жерге қарасам, көз жетпейді. Тіпті алыс ойыма әр түрлі нәрселер түседі, сүйтіп отырғанымда қасыма бір ақсақал келіп пайла бола кетті. Мен енді құлауға ұмтылғанымда бағанағы ақсақал етегімнен ұстай алды. Егер мынадан құласаң дымың да қалмайды, өзіңді-өзің азапқа салғалы тұрған неткен жансың, мұның жарамайды деп тоқтау айтты. Және мұнан былай қарай өз күніңді көр бейшара деп бір қуық көбік берді. Көбікті топыраққа шашсам гауһар болып шығады, көбік және таусылмайды. Менің кәсібім бүкіл шаһарда бұрын өзім сияқты ғарып, қысірлерді гауһар шашып, солардың тұрмысын оңдау болып отыр. Менің атымды шығарған осы қуық еді деп қуықты жан қалтасынан суырып алды.
Бану жомарттығын сенен асырамын деп, қайыршыларға мырзалық құрып отыр. Оның қатынасын көтеріп, жәрдем беріп отырған мен. Үйтпеген күнде оның жомарттығы сенен анағұрлым төмен, – деді.
Және қазірдің өзінде Рум шаһарында хан сайлауы басталды, соған дейін жетуің керек деді.
Атымтай Гауһаршашбаның әңгімесін естігеннен кейін Бағыдатқа келді. Бағыдатқа келген соң Зейнілғабиденді Бағыдат шаһарына қандыққа сайлап, Бануды қырық күн ойын, қырық күн тойын істеп өзі алды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *