АЛАШ КӨСЕМСӨЗІНДЕГІ БІЛІМ ҺƏМ ҒЫЛЫМ ТАҚЫРЫБЫ
Алаш көсемсөзінің тақырып ауқымы өте кең. Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ зиялыларының көтермеген мəселесі кемде-кем. Қай тақырыпқа қалам тартса да, Алаш азаматтарының елдік, ұлттық мүддені бірінші орынға қойып, шырайын келтіре жазатындығы – бүгінгі егемен ел қаламгерлеріне үлгі-өнеге. Сондай оқырман санасына ой сала, ел болашағының жарқын болуын көксей жазылған тақырыптың бірі – білім мəселесі.
Білім адам баласы даму эволюциясының қай кезеңінде де маңызды мəнге ие. Білім-ғылымсыз қоғамның ілгері басуы мүмкін еместігі екібастан белгілі. Ел тəуелсіздігінің алғашқы мүшел жасымен орайлас Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы жобасының кең көлемде талқыланып жатуы да бекер емес. Қазақ мемлекетінің болашағы қандай болмақ деген сауалға осы тұжырымдама жауап беруге тиіс. Өйткені білім – қондырма. Қоғам дамуының ертеңі – бүгінгі білім беру жүйесіне байлаулы. Дұрыс таңдау жасасақ, тəуелсіз еліміздің көсегесін көгертуге негіз жасаймыз. Қателессек, онда үлкен өкінішке ұрынамыз. Сондықтан да бұл мəселеде өте абай болғанымыз, асығыс шешім жасамай, жеті рет өлшеп, бір пішкеніміз жөн болар еді.
Осы орайда, қазақ елі мен жері отарлық езгісінен жапа шеккен, құрып кету қаупін бастан кешкен XX ғасырдың басында ұлт қамын ойлап, бастарын тауға да, тасқа да соққан ардақты Алаш азаматтарының ұрпаққа білім беру турасындағы ой-толғам – көсемсөз үлгілерін қайыра жадымызға салғаннан ұтарымыз көп.
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ елін, жерін патшалы Ресейдің толықтай билеп алуына байланысты сол тұста қазақтың ірі қалалары саналатын Ташкент, Орал шаһарларында патша өкіметінің жергілікті əкімшілік орындарының жеке ресми органдары ретінде жергілікті ұлт тіліндегі алғашқы газеттер шыға бастады. Əрине, бұл басылымдар қайткен күнде де қазақ халқының қамын ойлап, оның əлеуметтік-шаруашылық жəне мəдени-ағарту тілектерін ескергендіктен шығарылған жоқ, қайта патша өкіметінің отарлау саясатын күшейте түсу, оның бұйрық-жарлықтарын жергілікті халықтың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындату, сондай-ақ, оның ресми көзқарастарын тұрғындар арасына кеңінен таратып, қоластындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатымен шығарылған-ды.
Алайда, патшалық Ресейдің осындай жымысқы саясатына қарамастан, Қазақстанда ұлт тіліндегі өз баспасөзінің тууы халықтың санасын оятып, мол рухани байлыққа ие болуына елеулі түрде əсер етті.
Қазақ баспасөзінің тұңғышы «Түркістан уалаятының газеті» сол кезде Ресей империясының шеткі аймағы болып саналатын Түркістан губерниясының орталығы Ташкент қаласында 1870 жылдың 28 сəуірінен орыс тілінде шығатын «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет (екі саны өзбекше, екі саны қазақша) жарық көре бастады.
Газеттің редакторы ұлты башқұрт болса да, қазақтың намысын қорғап, сойылын соққан, орыс жəне Шығыстың көп тілдерінде еркін сөйлеген, Түркістан генерал-губернаторының тілмашы болған ізгі ниетті азамат Шахмардан Мирасұлы Ибрагимов болды. Онымен бірге басылымның аудармашысы əрі əдеби қызметкерлері болып Хасен Жанышев, Заманбек Шайхы Əлібеков, Жүсіп Қазыбековтер жұмыс істеді.
«Түркістан уалаяты газетінің» ресми жəне ресми емес бөлімдері болды. Ресми бөлімінде патша өкіметінің бұйрықжарлықтары жарияланып, үкімдері түсіндірілсе, ресми емес бөлімде отырықшылық, егіншілік, мал шаруашылығы, сауда, ішкі-сыртқы жағдайлар, əдебиет, мəдениет, білім, ғылым, өнер, жəне əйел теңдігі мəселелері қаралды. Сонымен бірге қазақтың тағдырына қатысты саяси жағдайлар да ішінара көтеріліп отырды. Оған газет беттерінде жарияланған «1731 жылы Қазақстанның Россияға бодан болуы» туралы мақала мен қазақ даласындағы Кенесары хан, Сырым, Исатай-Махамбет батырлар бастаған азаттық көтерілістердің жазылуы айғақ. Оның үстіне, тікелей патша жарлығымен қазақтардың ең шұрайлы жерлерінің орыс переселендеріне күшпен тартып алынып беріліп жатуы жөнінде материалдардың жариялануы редакция қызметкерлерінің ұстанған бағыт-бағдарларын көрсететін еді. Қазақ тілінде шығатын газеттің 1882 жылы ешбір себепсіз жабылып қалуы да осындай істерге байланысты сияқты.
«Түркістан уалаятының газетінде» жоғарыда айтылған жайлардан басқа тарих пен этнография, археология жəне тағы да басқа мəселелерге қатысты материалдар, сонымен бірге, ауыз əдебиетінің үлгілері де жарияланып тұрды. Тұңғыш газет өз оқырмандарын қазақтың біртуар перзенттері Шоқан, Ыбырай, Абайлардың өмірі жəне еңбек жолымен таныстырды мүмкіндік жасады.
Басылым беттерінен орыс жəне еуропа халықтарының өнері мен мəдениеті, ғылым, білімі жайында да жарияланған материалдарды табуға болады. Ал, түрлі проблемаларға арналған ғылыми мақалалар, егіншілік, агрономия, ветеринария, зоотехника туралы ақыл-кеңестер өз алдына бір төбе. Мұнда орыс журналистикасының əсерімен заметка, корреспонденция, мақала, фельетон, очерк сияқты баспасөз жанрларының түрлері пайда болды.
Жалпы алғанда, Алаш баспасөзінің қарлығашы – «Түркістан уалаятының газеті» қазақ халқының мəдени өмірінде елеулі оқиға болған мерзімді баспасөздің тууы мен қалыптасуында айтарлықтай елеулі рөл атқарды, болашаққа жол салды. Бұл туралы «Туркестанские ведомости» газетін шығарушылардың бірі, орыс ғалымы Г.Остроумовтың: «Петр ведомостарының» XVIII – XIX ғасырларда орыстар үшін қандай маңызы болса, «Түркістан уалаяты газетінің» де қазақтар мен өзбектер үшін сондай маңызы болды» деген газеттің Алаш тарихындағы орнын жоғары бағалаған пікірін толық құптауға болады.
«Түркістан уалаятының газеті» оқу-білім жөнінде, оның маңызы туралы материалдарға да орын беріп, қазақтарды ғылымға қызықтыра білді. Мысалы, 1870 жылғы 10 желтоқсан күнгі нөмірінде күн тұтылатындығын, оның себеп-салдарын жазды. Екіншіден, осы мақалада телеграф жұмысы жайлы баяндай келіп, ол арқылы қиыр шеттен жылдам хабар алуға болатыны, сол кезде Орта Азия мен Ресейдегі 25 қала аралығында осындай телеграф байланысы орнатылғаны жəне қай қалаға телеграмма жіберудің қанша теңге тұратыны хақында ақпарат берілген.
Басылым «Ғылым хабары» деген айдармен ғылым мен техника жаңалықтарын, Түркістан өлкесі таулы аймақтарында (Алматы, Ташкент төңірегінде, Түркістанда) жер сілкінгенін үзбей хабарлап тұрды. Шармен аспанға ұшу, қар мен жаңбырдың пайда болу сыры, аспан əлемі планеталары туралы түсініктер, ғылыми болжамдар жарияланды. Əлемдік даңқты саяхатшы Магелланның жердің шар тəрізді екенін дəлелдегені туралы еңбекті қазақшаға аударып басты. «Түркістан уалаяты» газеті ғылымның жетістіктерін баяндап, дəлелдеумен ғана шектелмеген. Жас жеткіншектерді оқуға, білімге шақырарлық саналы азаматтардың хаттарын жариялап тұрған жəне балаларды қалай оқыту мəселесін, оның тиімді жақтарын талдап, түсіндіруге талпынған. Бұған мысал ретінде «Əр хилы хабарлар» деген айдармен берілген материалдар арасында кездескен Хасенов деген автордың мына бір шағын мақаласын алайық:
«Ең бастан балаға əптиек, құрандарды шығарып, бұдан соң бөтен бірнеше араб, парсы кітаптарын оқытқанда, өзі жазуды біліп кетеді деген ақылмен біздің мұсылман жұртының молдалары бес жыл, он жыл оқытқан баласына оқып, жазуды əзер-əзер түсіндіреді. Кейбіреулері сақалы шыққанша оқып, ешнəрсе түсінбей де кетеді. Балаға өз тілінде оқыту керек. Сонан соң оны жаздырып үйрету керек. Ең бастысы бөтен жұрттың жазуын, оқуын өз ықтиярымен, я біреудің оқытуымен білейін десе, жолға түскен адамға адаспақ жоқ дегендей. Жолын көрген соң ыждағат қылса біліп кетеді».
Мұнда мағынасы түсініксіз құран мен əптиекті, араб, парсы тілдерін оқыту жас балаға ауыр тиетінін автор дұрыс аңғарған. Сонымен бірге, ол молдалардың қабілетсіздігін, бес-он жыл оқытса да шəкіртіне мардымды білім бере алмайтынын астарлап сынайды. Сөйтіп дүмше молдалардың болмыстарын ашып, бет-бейнесін əшкерелейді.
1888-1902 жылдар аралығында Омбыда «Акмолинские областные ведомости» газетіне қосымша ретінде аптасына бір рет шығып тұрған «Дала уалаятының газеті» сол тұста халқымыздың əдебиеті мен мəдениетін, тұрмыс-тіршілігін қалың жұртқа танытуға айрықша маңыз берген бірден-бір басылым болды. Алдымен «Особое прибовление к «Акмолинским областным ведомостям» деген атпен шыққан газет қосымшасы 1894 жылдан «Киргизская степная газета» жанынан «Дала уалаятының газеті» деген атпен жарық көре бастады. Газеттің соңғы саны 1902 жылы наурыз айында басылып, содан кейін «Сельскохозяйственный листокке» айналды. Газетте əр жылдары редактор болғандар: И.Козлов, К.Михайлов, Г.Абаза, А.Попов, Д.Лавров. Газеттің қазақша қосымшасын шығару ісін басқарушылар: Ешмұхамед Аблайханов, Дінмұхамет Сұлтанғазин, Рақымжан Дүйсембаев.
Өзінің бағдарламасына сəйкес газет ресми түрде патша үкіметінің бұйрық-жарлықтарын, заң-закондарын, əкімшілік басқару істерін жариялайтын басылым болды. Сол кездегі басқа газеттер сияқты «Дала уалаятының газеті» де ресми жəне ресми емес бөлімдерден тұрды. Соңғы бөлімде көбінесе көпшілікке пайдалы, ғылымға, білімге қатысты мақалалар жариялады. Бұл газет үкімет тарапынан шыққан ресми басылым болғанымен, бостандықты, тендікті көксегені, прогресшіл көзқарастары үшін Сібірге жер аударылып келген адамдардың ықпалымен халық газетіне айналды. Бұл ретте газетке дұрыс бағыт берген Г.Н.Потаниннің, Н.М.Ядринцевтің, Л.К.Чермактың рөлі аса зор.
«Дала уалаятының газеті» басқа жергілікті газеттерге қарағанда қазақ бұқарасының тұрмысын, оның шаруашылық жағдайын, мəдени тіршілігін толығырақ көрсетіп отырған басылым болды. Бұрынғы Сібір губерниясына қараған Семей, Ақмола, Тобыл, Жетісу қазақтары өнер-білім жаңалықтарын алғаш рет осы газеттен оқу мүмкіндігіне ие болды. Газет қазақ жұртшылығын орыс халқының əдебиетімен таныстырды. Оның бетінде А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой, М.Ю.Лермонтов, Д.Н.Мамин-Сибиряк, Г.И.Успенский шығармаларының, И.А.Крыловтың мысалдарының қазақ тіліндегі алғашқы аудармалары басылып тұрды. Сондай-ақ, газетте қазақ елінің тұрмысын, əдебиетін, мəдениетін зерттеуші орыс ғалымдары өздерінің мақала-хабарларын жиі бастырды. Г.Потанин, А.Алекторов, А.Ивановский, А.Добролюбов, В.Обручев, Н.Патуносов, Н. Ильминский, т.б. қазақ елінің тарихына, этнографиясына қатысты материалдармен қатар қазақ халқының ауыз əдебиеті нұсқаларын жинап бастыруда пайдалы жұмыс істеді.
Газет негізінде жергілікті отаршылдық-əкімшілік орындардың ресми органы болғанымен, халықты өнер-білімге, мəдениетке шақырып тəрбиелеуде едəуір рөл атқарды, қазақтың жазба əдеби тілінің дамуына зор ықпал жасады. Оның бетінде қазақ тілінде бұрын болмаған публицистиканың, ғылыми стильдің негізі қаланды, аударма тəжірибесінің алғашқы қадамы жасалынды, араб графикасына негізделген қазақ жазбасында тұңғыш рет тыныс белгілері қолданылды.
Газет қазақ халқының қоғамдық əлеуметтік ой-пікірін оятуға, мəдени, əдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едəуір əсер етті. Саяси-экономикалық мəселелермен қатар оқу-ағарту ісінің жай-күйі, өнер мен білімнің пайдасы, орыс мəдениетінің жетістіктері, қазақ əдебиетінің хал-қадірі, қазақ зиялылары мен ғалымдарының өмірі жайында бірқатар тарихи құнды мақалалар, хабарлар жарияланды. Ұлтымыздың алғашқы ағартушы-ұстазы Ыбырай Алтынсариннің, қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уəлихановтың, классик ақын Абай Құнанбаевтың қоғамдықсаяси көзқарастарының қалыптасуына XIX ғасырдың екінші жартысындағы Еуропа əдебиеті мен мəдениеті ықпал еткені туралы кеңінен жазылды.
Ш.Уəлихановтың туғанына 60 жыл толуына арналып газеттің 1894 жылғы 18 санында жарияланған қазақ баспасөзінде алғашқы болып саналатын портретті очеркте ғалымның жанжақты білімді, адамгершілігі мол, ғылым жолына берілген адам болғандығы былайша суреттеледі: «… Шоқан Уəлиханов ғылым, өнер иесі, халықтың ғадет заңын біліп, даңғыл, биік жолға шықса да өзінің туған жайын жатырқамай һəм ұмытпады. Тағы да ғалым өнерінің қымбат екенін біліп, құрмет тұтып, өзінің халқын бек жақсы көрер еді. Лəйкін Россия халқының қорғап, қоршап болысқанымен Азия халықтары ілгері басып һəм надандықтан құтылар ма деп ойлар еді».
Алаш игілігі үшін аянбай еңбек еткен дарындардың бірі – қазақ халқының тұңғыш ағартушысы, жазушысы, жаңашыл Ыбырай Алтынсарин туралы да газет бетінде портретті очерк, мақала, хабарлар жарияланып, оның өзі жазған өлеңдері де басылып тұрды. Ы.Алтынсариннің қайтыс болғаны туралы берілген қаралы хабарда «қырдың кең даласының артықша туған баласы» Ыбырайдың ерекше дарындылығы, білімпаздығы, В.Григорьев, Н.Ильминский сияқты орыстың білімді адамдарының көмегімен жəне өздігінен ізденіп білім иесі болғаны, өзінің туған халқына пайдалы аса мол мұра қалдырған қайраткер екендігі жазылады. Газет бетінде Ыбырайдың «Қазақ хрестоматия» оқулығына кірген бірнеше əңгіме, өлеңі жарияланған. «Балғожа бидің баласына жазған хаты» деген өлеңі газетте «Нұржан бидің оқудағы баласына жазған хаты» деген атпен Қылышбаев Абдрахманның қолы қойылып берілген.
«Дала уалаятының газеті» құндылықтарының бірі – ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өзі барда жарияланған өлеңдері. Айталық, газеттің 1889 жылғы 7-санында басылған Абайдың «Жаздыгүн шілде болғанда» деп басталатын өлеңі «Семей оязы, Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай ауылының Бақанас өзенінде Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» деген тақырыппен берілген. Өлеңнің аяғында «Кісіден үйреніп жаздым, Көпбай Жанатайұлы» деп жазылғанына қарап, Абай мұрасын басылымға кім жолдағанын білуге болады.
Ақын бұл өлеңін 1886 жылы жазғаны белгілі. Абайдың кейінірек басылған жинақтарында өлең Мүрсейіт қолжазбасымен 1909 жылы жарық көрген негізінде берілген. Екі нұсқада елеулі айырмашылық бар. Жарлы-жақыбайдың ауыр тұрмысы бейнеленетін кейбір тұстары газетте біраз қысқартылғаны байқалады. Мəшһүр-Жүсіп Көпеевтің сол жылғы газеттің 48-санында жарияланған мақаласында: «Бұл өлең тек Құнанбаевтардың өмірі мен байлығын суреттеуге арналған, өлең халықтың тұрмысын жақсарту сияқты пайдалы нəрсеге шақырмайды», – деген сын пікір жазғаны сол себептен секілді. Сонымен бірге аталған мақаласында М.Ж.Көпеев Абайға əкесі Құнанбай өлгенде ас бермеді, қазақтың бұрыннан келе жатқан əдет-ғұрпын, дəстүрін бұзды деп кінə тағады. Құнанбай асына деп арналған малды Абайдың сатқызып, ақшасын орыс мектептерінде оқитын қазақ балаларына бергізгенін Мəшһүр-Жүсіп Көпеев ұнатпай қабылдайды.
1911 жылдың қаңтарынан 1915 жылдың қыркүйек айына дейін Троицк қаласындағы «Энергия» баспаханасынан айына бір мəрте үзбей шығып тұрған «Айқап» журналы – білім мен ғылымды насихаттап таратуда елеулі рөл атқарған басылым. Қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси жəне əдеби журналы ұлтымыздың ұлы ойшылдары Шоқан Уəлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың ағартушылық идеяларын ілгері дамытуымен бағалы.
«Айқап» журналының бас редакторы, көрнекті қалам қайраткері Мұхаметжан Сералин басылым төңірегіне өзімен ниеттес көрнекті ақын-жазушыларды, қоғам қайраткерлерін топтастырды. Журналдың жауапты хатшысы қызметін 1911-1912 жылдары Əкірам Ғалимов, 1913-1914 жылдары Сұлтанмахмұт Торайғыров атқарды. Басылым беттерінде үн қатпаған Алаш азаматтары кемде-кем. Олардың арасында білім-ғылым тақырыбында қалам тербемегені жоқтың қасы.
«Айқап» журналының қазақ тарихындағы орнын көрнекті алаштанушы ғалым Мəмбет Қойгелдиевтен артық беру қиын: «Айқап» журналының қазақ тағдыры мен тарихында қалдырған ізінің маңызын аңғару үшін екі мəселені терең түсінуіміз қажет. Олар – ұлтшылдық пен ағартушылық. Осы екі мəселені жетік түсінбей, қазақ тарихын тану қиын. Еуропа елдері ХVІ – XVІІ ғасырларда ағартушылық бағыттарда идеология жүргізді. Англия XVІ ғасырда, Германия XVІІ ғасырда ағартушылық бағыт ұстанды. Оларда бұл идеология жүз, екі жүз жылдап жүргізілді, олардың ағартушылары репрессияға ұшыраған жоқ. Ал қазақ даласында «Оян, қазақ!» ұранын ұстанған ағартушылық идеология бар болғаны жиырма жылға ұласты. Ресейдің отары болған қазақ даласының ағартушылары үлкен қиындық, қысым көрді, репрессияға ұшырап, көз жұмды. Дегенмен осы жиырма жылдың өзінде-ақ Алаш зиялыларының атқарған жұмыстары кез келген ел халқын таңғалдырады. Мұндай аз уақыт, қиын заманда Еуропаның ешбір елі бұлардың жасаған ерлікке бергісіз еңбектерін қайталай алмайды. Осы ретте зиялыларымыздың «Айқап» журналын жарыққа шығаруы – ағартушылық жұмыстардың жеделдеп, елдің санасын оятып, ұлт-азаттық идеологияның қалыптасуына үлкен үлес қосқанын ерекше атап өтеміз. Бұл басылым аз ғұмырда халықты ұлт-азаттық көтеріліске тұрғыза білді десек, артық айтқандық емес».
Журнал ұрпақ тəрбиесіне жəне білім, ғылым мəселелеріне шын мəнісінде демократиялық тұрғыдан көңіл бөлді. Бұл іске мұрындық болу үшін журнал жұмысына М.Сералин өзі сияқты мұғалім, жазушы, ақын, публицистерді тартты.
«Айқап» қазақты отырықшылыққа көшіруді мəдениет, ғылым мен білім мəселелерімен байланыстыра үгіттеді. М.Сералин орыс халқының ғылымын, өнерін, тілін үйренуді үгіттеді, ол үшін мектеп ашу қажет деген идеяны таратты. «Бұл 4-5 үйдің қолынан келетін іс емес, кедейлердің баласын алыс жерге жіберіп оқытуға жағдайы келмейді. Сондықтан бір жерге қала болып жиналудан басқа ем жоқ. Ал 50-60 үй бір жерде жиналып отырса, оларға орталарынан молда (мұғалім) ұстап, бала оқыту оңай. Сонда өкімет тарапынан орыс-қазақ мектебін аштыруды талап етуге болады», – деген көзқараста болды.
М.Сералин XX ғасырдағы қазақ ағартушыларының дəстүрін жалғастырып, мектеп ашу, бала оқыту жөнінде нақтылы ұсыныстар жасады. «Біздің ілгері келешек күнімізде бұл дүниеде күн көріп, жұрт қатарлы тұруымыз жалғыз-ақ нəрсеге тірелген. Ол – оқу. Мұнан былайғы заманда оқып, өнер білмесек, өнерлі халыққа жалшы болудан басқа бізге ешбір де орын қалмайды. Біз жұртшылық болып оқушы талапкерлерге жəрдем бермесек, оқығандарымыз көбейе алмайды», – деп жазды ол.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Айқапта» жариялаған «Қазақ өкпесі» мақаласында заманында мемлекеті, ғылымы, өнері болған қазақтың «алтыбақан алауыздықтан» əлсіреп, Ресейге қосылғанын, надандыққа, өнерсіздікке бой алдырғанын, елсізді елдіге теңгертетін ғылым мен өнер қуған қазақтың аздығын өкіне жазып, қазақ дертінің емін дөп басып танытады.
«Айқап» журналы қазақ əйелдерінің қоғамдағы орнына да жан-жақты тоқталады. «Адам баласының тəлім-тəрбиесі анадан ауысады, бүкіл адамзатты тəрбиелеуші – ана», – деп олардың үйдегі, отбасындағы рөлін өте жоғары бағалады. Журнал осы мəселені көтере отырып, қазақ əйелдері қатарынан алғаш тілшілер тартты. Солардың тұңғышы – Сахыпжамал Тілеубайқызы. Ол журналдың 1911 жылғы 7-санында қазақтың ер балаларды оқытып, қыз балаға онша көңіл бөлмейтінін, олардың қалың малға сатылып, сүймеген адамына еріксіз ұзатылатынын ашына жазып, əшкерелейді. «Қазақ қыздарының аталарына» атты мақаласын: «Ер баланы оқытасыз да, бізді оқытпайсыз, қыздар оқыса бұзылады дейсіз. Бұзылған əйелдер оқығаннан бұзыла ма екен. Оқу адамды бұза ма екен? Біле білсең қыз баланы көбірек оқыту керек. Қыз бала түбінде бала-шағаның анасы болады. Ана надан болса, балаға жақсы өнеге бере алар ма?! Қыздарыңызды көбіне жəбірге ұстап бересіз, ұстап бергеніңіз сол, 14-15 жастағы қыздарыңызды 50-60 жастағы шалға бересіз. Екеуі тең бе, тең емес пе, оған қарамайсыз. Шырылдатып ұстап бересіз. Егер де тең болса, 14-15 жастағы ұлдарыңызға 50-60 жастағы кемпірді неге алып бермейсіз?», – деп қорытады. Бұл мақала сол кезде қазақ даласын дүркіреткен ұлы жаңалық ретінде қабылданғанын айтуға тиістіміз.
Журнал қазақ тіршілігіндегі əдет-ғұрыптың кері кеткен жақтарын сын тезіне салып отырды. «Қазақтың қазіргі халі» деген мақалада елді кері тартатын кесапаттың алыстан келмейтінін, оның ағайын арсындағы кəдімгі дау-жанжал, ұрлық, өтірік-өсек сөзден тарайтынын, бұл кемшіліктердің білімсіздіктен туатынын оқырманға алақанға жайып салғандай егжей-тегжейлі түсіндіреді. Алаш арысы Бейімбет Майлин журналдың 1913 жылғы 15-санында жариялаған мақаласында қыз ұзату, келін түсіру тойында, өлімге ас беріп, еске алуда қазақтың үлкен шығынға бататынын айыптап, оның орнына халықты пайдалы іске, оқу-ағарту жұмысын дұрыс жолға қоюға, мектеп-медресе салуға қаражат шығаруға шақырады.
Журналдың 1911 жылғы 5-санында жарияланған «Біздің қазақ баласына не қылса да басқа жұрттарға теңелу хақында біраз кеңес» деген мақалада оқу ісін дұрыс жолға қою үшін көптеген шараларды жүзеге асыру керектігі айтылады. Қазақ шəкірттерінің хал-жағдайының тым нашар екендігіне тоқтала отырып, автор көпшілікті оларға көмектесуге шақырады. Білім беру мəселесін шешу үшін оқу құралдарын шығару, қазақ тілінің əліппесін жасау, жазу жұмысын бір ережеге бағындыру туралы бірсыпыра ойларын ортаға салады.
Алты жылға таяу ғұмырында, шын мəнінде, қазақтың «көзі, құлағы һəм тілі» бола білген «Қазақ» газеті де білім, ғылым мəселелеріне айрықша маңыз беріп, бірінші қатарда ұстағаны еш дəлелдеуді қажет етпейді. 1913-1918 жылдар аралығында Орынбор қаласында аптасына бір мəрте, 1915 жылы жұмасына екі рет шығып тұрған басылымның «бас жазушысы» Ахмет Байтұрсынұлының білім тақырыбында жазған мақалалары əдістемелік жағынан құнды.
«Қазақша оқу жайынан» деген мақаласында ұлы ағартушы күні бүгінге дейін құнды болып табылатын мынадай тұжырым жасайды: «Мал бағатындар мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар ел бағуын жақсы білерге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек. Бала оқытуын жақсы білейін деген адам, əуелі, балаларға үйрететін нəрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Оны білуге баланың туғаннан бастап, өсіп жеткенінше тəнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын білерге керек. Баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі халінен хабар аларлық болу керек. Ол үшін бала турасындағы ғылымды білерге керек».
Қазақ жастарының ардақты тəрбиешісі аталған Ахмет Байтұрсынұлы «Оқыту жайынан» деген мақаласында: «Оқу жұмысының үш жағы үш нəрсеге тіреледі: бірі ақшаға, бірі құралға, бірі мұғалімге. Осы үш тіреуі бірдей тең болса, оқу қисаңдамай, ауытқымай, түзу жүреді. Ол үшеуі тең болмағандағы оқу жұмысы аумалы жүк сияқты орнықсыз. Жүгі ауған көштің жүрісі өнбейді. Орнықты оқу болмай, қалт-қалт етіп оқытқан оқу білім үйретіп жарытпайды. Жоғарғы айтылған оқу жұмысының үш тіреуі де біздің қазақта бұл күнде сай емес», – деп, күні бүгінге дейін толық шешілмей келе жатқан мəселенің мəнісін ұқтырады.
А.Байтұрсынов «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 15 тамыздағы санында «Орысша оқушылар» деген бас мақала жариялайды. Ұлы ағартушы сол мақаласында оқу-білімнің қажеттігін елдің экономикалық жағдайымен байланыстырып дəлелдейді: «Қазақ жерінде өндіріс жоқ, шикізатын сатады, ал сол шикізаттан жасалған өнімді 2-3 есе қымбат түрде сатып алады. Бұл – надандықтан келген кемшілік», – дейді. Сөйтеді де «надандықты» туындатып отырған себепті ашып көрсетеді. Ол қазақ жерінде сапалы мектептердің аздығынан екендігімен дəлелдейді. Сонымен бірге, мектептерде бала оқытатын мамандардың өте тапшы екендігі де зиянын тигізіп отырғанын тілге тиек етеді. «Қазақ халқы қараңғы дегенде, кінə халықта емес, сол қараңғылықтан құтқаратын мүмкіндіктердің жоқтығында екендігін тəптіштеп түсіндіреді.
Оқу-білім-ғылымның қоғамдық мəн-маңызын едəуір ұққандай болдық. Ал оның мазмұны қандай болмақ керек деген сауалға жауап іздегенде, оның да Алаш көсемдерінің назарынан тыс қалмағанына əбден қандық.
Ұлт ұстазының 1914 жылы 9 мамырда «Қазақ» газетінде «Бастауыш мектеп» атты көлемді проблемалық мақаласы жарияланады. Мұнда автор қазақтың бастауыш мектептері қандай болуы тиіс деген мəселе көтереді. Ұлы ағартушының бастауыш мектеп миссионерлік саясаттан аулақ болуы керек деген тұжырымы күні бүгінге дейін маңызын жоймай келеді. Бастауыш мектеп бесжылдық болсын, алғашқы үш жылда балалар тек ана тілінде оқып, кейінгі екі жылында өзге тілдерді үйренсін деген ұсынысы қазір де өте өзекті.
«Көңілге ұнамды мектептің түрі біздің ойымызша мынау: бастауыш мектеп оқуы қазақ үшін бес жылдық боларға тиіс. Əуелгі үш жылда балалар кілең қазақ тілінде үйретілетін нəрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрафия, шаруа-кəсіп, жаратылыс жайлы», – деп ой толғайды қазақ мектебінің іргетасын қалаушылардың бірі де бірегейі Ахмет Байтұрсынұлы. Көтеріліп отырған м
əселе – бүгін де өзекті. Ұлы ұстаз «əуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқуы керек», – деген ұлағатты сөзді босқа айтып отырған жоқ. Мұнда үлкен гəп бар. Бастауыш мектепте баланың тілі ұшталады, сана-сезімі қалыптаса бастайды. Баланың бұл кездегі халін жас шыбыққа теңеп айтсақ, түсініктірек болады. Жас шыбықты қалай майыстырсаңыз, солай қарап өседі. Үлкейіп өскеннен кейін тал-теректі түзете алмайсыз, адамның табиғаты да соған ұқсас. Ендеше тəуелсіз еліміздің тұлғалы азаматын қалыптастыруды бастауыш мектептен бастап қолға алмасақ, кейін кеш болды. Осы орайда Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы жобасының 4-бап, 3,1-тармақшасындағы мынадай байламмен келісу қиын: «І саты – бастауыш білім беру, 1-4 сыныптар. Оқудың ұзақтығы – 4 жыл. Оқу 6 жастан басталады. Бұл жас баланың ақыл-ойының дамуы мен əлеуметтік даярлығы үшін мейлінше қолайлы кезең болып табылады. Білім мазмұны шетел тілі мен информатика негіздерін ерте үйрену арқылы байытылатын болады. (Астын сызған біз – Қ.С.). Бұл деген сөз дүб
əрə ұрпақ тəрбиелеп, іштен шыққан жау жаман демекші, онсыз да туған анасын танымай, іштен ірітіп жүрген мəңгүрттер қатарын көбейтуге қолайлы жағдай туғызғанмен бірдей ғой.
Біздіңше, еліміз тəуелсіздікке қол жеткізген кезде оған тіпті де жол беруге болмайды. Тұжырымдама қабылданар кезде бұл да ескерілуге тиіс.
Оқудың мəн-маңызы мен ішкі мазмұнын айқындап берумен бірге Алаш публицистері мектеп керектерін де тəптіштеп жазуды ұмыт қалдырмаған. Бұл жөнінде «Мектеп керектері» атты мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы мынадай ой-түйін жасайды: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һəм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білімді біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең əуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші – оқыту ісіне керек құралдар қолайлы һəм сайлы болуы шарт. Үшінші мектепке керегі – белгіленген программа. Керексіз нəрселерді үйретіп, балалардың өмірін босқа өткізбес үшін, үйретілген тиісті білімді кем үйретпес үшін мектепке үйрететін нəрселердің кесімі-пішімі болуға тиіс. Сол пішім программа болып аталады.
Кесек-кесек үш мəселе. Бүкіл білім беру жүйесі, оның ілгері даму тетігі осыларға байланысты. Елімізде білімғылымды жетілдіреміз десек, осы үш мəселеге назар аударып, оңтайлы жағдай туғызу үшін тиісті шараларды қолға алатын күн жеткен секлді. Соған үміт артамыз.
Ұлт ұстазының: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай həм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кəсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген өсиеті əрқашан жадымыздан шықпауы керек.
Алаш баспасөзінің киесі – «Қазақ» газетінде XX ғасырдың басында «Оян, қазақ» деп атой салған Міржақып Дулатовтың «Қазақ жайы» деген мақаласы жарық көрген. Сонда оқырман талқысына салған мына ой көңілге қонады: «Бұрын бізге ғылым да, өнер де қажет емес еді. Кең далада еркін жүріп, еркін тұрып, мал бағып, бар керегіміз малдан табылып, басқа нəрселерді керек қыла қоймаушы едік.
Заманында сол қалпымыз жайлы да, жақсы да еді. Заман қазір де сол қалыпта болса, қазаққа ғылым мен өнер керек болмас еді. Адам ғылым мен өнер үшін жаратылған емес, ғылым мен өнер адам үшін шыққан, адамның өзі тіршілігіне керек болған кезде ойлап тапқан нəрселер. Не нəрсені де адам керегі болса, іздеп жоқтайды, керегі жоқ нəрсені кісі жоқтамайды.
Мұнда мəн берген кісіге маңызды екі мəселе бар. Біріншіден, қазақ даласында ғылым мен білімнің кенже дамуы жергілікті халықтың оларға бейімі жоқтықтан емес екендігін аңдатады. Тек оған деген қажеттілік болмаған. Ал қажеттілік туса, қазақтың қай салада да бейімдік жағынан көп ұлттан көш ілгері екенін өмір дəлелдеп келе жатқан жоқ па? Екіншіден, «адам ғылым мен өнер үшін емес, ғылым мен өнер адам үшін қызмет етуі керек» деген ой – терең түсініп, түйсінуді қажет ететін қисынды тұжырым. Ендеше, бұл екі жай да қазір қызу талқыланып жатқан «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасын» бекіту кезінде ескерілгенін қалар едік.
«Балам» деген жұрт болмаса, «Жұртым» дейтін бала қайдан шықсын. «Балам» деп бағып, оқытып, адам қылғаннан кейін «Жұртым» деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой», – деп жазыпты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінде жарияланған «Орысша оқушылар деген мақаласында. Тауып айтылған ұрымтал сөз. Д
əл қазіргі қазақ оқығын-тоқығандарының басындағы жай. Бізде сыртқа табынушылық басымдау боп көрінеді. Өзіміздегі барды бағалай білу жағы кемшін тартып жатады. Онсыз да арыпашып, тек елге деген сүйіспеншілік сезіммен, перзенттік ақадал көңілмен маңдай терін моншақтатата төгіп еңбек етіп жүрген ұстаз, ғалымдардың қыруар қызметін көзге ілмей, бірсыдырғы сынап-міней бергеннен ұтарымыз қайсы? Өзіңдікі өзекке теппейді. Сырттың жарылқамасы тағы белгілі. «Баланы ұлша тəрбиелесең – ұл болмақшы, құлша тəрбиелесең – құл болмақшы», – деп жазады жоғарыда аталған мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы. Ойландыратын, ойда ұстайтын мəселе.
«Заман талас-тартысқа айналды. Жағаласпай ешкім қатардан орын қалыспайды. Басқалармен тізелесуге, тартысуға, жарысуға оқу-білім керек. Надан жұрт оқымысты, білімді жұртпен қатар тіршілік ете алмайды, есігінде жүріп азып-тозып кетеді. Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниеден сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман». Осыдан тоқсан жыл бұрын баспасөзде жарияланған көсемсөз осылай толғайды. Авторы – көрнекті көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлы. Көтерілген м
əселе – күні бүгінге дейін көкейтесті. Таратып баяндауды қажет етпейтін өзекжарды мəселе. Бір ғана бөле айтуды қажет ететіні – бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарында білім-ғылымға осындай үгіт-насихат жетіспейтіндігі. Бізде қазақ білім-ғылымының бүгінгі жеткен жетістігін Кеңес дəуірінің табысы ретінде қарастыру басым, ал оның ар жағындағы Алаш азаматтарының ерен еңбегі ескеріле бермейді. XX ғасырдың басында қазақ қоғамын дүр сілкіндіріп, үлкен серпіліс туғызған ұлттық ой-сана жарылысы Тəуелсіздік таңы боп атқан XXI ғасырда да жалғасын табуы ауадай қажет.