ҚҰТЛҮҒТЫҢ КӨТЕРІЛІСІ (Л. Гумилев)

ҚҰТЛҮҒТЫҢ КӨТЕРІЛІСІ
XXI тарау
Неге? Үлкен империяның ортасында бола тұрып әрі барлық өзге халықтармен салыстырғанда онша қатты қинала қоймаған түріктер өз тағдырларына риза болулары керек-ақ сияқты еді. Бірақ олай болмады. қайта, керісінше, VII ғ. 70 жылдарының аяғында олардың наразылығының арта түскендігі соншалық, тіпті бір қарағанда жеңіл саналатын әмірлерін кейде рақымының өзі шайқастағы өлімнен де ауыр болған қатал азиялық соғыстың қияметті қиыншылықтарымен алмастырды.
Көтеріліс дегеніңіз қашанда қиын іс, әсіресе үкіметтің күш-қуаты таусылмайтын, көтеріліс аймағы қоршалған және сырттан күтетін көмек болмаған жағдайда ол өте күрделі. Егер тап осындай қолайсыз жағдайда көтеріліс тек басталып қана қоймай, сонымен бірге табысқа не болса, мұның өзі әдеттегідей тыс оқиға.
Осыған қарамастан зерттеушілердің ешқайсысы да 679-693 жж. түрік көтерілісінің табысқа жету себептерін ашы көрсетудің ізіне түспеген. Н. Н. Козьмин бұл арадан ірі феодалдың жерді өз қолына жинақтағанын көреді, ол мұндай феодал алтайда тұрған болуы керек деп жорамалдайды . Бұл қателік айтысуға тұрмайды және оның бұдан арғы барлық ой-пікірін жоққа шығарады.
А. Н. Бернштам түрік ақсүйектері феодалдана отырып, өз халқын қанау құқын алу үшін Қытайға қарсы шықты деп есептейді. Бұған тастағы жазулардың текстері тәрізді оқиғалардың өрбу барысы да қарама-қайшы келеді. Күштері осыншалықты тең емес шайқаста табысқа жетудің себептері жөніндегі мәселеге ол көңіл бөлмейді. Ал Г. Е. Грумм-Гржимайлоның талдауы әлде қайда тереңірек. Бірақ ол тек тікелей түріктердің істерімен ғана шектеліп қалған. Мұның бержағында көп нәрсе сол кездің халықаралық саясатында жасырынып жатқан болатын; Чаньаньдегі сарайда болып жататын қастық іс-әрекеттер де бұдан кем маңыз атқарған жоқ.
Сондықтан біз жағдайдың қабысуын, оқиғаның өрбу барысы мен замандастарының оған берген түсініктемелерін зер сала қарап шығып, оларды тарихтың сын таразысынан өткізуіміз керек. Тек барлық, тіпті, кішігірім оқиғаларды да жете талдау ғана бізге жорамалдаудың былқылдақ батпағынан шығып, бүкіл фактілерді ескеруге құрылған табан тірерлік қорытындыға келуге мүмкіндік бермек.
Халық көтерілісі. 679 ж. Шаньюе уәлилігіндегі түріктер арасында қытайлықтар күтпеген көтеріліс бұрқ ете қалды. «Таншу» оқиғаның орын алу себебі мен басталуын «бүлік шығарды» деген бір ауыз сөзбен ғана ықшам үлгіде жеткізген. Ешқандай түсіндірме бермеген.
Мұның есесіне түріктердің өздері бұл қылықтарын барынша толық әрі сендіре былай түсіндіреді: «табгач халқына олар түріктер өздерінің мықты еркек ұрпағымен күл болды, өздерінің таза әйел ұрпағымен күң болды. Түрік басқарушылары өздерінің түріктік есімдерін құрбан ете табгачтардың құрметті атақтарын қабылдап, табгач халқының қағанына бағынды. Олар осы қағанға елу жыл бойы өз еңбегі мен күшін берді. Күн шығыс жаққа қарай соғыспен алға жылжып олар Бокли-қағанға дейін [Мұқырыға, қыт. Мохэ, Маньчжурия мен Амур маңына] жетті, кейін қарай, яғни батысқа қарай олар соғыспен Темірқапыққа дейін [Орта Азиядағы Бұзғал асуына 657-658 жж. ] барды, сөйтіп табгач қағанына өздерінің елі мен заңын (әдет-ғұрпын) бере салды. Бүкіл түрік халқы былай деді: «Мен құдіретті халық едім, Мида менің құдіретім? Өзге құдіреттерді мен кім үшін тауып жүрмін?» Олар былай дейтін: «Мен қағаны бар халық едім — қайда менің қағаным? Мен өз еңбегім мен күшімді қай қағанға беріп жүрмін?» Олар осылай дейтін және осылай деп жүріп, табгач қағанының дұшпандарына айналды».
Онғын ескерткішінде де оқиғалардың барысын осылай түсінушілік бар; «Ол патшалық құрған өз қағанын тастап кетті, ал сонан соң түрік халқы алға, күн шығысқа, артқа, күн батысқа; оңтүстікке табгачтарға және солтүстікке, жай халыққа (таулы тайгаға) тарап кетті. Батырлары балбалдарға айналды (мәжбүр етілді) (яғни, жауларының қолынан қаза тапты — Л. Г.). Түрік халқының аты өшуге айналды. Сол кезде… Тәңірі былай деді: «Иә, түрік халқы жойылмайды, ол құрбандыққа да шалынбайды».
Ескерткіш 716 ж. кейін кешіктірілмей орнатылған болатын, сондықтан оның Күлтегін жазуымен сәйкес келуі, сірә, кездейсоқтық емес шығар. Мұны көтерілістің шығу себебін айқындайтын ресми хабар деп түсіну керек.
Түрік тексті түрік қоғамы басшылық бөлігінің көзқарасын білдіргенімен, ол мүмкін, шындыққа жанасымды болған шығар. «Таншудың» хабарлары бойынша қауым бастығы Ашидэ көтеріліс жасағаннан кейін оған барлық округтың қауым бастықтары бірден келіп қосылған. Қытайлықтар үшін бұл көтеріліс мүлде күтпеген нәрсе болды. Өйткені «солтүстік елдерінде отыз жыл бойы соғыс дабылы есітілмеген еді». Өз ханының және өз елінің талабы тан империясының негізгі идеясы — дала мен Қытайды біріктіру идеясының негізсіз екендігін көрсетті. Көшпелілердің рухани күші мен сезімінің қытайдікіне сәйкес келмейтіндігі соншалық, тіпті оларды біріктіру жүзеге аса да қоймас еді.
Көтеріліске шығып, түріктер үмітсіз авантюраға барды: олар мемлекеттің ортасында тұрғандықтан барлық тұсынан жау қоршауыңда болған еді, олардың тылы да, одақтастары да, адам саны жағынан артықшылығы да болмады. Мұны олардың өздері де түсінді және сөйте тұра көтеріліске шықты! Осының өзінде қытайдың да, түріктің де түпкі материалдары зәбір көрсе түптіліктің немесе қанаушылықтың күшейгені туралы айтпайды. Жазу түріктердің өз тұрмыстарын жақсарту үшін емес, ал жабайы еркіндік пен билік үшін көтеріліске шыққаңдығын тікелей көрсетеді. «Табгач мемлекетіне өздерінің еңбегі мен күшін бергілері келмей түрік халқы (turk budun): «одан да өзімізді өзіміз өлтіріп, жоқ қыламыз»,— деді. Сөйтіп, олар өлімге бас тіге бастады». Азу біреуге бағынышты болуға түрік халқының ар-намысы шыдатпайтын деп анық атап көрсетеді. Бағыныштылықтың өздеріне қорлық болып сезілгендігі соншалық; тіпті бүкіл түрік халқы қызулыққа беріліп, үмітсіз шайқасқа лап қойды. Бұл шабыттың көп күшпен өршігені соңдай — бастапқы кезде көтерілісшілер таласты да болады лан тұқымы Ашиннен шыққан ханзада Нгапук хан олар өздерін жуасыту үшін бейнебір серуенге шыққандай келе жатқан жаудың жазалаушы әскерлерін быт-шытқып шығара жеңді. 10 мыңға таяу қытай солдаттары жер жастанды және тұтқынға берілді, ал қалғандары бірлесіп, қоршаудан сытылып шығып кетті.
Көтерілісшілердің саны 100 мың адамға жетті (әлбетте, «қытайлық» шартты есептеу бойынша0; демек 12 мыңдай). Келесі 680 ж. көтерілісті басып-жаншуға түріктердің күштерінен үш есе асып түсетін армия жіберілді. Түріктер ол армияның сырт жағынан килігіп, азық-түлік тиеген арбалы керуендерін талқандады, соның салдарынан қытай солдаттары ашыға бастады. Алайда тәжірибелі қолбасшы Пэй Хнн-кянь айлакерлігін асырды: ол енді қалған арбалы керуенін жау шебіне шамалы күзетпен жіберді. Түріктер күзетті қуын тастап, керуенді тонай бастады. Сол кезде оларға әлгі керуен соңынан әудім жерде келе жатқан іріктеулі әскерлер отряды тарпа бас салды. Сөйтіп түріктерді соңғы сарбазы қалғанша қырғынға ұшыратты. Бұл жөніндегі сыбыс кең тарап кетті, содан былай қытайдың арбалы керуендері майдандағы армияға қажетті азық-түлікті емін-еркін жеткізумен болды.
Бастамшылдықты өз қолына алған Пэй Хин-кянь әскер саны жағынан артықшылығын пайдаланып, көтерілісшілерді Хэйшань тауы маңында қоршауға түсірді. Шайқас көптеген қақтығыстармен өрбіп, соның барысында қытайлықтар толық жеңіске жетті. Сол кезде намысы жоқ жүрексіздер бірден бастарын көтеріп, 680 ж. көктемінде жеңімпазға ханның басын әкеп тапсырды әрі бағынатындарын білдірді. Бірақ, қажымас қайсарлары күресті жалғастыра берді. Олар Сары өзеннен етіп, барлық тайпалар мойындаған ханзада Фунянді хан жариялады. 681 ж. түріктер шапқыншылық жасап, Хин-кянь қайтадан соларға қарсы аттанды. Түріктер «Қара құмға» қарай шегінді және барлау мәліметтеріне қарағанда аштыққа ұшырай бастаған. Оның үстіне көтерілісшілер арасында дау-жанжал туды: хан мен көсем Выньбек өзара келісе алмай қалды, сөйтіп, көтерілісшілердің күші екіге бөлінді. Дегенмен, қытайлардың бір жеңіл отряды түріктердің қатты қарсылығына тап болғаны соншалық, қолбасшы әскерін тастап қаша жөнелген. Қолбасшысы тастап кеткен жауынгерлер де жаудан қашып, өлгендері «беттерін күн сәскелікке қарата сұлап жатқан».
Фуняннің дұрыс әдісі болды: жаудың қуғындауынан ұзап кетуге тырысып, ол солтүстікке қарай шегінді. Бірақ оның әйелдері мен балалары мінген арбалар керуенін Хин-кяньнің жеңіл атты әскерлері ұстап алды: Ашығып, қалжыраған көтерілісшілер солтүстікке қарай ілбіп бара жатқанда тұрақты атты әскерлер оларды қуып жеткен-ді. Осындай сәтсіздіктерден көтерілісшілердің рухы түскен еді. Ал шел даланың солтүстігінде ұйғырлар қолдарына қару ұстап, түріктерді қарсы алуға дайын тұрғандықтан да Фунянь қиындықтан шығудың жолын таба алмады. Өзіне және серіктеріне кешірім жасалатынына келісіп, Фунянь жау қолына өзі келіп берілді. Алайда, қытайлықтар уәделерінен тайқып шықты. Чаньаньның шығыс алаңында көтеріліс басшыларының бастары шабылды. Халық қозғалысы тұрақты атты әскерлер аттарының тұяқтарымен тапталып тасталды.
Түріктік үлкен жазу тарихтың бұл беті туралы іштен тына: «…сөйтіп, олар өлімге бас тіге бастады» деп хабарлайды. Ал осы оқиға жөнінен Тоныкөктің жазуы әлде қайда толық әңгімелейді: «Түрік халқы ханы болмай Табгач мемлекетінен бөлініп шықты, өз ханы бар халық болды: өз ханын қалдырып, қайтадан Табгач мемлекетіне бағынды. Аспан бәлки былай деген болар: «мен саған хан бердім, ал сен өз ханыңды тастап, басқаларға бағындың. Сол бағынғандығың үшін Аспан — ойлануға болады — саған зиян келтірді, сені өлтірді». Түрік халқы әлсіреді, дәрменінен айрылды, жоқ болуға айналды». Қытай мен түрік хабарлары бір жерден шығады.
Енді мұнда не болып өткенін талдайық. Көтеріліс бұқаралық, халықтық сипатта өрбіді және ол да барлық осындай қозғалыстардың тағдырын құшты. Түріктердің тәртібі де, даярлаған әскер бастықтары да жоқ болатын. Олар өздерінің жылдам жүруге қабілетсіз арбалы керуендеріне тәуелді еді, себебі керуен арбаларына өгіздер жегілетін. Ал жаулары барлық жерде болды. Халхадағы ұйғырлар немесе тоғыз-оғыздар императордың адал малайлары еді, өйткені оларға наградтар мен сыйлықтар әрдайым ағылып келіп жататын. Ең ақырында түріктердің өзегін өртейтін жоғалтылған ұлылығы жөніндегі естелік ұйғырларда жоқ болатын. Еркіндік сүйгіш ұйғырлар әлі қуатты ірі мемлекет құра қойған жоқ еді әрі соған талпынбайтын да. Тибеттіктер шалғайда жатты. Көтеріліс жеңіліске ұшырады, әйтседе ол жаңа түрде жалғаса берді.
Көтеріліс өрістей түсті. Түріктердің көтерілісі басып-жаншылғаннан кейін бір жыл өтпей жатып, жаңа көсемдердің басшылығымен соғыс басқа бағыт алды. Егер бастапқыда көтеріліс басшылары өз туыстарын соңдарынан еліктіре білген агамандар болса, бұл жолы ақсүйектердің жұрнақтары мен қытайша білім алған оқымысты түріктер шайқасқа шықты. Мұның қалай болғанын талдап көрейік. «Таншу» былай деп хабарлайды: «…682 ж. Гудулу (Қүтлуғ) бүлік шығарды. Гудулу Қаңлы Юаньи ұрпағының түпкі атасы — Хелилердің [Кат Ильханның] алыс ағайыны еді… Ол мұрагерлікпен тутун атақ дәрежесін иеленді [тутун — көне түріктердің офицерлік шені].
Фунянь өлтірілгеннен соң түріктер түгел ыдырап; Цзунцайшань тауы маңын мекендеп қалды және сол арадан Хэйшачен деген шағын қала тұрғызды. Ондағы халықтың саны 5000 адамға жетті. Гудулу тоғыз руды [яғни, ұйғырларды немесе тоғыз-оғызды] тонады, сөйтіп бірте-бірте жылқыға байыды, сондықтан өзін хан жариялады. Інілерінен ол Мочжоға [Мочур] шад, Түсіпке [Түзелі-бек] жабғы атақ-дәрежесін берді. Ашидэ Юань-чженьді [қытайша білім алған түрік ] іс басқарушы Ван Взньли тұтқынға алған болатын. Гудулудың шапқын жасап, оны тұтқыннан босатуына тура келді. Юаньчжень ұрпақтарды кінәдан арылу сезіміне иландыруға рұқсат етуді сұрады. Оған рұқсат берілді. Көп кешікпей жас ұрпақ оған бойсұнды, Гудулу солармен сөз байласты. Соның нәтижесінде барлық або мен дағандар [тархандар] қатардағы жауынгерлер сапына тартылды»24. Текстің мағынасы түсінікті. Құтлуғ «ескі қандас достардың» империя армиясында қызмет еткенде бірдемені ұмытып, мұны нәрселерді үйренген. Көтеріліс кезінде ол соғысуға машықтандырылмаған тобырды сауыт киген жауынгерлердің найзасына апарып ұрындыра салмай, ешнәрседен сезіктенбеген ұйғырларға киліктіріп, олардың жылқы үйірлерін тартып алды. Ал бұл жылқылар партазандық соғыс жүргізу үшін өте қажет еді. Ол атақ-шенге бағынудың байырғы жүйесін қалпына келтірді, демек тәртіп енгізді. Халық бұқарасын мән-мағынасыз қол астына жинай берудің орнына ол өз отрядын әскери дағдыларын ұмытпаған бұрынғы ақсүйектерден құрды және сол арқылы партизандық соғыс жүргізуіне негіз қалады. Мұнан соңғы өте маңызды факті — Құтлуғ қытайша білім алған адамдарды: Ашидэ Юань-чженді және Тоныкөкті өз жағына тартып, соларды көздеген мақсатына пайдаланды. Мұндай адамдар жаудың осал жағын және оларды қалай соғуды жақсы білді. Әрі шындығында да көп ұзамай соғыстың барысы басқаша болып өзгерді.
Әйтседе, Құтлуғтың іс-әрекеттері туралы ол Ілтеріс қаған деген аты шулы атаққа ие болғаннан кейін түріктердің өздері қалай суреттегенін қарап көрейік: «Қаған он жеті ер-азаматпен атқа қонды. Оның сыртта торып жүргенін [яғни, өз қытайының шекарасы сыртында ] естіп, қалалардың тұрғындары тауларға көтерілді, ал тау тұрғындары төмен түсті, осылайша жиналып, 70 ер-азаматтан сарбаз құрды. Аспан оларға күш-қуат сыйлағаннан кейін менің әкемнің — қағанның әскерлері нағыз көкжал бөрілерге ұқсады, ал оның жаулары қойларға ұқсап қалды. Әскерімен алға [яғни, шығысқа ], артқа [яғни, батысқа] жылжи отырып, ол адамдарды жинады әрі күреске көтерді, сөйтіп олардың саны енді 700 ер-азаматқа жетті. Олар 700-ге жеткен соң, ол солардың бәрін тәртіпке баулып, өздерінің елі мен қағанын жоғалтқан халықты соғысу өнеріне үйретті. Түріктік белгілерін жойып, күң мен құлға айналған халықты ол тәртіпке келтіріп, менің ата-бабаларымның заңдары бойынша бәрін орны-орнына қойды, сол кезде ол халыққа төліс-тардуш мекен-жайын алып берді, сол кезде жабғы мен шадты тағайындады».
Қытайлықтар тек жауынгерлерінің саны 5 мың адам болған еді деп айтқаны болмаса, оқиғаны түріктердің баяндауы қытай мәліметтерімен сәйкес келеді. Қытай цифры дәлірек-ау деген жөн. Өйткені «жеті» санын үнемі қолдану оған Құтлуғ атты әскерлерінің дәлме-дәл санын алмастырған сыйқырлы немесе жұмбақты мағына серік болған шығар деген ойға қалдырады.
Тоныкөк жазуы маңызы жағынан бұдан кем соқпайтын жәйттерді аңғартады. Ол алдымен оқырманға өзін таныстырудан бастайды: «Менің өзім — дана Тоныкөк бүкіл түрік халқы Табгач мемлекетінің бағыныштылығында болғандықтан Табгач мемлекеті үшін тәрбиеленгенмін». Ашидэ Юань-чжен сияқты Тоныкөк білімді түрік болды және осы маман екі кеңесшінің көмегі, сірә, көтерілістің табысқа жетуінде аз роль атқармаған болар. Халық қозғалысының күйретілуін Тоныкөк былайша суреттейді: «ағаштар мен тастар арасында тәуелсіз қалғандар бірігіп, 700 адам болды. Олардың екі бөлігі салтаттылар, ал бір бөлігі жаяу әскер еді. (Өткен соғыстағы түріктердің осал қимылын және Құтлуғтың партизандық соғыс жүргізу үшін қажетті жылқыларды таба алған еңбегін түсіндіретін бағалы анықтамалар — Л. Г.) Жеті жүз адамды өзінің соңынан еруге мәжбүр еткен үлкені шад [яғни, қандас патшазада] еді. Ол: «Менің сапыма тұр» деді. Мен — дана Тоныкөк соның сапына тұрдым. Мен оның қаған болуын тілесем қайтеді, дедім шын жүрегіммен. Мен: егер болашақ хан арық өгіздер мен семіз өгіздер бар екенін жалпы білсе де, ол қайсысы семіз егіз және қайсысы арық өгіз екенін білмейді-ау деп ойладым. (Тоныкөк біраз сыпайыгершілікпен Құтлуғтың адамдарды танып, оларды жақсы-жаман жағынан бағалай білмейтіндігін көрсетеді — Л. Г.) Аспан маған білім сыйлағандықтан, хан қабілетінің аздығына қарамай, менің өзім оны хан еткім келді. О хан! Дана Тоныкөкті тарханның бойлы бағасы [мемлекеттік кеңесшісі] етіп, мен Ілтеріс қаған болсам болайыншы». Егер Тоныкөктің өзін-өзі мақтауын алып тастасақ, онда қалған тұстарында бұл текст жоғарыда келтірілген мағлұматтармен сәйкес шығады, сөйтіп көтеріліс суреттері көз алдымызға келіп тұра қалады.
Қытайлықтардың өздері түрік көтерілісшілеріне тым қошамет көрсеткенін де айту керек. Фунян көтерілісін басып-жаншыған, әділдігі, адал ниеттілігі және қатардағы жауынгерлердің өмірін сақтап қалған сақтығы үшін барлық жауынгерлер жақсы көрген қабілетті әрі тәжірибелі қолбасшы Пэй Хин-кянь қаһарға ұшырап, айдалуда жүріп өлді. Оның орнына қолбасшы бірден қойыла салмады, сондықтан көтерілісшілер біраз тыным тауып, оны қатарларын қайта құру ісіне пайдаланды.
Шекаралық соғыс. Құтлуғтың отрядын ұйымдастыруға 682 ж. түгел кетті. 683 жылы ол белсенді қимыл жасауға кешті. Түрік атты әскерлері тұтқиылдан берген соққыларымен Ордостан шығысқа қарайғы Ұлы қабырғаның өн бойындағы бүкіл дерлік бекіністердің тас-талқанын шығарды, еш жерде де жаудың тұрақты әскерлерінің соққысын өздеріне дарытпады. Түріктер бес әскери округті тонап, тек алтыншысында ғана тойтарыс алды. Шаньюе уәлилігі қоршауға алынды, ал содан соңғы үш жыл бойы жау шенеуніктері мен жауынгерлері үшін ішке өтетін жолмен жүру мүмкін болмай қалды.
Түріктердің табысқа жетуіне Қытайда болып өткен мемлекеттік төңкеріс ықпал етті. Сыбай-салтаң жесір император әйел У-хоу өзінің ұлы Чжунцзунды қамауға алып, князь атағын беріп, орталық Қытайға жер аударды.
Мұндай жағдай қашанда ушыға түсетініндей, мұрагердің жақтастары бар болып шықты. Әне соларды жазалау керек еді. Сондықтан түркіттермен айналысуға уақыт болмады. Тек 686 ж. ғана әскер бастығы Шунь-юй Кхянъпин көтерілісшілердің Цзунцайшань тауы маңындағы бекініс лагерьде тұрып188 жатқан үй-іші бала-шағаларын басып алмақ болып, солай қарай жылжыды. Құтлуғ жаудың алдынан шықты. Синьчжоу маңындағы (Шаньси аймағында) қантөгісті шайқаста қытайлықтар күйрей жеңілді. Олардың 5 мың адамы шығынға ұшырады.
Бұған жауап қайтару керек еді. Түріктерге қарсы Чан-чжи әскер басы етіліп едәуір әскер жіберілді. Чан-чжи неғұрлым талантты тан генералдарының бірі болатын және Тибетке қарсы соғыста өзінің батылдығымен, дене күшімен әрі талантымен ерекше көзге түскен-ді.
Чан-чжи іске шындап кірісті. 687 ж. Хуанхуаду189 маңындағы соғыста түріктер жеңіліп қалды. Қытай атты әскерлері оларды 20 шақырымдай жерге190 қуып барды, әйтседе олар жау қуғынынан құтылып, ұлы далаға сіңіп кетті. Чан-чжидің қолы астындағылардың бірі Цуан Бао-би, бастығына жарамсақтана шекарадан өтіп, барлаушылар арқылы түріктердің қосын тапты. Бао-би аңдаусызда олардың үстінен шықпақ болды. Бірақ түріктер жаудың жақындап келе жатқанын байқап қалып, соғыс тәртібіне көшіп үлгерді. Қытайлықтар ашына шайқасты, дегенмен күйрей жеңіліс тапты. Қашып үлгерген көсемінен басқа бүкіл корпус жер жастанды.
Соғыс науқаны аяқталды және ол, турасын айтсақ, қытайлықтардың пайдасына шешілген жоқ. Бүлікші көшпелілерді Сары өзеннен алтай тауларына қуып тастау шортанды суға жібергенмен бірдей-ді. Түріктер бұрын-соңды болмаған табандылық пен қажырлылық танытты. Жеңіліс оларды ыдыратпады, қайта топтастыра түсті. Жауға қарсы күресуге деген ерік-жігер оты сөнбеді, міне, осының өзі түрік қағанатын қайта қалпына келтіруге жеткізген оқиғалардың барысын айқындап берді. Қытайлықтардың өздері үшін түріктер енді қол жетпейтін қамалға айналды. Енді қытайлықтарға өздерінің көрші одақтастарының күшімен, бірінші кезекте ұйғырлардың күшімен әрекет жасауға тура келді.
Имперліктер не себепті қуалаудан, сөйтіп көтерілісшілерді толық қырып-жоюдан бас тартты, олардың әскерлері шалғай жорықтарға көнбіс атты әскерлерден құралды емес пе?— деген сұрақ туады. Иә, бұл атты әскер бір кездері сондай болды, бірақ 689 ж. тибеттіктердің соққысы астында қалды. Юннан ну тоғайларынан Хуанхэнің жартасты жағалауларына дейін, Турфанның күйіп тұрған құмдарынан Орталық Тянь-Шанның орманды қия беткейлеріне дейін созылған тибет майданы барлық ішкі мүмкіндіктерді жалмап қойды. Адам саны аз, әрі әлі де жабайылау Тибет 693 ж. дейін Батыс өлкенің көгалды алқаптарын ұстап тұрды және 700 ж. дейін қытайдың негізгі күштері Ганьсу мен Сычуаньда тибеттіктермен шайқасып жатты. Құтлуғтың көз жұмбай істерінің табысты болуын қамтамасыз еткен басты себептердің бірі, міне, осы еді. Құтлуғтың көтерілісімен бір мезгілде батыс түркіттерінің арасында да дәл осындай көтерілістің бұрқ ете қалғандығын кездейсоқ сәйкестік деп есептемеу керек. Ыстықкөлден шығысқа қарайғы өңірді мекендеген Қашғар мен түріктердің Гун-юз» тайпасының 673 ж. өз еріктерімен бағынуы арқасында көшерліктердің басқа жердегімен салыстырғанда азын-аулақ қана күші Орталық Тянь-Шаньді қолдан жібермей ұстап тұрды. Батыс түркіттері мүлде күтпеген жерден гун-юэге тарпа бассалып, олардың «астанасын», яғни бектің қосынын қоршап алды. Көтерілісшілерді тегіне қарағанда хан тұқымынан шыққан, бірақ Құтлуг тәрізді таққа отыруға тікелей құқы жоқ ангин Кибу-чур деген біреу басқарды. Бұл биліктен шеттетілген ханзадалардың бас араздығы емес, ал халық қозғалысы екендігін көрсететіндігі себепті соңғы жағдай өте маңызды. Батыс пен шығыстағы көтерілістердің уақыт жағынан тұспа-тұс келуі тегін еместігіне шүбә келтіруге бола қияр ма екен. Ұлы керуен жолымен үнемі қатынас жасалып тұрды, соңдықтан 2 мың шақырымдық жол құпия тапсырмамен жіберілетін салтатты адам үшін, әсіресе жол-жөнекей жерлестері, демек, алмастыратын аты болғандығын ескерсек, ешқандай да кедергі емес. Кибу-чур тіпті гун-юэ тайпасынан солтүстікке және Балқаш көлінен шығысқа қарайғы өңірде өмір сүрген телестердің яньмянь тайпасын да өз жағына тарта алды.
Шығыстағы сияқты батыста да түріктерді азат ету ісі дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Алдын ала ойластырылған астыртын сөз байласудың болғандығы сөзсіз. Алайда батыс түріктері қыспаққа алынған одақтастарын құтқаруға келген империяның тұрақты әскерлерінен тойтарыс тапты. Жігерлі де батыл офицер Ван Фан-и түріктерді Іле өзеніне қарай ығыстырып, соңда Кибу-чурды толық жеңіліске ұшыратты. Түріктер бір мың адамынан айрылды, әйтсе де яньмяньдіктердің тұтқиылдан шабуыл жасауы жау жағының қол жеткізген табысына елеулі қатер төндірді. ЬІстықкөл маңында болған шайқаста телес жаяу атқыштарының империя әскерлерін қыспаққа алғандығы соншалық, Қытайға қызмет етіп жүрген көшпелілер жаудың кәрінен қолбасшының басын кесіп апарып беріп құтылуды жөн көрді. Бұл астыртын сөз байласуды біліп қойған Ван Фан-и олардың басшыларын өзіне, лагеріне шақыртып алып, бәрін байлаттырып тастады. Көмек сұрағандардың айқайын естіртпеген керней мен барабандардың дабылы астында 70 бүлікшінің бастары кесілді. Мұнан соң империя атты әскерлерінің тұтқиылдан жасаған шабуылы яньмяньдіктерді талқандап, олардың жиынын ыдыратып тастады191. Міне, осымен бәрі де тәмамдалды.
Мәні жағынан Кибу-чур мен Құтлуғ көтерілістері бір тектес, бірақ мұның біріншісі жылдам жаншылып тасталса, екіншісі шын мәніндегі зор табысқа жетті. Бұл арадағы себеп неде. Оның себебі тіпті де түріктердің өздеріне байланысты емес. Батыс шеткей аймақта тан империясының алғашқы жылдарының дәстүрлері әлі де өз күшінде еді. Ал Қытайдың өзінде шетелдік әулетке қарсы қуатты күш әрекет жасай бастаған болатын. Осы тенденцияның көрінісі император әйел У-дың (У-хоу) төңкерісі болды.
Император әйел У Тан әулеті екі пішінді болды. Оның негізін қалаған Ли Юань көшпелілік әдет-ғұрпын тастамаған қытайланған түрік болатын. Серіктері де осындай еді, сондықтан өкімет басына өз адамын алып келді. Тайцзунның төңірегін қытай оқымыстыларымен бірге, ұйғырлардың көсемі, бір қолы жоқ Киби Хэли мен түрік ханзадасы Ашин Шэни сияқты түрік батыр-балуандары жайлады. Гаоцзун болса таза қытайлық тәрбие алған-ды. Дәл соның тұсында шекаралық айбынды әскер басылары мен қытай нәзіктігі таңғажайыбының арасындағы дау-жанжал пісіп жетілді. Мұндағы шешуші роль әйел әсерлілігінің үлесіне тиді.
637 ж. мұрагер патшазада өз әкесінің қолына жаугершіліктен түскен өте сұлу әйелге ғашық болды. Император өлгеннен кейін оның әйелдері бастарының шашы тақырлап алынып, қалған өмірлерін сонда өткізулері үшін буддизмдік монастырьге жөнелтілген болатын. 650 ж. жаңа император Гаоцзун монастырьге кіріп шығуға барғанда өзінің сұлуын кездестіріп қалды, сөйтіп, махаббаты жаңа бір күшпен жалын атты. Императордың бәйбішесі баласыз еді. Ол өзінің бақталас әйелдеріне қарсы одақтас табуды көздеп сол сұлуды императорлық төремге жайғастырды. Сөйтіп күйеуінің көңілін тапты. Бұл жағдай оның күндестеріне қастық әрекеттер істеуі үшін кең мүмкіндіктер ашып, осы өңірінде ол асқан шеберлік танытты. 654 ж. Гаоцзун оның ықпалына басы бүтін беріліп, оны император әйел етті. Жаңа император әйел өзінің бақталас әйелдерінің түгел сазайын тартқызды, оның бұйрығымен бақталастары ешқандай сотсыз және айыптаусыз кескіленіп, шарапқа батырылып өлтірілді. Мұнан кейін император үйінің мүшелері мен Тан әулетінің көтерілуіне көмектескен ең жақын-жуықтарын міндетті түрде улау, жер аудару, асу, қуғындау етек алды. Бұл бекерден бекер емес еді: қытай ақсүйектерінің өздері шетелдік деп есептейтін әулетке деген іштен тынған өшпенділігі жарып шығып, өзінің лайықты көсемін тапқан болатын. Өз күйеуін еркін билеп алған император әйел кез келген қарсыласуды басып-жаншыды және саясат пен мәдениетте қытайлықтардың басым болуын қалпына келтіруді қолға ала бастады. Гаоцзун өлгеннен кейін ол дербестікке ұмтылысын танытқан өз ұлын тақтан түсіріп, бүкіл билікті өз қолына тартып алды. 684 ж. Тан әулетінің бірнеше патшазадасы астыртын сөз байласты деп айыпталып, өлім жазасына кесілді. Сондай-ақ төңкерісті жүзеге асырған император әйелдің жақтастары да өлтірілді. Мұның өзі оған билікті бөлісу қажеттігінен құтылуға мүмкіндік берді. Алайда ол жолды кім үшін тазартты? Сондай бақыттылардың алғашқысы — буддизмдік қауымның басшысы болып шықты. Осыған байланысты қытайда буддизмнің ықпалы барынша күшейе түсті.
Бұдан кейін әскери ақсүйектерге жатпайтын, бірақ қызметте өз қабілеттерін көрсететін емтихан тапсыру жолымен алынған адамдар жоғарылатылды. Әрине, бұлар қыштан гөрі қыл қаламды жақсы меңгерген қытайлықтар еді. Олар шекаралық әскер даңқойларын өкіметтік биліктен ығыстырды. Оның өзгеше соңғылары қолына қылыш ұстай білетіндігімен сыртқы соғыстардың тағдырын шешіп жатты. Ал император әйел үкіметіне деген өкпелері олардың ынта-жігерін бәсеңдетіп жіберді. Империя әскерлері қаруларын қолдан берген жоқ, бірақ босаң әрі зауықсыз соғыса бастады.
689 ж. Тан әулетінің аты жойылды, ал 690 ж. 19-қазанда император әйел император құрметті атағын қабылдады. буддашылар тез арада У — Будданың қызы екендігін және Тан әулетінен империяны мұра етіп иеленуі қажеттігін дәлелдейтін шығарма жазды. Өзін осылай қолдағанына риза болған император әйел елдің барлық қалаларыңда буддалық шіркеулер салуды бұйырған жарлық шығарды. Әрине, төңкеріс жасаудың, жазалаулардың, буддизмді насихаттаудың және тибет соғысының қытай қоғамының назарын өзіне баурап алғандығы соншалық, тіпті оның Хангайға қашып кеткен түріктермен ісі де болған жоқ. Осының бәрі жиналып келіп түрік қағанатын қайта жаңғырту мүмкіндігін туғызды.
Түріктер мен ұйғырлар. Халхада түрік ордасының пайда болуы бүкіл Хангай уәлилігін абыржытып-састырды. Халханы мекендеген, тып-тыныш қана өздерінің малын бағып, қытайлықтардан сый алып жүрген тоғыз-оғуздар мен басқа да телестік тайпалар еркіндік өмірлерінің енді біткендігін түсінді.
Аш-жалаңаш қашқындар көршілерін тонамай тұра алмас еді. Оның үстіне бұл көршілері олардың жауларының шын берілген қол астындағылар болды ғой. Әрине, далалық тайпалардың бәрі 278 түріктерге қарсы ең бір кескілескен күреске әзірленуі керек еді. Түріктердің өздері мұны жақсы түсінді: «біздің жауларымыз айнала төңірегімізде жыртқыш құстар сияқты болды, біз олар үшін жемтік болдық»,— деп жазады Тоныкөк. «Ол кезде Қытайдан солтүстікке қарай бегтер мен оғуздардың арасынан жеті қуатты қайраткер бізге жау болды»,— деп хаоарлайды Алып Ілетміш, өзінің жастық шағы мен осы соғысқа қатысқаны үшін шад құрметті атағын алған өз әкесінің мансабын есіне түсіріп. Иоллығ-тегін бұдан да дәлме-дәл: «Оң жағымыздан [оңтүстікте] табгач халқы жауымыз болды, сол жағымыздан [солтүстікке] Бас-қағанның [басшылығымен ] тоғыз-оғыз халқы жауымыз болды, қырғыздар, құрықандар, отыз-татарлар, қытай [қидандар] мен татаптар [хи ] — бәрі де біздің жауымыз болды». Не керек, жағдай қауіпті бола түсті.
Бастамшылдық әрекетті «Таншуда» Били деп аталатын тоғыз-оғуздың Бас қағаны өз қолына алды. Ол Құтлуғқа бірлесіп шабуыл жасау ұсынысымен Қытайға және қидандарға елшілерін жіберді: ұйғарым бойынша қытайлықтар оңтүстіктен, қидандар шығыс жағынан, ұйғырлар солтүстіктен шабуыл жасауға тиісті еді. Батыс жақта он жебе түріктері деп аталатын Батыс түріктері болды. Олардың саяси сенімсіздікке ұшырағандығы соншалық, оларды күрделі соғысқа жұмылдыруға болмайды деп есептелінді. осындай жоспар жасалып жатқандығы жөнінде жансыздар Құтлуғтың қосынына хабар жеткізді. Сондықтан ол шабуылға алдымен өздері шығып, қарсылығы әлсіздеу болуға тиісті батысқа соққы беруді, ал қалған жауларын біртіндеп шетінен соға беруді көздейтін Тоныкөктің жоспарын қабылдады. Қиыншылық бір нәрседе ғана болды: екі майданда соғысуы үшін түріктердің бар-жоғы екі-үш мыңдай-ақ жауынгерлері бар еді.
Дегенмен, Құтлуғ тәуекелге басты. Ашидэ Юань-чжеңді басшы етіп, бір мың салтаттыны ол батысқа құрданды — Арал маңының шөл далаларын жаулап алуға жіберді (сірә, түріктер мұнда жаудың қуғынынан құтылып кетуді ойластырған болуы керек), Тоныкөктің қол басшылығымен екі мың салтатты солтүстікке, шабуылдарын бастаған тоғыз-оғуздардың алдынан шығуға кетті. Әдетте бірігу кезінде болатынындай, қидандар мен қытайлықтар шабуылға шығудан кешігіп қалды.
Тоныкөк Бас қағанға қарағанда жылдамырақ қимылдады, сөйтіп екі жақтың әскерлері эльш маңында кездесті. Ұйғырлардың мың адамы болғанына қарамастан түріктер оларды өзенге қарай қуып тықты және қашқындарын қылышпен шапқылап, іздерінен қалмай қуды. Бас қаған қаза тапты , ал тоғыз-оғуз халқы түрік ханына бағынды.
Оның есесіне батыс отрядының жолы болмады. Дәл осы кезде түркештер тайпасының күшеюі басталған-ды. Түркештер Шу мен Іле өзендерінің аралығындағы жерлерді иеленіп, батыс түркіттер хандарына бағыңды. Түркештердің тайпалық көсемі Үшжеленің тархан мемлекеттік кеңесшісі (қытай текстінде мохэ-дагань) деген құрметті атағы болды. Бұл кезде батыс түркіттік хандар тан үкіметінің шенеуніктеріне айналған-ды, сондықтан мұның өзі олардың өз қол астындағылары арасында аты әйгілі болуына мүмкіндік бермегені табиғи нәрсе талантты Үшжеле әулетке наразылардың көп бөлігін өзіне еліктіріп алған болатын; «Таншу» оның әскерінің санын — 140 мың адам деп барынша өсіріл келтіреді. Рас, бұл 699 ж. қатысты. Ал 688 ж. олар, сірә, әлдеқайда аз болған болуы керек (қытайдың «асырып айту шамасы» 9—10-ға тең).
Өзінің батысқа жорығында Ашидэ Юань-чжен түркештерге тап болып, соғыста қаза тапты.
Сонымен, түріктер үшін батыстың жабық екендігі анықталды, ол солтүстік баспана ретінде пайдаланылуы мүмкін еді. Сондықтан Құтлуғ өзінің ордасын өткен жай халықтары арасына — Хангай беткейлеріндегі таулық тайгаға ауыстырды. осындағы ну тоғайлар мен шатқалдарда түріктер имперлік сауыт киген жауынгерлерден жасырынды; осында олар өздерінің талқандайтын шапқындарына негіз қалады, соның нәтижесінде екінші қағанат пайда болды.
Толадағы жеңіспен дала үшін соғыс біте қойған жоқ. Жазуларға қарағанда Құтлуғ 47 peт жорыққа шығып, жауларымен 20 рет айқасқа түсті, «ол өз жауларын бітім жасасуға мәжбүр етті, тізесі барлардың тізесін бүктірді, басы барлардың басын идірді». Бұл көркем сөз саптаудың нені мегзейтінін біз тек аңғара ғана аламыз. Бәлкім Құтлуғ өзіне Халханы бағындырған болар, бірақ батыста, Орта Азияда да, шығыста Маньчжурияда да ол еш нәрсеге қол жеткізген жоқ. 693 ж. Құтлуғ дүние салды*, сөйтіп тақ Қапаған қаған құрметті атағын қабылдаған оның інісі Мочурға (қыт. Мочжо) өтті. 693 жыл мұнымен бірге қытай қаруының үлкен табысқа жеткен жылы болды: олар ақыр соңында тибеттіктерді Батыс өлкесінен қуып шықты.
Империяның қаталдығын сезіп, батыс түріктері 694 ж. ханзада Ашин Суйцзының басшылығымен көтеріліс жасады, бірақ Даньлин-чу маңында көтеріліс жаншылып тасталды.
Осыдан кейін іле-шала көтеріліске қосылған түркештер де талқандалды, ал тибеттің басқыншы армиясынан Нишумусқа тартып алынды. «Батыс өлкесі» толық жуасытылды, бірақ тағы да кінәз Чжанге алып келген түрік әскерлерінің күшімен тыныштандырылды. Сірә, олар көтеріліске қатыспаған ордос түріктері болса керек.
Бағдарлама. Сонымен, имперлік тұрақты армиямен күресуге тек түріктер ғана төтеп бере алды. Осы арада олар бұның сәтін қалай келтірді және қаруларын тастап, жау қолына берілмес үшін шөл дала арқылы Құтлуғпен бірге шетінен оның серіктерінің идеологиясы қандай болды?— деген сұрақ туады. Қытайға деген мұндай теріс көзқарастың кейбір түсіндірмелерін біз Иоллыг-тегіннің өз атасы Ілтеріс қаған Құтлуғтың атынан құрастырған жазбаларынан табамыз: «Бізге соншама көп алтынды, күмісті, спиртті [немесе астықты ] және жібекті шектеусіз беретін табгач халқының сөздері тәтті, ал асыл заттары «жұмсақ» болды; тәтті сөздерімен және сәнді асыл заттарымен қызықтырып, олар шалғайда өмір сүрген халықтарды аса күшті еліктірушілікпен өздеріне тарта білді. Келгендер болса соларға жақын қоныстанып, сонан соң ақымақтық данасуларын бойларына сіңісе берді».
Иоллығ-тегін бұл арада қытай мәдениетінің көшпелілер тұрмысына енуіне қарсы шығып отыр, сонымен бірге ол материалдық мәдениеті қытай идеологиясын енгізу үшін қолданылған құрал деп қарайды. Жабайыларды зиянсыздандыру үшін дәл осы жолды ұсынған Конфуцийді ол оқыған шығар деп ойлауға болғандай.
Бұдан әрі Иоллығ-тегін соның нәтижелерін көрсетеді: «Солардың тәтті сөздері мен сәнді асыл заттарына өзіңді еліктіруге беріп, сен, қайран түрік халқы, көп қырғынға ұшырадың… қас адамдар: «кім алыста тұрса, оған нашар сый-тарту, кім жақында тұрса оған жақсы сый-тарту беріледі»— деп сайрап, түрік халқының бір бөлігін осылай үйретті, осы сөздермен ол сені соған үйретті. Сондықтан сендер, ақыл-парасатқа не болмаған адамдар солардың сөзін тыңдап, соларға жақын барып, сонда көп мөлшерде қаза таптыңдар».
Бірақ олар қалайша қаза тапты — олар бағалы заттарды молынан алып отырды емес пе? Автор бұл сұраққа: сый-тартулар үшін әскери қызмет атқару керек еді, яғни бөтеннің мүддесі үшін туған жерден шалғайға өлімге бас тігіп бару керек болды,— деп жауап қайырады. «Сен… түрік халқы, барлық елдерді кезіп жүре бердің және сонда әбден әлсіреп, қажыдың. Сол кезде тірі қалған сендер болсаңдар, барлық елдерде бір өліп, бір тіріле қаңғырып жүрдіңдер». Йоллығ-тегін өзінің жеке өзіндік қасиетін сақтап қалғысы келген халық, сол үшін қандай құрбандықтарға барса да лағнетке (жалдамалы солдатқа) немесе жазалаушыға айналмауы керек деп өте дұрыс атап көрсетеді. Мұңдай «сыбайластарын» қожайындары ауыз үйінен әрі қарай ішке жібермейді, және алтынмен де, жібекпен де өзіңнің оған бағыныштылығыңды жаба алмайсың. Болмашы пайдаға қызықтырылып сатылатын идеологияларға ол утопияны емес, ал нақты бағдарламаны — қағанатты қайта қалпына келтіруді қарсы қояды: «О түрік халқы, сен арғы жаққа кетсең, онда сенат көнересінде турасын, ал сен Отюкен елінде болып, өзіңе берілетін сый-тартулар үшін тек керуендер ғана жіберсең, онда сенің ешқандай қайғы-қасіретің болмайды; сен Отюкен қарапайым адамдары арасында қалсаң, өзіңнің ірі мемлекетіңді құрып, өмір сүре бересің және сен, түрік халқы, тоқсың».
Бұдан әрі ол мұндай бағдарлама тек мүмкін ғана емес, тіпті оны өзінің атасы жүзеге асырғанын ескертеді: «Қаған болып мен елді толық көтердім — апатқа ұшыраған жарлы халықты жинадым; жарлы халықты бай халық еттім, саны аз халықты саны көп халыққа айналдырдым. Менің бұл сөзімде жалғандық бар ма?!» Бірақ осымен бірге ол ханның әйгілі болмағанын, яғни бектердің «қателікке — сатқындыққа ұрынуға бейім» екендігін; ал халықтың жөн-жосықты білмейтіндігін атап көрсетеді. «Түрік халқы… сен жадау әрі аш кезіңде, тоқтық хал-күйінің себептерін түсінбейсің және бір рет тойынып сен аштық хал-күйін түсінбейсің». Осыдан қағанатты қайта қалпына келтіру бастамасы ескілікті аңсайтындар тобынан шыққан-ау деген қорытынды жасауға болады. Иоллығ-тегіннің жазбалары бектердің бір бөлігі және солармен байланысты топтар қытаймен ымыраға келуді қалағанын, бірақ ханның төңірегіне жиналған патриоттық топ оларды өткен, ежелгі даңқтарын іздестіру жорықтарына қуып, соған бастап отырғандығын дәлелдейді. Бұл топтың бірінші қағанаттың қатардағы жауынгерлер сапына тұрған тархандарынан тұрғандығын аңғару қиын емес.
Әрине, ардагерлерді үгіттеудің ешбір керегі жоқ еді, сондықтан Иоллығ-тегін өз сөзін арнаған тұрақсыз көпшілікті кімдер құрағанын білу өте қызық. «Менің сөзімді рет-ретімен зейін қоя тыңдаңдар: ағайын-туғандар, кіші туыстар, менің өз тұқымым және менің өз халқым, он қанатта тұрғандар — шадтар мен туысқан бектер, сол қанаттағы тархандар мен әскери міндетті атқарушы бектер, отыз… бектер мен тоғыз-оғуздар халқы». Мұнда орталыққа, он және сол қанатқа жіктейтін нақтылы далалық болу келтіріледі, бірақ бағыныштылық тәртібі тұрғысында: орталық — ханның жеке сарбаздары, он қанат — қандас ханзадалар, сол қанат — тең еместер және солармен тең емес тоғыз-оғуздар, яғни ұйғырлар және басқа халхалық тайпалар.
Сонымен, біз құрылымы кіші шендердің жоғары шендерге бағыныштылығына негізделген әскери демократияның бет-бейнесін байқап отырмыз. Әсіресе, тоғыз-оғуздар бекзадалары мен халқының түріктермен теңестірілгенін атап көрсету маңызды. Екінші бір жерде сөзін арнағандардың тізімі бұдан да ұзартылған: «Менің жүрек сезімді… он жебе ұлдарына дейін және таттарға дейін қоса [еркін еместеріне, міндеттілеріне] түгел жеткізіңдер, ескерткішке қарап, біліңдер».
Бірақ мұнда да тек батыс түріктері мен өздеріне біріктірілген таттар ғана қосымшаланған, ал текст құрастырылғанға дейінгі өзге жауланып алынғандар — қидандар, қырғыздар, қарлұқтар, татаптар, соғдылықтар және басқалары тіркелмеген. Олар орданың мүшелері емес еді — олар орданың алым-салық төлеушілері немесе «одақтастары» болды. Сөйтіп, көк түріктер ордасы өзіне әлі тек тоғыз-оғуздарды ғана қосып алған-ды . Бірақ тіпті осы күйінде де ол ең алдымен өзінің негізін қалаушылардың болаттай берік ерік-жігерімен және солардың әскери талантымен ұлы мақсаттарына ұмтыла берді. Былайша айтқанда түріктер әскери демократия құру кезеңінде тұрды және өздері дағдыланған қоғамдық құрылысты сақтап қалу үшін қолдан келгендерінің бәрін істеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *