АМАНДОСОВ ƏЛЕМІ (Қ. Сақ)

АМАНДОСОВ ƏЛЕМІ
Тауман Салықбайұлы Амандосов! Бүкіл қазақ журналистеріне етене таныс, жақын да жылы естілетін есім. Өйткені еліміздің БАҚ өкілдерінің бірнеше буыны ұлағатты ұстаз дəрісін тыңдап, оның маңдай тер, ерең еңбегі сіңген білім ордасы – ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқу бақытына ие болды. Бар саналы ғұмырын сарп етіп, толағай теңіз ізденістен туған ғылыми-теориялық еңбектері қазіргі таңда құны жоғары, шəкірттерінің қолынан түспейтін асыл дүниелерге айналды.
Ұстаз. Ғалым. Қаламгер. Қайраткер. Амандосовтың төрт тағаны. Айтуға ғана жеңіл, ал тереңіне бойласаңыз шеті жоқ шексіз дария. Сондықтан да ол жайлы сарқып айтпақ тұрмақ, бетінен қалқып баяндаудың өзі біршама ыждағатты ізденуді, моншақтата тер төгуді қажет етеді.
Екінің бірінің қолы жете бермейтін бұл биікті алу, əрине, Тау-ағаға оңай соқпағанын былайғы жұрт жетік біле бермейді. Балалар үйінен бастау алатын шырғалаңға толы өмір жолы оны əбден сынақтан өткізіп барып, шығармашылық атты мəңгілік дүние кілтін қолына ұстатты. Оған келер жылы асқаралы алпыс жыл толғалы тұр. 1942 жылы қазіргі Атырау қаласында шығып тұрған облыстық «Социалистік құрылыс» газетіне əдеби қызметкер болып еңбекке араласқан кезінен былай қарай ол журналистикадан бір елі ажырамай, қаламгерлікті өмірлік серігі етті. Ғалымның хаты өлмейтіндігін Амандосов шығармашылығы тағы да айқын дəлəлдеп берді.
1946 жыл – жиырма бес жастағы Тауман ағаның өміріндегі ең бір шешуші жыл. Осы жылы ол талайлардың биік арманы – атақты ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистік бөліміне оқуға түсті. Соғыс жаңа аяқталып, елдің тұрмыс-тіршілігі əлі түзеле қоймаған жұпыны кез. Балалар үйінен шыққан шəкіртке оқу оңайға соқпағаны айтпаса да түсінікті. Бағына қарай, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер атқаратын аудармашылық жұмыс табылып, оқуын еңбекпен ұштастыруына тура келді. Сол кездегі атақты аудармашылар С.Бəйішев, Ж.Жантөрин, Қ.Сағындықовтардың ақыл-кеңесін тыңдап, тəжірибе жинақтап, кеңес жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударуы – талантты аудармашы Амандосовтың алғашқы айтулы табысы еді. 1950 жылы оқуын үздік дипломмен тəмамдаған жас маманды ҚазМУ аға оқытушы етіп өзіне алып қалуы да тегін емес-ті.
Тауман Салықбайұлы 1952-54 жылдар аралығында ҚазМУ-дің сырттай оқу жөніндегі проректоры қызметін абыроймен атқарды. Сөйтіп, қазақтың кəсіпқой журналистерінің ішінен мұндай лауазымға алғаш қол жеткізген талант иесі болып тарихта аты қалды. 1955 жылы «Қазақ кеңес əдебиетіндегі халықтар достығы идеясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сəтті қорғап, бірінші оппоненті М. Əуезовтен бата алды.
Ғалымдықты ұстаздықпен ұштастырған, жүректе түйіскен қос арнаны шығармашылықпен ұштаған, сол арқылы еліне қаламгерлікпен қоса танылған Тау-ағаның қайраткерлік қызметі де көңіл көншітпей қалмайды. Журналист Амандосовтың 1958 жылдан 1966 жылға дейін қазақ білімінің қарашаңырағы ҚазМУ-дің филология факультетінің, алдымен, бір жыл деканның орынбасары, одан кейін атандай тоғыз жыл тапжылмай деканы қызметін абыроймен атқаруы – айрықша əспеттеп айтуды қажет ететін елеулі еңбек. 1966 жылы Тауман Салықбайұлының ұсынысымен филология факультеті құрамындағы журналистік бөлімі негізінде ҚазМУ-де алғаш журналистік факультеті ашылды. Ол осы факультеттің тұғыш деканы болып сайланып, осынау абыройлы міндетті 1971 жылға дейін үлкен жауапкершілікпен, толымды табыстармен атқарды. 1969 жылы факультетте телерадио кафедрасының ашылуына ұйытқы болып, оған жетекшілік жасаса, 1971 жылдан өз ұсынысымен ашылған қазақ журналистикасы кафедрасының профессоры болып қызмет етті. Ал 1976 жылдан өмірінің соңғы сəтіне дейін замандастары Амандосов кафедрасы атап кеткен журналистік шеберлік жəне əдеби редакциялау кафедрасының меңгерушісі міндетінде де үлгілі өнеге көрсетті. Журналистиканы өмірінің мəні етіп қалап алған Амандосов бар саналы ғұмырын ҚазМУ-дің журналистік факультетінің қалыптасып, дамуы жолына арнады.
Ғалым Амандосовтың ғылыми еңбектерін еңсеріп айту да оңай шаруа болмай тұр. Тауман Салықбайұлы – Қазақ кеңес журналистикасының тарихы мен теориясын жəне алғашқы публицистерінің шығармашылығын зерттеп, зерделеген, осы бағытта 100 баспа табақтан артық ғылыми еңбек жариялаған қайраткер ғалым-қаламгер. 1982 жылы Мəскеуде МГУдың профессоры əлемге əйгілі ғалым Ясен Николаевич Засурскийдің жетекшілігімен «Қазақ публицистикасының тарихы, өркендеуі жəне проблемалары» атты докторлық диссертация қорғап, Қазақстанда журналистік теориясы бойынша тұңғыш ғылым докторы, профессоратағын алған сұңғыла ғалым, ардақты ұлт азаматы. Журналистика факультеті студенттеріне арнап шығарған «Қазақ кеңес баспасөзінің жанрлары» атты қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың авторы. Сонымен бірге, 11 монографияның, соның ішінде күні бүгінге дейін студенттердің қолынан түспейтін «Публицистика – дəуір үні», «Газет жанрлары», «Журналист жəне өмір» атты айтулы оқу құралдарының иегері. Сондай-ақ, əлі маңызын жоя қоймаған «Совет журналистикасының теориясы» оқулығымен шəкірттер алғысына бөленген ардагер ұстаз.
Тауман Салықбайұлы 1970 жылы Ереванда өткен Азия мен Африка елдері журналистерінің симпозиуымына қатысып, қазақ елі атынан жалпақ əлемге сөз арнады. Қазақстан Журналистер одағының ІІ, ІІІ, ІV, V съездерінің делегаты болып сайланып, 1972 жылдан бастап осы одақ басқармасының мүшесі болды. Көп жылдар бойы одақтың ең беделді Алматы бөлімінде жетекшілік етті. Осы ұйым жанынан журналистік шеберлік университетін ұйымдастырып, оның ректоры ретінде қазақ журналистикасының қарыштап дамуына сүбелі үлесін қосты.
Тауекеңнің шəкірттері мыңдап саналады. Ұстаздықты тек білім берумен шектесек, қателескен болар едік. Мұны бір ғана қыры десек, одан басқа да өлшем таразысы болуға тиіс қой. Киім киіс, жүріс-тұрыс, мінез-құлық – бар мəнері, болмысымен шəкірт жанын жаулап, оны адами өмір сүруге баули алатын оқытушы ғана ұстаз атануға əбден лайық. Біз білетін Амандосов сондай жандар қатарынан болатын.
Мұнтаздай таза киіміне қыл түсірмей күтіп киетін, жаны жайсаң ұстазға шəкірттері қызыға қараушы еді.
Ағайдың ерекше қасиеті, шəкірттерін бір көргеннен-ақ танитындығы еді. Сыртқы пошымын ажырата білумен ғана шектелмейтін. Ішкі жан дүниесін, таланты мен талабын тапжылтпай танитын. Бұл да тума дарын иесінің ерекше қасиеті екендігіне енді көзіміз жетіп жүр. Таукең бірінші курс студенттеріне «Журналистикаға кіріспе» деген пəннен сабақ беретін. Семестр соңында сынақ алатын. Сондағы бағалары шəкірттерінің болашағын айқындап қойғандай дəл берілетініне тəнті болмай көріңіз. Ол өте жақсы деп жоғары бағалаған балалар бүгінде ел сенімін ақтап жүрген журналистер.
Таукең менің диплом жұмысымның жетекшісі болды. Бұл 1990 жылдың жазы еді. Арада жетпіс жылдай уақыт салып, ардақты Алаш азаматтарының бірінен кейін бірі ақталып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгенде, мəре-сəре болып жатқан уақыт. Қайта құру, жариялылықтың лебі есіп, ой санадағы дүбір қоғамдық құбылыстағы қым-қиғаш оқиғалармен астасқан тұс.
Осының бəрі Тауекең секілді сыртқы əсерді жандүниесімен сезініп, жүрегіне жақын қабылдайтын шығармашылық адамдары үшін оңай соқпағаны белгілі. Жетекшім жүрек сырқатымен қалалық кардиология ауруханасына жатып қалды.
Диплом жұмысының тақырыбын «Міржақып Дулатовтың журналистік қызметі» деп бекітіп алған болатынмын. Алаш ардақтысының Қазақстан Компариясы Орталық Комитеті құрған арнайы комиссиясының шешімімен 1989 жылы 28 маусымда толық ақталып шыққаны баршаға аян. Бірақ, бай шығармашылық мұрасы əлі зерттелмек тұрмақ, жинақталып үлгермеген елең-алаң кез-тұғын. Қол жеткен мұрағат материалдарымен танысып, сол кездегі А.С.Пушкин атындағы жəне Ұлттық ғылым академиясының кітапханасының сирек қолжазбалар қорында сақталған ХХ ғасырдың басындағы газет-журнал тігінділеріндегі жарияланымдарын жинап, өзімізше талдап, диплом жұмысымды жазып бітірдім де, жетекшіме ауруханаға апарып бердім. Бұл жұма күні болатын. Ол толық танысып шығуға үш күн керегін айтып, жетекші пікірі үшін дүйсенбіде келуімді тапсырып шығарып салды.
Келіскен уақытта ауруханадағы Тауекеңнің палатасына кіргенімде жетекшім мені ерекше ықыласпен жылы қарсы алды. Қолыма қалам-қағаз алдым, сосын шеттегі орындық пен үстелді нұсқады. Өзі бөлмені ары-бері кезіп, ұзақ ойланып жүрді де, бір мезгілде жаз дегендей белгі берді:

Өртенген қара ормандар, – деп бір тоқтады да, тағы да ойланып тұрып, – сыңсыған үн, – деп сөзін жалғады. Бөлмені тағы да үнсіздік басты. Ол өз ойымен əуре. Апырмау, пікір деген бұлай жазылмаушы еді ғой деймін іштей қобалжып. Ол ойымды оқып қойғандай, сөйлемді жалғастыра жазуға ишарат етті де, былай деп іліп əкетті:

Алып ұшқан жүрек лүпілі осы жас студентті толғантады, ойландырады. Талай ардақтар, талай данышпандар өртенген тоғайдың қасіретті халін көріп, қайғырады, жанын ауыртады. Сөйтіп, өртенген орманның шалағай жыртық жапырағын қайта көктеуге əрекет етеді, ұмтылады.
Осы сөздерден кейін ол менің арқамнан мейірлене қағып, ағалық ризалық сезімін білдірді де, пікірінің қалған бөлігін тездетіп айтып шықты.
Ал, өртенген қара ормандар, сыңсыған үн халқымыздың ұстаз көңілінде шер боп қатқан тағдыры, талай тарихының образды көрінісі екендігін кейін ұқтым.
«Ана тілі» газеті, 2001 жылдың 29-қарашасы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *