ҰЛЫ ЖАНЖАЛ
(581-593 жж.)
IX тарау
Қатысушылар. Будда мистикасы мен әдет-ғұрпына әуес болуына қарамастан, Арыслан-Тобо хан өз өкіметін нығайта береді. Хинганнан Кубанға дейінгі сегіз енші-аймақты басқарған сұлтандар оның әміріне бағынып отырады. Өздері бас идірген тайпаларды ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында ұстайтын осынау аса батыр, мансапқұмар сарбаздар өздерінің ара қатынасын реттей алмайтын көрмедік болып шығады. Олардың әрқайсысы өздерінің бектерінің, тіпті қатардағы сарбаздарының тілек-талабы, ой-арманымен санасып отыруға мәжбүр болады, өйткені, оның тағдыр-талайы, кейде тіпті өмірінің өзі солардың шын берілгендігіне байланысты болады; бектердің қай-қайсысы болса да халықтың көңіл-күйімен, түркіттерді өз мақсаттарына пайдаланғысы келетін көрші мемлекеттердің емшілік қызметімен санасып отыруға тиіс еді. Осының салдарынан ел ішіндегі жағдай шым-шытырық шиеленісіп кетеді, әрине, оған хандар мен шадтардың әрбіреуіне тән мінез-құлқы да себепші болады.
Тобоханның үлкен ұлы Әмірақ154 қой аузынан шөп алмайтын момын кісі болады. Өзінің шыққан тегі патшаның ұлы, шешесі жағынан да асылтектіден болса да, ол сол өзіне күнілгері тағайындалған қызмет мүлде оның қолы еместі. Жұрт оны жақсы көретін, құрметтейтін, бірақ ол билеушінің алмағайып тұрақсыз тағдырынан гөрі, қақсоқсыз тыныш өмірді артық санайды да, ордадағы топтардың ешбірін де басқарып кете алмайды. Осындай қадыр-қасиетімен ол өз жақтастарын шарасыз күйге түсіріп, жолын байлайды да, өзіне мүлде ұқсамайтын немере інілерінің кең көсілуіне мүмкіндік береді.
Муганханның ұлы Төременнің мінез-құлқы, оған қарағанда, өзгерек болады. Оның жүріс-тұрысына, қытай тыңшысы Чжан-сунь Шэннің берген мінездемесіне қарағанда, билікті жақсы көргенімен, солқылдақ екен. Соғыста — батыр, саясатта — соқыр болған, күштілерге келгенде — көнгіш, жасық, әлсіздерге келгенде — арсыз пасық екен дейді155. Міне осы мінез-құлығы Төременді қытай тыңшылық қызметі және әкесімен сыбайлас жаужүрек бектер қолындағы ойыншыққа айналдырады. Бұ ханзаданың тағдырына оның түркіт тектілерінің билеуші бөлігіне жатпайтын шешесі, Муганханның кәнизегі көп кесірін тигізеді. Жесір қалғаннан кейін де ол мемлекет істеріне ықпал жасай береді және, шамасы, Ян Цзянді Суй әулетінің императоры деп тануды жақтайтын партияның басында тұрса керек. Сондықтан да 581 ж. Суй үкіметі, жылы-жайлы жерге орналасқан түркіттерді қытайдан қайтарып жібергеннен кейін олар ашу-ызасын жесір қатыннан алуға тырысады. Міне, осындай сыңайлар, көңіл-күйлері орда ішінен үндестік тауып, табиғи түрде оның баласының абырой-беделіне нұқсан келтіреді де, оқиғалар барысына кәдімгідей әсер етеді.
Беймезгіл қаза тапқан Қара Ыссықханның ұлдары — Шету мен Чулохоу бәрінен де батыл, бәрінен де қайратты-жігерлі болады. Шетудің батыр да ақылды, мәрт те қайратты болғаны сондай, өз қатыны оны «қасиеті жағынан нағыз қасқыр»— дейді екен. Осынау қадыр-қасиеті арқасында ол халық пен текті бай-бағландардың құрмет-қошеметіне бөленеді, тәж-тақты да алады, тіпті сол қасиеттері оны опат ете де жаздайды.
Ағасынан Чулохоу да кем түспейді. Ол тіптен қулығы — еркін, еркелігі мен әдептілігі жөнінен ағасынан да асып түседі. Соның нәтижесінде халық оны құрметтеп қана қоймайды, тіпті жақсы көреді де. Оның енші аймағы қағанаттың шығыс шекарасы жағында болатын, ол арада төлес-шад Чулохоудың тірегіне айналған қидандар мен татаптар көшіп-қонып жүретін. Шамасы, Чулохоудың енші аймағына Гоби тасты шөлінің шығыс бөлегі кірсе керек, өйткені оның лауазым аты сөзбе-сөз: «Шөлдің екінші дәрежелі султаны» дегенді білдіреді. Әсілі, тап осы «екінші дәреже» оның сұмдық мансапқорлығы мен қажыр-қайратына қосылғандықтан да қағанат тіпті Азияда басым болып тұрған кездің өзінде-ақ, оны қытайлармен жақындасуға итермелегенге ұқсайды. Біздің заманымыз оның осы позициясын — саяси принципсіздік деп бағалар еді, ал VI ғ. Чулохоу бұл қылығымен түрік қағанатындағы басқа сұлтандар арасынан ерекшеленіп көзге түспеген тәрізді.
Бірақ жоғарыда аталған хандардың ішіндегі ең көрнекті тұлға, солардың немере ағасы, Істемиханның ұлы Қара-Сор Түрік Тардушхан болған. Оның өмірбаяны Қытай шежірелерінде кездеспейді, бірақ бұл олқылық Византия және парсы, бастаухаттарымен толықтырылады156. Қара-Чурин (Қара-сор) өзінің әскери мансабын 555 ж. әкесінің туы астында, түркіттердің эфталиттермен бірінші қақтығысы кезінен бастайды. Сосын 556 ж. Істемиханның рұқсатымен оңтүстік Жоңғарияны бағындырып, абарлар тайпасының жерінде өзінің енші аймағының негізін салады. 558 ж. Қара-Сор Орал мен Еділ жорығына қатысады, бірақ жаулап алынған жерлер оның інісі Түріксанф пен немере інісі Бөріханға енші етіп беріледі.
576 ж. Істемихан қайтыс болғаннан кейін, Қара-Сор Батыстағы жоғарғы өкіметті мұра етіп, Тардушхан лауазымын алады, содан кейін алыс жорықтарға қатысуды қояды. Византия мен Эгриси (лазики) патшалығына қарсы бағытталған Қырым және Кавказ жортуылдарын оның қарамағындағылар басқарады да, жеңіліп қалады. Бұл жеңіліс салқыны Қара-Сордың абырой-беделі мен даңқына нұқсан келтірмейді, ол тап сол кезде «ұлылығы үшін» Боке (қаһарман)157 деген атақ алады.
Бірақ бұл хан бақытты болмаған: оның Қара-чурин деген аты — кәдімгі «Қара сор» (бәлкім, бұл алапестікті білдіре ме). Еншілік-таспиқтық жүйеде бағынушы жағдайында жүргеніне қарамастан, Қара-Сор сұлтандардың ішіндегі ең қажырлы, қайраттысы болған. Өз сезімдерін білдіргісі келмесе де, оны мен Шету екеуі бір-бірін көре алмаған.
Әулеттік егес. Төніп келе жатқан трагедияның кіріспесі 581 ж. бітерде, Орхон жағасында түркіттердің ұлы ханы Арыслан Тобохан ажалдың жақындағанын сезген кезде басталады. Ол өз ұлы Әмірақтан, еншілік-таспиқтық жүйенің мұрагерлік заңына сәйкес, Муганханның баласы Төременнің тәж-тақты алу құқын мойындауды талап етеді. Тобохан сонда жалғанда әке мен баланың туыстығынан ыстық, одан жақын ештеңенің болмайтындығын, бірақ оның тақты мұра етіп алу ісінде ешбір мәні-маңызы жоқ екенін айтады. Сол таспиқтық өрлеу заңына сәйкес, Шету де құр-алақан қалады, оның әкесі заң қабылдағанға дейін дүние салғанды, сол себепті де ол таққа отыру кезегінен шығып қалатын бұралқы сұлтанның кебін киеді. Бірақ ол кісіге есебін жібермейтін.
Шешесінің «қарадан шыққаны» себепті, текті түркіттер арасында Төременнің онша беделді емес екенін еске ала отырып, Шету Әмірақты қолдап шығады. Мәслихатқа елдің ең соңынан келген ол, егер марқұм болған ханның өсиеті орындалатын болса, өзінің еншілі аймағына барып, оның шекарасын «көк найзаның ұшымен, қайқы қылыш күшімен» қорғайтынын яғни азамат соғысын бастайтынын айтып, айбат шегеді. Бұл өте күшті дәлелді дәйек болатын, оған қарсы шығуға ешкімнің де дәті шыдамады. Сөйтіп әлсіз де жуас Әмірақ хан болып шыға келеді.
Бірақ Төремен бұған көнбейді. Оның жақтастары Әмірақты боқтан-боралап, намысына тиіп, тыныштық бермейді, сондықтан да ол өзінің қолдаушысы Шетудің пайдасына тәж-тақтан бас тартады. Тағы да аташым болып қалған Төремен, мемлекеттің теріскейдегі шет аймағынан еншілік және Абохан (Аға хан) лауазымын алып, көңілін бір демдейді.
Шету — Иль-кулуг-шад Бага Ышбарахан158 лауазымын қабылдайды. Өздеріне ұнамайтын кісілерге қорлайтын иероглифтерді іріктеп алу дәстүрінен бір айнымайтын қытайлықтар, оның соңғы «но» буының «лио» (тонаушы) деп өзгертіп, «Шаболио»159 деп атайды. Ол хан осынау жағымсыз атпен тарихқа енеді.
Tебеті жөнінен хатта бірауыз сөз жоқ. Қағанаттың батыс шекарасында кенет лап еткен соғыс жөніндегі Қытай императоры бұйрығындағы мәлімет көңілде шүбә туғызады. Ол Орта Азия мен Иранда 582 ж. болған жағдаймен мүлде үйлеспейді. Хотан кішкене ғана бектік болған. Оның әскер күші. 4 мың сарбаздан құралған. Эфталиттер болса, со жылы ғана парсы монархиясының құрамына кірген еді, ал монархияның өзі Месопотамияда Византиямен қиын соғыс жүргізіп, жатқанды. Қағанаттың жоғарыда айтылған жауларының бәрі шетелдерде жүрген, ендеше «көтеріліс жасады» деген сөзді оларға қолдануға болмайды. Ал егер Тардушхан оларды шынымен жеңген болса, ол онда бұл жеңіс жөнінде үндемей қала алмас еді. Ақырында, кейініректегі қытай шежірешілері Суй шу мен Тан шу, тегі, оны сенімсіз санап осы әңгімені оқиғалар сипаттамасынан шығарып тастаса керек. Бұнымен мен де келісемін. Әсілі, император Вэнь-ди географияны нашар білетінінің құрбаны болғанға ұқсайды. 582 ж. қытайлардың Қашғардың батысындағы елдер жөніндегі мәліметінің дәлдігі Византияның Қашғардың шығысындағы елдер жөніндегі мәліметінің дәлдігіне деңгейлес болған. Сол себепті де қағанаттың батыс шетіндегі Византиямен соғыс жайлы хабарды олар Персиямен соғыс жөніндегі сыбыс деп ұққан, ал ол кезде мұндай соғыстың болуы мүмкін емес еді. Парсылар өз одақтасына неліктен шабуыл жасауға тиіс?
Жоғарыда аталған қытай бастаухатына осындай түзету енгізсек, ол Менандр «Суйшу» мен Симокатта мәліметтерін байланыстыруға жағдай жасайды. Тардупіхан 576 жылдан 583 ж. дейін Византиямен соғысады, бірақ өз басы қатыспайды, оны жүргізуді өзінің немере інісі, қағанаттың батыс шетінде еншілік аймағы бар Бөріханға сеніп тапсырады. Император Маврикийге жазылған хатта түркіттердің византиялықтарды жеңгені, әлбетте айтылмаған. Сөз салмағы, Шығыс Рим империясының бұрынғы бодандары болса да, VI ғ. автономиясын сақтап қалған лаздарға (колхтар) түсіріледі. Хош, сонымен, шындыққа кәдімгідей жақын келіп, елшілік сыпайылықты сақтап қалады.
581—584-жж. соғыс сипаттамасының, қытайлықтан басқа екінші версиясының болмауы Г. Е. Грумм-Гржимайлоны да, (Батыс Моңғолия…, 229-6. 4 ескерту) мені де адастырады (Л. Н. Гумилев, Бірінші түрік қағ…, 79-6., бірақ персияның 582 ж. қағанатқа қарсы соғысы жөн. хабарға сенген авторлар оған мән бермейді де, бұл қате қорытындыға ықпал етпейді. Ал, осы мәлімет Тұрум-Тардушхан қызына үйленген эфталит кінәзі — деп болжаған X. Хауситті алдайды (Н. W. Haussig, Theophilakts Exkurs…, s. 300, 379—383). Қытай хабарын сынауға қоса, мұнда Хаусинггің позициясына қарсы, хат текстінде соғыс «өзара» және «азаматтық» соғыс делінеді, ал бұған байланысты эфталиттер аталмайды.
Бірінші хан болып табылатын Шаболионың қосыны өз билігіндегі жердің дәл кіндігіндегі Өтукен тауының етегінде болатын. Екінші хан Қара-Сор Түрік еді, оны қытайлар Дяньгу деп атайтын (иероглиф оның атын фонетикалық тұрғыдан көрсетпей, тек мағналық жағын ғана берген). Қытайлар оның лауазымын фонетикалық жағынан Датухан деп береді. Қара-Сордың қосыны Ақта тауы баурайында болған.
Әмірақ үшінші хан болып есептелген. Оның осынау қоқырайма лауазымы тақтан құралақан қалғанының қарымын қайтарса керек. Оның қосыны Толы өзенінің жағасынан, аңшылық құратын сайын даладан қоныс тепкенді.
Осынау ірі-ірі төрт ханнан басқа, тағы да уағырақ төрт хан болған. Чулохоу жаңа заң бойынша ағасы Шаболионың мұрагері саналады. Шабблионың немере інісі, тегі, Тобоханның ұлы және Әмірақтың інісі Тегін-шадтың да қағанаттың шығыс жағында енші аймағы болған.
Батыста гректер Түрксанф деп, қытайлар Таньхан деп атаған сұлтан хандық құрады. Ол Еділ мен Солтүстік Кавказдағы әскерлерге бұйрығын жүргізеді, оның қарауында, әлгі Византияға қарсы соғыс бастап, 576 ж. Босфорды алатын, Тобоханның немере інісі Бөріхан қызмет атқарады.
Батыстағы соғыс. Қағанаттың батыс аймағындағы соғыстың созыла түсуі тарихта жазылмаған. Византия мәліметтері үзік-созық, парсы мен грузин деректері бізге жетпеген, ал қытайлардың Қаратеңіз өңірі географиясын білмейтіндігі сондай, өздеріне жеткен сыбысты қияли тұрғыдан түсіндірген. Сол себепті де түріктердің өз бастау хаты — қаған (Қара-Сордың) император Маврикийге жазған хаты аса құнды олжа болып табылады, ол хаттың нобайы Феофилакт Симокаттаның «Тарихында» сақталған. Сол хатты біз тарихи дерек ретінде арнаулы жұмыста талдап шыққанбыз, соның негізінде енді оқиғалар барысын қалпына келтіреміз.
Менандр тек 576 ж. түркіттердің Босфорды алғанын және 580 ж. Қырымға шапқыншылық жасағанын ғана хабарлайды. Түркіттер қағанының Маврикийге жазған хатынан біз 582—583 жж. түркіттердің Византияға Кавказ арқылы өткісі келгенін, бірақ табысқа жете алмағанын білеміз. Тардушханның өзі шығыста, Қытаймен соғыс жүріп жатқан жерде болған. Сол соғысқа қатысқаны оның атағына атақ қоспайды, ол әскерімен кейін шегінеді. Қытай императоры, Тардушханның шегініп кеткен себебі, оған қарсы «парсылар, эфталиттер мен хотандықтар бас көтерді» деген бұйрық жариялайды. Хан өмірбаянының бұл Түркіт-Византия соғысының аяқталуы, қағанаттағы азамат соғысының басталуына яғни 584 ж. бас кезіне тура келеді. Қырымға кимелеп кіруі сәтсіз болғаннан кейін, түркіттер Кавказбен шектеле қояды. Лазика немесе Эгриси патшалығының терістік шекарасы Кавказ қыратымен өтетін; Абхазия сол патшалықтың бір бөлегі болатын. Шамасы, түркіт сұлтандарының соғыс әрекеті осы маңда өткен болуға тиіс. Олар оңтүстік жаққа алыстап ене алмаған секілді. Лаздардың қарсылығы туралы ештеңе де айтылмайды, тек 300 мың адамның жусатыла салғаны ғана хабарланады, олардың мәйіттері жол бойын қуалай, 160 шақырым жерге дейін (төрт күндік жол) шашылып жатады. Бұл тегі тұтқындар қырғынына ұқсайды, шегініп бара жатқан қалың әскер оларды өздерімен бірге айдап кете алмаған. Демек, түркіттердің Қырым мен Кавказға жасаған шабуылы тұншығып қалады да, олар соғыста жеңіліс табады. Осыдан кейін расында да, 588 ж. Византия Боспорды қайтарып алады, сөйтіп бастапқы жағдай қалпына келтіріледі.
Қытаймен соғыс. Қытайдағы төңкерістен кейін, түркіттер жібексіз қалады. Ян Цзянь жабайылармен елшілік қарым-қатынастарды тоқтатады, ал со кездері жібекпен сыртқы сауда жасау ісі, негізінен, көшпелі хандардың елшіліктері мен император сарайының арасында тарту-таралғы, сый-сияпат алмасуымен ғана шектеледі. Саяси қайта топтасу әрекеті ілезде жүзеге асады да, тоғон ханы Қуалуй түркіт ханы Шаболионың досына айналады. Шаболионың әйелі Бэй-Чжоу үйінің ханшайымы болатын. Ол мұңлық өзінің барша туған-туысқандарының көзі құртылып, ата-бабаларына құрбан атау ісінің тоқтап қалғанына қатты қамығады. Терістік Қытайдың сәнбилік бай-бағландарын түркіт ханының қосынымен жалғастырып тұрған әлсіз жіп тек осы әйел ғана еді. Шекарадағы Инчжоу аймағының билеушісі Инчжоуда тәуелсіз-егеменді алдияр құқын сақтап қалған және құлатылған Ци әулетінің жақтаушысы Гао Бао-ниннің 582 ж. жазында Суй империясына қарсы шығуы тегін емес. Оның одақтасы түркіттер тап со мерзімде бүкіл әскери күш-қуатымен Гоби шөлінен асып, қамал ішіндегі Қытайға киіп-жарып кіре береді.
Соғыс, император мен оның кеңесшілерінің күнілгері ойлағанынан гөрі, ауырырақ болады. Түркіттер ә дегеннен инициативаны өз қолдарына алып, қытайлардың сан жағынан басымдығын пайдалануына мүмкіндік бермей қояды. Суй әскері Ұлы қамалдың өн бойына созылып жатады; оның сол қанаты Наньшань тауына (қазіргі Ганьсу уәлаятында) барыға тірелсе, оң қанаты Ючжоу жазығына (қазіргі Шанъси) жайғасады. Қытайдың шекарадағы сарбаздары күйретіледі де Ұлы қамалдың ішінен пана іздейді. Түркіттер оның Ганьсудағы ең салақ салынған, осал жері — Мухя мен Шиминь өткелдерінен баса-көктеп өтіп кетеді. Солтүстік-Батыс Қытайдың ең бай алты облысындағы үй малынан тігерге тұяқ қалмайды. Бірақ түркіттер жүгенсіз талау-тонауға құнығып кетіп, өздерінің жағдайын қатты қиындатады. Тартып алынған малдың бір бөлегі терістікке айдалып кетіп, қалған бөлегі жеп бітірілгеннен кейін, түрік әскеріне ашаршылыққа ұшырау қаупы төнеді, өйткені үрей қуған халық тау-тауды сағалап, бой тасалайды да, майдан даласы құлазып бос қалады. Түріктермен бірге ұрысқа гогондар да шығады, бірақ олардың 581 ж. Лянчжоуға жасаған жортуылы тойтарылып тасталады да, содан былайғы әрекет-қимылы шекара жанжалынан әрі аспайды.
Ян Цзянь империяның күллі күш-қуатын жаппай жұмылдыруға жарлық береді, бірақ ол ұзаққа созылатын істұғын және жерді дайындау сапасы Суй үкіметі алға қойған міндеттерге сай келмейді.
Қытай әскерінің қатары өздерінің егіні мен бау-бақшасынан жиналып алынған шаруалар есебінен толықтырылатын. Офицерлер құрамы ғылыми айтыс-тартыс пен өлеңдер жинағын аңсайтын конфуцилік зиялылармен молықтырылатын. Әскери уставтарды философтар конфуцилік мораль негізінде құрап шығатын. Солдаттар мен офицерлердің кей-кейде батырлықтың ғажайып үлгілерін көрсететіндеріне қарамастан, шекарадағы қызмет яки алысқа жасалатын жорықтар оларға сұмдық азап болып көрінетін. Сонымен қатар армия жүріске шабан келетін, оның басым бөлігі жаяу әскерден тұратын, қару-жарақ қатарында соғыс арбалары бар тұғын, ал атты әскер саны мүлде аз болатын. Әрине, мұндай әскермен далада жетекшілік роль атқару жайын ойға алмаса да болар еді. Алайда әскердің кемшілігін елшілік қызмет еселеп толтыратын. Ал, тағдыр Ян Цзянның бақытына таптырмас көмекшіні, теңдесі жоқ тыңшы — Чжан-сунь Шэнді тауып берген еді. 578 ж. елшілікте жүрген кезде, Чжан-сунь Шэн, со кездегі енші аймақтың султаны Шаболиомен достасып кетеді. Сонда оны садақшы мергендігімен тәнті етеді. Ол түркіт бектерімен байланысын шебер пайдаланып, оларды бір-біріне айдап салып, қырқыстырып қояды.
582 ж. аяғында қытайлар түркіттерге тойтарыс береді, ал Чжан-сунь Шэн түркіт хандарының арасына алауыздық дәнін сеуіп үлгереді. Енші аймақ сұлтандарының ішіндегі ең күштісі Қара-Сор Тардушхан бөлекше бітімге келіп, Қытайдан әскерін алып кетеді.
583 ж. жазы қытайларға тағы бір жеңілдік әкеледі. Линтаоға шабуыл жасаған тоғондар күл-талқан етіледі, соның ізінше Абоха» жеңіліске ұшырайды. Шаболионың жеңісі түркіт әскерін күйретуден аман алып қалады, бірақ Қытай тыңшысы Чжан-сунь Шэн Шаболио мен Абохан екеуінің арасына от тастап үлгереді.
Бір сенімді кісі арқылы ол Шаболиоға мынадай сөз айтады: «Түсініксіз бір нәрсе, түркіт әскерінің басында сіз тұрған кезде, ол ұдайы жеңіске жетеді де, ұрысқа басшылық ету Абоханның қолына көшсе болғаны, әскер күйреуден көз ашпайды, мұнысы қалай? Ал, сіз бен Абоның қарамағыңдағы қол саны шынында да бірдей. Осынау масқара қорлық сізді де ұятқа қалдырып отыр. Жә, енді кәзір сіз жауды күн демей, түк демей талқандап, атақ-даңқыңыз жер жарып жатқанда, Або болса, күллі ұрыс науқанын ұтылысқа қарай бейімдеп, түркіттерді жаманатқа қалдырып отырған кезде де, сіз бұрынғыша оған тек ескерту жасап қоя салуды жөн деп ойлайсыз ба? Бір кездері сіз «теріскей хандығының» яғни Төременнің енші аймағының көзін құртуды армандаушы едіңіз. Енді соны істеуге дәтіңіз барар ма екен?» Тап сол мезетте Чжан-сунь Шэннің өзі Абоханды былай азғырып жатты: «Хош, енді Датухан Суй үйімен одақ құрған екен, ендеше Шету түркіт халқын билейтін жоғарғы өкіметті өз қолында ұстап тұра алмайды. Сол себепті де сіздің дәл кезінде сол одаққа қосылып, императордың қамқор қанаты астында тұрғаныңыз жақсы болмас па екен? Ол сіздің күшіңізге үлкен күш қосар еді және өзіңіз қалап алған жолдан — Шетудің әмірін орындап, әскерлеріңізді селдіретіп құртудан, тап бір айыпкер сияқты, оның астамдығын арқалап жүре бергеннен гөрі ақылға қонымды дұрыс нәрсе ғой».
Төременнің опасыздық жасауы мүмкін деген сыбыс Шаболноға да жетеді, ол сосын ақыр аяғында түрік мемлекетін құртуға апарып соғатын бір қатерлі қадам жасауға бел байлайды.
Араздық. 584 ж. ақпаны мен наурызында Төремен жоқ кезде, Шаболио оның қосынына шабуыл жасайды. Қылыштасып қырқысу кезіңде Төременнің шешесі қаза табады. Мұның бәрі қытайдың тіміскілеп, түрткілеуінен болғаны ел-жұртқа аян еді, сол себепті де Төремен қытайларға қатты жауығады. Ол батысқа Қара-Сор Түрік Тардүшханға қашып барады. Шаболионың жүгенсіз әділетсіздігі орданы қатты ашындырған секілді. Қара-Сор Төременге қалың әскер береді; мұның үстіне оның бұрынғы аймағынан 100 мың адам қосылады, сол сияқты еншілік аймақтар хандары Түрксанф (Таньханьхан) пен Тегін шад та қостайды. Төременнің қарауындағы қолдың қалыңдығы сондай, Шаболио табыстан күдер үзсе де болғандай еді. Тіпті оның інісі Чулохоу да қарсыластар жағына шығады, ал ту сыртындағы қидандар жаппай көтеріліс бастайды. 584 ж. күзінде Шаболио Қытаймен бітімге келіп, одақтасуға ұсыныс жасайды.
Осындай ұсыныспен Тардүшханнан да елшілер келеді. Сөйтіп Ян Цзянь ағымдағы жағдайдың қожайыны болып шыға келеді, бірақ осынау ақылды да әккі саясатшы өзін зор бәледен құтқарған қағанаттағы өзара жанжал екенін көріп, біліп отырады. Түркіттердің атты әскерімен белсене күресуге қытай сарбаздарының әл-дәрмені жетпейді, сондықтан да мен кінәз Гуанның хандардың алауыздығын пайдаланып, соғысты жазық далаға шығару жөніндегі ұсынысын қабылдамай тастадым,— деп жазады ол. Ян Цзяннің өзі үшін де және бүкіл Қытай үшін де айрықша маңызы бар тағы бір жәйт бар еді. Солтүстік облыстардағы қытайланып кеткен сәнбилер кез келген уақытта түріктермен тіл тауып кетуі мүмкін еді және бұған қоса Чжоу үйінен шыққан ханшайым Шаболио ханның ой-пікірі мен сезіміне жөн сілтеп отыр ғой. Шамасы, алдын ала жүргізілген келісім бойынша ханшайым императорға оның өзін қызым, ал күйеуін-ханды балам деп тануы жөнінен ұсыныс жасағанға ұқсайды. Ханшайымның өтініші қолма-қол қанағаттандырылады.
Бұл оқиға — жаңа әулет бұрынғы әулеттен бүтін қалған дәстүрлерді мойындайды деген ұғымды білдіретін. Басқаша айтсақ, солтүстік шекарадағы сәнби бай-бағландарының артықшылықтары сақталады және көшпелілермен алыс-беріс саудасы яғни бүркемеленген алым-салық қалпына келтіріледі деген сөз еді.
Шаболионың Қытайға жіберген нотасы — ескертпе хаты тым асқақ раймен жазылған. Онда қойылатын талаптардың қаталдығы сондай, оны көмек сұраушы емес, жеңіске жеткен кісі ғана айта алатындай еді. Императордың өзін бала етіп алғанын тілге тиек ете отырып, ол патриархалдық от басындағы сияқты, өздерінің бүкіл дүние-мүлкін ортақ деп есептеуге ұсыныс жасайды: «Менің хандығымдағы күллі қой мен жылқы малы түптеп келгенде императордың да малы, өйткені оның жібек маталары шынында да менікі. Мұнда өзара алалық жоқ». Өз малының құны — отыз миллиондық қытай халқының жібек қорынан әлдеқайда кем екенін хан әрине түсінген, бірақ ол жібек пен мал нарқын өктем үнмен теңестіре айтқандағы тап осындай айырбасқа ұмтылған. Ашуланшақ Ян Цзянь тап осы арада бір ызалануы керек еді, бірақ ол мүлде түсініксіз ұстамдылық көрсетеді де, баяғы қайрымды Бэй-Чжоу кезіндегі сияқты, түркіттерге мол тарту-таралғымен елшілерін жөнелтеді.
Елші ханнан тек бір-ақ нәрсені талап етеді —өзін вассалмын деп айтып, император грамотасын тізесін бүгіп алуы керек. Хан біраз кекірейіп қасарысса да, келісімін береді. Осынау дұшпан көзі үшін бағыныштының сыңайын таныту Ян Цзянға абырой-беделін арттыруға керек еді, ал шын мәнінде, қалаған нәрсесін түгелдей император емес, түркіт ханы алған еді, сонда ол жібек валютасын, күллі халқымен бірге уақытша қытай шекарасына көшіп баруға рұқсат алған еді — өйткені теріскей жақтан оны қидандар мен Төременнің жақтастары тықсырып қыса бастаған — тағы да өз әскеріне киім-кешек пен азық-түлікті, тіпті соғыс көмегін де қоса қамтығанды, ал қытайлардың жортуылдағы корпусына сол баяғы түріктерді қырып салуды армандайтын кінәз Гуан қол басшылық ететін.
Шаболионың үлгісін Қара-Сор Түрік қолдап, 584 ж. өзін Суй империясының вассалымын деп мойындайды. Ол да жібекке мұқтаж болатын және оның дос-жарандары, соғды көпестері, далада тыныштық орнатылып, керуендердің қауып-қатерсіз жүруі қамтамасыз етілсе деп көптен талап қойып келгенді. Императордың тарту-таралғысы шын мәнінде нақты бұйым еді, ал тәуелділік онша сезіле бермейтін болғандықтан да, жетекші екі ханның екеуі де іс жүзінде ұрыста ұтып шықтық деп ойлап, Қытаймен бітімге келуге құлшына кіріседі. Бұл шығысқа шабуыл жасай бастаған Төременнің табысты қимылын тұсап тастайды. Шаболио оның әскерін талқандайды, ал ту сыртынан оны Қара-Сордың байырғы бодандары-абарлар келіп соғады. Олар Төременнің қорғансыз қалған қосынына лап қойып, әйелі мен балаларын тұтқындап алып кетеді. Шаболионың әскеріне ерген қытай сарбаздары Төременнің үй-ішін абарлардан тартып алады. Тұтқындар Шаболионың қолына тапсырылады, осындай аса құнды сыйдың өтеуі ретінде, ол соғыстың бас кезінде жаулап алынған жерді тазартып, ұлы шөл Гоби үстімен өтетін шекараны қалпына келтіреді.
Бақытсыз Торемен бәрінен: шешесінен де, әйелі мен бала-шағасынан да, туған жерінен де айрылып қалады. Ол өзінің жанына жайлы сайын даланы тастап, ақырғы жорықтастарымен бірге оңтүстікке қарай кетіп, Пайкент шаһарына келіп, Бұқардың маңынан қоныс тебеді.
Еншілік жүйенің салтанаты. Шаболионың жеңіске жетуі — оның өкіметін сақтап қалса да, түркіттер арасында тыныштық орната алмады. Жеңімпаз ханның құба түзде мазасы кетіп, көңілінің алаң бола бергені сондай, 587 ж. бас кезінде ол қытай императорына, оның Хуан-хэ алқабындағы жерінен «аң аулауға рұқсат сұрап», өтініш білдіреді. Оның өтініші қабылданады, ханға керекті ауқат қоры жіберіледі, бірақ бәрібір ол зауалдан құтыла алмайды. Шаболионың қосыны кенет өртеніп кетеді де, оның өзі «жайсыз хабардан» жантәсілім етеді.
Ханның баласы Юн Иоллығ (қыт. Юн Юйлюй) таққа отырудан бас тартады, заң бойынша тәж-таққа мұның ағасы, әкесінің жауы Чулохоу отыруға тиіс еді. Бұл арада мәселе ханзаданың жеке басының қадыр-қасиетінде емес, ол кейін өте батыл, қайратты-жігерлі болып шығады. Осынау мәмлеге келу Ісінде өзара қырқыстан мезі болған, қалың түркіт жасауылдары шешуші роль атқарған деп ойлаған жөн. Олар тақта мұрагерлігі жөніндегі еншілік заңын еске түсіріп, өздерінің хандарын соны сақтауға және ымыраға келуге мәжбүр еткен.
Юн Иоллығ таққа отыру жәйлі ұсыныс жасап, Чулохоуға елші жібереді, бірақ анау ханзаданың адалдығына шүбәланып, бұдан бас тартады да, өзінің оған бағынып бас иетінін білдіреді. Бірақ ханзада бұған қарсы қайсарлықпен дәйекті дәлел айтады: «Менің әкеме ұзақ уақыт бойы жау болған сіз, Чулохоу, енді оның сәби баласына бағынасыз. Біздің заңымызға сәйкес, сізді өзінің мирасқоры етіп тағайындаған әкемнің әміріне сәйкес, тәж-тақ сізге бұйырады. Сіз көнуіңіз керек». Шын мәнінде екі хан да мойынсұнуға тиіс еді. Оларға найзагер жасауылдардың ерік-жігері қатер төндіріп тұрған. Олар таққа таласушылар ішінен, «батырын, ой қабылеті барын» яғни Чулохоуды қалап алған болатын.
Оның таққа отыруы шиеленісті бірден бәсеңдетеді. Абоханды тек Шаболионың жауы болғандықтан ғана қолдап жүрген, оның көптеген жақтастары жаңа-ханды жақтап шыға келеді. Қара-Сор да орталық өкіметке қарсы әрекет жасауын тоқтатып, Абоханмен егесіп қалады, сөйтіп Абохан жалғыз тұйыққа қамалады (585 ж.).
Чулохоу тақпен бірге ағасының саясатын да мұра етіп алады. Ол Суй империясымен жасалған одақты қайта бекітеді, өзінің бұрынғы досы, ол кезде халі бұрынғыдан бетер ауырлап кеткен Абоханға қарсы соғысты ашықтан-ашық жүргізе бастайды.
Пайкент трагедиясы. Абоханның тас-талқан болған қалың қолы топырлап, Жоңғар қақпасы мен Шу алқабы арқылы батысқа қарай шұбырады, Қара-Сор өзенінің көсемімен одақты бұзғаннан соң, олар бұл арада қалуға жүрексінеді. Олар алыс кетсек — қауыпсыз болар деп қағанаттың оңтүстіктегі қиыр шетіне келіп тоқтайды. Түркіттердің Бұқар облысы шебіне келгені туралы «Бұқар тарихында» былай баяндалған: «Бұл араға Түркстаннан келген адамдар осында қоныстанып қалды, өйткені, бұл облыста сулы, нулы жер көп, аң аулайтын ғажайып алқаптар бар; осылардың бәрі жер ауып келгендерге қатты ұнады. Әдепкі кезде олар киіз үйлер мен шатырларда тұрып жатты, сосын күн санап келушілер шоғыры көбейе берді де, қоныстанушылар жапырласып үйлер сала бастады. Халықтың қалыңдап кеткені соншалық, олар (өз арасынан) біреуін таңдап алып, әмір етіп сайлады. Оның аты Абруй болатын».
Қол астындағы қорғансыз жерде Абохан сарбаздарының қалай жүріп-тұрғанын болжау қиын емес. Түркіт әскері арасындағы тәртіп жөнінен ол кезде Чжоу мемлекетінің (563 ж.) генералы болған Ян Цзянь ашықтан-ашық былай айтқанды: «…түркіт сарбаздары сый-сияпатқа да, жаза мен сазаға да немғұрайлы қарайды, өздерінің бастықтарын онша қадірлемейді және көбіне тәртіп сақтамайды. Бірақ түркіт сарбаздары олжадан бастартқан емес және талау-тонауды құрмет санаған. Сол себепті де «Бұқар тарихының» былай деп жазуы таң қаларлық нәрсе емес: «Арада біраз уақыт өткеннен кейін Абруйдың өкіметі күшейді, ол осынау облысты рақымсыз қаталдықпен билей бастады да, халықтың төзімі таусылды. Диқандар мен бай көпестер бұл облыстан Түркістан мен Тараз жағына кетіп қалды да, сол жақтан қала тұрғызып, оны Хамукат деп атады… Бұқарда қалған жұрт өз бекзаттарына елші салып, Абруйдың зорлық-зомбылығынан қорғауларын сұрады. Бекзаттар мен диқандар бас қосып, түріктер ханы Қара-Сор Түрікке арыз айтып, көмек сұрайды, халық оның ұлықтығын қастерлеп, Биягу деп кеткенді Биягу дереу баласы Шири-Кишварға қалың қол беріп, соған жұмсайды. Ол Бұқаға келіп, Пайкенттен Абруйды ұстап алып, кең қанарға сары араларды толтыра салдырады да, соған Абруйды да сал деп бұйрық береді, байғұс хан ажалын содан табады».
Бірақ Төремен-Абоханды жеңу іс жүзінде бұдан әлдеқайда қиын болады. Өзінің бұрынғы одақтасын жәукемдеп тастағысы келген алғашқы әрекетінде Қара-Сор сәтсіздікке ұшырайды. Содан кейін барып батыс пен шығыс хандары бітімге келіп, қаныпезер билеушіге қарсы уақытша одақ құрады. Шығыс түркіттердің әскерін батысқа Қара-Сор мен Төременнің бұрынғы досы — Чулохоу бастап барады. Жолай ол өзімен бірге Қытайдың көмекші әскери корпусы келе жатыр — деп сыбыс таратады да, Суй императоры сыйлаған жалауларды әдейі желбіретіп көтеріп жүреді. Бұл онсыз да қобалжып жүрген солқылдақтарға, жаман атқа онша ілінбегендерге әсер етеді. Төремен жақтастарының көпшілігі Чулохоу жағына шығады.
Батыс ханының әскерін оның парсы бастаухатында Шири-Кишвар деп аталатын баласы Янг Соухтегін бастайды. Бұлардан басқа тағы екі хантегі, Юн Иоллығ пен Қара-Сордың ұлы, сібірлік «Батыр-сұлтан» болса керек, көмекке әскер жібереді немесе жібереміз деп уәде етеді. 587 ж. көктемінде одақтас әскерлер Бұқардың маңындағы бір жерде бүлікшілерді соғысуға мәжбүр етеді.
Төремен мен оның қолдаушылары шегінетін жер қалмаған еді. «Жаулар қаһармандықпен айқасты, бірақ қаныпезер билеуші мерт болғаннан кейін, оның әскері бет-бетімен қашты. Зор шайқастан соң қаған қайтадан өз жерінің қожасы болып қала берді. Қаған өз өкілі арқылы император Маврикийге осы табыстары жөнінен хабар берді… «Азамат соғысын аяқтағасын, қаған жайбарақат жайлы күйде мемлекетін бейбіт жолмен басқару үшін, тауғастармен келісімшарт жасайды»,— деп хабарлайды, грек бастаухаты, ал, қытай шежіресі бұл туралы бірінші министрдің сөзін келтіреді де қояды: «Туысқандар, ұлы жәндіктер секілді бірін-бірі құртып жатқан кезде, өзіңнің кең бейілді екеніңді көрсету үшін, оларды аяп, тиіспеу керек». Бұл арада «Сары аралар» мен «улы жәндіктер» әлденені ойға салып, біраз роль атқара алады. Мұндағы басты гәп — Суй үйінің көпшелілер арасындағы абырой-беделінің қамын жеп, кең бейілді екеніңді көрсет дейтін кеңесі: жаулар бірін-бірі құртып жатқанда, оларды аяп, тиіспеуге болады (тап бір қайырымдылық пен қатыгездік белгілі дәрежеде қытайларға тәуелді болып тұрғандай-ақ).
Бірақ осынау бітім жасалмай тұрғанда ұлы жанжалдың тағы бір қатысушысы жантәсілім болады. Төременді талқандап, көзін жойғаннан кейін бұл іс Суй үкіметінің сұрқиялық ақылын көзге ілмей-ақ жасалған еді — шығыс пен батыс түркіттері тағы да таласып қалады. Бұл талас кездейсоқ еместі: Шығыс түркіттері бас болып, басқарғысы келсе, Батыс түркіттері тәуелсіз дербес тұрғысы келеді. Қарулы қақтығыс көп күттірмейді. 587—88 жж. қысында Чулохоу, қайта жауыққан Тардушханға қарсы батысқа қарай қозғалады. Чулохоудың әскері талқандалып, өзі қаза табады.
Бұл оқиғаның дүмпуі бірден білінген жоқ, бірақ ол қағанаттың тағдыр-талайы үшін шешуші күш болды. Осы уақытқа дейін шығыс пен батыс түріктері арасындағы соғыс әулеттік жанжал сыпатында жүріп жататын. Бір тайпаның екі дай болып бөлініп, өзара жауласуын өршітетін ешбір экономикалық, саяси, идеологиялық себептер болмайтын. Бірақ XVI ғ. дін жолындағы соғыс, ал XIX ғ. қосымша пайда жолындағы күрес қандай болса, VII ғ. қанды кек мәселесі тап сондай роль атқарған. Чулохоудың өлтірілген жасауылдарының туған-туысқандары батыс түріктерімен ымыраласып, тіл табыса алмайтын және бітіскісі де келмейтін. Мұндай мүмкіндік тіпті олардың ойларына да кіріп шықпайтын. Сол себепті де соғыс 590 ж. дейін, ағасының ажалынан соң хан болған Шаболионың баласы Юн Иоллығ Қара-Сормен бейбіт бітім жасағанға дейін созыла береді. Юн Иоллығ 587—588 жж. жорыққа қатыспағанды, ендеше оның жасауылдарының батыс түріктермен тартыс-таласты тоқтатуға қақы бартұғын. 593 ж. бітім қағанаттың бірлігін қалпына келтіріп, енші аймақтар арасындағы шекараны тиянақтандыра түседі.
Қара-Сор империяның ең ірі тұлғасы болып алады да, Пайкентке өзінің немересі Нилиханды ма, әлде, бәлкім, оның әкесі Янг Соух-Тегінді ме — әйтеуір біреуін билеуші етіп қояды, соңғысының тағдыры төменде баяндалады.
Өзара жанжал кезінде түріктер батыстағы билейтін жерінің бір бөлігінен айрылып қалғанды, өйткені Византия 588ж. Боспорды қайтарып алған болатын, бірақ түркіттер Шығыста Гаочан кінәздігін талқандап, бағындырады да, оны өзіне сый етіп тартады.
Қалтарыстарда. Грек тарихшысы түркіт ханының «бейбітшілдігін» тегіннен-тегін айта салмаған, оны ханның өзі екі императорға хабарлаған және сол «бейбітшілігі» немере інісінің қазасына апарып соққан еді. Текстерді салыстыра қарап, VI ғ. жағдайды ескеріп отырсақ, со кезде болған оқиғалардың астарын бірден түсінуге болады.
Керуен жолының Хамиден бастап, Персияның шекарасына дейінгі бөлшегін бақылап отыратын түркіт, әсіресе Батыс түркіт хандары үшін табыс табудың негізгі көзі болып табылатын транзиттік сауданы жүргізу соғыс кезі жағдайында ақылға қонбайтын нәрсе еді. Қара-Сор әуелде Шаболионы әлсірету үшін ғана Абохан Төременді қолдаған, бірақ Төремен керуен жолының қожасы болуы мұң екен, оның ашқарақ сарбаздары сауда жасауға мүмкіндік бермей қояды. Қара-Сор қателескенін бірден біле қояды да, Қытаймен одақ жасауға бет бұрады. Ол заманда соғысты соғыс қоректендіретін. Абоханның әскерлері күнкөріс қаражаты қалмағасын, бағынышты облыс есебінен қорек айырып жүреді, ал 585 ж. күзінде, бұл облыс жері Мәуреннахрдың оңтүстік бөлігімен шектеліп қалған кезде, жүз мыңдық орданы ауқаттандыру ол облыс үшін әлі жетпейтін ауыртпалыққа айналады. Кімнің қаржысы болса, ол, кейін Бөкехан лауазымын алған Қара-Сор Түріктің қол астына көшіп кетеді. Босқындар Абохан отрядтарына қарсы күресу үшін көмек сұрайды, ал отрядтар қанша тырысқанымен, бұдан басқаша қимыл-әрекет жасай да алмас еді.
VI ғ. 60 жылдарында Істеми мен Маниахтан басталған, түрік хандары мен соғды көпестерінің достығы олардың балалары кезінде де жалғаса түседі. Қара-Сор Түрік өз қызын соғды бегіне береді. Соғды көпестері монополистер болғандықтан да, түркіт ханының ұрығарын көтеру ісін көп қиналмай тұтынушылар мойнына арта салады, сөйтіп өздерінің қауіпсіздіғін өзгенің есебінен қамтамасыз етеді. Сондықтан да соғды ақсүйектері жомарт қолмен түркіт бекзаттарына сый-сияпатты мол беретін. Ал, Абоханның қалың қолы ортаазиялық қос өзен арасына қаптай жайылып кеткен кезде, көпестер мен диқандар батыс түрік қағанаты ханынан пана табады. Солардың араласуы арқасында Қара-Сор өз саясатының бағытын өзгертеді. Тоременмен бірігіп, қытайға қарсы күресу орнына, оның сазайын тарттырады, сөйтіп Қытаймен бітімге келіп, одақ құрады да, Иранмен соғысқа баласын аттандырады. Ал, өздерінің алақандай жеріне байланып қалған қалың кедей, тіпті 587 ж. өзінде шаруасын тастап кете алмай, Абоханның —»татсыз түрік болмайды» (тат — көшпеліге тәуелді егінші) деген түрік мәтелін жақсы білетін,— жортуылшыларын асырауға тиіс болады.
Абохан-Абруйдың түбіне жеткен қайшылық — тоналған таттардың аш түркіттерге қарсы күрес-тартысы болатын. Наршахи: «бүкіл бай-бағландар мен дәулетті-текті диқандар көшіп кетті де, кедейлер мен төменгі құл-құтандар Бұқарда қалып қойды» және «олар өз бекзаттарына елшілер салып, Абруйдың зорлық-зомбылығынан қорғауларын сұрады» — деп ашықтан-ашық жазады. Зорлық пен террорға негізделген жаңа тәртіп, патриархалдық қатынасқа құрылған ескі өкіметтен әлде қайда қатал да рақымсыз болатын. Сол себепті де қайтып келген бекзаттар мен олардың қасындағы ханзаданы халық құтқарушылар ретінде қарсы алады. Бірақ кедей-кемтарлар өздерінің осы бір азат етілгенінен жарытып жақсылық көрмейді, өйткені «Хамуқаттан қайтып келгендердің» яғни көпестер мен текті диқандардың «қызметшілері болып шыға келеді». Түркіт заманының аяғы мен араптар жаулары басталар кездегі Орта Азияның саяси құрылысын «жер иесі ақсүйектердің шектеусіз өктемдігі» — деп айқындауға болады, ал осынау процессте түркіттер катализатор рөлін атқарған деп ойлау керек.
Қағанаттағы талас-тартыс кездейсоқ шықпаған. Шынында да тіпті тәуелсіз деуге тұрарлық, толып жатқан хандардың болуының өзі — олардың жеке қарым-қатынасының азамат соғысына айналып кетуіне апарып соғатынына дәлелді дәйек бола алар еді. Сонымен бірге біз күресуші жақтардың ешбір программасы болмағанын көреміз. Кісінің белгілі бір топқа қосылу-қосылмауы түркі сарбаздары мен бектерінің жеке басының оны жақсы көруіне, не жек көруіне байланысты еді.
Төременнің төңірегіне түркіт қоғамының Қытаймен күресті жалғастыра беруді жақтайтын демократиялық күштері, ал Шаболио маңына — қытайлар күштері топтасыпты — деген болжамның дәлелі жоқ. Біз енші аймақтар сұлтандарының бәрі, тіпті Шаболионың інісі — Чулохоудың да Төремен жағында болғанын көреміз. Шаболионың өз басы бүкіл күш-қуаты, қару-жарағымен Қытайға қарсы күрескен, тек жағдайы қиындап басқа амалы қалмағаннан кейін ғана, Суй үйінен көмек сұраған, ал Төремен Қытайға қарсы ғұмырында бас көтерген емес. Бәрінен де дұрысы, біздің алдымыздағы сол баяғы әулеттік талас-тартыс, оны тудыратын себептер — сұлтандардың мансапқорлығы мен жасауылдарының тойымсыз озбырлығы және алғаш рет қан төгілгеннен кейінгі — кек құмарлық болып табылады.
Күрес тек оған қатысушы төртеудің үшеуі қайтыс болғаннан кейін барып бітеді. Жаңа хан Юн Иоллығ «әлсіз де қорқақ» болған ал заңды хан болу мүмкіндігінен айрылған Қара-Сор империяның іс жүзіндегі билеушісіне айналады.
Сонымен еншілік-таспиқтық жүйе принципі, бірінші жағынан, әулеттік жанжалдарға жағдай жасаса, екінші жағынан, оны тыныштандыруға да жол ашады, өйткені жүйенің икемділігі күресуші жақтардың мәселені мәмлемен шешуіне мүмкіндік береді. VI ғ. 90 жылдарында түркіт мемлекеті іштей берік, көршілеріне қаһарман да қатерлі ел болып қала береді. Сүй үйінің қытайы бұған төзіп отыра алмады.
Түркіттер Қытайға өз табыстарының қайнар көзі деп қарайды, ал қытайлықтар түркіт мемлекетін өз шекарасына төнетін мәңгілік қауып-қатер деп біледі. Көшпелілермен қарым-қатынас жасаудан қытайларға түсетін пайда мардымсыздағын, шегетін зияны орасан зор болатын. Сондықтан да күшті қытай үкіметі көшпелілердің ынтымақтасып бірлесуіне ешқашан да жол бермеуге тиіс еді, сөйтіп Ашин мемлекетіне қарсы күрес — Суй үйінің көкейкесті міндетіне айналады.