Эфталиттерді талқандау (Л. Гумилев)

Эфталиттерді талқандау. Сасанидтер Иранының шығыстық саясаты жеткілікті зерттелмеген, бірақ бастаухатта сақталған үзік-созық мәліметтердің өзі оның икемді де көреген саясат болғанына зерттеушілердің көзін жеткізеді. Мәселенки, Терістік-Батыс Қытайдың күшейіп шыға келгенін Иран бірден байқайды да, іле-шала 555 ж. Чаньанға парсы елшілігі келеді. Осымен бір мерзімде елшілер түріктерге де жөнелтіледі (ол әрине ертерек келеді), олар одақ құрып, оны шахтың Істеми ханның қызына некелесумен бекітеді95.
Эфталиттер одақтасы — жужандарды жоғалтқаннан кейін мазасызданып, 553 ж. Қытаймен қарым-қатынас орнатуға тырысады, бірақ Батыс Вэй империясының билеушісі Юйвынь Тай түркіттермен одақтас болатын, сол себепті де эфталиттер ынтасына онша ықылас білдірмесе керек. Тіпті эфталиттердің өз арасында ауызбірлік болмаған. Катулф атты бекзада Гатфар патшаны соғысқа жібергісі келмейді, бірақ патша намысына тигесін, өз руластарын тастап, парсы шахына96 қашып кетеді.
Белсенді соғыс әрекеттері 560 ж., Гатфардың өзі арандатуға кіріскесін, басталып кетеді. Қағанның шахиншахпен жасаған қарым-қатынасынан секемденген патша, олардың жақындасуына кедергі жасау үшін қолынан келгеннің бәрін жасамақ болады. Соғдия арқылы кетіп бара жатқан елшілер, қашып құтылып, осынау қайғылы хабарды Істеми ханға жеткізген салтанттыдан басқасы — түгелдей бауыздалады. Енді соғыс болмай қалмайтын еді. Істеми қол астындағы күллі әскерін жинайды, олардың арасында бұған дейін эфталиттердің боданы болып келген хотандықтар да бартұғын. Хосрой Ануширван одақтасының алдын алып, 562 ж. эфталиттерді бірінші. рет жеңіп шығады, бірақ соғыс бұнымен аяқталмайды.
Түркіттердің алдыңғы легінің құрбандығына Шаш (Ташкент) шалынып, түркіттер қала тұрғындарын қырып салады. Сосын түркіттердің басты күші Шыршық өзенінен көктей өтіп, Маймуртте әскерінің алдыңғы тобымен қосылады. Эфталиттер Бұқара төңірегінде топтасады, бірақ ғажайып түрік атты керінің жазық жердегі артықшылығын ескерген Гатфар, соғысты құба жонда бастамай, тау арасына шегініп кетеді де, Несеф (Қаршы) маңында бастайды.
Фирдоусидің сөзіне жүгінсек, соғдылар түркіттер шабуылдап келе жатқанда зар еңіреп жыласа да, эфталиттер үшін соғысқысы келмейді. Несеф қасындағы соғыс сегіз күнге созылады, ақырында эфталиттердің күл-талқан болуымен бітеді (565 ж.). Аман қалғандар бас қосып, эфталит мемлекетінің дербес дәурені өткенін түсініп, Гатфарды тақтан құлатады да, Шағаннан бегі Фагоништі патша етіп сайлайды, оған Хосрой Ануширванға бағынуды міндеттейді, олардың пікірінше, енді түркіттерге тек сол ғана қарсы тұра алады.
Хосрой бір мезгілде қағанның хатын және Фагоништің бағынатыны жайлы ұсынысын алғанымен, екеуіне де жауап қайтармайды. Бекзаттардың батыс шекараны жалаңаш қалдырудан, қауыптенген жерлеріне қарамастан, ол күллі әскерін бастап, Хорасанға97 аттанады.
Ортақ жауы күйрегенсін, одақтастар өзара жау болып алады. Қағанат пен Иран арасындағы осы кезге дейін ортақ жауды жеңу қажеттігі өршіп келген алауыздықтар енді айқындала түскенде, олар ымыраға келмейтін терең де қатал алауыздық болып шығады. Бірақ біз оны талдауға келесі тарауды арнаймыз, ал кәзір эфталиттерге қайта ораламыз.
Қару-жарақ күшімен, рақымсыз қаталдықпен Орта Азияда басшылық еткен эфталиттер өздері жаулап алған елдерге жақсы көріне алмаған еді.
Орта Азия үшін VI ғасыр экономикалық және мәдени өрлеу дәуірі болады. Қалалар өсіп, байи береді, ет шаруашылығы, қол өнері мен сауда-саттық өркендеп, гүлдене түседі. Со заманда соғдылар нағыз тәжрибелі және епті көпес-делдалдар қызметін атқарады. Олар ежелгі керуен жолын пайдаланып, Қытай мен Жерорта теңізі арасында тиянақты байланыс орнатады. Бірақ сауда-саттыққа жужандардың қанталапай қарақшылығы, эфталиттердің ұдайы көршілерімен үздіксіз жүргізген соғыстары кесірін тигізеді. Түркіттер Соғдиана мен даланы біріктіріп жібереді де, сауда-саттық үшін кереметтей қолайлы жағдай тудырады, сол себепті де соғды көпестері түркіт хандарының адал бодандарына айналады. Сөйтіп Орта Азия қағанаттың тұтас бөлшегіне айналады. Осы жағдай эфталиттердің кек алуға деген жолын кесіп тастайды да, туған тауларында тұйықталып қала беруге мәжбүр етеді, олардың жұрағаттары осы біздің заманға дейін жеткен98.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *