ШЫҢЫРАУДАН ШЫҚҚАН ШЫНДЫҚ (Қ. Сақ)

ШЫҢЫРАУДАН ШЫҚҚАН ШЫНДЫҚ

Бүгінде ғой, əйгілі Қазан төңкерісіне дейін бес жыл бойы үздіксіз жарық көріп, халқының шын мəніндегі қамқоршысы бола білген, сол кездегі қоғамдық өмірдің айнасы іспетті «Қазақ» газеті туралы сөз айту онша қиынға түспей тұрғаны. Ал осыдан отыз-қырық жыл бұрын ол жөнінде сыр ақтармақ түгілі, атын атаудың өзі оңай болмағанын алдыңғы буын болмаса, кейінгі жас қайдан білсін? ХХ ғасырдың 50-жылдары қаралы жеке басқа табыну зұлматының екінші кезеңі болып тарих сахнасының төрінен орын иемденгені белгілі. Жай халықты айтпағанда, атағы берісі алты Алашқа, əрісі əлемге əйгілі деп жүрген атанжілік азаматтарымыздың өзі жөнсізден-жөнсіз қуғын-сүргінге ұшырап, зəбір-жапа шеккені сол аласапыран заман ызғарын көз алдыңызға елестеткендей болмай ма?
Осындай шаш ал десе, бас алатын уақытта басты бəйгеге тігіп, халық қамына қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермегендігі баршамызға аян. Сөйтсе де, көп ішінде бір құла демекші, ел арасынан шыққан, жұрт мақсаты үшін қиындығына көніп, ауыртпалығын мойнымен көтеруге белді бекем буған азаматтар да кездеспей қалмайды. Егер соның бірі қазақтың қарапайым ғана қаракөз қызы болса, оған қалай қайран қалмассыз.
Иə, дəл солай. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Үшкүлтай Сұбханбердіқызы ол кезде Қазақ КСР Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасында жəй ғана библиограф болып қызмет істейді екен. Сөз орайы келгенде айта кеткеннің артықтығы болмас, қолдағы алтынды бағалай білмейтін халық емеспіз бе, ғалымның елге сіңірген есепсіз еңбегінің қадірін əлі күнге бағалай алмай жүргеніміз соның бір көрінісі демеске амалымыз жоқ. Əйтпесе, еңбегіне сай атақ алмай, қызметі де сол күйінде қалып келе жатуын немен түсіндіруге болады? «Ештен де кеш жақсы» демекші, бəлкім бұл олқылықтың орны бүгінгі тəуелсіздік тұсында толтырылар. Ол пайғамбар жасындағы ғалым үшін емес, оның жолын қуған кейінгі жас буын үшін үлгі болар еді. «50-жылдары алғашқы басылымдардың библиографиясын дайындап жүргенімде «Қазақ» жариялаған материалдарды да қоса жинаған едім. Əрине, ол кезде бұл басылымның бағы ашылады деп ойлаған емеспін, олай ойлаудың өзі қылмыспен бара-бар уақыт-тұғын», – деп есіне алады сол бір аласапыран кезең туралы библиограф-ғалым газетіміздің алғашқы санында жарияланған естелігінде. Осыған қарап, Ү.Сұбханбердіқызының «Қазақтың» жуық арада ақтала қоймайтынын біле тұрып, оған соншама уақытын бөлуіне не себеп болды екен деген ойға қаламыз. Сөйтсек, оның сыры да жоқ емес екен. Бұл басылымның қазақ баспасөзі тарихында орны ерекше екенін енді біле бастадық. Жас ғалымды отпен ойнауға жетелеген бірінші себеп осы болса, екіншіден, отызыншы жылдары жазықсыз жазаға ұшыраған Алаш азаматтарының бірінің перзенті болғаны əсер етсе керек. Өзінің айтуынша, əкесі Сұбханберді мұғалімдік қызметпен қоса қазақ баспасөзі тарихын зерттеумен де айналысқан екен. Кейіннен əдеттегідей «халық жаулары» қатарында айыпталып, жазаға тартылған уақытта артында қалған мол мұрасы, оның ішінде Қазан төңкерісіне дейін шыққан қазақ басылымдарының тігінділері де бар, өртелініпті. Соны көзден кешірген қаршадай қыз бертініректе сол мұраны қайта қалпына келтіріп, əке жолын жалғастыруға, оның аманатын ақтауға бүкіл ғұмырын арнапты.
Бұл жолда алған асулары да аз емес. Оған библиографғалымның 1961 жылы «Айқап» журналының бетіндегі мақалалар мен хат-хабарлар», 1963 жылы «Қазақтың революциядан бұрынғы мерзімдік баспасөзіндегі материалдар», 1986 жылы «Қазақ кітаптары», 1989 жылы «Дала уалаяты» газеті: «Əдеби нұсқалар» атты жарық көрген библиографиялық көрсеткіштері куə. Бұл дүниелердің қайқайсысы да бір кісінің бүкіл ғұмырына татырлық, халқымыздың ғасырлар бойғы рухани азығына айналар құнды қазына екеніне ешкім дауласа қоймас. Сөйтсе де, ғалым апамыз шаршап-шалдығуды білмей, бір мезгіл демалыс дегенді ұмытып, қолға алған ісін екі есе жігермен жалғастырумен келеді. «Дала уалаяты» газетінің екінші, үшінші томын жарыққа шығарып, төртінші томын баспаға əзірлеп үлгерген библиографтың тағы бір үлкен шаруаның тізгінін ұстап отыруы соның дəлелі. Қайтсін, жиі-жиі жанын мазалап, көңіл түкпірінде жүрген мəселенің пісуі жеткен уақытты ұтқызып алмауға асығады да. Оның сыры да түсінікті. Сонау елуінші жылдары қолмен көшіріп алып, көзінің қарашығындай сақтап келген «Қазақ» газетінде жарияланған материалдар библиографиясын халқымен қайта қауыштыру о бастағы асыл арманы емес пе еді? Кеш те болса соған мүмкіндік туып жатса, оған қалай асықпасын. Оның үстіне, бұл еңбегі осы күнге дейін жарияланып үлгерген дүниелерінің шоқтығы боларына күмəні жоқ. Ол рас та. Өйткені, бұл басылым болашақта қазақ рухани мұрасының төрінен орын иемденетініне Үшкүлтай апай атар таңдай, шығар күндей кəміл сенеді.
Міне, қолымызға тиіп отырған «Қазақ» газеті библиографиялық көрсеткішінің тарихы осылай болып келеді. Бұл еңбек тасада қалған бай мұрамызды игеруге жасалынған алғашқы қадам екендігімен де құнды. Сонысымен де «Ғылым» баспасы басып шығарған кітапты жыртығымызды жамап, жоғымызды бүтіндеп тұрған қымбат қазына деп бағалауымызға əбден болады. Оның үстіне, кітап өз ісінің шебері, кəнігі библиографтың қолынан өткенін ескерсек, құнының еселей артарына күмəніміз қалмайды. Əсіресе, көрсеткіштің ірілі-ұсақты 18 тармаққа таратылып түзілуі көңілімізден шыққандығын жасыра алмаймыз. Осылай ету арқылы библиограф газетке жарияланған материалдарды орналастырудың тиімді жолын игерген. Тақырып-тақырыпқа бөлінген туындылар əрі оқырман қызығушылығын арттырса, əрі уақыттарын тиімді пайдалануларына септігін тигізеді. Оған бір ғана «Самодержавияның аграрлық саясаты жəне қоныс аудару қозғалысы» атты тақырыпты тілге тиек ету арқылы көз жеткізу қиынға түспейді. Бұл тақырып осы күнге дейін тарихымызда орны ақтаңдақ болып келе жатқан мəселелердің бірі екендігі белгілі. Ендігі жерде олқылықтан арылуды ойласақ, Қазан төңкерісіне дейін жарық көрген газет-журналдардың шоқтығы – «Қазақ» басылымына да көз жүгіртеріміз даусыз. Сонда көрсеткіштің осы тақырыппен берілген мақалалары көзімізге оттай басылып, оңай жерден олжаға кенелгендей күй кешеріміз хақ.
Кітаптың екінші бір құнды жері – жарияланған материалдардың тақырыптарымен қоса қысқаша мазмұнына түсініктеме берілуі. Бұл библиографтың кітапты баспаға дайындамас бұрын көп ізденіп, жалықпай еңбектенгендігін көрсетеді. Əр материалды көз майын тауыса оқып шығып, мазмұнын қағазға түсіру айтуға жеңіл болып көрінгенмен де, анығында ауыр жұмыс екенін онымен шұғылданған кісі жақсы біледі. Ал тақырыбы белгілі туындыны іздеп тауып, қажетке жарату көп қиыншылыққа түспейтіні белгілі. Сол себепті библиографиялық көрсеткіш көмегімен ойға алған ісін орындауға көңілі ауған оқырманның кітап авторына алғыстан басқа айтары болмасына шүбəміз жоқ.
Кітапта «Қазақпен» қатарласа жарық көрген «Алаш», «Сарыарқа» газеттерінде жарияланған материалдардың да библиографиялық көрсеткіші қоса берілген. Бұл басылымдардың да осы күнге дейін дұрыс зерттеу көрмей, көпшілік қауымға беймəлім болып келе жатқаны белгілі. Осыны жандүниесімен түсініп, олқылықтың орнын толтыруды ниет еткен ғалым еңбегін қалай бағаласақ та жарасады. Мұны шаң басқан архивтерде саусақтың ізі түспей, көмулі жатқан қымбат қазыналарды игеріп, халқына қайта қайтаруды өмірлік мұратына айналдырған библиографтың құнды дүниесі деп білеміз. Бір əттеген-айы, үш басылымды жалғыз кітапқа тоқайластырмай, бөлек-бөлек басып шығарған орынды болар ма еді деп ойлаймыз. Аталмыш газеттердің қай-қайсысының да оның жүгін көтеретінін айтып жату артық болар. Бұл оқырманға əрі оңай, əрі түсінікті тиер еді.
Мұны бүгінгі нарық қыспағынан өкпесі тарылып, күн көрісі қиындап отырған баспа орындарының амалсыздықтан тапқан жолы деп түсінеміз. Қағаз, қаржы тапшылығы артып, күнкөріс қымбатқа түсіп отырған уақытта кітап шығарудың өзі ерлікпен пара-пар екені белгілі. Сол себепті де мұны кемшілікке санамаймыз.
Тұтастай алғанда, Қазан төңкерісіне дейін араб емлесінде жарық көрген қазақ жазба нұсқаларын жинап-теріп жариялауға, оларды зерттеп, халқына танытуға бүкіл саналы өмірін арнап жүрген библиограф-ғалым Үшкүлтай Сұбханбердіқызының тағы бір құнды туындысы дүниеге келді деп ұялмай айтуымызға əбден болады.
«Қазақ» газеті, 1993 жылдың сəуірі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *