ҰЙҒЫР ҚАҒАНАТЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ (Л. Гумилев)

ҰЙҒЫР ҚАҒАНАТЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ
XXVII тарау
Ұйғырлар. Түріктерге қарағанда ұйғырлар өз елін мүлде басқа принципте құрды. Тоғыз ру шыныңда тоғыз-оғуздар тайпасын біріктіретін. Бұл — жетекші тайпа болғанымен, үстемдік етуші тайпа болған жоқ. Басмалдар мен шығыс қарлұқтарын өзіне бағындырып, ұйғырлар оларды орталарына тең праволы етіп қабылдады. Өзге алты телестік тайпалар — бугу, хунь, байырқу, тонгра, сыге және киби — праволары мен міндеттері жөнінен тоғыз-оғуздарға теңестірілді. Хан қосыны Ханғай мен Орхон өзені аралығыңда болды. Олардың шекаралары шығыста Батыс Маньчжурияны, ал батыста — Жоңғарияны қамтыды. Қарлұқтар мен ұйғырлардың аралығындағы шекара 745 ж. әскери қақтығыстар нәтижесінде белгіленген болатын. Түріктерді талқандағаннан кейін қарлұқтар ұйғырларға қарсы түркештермен одақтасты, бірақ жеңіліп қалды. Осының салдарынан қарлұқтардың Қара Ертістегі қоныстары Ұйғыр қағанатының құрамында қалып қойды.
Гобидің оңтүстігіне таманғы далаларды ұйғырлар Империяға қалдырды. Кейінірек олар өздерінің иеліктерін солтүстік-батысқа қарай кеңейтті, әйтсе де жалпы алғанда олар территориялық иеленушілікке табынбады. Тайпалардың бірлесуіне негізделген Ұйғыр қағанатының бүкіл құрылымы хандарға көп әскер жинауға және оларды бақылаусыз пайдалануға рұқсат еткен жоқ. Тайпалар болса тыныштық сақтауды дұрыс көрді. Олар түріктер туғызған күйзелістерден шаршады, енді бүліксіз тыныштық рахатына бөленгілері келді. Осы көңіл-күйге сәйкес әрі қажетсіз шиеленістер туғызбас үшін Пэйло өзін империяға тәуелдімін деп мойындады. 747 ж. таққа мирасқор болған оның ұлы Моянчур Гзлэхан Чаньаньға жыл сайын елшілер жіберіп, ол жақтан сыйлар алып тұрды, сөйтіп Империяға адалдығын танытып отырды.
Азаматтық соғыс. Ұйғырияның тағына заңды мұрагер, ханзада, шад Моянчурдың отыруы, неге екені белгісіз, халықтың күтпеген қарсылығына килікті. Көтеріліске шыққандарды басқарушы жабғы Тай Білгі-түтік болып шықты. Ол бұл құрметті атақты марқұм ханның қолынан таяуда ғана алған болатын. «Қара халық беріліп кетті, бірақ кейбіреулер Тай Білгі-түтіктің жағында болып. оны қаған деп жариялады». Көтерілісшілерге қидандармен татарлар қосылды; ханның жағында, басқаша ойлауға болмайтынындай, оның әкесінің ұйғыр жасақтары соғысты, бірақ көптеген ақсүйектер оның жауы болып шықты. Таяуда ғана түріктерді талқандаған ардагерлер тіпті шығыстағы көршілері қолдаған халық бұқарасынан да неғұрлым қаһарлы күш болған еді. Бюкегюктегі (?) екі күндік соғыста Моянчур қидандар мен татарларды тым-тырақай қашуға мәжбүр етті, онан соң руластарын толық бағындырды. Ақсүйектер ауыр жаза алды, дәлірек айтқанда өлтірілді. Қарапайым халыққа кешірімділік жасалды. Соған қарамастан хан көшіп кетісімен көтеріліс қайтадан бұрқ ете қалды және де көтерілісшілер қидандар мен татарларды тағы да көмекке шақырды. Алайда, олар бір айға кешігіп қалды. Хан өзінің қайсар қол астындағыларды жеңіп үлгерді әрі жазалау үшін олардың малдары мен әйелдерін тартып алды.
Ұйғыр әскерлері қидан және татарлармен Селенгінің солтүстік-батысында соқтығысты. Ұйғырлар дұшпандарын қысып, өзен жағасына қарай ығыстырды. Ұйғырлардың өкшелеп қууымен қидандар мен татарлар шегіне бастады. Қашып бара жатып олар екіге бөлініп кетті: қидандар аман-есен шегініп үлгерді, ал татарларға ұйғырлар «Кэйре бұлағы мен Три-Биркю (?) шағын өзендері» маңында қуып жетіп, әскерлерінің жартысын тұтқынға алды.
Осы жорықпен бірге ханға өз халқының жаңа көтерілісін басып-жаншуға тура келді. Ханның әрдайым ымыраға келуге тырысып отырғанын атап көрсету керек. Ол тұтқынға алынған көтерілісшілерді босатып, оларға жансезімдеріне әсер етерліктей үндеу тастады: «Тай Білгі-түтіктің опасыздығының кесірінен, бір-екі атақтыларының ұждансыздығының кесірінен сен, менің қара халқым, өлім мен бақытсыздыққа ұшырадың, алайда сен өлуге тиісті емессің, азап шегуге тиісті емессің!— дедім мен.— Сен маған қайтадан өз күшіңді, өз қолдауыңды бер!» Бірақ одан әрі қайғылана: «Олар келген жоқ» дейді.
Көтерілісшілер Тұзды Алтыр (?) көлі маңында тағы да талқандалып, азаматтық тыныштық орнатылған болатын.
Бұл ішкі соғыстың мәні мен себептері мейлінше көмескі, дегенмен азаматтық соғыстардың білгірі Фарината делли Уберти мұндай жағдайда «ұрысқа себепсіз бірде-бір жауынгер бара қояр ма екен» деп сендірген еді ; қайталама көтерілістер кезінде көрінген мейірімсіздік бұл арада халық бұқарасының ең бір көкейтесті мүдделері таразы басына салынғандығын көрсетеді.
Біз бұл соғысты жай халықтың ақсүйектерге қарсы күресі ретінде қарай алмаймыз, өйткені жазу ақсүйектердің көтеріліске басшылық рөлі жайында екі peт айқын атап көрсетеді. Осымен бірге хан әскерлері де, сірә, тек ақсүйектерден құралмаған болар. Сондықтан оқиғалар барысының өзге себептерін іздестіру керек.
VII және VIII ғғ. бүкіл Азия жаңа діндерді тарататын аймаққа айналды. Батыста ислам діні тасқынды дамып жатты, шығыста — буддизм қанат жайды, ал солтүстікте Ираннан ығыстырылған несториандық христиан діні мен желіге әуестенушілік (манихейство) орын тепті.
Түрік қағанатында христиан дінін насихаттау болмашы ғана нәтиже берді. Өйткені түріктер өздерінің төл дүниетанымын мемлекеттік принципке дейін көтерген еді. Бірақ қағанаттың құлауы және қырғыннан аман қалған рулар арасындағы соғыс пен жеңіс идеологиясынан түңілушілік христиандықты уағыздауда табысқа жетудің бірден-бір себепшісі болды. Түріктердің даладағы мұрагерлері енді қарлұқтар мен басмалдар болып қалған еді және де мұның соңғысы өзінің құрамына қағанат жұрнақтарының көп бөлігін енгізген болатын. Дәл соларда христиан діні неғұрлым табысқа жетіп, басмалдар, арғындар ұрпақтары арасында XIII ғ. дейін сақталып қалды. Кейіннен байқалатынындай, шығыста ұйғырлар арасынан да христиандар шықты.
Шекара проблемасы және оның шешілуі. Азаматтық соғысты жеңіспен аяқтаған хан Моянчур екінші бір саяси міндеттің алдында тұрды: өзінің еліне қайсы тайпаларды қосуы керек және қайсы тайпаларды елінің сыртында қалдыруы керек? Далалық жер бедері және көшпелі тұрмыс жағдайында бұл міндет ерекше қиыншылық туғызған болатын. Өйткені, елдің қорғаныстық қабілеті мықтырақ болуы үшін табиғи шептер, — айталық, тау жоталары қажет еді. Ал ол үшін Саянның оңтүстігі мен Алтайдың батысына қарайғы жерлерде өмір сүретін тайпаларды өзіне бағындыруы керек болатын. Бұлай болмаған күнде өткен соғыс көрсеткеніндей, ұйғырлардың қоныстары көршілердің шапқыншылық жасауы үшін ыңғайлы болып, ашық-жадағай қалып қояр еді.
Моянчур іске өзіне тән жігерлілікпен кірісті. 750 ж. көктемінде ол Кем өзенінде, яғни Енисейдің жоғарғы сағасында чиктерді жеңіліске ұшыратып, оларды өзіне бағынатын етті. Сол жылдың күзінде ол солтүстік-батыс Маньчжуриядағы татарларды жаулап алды. Бірақ келесі жылдың өзінде-ақ солтүстік-батыстағы белгісіз бір тайпа» ұйғырларға қарсы күресу үшін қырғыздармен және чиктермен бірлескен. Ең басты қауіп қарлұқтардың қырғыздар мен чиктерге қолдау көрсетуге ниет білдіргенінде еді, бірақ, ұйғырлардың бақытына қарай олар шабуылын бастаудан кешігіп қалды. Моянчур чиктерге бір мыңдық отряд жіберіп, олар көтерілісшілерді тез-ақ тыныштандырды. Ұйғырлардың аз адамдық тосқауылы қырғыздардың жеңіл отрядтарын кері қуып тастады. Ал ханның өзі негізгі күшпен бірге Қара Ертіс арқылы салмен жүзіп өтіп, қарлұқтарға соққы берді. Сөйтіп, оларды Болчу (Ұрынғы) өзені маңында, бір кездері Күлтегін мен Тоныкөк түркештерді жеңіліске ұшыратқан жерде талқандады. Әйтсе де мұнымен соғыс біте қойған жоқ. Себебі, көтерілістің бастамашылары болған бізге белгісіз топ құртылмаған еді.
Жазуда жеңіс күні: он бірінші айдың 18-күні деп көрсетілген. Ұйғырлар айды қалай есептеді? Қытайша да емес, европаша да емес, себебі екі жағдайда да Ертісті он бірінші айда мұз құрсаған. Бұл текст В. В. Бартольд пен П. М. Мелиоранскийдің болжамдарын теріске шығаруға мүмкіндік береді. Ал олар «ежелгі ұйғырлардың айларды есептеуі қытайдыкімен сәйкес келген тәрізді» деп жазған. Уақытты түріктік есептеу сандық атауы бар тек он айды ғана білген және де түріктердің бірінші айы қытайдың үшінші айына сәйкес келген, ал алғашқы екі айдың: улуг ай және кичиг ай — үлкен ай және кіші ай деген арнайы атауы болған. Демек, бұл да жарамайды.
Парсы календары бар Йездигердтік дәуір де келмейді, себебі мұнда жыл 15-наурыздан басталады; ал он бірінші ай — бахман — 9-қаңтардан бастап есептелінеді.
Манихейлер (желіге әуестенушілер) вавилон күнтізбесін қолданатын, ол бойынша жылдың алғашқы айы — нисан — 3- сәуірден басталады, ал он бірінші ай — шубат — ақпанға сәйкес келеді; демек, бұл күнтізбе де жарамайды. Алайда, шығыс христиандары, несториандар пайдаланатын сирийлік күнтізбе жыл басын 1-қазан деп есептейді, ал он бірінші ай — аб — тамызға сәйкес келеді. Тек осы күнтізбе ғана біз атап көрсеткен фактіге сәйкес шығады. Егер осылай десек, онда Моянчур жазуын құрастырушының христиан болғаны, ал ол сөзсіз ұйғыр болғандықтан да осы арада, ұйғыр халқының арасында христиан қауымдастығы болған деген пікір туады.
Бұл ой-пікірде ақылға сыймайтындай еш нәрсе жоқ. Мерв пен Гераттағы несториандық эпископтар V ғ-дан белгілі. 635 ж. христиан дінін уағыздаушы Алопянъ қытайға келіп, онда қоғам құрды. Христиан саудагерлері ақыр соңында Қытай мен Прованс арасындағы сауданы өз қолдарына жаулап алған еврей саудагерлерімен біразға дейін бәсекелесіп тұрды. Сауданың қызу жүргізілгені соншалық, тіпті қытай тілі Хазарияда да әйгілі болып кетті. Идеологиялық және саяси ілімдері қисынды жүйеге қойылған түрік қағанатында бөтен жердің діні үшін орын болмады. Әйтсе де керуен жолдарымен және сауда-саттықты қалалармен тығыз байланысты болған көшпелі жоңғар түріктерінде бүкіл жер жүзіне товарлармен бірге таратылатын идеялар шөгіп қалып отырды.
Бұл болжал оқиғалардың барысында ойда болмаған қуаттаушылық тапты. Келесі 752 ж. соғыс қайта басталғанда ұйғырларға қарсы бірлікте басмалдар, түркештер және «үш әулие» бар болып шықты. Бұл түсініксіз, тым этникалық атауды тек бір тәсілмен түсіндіруге болады: бұл Троицаны құрметтеуші христиандық қауым. 751 ж. чиктер мен қырғыздарды көтеріліске дәл осылар шығарды және пұтқа табынушы ханға соншалықты табан тірескен қарсылық көрсете алды деп ойлағың келеді. Тек осы жағдайда ғана жазудың: «қарлұқтарға ол өзінің адамдарын жіберді… Жасырын түрде мен бүлік шығарамын деді ол, ал сіздер сырттан «менің сіздермен қосылғым келеді, деді ол» — деген сөздері түсінікті болады.
Жағдай өте күрделі еді, әйтсе де Моянчурдың ардагерлерден жасақталған әскерлері болды. Араб тарихшысы Кудама тоғыз- оғуздың он адамы шайқаста жүздеген қарлұқтарға татыр еді деп хабарлайды.
Шайқас Отукен жай халықтарында, яғни Ханғайда, Ұйғырияның дәл ортасында болды. Одақтастар күйрей жеңілді. Ұйғырлар қарлұқтар мен түркештерді өкшелей қуалады, қуып жетіп, олардың барлық дүние-мүліктерін тартып алды. Түпкі материал бұдан әрі «үш әулие» туралы еске алмайды; сірә, бұл жолы олардың шаруасын бітірген болар.
Жазудың бұдан арғы тексті қатты бүлінген. Тек 753 ж. басмалдармен және қарлұқтармен кескілескен шайқастардың одан әрі жалғасқандығы, оларға қандай да бір түріктердің, мүмкін 650 ж. Алтайда жасырынып қалғандарының арасынан келіп қосылғандығы ғана аңғарылады. 755 ж. қара соғыс ұйғырлардың толық жеңісімен аяқталды. Ұйғырлар қарлұқтардың Сауыр мен Тарбағатайға дейінгі шығыс қоныстарын басып алды. Бұл кезде қоныстары Төменгі Еділ бойына дейін жайылған печенегтер ұйғырларды батысқа қарай одан әрі жібермеді. Аталмыш жауынгер халық көршілерінің бәрімен: хазарлармен, қыпшақтармен және гуздармен жанжалдасып қалған еді. Соңдықтан олардың арасындағы қиян-кескі соғыс бір минут та тынбады. Мұның өзі ұйғырлар үшін пайдалы болды, оларға батыс шекараларын орнықтырып алуға мүмкіндік берді.
Қидандардың өз еріктерімен бағынуы Ұйғыр қағанатының шығыс шекарасын нығайта түсті, ал Ань Лушаньнің көтерілісі және одан кейін Қытайға жасалған жорықтар оңтүстіктегі шеткергі жерлерді соғыс олжалары есебінен байытты. Қырғыздар 758 ж. дейін қарсылық көрсеткен солтүстік қана қалды. Жеңіліске ұшырап, бағынғандарымен қырғыздар өздерін-өздері басқаруын жоғалтпады. Олардың басшысы ұйғыр ханынан «Кэхань» деген қосымшасыз «Білгі-тонг-еркін» құрметті атағын алды. Сірә, бұл арада кіріптарлықтың қандай да бір түрі болған тәрізді, қауымдардың (оғуздардың) және соғыс тұтқындары — құлдардың ерікті мүшелерінен құралған қоғамда феодалдық қатынастарды іздестіруге сылтауратпау үшін оны тәуелділік деп атауға болмайтын еді.
Табиғи шекараларға жеткеннен кейін солтүстік пен батысқа қарайғы жаңа территорияларды басып алушылық тоқтатылды. Ұйғырлардың өздері елдеріне қосылып алынған тайпаларды «қонақтар» деп атады; түріктерді жеңулерін өз елдерінің екінші рет көтерілуі деп қарады, «тақта отырған хан халықты өз балаларындай басқарды» немесе ол «өз жұмыртқаларынан балапандар шығаратын ұябасар тауық сияқты» деп есептеді. Олардың көз алдымызға елестеткен гүлдену және рахат-береке суреттерінің бояңқыралып жіберілгендігі сөзсіз. Бірақ,мұнда идеал ретінде барлығын жаулап алатын орда орнына, патриархалдық тұрмыстың алға тартылғаны маңызды.
Ұйғырлар және олардың көршілері. Тайпалардың ұйғырлық бірлестігі басмалдар мен шығыс қарлұқтарын, заңды түрде тең праволы есептелетін телестік алты тайпаны (булу, хунь, байырқу, токгра, сыге және киби), сондай-ақ өздері туралы кейінірек сөз болатын бірнеше жаулап алынған тайпаларды бір құрамда біріктірген үстемдік етуші, дәлірек айтқанда, басшылық жасаушы тоғыз-оғуздар тайпасынан тұратындығы жоғарыда айтылды. Жаулап алынған тайпалар тоғыз-оғуздар тайпасынан шыққан Яглакар есімді хан фамилиясының пайдасына алым-салық төлеп тұрды. Бұл тайпа тек одақтас тайпалармен салыстырғанда ғана емес, сонымен бірге, тіпті «шайқастарда әрдайым алғы сапта жүретін» басмалдар мен қарлұқтарға қарағанда да, өйткені оларды онша аямайтын әрі сақтамайтын, ерекше пұрсатты жағдайда болатын.
Ең маңызды мәселе — ұйғырлардың бірлестікке кірмеген тайпалармен қарым-қатынасы — тап өзіміз бірнеше peт үзінді келтірген тибеттің YIII ғ-дағы географиялық құжаттары арқасында айқындала түседі.
Осы ескерткішке қарағанда Нонни жағалауларында (Ұйғырияның солтүстік-шығысына таман) өмір сүрген қидандар белгілі дәрежеде дербестігін сақтап қалған. Олардың көсемдері қағандар деп атала бастаған және кей кездері ұйғырлармен дауласып қалып отырған, бірақ көбінесе қытайлықтармен ескі жауластықтары себепті ұйғырлармен одақтастықта тұрған. Татаптар мен кара-кибилер де, яши киби тайпасының ұйғыр бірлестігіне кірмеген бөлігі өздерін осылай ұстаған. Бұл тайпалардан солтүстікке таман, Амурда, ол кездері көбінесе балық аулаумен шұғылданатын татарлар, ал Забайкальеде — мал өсіретін долемань тайпасы (түсіндіруге келмейтін атау) өмір сүрді. Ұйғырияның солтүстік шекарасында ұйғырларға бұлыңғыр терісінен алым-салық төлеп тұратын Қырғыз хандығы болды. 711 ж. талқандалғаннан кейін қырғыздар, сірә, бірнеше тайпаға ыдырап кеткен болса керек, мұның өзі ұйғырлардың олармен қарым-қатынас орнықтыруын жеңілдетті. Алайда, Оңтүстік Сібірде қырғыздардан басқа ұйғырлармен үнемі соғысумен болған тағы да бірнеше ірі тайпалар мекендеді [йедренің жеті тайпасы (сірә, шорлықтардың ата-бабалары саян-алтай угрлары болар) және кучугур тайпасы — ку-кижи — алтай аққулықтары].
Бұл соғыс Ұйғырияны қалжыратты және ұйғыр хандарына жаздайлары осыншалықты қысылшаң болған шекараларының басқа учаскелеріне назар аударуларына мүмкіндік бермеді. Сібір жақтан төнетін қауіп-қатердің көлемі жайлы солтүстікте тұратын бұқааяқты адамжегіштер жөніндегі, өлмейтін алыптар туралы және адамға шабуылдайтын қорқынышты аюандар жайындағы фантастикалық әңгімелер мол түсінік береді. Бұл әңгімелердің жалпы мәні біреу ғана: солтүстіктен туатын қатерді көрсету және осы жөнінде ұйғырлар шындықтан шалғай тұрмаған еді.
Тибет географы Алтай мен оның оңтүстігіне қарай екі халықты орналастырады. Оның біреуі тым жабық елде тұратындығы соншалық, қарлұқтар оған ене де алмайды. Ол Ики иль кур эркин деген құрметті атағы бар көсемге бағынады, яғни бұл екі тайпалық бірлестіктің көсемі. Мұның Оңтүстік Алтай тауларында жасырынып қалып, онда өздері үшін әдеттегі «төлістардуш» жүйесін құрған түріктердің қалдықтары екендігі күмәнсіз. Телен көлі маңы мен Чуй алқабында тұрған төліс пен тодош сүйектері солардың кескіні болды.
Екінші халық — Кюлюг-кюльчура түріктерінен шыққан ибилькур ,— бұл — қарлұқтар мен түркештер аралығында тұрғанына қарамастан VIII ғ. ортасында өзінің дербестігін сақтап қалған чумугунь. Бұл тайпаның иеліктері Тарбағатайдың батыс жағында орналасқан. Жоңғарияда бізге жақсы мәлім басмалдар мен қарлұқтардан басқа байырқулар да тұрды. Сірә, бұл көп адамдық тайпаның 747 ж. ұйғырларға қарсы басмалдар жағында шайқасқан бір бөлігі өздерінің достарымен бірге осында қоныстанып қалған болуы керек. Екінші тайпа — түркештердің оңтүстігіне таман өмір сүрген ортақ — Жоңғарияның тіпті біздің жыл санауымыздан бұрынғы I ғ-да уге деген атымен мәлім болған ең байырғы тайпалардың бірі. Осы халықтың жұрнағы түркештер де Орта Азияның көгалды алқаптарында үстемдік құрған арабтарға деген зығырданды жауластығын сақтай отырып, ұйғырлардың адал одақтасы болды. Батыс жағында ұйғырларға дұшпан тайпалар: печенегтер мен «қара салтаттылар» орналасты. Сірә, соңғысын қара түркештер, дәлірек айтсақ, ұйғырларға өз еріктерімен бағынбаған түркештер деп түсіну керек сияқты.
VIII ғ-да барлық жерде де — шығыста, солтүстікте және батыста тайпалар бөлшектеліп, ыдырап, жаңа қисында бірлесіп жатты. Өйткені, далаға Иран арқылы күшпен кірген мәдениет жаңа міндеттер қойды және адамдарды біріктіру үшін басқа принципті алға тартты. Бұл принцип дін тұту болып шықты.
Сенімнің алмасуы. Ұйғыр қағанатының пайда болуына жеткізген оқиғалар, мен идеологиядағы өзгерістер етене байланысты деп жорамалдауымызға болады. Өйткені, бұл дәуірде Ұйғырияда ішкі Азия үшін жаңалық саналған мемлекеттік дін дүниеге келді. Хунндар, түріктер және ежелгі моңғолдар материалдық «Көк аспаннан» айыра және оған табынуды ата-баба әруағына табынумен бірдей санамай, тіршіліктің әділетті қайнары, әлемдік тәртіптің иесі —»Мәңгілік аспанды» құрметтеді. Бұл екі діннің екеуі де өздерінің табиғаты жағынан жаңа дін ретінде көрінуі мүмкін емес еді: Мәңгі аспан — жалпыадамзаттық және оған деген наным барлық халықтарға тән, ал ата-бабалар — әркімдердің өздерінікі, сондықтан бөтендер оларды құрметтеуге тиісті емес. Осыған ұқсас дін — Аспан мен Жерге табынушылық ұйғырларда да болды, бірақ Идиганьхан тұсында ол манихейлікпен (желіге әуестенушілікпен) алмастырылды.
Азамат соғысы кезінде ханның дұшпандары жағыңда болып ұйғыр христиандары шеменді қателік жасады. Содан олардың ықпалы кеми бастады, мұның өзі желіге әуестенушілерге жол ашып берді.
Моянчурханның өзі ескі дінді тұтты. Бұл оның жазуының текстінен көрінеді: «Мен жазды өзімнің чытымда өткердім, онда мен яка атқардым (яка якаладым)». Рамстедт «яка» сөзін аударусыз қалдырған, бірақ бұл —»төлем», кейде «жалға алу» дегенді білдіреді деп, оның мәнінің түрлерін С. Е. Малов ашып берді. Осы сөйлем құрамында ол сәтті жорық үшін алғыс айтып жалбарынғандық болып табылады.
Орхондық қытай тіліндегі жазуда желіге әуестенушілікті қабылдау хан «Дэнли логу [юй] Момишисйеду Дэн миши хэ Гюй-луге тіркелген әрі ол 763 ж. кейінгі Ши Чао-идің көтерілісін басу дерегінен соң берілген. Бұл Хуай Эннің көтерілісі кезінде қытай-ұйғыр одағының үзілуі тұсымен дөп келеді. Қытайда желіге әуестенушілік жексұрын ілім саналып, ал христиандыққа шыдауға болғандықтан да, діни және саяси бұрылыстардың бір-бірімен үйлесуі тегіннен тегін емес. Сонымен біз ұйғырлардың өзге дінді қабылдауын 766-767 жж, жатқыза аламыз. Ал VII-VIII ғғ. желіге әуестенушілік бүкіл Азия бойынша уағыздалғанымен, ол тек ұйғырларда бекініп қалды, және де ұйғыр хандары өздерінің Қытай мен Орта Азиядағы діндестерін жігерлі түрде қолдап отырды.
Сөйтіп, Ұйғыриядағы идеологияның негізінен өзгергендік фактісі ешбір шүбәсіз анықталады. Өкінішке орай, қытай және араб авторларының мәліметтері бұл өзгерістердің қалайша, қай кездері және қандай жағдайларда болғандығын біздің қанығырақ білуіміз үшін тым байланыссыз. Әйтсе де жаңа діннің енгізілгені жөнінде Орхон өзені алқабындағы қытай тіліндік ұйғыр ескерткіші едәуір көбірек әрі қызықтырақ айтып бере алады. Өзінің нашар сақталғандығына қарамастан ол ескерткіш бізді қызықтырып отырған мәселе бойынша аса бағалы мағлұматтар береді, өйткені оның тиісті жолдары бастапқы қалпына келтіруге ырық берді. Сөйтсек, Идигянь дін уағыздаушыларын өзіне шақырып алып, солардың жоғары заң үйретушісіне шенеуніктер алдында уағызын айтуға мүмкіндік берген екен. Ол ағып тұрған сөз шешені болса керек: «оның айтқан әңгімесі тоғаны ағытылған өзен суындай құйылыпты, сондықтан да ол ұйғырлардың нағыз ілімін таба алса керек».
Ұйғыр ақсүйектері «бұрынғы адасқандықтарына өкініп, осы ілімді халыққа жариялауға, бөтендердің әдет-ғұрпын азық-түлік еліне (тамақ саласына) айналдыруға; өлтірушілік иелігін жақсылыққа мегзейтін патшалықпен алмастыруға жарлық алды».
Діни реформаның жолы болды. «Жоғарғы адамдар қалай әрекет жасаса, төменгілер [соған ] еліктейді». «Наным патшасы» деп түсінілетін Вавилондағы манихейлік патриарх болған оқиғаны мақұлдап, «барлық діндарлар мен монах әйелдердің мемлекетке осы дінді уағыздау үшін кіруіне әмір етті».
Ұйғырлардың осы дінге берілуін Жувейни де жазу текстіне толық сай етіп суреттейді. Ол ұйғырларда «сиқыршылық ілімінің» бар болғандығын көрсетіп, бұл саладағы мамандардың «камамдар» деп аталғандығын келтіреді. Ол ұйғырлардың көзқарас жүйесін дін деп санамайды, ал тек жын-шайтан рухтармен (инкубалармен және суккубалармен) қарым-қатынасты білдіретін «нақты іс-қаракет» деп есептейді. Мұны біз де дін емес, ал сиқыршылық деп атар едік. Камдардың ықпалы өте зор болды, өйткені олар әрі ауруларды емдеді әрі балгерлік етті, және де мұның соңғысы оларды хандар мен кінәз-сұлтандардың кеңесшілеріне айналдырды. Бұл шаманизмнің жақсы үйренілген, әйтсе де соны емес классикалық түрі болатын.
Жувейни желіге әуестенушілерді «тұйындар», яғни, заң кітаптары —»номды» ажырата алатын адамдар деп атайды. «Ном»— парсы сөзі және моңғол тілінде қасиетті кітаптардың аты ретінде осы уақытқа дейін сақталып қалған. Біле-білсек, желіге әуестенушілікті уағыздаушы Хатайдан келген екен, ал Жувейни уақытында Хатай деп Жетісу аталыпты.
Жувейниде камдар мен желіге әуестенушілер арасындағы айтыс барынша егжей-тегжейлі суреттелген: «…жеңіске жететін барлық діни ілімдерін оқып шығулары үшін екі партия да адамдарын бір-бірлеріне қарама-қарсы орналастырды. Номдықтар өздерінің «Ном» кітабын оқи бастады. «Ном» саңдырақты аңыздар мен әңгімелерден тұратын олардың білімі мен діни қағидалары және оның өзінде де осыларының мазмұныңда барлық әулиелердің тапсырмалары мен ілімдеріне деп келетін, зәбірленушілік пен әділетсіздіктен және соған ұқсас келеңсіздіктерден тартыну, жамандыққа қайырымдылықпен жауап беру; малдарды азаптаудан сақтану және тағы басқа деген сияқты жақсы өсиеттер бар. Олардың діни ілімдері мен нанымдары сан түрлі, әйтсе де бәрінен бұрын оларға адам жақының қоныс аударушылығын жақтайтындардың ілімі көп ұқсас. Олар «Номды» біраз оқысымен-ақ камдар қайранға отырып қалды. Осы себепті [ұйғырлар ] пұтқа табынушылықты меңгеріп алды (желіге әуестенушілікті немесе шаманизмді Жувейни тіпті мәжусилік дін деп те есептемейді) және тайпалардың көп бөлігі солардың жолына түсті.
Жувейни мен жазудың текстері өзара тым ұқсас әрі шүбәсіз бір оқиға туралы баяндайтын болғанымен, XIII ғ. тарихшысының өз тұсында Орталық Азияда толық өшкен желіге әуестенушілік пен салтанат құрған буддизмді біріктіре араластырып жібергендігі мүлде айқын. Желіге әуестенушілердің «жетілгендерін» ол қытайдың tao-jen дегенінен шыққан түрік сөзі —»тұйындар» деп атайды, сөзбе-сөз алсақ бұл «Жолдағы адам [буддалық мүлде жетілдіру ]» дегенді білдіреді. Мұнан соң ол өзіне замандас буддашы-ұйғырларды ежелгі желіге әуестенушілерден айыра танымайды, баяндалған үндеудің салдарынан олар шығыстағы ісләмнің неғұрлым жеккөретін қас-дұпшанына айналды деп сендіреді. Алайда ежелгі ескерткіштік түпкі материалдардың өзге мәліметтері бұл үндеу буддизмге емес, ал желіге әуестенушілерге арналғандығын айқындауға мүмкіндік береді.
Өзге дінге көшудің соншалықты жылдам өткендігін 768 ж. өзінде-ақ ұйғырлардың қытайлардан желіге әуестенушілердің табынатын орындарын төрт облысында салып берулерін сұраған фактісінен аңғаруға болады, ал олардың бұл тілегін қытайлықтар мейлінше зауықсыз орындаған еді. Барлық өзге дінге қарағанда желіге әуестенушілік қытайлықтарды бәрінен бұрын қалаулылар семьяларына тиым салса да, басқалардың коллективтік жезөкшелік жолымен тәнді қажытуларына рұқсат еткендігімен қатты састырды. Бірақ мұнымен бірге желіге әуестенушілердің өздері де басқа жұрттың бұларға қатуланып қарсы шығуларына тізгін берді: тіпті сол қайырымсыздық уақыттың өзіңде де олар діни төзуге болмайтындықтың үлгісін көрсетті.
Бұл жайында ең алдымен жазу текстінің өзі айтады: «Дінге сенбейтіндер білмегендіктен де шайтанды будда деп атады». Буддашыларды әйтеуір шайтанға табынушылар емес, ал мәжусилер деп есептейтін христиандардың немесе мұсылмандардың түсініктеріне қарағанда бұл неғұрлым шеткері көзқарас еді. Мұнан соң желіге әуестенушілердің табынатын орындарында Будда аяғын жуған шайтан бейнеленілетін деген мағлұматтар да бар. Әрине, буддашылардың мұны құлақ естіп көрмеген қорлаушылық ретінде қабылдағандығы сөзсіз.
Бірақ ол-ол ма, мерейлері үстем болып желіге әуестенушілер жеңілген қарсыластарына олар жақында ғана өздеріне қолданған шараларды қолдана бастады. «Жын-шайтандардың ағаштан қашалып жасалған, суреті салынған бейнелерін, рухтарға табынушылықтың, жын-шайтандарға бас июшіліктің бәрін бірге өртеп жіберуге әмір беру қажет…». Ұйғыриядағы буддашылардың тағдырлары оңайға соқпаған деуге болады.
Желіге әуестенушіліктің салтанат құруы ұйғырларды барлық көршілерімен жанжалдастырды: Орта Азиядағы мұсылмандар, Тибеттегі буддашылар, қытайдағы конфуциандықтар, Қырғыз хандығындағы шаманшылар — бәр-бәрі жаңа ілімді қалыптан тыс жабайы бұзылғандық іске әуес болушылық ретінде қабылдады. Ұйғыр хандығының өзінде қалжырататын төзімділік таныту және төменгі бұқара топтарын соншалықты қалжырататын азғындыққа жол беру орын алған тұста өз денесіндегі мұндай індетке қарсы күрес жүргізу шаралары, сірә, қолданыла қойды дермісің. Алайда «тарих былай дейді: хуйхусь кэхань Монимен бірге жалпы мемлекет», яғни ұйғыр ханының өзін желіге әуестенушілер қауымымен байланыстырғаны соншалық, тіпті оның елі тақ пен діннің одағына айналып кетті.
Ұйғырияға желіге әуестенушілікті енгізу оның жазуының өзгеруіне әкеліп соқтырды — ұйғыр алфабиті дейтін жаңа алфавит пайда болды. Ол жаңа соғдылық жазудан негіз алады және өзінің қарапайымдылығымен әрі ыңғайлылығымен ерекшеленеді. Текст жолдары жоғарыдан төмен қарай және солдан оңға қарай тізіледі. Осы алфабитпен желіге әуестенушіліктік, христиандық және мұсылмандық текстер, сондай-ақ Турфаннан табылған юристік құжаттар жазылған; бұлардың неғұрлым байырғысы манихейлік (желіге әуестенушілік) текстер, өйткені олардың тілінің фонетикасы мен грамматикасы буддалық-ұйғырлық және ұйғырлық-мұсылмандықтан гөрі орхон-енесейлік руникалық ескерткіштердікіне жақын. Мерзімін анықтауға мүмкіндік беретін ең ертеректе жазылған текст 795 ж. орхондық қытайтіліндік ескерткіштегі төрт жол. Жазудың сақталып қалған түрі өте нашар, дегенмен оның жоғарыда талданған қытай текстімен байланысты екендігі күмәнсіз, себебі ол да сол тасқа қашалып жазылған.
Біздің қолымызда ортапарсылық — Хуастуанифт деген атпен аталатын өкініш дұғасының тексті, дәлірек айтқанда, соның манихейлік-сириялықтан ұйғыр тіліне аударылған түрі бар. С. Е. Малов оның аудармасы V ғ. өзінде-ақ жасалған деп жорамалдайды, бірақ тарихтың бүкіл барысында олай болуы мүмкін емес. Ұйғырлардағы желіге әуестенушілік тек VIII ғ. орын алғандығы белгіленген, ал түріктерде мүлде болған жоқ. Сондықтан ол Ұлы далаға арабтар соғдылықтардың қарсылық көрсетуін басып-жаншып, желіге әуестенушілер құлпырған көгерішті өңірлерден жабайы далаларға жандарын сақтау үшін қашып келуге мәжбүр болған VIII ғ-дың екінші жартысында ғана енген. Өкініш дұғасы жазуының аяқ жағынан: «Бетюрмиштархан тыңдаушыларының күнәлары туралы дұғасын — Хуастуанифтін аяқтады» деп қол қойылған. Сірә, Бетюрмиш-тархан «жетілген» болуы керек (желіге әуестенушілік иерархиясының жоғарғы шені), және желіге әуестенушілікті уағыздаудың аристократия өкілдері арқылы жүргізілуі де аса есте қаларлық құбылыс.
Дегенмен, қарапайым ұйғырлар да жаңа діннің күшін өз мойындарымен сынап керді. Желіге әуестенушілік ережелері тіпті май жеп, сүт ішуге де тиым салынатын жеңіл-желпі тамақтану күндерін қамтиды. Сондықтан ұйғыр малшылары мен аңшыларына аштықтан, өлмеу үшін бау-бақшалар өсіруге тура келді. Дала төскейлерінде егіншілікпен айналысу, міне осылайша тарай бастады.
Желіге әуестенушілікті уағыздаушылардың өздері қол жеткізген табыстарына қанағаттанушылықтарын мынадай сөздермен білдірді: «Буы бұрқыраған қанға толы жабайы әдет-ғұрыптардың елі төсіндегі тұрғындары көкөніспен тамақтанатын елге, кісі өлтірушілік елі — жақсылықты істерге талпынушылық еліне айналды». Бұл кең уәдешілдік декламацияның істің нақты жағдайын бейнелеуі күмәнды-ақ. Ұйғырлардың табиғи жаугершілігі ораза тұтудан және дұға оқудан жойылып кете қойған жоқ, сөйтіп, Ұйғырияның сыртқы саясаты бұрынғы белсенділік қалпында қала берді.
Дамудың басталуы. Даладағы жаңа тәртіп сауданың дамуына қолайлы ықпал етті. Бізге жеткен хабарларда мұны тікелей көрсете алатын ешнәрсе болмағанымен, ескі ақша, медальдартты зерттеу ғылымының мағлұматтары көп жәйттерге нандырады. Минусин шұңқырынан Тан уақытынан қалған қытай теңгелері көп табылған. 621 ж. соғылған 45 теңге, сірә, 630-680 жж. аралығындағы түріктер тан империясына бағынған кезде Сібірге әкелінген болуы керек. Бұдан кейін Екінші қағанат дәуіріне тұспа-тұс келетін үзіліс кетеді және сонан соң 758-759 жж. жататын 12 теңге бар, одан кейін IX ғ. дейінгі аралыққа жататын не бары 6 теңге ғана табылған.
VIII ғ. соңында сауда-саттық тоқтатылған екен деп ойлау дұрыс болмас еді. Қайта оған керісінше, бұл аралықта сауда кеңейе түсіп, араб пен турфан саудагерлері қытай бәсекелестерін ығыстырып шығарған еді. Халифаттан Минусин шатқалына әр үш жыл сайын өрнекті маталар тиеген 20-24 түйе керуені келіп тұрған. Егер Ұйғырия облыстарының біріне ғана осыншама дүние-мүлік келіп жатса, онда оның орталығына қанша тауар түсіп тұрды екен десеңізші!
Ұйғырлар астанасы енді түрік хандарының қосыны тәрізді киіз үйлердегі лагерь болудан қалды. Түріктерден бір ерекшелігі ұйғырлар қалалар салуды кеңінен өрістете бастады және де бұл іс соғдылықтар мен қытайлықтарға тапсырылып отырды. 758 ж. шамасында-ақ Селенгі жағалауынан Байбалық қаласы бой көтерді. Осы мерзімге таяу тұстары Ұйғырияның астанасы — Қарақорымда қытайша жазуы бар қабірлік ескерткіш тұрғызылды. Ұйғырия аса шапшаңдықпен мәдениетті елге айналып келе жатты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *