Алпысқа келгеннен ақыл сұра

Алпысқа келгеннен ақыл сұра
Бұрынғы өткен заманда бір хан өзінің қол астындағы халқына жар салады. Бүкіл халық жыйналған соң, хан:
– Кімде-кімнің әкесінің жасы алпыстан асқан болса, ол шалды далаға алып барып тастау керек. Жасы алпыстан асқан шалдың не керегі бар. Оның қолынан іс келмейді. Үйде жатып, тапқан-таянғандарыңды ішіп-жегеннен басқа оның бітірер ісі жоқ. Солай болған соң шалдарды құртыңдар! Ал, мұны қабыл алмағандардың басын аламын! – дейді.
Хан жарлығы екі бола ма? Жаңағы сөзді естіген халық: «Шал әкемізді аман алып қаламыз деп жүргенімізде, өзіміздің басымыз алынып қалар, ханның дегені-ақ болсын», – дейді. Ханның үкімі жүзеге асырылып, көп замандар бойы жұртқа міндетті заң болады. Жасы алпысқа келгенше шалдар өз ажалынан өлсе, өледі, өлмесе, елсіз жерге апарып тасталып, амалсыз өледі. Бірқатары шалдарды таудың жағасындағы дарияға тастап өлтіретін болған.
Бір баланың әкесінің жасы алпыстан асқан екен. Әкесін үйге сақтап, елге көрсетіп қоюға болмайды. Жасы болса келді. Өлетін де түрі жоқ, шал әлі шыйрақ. Сондықтан бала әкесін арқалап, таудан асып, терең дарияның жағасына тоқтайды; әкесін бір тастың үстіне отырғызып, өзі отырып, дем алады. Әкесі оған күледі, ал баласы қайран қалады. «Шалды өлтіруге алып келемін, бұл неге жетісіп күледі?» деп ойлайды да, бала әкесінен сұрайды:
– Әке! Мен сізді өлтіруге алып келемін, сіз не үшін күлесіз? – дейді.
Сонда шал байғұс:
– Атаңа не қылсаң алдыңа сол келер, – деген мақал бар ғой балам. Мен де осыдан отыз жыл бұрын әкемді өлтіруге алып келе жатып, осы тасқа отырғызып едім. Әкем өмірді қимай жылап, «ең болмаса бір жыл жасырып сақта» деп маған жалынып еді, «маған өмір керек, сен үшін өлерім жоқ» деп жылаған көз жасына қарамай дарияға лақтырып жіберіп едім. Енді міне сол хал өз басыма келіп, өзімнің қылған ісім өз алдыма келгеніне күлемін, жалынып жылағаннан не пайда? – дейді.
Сонда бала: «Менің басыма да келді ғой» деп ойлайды да, әкесін өлтірмей қайта алып қайтып, сандыққа салып, адамға көрсетпей жүреді.
Күндерде бір күн хан алыс жолға әскер жүргізбекші болып, бүкіл елге жар салып, жігіт жинайды. Бұл жорыққа баяғы жасырынып жатқан шалдың да баласы бармақшы болады. Бұл хабар жұртқа тегіс жайылған соң, шалға баласы:
– Пәлен жаққа хан әскер жүргізбекші, мен баратын болдым, – дейді. Шал:
– Балам, ол жол – жаман жол, суы жоқ шөл! Мені де бірге алып жүр, – дейді.
Бала әкесін сандыққа салып, өгізге теңдеп алып, көп әскермен бірге жол жүреді. Әскер жүре-жүре елсіз далаға, сусыз шөлге шығып кетеді. Әскерлер су таба алмай, шөлдеп қырылатын болады. Хан: «су тапқан адамға көптеген мың ділда алтын беремін», – деп жар салады. Бірақ ешбір адам таппайды.
Сонда шал:
– Балам, не ғып кідіріп қалдыңдар? – дейді. Бала:
– Хан су тапқан адамға сұраған нәрсесін беремін, – деп жар салып жатыр, – дейді. Шал сонда баласына:
– Өгізді босатсаң, су табылады. Суы бар жерді ол иіскелеп сүзеді, сол жерді қазса су шығады, – дейді.
Бала әкесінің айтуынша өгізді босатып жібереді, өгіз мөңіреп барып, бір жерді сүзе құлайды, дереу әлгі жерді қазса су шыға келеді. Өлер халге келген әскерлердің бәрі су табылған соң, су ішіп, шөлдері қанып, бұл жерден аман-есен жүріп кетеді. Баланың бұл ісіне хан қайран болады: «Бұл қалайша ойлап тапты екен?», – деп ойлайды да жүреді.
Арада неше күндер жол жүріп, ханның әскері бір үлкен теңізге келеді. Теңізге келіп көз салса, теңіздің түбінде екі гауһар тас жарқырап жатыр екен. Хан мұны көріп, тағы да жар салады:
– Осы екеуін маған алып берген адамды өзіме уәзір қылып аламын, және сұраған нәрсесін беремін! – дейді.
Бұған қызығып, талай сушы адамдар суға сүңгіп, сан адамдар суға кетеді. Бірақ, гауһарды ешкім тауып ала алмайды.
Сандықта жатқан шал баласынан:
– Неге тоқтап қалдыңдар? – деп сұрайды. Баласы:
– Үлкен теңізге келдік, түбінде екі гауһар жанып тұр, соны әперген адамды хан өзіне уәзір қып, сұраған нәрсесін беретін болды. Оны еш адам таба алмай жатыр, – дейді. Шал:
– Балам! Ол гауһар судың түбінде емес, теңіздің жағасында болуы мүмкін. Айналаңа қарашы, құстың ұясы бар ма екен? – дейді.
Баласы қарайды. Қараса, теңіздің жағасынан бір бәйтерек шығып тұр, басында құс ұя салған екен, мұны көріп бала әкесіне:
– Бар екен, – дейді. Шал:
– Гауһар суда емес, сол құстың ұясында екен, суға сол ұядан сәулесі түсіп тұр екен, ол гауһар бұл жерде болмайды, оны құс ұясына алып келеді. Есіңде болсын, бұл жолы хан «басыңды алам» деп қысым көрсетіп шыныңды айтқызады. Күнәмді кешір деген уәдесін алып шыныңды айтарсың, – дейді.
Бала ханға келіп:
– Гауһарды мен табамын, – дейді. Хан:
– Тапсаң, сұрағаныңды беремін, әрі уәзірім боласың, – дейді.
Бала жаңағы ұядан гауһарды алып береді. Хан бұған:
– Сен мұны қалайша ойлап таптың. Өз ақылың емес қой, шыныңды айт! – дейді.
Бала көп қысым көріп, дарға тартылар мезгілде шынын айтады. Хан шалды сандықтан шығарып, баласын уәзір етеді де, елге келген соң: «шалдар өлтірілсін деген бұрынғы заң жоғалсын, кәріні сақтау керек», – деп қайтадан елге жарлық таратыпты.
«Алпысқа келгеннен ақыл сұра!» деген мәтел осыдан қалған екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *