ТҮРКІТТЕР ӨЗ ҮЙІНДЕ
VI тарау
Әскери іс. Түркіттердің жалпы тарих сахнасына ала шыққан мамандығы темір өндіру ісі болатын. Олардың аңызға айналған арғы атасы Ашин теріскейге қашып келіп, «жужандарға темір өндіреді»132. 546 ж. жужан қағаны Анахуан түркіттер көсемін: «Менің темір қорытатын тұтқыным»133 деп, түркіттердің басты кәсібін айрықша атайды.
Археологиялық барлау ісі түркіт металлургиясының VI—IX ғғ. жәдігерлерін тапқан. Алтайдан сол кезеңдерге жататын тайыз апандар, забойлар сияқты темір өндіру ісінің іздері кездескен. Темір балқытып алу әдісі — сызды үрлеу. Темір қышқылы көміртегі қышқылымен химиялық жол арқылы қосылғанда, ол кәдімгідей күйтіне келіп, кеуекті құйма металл болып шығады. Кеуек темірдің сапасы кәзірдің өзінде домналық темірден артық саналады134.
Жоғары сапалы темірден алтайлық ұсталар бір жүзді пышақ, балта-шоттар, үзеңгілер мен ауыздықтар, семсерлер мен наркескендер, найза мен жебе ұштарын, сол сияқты қазанның екі түрін — аспалы және тағанды қазандар135 жасайтын болған. Металдарды өндіріп, өңдеу ісі со заманда кәзіргі Тува жерінде де жүргізілген, сонда тек темір ғана емес, алтын мен күміс те, қалайы мен мыс та өндірілген136.
Қырғыз қағанатының кіндігін құраған Хакасияда темір көптеген жерлерде өндірілгенге ұқсайды. Қарағай ормандары атаулының бәрінен ертедегі темір балқытатын пештер орны кездеседі. Алтай тауындағы сияқты, бұл арада да еңбек құралдары мен қару-жарақтар — семсерлер мен қанжарлар, сол сияқты ат ер-тұрмандарының бөлшектері137 жасалынған.
Түркіттерге тұстас-тұрғылас болған Адгар өңірі құры — қандарының мәдениеті де көз тартады. Әуелгі кезде 1912—1914 жж. археологиялық қазбалар нәтижесінде олар «құрымшы ұсталары» деген атақ алады, ал А. П. Окладников олардың құрықандар екенін анық дәлелдеді. Құрықандардың құйма темірі құрамының 99,45 проценті таза металл болған, сол себепті де ол өте берік, өңдеуге; шыңдауға қолайлы болған. Олар бұдан пышақ, найза мен жебе ұштарын жасаған, тесілген қазан түбін жамаған. Сонымен бірге құрықандар мал шаруашылығымен айналысқан, тіпті жер суарып, егін еккен.
Бір өкінішті жері, орта ғасырдағы көшпелілердің кен өңдеу ісі жүйелі түрде зерттелмеген, бірақ біздің қолымызда бар жазба деректердегі: түркіттер әлемдік тарих сахнасына, Орталықта бірінші болып темірді өнеркәсіптік жолмен өндіру ісін меңгерген халық ретінде шығады да, соның нәтижесінде өздерін дотай мен Тибетке мүлде тәуелсіз жағдайда тұрған елдер еді имен дәлелді дәйегіне сенуге мәжбүр етеді, ал көшпелі жұрт осы уақытқа дейін өздерінің соғыс әрекеттерінің жемісті болуына керекті темірден жасалған қару-жарақты осынау елдерден алып тұрған. Темір көшпелілерге бұрын да белгілі болған, бірақ оны халықтың жаппай қолдануына жеткізген тек түркіттер ғана болды. Земарх өзіне темір сатқысы келген түркіттерді алғаш көргенде, оған қайран қалып, бұлар мені әдейі шатастыру үшін алдап тұр екен деп күмәнданады: «Өйткені, жұрт бұлардан үміт табу өте қиын деуші еді ғой».
Металлургияны дамыту түркіт хандарының қалың әскерін қайта қаруландырып, сауытты салт аттылардан таңдаулы да шфменді бөлімдер — қытай бастау-дерегінде айтылатын фулирді (яғни бөрілерді — өздерінің шыққан тегі бөрі болғасын осылай атаған) құрған. Оларда ер қаруы-мүйіз садақтар, көк сауыттар, найзалар, қылыштар мен шоқпарлар» түгел бар еді. Жазба деректердің осынау саран мәліметтерін, сәті түскенде, археологиялық материалдармен толықтыра түсуге болады.
Эрмитажда түрік сайыпқырандарын бейнелейтін саз мүсіндер сақталған138. Осынау мүсіндердің кейінгі уақытқа (VII ғ. аяғы мен VIII ғ. басы) жататыны даталанып белгіленгенімен, оларда (бейнеленген қару-жарақ VI ғ. аяққы кезінен кейін онша өзгермеген шығар деп ойлауға болады. Өйткені бұл уақыт ішінде мәдени дәстүр қайта алмасқан жоқ. Бұл мүсіндер Тұрфанға жақын жердегі қытай бекзатының мазарынан (Тұйық Мазар, Тұйық шатқалындағы қорым) табылған. Мұндай олжаны тағы да Тұрфанның маңындағы Астана қыстағынан А. Стейн табады. Жаяу әскер мен атты әскерлер де көлікпен жүруге бейімделген киім киеді. Бұдан түркіттерде жаяу әскердің жауынгердің арықша түрі ретінде болмағаны байқалады. Әскери киім-кешек бас киіммен сауыттан тұрады, ал біріншісі металл қаңылтырмен көмкеріліп, қоңыр-қызыл, тегі сеңсең сияқты, жиектелген кәзіргі қазақ құлақшынына ұқсайды. Сарбаздар биік жағасы некке дейін жететін шекпен киген. Шекпеннің етегі тізені жауып тұрады және оң жағынан ілгектенеді екен-дағы, оның сол өңірі сыртына шыққан. Шекпеннің үстінен металл пластиналардан құралып, қоңыр-қызыл түспен жиектелген сауыт киген. Сауыт тізеге дейін жететін шолақ, белі жіңішке белбеумен буылады, жеңі қысқа, кісінің шынтағынан жоғары тұрады. Оны шамасы бас арқылы киетін болса керек. Бұл сауыт сарматтардың характеріне ұқсайды, бұл ауыр атты әскерге тән болып келеді. Осындай сауыттар соңғы кезге дейін Тибетте қолданылып келді, сонда пластиналар өзара кішкене белдіктермен біріктірілген. Ерте замандарда сауыттың бұл түрі кеңінен қолданылған тәрізді, бірақ кейін оның орнын киюге қолайлы, жеңіл де берік торғауыт басқан. Сарбаздар бұтына қара теңбіл сары шалбар киген (әсілі, барыс терісінен болса керек). Етіктері тегі жұмсақ қара киізден тігілген тәрізді және әлі күнге дейін Тибет пен Шығыс Түркістанда киілетін етіктерге ұқсайды. Осынау киім-кешек тибеттікіне ұқсағанымен, олардың бір өзгешелігі Тибетке ғана тән белбеу үстінен төгіліп түсіп тұратын желбіршегі болмайды.
Қару бейнесі тек аттан түскен сарбаз мүсінінде ғана сақталған. Бұл атты әскерлер соғысына ғана жарайтын ұзын да жеңіл найза.
Мүсіндерге қарағанда, түркіттердің аты тоқпақ жал, қазық аяқ, қысқа мойын, басы үлкен, шоқтығы биік болып келеді. Қырқып, тарап қойған жалына қарағанда олардың мұқият күтілетіні көрінеді. Бұл аттар моңғол жылқысына мүлде ұқсамайды, бірақ Саманидтер дәуірі аттарының суреттеріне, әсіресе Хэнаннан табылған кішкене мүсінге ұқсайды.
Әсіресе аттың ер-тұрманы, қайыс-әбзелдері айықыз назар аударады. Алдыңғы қасы аласалау, көпшіксіз жалпақ ер қара терлік пен тоқымның үстіне салынады, тоқымның төменгісі ақпен жиектелген. Сарғыштау келген ағаш ерден дөңгелек үзеңгісі, өмілдірігі мен құйысқаны, айыл-тартпасы мен бес тал қайыс қанжығасы бар. Оның кәзіргі ерден бір айырмашылығы — өмілдіріктен бастап, ат омырауы, шоқтығы арқылы ердің алдына дейін қосымша қайыс тартылады. Ол тегі таулы жермен жүруге лайықталған ердің еңіске түсіп, өрге шығарда қолайлы болуы үшін жасалған секілді. Осынау әбзелдерде — өмілдірік, құйысқан, жүгеннің әр-әр жеріне дөңгелек, не сопақша келген, ақшыл, қызғылт, құба түсті күміс таналар не шашақты былғары түймелер қадалып қойылады. Аттардың ауыздықтары салынбаған, бұл, әсілі, олардың жақсы үйретілгенін көрсетеді және бұған қоса оның мұқият қырқылып, сүзіліп-таралған жал-құйрықтарына қарап, жануарлардың мәпелеп күтілетінін, жақсы жаратылып, суытылғанын, қиын-қыстау кезеңде иелері оларға қатты сенетінін байқауға болады. Сарбаздар ер үстінде бір жағына жантайып отырады (қазақша отырыс), бұл олардың уақытының көбін ат үстінде өткізетінінен хабар береді. Көшпелілердің кәзіргі мәнерінен өзгешерек етіліп, олардың үзеңгілері төменірек түсірілген. Бұған ұқсас әдет болмағаннан кейін, атқа бұлай отыру тірлік қажеттігінен шыққан деп ойлаймыз үзеңгіні жоғары көтеріңкіреп тағу садақ атуға, арқан тастауға ыңғайлы, өйткені сарбаз тізесін бүгіп, ат жүрісіне сәйкес қимыл-әрекетін реттеп отырады, ал үзеңгіні төмен түсіргенде сарбаз оған табанын тіреп тұрып, емін-еркін қылыштасуға немесе найзаласуға мол мүмкіндік алады. Енді қанжығадағы қайысбаулардың көптігіне келетін болсақ, тегі, бұл сарбаздар ұзақ жортуыл жасап, олжа тауып қайтуды ойлаған, демек олар гарнизондық әскер емес, далалық әскер болған.
Хош, сонымен түркіт әскері құба түзде ғана емес, өздерінен бұрынғы әскер сияқты, таулы жерде де әрекет етуге бейімделген тұрақты ауыр атты әскер, болғаны анық. Олармен дала ұйғырларының тең келе алмайтыны бесенеден белгілі, қытайлар ұйғырларды менсінбей, былай деп жазған: «Шайқастарда сапқа тұрмайды, бас жағы (алдыңғы отряді) бөлініп келіп, тықсырып тастамақ болады. Оқыс шабуылға шығып, оқыс кейін шегінеді, табанды түрде айқасуға шыдамайды». Түркіттің көксауытты көкжалдары қытайлардың жаяу түңгішілерімек де, иранның атты атқыштарымен де иық теңестіре соғысатын күшті жау болған.
Тұрфанның титімдей мүсіндерімен қатар, түркіт сарбаздарының сұлбасы Сүлектің тас суреттерінде (Жоғарғы Енисей) сақталған. Салтатты мүйіз садақпен қаруланған, бұл оның өзгеге иілуінен көрінеді. Тағы бір сарбаз, бейнесі одан да қызықтырақ: мойнынан қара санына дейін малындыра темір сауыт киген, шолақ жеңді, төсін дөңгелек қалқанмен қалқалап, беліне семсері мен қорамсағын іліп, оң қолында сақетері бар қарулы салт атты жіңішке байрақты сүңгісін, бір тізелеп садақ тартқалы жатқан Саян орман-тау адамына қарай кезеп тұр». Сауытты салтатты әскерлерінен басқа, түркіттердің өздері бағындырған халықтар арасынан іріктеп алатын жеңіл қару-жарақты атты садақшылары болған. Мұндай сарбаздың қола қапсырмаға басылған бейнесін 1939 ж. Көпен қыстағы түбінен қазба істерін жүргізген кезде С. В. Киселев тапқан. «Салтатты жалаңбас тұр. Ол жалбыраған ұзын шашын жел жұлмаламас үшін, арт жағынан жиып, шүберекпен байлап тастапты. Шолақ шекпенінің белі қынай буылған. Өкшесіз жалпақ табан етігі жұмсақ. Оң бүйіріне түп жағы жалпақ қорамсақ ілулі тұр. Садағы М әрпі тәрізді құранды. Кен кеуделі дала атының жалы күзеліп, құйрығы шарт түйілген. Оның ер-тұрманы да жарасымды; алғы қасы пәстеуер қатты ағаштан шабылғандай; тоқымы ою-нақыспен өрнектеліп, шашақ тағылыпты. Өмілдірік пен құйысқаны күмістеліп әшекейленген. Үзеңгілері кең, доға тәрізді. Тізгінді, ауыздықты жүген есіліп жасалынған. Ердің қанжыға баулары желмен желбіреп тұр». Қапсырма VII ғ. жасалған деп анық айтылады.
Сөйтіп археологиялық материал жазба деректердің кемістігін толтырады. Түркіттерде сауытты салтаттылардың болуы олардың жеңіске тез жетуін қамтамасыз етеді. Түркіттерге дейінгі кезеңде соғыс тағдырын аттылы садақшылар шешетін; сауыттың пайда болуы олардың маңызын түгелдей жоққа шығарады. Жеңіл қаруланған дұшпанмен жекпе-жек айқасқа шыққан кездері түркіттердің ауыр атты әскері ұдайы басым түсіп отырған, мұның бір дәлелі түркіттер атпен қатарласып, сапқа тұрып шығатын. Алайда жазықтағы соғыста жанды құтқармайтын түрік әскері бекіністерді қамағанда мүлде пайдаға аспай қалады, өйткені көк сауытты атсыз сарбаздың соғысқа қабылеті күрт кемиді. Қалалардың қуатты қамал-қабырғалары түркіт мемлекетінің қанатын кең жаюын шектеп тастады да, Қытай мен Иранның тәуелсіздігін сақтап қалды, бірақ түркіт атты әскеріне әлі де ұзақ уақыт бойы ұлан далада тең келетін дұғапан болмайды.
Тыныш кездегі тіршіліктері. Түркіттердің ең басты шаруасы (әскери істен кейінгі) көпшелі мал шаруашылығы болатын. Сол заманда сайын далада үйір-үйір болып жайылып жүретін шөпқоректі жануарларды аулау ісі де үлкен роль атқаратын. Бүгінгі таңда Гоби Алтайы — ел-жұрт тұрмайтын шөлейтті дала, бірақ қадым заманда аш араның аңы жыртылып айрылатын, сол себепті де аң аулауға күллі тайпа қатысатын. Аңды жаппай аулау ісі қуушылар мен аңшыларды арнайы түрде үйрету, жаттықтыруды керек ететін, түркіттерге мұның зор пайдасы тиеді, өйткені аңшылық жауынгерлік ерлікке дайындықтың өзіндік бір түрі, өзгеше маневр болатын. Аңшылық сәтімен өтсе, ел-жұрт етке бір қарық болып қалатын, ал ет тағамы түркіттердің негізгі асы болған , өздерінің азық-түлік қорын молайту үшін, олар бағзы бір кездері тіпті соғыс уақытыңда да аң аулайды екен.
Жабайы және үй жануарларының терілері киім-кешекке, шатырларды жабуға жұмсалған, бірақ мұнымен бірге түркіттер киіз басу, кілем тоқу, жүн маталарын жасау істерін де кәміл игерген.
Түркіттер малының негізгі түрі қой болған, ертедегі түркіттер моласын қазған кезде қой сүйегі көп шығады. Олардың жылқысы да жеткілікті болған түркіттер үшін қымыз шарап орнына жүрген. Ойлы-қырлы, сай-салалы жер жағдайында көшпелі шаруашылықтың мыңғырған малын бағу-күту қиын шаруа, әдетте көшпелілер өз қойын бөлек өргізіп, бөлек жаяды, әрбір үйдің жаз жайлап, қыс қыстайтын бөлек, белгілі қоныс-өрісі болады. Осындай жағдай VI—VIII ғғ. болған, оны бастау-деректің: «Тұрақты қоныстары болмайды139, бірақ әркімнің қамтуында өз жері болады» — деген қысқа да нұсқа сөзі растайды.
Ауылдық шаруашылық жүйесінің экономикалық жеке Гюлшегі ерлі-зайыпты екеудің үйі140 болып табылады. Басқа жүйе — алқа-қотаңдық жүйе, мұнда бірқатар әулет бірігіп көшеді де, түнемелікте қосынды сыртынан арбалармен, күзетпен аршап тастайды. Осынау екі жүйе ұзақ ғасырлар бойы бірін-бірі ауыстырып отырған және ол іс рулық қоғамның дамуымен немесе азып-тозуымен тіпті де байланысты болмаған.
«Чжоушу» жазбасының дәлелді сөзі «Таншудың» осы тектес пікірімен дәйектеледі, одан біз, 641 ж. түркіттер Алашанға көшіп қоныстанған кезде, «онда кең жайылымдар, құнарлы жерлер молтұғын, сол себепті де түркіттер жерді дау-дамаймен бөлісті141» деген сөздерді оқимыз. 1948 ж. менің Алтайда жүргізген археологиялық барлауларым да түркіттер қалдырған ескерткіштердің жеке-жеке алаңқайлар мен өзен-су алқаптарына шоғырланып орналасқанын және оларды жерді пайдаланудың ауылдық жүйесінен өзге жүйелерге мүлде жатпайтынын көрсетеді. В. Я. Владимирцов, алқа-қотандық жүйе қауыпсыздық талабынан туған іс — деп атап көрсеткен еді, сол себепті де қатал да қуатты өкімет далада талаушылық пен тайпааралық соғыстарды жойған кезде жерді пайдаланудың ауылдық жүйесі, түзде өркен жайып шыға келетін болған, ал түркіт хандарының өкіметі тап осындай өкімет болғаны даусыз. Осы тұрғыдан қарасақ, ауыл болып көшу мен жерді жеке пайдаланудың қатар болуының ешбір әбестігі байқалмайды.
Біздің заманымызда әр үйдің көшіп қонуы белгілі бір жермен қатал шектеледі. Мәселен, Тянь-Шань тауында әрбір алқап белгілі бір отбасына бекітіліп берілген, үй иесі кез келген кісіні «өз» алқабы арқылы тау басына көтерілуге рұқсат етпейді. «Жер пайдаланудың бұл жүйесі көшпелі мал шаруашылығының өз табиғатынан туған: мал жайылымының шектеулі болуы, әсіресе судың жетіспеуі көшпелілерді малды бөліп-бөліп бағуға, демек көшпелі шаруашылықты атқаратын отбасыларды да бөлуге мәжбүр етеді. Жер-суды мұқият бөліп, оның шекарасын қатал сақтап отыру — көшпелілерді су көзі мен жайылым үшін, аң ауланатын жер үшін, ағайын арасын қатал қанды соғыстан аман алып қалудың бірден-бір жолы. Бірақ, әлбетте, жер пайдаланудың осынау сипатталған жүйесінің жеке меншікке ешбір қатысы жоқ, өйткені жер сатылмайды да сатылып алынбайды.
Үй-жайы. Тарихшы, бөтен халық мәдениетінен біздің өзімізге мәнді болып. көрінетін белгілерді іздеп табуға тырысып, егер олары жоқ болса, әлгі халықты жабайы санайтын аса қауыпты методологиялық жаңылысудан бойын аулақ салғаны жөн. Мәселен, Европа мен Алдыңғы Азияның халықтары өркениеттің бір басқышына өтіп алып, қалалар салады, олардың архитектурасы таң қалып, тәнті болуға лайық. Түркіттер үйлер салып, бау-бақшалар нуландырмаған, өйткені күні өте суық болғасын, жуыр маңдағы тоғайлардың қу ағашын жағып бітіреді де, мекендеген қалаларын лажсыздан тастап кетеді. Бірақ құдайдың тірі жаны тас күрке мен кесек лашық, әрі жылы, әрі жеңіл, бір жерден екінші жерге оңай көшіре салатын киіз үймен салыстырғанда, тұрғын үйдің жоғарғы түрі болып табылады дегенді дәлелдеп берген емес. Табиғатпен тамырласып жатқан көшпелілерге мұндай үйде тұру еріккеннің ермегі емес, қажеттілік. Жаздың ыстығында дала күйіп кетеді де, мал шалғынды жайлауға шығады, олар Тянь-Шань мен Алтайдың, Ханғай мен Хөнтей жоталарында жатады. Қыста тауларды қалың кар басады да, мал шұбырып, қар аз түсетін далаға келеді, сосын ылғалдан жібіген нәрлі қу шөпті қорек етеді.
Тіршілік-тұрмыс осындай болып тұрғанда, көшпеді үй ең қолайлы нәрсе болмақ.
Ал киіз үйдің жайлы-қолайлылығына келсек, мен сөзді Қытайдың ұлы ақыны Бо Цзюйнге беремін, ол киіз үйді суреттеуге ең тамаша бір өлеңін арнаған. Бұл бастау хатты Лю Мао-цзай жариялаған. (немісше жолма-жол аудармадан орысшаға өлеңмен берілген, оның қазақшасы мынадай).
КӨК ОРДА
Мың қаралы қойдың жүні кетті ғой,
Екі жүздей жүзік ала кепті ғой.
Керегесін үйеңкіден қашаған
Неде болса, бір керемет жасаған.
Солтүстіктің аспанындай көрікті —
Көкшіл орда көк шалғынға қоныпты.
Көк күмбездей көк аспанмен таласып,
Оңтүстікке қалыпты өзі жарасып.
Қанша соқсын, шайқалмайды дауылға,
Қанша төксін, мыңқ етпейді жауынға.
Қуыс та жоқ, бұрыш та жоқ бірақ та
Кіргендейсің жұпар иіс жұмаққа.
Сағынса да кең даласын, тауларын,
Төрінде тұр енді біздің ауланың.
Ай астында көлеңкесін айт оның,
Ол тұрғанда басқа жерді қайтемін.
Жан-жағына кілем, киіз ұстаған,
Түк етпейді қақап тұрған қыс та оған.
Текеметтер — көздің жауын алатын,
Отыраpлaп, сазды әуенге салатын.
Бір жағында сұңқылдайды жыршыңыз,
Бір жағында мың бұралған биші қыз.
Көк ордамда рақатқа батамын,
Ақ киізде аунап-қунап жатамын.
Қақ ортада қызыл алау желбіреп,
Қараңғылық түріледі селдіреп.
Жібек самал желпиді бір бетіңді,
Жұпар шашқан орхидея секілді.
Түнгі аспанға баяу ғана бұралып,
Сиқыр түтін сіңіп жатыр шұбалып.
Бояуларың балқып, еріп барады,
Жыр дегенін тасқан судай ағады.
Пенделерің — күркесі бар қамыстан
Қысы-жазы жел-құйынмен алысқан,
Орхидея шымылдығын көрсе де,
Көк ордадан кетпес еді өлсе де.
Көк ордаға қызығады монах та,
Қызықпайтын жан бола ма жанатқа.
Қонағымды осы жерде баптаймын,
Көк орданы ұл-қызыма сақтаймын.
Төрелерің сарайларын сырлайды,
Бірақ менің көк ордама тұрмайды.
Көп сарайға өрнек салып тастаған,
Көк ордамды өлсем — айырбастаман.
Қытай ақыны орта қолды көшпелі тұратын қарапайым киіз үйді бейнелеген. Хан үйінің жасау-жабдығы тіпті Влахерн сарайының тәж-тақты жайын көрген, Византия императорының сарай бекзаты Менандр Протектордың өзін қайран қалдырған. Ол бір ғана ат тартып жүре беретін жеп-жеңіл алтын тақты хан шатырын суреттейді, «екінші шатыр — алуан түсті жібек әшекей-әлемішке малынып тұрған,» үшінші шатырдағы алтынмен апталған діңгектер аясында алтын тауыстар хан тағына тіреуіш етіп қойылған…. Міне осынау бай жиһаз бізге жетпеген; ағаш пен асыл терілер шіріген, алтын мен күміс қайта балқытылған, ал қару-жарақты тот басып, шаң-тозаңға айналған. Бірақ жазба деректер енді қайталанбайтын, аса бай мәдениет жөнінде сан ғасырлар қатпарынан бізге құнды мәліметтер жеткізеді, ауыз жарымайтын археологиялық олжалардан гөрі, біз оған көбірек сенім артуымыз керек.
Әйелдердің хал-ақуалы. Жеке семья атқаратын қойшы шаруашылығы, әдетте, патриархалдық қарым-қатынас негізінде құрылады, сол себепті де түркіттерде бұдан селкеу шығып кетпесе керек. Құда түсу ісі еркектер билігінде болған, «әке, ағалары не әкесінің інілері дүние салса, әмеңгерлік жолымен, қалған туыстары марқұмдардың әйелдеріне үйленетін болған». Бұған мынадай дәлел бар, мәселен, Ніліхан өлгесін, оның інісі Поши-Тегін тәж-тақпен бірге, марқұмның әйелі, қытай ханшайымы Сянь-шиді де алады. Көшпелі халықтарда әйелді әмеңгерлік жолымен алудың екі мәні болған. Біріншіден, үйге жаңа жұмыс қолы келіп қосылады, ол кез үшін бұл әмәнда пайдалы еді. Екіншіден, әдет-ғұрып жесір әйел құқын қорғап отырған, өйткені жаңа күйеуі оған қамқорлық жасап, оны өз әйелі ретінде қорғауға тиіс. Кейде мұндай некенің жалған болуы да мүмкін, дегенмен де жесір әйел әйтеуір тағдырдың тәлкегіне ұшырап, далада қалмаған.
Түріктер әйелдерді сал-серілердей әдейі қатты құрметтейтін. Баласы үйге кіргесін, әуелі шешесіне иіліп, тәжім еткен, содан кейін барып әкесіне сәлем берген». Орхон жазуында, ордада апа-қарындастары қалып қойып, оларға ажал қаупы төнгенде , Күлтегіннің оны жанқиярлықпен қорғап қалғаны зор шабытпен жырланады. Әйелдері құқ атаулыдан мақрұм қалған халықтарда, мысалы, Гиндикуштің патандарында жаулар әйелді өлтірмейді екен.
Әйелді әмеңгерлікпен алу және әлгіде келтірілген текст сөздерінен полигамия — көп әйел алушылық байқалады, бірақ соның өзі түркіт әйелін құқықсыз қалдырмаған. Егер әйел кіріптар жағдайда болған күннің өзінде, Табари оның күйеуіне зор ықпал жасайтынын білдіріп: «түріктерде күллі істі әйел арқылы жасатуға болады» — деп жазады. Анасының шыққан тегіне айрықша маңыз берілген. Мәселен, ханзада Төременді тақтан тайдырудың себебі «шешесінің шыққан тегінің төмендігі» болады. Әрине, бұл тек желеу, оның саяси жауларының айла-амалы ғана, бірақ сол дәлелінің қызықтығына қараңызшы. Жалпы, өте қатал, тіпті қатыгез құқ заңы әйелді қолдап қорғаған: күйеуі бар әйелді зорлаған кісі өлім жазасына кесілген, қыздың арына қол салған еркек дереу оған үйленуге тиіс болған . Бір қызығы, әйелді зорлау ең ауыр қылмыстармен: көтеріліс жасаумен, опасыздықпен, кісі өлтірумен, тұсаулы атты ұрлаумен қатар қойылған, дала жағдайында аты ұрланған кісіні ажал торуылдайды ғой, ал жай ұрлық үшін зиян шеккен кісінің пайдасына, ақысы он есе артық төленген, төбелесте кісі денесін зақымдағаны үшін айып алынған.
Сөз соңында, тағы бір өзгеше тосын әдетті айтқан жөн, ол жөніндегі мәліметтің бізге жеткен бір себебі, Тан дәуірі кезінде Чаньандағы музыкалық училищенің студент қыздары осы әдет-ғұрыпты түркіттерден қабылдайды. Талап-талғамы ұқсас қыздар өзара салтанатты түрде туысқандық одақ құрады, сонда одақ мүшелерінің саны 14-15-ке жетеді екен, бірақ ол 8-9 қыздан кем болмауға тиіс. Осынау қыздар бір-бірін бауыр-туысқан деп атаған, ал егер бір бозбала олардың біреуіне үйленетін болса, ол әйел атын алады екендағы, келіншектің құрбылары «Қалыңдықтың дәмін тату үшін» (яғни күйеудің) ерлі-зайыптыларға барады екен. Ал, келіншек «өз бауырларынан» күйеуін қызғанбайтын болған, бірақ өзге әйел «бауырластығының» мүшелерімен ондай байланыс жасауға болмайды екен.
Бұл зерттеу еңбегімде мен түркіттер арасында топтық некенің қалай пайда болғаны жөніндегі мәселені шешетін ойым жоқ, бірақ соның өмір сүруінің өзі VI—VIII ғғ. әйелдер қорлық жағдайында болыпты деген мәселені жоққа шығарады. Өз басым көшпелілер әлеміндегі әйел құқын шектеу — кейінірек пайда болған құбылыс, бәлкім, ол моңғолдар кезеңінен кейін Орта Азияға келіп жеткен жалпы құлау-құлдырау халіне байланысты құбылыс болар деп ойлаймын.