Қаншық қасқырдың ұрпақтары

Л. Гумилев

Қаншық қасқырдың ұрпақтары. Ататегін білу және оларды әдейі жаттап алу ортаазиялық халықтардың34 өзгеше сипаты. Сондағы ең бір қызықты жері, олардың көпшілігі әуелгі тегін әртүрлі аңнан бастайды. Мысалы, тибеттер өздерінің арғы тегін маймылдың еркегі мен раушастың (орман-аруақ) ұрғашысынан шыққан, моңғолдар — көкбөрі мен ақмаралдан, телестер — бөрі мен хұн шаньюінің қызынан, түріктер — хұн ханзадасы мен қаншық қасқырдан тараған деп есептейді. Соңғы екі аңыз баяғыда, осынау қос халық ұлан шөл — Гобидің оңтүстік шетіндегі аймақты мекендеген кезде шыққан болуға тиіс, өйткені аңыздың өзі белгілі дәрежеде саяси тарих пен этногенездің фактілерімен әріленіп, жөнделіп отырады.
Тобалар солтүстік Қытайды бағындырған кезде, олардан жеңілген тайпалардың ішінде «Бес жүз шаңырақ Ашин руы да» бар еді.35 «Осынау бес жүз шаңырақ», Хұндар мен сәнбилер36 IV ғ. қытайлардан жаулап алған Шэньсидің батыс бөлегін мекен еткен «әртүрлі рулардың қосындысынан»37 шыққан болатын. Ашин Хэсиді (Ордостың батысындағы Хуанхэ шығанағы мен Наныпаннің арасындағы облыс) билеген Хұн кінәзі Муганға бағынып тұрған. 439 ж. хұндарды жеңіп, Хәсиді Вэй империясына қосып алған кезде, «Ашин бес жүз үймен жужандарға қашып барады да, Алтай тауының күнгей бетіне қоныстанып, жужандарға темір өндіріп беріп тұрады»38.
Бұл кепте көне түріктер халқының шыққан тегі түгел қамтылмайды, тек оларды билеуші әулеттің тегі ғана айтылады. Көне түріктердің шығуы жөніндегі бұл нұсқада аңыз деуге тұрарлық ештеңе жоқ. Әсілі, Ашин, әлде бір себептермен толып жатқан хұн мен сәнби кінәздіктеріне сиыспаған, жүрекжұтты ерлердің шағын ғана жасағының көсемі болса керек. Мемлекет деп атауға тұрмайтын бұл сияқты уақ әскери қауымдар III—V ғғ. бүлікті дәуірінде ұдайы пайда болып, артына із қалдырмай құрып кетіп жатқан.
Қытайлар Ашин ханның бодандарын — Тукю деп атаған. Бұл сөзді П. Пельо «түрк ют» яғни түріктер деп сәтті аударған, бірақ ондағы көптік жалғауы түрікше емес, моңғолша. Көне түрік тілінде саяси терминдердің бәріне көптік жалғауының моңғолшасы қосылатын болған. Бұл жәйттен оның түрік тіліне шеттен қосылғанын білеміз.
«Түрік» сөзінің өзі «күшті, мықты» дегенді білдіреді. А. Н. Кононовтың пікірінше, ол — жинақтауыш ат, кейін тайпалар бірлестігінің этникалық атына айналған. Бұл бірлестіктің әуелгі тілі қандай болса — ондай болсын, әйтеуір олар тарих сахнасына шыққан кезде, оның күллі өкілдеріне сол заманның тайпааралық ортақ тілі-сәнби яғни көне моңғол тілі түсінікті болған. Бұл бұйрық-жарлықтың, базардың, елшіліктің тілі екен. Осы тілмен 439 ж. Ашин Гобидің солтүстік шет аймағына көшеді. «Ашин — Қасқыр, бөрі» деген сөз. Ол моңғолша «шоно-чино».
«А»— қытай тілінде құрметтеу префиксі. Демек, «Ашин»—»дегдар бөрі»39. Бұл есімнің қытайша мәнерленбеген түрі — Шане40 арап жазбасында сақталған.
Ашин хандарын тотемистер деп атауға бола ма, болмай ма — біздің біліміміздің кәзіргі жағдайында оны шешу мүмкін емес41, алайда «бөрі» сөзі VI ғ. түріктер үшін аса мәнді сөз болғаны айдан анық. Қытай авторлары «түрік ханы» мен «бөрі» ұғымын мағыналас деп есептейді, сонда тегі түрік хандарының көзқарасына сүйенетін болса керек. Сәнби ханшасының күйеуі Шаболио хан жөнінде: «өзінің қасиеті жағынан хан нағыз қасқыр»42 — деп айтқаны тегін болмасқа керек; түріктерге шабуыл жасаған кезде: «мынадай шаралар қолдану керек: көшпенділерін қуып, бөрілеріне бассалу қажет»43 — деп тіпті нұсқау қағаздың өзінде де айтылған. Түрік байрақтарына бөрінің басы44 алтынмен әшекейленіп салынған, ақырында, түріктердің шыққан тегі жөніндегі екі аңызында ең әуелгі ана — қаншық қасқыр45 делінеді. Бір-бірінен сәл ғана айырмасы бар аңыздың екеуінде де нағыз тарихи оқиғаның Ашин ордасының Ганьсудан көшуінің ізі де жоқ. Сондықтан да аңыздар Алтайда туған деп ойлаған жөн, бәлкім, бұл аңыздар келгендердің айрықша хұқын дәлелдеу үшін әдейі шығарылған да шығар, кім білген.
Бірінші аңыздың бір қызық жері — бұл аңыз «хұндар үйінің бір тармағының Батыс өлкеден батысқа қарай кеткенін» яғни Аттила мемлекетін біледі. Бұл тармақты көршілері түп-тұқиянымен қырып салғанды; тек бір тоғыз жасар бала ғана аман қалады, ал жаулар оның да қол-аяғын шауып, саздаққа лақтыра салады. Сол арада одан бір бөрінің қаншығы ұрықтанады. «Дегенменде баланы дұшпандары өлтіреді де, қаншық қасқыр Алтайға қашып барып, сонда он бала табады. Бұл әулет бірте-бірте өсіп-өніп көбейіп, «арада бірнеше буын өткесін, Әсенше деген біреу бүкіл ұлысымен үңгірден шығады да, өздерін жужан ханының бағынушы боданымыз деп мойындайды». Хош, сонымен, бұл аңызға жүгінсек, алтайлық түрік-түкюлер (түркіттер) батыс ғұндардан шыққан, бірақ тікелей емес, мистикалық жолмен, қаншық қасқырдың араласуымен шығады, ал егер біз батыс ғұндардың 468 ж. көзі жойылып кетіп, түріктердің халық ретінде 545 ж. еңсе көтергенін ескерсек, оңда олардың жедел көбейіп, пәлен буынның ауысып үлгіргеніне таң қалмасқа болмайды!
Екінші аңыз түріктердің жергілікті Со руынан және оны да қаншық қасқырдың көмегімен шығарады. Аңызға қарағанда, Со руының барша адамы «өздерінің есерлігінен қаза табады» (оның не екені айтылмаған), тек қаншық қасқырдың төрт немересі ғана тірі қалады. Олардың біріншісі аққуға айналады, екіншісі Цигу деген атпен Абу және Гякь өзендерінің арасына барып мекендейді, ал үшіншісі мен төртіншісі — оңтүстік Алтайдағы Чуса (Шу) өзені жағасына қоныстанады. Бұл аңызды Н. А. Аристов жақсылап түсіндіреді, ол аңыздағы Со руын солтүстік Алтайдағы Би өзені бойын мекендейтін күман тайпасының Со руымен салыстырады, бірінші немерені Қу-кісі Қу-кижи тайпасымен, екіншісін Абакан (Абу) және Екесаймен (Гэн — Кем) арасында тұратын қырғыздармен байланыстырады. Бірінші аңыздағы Әсенше үлкен ұлдың немересі. Қос аңыз келіп осы арада тоғысады46.
Қашқындар келіп шыққан Моңғол Алтайының сілемдерін Хұннан тарап, түрік тілінде сөйлейтін тайпалар мекендейді екен. Кінәз Ашиннің нөкерлері осындағы байырғы жұртқа сіңісіп кетеді де, оларға «түрік» яки «түркіт» деген ат береді.
Біздің тақырыбымыз үшін осы бір сөз тағдырының танымалы да маңызды екені сондай, оған айрықша назар аудару керек. 1500 жыл ішінде «Үрік» сөзі өз мәнін бірнеше рет өзгертеді. Жоғарыда көргеніміз дейін, V ғ. кінәз Ашиннің айналасында топталған орда, сосын VI—VIII ғғ. түрікше сөйлеген шағын халық түріктер деп аталған. Ал бірақ Осы тілде сөйлеген көрші халықтар мүлде түріктер деп аталмаған. Орта және Орталық Азияның барша көшпелілерін араптар, тілдеріне қарамастан, түріктер деп атап кеткен. Рашит-ад-Дин түріктер мен моңғолдарды, шамасы тіліне қараса керек, айыра бастаған, ал кәзіргі заманда «түрік»— тек лингвистикалық ұғым, мұнда этнография да, тіпті шыққан тегі де есептелмейді, өйткені кейбір түріктілдес халықтар түрік тілін көршілерімен аралас-құралас жүріп игерген. Терминді қолдануда осындай алауыздық бар екен, ендеше оны анықтап, нақтылай түсу қажет. Кітабымызда тарихы сипатталып отырған халықты, шатасып кетпес үшін, біз оларды VI ғ. жужандар мен қытайлар секілді түркіттер47 деп атаймыз.
Ашин атыменен бас қосқан сол бір «бес жүз шаңырақ» қайдан шықса — содан шықсын, бәрібір олар әскери тұрмыс шырғалаңы Қытайдан Алтайға иіріп әкелгенге дейін өзара моңғол тілінде сөйлескен. Алайда түріктілді орта жүз жыл болғаннан кейін, әлбетте, олардың сөйлеу тілі тез өзгеруі керекті, өйткені «бес жүз шаңырақ» моңғол, түрік теңізіндегі бір тамшыдай ғана болатын. VI ғ. орта кезінде Ашин руының халайығы мен оның серіктері біржолата түріктеніп, моңғол тілінің нышанын тек өздері ала келген атақтарында ғана сақтап қалған деп ойлауға болады.
Жоғарыда баяндалған жәйттен көрінетін бір нәрсе, түріктілділігі және өздерін «түрік-түркіт» деп атаған халықтың шығуы мүлде әр алуан құбылыстар. Бүгінгі таңда түрік тілі деп аталып келген тілдер хадым замандарда қалыптасқан; ал «түркіттер» халқы, Алтай мен оның бектерлеріне тән орманды-дала ландшафты жағдайындағы этникалық араласу нәтижесінде V ғ. аяғыңда пайда болған. Келгіншілердің жергілікті халықпен біртуғандай ұласып кеткені сондай, арада жүз жыл өткеннен кейін, 546 ж. олар көне түрік немесе түркіттер деп аталатын тұтас бір халық болып шыға келеді.
Ал бұ кездері түрік тілі орта Алтайдан бастап, сонау қиыр Батысқа, ғұздар, қаңлылар немесе печенегтер, ежелгі болгарлар мен ғұндар тұрып жатқан елдер арасына кең жайылып кеткен еді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *