ҚАРСАҢДА (420-546 жж.)

Л. Гумилев ҚАРСАҢДА (420-546 жж.)
Сары өзендегі өзгерістер. Европа халықтарының қартайып қалжыраған Римді V ғ. күрт сындырған ұлы көшпенділігі Шығыс Азияда жүз жыл бұрын болған еді. Қытай тарихында «бес тағы тайпаның дәуірі» (304—399 жж.) деп аталатын заманда Солтүстік Қытайды Хұндар мен сәнбилер жаулап алып бағындырып, сол жерде готтардың, бұргундықтар мен вандалдардың жабайы королдіктері тәрізді, бірқатар баянсыз мемлекеттердің негізін салады. Европаның Балхан түбегінде Шығыс Рим империясы қалай қасқайып тұрып қалса, Қытайдағы ұлы дария Янцзыдың жағасында Хан империясының мұрагері — дербес Қытай империясы сақталып қалады. Ертедегі Византия — гүлдену дәуіріндегі Римге қалай ұқсайтын болса, ол да өзінің бұрын өткен ұлы патшалығына тап солай ұқсайтын еді, сол сияқты бұл да теріскей мен батыстан қысым жасаған тағылардан ілдәбайлап қорғануға ғана күш-қайрат тауып, жиі-жиі алмасып жатқан әулеттердің дәрменсіз де дарынсыз императорлары тағылар көсемдерінің құрбаны етіп «кіндік жазықтың» қалың қытайын тастап кетеді — ол кезде Хуанхэ алқабы солай делінетін — алайда, жатжерліктердің қатал езгісіне және өзара ұдайы қырықпышақ болып қырқысып, қан төгіп жатқанына қарамастан, Солтүстік Қытайдағы қытайлықтар өздерін басып алған халықтардан сан жағынан басым болатын,, бұл VI ғ. Қытайдың қайта өрлеуіне жол ашады.
Өздерінің барша бәсекелестерін4 жеңіп шыққан Тоба тайпасы қытай мәдениетінің ықпалына түсіп кетеді. 420 ж. тобалар құрған ерте феодалдық мемлекет бүкіл Солтүстік Қытайды бір империяға біріктіреді, ол қытайша, Вэй атын алады (386 ж.). Бұл тоба ханының бодандарының басым көпшілігі болып табылатын қытай халқымен мәмлеге келу жолындағы алғашқы қадамы еді. Көпшелілерді ассимиляциялау әрекеті басталып кетті де, V ғ. аяққы кезінде тобалардың ұрпақтары бұрымдарын кеседі де, ал өздеріне бағыныштылармен ұдайы қоян-қолтық араласу олардың күш жігері мен салт-дәстүрлерін жойып жібереді. Олар тіпті туған тілінде сөйлеуді қойып, қытайша сөйлей бастайды. Жоғалтқан тілімен, киім-кешегімен бірге, олар бір кезде өздерін жеңіске жеткізген жаужүрек батылдығы мен ынтымақ-бірлігін де жоғалтады, дегенмен де олар, өздерінің меншікті мемлекетін қайта құру үшін қасарысып алға ұмтылған қытай жұртына сіңісіп кете алмады.
Сарай төңкерістері мен оның ізін ала жүретін жазалау әрекеттері Вэй әулетінің өкіметін әлсіретуі мұң екен, сәнби императорларының қызметіндегі қытай қолбасшылары өз билеушілерінен қайратты да жігерлі болып шыға келді. 531 ж. солтүстік-шығыстан Гао-Хуань көтерілісті бастап шығады да, тоба әскерлерін талқандап, ел астанасы — Лоянды басып алады. Ол әуелгі кезде әулет мүддесі үшін әрекет жасаған болып көрініп, ханзадаларының біреуін император деп жариялайды, бірақ ол өз қолбасшысынан қорқып, батысқа, Чаньанға қашып барып, екінші бір сардардан, қытай болып кеткен сәнбилік Юйвынь Тайдан қолдау табады. Гао-Хуань сол Вэй әулетінің екінші бір ханзадасын таққа отырғызады. Сөйтіп, империя Батыс Вэй, Шығыс Вэй болып екіге бөлінеді, сәнби императорларын уақытша бетперде есебіңде пайдаланатын қытай қолбасшылары еді. Бұл жәйт ұзаққа созылмаса керекті. Сәнбилердің рақымсыз қатал билігіне өшіккен қытайлар, күш өз қолдарына тигеннен кейін, жеңілгендердің бет-жүзіне қарап жатпайды. Юйвынь Тай қолжаулық императорлардың бірнешеуін улап өлтіреді, ал оның баласы күш-құдіреті толыққасын, 557 ж. жексұрын әулетті таратып, өз әулеті Вэй-Чжоудің5 негізін салады.
Солтүстік-Шығыс Қытайда сәнбилер бұдан да қатал жазаға ұшырады. Гао-Хуаньнің мұрагері Гао-Ян соңғы императорды өз пайдасына тәж-тақтан бас тартқызып, оған у береді. Императордың туған-туысқандары — ұзын саны 721 адам — түгелдей өлтіріледі де, оларды жерлемеу үшін, денелерін суға ағызып жібереді. Жаңа әулет Вэй-Ци деген атқа ие болады.
Осынау теріскей хандығының екеуі де экономикалық және саяси жағынан кәдімгідей қуатты болатын. Тегі басқалардың өктемдігінен құтылған қытай жұрты өз мәдениетін қалпына келтіру үшін жанталаса жұмыс істесе керек. Алайда Вэй-Чжоу мен Бэй-Ци арасында туған бақталастық олардың күш-жігерін тұсаулап, белсенді саясат жүргізу мүмкіндігінен айырады.
Оңтүстіктегі Лян әулетінің соңғы императорлары өздері билік құрып тұрған кездері зорлық-зомбылық пен қылмысты туындатады да, оның орнын басқан Чэнь әулеті осы бір сұмдықты жалғастыра түседі. 557 ж. сарай төңкерісі мен Ляньнің соңғы императорының көзін құрту құлаған әулет жақтастарының қарулы. қарсылығын туғызады. Көтерілісшілер Чэнь әскерінің шабуылын тойтарып, Қытайдың дәл ортасынан шағын ғана Хоу-Лян мемлекетін құрады.
Қытай өзара жауласып жатқан төрт мемлекетке бөлініп кетеді. Қытайдың күш-қуатын байлап-матап тастаған ішкі шиеленіс, өзгелерден әлсіз кішкене ғана екі көшпелі мемлекет: Жужан ордасы мен Тоғон (Ту-ю-Хунь) хандығының аман қалуына жағдай жасайды. Түскейден жасалатын қысымның әлсіреуіне байланысты олар Шығыс Азиядағы жетекші мемлекеттер арасынан орын алады. IV ғ. орта шенінде құрылған дала хандығы Жужан VI ғ. бас кезінде өзі құрып кетерлік қатты дағдарысты басынан өткізеді. Бірақ бұл жөніндегі әңгіме әлі алда.
Тоғон хандығы Цайдамның далалық қырқаларында көсіліп жататын. Тіпті сонау 312 ж. Мойын тегінен шыққан бектері бар, сәнбидің шағын ғана бір тайпасы Оңтүстік Манъчжуриядан батысқа қарай үдере көшіп, Көкіңір көлінің қасынан қоныс тебеді. Бұл арада олар бытырап жатқан тибет руларына қарсы сәтті соғыс жүргізеді де, тобаларға қарсы күресте сәтсіздікке ұшырай береді. Соның салдарынан Тоғон хандығы Вэй империясының кіріптар вассалына айналады, бірақ империя бөлініп ыдырап кеткесін, ол қайтадан бостандыққа ие болады. V ғ. екінші ширегінде сұлтан Куалұй өзін хан деп жариялап, 540 ж. Гао-Хуаньге елші жөнелтеді, сөйтіп, Ювынь Тайдың жауына айналады. Бұл факті Тоғонның бұдан былайғы сыртқы саясатын анықтай түседі, біз онымен кейін кез боламыз. «Қалалары»6 (бұл бекіністі қыстақтар шығар) тегі, тобалардан алынған, ұйымдық басқару тетіктері болғанымен, өзі аса кең жерді қамтып жатқанымен, Тоғон күшті мемлекет болмаған. Қару күшіне құлдық ұрған тибет рулары дұшпанынан кегін қайтарып, бостандыққа жетуді арман етеді, оның экономикасы мимырт мал шаруашылығына негізделген еді; мәдени дәрежесі төмен болатын, ал хандардың зорлық-зомбылығы ұдайы құпия қаскүнемдіктер мен опасыздықтарды, жазалау шараларын туындатты, бұл өшпенділік отына май құяды. Міне осындай қиын түйіндер Тоғонның мүмкіндіктерін шектеп, кейін оның азып-тозып, құрып кетуіне апарып соқты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *