ТҮРІКТТЕРДІҢ АҚЫРЫ (Л. Гумилев)

ТҮРІКТТЕРДІҢ АҚЫРЫ
XVIII тарау
Батыс қағанаттағы төңкеріс. Ірбіс Шегуйхан өзін таққа отырғызған он оқ түріктерінің үміт-сенімін ақтамайды. Отырықшы иеліктер оның қолынан сырғып шығып кетеді де, империяның әскері қағанаттың шекарасына тақалып келеді. Осы көріріліктен ешбір қайырым болмайтынын тайпалар көсемдерінің бәрі де айдан анық көреді.
Қағанаттың оңтүстік шетіндегі, жиырма жылдан бері тыныш болып келген жағдайдың нашарлап кететін қаупы бар. Араптар Иранның Батыстағы бөгетін, гректерден гөрі әлдеқайда табысты түрде талқандап жатты. 637 ж. Кадесия маңында шахиншах Иездегер ІІІ-нің тұрақты армиясы қырылып қалады, соның ізінше Ктезифон құлайды. 642 ж. Негавенда жанында араптар парсы жасақтарын талқандайды да, Персияның тағдыр-талайы шешіледі. Парсылар қолынан келгенінше қарсылық жасап бағады, бірақ бір қаладан соң бір қала араптар қолына өте береді. Шах төңірегіндегі нөкерімен шығысқа қарай шегініп келе жатқанда, кездескен жердің бәрінде сән-салтанатпен қабылданады. Бірақ ол соғыс қажетіне ақша мен адам талап етсе болғаны — уәлилері одан теріс айналып шыға келеді; сөйтіп 651 ж. ол өз қоластындағы жердің шетіне — Мервке дейін жетеді.
Персиядағы көтеріліс және Дейлем мен Табарстанның, Журджана таулықтарының жанталасқан қарсылығы араптардың ілгері жылжуын тоқтатады, бірақ олардың жеңістері жөніндегі сыбыс Орта Азияға өтіп тежетіп те жатады, мұның бәрі он оқ түріктерінің мазасын алады.
Жоңғария да теңіздей толқиды. Ірбіс Шегуйханның қуғын-сүргінінен империяның иелегіндегі жерге қашып кеткен чуйе мен чуми тайпалары туған жерімен тәуелсіздігін қайтып алуға ұмтылады. Олардың байырғы көсемі Халлығ болатын.
Қағанат шебінен қашып шығып, Тайцзун қызметіне тұрған Халлығ, тезарада іскерлігімен көзге түсіп Тичжоу соғыс округін (Бесбалық) басқаруға ие болады. Бірақ осынау мансапқұмар қолбасшы империяның шекара офицері дәрежесін місе тұтпайды да, Тайцзун өлгеннен кейін, тек Бесбалықты ғана емес, Тұрфанды да азат етуді алдына мақсат етіп қойған бір құпия қаскүнемдікке қатысқан болып шығады. Қаскүнемдік дәл кезінде ашылады, бірақ қылмыс әлі жасалмағандықтан да, Халлығ баласы Тиейінді аманат ретінде «гвардияда қызмет ету үшін, Чаньанға аттандырады. Тиейін Қытайда аз уақыт болады. Ол әкесіне рұқсат алып келіп, оған шығысты жайына қалдырып, Батыс қағанатына тезірек кетуге кеңес береді.
Бұл шабуыл әрекеті Қытайда ойластырылды ма, әлде азаттыққа ұмтылудан туды ма немесе осы екі дәлел бірге себеп болды ма — оны ашып айту мүмкін емес. Тұтас бір орданың империя уәлилерін бейхабар қалдырып кете қойғанына сенудің өзі қиын, бірақ қалай болған кезде де, ол әйтеуір әлгілер бақылайтын шептен өткеннен кейін, Халлығ өзін Ышбарахан (қыт. Шаболо-хан Хэлу) деп жариялайды да, 651 ж. жазында «Дұлыханның бұрынғы жерлерін» (Үкі) басып алады. Он оқ түріктерінің қарсылығы жөнінде бастаухаттар жұмған аузын ашпады. Осынау төңкеріс суретін қалпына келтірейін десек, маліметтер тым аз. Ірбіс Шегуйхан бодандарының одан іргесін аулақ салып, күрес-тартысқа бар қайрат-жігерін, ерік-қабылетін жұмсап, бел шешіп шыға алатынын көрсеткен кісіні өз еріктерімен хан деп танығанын ойша жорамалдауға ғана болады. Ірбіс Шегуйханның өз тағдыры қайғылы. Тақты тартып алушы оны өз қолымен өлтіреді». Қаза тапқан ханның мұрегерлері қашуға тиіс болады.
Бірақ 651 ж. оңтүстікке баратын жолды араптар, шығысқа баратын жолды империялықтар жауып тастағанды. Тохарстанды Үкі билеп тұрған, солтүстіктен шабуылдатып Ышбарахан келеді, ендеше ашық бір-ақ жол — батысқа баратын жол ғана қалады, өйткені Еділ мен Терек бойындағы хазарлар әлі түркіттер билігін білмеуші еді. Шыныңда да VII ғ. орта шенінен бастап, Каспий жағалауынан дербес Хазар қағанаты пайда болған, оны Ашиндер әулеті басқарған. Осынау хан әулетінің VII ғ. орта кезінде өмір сүрген мүшелерінің бәрі белгілі болғандықтан да, шығарып тастау әдісін қолдансақ, Хазарияда Ірбіс Шегуйханның мұрагері таққа отырғанын мойындауға тура келеді. Бұл кезде Хазария Батыс қағанатынан бөлініп кеткен болатын. Ал, Ышбарахан мен он оқтүріктердің хазарды ойлауға пұрсаты да болмай жатқан.
Ышбарахан. Ышбарахан түріктердің тілегенін — ішкі тыныштық пен сыртқы соғысты тауып береді. Біріншіден, ол он тайпа көсемдерінің құқын танып, бекітіп, дулыларға «чур» лауазымын, ал нушевилерғе «йегін» лауазымын береді. Ол өзі мен өзінің жасауылына арнап, «Мың бұлақ» алқабынан бекіністі қала салдырады, ал баласына » Баһадүр-жабғы» лауазымын береді яғни Батыс қағанатының екінші билеушісі етіп қояды.
Ышбарахан түркіттер мен он оқ түріктерінің өзара көптен күткен мәмлеге-ымыраға келуіне мұрындық болады, өйткені нушевилер оны ешбір қарсылықсыз хан деп таниды. Бұл ымырашылдық өздерінің басшылығын орнатуға ұмтылған чүйе, чуми және чумугунь тайпаларының мақсатына кереғар келеді. Бұл тайпалардың талабын өз халқының негізгі бұқарасының есебінен емес, өзге жолмен қанағаттандыру үшін кенет шапқыншылық жасап, Тинчжоу бекінісін талқандайды. Осыдан кейін олжаға шаш-етектен келген чуй тайпалары қайтадан Ышбараханның тірегіне айналады, бірақ шапқыншылық империямен соғысты тудырады.
562 ж. бастапқы кезінде Лан Гян-фанның қолбасшылығымен 20 мың қытай әскері және Кнбн Хэли бастаған» 50 мың теле сарбазы Жоңғарияға жөнелтіледі. Соғыс жоспары мейлінше мұқият жасалады. Ұзақ соғыс жүргізуге азық-түлігі жетпейтін Ышбарахаңды, теле сарбаздары тез қимылмен тықсырып тастауы көзделеді. Көшпелі тайпаларға, оның ішінде чуйе мен чумилерге кешіріммен қарау жаты тапсырылады, Ышбараханның өзі басты жау деп танылады. «Көшпелілерді қуып тастап, бөрілерге яғни түркіттерге бүйідей тиюге әмір етіледі, қытайлар түркіттерді «түп-тамыр», ал басқа тайпаларды «бұтақтар мен жапырақтар» деп атаған.
Алайда, осындай батыл бұйрықтарға қарамастан, әуелгі кезде соғыс әрекеттері жігерсіз шабан жүргізіледі. 652 ж. чуйе мен чумилер талқандалады, бірақ олар, әсілі, ойсырай жеңілмеген секілденеді, өйткені олардың күрес-тартысқа деген ерік-жігері жасымайды. 653 ж. империялықтар қайтадан Бесбалықты басып алады, ал 654 ж. қарлықтарға шапқыншылық жасалады, бірақ олар 10 мың жылқыны айдап кетумен ғана тынады. Со жылы империялықтар чумугун тайпасын ойрандап, қытай әскербасы, өлтірілген жаудың 30 мың құлағын кесіп, астанаға жөнелтеді. Алайда бұл шапқыншылықтар қытайларға онша пайдалы болмайды және олардың сәтті аяқталатын себебі Ышбараханның өзі оңтүстік батыстағы шекарасының бүтіндігін сақтап қалуға мәжбүр болады.
Махуй Сүридің қазасы. Мервтің марабаны Махуй Сүри өз қаласының қақпасын Иездегерд алдынан ашады. Шахпен бірге оның күзетшілерінің шағын бір отряді және тәж-тақ қазынасын артқан керуен келеді. Адал берілген бодан ретінде, Махуй шах алдында басын иіп, тағзым етеді, бірақ Иездегерд күллі күшті араптарға қарсы жұмылдыруға ақша талап етуі мұң екен, топас Махуй табанда араптар оған жете алмайды, ал мына патша қазынасын иемденсе жаман болмас еді, бәлкім, өзім де алдияр болып шыға келермін, деп ойлайды. Шах қазынасына бір өзі қол салуға бата алмай, түріктерден көмек сұрайды.
Мерв марзбаның шақыруына, тегі, Соғдада тұрып қалған нушеви ағамандарының бірі Бижан-тархан деген үн қатады. Ол Мақұйдың сатқындық саясатын пайдаланып, өз жасағымен келеді де, қапыда қалған шах отрядын күйретеді. Иездегерд аман құтылады, бірақ диірменші үйінен пана тапқысы келген жерінен оны сол үй иесі бауыздап өлтіреді. Махүй шах қазынасын иемденіп, тәуелсіз патша болып шыға келеді.
Бірақ оның жағдайы ауырлай түседі, өйткені әлгі оқиға күллі Хорасанға жайылып кетеді де, қонағын өлтірген сұмырайға қарсы жұрттың ашу-ызасы өрши береді. Махүй айыпты түркіттерге жауып, шахтың өзіне өкімет бейнесі — тәж бек жүзікті өсиет етіп қалдырғанын айтады. Дәлелдерінің дәйексіз де әлсіз екенін сезген опасыз өз әскерін нығайтып, оның санын молайтуға тырысады. Фирдоуси сөзіне жүгінсек, ол өз иелігіне Балх пен Гератты қосып, Бұқарды, Самарқан мен Шашты жаулап алу үшін, Соғдыға қарай басқыншылық әрекетін бастайды. Шабуылға шығу үшін Иездегерд кегін қайтару себеп болады, өйткені Бижан «жер патшасының бақытын қараң қалдырды ғой».
Осынау лебізді сөзімізге арқау етіп аламыз, өйткені Батыс түрік қағанатындағы ақуал Фирдоусидің әңгімесіне толығынан сәйкес келеді. Ірбіс Шегуйханның дәрменсіз үкіметі жау әулеттің соңғы шахын өлтіргеніне немқұрайды тіпті тілеулестікпен қарайды, бірақ Иездегердтің төгілген қаны кеппей жатып, Ірбіс Шегуйхан тақтан тайдырылып, дулылар өкіметті қайтадан өз қолына алады. Хорасанды, Тохарстан мен Соғдыны біріктіру үшін осы жағдайды Махүй Сури өз мақсатына пайдаланбақшы болады. Бұл тіпті онша қиын еместей де көрінеді, өйткені Соғда дулыларға баяғыдан жауығып келе жатқан, сол себепті де Махүй ол жақтан кең қолдау табамын ғой деп үміттенеді, себебі керуен саудасын тиып тастауға ғана апаратын, Қытайға қарсы соғысқа көпестердің қуануы мүлде мүмкін емес-ті.
Бірақ Ышбарахан ержүрек кісі екен, Ирандағы төңкеріс жайын білісімен, Махүй секілді шах кегін алу ұранымен қарсы шабуылға шығады. Оны Фирдоуси де «Бижан» деп атайды, түркіттер жорығы жолын сипаттағанда ақын келтірген географиялық атаулар көңілде ешбір күдік-күмәнға орын қалдырмайды. Хан Қашарбасыдан шығып , Бұқарға жетеді де, тылын шашау шығармай, ширақ ұстап, суыт жүріп отырып, Жойқыннан көктей өтеді. Махүй оған қарсы қозғалады, бірақ алғашқы қақтығыстың өзінде тұтқынға түсіріліп, азаппен өлтіріледі.
Парсылардың өзара бірін-бірі қыруы Абдаллақ ибн Амирдің жолын тазартады да, ол 651 ж. Абра-шахр (Нишапур), Тус, Абиверд, Несу қалаларын жаулап алады. Мервтің жана марзбаны Абразбен шартқа отырып, ол араптарға алым-салық төлеп тұрмақшы болады. Хорасаннан кейін оның көбін Жүздан мен Тохарстан да киеді, бірақ 655 ж. Хорезмге жасалған шапқыншылық сәтсіз аяқталады, ал түркіттер соғысты қайтадан Хорасанға көшіреді, бірақ үлкен табысқа жете алмайды. Олардың сәтсіздікке ұшырауы қағанаттың шығыс шекарасындағы жағдайдың шиеленісіп кетуіне байланысты болады.
Соңғы күрес. Соғыс науқанының нәтижесіз аяқталғанын империя үкіметі қолбасшылықтың дарынсыз болғанынан және қожыраушылықтың шегіне жетіп, етек алып кеткенінен деп таниды. Соңғы жәйтке бас қолбасшы көмекшісінің жаумен айқасудың орнына, империяға өз еркімен бағынған қала тұрғындарын түгел тонап, шеттерінен қырып салғаны мысал бола алады, Бичурин ол қаланы Хыньду деп атайды.
Үкі ханның баласы Чженчу-жабғының Ышбараханның соққы беруге жасаған қимыл-әрекеті де сәтсіздікке ұшырайды. Чженчу әкесінен Тохарстандағы бір кішкентай ғана еншілік иен өлшеусіз үлкен мансапқұмарлықты мұра етіп алады. Ол бүкіл Батыс қағанатының билеушісі бола алар едім деп ойлайды. Осы мақсатына жету үшін ол нушеви тайпаларын көтеріліске шығармақ болады, расында да кейбір наразы көсемдер оған келіп қосылады. Осыдан кейін ол өзінің жұпыны «жабғы» атын «Сібір тардушшад» лауазымына ауыстырады да, өзін танып, көмек көрсетуі үшін Қытайға кісілер жібереді. Империя шенеунігі бүлікшіл бектің қосынына жете алмайды, бірақ сөздерге қарап, оның төңірегіне болмашы ғана күш жинағанын біледі де, үкіметке бұл үміткерге мүлде назар аудармауға болатынын айтады.
Одақтастарынан айрылғасын Ышбарахан әскерінің оны тықсырып, жаналқымға келтіргені сондай, ол бағынатынын мойындап өз еншілігіне тайып тұрады, лепірме лауазымынан бас тартып, бұдан былай бірқалыпты адал тірлігіне көшеді. Сосын Ышбарахан тылына алаң болмай, таңдаулы жасағын Амудария бойынан Іле өзенінің алқабына әкеледі де, империя әскерінің ілгері жылжуын біржолата тоқтатады.
Бұл жәйт император Гаоцзунды қолбасшылықты өзгертуге, едәуір әскер жіберіп, жасақты нығайтуға және Қытайға адалдығын сақтаған Батыс түріктерінен қол жинауға мәжбүр етеді. Бас қолбасшылыққа Су Дин-фан тағайындалады да, оның әскеріне қосымша көмекші ұйғыр сарбаздары беріледі. 656 ж. ол бірінші пәрменді колоннаны бастап, Іле өзенінің алқабына қарай беттейді. Бағынған түркіт ханзадалары Мише мен Бучженнің жасақтары Орталық Жоңғарияның ыспа құмын басып, Алтайға қарай жылжиды.
Бұ жолы күллі артықшылық империя әскері жағында болады. Ол баяғы сеянтоны талқандап, Кореяның мызғымас берік бекіністеріне шабуыл жасайтын ардагер сарбаздардан құралған еді. Мұнда Шэньсиде тибеттердің, ал Хэбэйде қидандар шапқыншылығына тойтарыс беріп дағдыланған Қытай жаяу әскерінің табандылығы, шығыс түркіттерінің соғыс десе түлеп түсетін жалынды жігері мен шекарашы-табғаштардың жойқын күш-қайраты қосылғанды. Әскер жинақты еді және оған тұсау болатын ұбап-шұбаған жабдықтау бөлімі жоқтұғын. Бұл сарбаздар көптен жау есебінен күн көріп дағдыланған. Олардың бірінші құрбаны жоңғар тайпалары болады. Со тайпалардың кейбіреулері асып-сасып беріліп жатса, екінші біреулері мәселен, чумугундер аяусыз қаталдықпен түгелдей кескіленіп тасталады.
Дұшпандардың пәрменді шабуылын тоқтату үшін, Ышбарахан барша күшін жинайды. Қытайлар оның 100 мың атты әскері болған деп есептейді, бірақ бұл, әрине, әсірелеу. Іле өзені өңірінде ол Су Дин-фанның қытай жаяу әскері мен ұйғыр атты әскерінен тұратын он мыңдық жасағын қоршап алады. Су Дин-фан алға тығыз топтасқан жаяу әскер сапын қояды. Түрік атты әскері үш рет лап қойып, үш рет қытай найзаларына арандап қалып, кейін шегініп кетеді. Тап сол сәтте найзагерлердің ту сыртынан тың аттарымен қиқулап, ұйғыр сарбаздары шабуыл бастайды. Арындап қалған түріктер шыдамай қаша жөнеледі. Ұйғырлар іздеріне түсіп, артта қалғандарын кескілеп, ұрысты үдете түседі, тек ағамандар мен тархандардың өзінен 200 кісі тұтқынға алынады.
Империя әскері жеңісін жедел дамытып, шегініп бара жатқан нушебилерді қуып жетеді де, олар соғыссыз беріле салады. Дулылар Бучженнің қолына тап болып, оны бірден өздерінің билеушісі деп таниды. Су Дин-фан жеңіл атты әскерін, түркіттерді түстік жағынан қамап тастау үшін, Талас алқабына аттандырады. Ышбарахан өз жасағымен шегініп үлгіреді де, көмекке қосымша күш алдырады. Аяз бен боранға қарамастан, империя әскері оларды өкшелеп қуалай береді. 657 ж. бас кезінде жау әскері, тап сол кезде Тарбағатай тауының бөктеріне орналасқан хан қосынына жақындайды.
Енді империя қолы түркіттерден әлдеқайда күшті болып алғанды, өйткені оларға бас иген дулылар мен нушевилер көмекші жасақтар құрап бергенді. Бұл кезде елде қалған халық ханға бағынуын қойған екен — деп ойлауға болатын еді, өйткені түркіттердің азық-түлігі болмайтын, сол себепті де олар жаппай аң аулауға көшкенді. Империя әскері түркіттерді тосыннан қапылыста соғып, мейлінше ойрандайды.
Қалған қолын ертіп, Ышбарахан Іле өзенінің арғы бетіне шегініп кетеді. Оңтүстіктен, солтүстіктен жау қамап, ол жалғыз қалады. Он оқ түріктері айқас-арпалысқа араласқысы келмейді. Маневр жасау мүмкіндігінен айрылған хан, қосынын қалың қоршаумен нығайтып алып, лаждың жоғынан соғысуға кіріседі, бірақ тағы да жеңіліп қалады. Империялықтар оларды Шу өзеніне дейін қуып барып, берілуге мәжбүр етеді.
Ал, бірақ Ыбшарахан баласымен, өзіне шын берілген шағын салтатты қосшыларымен бірге тағы да сытылып кетеді. Ол оңтүстікке қарай зытады. Шаш маңына (Ташкент көгалды аймағы) келгенде аттары болдырып, жүре алмай қалады. Түркіттің «Тархан» лауазымын алған Шаштың билеушісі қашқындарды бір қабылдауын қабылдаса да, олардың қол-аяғын байлап, қуғыншыларға тапсырады175. Түркіттің соңғы ханы бұғауланып Чаньанға жеткізіледі, Геоцзунның оған рақымы түседі, бірақ ол тұтқында қамығып жүріп, 659 ж. қайтыс болады, азаттықты аңсайтын түркіттер арасында ондайлардың жиі кездесетінін оқырманның өзі де байқаған шығар.
Елді бұдан кейін бағындыру ісі жеделдей түседі. Жауға қарсылық білдірер ер-азамат қалмайды. Соғдының Кан (Самарқан) Хе (Зеравшан алқабындағы иелік), Даван (Ферғана), Ми (Маймург) және Кеш (Шахризябз) бектіктері түркіттерден Ышбарахан құламай тұрған кезде бөлініп кеткен болатын. 659 ж. олардың соңынан шығыс Түркістанның: Сүле (Қашғар), Чжуцюй (Көкжар, Қарғалықтың оңтүстік батысында), Бохан (Яка-арық)176 сияқты иеліктері бөлінеді. Ышбарахан жақтастарының сарқыншағы 658 ж. Эбинор көлінің маңында және Куча жанында177 құртылады.
659 ж. Чжангу көтеріліс бастамақ болады, бірақ Боротолы алқабында, жаңа қожайындарына жанын аямай, адал қызмет атқарып жүрген Мишеден жеңіліп қалады да, ұстап алынып, басы кесіледі. Ақырында дербестігін сақтап қалғысы келген бір нушеви бексымағын Су Дин-фан 660 ж. ұстап алады.
Батыс түркіттер мемлекеті, сөйтіп, тәуелсіз мемлекет ретінде құрып кетеді де, енді қайтып ешқашан да қалпына келмейді.
Батыс қағанаттың жері округтер мен уездерге бөлінеді де, солардан екі губернаторлық ұйымдасады. Оның біреуі дулылардың жеріне сәйкес келеді, оны басқаруға Ашин Мише қойылады, екіншісі — нушевилер жері, оны Ашин Бучжень басқарады. Бұл екі ханның екеуі де дербес бола алмайды.
Жаңадан алынған иеліктерді бақылап отыру үшін. «Батыс өлке» уәлиінің сарайы178 640 ж. дейін тұрған Тұрфаннан жайлау-қыстауға жақын Кучаға көшіріліп әкелінеді. Соғдиананың жергілікті билеушілері өз орындарында қалдырылады, сөйтіп біраз уақытқа дейін мұнда ішінара тыныштық орнайды.
Жеңіс жемістері. Енді жеңетін ел қалмайды; бірақ бұл баянсыз табыстұғын. Империя өз құрамына толып жатқан әрқилы елдерді енгізуге тырысады, ал олардың өзара қосылып, бірігіп кетуі мүмкін емес-ті.
Өзінің әдепті, иманжүзді қасиетінің арқасында Тайцзун қол астындағы елді, оның ішінде көшпелілерді де өзіне тәнті етіп қоятын, ал бірақ Гаоцзун көшпелілерге деген жаңа қарым-қатынасты, дәстүрлі менмендікке толы бұрынғы қатынасқа179 айырбастаған еді. Көшпелілер өздерінің бөтен жұрт екенін тағы біледі де, оның зардабы дереу, қолма-қол көріне бастайды.
656 ж. ұйғырлар, яғни теле тайпалары — юаньге, бауегу, тиге, пугу және тунлолар көтеріліске шығады. Оларды марқұм болған көсемнің қарындасы Бисуду ханша180 бастайды. 662 ж. баc кезінде көтеріліс жанышталады. Бисуду қашып құтылады, бірақ қытай әскері қыстың қатты суығынан орасан көп шығынға ұшырайды181.
Жаулап алынған жерлерді ұстап қалу мәселесі бұрын болып көрмеген дәрежеде шиеленіседі. Тіпті Қытайдың өте мол материалдық және адамдар қорының өзі жаңадан басып алынған жерлердегі гарнизондарды ұстап тұруға жеткіліксіз болып шығады. Гаоцзун үкіметінің қолынан келген ең үлкен іс — төрт қаланы нығайтып, оны тұрақты гарнизондармен — әскер білімдерімен қамтамасыз ету болады. Осынау «төрт гарнизон» Куча, Қашғар, Хотан мен Тоқмақта182 орналасқан еді де, Қытайларайының ісін қамтамасыз етіп тұруы керек-ті.
Күллі бағындырылған облыстар төрт уәлилікке бөлінген еді, соның екеуі шығыста, екеуі батыста болатын. Батыс түркіттерінің жері солтүстік-батыс уәлилігіне183 енген-ді. Осы бір аудандарды тікелей басқаруға мүмкіндіктері болмағандықтан, қытай үкіметі шын берілгендігін іс жүзінде көрсеткен түркіт сұлтандарының көмегіне сүйенеді. Дулы тайпаларының жер-суы Мишеге, нушевилер жер-суы — Бучженге сеніп тапсырылады. Бірақ осынау дарынсыз билеушілердің бодандары арасында184 ешбір беделі болмайды, қанша күш-жігер жұмсағанымен олардың сеніміне кіре алмайды. Рас, көшпелі бексымақтар мен отырықшы иеленушілердің шатағы оңай басылып тасталатын , бірақ екі хан бір-біріне қарсы айла-шарғылар жасап, ел арасын шиеленістіріп жібергені сондай, ақырында Қытайдың қыруар еңбекпен жасаған табыстары зая кетеді. Бучжень 664 ж. Кучаға жазалау жорығын жасаған кезде Мишені көтеріліс жасауды ойлады деп айыптап, өсек таратады. Қытай қолбасшысы Су Хай-чжан мәселенің байыбына бармай, Мишенің өзін және оның қарауындағы қоншыға күллі жұртты жазалап, қырып салады. Бұл дулылардың ашу-ызасын өршітеді, бірақ олар өздерінің Қытай алдында дәрменсіз екенін біліп, Тибетпен байланысады, бұл сосын «Батыс өлкедегі» күштердің ара салмағын түбірінен өзгертіп жібереді.
Мишенің кегін жоқтап, орталық Тянь-шанды мекендейтін гунюз тайпасы көтеріледі. Олар теле тайпасы Янь-манмен және тибеттіктермен185 одақтасып, империя әскеріне қарсы шабуыл жасамақ болады, бірақ қақтығыста беті қайтады186. Осыған іле-шала 663 ж. көктеміңде Гун-юз Хотан мен Тұрфандағы қытай гарнизондарын шауып кетпек болады, бірақ тағы да сәтсіздікке ұшырайды187. Ақырында 664 ж. Гун-юэні империялықтар біржолата жеңеді. Тянь-шанның теріскей бетіңдегі сайын дала мен оңтүстік пен батыстағы қалалы-көгалды аймақтар империя құрамына оп-оңай кіре салады, бірақ империя олардың әдет-ғұрпына, тұрмыс-салтына тиіспейді. Шетелден көмек бола ма деген үміттен ештеңе шықпайды: Хорасанды бағындырған араптар содан кейін қаруын оңтүстікке қарай бұрады. 662 ж. олар Кабулды алады, ал 664 ж. Пенджабқа бұзып-жарып кіреді де. Орта Азияны жаулап алуды келешек күндерге қалдырады. Тянь-шань тайпалары қыспақта қалады да, олардың көсемі Ашин Бучжень Тан империясына адал ниетпен қызмет ете береді.
Бұл жағдай жұртқа өзгерместей болып көрінеді, бірақ 667 ж. Бучжень қайтыс болады да, империялықтар оның орнына қоятын адам таба алмайды, ал оның орнын басатын кісіге зәрулік күннен-күнге аса түседі. Империяның таңдаулы әскері өз тәуелсіздігін қаһармандықпен қорғап жатқан Кореяға қарсы ұрыс салады. Тап сол сәтте күштердің ара салмағын батыл өзгертіп, ойынға жаңа бәсекеші келіп кіріседі. Тибет — Тан империясының бақталасы ретінде иық теңестіріп шыға келеді. Жаңа соғыс Қытайдың бүкіл батыс шекарасын қамтып, лапылдап жана жөнеледі де, тездетіп Тәрім өңіріне тарайды, бірақ оны айтпай тұрып, біз VII ғ. орта кезінде Тибеттің қандай болғанын қарастырып шығайық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *