ШЫҒЫС ҚАҒАНАТЫ (Л. Гумилев)

ШЫҒЫС ҚАҒАНАТЫ
XIV тарау
Чулохан. 609 жыл Қытай үшін де, Шығыс түрік қағанаты үшін де дағдарыс пен бетбұрыс жылы болады. Тап сол кезде күштердің ара салмағы және табғаштар мен түркіттердің қақтығыспай қалмайтыны анықталады. Шын мәнісіне келсек, Шибірханның Қытай жөніндегі саясаты тайыз да шолақ саясаттұғын. Түркіттердің өзі сияқты, шеттерінен жаужүрек те қажырлы келетін шекара бойындағы Табғаш помещиктері, байырғы қытайлардан өткен қауыпты жау болып шығады, сол себепті де тәж-таққа Чулохан лауазымын алып, ие болған Шибірханның інісі мұны бірден байқап, өзінен бұрынғы ханның жаңылыс басқан жерлерін асығыс жөндеуге кіріседі. Атасы қойған алаяқ авантюристер Лян Ши-ду мен Лю У-чжоуды қолдай отырып, ол сонымен бірге өзін Суй үйінің қорғаушысымын деп жариялап, қытай «патриоттары» Цзинчэн-гуанның (Лянның теріскейінде) билеушісі Ван Шичунмен және Хэбэй мен Шаньдунның шекаралық ауданы — Хэнанды өз қолында ұстап тұрған Доу Гянь-дэмен қатынас жасайды. Тан императоры табан тіреген заң негізін жою үшін, Чулохан өзін Суй әулетін қалпына келтірудің жақтасы екенін жария етеді, император әйеліне баспана тауып беріп, тақтан үміткер кінәз Ян Чжан-даоның «ван» лауазымын таниды. Суй әулетінің жақтастары аз емес екен, солардың көбі Түркіт ханына қашып барады да, ұзамай эмигранттық үкімет құрады, оның тұрағы Шансидегі Датунфу маңында, Динсян қаласында болады. Осымен бір мерзімде 2 мың түркіттің қолдауымен Лю У-чжоу жорыққа шығады. Тан империясы қысқаш арасына алынады.
Чулоханның құлатылған әулетті қолдау жағына бейімделгені шекара бойындағы үміткерлерді алаңдатпай тұра алмайды, оларға Танның жеңісі сияқты, Суйдің жеңісі де тек ажал әкелетін. Сол себепті де олар түркіт ханының өкіметін мойындап, аман қалғанына қуанады. Әскербасы Лян Шиду өзінің лепірме лауазымын ұмытып, 620 ж. басында Чулоханға мынадай ұсыныс жасап хат жазады: Чуньанда бүлік туып жатырдағы, ел бірнеше патшалыққа бөлінеді. Бәрінің жағдайы бірдей, күштері аз, сол себепті де бәрі тунз-үйлерге (түркіттерге) бағынады. Кәзір Тан үйі бүкіл империяны бағындырып алды. Өз басым өлемін деп қорықпаймын, бірақ кезек сізге де келе ме деп қорқамын. Одан да ол таққа бекініп алып, түскейдегі Чжунюанді алғанша, қимылдағаныңыз жақсы, ал мен жол көрсетуші. болуға уәде беремін». Чулохан оның пікірін қабылдап, «Ұлы армияны» жинайды, онысы сонда тек небәрі 2 мың атты әскерден тұрады. Бұл әскер солтүстік Шаньсиге басып кірген Лю У-чжоуды демеу үшін, Чулоханның інісі Бөрішадтың басшылығымен жіберіледі.
Әдепкі кезде одақтастардың жолы болады, облыстың Тан қойған билеушісі «оларды тоқтата алмайды. Бірақ сол сәтте табғаштың қаһармандығы мен ханзада Ли Шиминнің әскери таланты анық көрінеді. Түркіттердің көмегімен Ли У-чжоу Бинчжоуды алып үлгіреді, сонымен оның табысы тас тиылып қалады. Түркіттер Цзиньян қаласының бүкіл жас әйелдерін сыпырып алып, құба түзге шегініп кетеді.
Одақтастары тастап кеткен Лю У-чжоуды 620 ж. Ли Шиминнің табғаштары тас-талқан етіп жеңеді де, ол түркіттерге бассауғалап қашып барады, бірақ аналар онымен істес болуды абыройға мін санап, оның көзін жояды. Енді бұлар «Заңды өкіметтің қорғаушысы» болып алады, ендеше қылмысты кәззаппен байланысу бойға сын.
Сосын Ли Ши-минь Ван Ши-чунға қарсы аттанып, оны да күйретеді. Ван Ши-чунге көмек бермекші болып, Доу Гянь-дэ келеді, сөйтіп, 621 ж. Лоянның айналасында жанталасқан ұрыс болады, екі қолбасшының да әскері талқандалып, өздері тұтқынға алынады. Бірақ Чулохан өз үмітінің күйрегенін көрмейді. Ол 620 ж. түсініксіз жағдайда қайтыс болады. Балгерлердің сәтсіздікке ұшырайсың деп ескерткеніне қарамастан, Суй үйіне көмек беруді жария етісімен, аспаннан «қанды жаңбыр жауады», түнемелікте бір «тылсым айқай-қиқу» шығады да, хан ойламаған жерден ауырып, Суй ханшасының ем-домына қарамастан үзіліп кетеді.
Сонда не болған? Улап өлтіру мүмкін емес, өйткені хан Суйді жақтаушылардың ең таңдаулы досытұғын. Әсілі, кеселге себеп болған нәрсе — жүйкенің қатты талықсуы болса керек, оның дәйекті себептері де болған. Солтүстік пен батыс жақта аса қатерлі тосын шиеленістер туады.
Ұйғырлар. Ұлан шөл Гобидің теріскей бетінде көшіп-қонып жүретін теле тайпалары шығыс түрік қағанаты бодандарының көпшілігін құрайтын. Олардың жалпы санын қытайлар, әрине шартты түрде, 100 мың адам, таңдаулы 15 мың сарбаз — деп анықтайды екен. Соңғы сипыры рас, ал VII ғ. ауқымымен қарасақ, көбірек те.
Телелердің бытыраңқылығын пайдаланып, түркіттер оларға ауыр алым-салық салып, күшпен әскер қатарына алып отырған. Шибірхан оның қыбын тауып, реттеп отырған, ал бірақ Чулоханның тұсында ұйғыр, бұты, тонгра және байырқу тайпалары бірлесіп, Яглакар (Иологэ) тұқымының бастауымен көтеріліске шығады, кейін ол ұйғыр қағанатының басында тұрады. Түркіттер үшін бұл қайта жөнге келмейтін күйзелісті. Олардың Қытайға жасайтын қысымы әлсірейді де, жаңа туған Тан империясы біраз тыныс алады. Қытайдың елшілік қызметі көтерілісті әзірлеуге қатысты ма — қатыспады ма — беймәлім. Бұл әрекетте оның кінәлі болмауы да мүмкін. Бірақ, мұның бәрібір, түркіттердің қолы кенет байланады да қалады, ол Чулоханның мұрагері, оның інісі Кат Елхан Тугбир өз ордасын Хангайға көшіруге мәжбүр болады, өйткені шығыстағы дала көтерілісшілер билігінде қалады». Көтерілген тайпалар орда құрмайды, монархиядан гөрі республикаға жақын тайпалар одағын құрайды. Бас болып жүрген Яглакар руымен қосарландырып, «халық тағы Шигян-сығинды өздерінің алдияры деп жариялайды», содан кейін тап осындай жолмен өкімет оның ұлы Пусаның қолына тапсырылады, әкесі Пусаны жек көргендіктен оны өзінен алыстатып қойған екен. Бірақ Пуса «батыр да ақылды», аң аулауда алдына жан салмайтын, жауларына дес бермейтін жігіт болады, сол себепті де «Пусаны құрметтейтін туған-туысқандары оны алдияр етіп көтереді». Бұл әлгі түркіттердің еншілік-таспиқтық жүйесінде айтылған мұрагерлік принципінен алыс жатыр ғой! Мұның үстіне «алдияр» сөзі бастаухат контексінде қолында өкіметі бар кісінің шартты белгісіндей ғана болып көрінеді, «қаған» терминіне мүлде сәйкес келмейді. Төменде Пусаның ізбасары тек «хойкус басы» деп қана аталады, бұл, тегі, оның шын жағдайын көрсететін болса керек.
Хош, сонымен біз ұйғыр бірлестігін түркіт еліне ұқсас нәрсе емес, тайпалар одағы деп қарауымыз керек те, түркіттер мен ұйғырлардың бұдан былайғы күресін тікелей қарама-қарсы бағытта дамитын екі жүйенің қақтығысы деп түсіндіруіміз керек.
Түркіттер мен қырғыздар бір тілде сөйлеген «от пен судың молдығына қарай», екеуі де мал-жаны аралас бірге көшіп-қонып жүрген, бірақ олардың ұқсастығы осымен бітеді. Қалған нәрсенің бәрінде де олар бір-бірінен сәл-пәл өзгеше болған, алайда осы «сәл-пәл» нәрсе олардың бір халық болып қосылып кетуіне кедергі жасаған. Әлхисса, түркіттер сияқты, теле тайпаларының да арғы атасы қасқыр деген аңызы бар, бірақ түркіттер өздерін баладан ұрықтанған бөріден тарағанбыз деп есептейді, ал телелер өздерін арлан қасқырға тиген қыздан тарағанбыз деседі. Қатар айтылатын екі аңыздағы арғы бастау тектің еркек пен әйел болуы бір-біріне тікелей қарама-қарсы, мұның кездейсоқ болуы мүмкін емес, өйткені VI—VIII ғғ. дуалистік дүниетанымында жыныс символикасы шешуші принцип болған. Аспан — әке, Жер — ана болып есептелген, сол себепті де, түркіттер сияқты, Аспанды — адам немесе ұйғырлар сияқты, аң деп есептеудің бәрі бір нәрсе емес. Сырттай ұқсас болғанына қарамастан, аңыздардың қатар келуінің өзінде жорта жасалған қайшылық бар. Әсілі, бұл тегіннен-тегін нәрсе емес, өйткені палеоантропология олардың шыққан тегінің әртүрлі екенін дәлелдеп берген.
Түркіттер VI—VIII ғғ. күллі түрік тайпаларының ішіндегі ең моңғол тектісі болған. Грузиндер Тбилисиді қоршап алған түркіт қолбасшысын мазақтап, «Дәу асқабақты әкеліп, оның сыртына ғұндар патшасының суретін — ұзындығын — бір аршып, көлденеңін — бір аршын етіп салады; кірпігінің орнына бірнеше кесілген бұтақшалар бейнеленеді, бірақ оны ешкім де көре алмайды, ал иегін шыбын таятындай жалаңаш қалдырады; ал танауларының орнын да таңырайтып бос тастайды да, сұйық мұрт салады…» Бұл, әрине, жеке кісінің суреті емес, нәсілдік белгінің шарға айналған түрі еді, бір қызығы, бұлар кейін түріктердің тас мүсінді мен мүсіншілерінде қайталанатын болады.
Оның есесіне ұйғырлар өздерінің арғы аталары — жирен шашты дилер сияқты, европа тектес халық еді. Қытай суретінде ұйғыр доңмұрынды, бадырақ көз, жар қабақ, қалың мұрт-қабасақалды кісі болып бейнеленеді, Ұйғыр қорымдарын қазып зерттеу ісі осынау этникалық топтың европатектес халық екенін біржолата дәйектеп берді.
Екі халықтың психикалық құрылымы да ұқсас емес. Бұл екеуі де жауынгер халық болған, бірақ түркіттер өздерінің хандары мен тарқандарының соңынан тәртіп сақтап ере білген, ал телелер және оның ішінде ұйғырлар да, өз бостандығын жанқиярлық ерлікпен қорғай білген, бірақ іс басқаруды ұйымдастыруда қабылет-дарынын көрсете алмаған және жеңіске жеткеннен кейін, жаудың есін жинап, қайтадан қатар түзеуіне мүмкіндік беріп, әрқайсысы өз қонысына тарап кетісетін болған. Кат Елханның, олардың бөлініп кететінін көпке дейін көзіне де ілмей, Тан әулетіне қарсы соғысты жүргізе бергені де тап осы жағдайға байланысты еді.
Екі бірлестік. Қағанаттың батыс шекарасындағы жағдай бәрінен де қауыпты сияқты еді, Түн-Жабғыхан шығыс түркіттерінің хас жауы болатын. Оның шығыстағы иеліктері бүкіл Жоңғарияны қамтитын, демек, шығыс пен батыс хандарының ордалары арасын тек Моңғол Алтайының қыраттары ғана бөліп тұратын. Бірақ Кат Елханның бақытына ма, әйтеуір, оның бас жауының қолы батыс пен шығыста байлаулы еді, өйткені 620 ж. таман құрлықтың Сары теңізінен бастап, Жерорта теңізіне дейінгі аралығын түгел қамтыған соғыстағы күштердің орналасуы біржолата белгілі болғанды, ал сол соғыстағы түркіттердің рөлі кейініректегі зерттеушілеріне ғана емес, түріктердің өздеріне де әбден анықталғанды.
Батыс түрік хандары үшін сыртқы саясаттың екі мәселесі шешілмей қалған: олар аварларды бағындырып, жібек керуендеріне Иранды бұзып-жарып жол салуы керектұғын. Бұл үшін оған өз күштері жетпейтін, ал осынау екі мәселе жөнінде де олардың табиғи одақтасы Византия еді, бірақ оны ол кезде парсылар тоқпақтап жатқан.
610 ж. Константинопольде үкімет ауысып, өкімет басына талантты қолбасшы Ираклий келсе де, Византия империясының жағдайы қыл үстіңде болатын. Оның европалық уәлаяттарында Иранмен одақтасқан аварлар қаптап кеткенді, ал 616 ж. Египеттен — Мысырдан айрылып қалғаны себепті астана нансыз қалған.
Парсылар мен аварлар Византияны қос өкпеден қысқан. Алайда император Ираклий, өзінің шығыстағы одақтасы Ли Ши-минь сияқты, ерен қолбасшы болып шығады. Оның жасырын тапсырмамен жіберілген адамдары құтырғырлар арасында аварлар билігіне қарсы наразылық туғызады, көп ұзамай мұны білген аварлар, ақшаға бола, 620 ж. Константинопольді қамауды тоқтатуға келісіп, Дунайдың арғы бетіне шегініп кетеді. Бұл өзі бір бәледен құтқарған астананы тастап, кіші азиядағы армияға барады да, оны парсыларға қарсы соғысқа бастайды.
Ираклийдің жоспары — парсылардың басып алған жерлерін өздеріне қалдыра тұрып, әуелі олардың тылын талқандап, сол арқылы парсыларды соғысты жалғастыру мүмкіндігінен айыру еді. Бұл соғысқа замандастары христиан діні жолындағы «крест жорығы» ретінде қарайды, өйткені парсылар Иерусалимнің қасиетті ғимараттарын қарамдаған еді. Алайда 624 ж. сәуірінде Армения арқылы Атропатендік» Ганзакка жасалған бірінші жорықты сәтті деуге болмайтын. Гректердің Двинді, Нахичеван мен Гандзакті талап, тоздырып кеткеніне қарамастан, бұлар шегініп бара жатқандай парсылардың оларды қыспаққа алғаны сондай, қолындағы тұтқындарының бәрінен айрылады да, тек Қаралағ тауларына жеткенде ғана өкшелеп келе жатқан парсылардан қара үзіп кетеді.
Одақтастар іздеу барысында Ираклий агван, ивер және армян кінәздарына хат жазып «өз еріктерімен мұны қарсы алып, қыс кезінде бұған өз әскерлерімен қызмет етулерін ұсынады, егер бұдан бас тартқан күнде ол бұларды мәжусилер деп санайды да, оның жасақтары бұлардың бекіністерін алып, ел-жұрттарын талап құлазытып кетеді «— дейді. Бірақ армяндар мен грузиндер парсы бұғауын грек бұғауына мүлде алмастырғысы келмейді, ал агван кінәздары болса, бекіністі сарайларына тарап-тарап кетеді де, қорғауға әл-дәрмені жетпегендіктен де, тамаша егіндіктері мен бау-бақшаларын Ираклийдің жалдамалы әскерлерінің еркін талап-тонауына тастай салады.
624 ж. көктемінде парсының үш армиясы Ираклийді қоршап алады, бірақ ол қоршауды бұзып өтіп, «адам аяғы баспаған жерге таржол-тайғақ кешумен» шегініп барып, Нахичеван жазығынан шығады. Парсылар шегінген гректерді өкшелеп, соңынан қалмайды, сол кезде лаздар мен абазғылар Византия қолын тастай қашады. Соған қарамастан Ираклий парсыларды тағы бір рет жеңеді де, Киликияға, содан кейін Севастияға шегінеді.
Соғыс науқаны аяқталады. Шын мәнісінде бұл шегініп бара жатқан армияның қатарынан үздіксіз жеңіске жетуінің жолы еді. Артында базасы мен жабдықтау қоры жоқ армияны алуан түрлі айла-амалмен алып шығуы — Ираклийдің ұлы қолбасшы және саясатшы екенін білдіреді. Монсей Каланкатуйский «Агвандар тарихы» атты таңғажайып кітабында бұл жорықтың нәтижесіне әділ де терең баға береді. «Парсы қолы қатты жеңілсе де, қудалаушыға тойтарыс беріп, оны өз еліне қуып шығып, өздерінен күшпен тартып алынған қалаларға басып кіреді».
Шынында да Ираклийдің шабуылы тұншығып, тоқтап қалады, бірақ ең қатерлісі ол күшті жау алдында жалғыз қалады. Кавказдың күнгей бетіндегі христиандар — тек монофишттер ғана емес, халкедониттер де — парсы өктемдігімен ымыраласып кеткенді, сондықтан да олар православиялық императорға ешбір көмек көрсетпегені былай тұрсын, қайта, тікелей қарсы тұрады, мәселен, Картлидің патшасы Стефан сияқты.
Ал бұл екі ортада аварлар жағдайын жөндеп алып, парсылармен бірге қайтадан Константинопольге шабуыл жасауға әзірленіп жатады. Византия монархының енді мүдіретін халі жоқтұғын; ол қайткен күнде де одақтас табуы керек еді, ол оны табады да.
625 ж. Ираклий Андрей атты біреуді, «ақылды да айлакер еркекті қазынаға кенелтемін деп уәде беріп», хазарларға жібереді, ондағы Жебу — қаған атты солтүстік ханының уәлиі, сол патшалықтағы екінші кісі… елгезектеніп былай деп жауап береді:—»Мен оның (Ираклийдің) жауларынан кек алуға аттанамын, ер жүрек сарбаздарымды бастап, өзім көмекке барамын әлі, оның қалауы бойынша, өзімнің әскери әрекеттеріммен, қылыш-семсеріммен, садақ-жағыммен, оның жанына жағатын істерді атқарамын» — деп. Бұған жауап ретінде, мың салтаттының күзетуімен жіберілген елшілік, парсы тосқауылдарын бұзып өтіп, Ираклийдің қосынына жетіп, одақтасу шартын бекітеді. Келесі жылы, уәде бойынша, қалың жасақ Агвания мен Атрпатаканға шапқыншылық жасайды.
Осы уақыттан бастап Византия тарихшылары түркіттермен хазарларды бір халық деп санайды, әсілі хазарлардың Каспий өңіріндегі далада қағанаттың басты тірегі болғандықтан да олар солай ойлаған болуға тиіс.
Сөйтіп, Батыс түрік қағанаты Византия мен Иран арасындағы күреске барып килігеді, ол сонымен бірге Қытаймен достық қарым-қатынасын, демек, Шығыс түркіт қағанатымен жаулық қатынасын жалғастыра береді. Сөйтіп шынжыр тұйықталып қалады; екі орасан зор бірлестік жасалады: бір жағында — Қытай, Батыс түрік қағанаты мен Византия империясы, ал екінші жағында — Шығыс түрік қағанаты, Иран мен аварлар мемлекеті тұрады.
Осы арада мынадай сұрақ туады: осынау бірлестік шынында де елшілік келіссөздердің нәтижесі ме, әлде мемлекеттердің әскери қимыл-әрекеттерінің мезгілі сәйкес келіп қалғанының жемісі ме? 589 ж. хал-ақуал сияқты, мұнда да екі бірлестіктің барша мүшелері арасында белгілі бір байланыстың бар екені байқалады. Парсылар мен аварлар әскери одақпен өзара байлаулы тұғын. Византия Батыс түркіт қағанаты ханының уәлиімен одақтасып шарт жасасқанды. Батыс түрік хандары Шегуй мен Түн-жабғының Қытаймен — әуелі Суй, сосын Тан әулетімен — жасасқан одағы ресми түрде қытай күннамаларында жазылған. Византияның қытаймен және Иранның Шығыс түркіттерімен байланысы жөніндегі мәселе ғана ашық қалады. Мұндай байланыстың болғанын дәйектейтін құжаттар жоқ, бірақ бұл — reductio ad silentium, логикада жіберуге болмайтын нәрсе. Иран Қиыр Шығыспен бұған дейін де және кейін де қатынас жасап тұрған. Ендеше VII ғ. 20-шы жылдары Шығыс қағанаты мен Иран арасында елшілік байланыс болмаған дегеннен гөрі, болған деп жорамал жасау шындыққа әлдеқайда жақын. Бір қынжыларлық жәйт, араптар жаулап алған кезде Сасанидтер архивін құртып жіберген, ал қытайлар өз жауларының құпия елшілік қызметін білмей қалуы да мүмкін.
Византия мен Қытай арасындағы байланыс мәселелесіне келетін болсақ, Ираклийдің, Хосрой Парвиздің мұрагері Кавад Широемен оңаша бітім жасауын тек сол байланыстың бар екендігімен ғана түсіндіруге болады, осынау бітім шығыс түркіттерінің соңғы белсенділігімен біртүрлі түсініксіз түрде сәйкес келеді. Егер табысқа жететін болса, шығыс түркіттері батыс түркіттеріне бас салар еді, сөйтіп Ираклийді Иранға қарсы күрестегі жалғыз одақтасынан айырар еді. Сонымен бірге батыс түркіттерінің Әзірбайжандағы жеңімпаз қимыл-әрекеттері қытайлықтарға белгілі болған. Шамасы, Батыс пен Шығыс арасында мігірсіз қатынап жататын сопы көпестері өз одақтастарына соғыстың күллі бұрылыс-қалтарыстары жөнінде уақтылы хабарлап отырғанға ұқсайды.
Осынау соғыстың себептері мен қорғаушы күштері жөніндегі мәселеге келетін болсақ, бірінші бірлестіктің барша мүшелері — Византия, Қытай мен Батыс түркіт қағанатының керуен саудасын дамытуға мүдделі болғанын атап өту керек. Византия мен Қытайды алсақ, бұл қосымша дәлелсіз де айдай анық нәрсе. Ал, Батыс түркіт қағанатына келгенде мәселе қиындай түседі. Жоғарыда көрсеткеніміздей, онда екі партия немесе тайпалардың екі одағы күресіп жататын: экономикалық жағынан терістік түркіттерімен және Тұрфанмен байланысты солтүстік-шығыс көшпелілері — дулы, сол кезде оның жерінде құлатылған Суй әулетінің жақтастары бекініп алған еді, екіншісі — соғдының сауда-саттық жасайтын қалаларына бейім тұратын оңтүстік-батыс көшпелілері — нүшебилер болатын. Осы қалалардың мүдделері Қытай және Византиямен тығыз байланысып жатқандықтан да, нушебилер де қытайды өздеріне темірқазық етіп ұстайтын. Шегуй (611—618) мен Түн-Жабғы (618—630) хандар нушеби қойған адамдар болатын; олардың шығыс түркіттеріне қарсы Қытаймен, Иранға қарсы Византиямен тығыз одақтасуының көзі осында жатыр.
Сонымен, бірінші бірлестіктің жеке, жергілікті мақсат-мүддеге қоса, Европа мен Қытай арасында еркін де қауыпсыз сауда-саттық жасауды тиянақтау жөнінде жалпы ұмтылысы, ынта-ықыласы болған деп болжау айтсақ қатеге ұрынбаймыз.
Екінші бірлестіктің мақсаты әртүрлі болған. Аварлар бәрінен бұрын талап-тонауды көксеген. Иранның Византияда баяғыда кеткен есесі бартұғын. Қытайда күшті-жігерлі өкімет келіп орнаса, ол шығыс түркіттердің саяси және экономикалық дербестігін жойып жіберу қаупын тудыратын. Мұны Суй әулеті қайратына мініп тұрған, бұдан бұрынғы кезең анық көрсеткен еді. Сондықтанда түркіт хандары Қытайда пайда болған барша көтерілістер мен жанжалдарды қолынан келгенінше қолдап-қостап отыратындағы, Қытайдан келген мыңдаған саяси эмигранттарға баспана тауып беретін. Қытай көтерілісшілерінен басқа Кат Елханның тағы да екі одақтасы болатын.
Шығыстағы қидандар мен татаптар (хи) тайпалары ұйғырлар жолымен жүрмей, қағанатқа адалдығын сақтап қалған еді. VII ғ. 20-шы жылдары олар төлестің бір бұтағын құратын және олар Шибірханның ұлы, тәж-тақтың мұрагері Шибобидің жеке басқаруымен тірлік етіп жатқанды. Тан әулетімен жауығушылар ішінде қидандар да анық бартұғын, ал татаптар оған қоса тәж-тақтан үміткерлердің бірі Гао Кай-даомен одақтасып, онымен бірге Қытай жеріне басып кіргенді.
615 ж. Суй әулеті құлаған кезде азат болып шыққан Тогондар шығыс түркіттердің екінші одақтасына айналады. Әуелде тогон патшасы Фуюнь Тан үміткеріне көмек берген. Бірақ анау бұған аманатта қалған адамдарды қайтарып бергеннен кейін, Фуюнь оның жаулары жағына шығып кетеді. Тегі, бұл арада нәзік саяси есеп ешбір роль атқармаған, шын рөлді атқарған қытайдан да, олардың одақтасы — батыс түркіттерден де жәбір-жапа шегіп, енді солардан кегін қайтаруға ұмтылған тоғон халқы қалың бұқарасының көңіл күйі болса керек. Тоғондардың күші мардымсыз, бірақ майдан шебінің батысқа қарай ұзара түскені табғаштар күшін шашыратып, терістік шекараны әлсіретіп тастағанды, сөйтіп ол түркіттердің шабуыл жасауына ашылып қалғанды. Сол себепті де тоғондар түркіттер үшін бағалы одақтас болатын.
Шабуыл. Кат Елхан өзінің аға-інілері бықсытқан күрес-тартыстың үйреншікті шекаралық жанжал көлемінен асып кеткенін, тек қытай көтерілісшілерінің күшімен шектеліп қалу өзі үшін өліммен бірдей екенін кәміл түсінеді. Енді оны жеңіске жеткізетін жалғыз жол — бүкіл күш-қуатын жинап алып, шешуші соққы беру ғана болатын. Ал, оның күші молтұғын. «Ол өзінің әкесі мен атасы жиып-терген күшке сүйенетін және оның қисапсыз көн, айбынды атты әскері бар еді».
Соғысты бастау үшін сол бір сәт түріктерге өте тиімді болатын. 621 ж. Ли Ши-минь ең таңдаулы жасақтарымен Лоян түбінде Ван Ши-чун және Доу Гян-дегі әскерімен соғысып, қолы тимей жатқан.
Император Гаоцзу (Ли Юань) дүниеде тап осындай кезде түркіттермен тартысудан қорқатын, бірақ ең бір қырсық жолды таңдап алады. Ол Кат Елханға дос пейілмен СЮ мың тең жібек матасын жібереді. Хан мұны әлсіздік пен қорқақтықтың белгісі деп түсініп, Тан елшілерін зынданға салып тастайды. Бұған жауап ретінде Чаньандағылар екі түркіт бекзаты — Жақай мен Ашиде-Тегінді ұстап алып, түрмеге қамайды, сөйтіп түркіттердің соғыс бастауына дәлел тауып береді.
Түркіттер Шансиге дуылдатып кіріп барады да, Ман бекінісін алады. Табғаш әскерлері талқандалып, қолбасшылары тұтқынға алынады. Тан әскерінің Лоян түбіндегі жеңісі жағдайды жөндегендей болады, бірақ жеңілген қолдың офицерлері жаңа көсем етіп, Ли-Хэй-даны сайлайды да — мұны біз жоғарыда айтқанбыз — күресті жүргізе береді. Түркіттердің қолдауымен 622 ж. олар Шань-дүнге басып кіреді, ал бұл кезде түркіттердің негізгі күші Биньчжоуға барып, қыруар көп қолды байлап тастайды, соның нәтижесінде Лю Хэй-да шығыста табысын молайта түседі. Үкімет әскерінің түркіттерге қарсы шабуыл жасап, оларды Манден қуып шығу жөніндегі әрекеті сәтсіздікке ұшырайды, содан кейін түркіттер Яймынды басып алып, Фынч-жоу мен Лучжоу облыстарын талан-таражға салып, еркек-әйелі аралас 50 мың тұтқынды далаға айдап кетеді.
Тек күллі күш-қуатын толық жұмылдырғаннан кейін ғана Тан әскері түркіттер шабуылын әрең тоқтатады. Осымен қатар түркіт ханы бай тарту-таралғы алады, бұл оны бітімге келу жағына қарай бейімдейді. Нағыз зауалды қате осы еді. Түркіттер шабуыл қарқынынан айрылып қалады.
Үзілісті пайдаланып, мұрагер ханзада Лю Хэй-дага қарсы ақша-қаражатты аямай жұмсап, уәдеден-уәде беріп, қулық-сұмдықтың небір түрін қолданып, оның армиясын аздырады. Лю Хэй-да бұрылып үлгірмей жатып-ақ, оны ең бір сенімді деген серіктері тастап тайып тұрады, ал енді қалғандары оны ұстап алып, Тан ханзадасына апарып тапсырады. Лю Хэй-да 623 ж. 7 ақпанында дарға тартылады да, шығыстағы көтеріліс жанышталып тасталады.
Тап сол мерзімде Шэньсиге басып кірген тоғондар да жеңіліп қалады. Тан қолбасшысы соғыс жүріп жатқанда оларға қарсы бұрын болмаған бір тактикалық тәсілді қолданады: шайқас алаңына тақау жердегі төбе басына музыканттар мен бишілер шығып, ғажайып бір өнер көрсетеді. Тоғондар бұған қатты қызығып, мың бұралып билеп жүрген қытай сұлуларына аңырайысып қарап қалған кезде, қытай әскері олардың ту сыртына шығып, тосын шабуыл жасайды. Тұтқынға ешкім алынбайды. Содан тек астындағы аты жүйрік тоғондар ғана құтылып кетеді.
623 ж. күзінде түркіттер шапқыншылықты қайта бастайды, бірақ қажетті уақыт өтіп кеткен еді, соғыс әрекеттері алма-кезек жеңіспен жүріп жатады. Тек 624 ж. ғана түріктің қос ханы — Кат Елхан мен оның немере інісі, Төлестің ханы Шибоби — құлашты кең жазып, күллі майдан кеңістігінде ерен қимылға көшіп, «жұрттың бәрінің зәресін ұшырады». Оларға қарсы Ли Ши-минь мен оның інісі Ли Лун-ки бастаған екі корпус тұрған. Үйреншікті әдіспен жауды тоқтата алмайтынын білген Ли-Ши-минь самсаған саптың алдына текіректеп шығып, Кат Елханды жекпе-жекке шақырады. Анау күлімсіреп, жауап қатпайды. Сосын Ли Ши-минь Шибобиге тақап, шауып барып, оның атын тізгінінен ұстап, дауыстап былай дейді: «Бір кезде біз екеуміз одақтасып едік, егер кәзір сенің басыңа күн туса, мен саған көмектесуге әзірмін. Сен шынымен-ақ берген антыңды ұмытқансың ба? Осы сиқыңмен қанды соғыста жеңіске жете аласың ба?» Төлестер ханы ләм деп үн қатпайды, тек көмескі қалатын бір нәрсе, шынында да ол Ли Ши-миньмен астыртын байланыс жасаған ба, әлде бұл түркіт хандарын араздастырғысы келген Тан ханзадасының әдейі есеппен жасаған арандатуы ма, кім білген. Қайткен күнде де, оның бір сұмдықтың шетін шығарып кеткені рас.
Кат Елхан немере інісіне опасыздық жасады деп күдіктеніп, соғысқа кіріспей, әскерін кейін алып кетеді. Екі жақ уақытша бітімге келіп, келіссөздер де басталады, бірақ ол, әрине, нәтижесіз аяқталады. Сосын сылпылдап жаңбыр жауып, одан түркіттер садақтары дымқылданып, жұмсарып қалады да, хандардың шегінуіне тура келеді. Император мен оның жақын-жуықтарының қорыққаны сондай, астананы оңтүстікке көшірмекші болады, бірақ Ли Ши-минь осынау өзін өзі өлтірумен бірдей іске кедергі жасайды. Шекараны нығайту шаралары жүзеге асырылады, түркіттердің өзеннен көктей етуіне кедергі жасау үшін, Хуанхэде ескекті флот ұйымдастырылады. Сосын император елшілері батыс далаларына барып Түн-жабғы ханды Шығыс түріктеріне қарсы әскери одақ жасауға көндіреді.
Кат Елхан, тегі өзінің шегініп кеткенін баянды бітім жасауға себеп деп қараған тәрізді. Мұнан былайғы соғыстың оған мүлде қажеті жоқтұғын, өйткені 624 ж. аяғына таман табғаштар бүкіл Қытайға ие болған еді де, енді ел ішінде Тан үйіне қарсы шығатын ешбір күш қалмағанды. Хан сауда одағын жасасуға ұсыныс жасайды, оған император ризашылығын білдіреді, бірақ соңғының соғысқа жанталаса әзірленіп жатқанын байқағаннан кейін, ханның емексіген үміті тез сөнеді.
625 ж. түркіттер тағы да Шаньсиге басып кіреді. Олардың бір отряді талқандалғанымен, екінші бір отряді тамаша жеңіске жетеді. Әдетте, түркіттердің жортуылдары сәтті аяқталатын, ал бекіністерді қамауға алғанымен ешбір нәтиже шықпайтын. Соғыс тағдыры тек ашық шайқаста ғана шешілер еді, бірақ Қытай елі ішіндегі оқиғалар оның шешімін кейінге шегереді.
Қытайдағы төңкеріс. Атты әскер генералы болып жүргенде Ли Юань өзінің сарқылмас қайрат-жігерін, тапқырлығы мен батылдығын көрсеткен болатын. Бірақ император Гаоцзуге айналғаннан кейін, ол мойнына артылған қам-қарекет тасқынынан абдырап, сасып қалады. VII ғ. Қытай буырқанып жатқан. Оны жаулап алу азтұғын, енді оны тыныштандыру керек еді, ал Ли Юань оны жасай білмейтін. Жақсы қолбасшы болғанымен, ол алысты шолатын саясатшы еместі, сол себепті де жеңіске жеткеннен кейін, ол бөгет-кедергісі аз жолмен жүреді және оны осы жолға әртүрлі жай-жапсар мен өзінің бойкүйезденіп шаршағаны да шақырушы еді.
Суй әулетін қорғау жолына түскен, Гуаньлун тобы помещиктерінің бәрі бірдей қаза тапқан жоқ еді. Олардың көпшілігіне кешірім жасалынып, енді солар алғыс-рахметін айту үшін сарайға келгіштей бастаған. Олардың Чаньанда өзгеше бір жаңа жағдай тудырғаны сондай, Гаоцзу солармен жақындасып, демеу-жебеуін қабылдай бастайды. Олардың есіл-дерті — Суй дәуірінің тәртібін қалпына келтіруге барып салып, яғни сарайда император әулетінің қайғы-мұңсыз өмір сүруіне жағдай жасап, адалдығы ешбір күмән тудырмайтын конфуцийшіл-шенеуніктерге басқару ісін сеніп тапсырып қою, сөйтіп қызметшілер мен алым-салық төлейтін қалың бұқараны бұрынғы қалпына түсіріп, үн-түнсіз қызмет істеп, салықты төлеп тұруға күштеп көндіру. Тәж-тақтың мұрагері Ли Гяньчэн мен императордың үшінші ұлы — ханзада Ли Лун-ки — бұл бағыттың көсемдері болып шығады.
Осынау бағдарламаға сәйкес Чаньанда академия құрылады, онда конфуцишіл профессорлар дәулетті бекзат балаларын мемлекеттік қызметті атқаруға әзірлей бастайды, ал 626 ж. 27 мамырында буддизм мен даоцизмді шектеу туралы жарлық шығады, бұл жарлық бойынша көптеген сопылар алым-салық төлейтін жіктер қатарына қосылады да, монастырлардың мүлкі қазынаға түседі. Бұл тарих жүрісін кері кетіруге тырысқандық болатын.
Жаңа тәртіптің құрбаны болып, халық бұқарасы шалынуға тиіс тұғын, лауазымды бай-бағландар олардың мойнына қайтадан мініп алмақшы еді; өздерінің бүкіл күш-жігерін шекараларды қорғауға жұмсаған, сол себепті де шен алу емтиханына даярлануға уақыты да, қаражаты да болмаған лауазымсыз қызметтегі ақсүйектер де, олардың көсемі, аға-інілері абыройлы әскери қызметін көре алмай күндеп, өшігіп алған Ли Ши-минь де; буддизм мен даосизмге бүйректері бұратын көптеген жұрт, сол сияқты мінез-құлқының жұмсақтығынан немесе тектілермен байланыстары болмағандықтан, кәсіби оқымыстылар қатарына енбей қалған аса сауатты адамдар да сол тәртіптің құрбаны болуға тиіс еді. Қытайды тұтас алғанда, жаңа бағдарлама ол үшін түркіттер алдында тізе бүгумен бірдейді, ал Чаньандағылар енді астананы оңтүстікке көшіріп, көп нәрсеге көніп, бітімге келу жөнінде сөз қозғай бастаған. Бірақ елдегі шешуші күш патша сарайы емес, ханзада Ли Ши-минь бұйрығын жүргізетін армия еді.
Сарайдағы сыбайластар тобы ең әуелі өз жауларының көсемін құртуға тырысады. Бір тойда Ли Ши-минь асыға у себеді, бірақ ол өлмейді, қатты ауырып, жазылып кетеді. Осы жәйттен кейін ол сақтанып, өзін жақсы көретін жауынгерлер арасынан, қосынынан шықпайтын болады. Содан кейін оның жазасын беру үшін, әкесін азғырып, Ли Ши-миньді сарайға түркіттер жорығы көз аштырмайды. Олар шапқыншылық туындатып, қытай жерін шақыртады. Ли Ши-минь олардың діттеген мақсатын күнілгері білсе де, нағыз қытай перзенті ретінде әкесінің — императордың әміріне құлақ аспай тұра алмайды. 626 ж. 2 шілдеде ол қасына ең батыр сарбаздардан құралған, қару-жарақты қыруар нөкерін ертіп сарайға келеді. Ол сарайға қаруын қолына ұстаған күйі, өзінің жан досы, сардар Чин-дэмен бірге кіреді де, қабылдау залында тұрған бауырларын көреді. Ли Гян-чэн ләм деместен туған інісі Ли Ши-миньді садақпен атып салады, бірақ мүлт кетеді. Оның есесіне Ли Шин-миннің жауап-жебесі көздеген жерден дәл соғып, оны қиып түседі, ал Чин-дэ — Ли Лункиді жалпасынан түсіреді. Осыдан кейін сарай Ли Ши-миннің билігіне кешеді, қарт император баласынан ана екеуінің қаскүнемдік жасағанын есітіп, оның әлгіде ғана қан төккенін кешіреді де, оны тәж-тақтың мұрагері етіп тағайындайды, бәрінен де қызығы, ол буддизм мен даосизмге тиым салу жөніндегі өз жарлығының күшін жояды. Осынау оқиғаларды бір-бірімен тығыз байланыстырмаса болмайды.
626 ж. 4 сентябрінде Ли Юань, өз ұлының пайдасына, тәж-тақтан бас тартады, Ли Ши-минь — Тайцзун лауазымын қабылдайды. Істің тап осылай бағыт алуы Шығыс түркіттің Кат Елханының басына түскен бақытсыздықтың ең үлкені еді.
Жаңа император сыртқы соғысты күшейту жолымен ел ішіне тыныштық орнатады. Бәрінен бұрын ол аға-інілеріне жәрдемдескендердің көбіне кешірім жасап, бодандарын қайран қалдырады. Сосын ол сарай қызметіне алынған үш мың қызды босатып жібереді, сөйтіп сарайдың сән-салтанатын күрт азайтып, алым-салықтарды кемітеді. Ол өзіне тірек болған қызметтегі ақсүйектер игілігі үшін, «Аспан астының қаһармандарын аранға айдап тығады», сонда ол шыққан тегі туралы тізімді түгел қайта жасайды, сөйтіп осы қимылымен Суй әулеті кезінде озып шыққан «құдыретті үйлерге», бай помещиктерге қатты соққы береді. Бұдан әскери және мемлекеттік қызметке еркін араласуға мүмкіндік алған, кедей ақсүйектердің әулеттері ұға бастайды. Армия бүкіл еті тірі нар тәуекелдің адамдарын жеделдетіп өз қатарына тартып ала қояды, империяның шаруашылығы кесір-кедергісіз емін-еркін өркендей бастайды, ал майдандағы жағдай да жақсара түседі. Қытай гүлденудің соңғы жолына шығады, мұны бірінші болып сезген шығыс түркіттері болатын.
Бітімге келу. Тайцзунның қолына өте ауыр мұра тиеді. Суй әулетін құлату кезінде Қытай халқының үштен екісі қырылады. Сансыз көп дихан соғыста қаза табады немесе аштан өледі, олардың егін жайын тастап, шартарапқа қашып кетеді. Шенеуніктердің біреуі императорға: «Шаньдундағы облысымен И облысынан Хай мен Дайға дейінгі жерлерден адам аяғының ізі өтe сирек кездеседі, көз жетер жердің бәрін қаулап өскен бұта мен шөп басып кеткен» — деп баяндайды.
Ал шапқыншылықтан шапқыншылық туындатып, қытай жерін опырып кетеді. Ханзадалар өкіметке бола өзара қырқысып жатқан кезде, түркіттер соғыс әрекетін талан-тараждан азып біткен Шаньсиден Гань-суға көшіреді де, оны да құлазытып тастайды. Шамасы олардың мақсаты: біріншіден, соғысты жергілікті халық есебінен жүргізу; екіншіден, өз одақтастары * тоғондарды қайтадан соғысқа шығару,— мұны жасайды да — үшіншіден, ажал аузындағы бодандары өз өкіметке қарсы наразылық білдіру үшін астанаға кимелеп кіріп барып, үкіметті бекініске қамалып жатып алуға мәжбүр ету болса керек. Бұл -қыспақ ең ақырғы тұяқ серпу де болуы мүмкін еді, бірақ император және қолбасшы Тайцзун — Ли Ши-минь өзіне тән қайсарлықпен, талантпен тіпті әбден қиюы қашқан, үмітсіз жәйттің өзінен жол табады.
23 қыркүйекте Кат Елхан жүз мың қолды бастап Чаньанға жақындайды. Император соғысқа шықпақ болады, қалың әскері қаладан шығып, соғыс сапына реттеліп тұрғаннан кейін, ол қасына бірнеше ғана адамды ертіп алып, Вэй өзеніне жақындап келіп айқайлап, ханды опасыздық жасадың деп айыптайды; сосын ханның өзіне жақын келіп, тізгінінен ұстап, айқасқа дайындал деп әмір етеді. Императордың батылдығы, таяп қалған қытай әскерлерінің айбары хан мен түркіт агамандарына қатты әсер етеді. Тап сол күні олар өзара бітім жасайды, соның құрметіне көпір үстіне апарылып, ақбоз ат құрбандыққа шалынады. Сосын түркіттер қоныстарына қайта оралады да, императордың өтініші бойынша, қолға — түскен тұтқындардың бәрін қайтарып береді. Тегі, істің тап осылай болуына Қытайдың одақтасы батыс түркіттердің бұларға қарсы шабуылға әзірленіп жатқаны әсер еткенге ұқсайды. Кат Елхан өзінің жайлау-қыстауын қорғансыз қалдырудан жүрексінеді.
Вэй өзені бойындағы бітім Түн-жабғыханның шығысқа жасайтын жорығының алдын кесіп тастайды, бірақ хан оның есесін батыстан қайтарады, ол жақта иран-византия соғысы шарықтау шегіне жеткен еді.
Жасалған бітім батасын император Тайцзунның өзі береді. Қасында жүрген көңілдестерінің бірінің: «ол неге соғысқа кірісіп, дұшпанды қырып салмады»— деген сауалына, «алдияр, әрине олай етуге болатын және ол оңайтұғын, бірақ соғыс көздеген мақсатқа жеткізе алмас елі. Әрине, жау талқандалғанымен, жеңілмес еді, қатты өшігуден олардың күші өсер еді. Ал, енді кәзір олар қымбат мүлік пен жібек алғанына масаттанып, асып-тасады, «ал астамшылық ажалға апарады»— деп жауап қатады. Тайцзун әділін айтқан. Бұдан кейінгі үш жылда оның империясы тынығып, күш-қуат жинайды, ал, түркіт ханы инициативадан бір айрылып қалғаннан кейін, оны қайтарып ала алмайды. Булығып қалған шабуыл — жеңілгеннен де бетер ауыртпалық, түркіттер оны ұзамай өз бастарынан өткізеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *