VIIX-IX ҒҒ-ДАҒЫ ҰЙҒЫРИЯ (Л. Гумилев)

VIIX-IX ҒҒ-ДАҒЫ ҰЙҒЫРИЯ
XXX тарау
Жаңа тәртіп. 780 ж. төңкеріс тоғыз-оғуз тайпасының артықшылық жағдайын жойды. Жеңіп шыққан алты тайпа бәрінен бұрын жойылған осы артықшылық жағдайдың қайта қалпына келтірілуін қаламады. Соңдықтан олар өздерінің бостандығына қысым жасарлық мүмкіндігі болмайтын әлсіз өкіметтің тұрғанын дұрыс көрді және олар осы мақсаттарына жетті де. Шын мәнісінде ұйғыр хандығы монархия болудан қалды, тек басқарушысы өмір бойына болатын республика сияқты бір нәрсеге айналды. Билік іс жүзінде хандарды сайлайтын тайпалар көсемдерінің қолына шоғырланды. Бұл хандардың тұрлаусыз болғандығы соншалық, тіпті тарих оларға мінездеме беруді де лайық көрмеген. 789 ж-дан 794 ж. дейін елді узурпатордың (басқаның праволарын заңсыз тартып алушы адам) ұлы Пангу-ань басқарды. Алайда ол тақты мұрагерлік арқылы алған жоқ, ал оны таққа «ақсүйектер отырғызды». 794 ж. оны өз әйелі у беріп өлтірді, сөйтіп таққа «өзі», яғни у беріп өлтірілгеннің осылай етуге ешқандай правосы жоқ інісі отырды. Бұл саясидан гөрі семьялық драма еді, бірақ ақсүйектер іске араласып, тақты басып алушыны өлтірді де, оның сәби ұлын мұрагер деп жариялады.
Өкімет күшпен бөлшектелінді; ал күш бізге есімі белгісіз, түпкі материалда «гйегяньгэс» деп аталған, сол кездері тибеттіктермен соғысып жүрген қолбасшының қолында болды. Ол әскерлерімен қайтып келгенде хан мен ақсүйектер оның алдынан шығып, өздерін өлтірмеуі үшін жалбарына етпеттерінен түсіп жата қалған. Гйегяньгэстің ықыласына бөленгісі келіп хан оған Тибетке қарсы соғысқа қатысқаны үшін Ұйғырияның қытайдан алған барлық дүние-мүліктерін бере салған. Мұнысына масайрап, көңілі босап кеткен гйегяньгэс жас ханды құшақтап, оған қолдау көрсетуге уәде береді де, әлгі дүние-мүліктерді әскерлеріне бөліп таратады, сөйтіп, бұл іске барлығы да риза болып тарасады. Алайда бір жылдан соң хан өледі (әрине, қарттықтан емес); гйегяньгэс тарих бетінен ғайып болып кетеді, ал хандыққа ақсүйектердің бірінің асырап алған ұлы, бұрынғы ханның тұсында әскери мансапқа қолы жеткен — Құтлуғ сайланады.
Бұл тек мұрагерліктің орнына, таққа ханды сайлау арқылы отырғызу дәуірі басталғандығының салтанаты ғана болған жоқ, сонымен бірге осы жолы конституция да қисындап мазмұндалды: «Ақсүйектер, шенеуніктер және басқалар айтты: «Сен аспан падишасысың, қымбатты тақта қол қусырып отыра бер, ал көмекшіні теңіз бен тау деңгейінде басқара алатын қабылеті бар адамдардан таңдап алуың керек; мемлекеттік жағдайға [түйсіну?]; заңдар мен жарлықтар берілуі тиіс; аспанның мейірімі мен жарылқаушылығына үміт артқан абзал. Міне, біз шенеуніктер осыны өтініп сұраймыз».
Бұл текст өте маңызды. Мұнда хан билігінің шектеулі екендігі атап көрсетілген, себебі ханға үкімет басшысы қосылып берілген — арабтарда ол — уәзір, ал қытайлықтарда — чэнсян деп аталған. Екінші талап сот билігіне қатысты; заңдарды қатаң белгілеу зорлық-зомбылыққа жол бермеуге тиіс еді: Ақырында мемлекеттік істерді шіркеулік істермен үйлестіріп отырудың, яғни желіге әуестенушілер қауымының басшыларымен санасудың үзілді-кесілді талап етілгендігі атап көрсетілді. Ханға тек соғыс жүргізу ғана қалған және шынында да біз Құтлуғты әрдайым әскерлерге бас болып жүрген жерінен көреміз.
Әйтсе де оны мұнда да тыныш қалдырмаған. Ханнан ненің талап етілгенін жазу былайша түсіндіреді: «Бүкіл жер бетінде қарапайым адамдар мен таза әрі мейірман тірі жәндіктер қорғаушылыққа алынып, жауыздары жойылатын болған». Терминология тұтасынан желіге әуестенушілер лексиконынан алынған; «Хуастанифт» авторы Бетюрмиш-тархан да сөзін дәл осылай саптайды. Желіге әуестенушілер рақымдылық пен жауыздықты қалай түсінетінін біз біліп отырғандықтан, бұл текст Құтлуғ өзі жаулап алған облыстарда діни қудалаушылықтар жүргізген деп топшылауға негіз қалайды және Құшада болсын әрі Чаньаньда болсын мұның өзі қытайлықтардың ұйғырларға деген теріс көзқарасын туғызған да шығар, сірә.
Алайда, арабтар қытайлықтардың соңынан қалмады. Хорасан әміршісі өзінің жерінде бірнеше жүздеген зандиктер, яғни желіге әуестенушілер тұратынын біліп, соларды өлтірмек болды. Ол осы ісіне кіріскенше оған тоғыз-оғуздар ханынан елші келіп, мына сөздерді жеткізді: «Менің иелігімде мұсылмандар сендегі зиндиктерден үш есе көп: егер сен сол зиндиктердің біреуіне тиетін болсаң, онда мен барлық мұсылмандарды жусатып салам». Содан бұлардың қай-қайсысы да аман қалды.
Сонымен біз бір-біріне тәуелсіз түпкі екі материалдан ұйғыр ханының христиан; мұсылман және ежелгі халықтар елдерінде қуғынға ұшыратылып әрі қырып-жойыла бастаған желіге әуестенушілерді қорғаушы ретінде көрінетінін байқаймыз; мұның есесіне, Ұйғырияда желіге әуестенушілер өзге діндегілерді қудалауды ұйымдастырып, өз ықпалын пайдаланып қалды.
Тек Тибет пен араб халифатында ғана емес, сонымен бірге Үндістанда да, Қытайда да және Ұйғырияда да төзуге болмайтындық дәуір туына айналды. Сірә, сондықтан ұйғырлар түріктерге қарағанда көрші тайпалардың әлдеқайда аса күшті қарсылығына кездескен тәрізді. Түріктер тек бағыну мен алым-салық, төлеуді ғана талап етті, ал ұйғырлар жеңілгендерді өздерінің бүкіл психикалық сана-сезімі мен өмірлік әдет-ғұрыптарын өзгертуге мәжбүр қылды; олар көшпелілерге өздері түсіне де, қабылдай да алмайтын түсініксіз бір нәрселерді күштеп таңды. Сондықтан да Ұйғырия өзімен келісімге келе алмайтын жауларымен қоршалып қалды.
Желіге әуестенушілік және ұйғырлар. Ұйғыриядағы желіге әуестенушілер шіркеуінің апатқа ұшырауы тарихи кездейсоқтық еді деп қорытынды жасауға ешбір болмайды. Манихейлік дін тәндік, материалдық негіздерге қарсы жүйелі түрде күресті және оның жеңісі іс жүзінде соның жолын қуушылардың тәндік өмір сүруін тоқтатуына жеткізер еді. Өзін-өзі жою жасанды түрде баяулатылғанымен, қалай дегенде де бұл нақты көріністі өзін-өзі өлтірушілік болатын.
Желіге әуестенушілердің жоғарғы ізгілікті тіршілікті қабылдамау, өмірге қанағаттанбаушылық болды, мұның өзі сөзсіз сарыуайымдылық туғызды.
Екінші ізгілік — тән атаулының бәрімен ымыраға келмеушілік — мұның өзі аяушылық білдіру мен қайырымдылық жасауды жоққа шығарды, демек, қатыгездікке кен жол ашты, оны өз принципіне айналдырды.
Үшінші мақсат — нәпсіден тиылушылық пен азғындықты қатарынан қолдану жолымен тәнді қалжырату — семьяның өмір сүруін мүмкін етпеді, яғни олар тек шыдауға болатын, бірақ жақсы халде тұрмаған семья құрды.
Бұл үш принцип — сарыуайымдылық — өліммен тек күнә, қайырымдылық — адамгершілік, ал бір некелі семья құру — сенімділік пен құпиялықтың белгісі саналатын христиандыққа мүлде қарама-қарсы еді. Демек, желіге әуестенушілер шіркеуіне бағынған манихейлік доктринаны қоғамда жүйелі түрде қолдану қандай нәтижелерге жеткізетінін көз алдымызға елестету қиын емес-ті.
Ең алдымен нағыз желіге әуестенушілер тек аздаған топтар, негізінен ақсүйектерден шыққандар ғана бола алғандығын атап өту керек. Сауатсыз батыл жауынгер ұйғыр бақташысына оның жұпар иісті туған даласы, сүйікті әйелі мен беттерінен қан тамған көңілді балалары — ол безінуге тиісті өте қорқынышты жамандық нәрсе деп ұғындыру мүмкін бола қояр ма екен? Ол өзінің садақ жебесін құлағына дейін жеткізе тарта алатын мықты қолдарын және көңілді де азат-еркін талай рет сақтап қалған өзінің жансерік атын жек көріп кете алар ма еді? Ол жарық Сәуле мен қараңғыланған Түнектің күрес абстракциясын (дерексіз түсінікті) көз алдына қалай елестетпек? Ұйғыр көпшелілерінің үлкен бөлігі тек аты жағынан ғана желіге әуестенушілер болғандығы мүлде айқын, әйтпесе олар әдеттегі тұрмыстарын жалғастырып, үйреншікті әдет-ғұрыптарын ғана басшылыққа алды. Желіге әуестенушіліктің ірітіп-шірітетін сұрапылы оларды сәл ғана жанап өтті.
Әйтсе де осы жағдайдың салдары ақсүйектер мен халық арасының ажырауына әкеп соғуға тиіс еді; халық өздерінің көсемдерін түсінуден қалды, ал хандар мен бектерге білімсіз бұқарамен сөйлесер ешнәрсе қалмады. Мұның өзі елді нығайтуға қол жеткізбес еді. Ұйғыр қоғамының жетекші бөлігі жаңа нанымды неофиттердің (қандай да бір діннің жаңадан шыққан жақтаушылары) құмарлығымен қарсы алды және де оларға бәрінен бұрын ұйғырлардың табиғи жаугершілігіне жол ашатын ымыраға келмеушілікті уағыздаушылығы қатты ұнады.
Тибеттіктермен, қарлұқтармен және қырғыздармен соғыстар ендігі жерде ұйғырлар үшін ең жоғарғы мақсат болып қалған-ды: ол соғыстар діни нанымдар үшін күресетін соғыстарға айналды. Осының нәтижесінде сыртқы саясаттың барлық проблемалары мейлінше шиеленісе түсті. Соғысты өзгенің діні өзіне жат халықтың күшімен жүргізу керек еді. Кейіннен келген апат көп жағдайда сыртқы және ішкі саясаттың осы бағытына байланысты өрбіді.
Дегенмен, желіге әуестенушіліктің ең бір бүлдіргіштік салдары семьяларды бұзып, тоз-тоз етуінен көрінді. Негізінен ол ұйғыр қоғамының басқарушы топтарын — әлеуметтік себептерге байланысты Иран мен Жерорта теңізі аймағының жоғары мәдениетін қабылдап, өздеріне бейімдеп өзгерткен адамдарын қамтыды. Некесіздік кезеңдерін үзетін зікір салу мен жын-ойнақтар дені түзу ұрпақ алуға жеткізбеді. Бұл мәдениетке неғұрлым нақты тартылған ұйғырлардың бір бөлігі тек сапасы кем ұрпақ бере алатын еді. Қысқасын айтқанда ұрпақ азғындай бастады.
Ұрпақтың азғындау процесі тез өтпейді; оның салдары көзге түсерлік болуы үшін ең кемі үш ұрпақ, яғни 80 жыл керек. Манихейлік Ұйғырия, міне дәл осынша уақыт бойы сақталды.
Әйтсе де желіге әуестенушілікті қабылдаудың мұндай теріс жақтары біліне бастағанша оның оңды жақтары да — батыс мәдениетіне тартылуы көзге көрінді.
Қытайдың рухани мәдениетінің өзгеше болғандығы соншалық, көшпелілер оны қабылдағылары келмеді және оны қабылдай да алмас еді. Тоныкөктің мысалынан біз тіпті қытайша білім алған түріктер де өздерінің дүниетанымдарын қытайдікіне қарсы қоюға талпынғанын көреміз. Тибеттіктер де өздерін осылай ұстады; сол сияқты ұйғырлар да алабөтен бола қоймады. Бірақ мұның өзі оларды мәдени алмасушылықтың болмауына душар етті және тек Соғды мен Ираннан шыққандардың толқыны ғана оларға қытайдікінен кем жетілмеген мәдениетке кең жол ашты.
Ибн Хордадбек Ұйғырияны түрік елдері арасындағы ең көлемдісі деп суреттейді. «Тоғыз-оғуз хақаны 12 темір қақпасы бар үлкен қалада тұрады, қала тұрғындары желіге әуестенушілік жолын ұстанады; қыратта, өзінің кремліңде оның алтын шатыры тұр, оған 900-ге дейін адам сияды; ол шатыр алыстан бес фарсах жерден көрінеді». Бұл сән-салтанатты сарайда әлсіз, қабілетсіз хандар отырды, олардан тек көпірме құрметті атақтардан басқа ешнәрсе қалған жоқ. Елді тайпа ағамандары немесе желіге әуестенушілердің «жетілгендері» басқарды, олардың есімдері тарихта сақталмады.
839 ж. дейін Ұйғырияда қырғыздардың көтерілісінен (815 ж. шамасында) және татар тайпасының Амурдан Иныпаньға өтуінен (820 ж. шамасында) басқа ешқандай ірі оқиғалар. болған жоқ». Жанама тұрғыдан алсақ бұл — ел қуатының әлсірей бастағанын көрсетеді. Сондықтан әдетте әлсіз басқарушы кезінде болатынындай ел ішінде қандай да бір жік-топтар күрескен-ау деп болжаған жөн. Бірақ олар қандай жік-топтар болғанын біз тіпті шамалай да алмаймыз, 832 ж. Геса деген ханды «өзінің қол астындағылар өлтірді», сөйтіп оны Ху деген немере жиені алмастырды. Әне соның тұсында елге апат келді.
Ұйғыр хандығының жойылуы. IX ғ-дың ортасына таман Ұйғырияның бұрынғы күш-қуаты енді келмеске кеткен еді. Аристократияның іріп-шіруі өз жемісін берді. Ақсүйектер бір-бірлерімен бақталастыққа түсті, ал жауланып алынған тайпалар бөлініп шыға бастады. Жоғарыда шатоның 794 ж. бөлініп шыққаны атап көрсетілген болатын. 835 ж. татаптар бөлініп кетті. Әйтсе де Ұйғырия үшін қырғыздардың көтерілісі неғұрлым қорқынышты болып шықты. Қырғыз бегі тәуелсіздікті армандап арабтармен, тибеттіктермен және қарлұқтармен достық байланыстар жасап тұрды. 818 ж. шамасында қырғыз бегі Ажо өзін хан жариялады. Оның анасы түркеш бегінің қызы еді, ал әйелі — тибет қолбасшысының қызы болды; демек оның осы екі халықпен де туыстық байланысы бар еді. Ұйғырдың Бао-и-ханының көтерілісті басып-жаншуға тырысқан әрекеті табысты бола қоймады. Шетелдік тепкіден құтылғанымен қанағаттанбай Ажо жауының сөзсіз тізе бүгуін талап етті, «Сенің тағдырың бітті,— деді ол ұйғыр ханына— Мен жуық арада сенің Алтын ордаңды жаулап аламын, оның алдына өзімнің атымды байлап, ордаңның төбесінен өзімнің туымды желбіретемін. Егер менімен жекпе-жекке шыға алсаң — кел; егер шыға алмасаң, онда тез арада тайып тұр». Ал дәл, сол кезде оңтүстікте жаугершіл шато өз күштерін қайта қалпына келтіріп, олар да ұйғырларға қауіп төндіре бастаған еді.
Ұйғырлардың осыншалықты қиын-қыстау Жағдайға ұшырап қалуының себебі олардың өздерінде жатты. Олар өздерінің бостандығы жолында көк түріктерге қарсы орасан күш-жігермен күресті, бірақ сол бостандыққа жеткеннен кейін оны қалай пайдалануды білмеді. Олардың бостандық сүйгіштігі диалектикалық түрде дами отырып, кез келген ұйымдастырушылық бастаманы жоққа шығарушылыққа айналып кетті. Олар хан билігін шектегілері келгендігі соншалық, көздеген осы мақсаттарына жеткен кезде бұл билік бүкіл мән-мағынасынан айрылып қалды. Тіпті тікелей төнген қауіп-қатердің алдында да ұйғырлардың өз күштерін біріктіруге мүлде қабілетсіз болғандығы да, міне, осыдан Солтүстік пен оңтүстіктегі жауларына тойтарыс берудің орнына ұйғыр ақсүйектерінің арасында қырғыздар мен шатоны ұнатушылық сезім пайда болды.
832 ж. Қарақорымда алтын таққа Айдынлық улуг Мунмиш Қюлюг Білге Чжан-син хан деген құрметті атағы бар Күлтегін (қытайша Ху-дэлэ; парсыша Хутуглан-хакан ) отырды. Алдындағылардан мұраға ол ханшалыққа қытай патшасының қызын және шешілмейтін қарама-қайшылықтардың шумағын алды. Бұдан соңғы оқиғалардың «Таншуда» сараң суреттелгендігі соншалық, одан оқиғалардың туу себептерін емес, ал тек жалпы өрбу барысын ғана саралауға болады.
839 ж. ақсүйек Кюлюг-бек (қыт. Гюйлофу) өзіне көмекке келген шатоға сүйеніп, Қарақорымға шабуыл жасады. Хан өзін-өзі өлтірді, сөйтіп, көтеріліске ниеттес ақсүйектер хан етіп жап-жас Кэси-тегінді қойған.
Ол қыс қар көп жауды, содан қойлар мен жылқылар көптеп қырылды, аштыққа оба келіп қосылды, сөйтіп 840 ж. көктеміне қарай ұйғырлар аштықтан, эпидемиядан және төңкеріс тудырған абыржушылықтан әлсіреп қалды. Кюлюг-бектің жауы агаман Клюг-бага көмекке қырғыздарды шақырып, Қарақорымды басып алды. Хан мен Кюлюг-бек өлтірілді, олардың жақтастарының үйлері өртеліп жіберілді. Үрейленген ұйғырлар тым-тырақай болды. Бір бөлігі оңтүстікке қашып, тибеттіктерге бағынды; ақсүйек Пан Төре 15 аймақты Жоңғарияға алып кетіп, қарлұқтарға берілді, ал хан аймағының 13 руы (сірә, тоғыз-оғуздардың қатарлары толтырылған ұрпақтары болуы керек) 841 ж. наурыз айында Үгетегінді хан жариялап, қырғыздарға қарсы күрестерін жалғастыра беруді ұйғарды. Алайда бүкіл Халха, Қарақорым, сондай-ақ ұйғырлардың бүкіл қазна-байлықтары жаудың қолыңда қалған еді, соңдықтан тек табиғи жаугершілігі мен соғысуға ұмтылысы ғана ұйғырларды одан әрі қарсыласуға итерді.
Қырғыздардың Қарақорымнан қолға түсірген олжаларының арасында ұйғырлардың үш ханының әйелі — қытай патшасының қызы бар болып шықты. Қытаймен қарым-қатынасын бұзғылары келмей қырғыздар ол ханымды әжептәуір күзетпен және үрен- жаранымен үйіне қайтарды. Үге-тегін осы керуенге шабуыл жасап, барлық қырғыздарды қырып салу арқылы патша қызын босатып алды, сөйтіп оны өзінің ханшасы етті. Алайда, Халхада тұрақтап қалатынына үміт артпай Үге Гобиді басып өтіп, аумақты, аш әрі рухы түскен ордаға бас болып, Хуанхэ өзенінің жағалауынан бірақ шықты. Қытай үкіметі бұлар соғыс іздеп жүрмеген шығар деп ұйғыр командованиесімен бір келісімге келмек еді. Бірақ ашыққан көшпелілер келісімнің соңын күтпей, өздеріне ас-суды қытайлықтарды тонау арқылы таба бастады. Ақсүйектер бұл істің аяғы насырға шабатынын біліп, Үге-тегіннің ағасы Умус барлық кінәні соған жабу үшін өздерімен одақ құрған шатоның көсемі Чисинді өлтірді. Сол кезде оның екінші бір көсемі Насечур Чисиннің әскерін — 7 мың үйді басқарып, өзінің жақтастарын Маньчжурияға алып кетті. Онда оны қытайлықтар талқандаған соң ол қайтадан Үгеге қашып келіп, мұнда оны Үге өлтірді. Ұйғырлардың өзге ақсүйектері қытай императорына бас иетіндіктерін білдірді.
Өзінің қол астындағыларды асырау үшін қаражаты болмағандықтан Үге олардың Шаньсиге шабуыл жасауына (841 ж.) рұқсат етті. Қытай әскерлері жеңіліске ұшырап, солтүстік Шаньси мен Ордос талқандалды. Бұл ұрыншақтық ұйғырлардың тағдырын шешті — қытай үкіметі оларды қолдаудан бас тартты әрі оларға қарсы бір армиясын жұмылдырды. 842 ж. ұйғырлар талқандалып, Ордостың солтүстік-шығыс бұрыннан Маньчжурияға қуылып тасталды. Сол уақытқа дейін ұйғыр ханына адалдығын. сақтап келген қидандар қарсы ұшырасқанның бәрін тонап келе жатқан қашқындардың аш-жалаңаш тобырларын көріп, көтеріліске шыққан бойы Қытайға берілді. 843 ж. басында ұйғырлар тағы да талқандалып, жараланған Үге өзінің жақтастарымен бірге «қара арба» тайпасына қашты, бірақ олар ұйғырларды ұстап берді: Үге өлтірілді, ал оның қол астындағыларының көпшілігі жан-жаққа бытырап кетті.
Үгенің ағасы Энянь-тегін ұйғырлардың қалғандарына басшылық жасады. Ол татап ағаманының ерікті көмекшісі болып өмір сүрді, дегенмен 847 ж. қытай әскерлері татаптарды талқандап, содан Әнянь татарларға (шивэй) қашты. Қытайлықтар оны өздеріне беруді талап етті, сондықтан ұйғырлардың соңғы басшысы әйелімен, ұлымен және тоғыз салтатты нөкерлерімен бірге бір жаққа жол тартып сол бойы хабарсыз кетті.
Соңғы ұйғырлар татарларда тығылып жүргенін қырғыз ханы біліп қойып, Маньчжурияға он мыңдық әскерімен келген бойда қашқындарды аулап ұстауға кірісті. Содан аман қалған аз ғана бөлігі «ормандар мен тауларда тығылып, тонаушылықпен тамақтарын асырай жүріп», батысқа, Пан Төреге жете алды.
Зардаптар. Ұйғыр мемлекетін жою тек әскери-саяси шара ғана болып қойған жоқ. Ұйғыр әскерлерін талқандағаннан кейін бірден қытай «үкіметінің монилердің [манихейлердің немесе желіге әуестенушілердің ] кітаптары мен пұттарын жинап алып, бәрін жол бойында отқа жағуы, ал мүліктерін қазынаға алуы» тегіннен тегін емес. Дінге төзімді қытайлықтар тарапынан мұндай батылдықтың орын алуы бұл шараның әбден ойластырылып істелгендігін көрсетеді. Әйтсе де бізде қытайлықтардың желіге әуестенушілікке мұншалықты қаталдықпен қарауының себептері жөніндегі мағлұматтардың осынша аз болуы өте өкінішті-ақ. Қалай болғанда да манихейлік қауымның талқандалып, мұның өзі буддалық насихатқа жол ашқандығы анық.
X ғ-да «Алтын жарқыл» діни кітабы ұйғыр тіліне аударылды, бұл жағдай мұндай әдебиетке қызығушы оқырмандардың көптеп шыға бастағандығын көрсетеді. Содан былай буддизм желіге әуестенушілікті толық ығыстырып шығарады.
Ұйғырлар талқандалғаннан кейін Қытай мен Қырғыздар арасындағы қарым-қатынас бұзылды, себебі қытайлықтар қырғыз хандығының күшеюіне мүмкіндік туғызудан бас тартты. Бірақ соғыс шыққан жоқ.
Қырғыздар өздерінің ұйғырларды жеңгендіктерін қабір үстіне орнатылған белгі тасқа екі жолға жазған, «Енисей ескерткіші» деген атпен белгілі жазуымен атап өтті. Онда былай делінген: «Сендерден, менің елім, менің ханымым, менің ұлдарым, менің халқым; сендердің бәріңмен 60 жасымда [мен бөліндім — өлген]. Менің есімім Ел-Туған-түтік. Мен құдай берген тамаша елге жіберілген едім. Алты бектің халқына мен бек болдым».
«Алты бектің халқы» немесе «алтықұрамды халық» дегеніміз 780 ж-дан кейінгі ұйғырлар. Олардың үстінен Ел-Туған-түтік бек және «айсі»болды. «Айсі» сөзі жалпы «елші» дегенді білдіреді, бірақ бұл арада ол, сірә, «уәкіл» мағынасында қолданылған, және де мұндай түсінікте оның бір мезгілде бір ғана халыққа қатысты әрі бастық (bay), әрі елші болғандығына қарама-қайшылық келтірмейді. Ол айтар сөзін ханға емес, ал quncui-ханымға айтады (қыт. тілінен алынған; бұл терминді көк түріктер қолданған. Мерзімді белгілеу үшін мұның маңызы зор: Ажо 847 ж. қайтыс болды, демек Ел-Туған-түтік одан көбірек өмір сүрген және сөзін соның мұрагер әйеліне арнап тұр. Сонымен біз Халхада қалған ұйғырлардың қандай жағдайға душар болғанын білеміз; олар қырғыз еліне бағындырылған халық ретінде кірді, өйткені тек осындайларды басқару үшін түтік деген құрметті атағы бар шенеуніктер тағайындалып отырды.
Ұйғырлар мемлекетінің «құдай берген тамаша ел» аталуы аса маңызды, қырғыз жазуы Ұйғыр хандығының жоғарыда суреттелген теократиялық (өкімет дін басыларының қолында болған) сипатын атап көрсетеді.
Пан Төре батыс шеткейге алып кеткен ұйғырлардың басқа бір тобының жағдайлары әлдеқайда сәттірек қалыптасты. Қарлұқтарға барып тығылған ұйғырлар көп кешікпей екі топқа бөлінді: үлкен бөлігі Құшада орын тепті, кезінде оны өздері тибеттіктерден қорғап қала алды, ал екінші бөлігі — Тибетпен шекарада, Бесбалық маңында тұрақтап қалды.
Тибетті боршалаған ішкі соғыстар оның қуатты кезіңде тибеттіктердің бағындырып алған облыстарына әсер етпей қоймады. 848 ж. Дуньхуанда жергілікті халықтың (яғни қытайлықтардың) көтерілісі бұрқ ете түсті. Көтерілісшілерді қабілетті офицер Чжан И-чао басқарды. Ол өзінің жақтастарын «парызына бас ұрушы әскер» деп атады және 850 ж. қарай ұйғырлардың көмегімен Хами мен Турфанды басып алды. Алайда оған Ганьчжоуды ұстап тұрған тибеттіктерді түпкілікті қуып шығудың сәті түспеді, сөйтіп, қырқыс 10 жылдан аса созылды.
Бұл кезеңде ұйғырлар күштерін жинап жатты. Қытайға келіп түскен мәліметтер өзара байланыссыздығына қарамастан жаңа ұйғыр хандығының өмірге бейімді болып шыққанын белгілеуге мүмкіндік береді. 856 ж. Құшада Қытаймен одағын жаңғыртуды қалаған жаңа хан Манли отырды. Бірақ бір жылдан кейін-ақ Ұйғырияға апарар жол кесіліп тасталған болып шықты, сірә, тибеттіктер қарсы шабуыл бастаған болуы керек. Сол кезде іске жоңғарлық ұйғырлар араласты. Бесбалыққа бекініп алған бек Буту Цзунь қытайлықтарға көмектесіп, тибет буддашыларының көсемі — Тан Бибидің сыйбайласы, төнген қолбасшысы Тоба Хуай Гуан басқарған бон дінін қолдаушы тибет үкіметінің жауына айналды. Белсенді бон дінінің алдында желіге әуестенушілер, буддашылар және конфуциандықтар екендерінің алауыздықтарын ұмытып, бірлесіп кетті, сөйтіп, тек батылдық жасау әрекеттерімен жарыққа түсті. Тибет диктаторы, қолбасшы Шан Кунжо қай кездегіден болсын жауларының сағын күшпен сындыруға әрекеттеніп көрді, бірақ «тайпалар оның соңынан ермеш», сөйтіп, тибет шабуылы сәттілікке ұшырады. Буту Цзунь Сичжоудағы (Турфан алқабы), Бэйтіндегі (сірә, Бесбалық маңындағы шекаралық қамал болуы керек), Луантайдағы (Үрімші жанында), Цзинчзндегі (Үрімштен батысқа қарай 250 ли жерде) тибет бекіністерін басып алды және сол арқылы Тянь-шань маңында тибеттің басымдылыққа ие болуын жойды.
Қытай қолбасшысы Чжан Ки-юн Ганьсуда Шан Кунжоның өзін жеңіліске ұшыратты, көптеген тұтқындарды және сол кездері ташпы жабдық саналған сауыт-саймандарды көп мөлшерде қолға түсірді: Шан Кунжо Хуанхэнің жоғарғы сағаларынан оңтүстікке қарай шегінді, әйтсе де оның жаулары, сірә, жергілікті тұрғындар арасынан болса керек, Тоба Хуай Гуанды узурпатордың қиыншылықты жағдайы туралы хабардар етіп, содан тогон қолбасшысы оның ішкі Тибетке шегініп кетуіне мүмкіндік бермеді. Ұйғырлар мен қытайлықтар асығыс түрде оңтүстікке, Хухунорға жетіп, Гуо қалашығында (Сининнің оңтүстігіне таман) шешуші шайқасқа түсті. Шан Кунжо әскерлері быт-шыты шығарыла талқандалып, өзі тұтқынға алынды. Оның ең алдымен аяқтары кесіліп, барлық кіналары бетіне басылды, сонан соң басы кесілді. 866 ж. желтоқсанда Чаньаньға Тибеттің түбегейлі талқандалғандығы жөніндегі хабармен бірге, Шан Кунжоның басы да жеткізілді.
Сонымен, Тибет пен Қытайдың екі ғасырлық күресі тәмамдалды, бірақ Қытай осы жеңісінің қызығын көре алмаған еді. Тан монархиясының ішкі іріп-шірушінің асқынып кеткені соншалық, енді оның бетін қайтару мүмкін болмай қалды. Осының салдарынан Танның соңғы императорларының сыртқы саясаты шетелдіктердің Қытай ішкі істеріне араласуына жіберілмеуіне келіп сайды. Бұдан ұйғырлар ұтысқа жетті. Бугу Цзунь қарамағына Бесбалық пен Турфан алқабынан басқа Құшаны, Лобнор көлінің солтүстік жағалауын және Манас өзеніне дейін Жоңғарияны біріктірген шағын, бірақ мықты султанат құрды. Бұл кішігірім иелік хандық деп атауға келмеді, сондықтан оның иесінің «иды- кут» деген құрметті атағы болды. Алайда осы бір ұрықтан ортағасырлық Ұйғырия өсіп жетілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *