ТИБЕТТІКТЕР МЕН ТҮРКЕШТЕР (Л. Гумилев)

ТИБЕТТІКТЕР МЕН ТҮРКЕШТЕР
XXV тарау
Тибеттіктер батысқа бет алды. Тан империясы мен Тибет арасындағы ауыр, қантөгісті және қымбатқа түскен соғыс 718 ж. Империяның жеңісімен аяқталды. Тибеттіктер өз территориясына қуып тығылып, Хуанхэнің тасқынды суы екі халық арасындағы шекараға айналды. Тибеттіктер соғысуды соза алмады, ал тибет үкіметі соғыссыз отыра алмады. Тақ пен ақсүйектер арасындағы тартыс Тибетке ауыр тиді. Патшалар сүйенішті шет жерден келген ілім — буддизмнен табуға тырысты; ақсүйектер өз тағдырларын жергілікті бон дінімен байланыстырды.
Бон діні Тибетке Орта Азиядан әкелінген болатын. Ол сыйқырлық салт жораларымен әлемге табынудан және өлгендердің жанын шақырудан тұратын. Тибеттіктер аспан мен жердің, күннің, айдың, жұлдыздардың және әлемнің төрт құбыласының құдайларына табынды. Олардың дінімен орасан зор шығарма — Амдода өздеріне басып кірген зұлым жаумен күресуші жартылай қиял кейіпкер Гэсэр туралы аңыздар циклі байланысты болды. Гэсэр соғыста ұтылды, бірақ соның өзінде де жауынан кек қайтаратындығына оны құрметтейтіндердің сүйенер негізі болды.
Буддизм экзотикалық құбылыс болатын. Өзін түсініп, қабылдау үшін ол адам ойының белгілі бір даму дәрежесін талап етті, сондықтан оған үнді немесе қытай мәдениетінен нәр алған аздаған адамдардың ғана қолы жетті.
Тибет әскері қатарында буддашылар емес, сол бонның жолын қуушылар шайқасқанын байқау қиын емес; келісімдер мен шарттар жасалған кезде аттар, өгіздер немесе иттер, шошқалар мен қойлар құрбандыққа шалынды. Аурель Стейн Лобнорға жақын Хотан-Дарияның сол жағасындағы Мираннан VIII ғ. немесе IX ғ. басқы кезіне жататын тибет құжаттарын тауып алған. Олар тіпті де буддалық бағыттағы құжаттар емес, өйткені оларда еске алынатын тибет. есімдері көбінесе буддалық есімдерге жатпайды және қазір де қолданылмайды; кейбір атақтар буддаға дейінгі дастандардағыдай; ескі дін белгісінің бондық қалыбы бар; «лама» терміні мен «ом мани-падма-хум» дұғасы кездеспейді; сонымен бірге құжаттардың тілі мен стилистикалық ерекшеліктері діни әдебиеттердің тілінен тым өзгеше.
VII ғ-дың басынан бастап ақсүйектер мен бон абыздары жеті жасында таққа отырғызылған патша атынан елді басқарды. Ақсүйектердің сүйеніші әскерлер болды, оны таратып жіберу — тек сыртқы жаулардан ғана емес, сонымен бірге өз патшасынан да қорғансыз қалғандықты білдірер еді. Ал әскерді әрекетсіз ұстап отыруға болмайды, өйткені мұндай жағдайда олар сенбестік жылдамдықпен іріп-шіриді. Сондықтан өздерінің сүйенішін көршілер есебінен тамақтандырып тұрулары үшін қалай да соғысып, жеңіске жетіп отырулары керек еді; ол уақыттары бұдан басқа тәсілді ешкім білмеді. Алайда, өріс алған оқиғалардың барысына зер салмас бұрын біз VIII ғ-дағы тибет әскері қандай болғандығын қарап көрелік, өйткені оның ерекшеліктері бізге бұдан арғы талдау кезінде тибет экспанциясының тағдырын анықтауға көмектеседі.
Ежелгі тибет қарулары жөніндегі мәліметтер өте аз; қытай хроникасы тек «олардың дулығасы мен сауыттары таза әрі жарқыраған және көзден басқа бүкіл денені жауып тұрады» дейді. Шабуыл жасайтын қаруы жөнінде текстің әр жерінде жебелер мен сақпандар жөнінде еске алынғаны болмаса, ешнәрсе айтылмайды. Ежелгі тибет жауынгерінің сыртқы тұлға-келбетін көз алдыңа елестету үшін және тибет армиясының жеңімпаздығын анықтау үшін бұл, әрине, жеткіліксіз. Осы арада сақпанның еске түсірілуі маңызды, мұның өзі жаяу әскердің көп болғандығын дәлелдейді. Атты әскерлер үшін сақпанды қолдану қиын, өйткені, аттың үстіңде отырып, жерден тас жинастыру әрі сақпанды шиыру мүмкін емес. Тибеттіктердің ата-бабалары — жундар да қытайлықтармен жаяу сапта шайқасып, жеңіске жиі жетіп отырған.
Бірақ қытай жазбалары тылға жойқынды шапқыншылық пен жорықтар жасайтын тибеттің дәл атты әскерлері туралы айтады. Тибеттің VIII ғ-дағы атты әскерлері, сірә, жаяу сап құрып шайқасқан болар. Бұл оқырманды адастырмауға тиіс, өйткені телестіктердің (сеяньто және ұйғырлар) жорықтарға аттанғанда әрқайсысы жетегіне төрт аттан алып, ұрыс алаңына келгенде сол аттарын жылқышыға тапсырып , өздері шайқасқа жаяу-жалпылап кірісетіні белгілі. Атқа мініп сап құрап соғысу тактикасын алғаш рет түркіттер VI-VIII ғғ . игерді және ол ойлы-қырлы жер жағдайында аз қолданылды.
Тан және тибет әскерлерінің тактикалық мүмкіндіктеріне сүйеніп, біз екі жақтың да табысқа жету немесе жете алмау себептерін оп-оңай саралай аламыз. Кең жазықтарда имперліктердің ауыр атты әскерлерінің соққысы тибеттіктердің жиынын басып-жаншып кететін, бірақ тауларда сауыт киген жауынгерлер ойлы-қырлы жерлерді пайдалана білетін, онда Ширақ қимылдайтын садақшылар мен сақпаншылардың алдында дәрменсіз болып қалатын. Сондықтан тибеттіктердің Қытайға басып кіруі бұлардың тұрақты әскерлері басқа жерлердегі соғыстан қолдары босамаған кезде ғана сәтті шығатын; ал имперліктердің шабуылдары тек тау етектеріне дейін ғана жетіп, тауға кіргенде сәтсіздікке ұшырайтын. VIII ғ. осындай ұрыс тактикасы қолданылғандықтан Тан империясы үшін Тибетті жаулап алу шамалары келмейтін шаруа еді. Сондықтан олар тибеттіктерді Сары өзеннің сыртына қарай қуып шығумен қанағаттанды, осы арқылы тибеттіктердің кенеттен жасайтын шапқыншылықтарының жолын кесіп тастады.
Бірақ, тибет әскерлері сыртқы елдермен соғысып отырмаса үйді-үйлеріне тарап кетіп, содан елдің бірлігі де бұзылар еді. Басқарушылар мұны түсінді, сөйтіп, шығыс жолы әлі-әзірше жабық болып қалғандықтан да, олар өз әскерлерінің күштерін батыс жаққа қарай бұрды. Мұндағы күз жартастар мен аңғарлар арасында тибет әскерлері өз қабілеттерін іске асыру жолдарын таба алар еді.
Тибет сарбаздары бір жағынан тайпалардың жасақтары, екінші жағынан тұрақты әскер болды. Бұған істі барынша тапқырлықпен ұйымдастыру арқылы қол жетті. Ол бойынша бүкіл Тибет төрт үлкен әскери аймаққа (ру) бөлінген болатын, солардың әрқайсысы жоғарғы және төменгі бөлімдерге бөлінді, ал олар өз кезегінде кейбір тұстары белгілі бір өлкені мекендеуші тайпаларға сәйкес төрт әскери бөлікті (тонгдэ) жасақтады». Тайпалар көп болса, онда оларды әскерлер арасына топтап бөліп отырды, әкімшілікті-әскери мақсат үшін тайпалық бөліністер де осылайша пайдаланылды. Лxac төңірегіндегі әскери бөлімшелер тікелей патшаның қарауында болғандықтан, олар жалпы қайсы тайпаға жататындығы есепке алынбай жасақталды; өзге әскери бөлімдер өздерінің тайпа ағамандарына бағынды және де кейбір жағдайларда бұл қызметтер ұрпақтан ұрпаққа мұрагерлікпен көшіп отырды.
Феодалдық және рулық-тайпалық қарым-қатынастары терең ойластырыла орталықтандырылып ұйымдастырылған тибет әскерінің күші сол уақыттар үшін орасан зор күш болды. Соның жемтігі болуға тиісті оның батыстағы көршілері тибеттіктерге не нәрсесін қарсы қоя алар еді?
Батыс Тибет. Инданың жоғарғы сағасымен және оның салаларымен суландырылатын Батыс Тибет VIII ғ. басыңда Тибет патшалығының құрамына кірмеген болатын. Онда тибеттіктер мен дардтар тайпалары аралас-құралас тұратын халқы бар шағын иеліктер орын тепті. Онда жағалауындағы Лex кінәздігін өзінің шығу тегін жартылай аңыздық Гэсэрден бастаған әулет басқарды. Сасполды иеленуші Бандель деп аталды, ал Калатсада дард кінәздерінің әулеті сақталып қалды. Мұнымен бірге кейбір елді мекендерді ешкімге бағынбаған тайпалардың көсемдері басқарды. Осы кінәздіктердің бәрі бір-бірлерімен жауластықта болды. Сондықтан тибеттіктердің 718 ж. Тан империясымен бітім жасасып, 722 жылы-ақ «Кіші Балуйта, яғни Гилгитке шабуыл бастағанына» таңғалатын түгі де жоқ. Ал тибеттіктер оған тек Батыс Тибет пен Балтыстанның (Үлкен Балуйдың) қожасы болғанда. ғана жете алатын еді.
Балтыстан мен Гилгит тибеттіктердің тау жолдары арқылы Орталық Азияға шығатын жолын жауып тұрды. Соңдықтан бұл кінәздіктерді бағыттау, жолындағы дипломатиялық күрес барынша өткір сипат алды. 717 ж. тибеттіктерге Памир маңы таулары арқылы Құшаға шапқыншылық жасау үшін өтудің әлі де болса сәті түсіп-ақ жүретін, бірақ сол 717 ж. Үлкен Болуйдың патшасы тибет әскерлерін тау асулары арқылы өткізбеуге шешім қабылдады. Үлкен Болуйдың осыдан кейінгі өз бетінше жүргізген саясатын тарих бейнелемеген, ал «Таншудың» географиялық бөлімінде бұл ел тибеттіктерге бағынады деп көрсетілген.
Тау елі. Памир маңы таулы елінде көптеген титімдей және Кашмир мен Тохаристан сияқты бірнеше ірі кінәздіктер өмір сүрді. VIII ғ. басында олар екі жақты қысым көрді: шығыстан тибеттіктер, ал батыстан — арабтар қысты. Бұл кінәздіктердің иеленушілері, әрине, өз тәуелсіздіктерін сақтап қалғылары келді, сондықтан Империя жағына бейімделді. 710 ж. Қытайға Батыс Гиндукуштегі шағын кінәздік Сиеден елшілік келді. Содан кейін 713 ж. Қытаймен дипломатиялық қатынас орнатып, Тибетке қарсы одақ құру үшін Кашмирден де елшілік келді. Кашмир патшасы өздеріне көмекке әскер жіберуді сұрап, оларды ішетін ас-суларымен жабдықтауға уәде берді. Елшілік Чаньаньнан 720 ж. қайтарылды, соның өзінде одақ формальді түрде ғана құрылып, одан Кашмирге де, Қытайға да ешқандай пайда болған жоқ.
718 ж. Чаньаньта Тохаристан жабғысының інісі іспен келді. Ол өзінің Забулстан, Қапис, Хуттал, Құран, Шұман, Шұтнан, Эфталиттер, Вахан, Жүздан, Бамиан, Қабадиан және Бадахшан патшаларын басқаратының, осылардың арасынан алғашқы екеуінің 200 мыңнан, ал қалғандарының 50 мыңнан салтаттылары мен жаяу әскері бар екенін хабарлады. Соған қарамастан ол тибеттіктер мен арабтарға қарсы соғысу үшін көз жасын төге көмек сұрады, сол себептен іс жүзінде жауынгерлер 900 мыңнан әлдеқайда кем болған деп ойлауға болады . Император таулықтардың тибеттіктермен және арабтармен соғысуды ұйғарғандарын мақұлдап, олардың кінәздеріне ағыл-тегіл құрметті атақтар берді (720 ж.). Бірақ 727 ж. өзінде Забұлстаннан Чаньаньга хат келді. Бұл көмек сұрап, зар илеген хат еді. Өйткені, арабтар жабыла бастаған-ды». Осыдан соң бәрі де тып-тыныш бола қалды.
Кіші Болуйден келген елшілік үлкен табысқа жетті. Батыс Тибеттегі Инда жағалауларына орналасқан бұл кінәздікте үнділіктерге туыс арийлік тау тайпалары — мондар мен дардтар тұратын. Тибеттіктер Болуйдың қожасынан Қашғар мен Құшадағы қытайлықтарға тұтқиылдан барып тиісу үшін өзінің иелігінен Батыс өлкесіне еркін өтуге рұқсат беруді талап етті. Алайда болуйлық иеленуші тибеттіктердің адалдығына сенбеді және сонысы дұрыс та еді, өйткені олар мұның тоғыз қаласын тартып алды. Қытай уәлиі Бэйтнна бұған мазасызданып, Болуйга Қашғардан 4 мың адам жіберді. Жігерленген болуйлықтар тибеттіктерді күл-талқан ете жеңіп, өз қалаларын қайтарып алды. Бірқатар уақыттар бойы Болуй империямен одақтастықта тұрды. Бірақ қытайдың оған көмегі кездейсоқтық тұрғыда болды, ал тибетпен көршілестік — қасіретті фактіге айналды. Болуй кінәздерінің бірі Суджараджа (Сушиличжи) тибет патшасы қызына үйленді, содан Памирдің шығысындағы 20 таулық кінәздіктер Тибетке бағынды. Батыс өлкесінің уәлиі жасақтаған үш жорық сәтсіз болды, сөйтіп, тибеттік экспансия, жалғастырыла берді. Тибеттіктердің батыстағы қысымын әлсірету үшін империя үкіметі 724 ж. шығыстағы соғысын қайтадан бастады. Ол соғыс алма-кезек табыспен өрбіп, қайтадан бітім жасасылған 730 ж. дейін созылды. Бұл жолы тибеттіктерге Болуйды ойсырата жеңудің сәті түсті, ал император болса жеңілгендерге, әрине, ешқандай пайда келтірмеген дипломатиялық наразылық білдірумен ғана шектелді. Болуйдың жазасын беріп, тибеттіктер Тохаристанға тиісті, бірақ қытай әскерлері оларды тойтарып тастады.
Чаньаньға Үндіден де елшіліктер келіп, тибеттіктер мен арабтарға қарсы соғысуға әскер сұрады. Осындай өтінішпен 713 және 719 жж. Гибинь де келді. Егер түрік салтаттылары «табгач ханына өзінің жаны мен күшін беруді жалғастыра түссе Тан әулеті мұсылмандардың бетін қайтарар ма еді, Тибетті жаулап алар ма еді, бір-бірлерімен жауласушы. иеліктерге бөлшектелген Үндіні өзіне қаратып, бүкіл Азияны біріктірер ме еді, қайтер еді. Бірақ бұл салтаттылар әулетке қарсы шайқасты, сондықтан ол соларды не жеңіп немесе қырып-жоюға тиіс болды. Империялық феодалдық құрылыс. Орта Азияға шығу тибеттіктерге зор мүмкіндіктер ашып берер еді. 715 ж-дың өзінде-ақ бұлар арабтармен ұғыныса алды. Тибеттіктер арабтарға өздерінің Сырдария алқабына, яғни Соғдианаға дәмесі бар екенін білдірді.
Арабтар тибеттіктерге Тарым алқабын иеленуге рұқсат етті. Тянь-Шаньнің солтүстігіндегі даланы түркештер басып алды. Сондықтан империя өкіметі үшін басы артық бір аршын жер де қалмауға тиіс болды. Міне, дәл осы дәуірде Тан әулеті үшін Орта Азия ерекше маңыз алды. Бұл әулеттің өз ішінде қытай мен түрік мәдениеттерінің элементтерін қатар алып жүргендігі және де осы екі элементті теңестіруге талпынғандығы жоғарыда көрсетілді. Осы дәстүр қытайлықтар жүзеге асырған мемлекеттік төңкерістер мен түріктердің көтерілістері кезінде бұзылды, бірақ Сюаньцзун өкімет басына дәл осы ежелгі дәстүрді қолданушы ретінде келді.
Алайда дала Империядан біржолата бөлініп шықты. 720 ж. түріктердің жеңісімен және түркештер күш-қуатының қайта қалпына келтірілуімен аталып өтті. Демек, далалықтардың орнына Империяның ықпалы артып келе жатқан қытайдың қол астындағыларға қарама-қарсы тұра алатындарды іздестіруі керек болды. Сірә, бұл орайда империя үкіметінің көңілі соғдылық және тохаристандық сұлтанаттарға тоқтаған тәрізді, өйткені сол кезден бастап оларға күшті ықылас ауушылық сезіледі. Имперлік үкіметтің мінез-құлқынан Сюаньцзун көлемді феодалдық империя құруды ойлады деген қорытынды жасауға негіз қалайтын коғамдық құрылыс нышандары байқалады. Және де ерекше есте қаларлығы сол, ол қоғамдық құрылыс «оммаж, фуа және инвеститура принципіннен лендік жүйемен жүзеге асуға тиіс еді. Ал қытайдың өзінде бұл жүйе бенефис (қатысушылық бірінің пайдасын қарастыру) таратумен шектелді.
Чаньань сарайы өзара қарым-қатынастың негізі ретінде қабылдаған жүйе мынаны білдіретін. Император Заңды өкіметтің бірден-бір қожасы болып жарияланды. Көрсетілген көзқарас жүйесіне сәйкес тек сол ғана шетелдік кінәзді бекіте алды, сонымен бірге оған құрметті атақты да және оның өзіне меншікті жерін мұрагерлікке де немесе өмір бойы иеленуіне де сол берді. Ал кінәз осы арқылы империя жүйесіне енді, әрі императорға ниетінің түзулігімен борышты болды. Шетелдік кінәзден алым-салықтар талап етілмеді, керісінше оған сәнді сыйлықтар, негізінен жібек маталар жіберіліп отырды. Қытайлықтар кінәздіктердің ішкі істеріне араласуға тырыспады, сол себепті құрметті атақ пен инвеститура алған (бір іске, кәсіпке капитал салу) кінәз тек қана ұтып шығушы болып көрінді. Өйткені, бұл үшін төленетін ақы тек императорға — сюзеренге (оммаж) сый-сыяпат көрсетумен ғана бағаланатын еді. Соңдықтан 717 ж-дан 740 ж. дейінгі кезеңде түркеш ханы, соғдылық және тохарстандық сұлтанаттардың бәрі дерлік, тіпті, үндінің бірнеше радждары Чаньаньға одақтасуды өтініп, өз елшілерін жіберді.
Алайда империя өкіметі мұндай жағдайдан өзіне қандай пайда келтіре алар еді? Өзіне жаңа ерікті одақтастарды кіріптар етіп, ол түріктер беруден бас тартқан солардың «еңбектері мен күштерін» алғысы келді. Адалдық принципін пайдаланып, империя үкіметі орасан зор қарулы күш құруға талпынды және соның көмегімен Тибетті басып-жаншып, арабтарға тойтарыс беріп, наразылар мен бағынбайтындарды тізе бүктірмек болды. Тек осының бәрін шығыс шекарадан бірде-бір әскерін әкетпей, тек жергілікті күш-мүмкіндіктер есебінен іске асыру керек еді. Имперліктер арабтар мен тибеттіктердің тонаушылығынан қорқыныш Орта Азияның барлық халқын өздерінің құшағына ендіреді және өздеріне тек оған ұйымдастырушылық сипат беру ғана қалады деп есептеген.
Бірақ ортаазиялық бектер Империядан мүлде басқа нәрсені күткен еді. Оларға өз жауларынан қорғайтын күш қажет болатын. Егер Давань уәлиінің қарамағында бірнеше ондаған мың найзалы сарбаз болса, онда оны қолдаушы табылады. Алайда, оның нашар жаттықтырылған аз ғана әскерімен арабтарға және тибеттіктерге қарсы соғысу үшін одақтастардың күшін пайдалану керектігі жөніндегі жоғарыдан алған жарлық қана бар. Ал бұл одақтастар осы соғысты жүргізуде өз күштері таусылғаннан кейін ғана Қытайға бас ұрған едім. Олар өздеріне көмекке әскер жіберілуін қалады, ал Қытай болса олардан қосымша күш алу мүмкіндігін күтті. Соғдианадағылар, міне, осыны түсінісімен-ақ үмітсіз іс ретінде арабтарға қарсылық көрсетуін бірден доғарды. Дәл сол кезде Тан империясының өлі туған лендік жүйесі де құлады. Міне, осы арада Сұлу қаған қалпына келтірген түркеш қағанаты алдыңғы орынға суырылып шықты.
Қара түркештер. Жоғарыда айтылғанындай түркеш халқы екі тайпадан — мұқрылар мен абарлардан пайда болды. VII ғ. өзінде-ақ түркеш тұқымдары сарыларға (мұқрылар ұрпағы) және қараларға (абарлар ұрпағы) бөлінді. Бұл арада Азияда сары түс — ақсүйектерді, ал қара түс — бұратана халықты бейнелеп келгенін ескерген жөн. Бір кездері бұлайша бөлудің өз негізі болды, әйтсе де VIII ғ-да ата-бабаларынан қалған бір-бірлерін жек көрушіліктен басқа сары және қара тұқымдар арасынан ешқандай айырмашылықты байқау мүмкін болмайтын. Үшжеле мен Согэ сарыларға жатты; түрік шапқыншылығынан кейін орданы қалпына келтірген Сұлу қаралардан шықты. Сұлу өзінің атақ-даңқын өте қарапайым әдіспен асыра білді: «Әрбір шайқастан кейін қолға түскен олжаны түгелімен бағыныштыларына бөліп беріп отырды, сондықтан тұқымдастары разы болып, оған бар күш-жігерлерімен қызмет етті». Батыста шабуыл жасап келе жатқан арабтарға қарсы шайқаса жүріп Сұлу түрік ханымен, тибет этносымен және 722 ж. императормен дипломатиялық некелесулер жасасты, соның өзінде бұлардың соңғысы оған Ашин тұқымынан шыққан патша қызын берді. Ол империя әскерінде қызмет еткен бір ханның (Хуайдаоның) қызы болатын. Мұның өзі бұл ерлі-зайыптыларды тек көшпелі ақсүйектердің ғана емес, сонымен бірге империяның менменсінген аристократиясының да санатына жатқыздырды. 737 ж. дейін бәрі де толық аман-есендікте болды.
Түркеш қағанаты мен Тан империясы арасындағы қарым-қатынастар хроникасы жоғарыда баяндалған лендік жүйенің тамаша көрінісі болып табылады. 717 ж. Сұлу өзін қаған жариялап, арабтармен және тибеттіктермен бірге империяның Бохуаньдағы (Екіарық) және Дашидегі (Ақсу) гарнизондарына шабуыл жасады. Тек қарлұқтарды алып келген түрік ханзадасы Ашин Хяннің дер кезіндегі араласуы ғана жағдайды құтқарып қалды. Бірақ 718 ж. өзінде-ақ Сұлу шен мен бектік атақ алды, ал келесі жылы ресми түрде «адал әрі тіл алғыш хан» деп аталды. Осыдан кейін ол арабтарға қарсы белсенділікпен күресе бастады және де араб құжаттарында ол «қытай императорының жиені» деп аталады. Әрине, мұны олардың туыстық жағдайын белгілеу деп түсінбеу керек. Империямен одақтастықта болу түркештердің тылын қамтамасыз етті, өйткені олардың солтүстіктегі көршілері — қарлұқтар империя саясатының арнасында еді.
Арабтар өз тарапынан түркештерді өздерінің одақтастары етуге әрекеттенді. Бірақ олардың осы орайдағы тәсілі басқа, яғни исламды насихаттау болды. Халиф Хишам (724-743) Сұлуға мұсылман дінін қабылдауды ұсынып, оған осы діңді уағыздаушысын жіберді. Бұл қадам барлық мұсылмандардың рухани әрі шынайы басшысы халифқа оның саяси бағыныштылықта болуымен байланыстырылды. Хан елшінің қатысуымен әскерлерінің байқауын өткізді, сонан соң аудармашысына былай деді: «Мына елшіге айт, бұлардың арасында шаштараздар да, ұсталар да, тігіншілер де жоқ; егер олар ислам дініне бой ұрса, онда өмір сүрулері үшін күн көрістік нәрселерін қайдан табады деп өзінің мырзасына айтып баратын болсын.
Түркеш ханы діні бірлік халифке не үшін қажет . болып отырғанын өзінің өте жақсы білетінін аңғартты. Арабтар ол кездері дінге жаңадан тартылғандардан салық алмау жеңілдігін жойған болатын, яғни мұсылмандар босатылғанымен, дінге жаңадан тартылғандардан харадж алынып тұратын, сондай-ақ олар өз әскерлерінің қатарын толықтыру үшін пайдаланылатын. Оның есесіне Империямен достық және соғдылық диқандарға қызмет ету түркештерге жібек матамен әрі алтынмен төленетін. Сондықтан Сұлу халиф әскерлеріне қарсы күресін бүкіл күш-жігерін сала жүргізіп, олардың ілгері жылжуын тоқтатқан-ды. Түркештердің арта түскен күш-қуаты соғдылықтарда арабтардың қатал езушілігінен құтылу үмітін тудырды. 720-721 ж. Соғдыда көтеріліс бұрқ ете қалды, бірақ оны арабтар тез-ақ басып тастады. Алайда ол көтеріліс 724 ж. тағы да қайталанып, бұл жолы түркештер көтерілісшілерге көмектесуге үлгере алды. Арабтар мейлінше табандылықпен әрекет жасады. Көтерілістің көсемі диқан Диваштич тұтқынға алынып, керіп тастап өлтірілді. Соған қарамастан түркештер мен аман қалған көтерілісшілер Соғдыдағы араб өкіметін тас-талқан етіп жойды. Тек 728 ж. қайталама шабуыл ғана Соғдыны қайтадан арабтардың қолына берді.
Түркештердің Соғданадағы іс-әрекеттерін талдай отырып, біз одан үлкен шайқастарды да, үсті-үстіне берілетін соққыларды да немесе алдын ала ойластырылған операцияларды да көре алмаймыз. Түркештер онда шағын соғыстар жүргізді. Олардың адуынды атты әскер бөлімдері барлық жерде де арабтарды шымшылап, қашанда әбден қалжырауға ұшыратып отырды. Соғды жұртшылығының қолдауымен жүргізілген бұл соғыс тактикасы араб гарнизондарын әрдайым өте қатты абыржушылық жағдайда ұстады. Арабтарға тек соғыспен басып алған қалалар мен бару жолы оңай алаптардағы қорғансыз елді мекендер ғана бағынды. Таулықтардың ислам туралы және соған байланысты салықтар жөнінде естігілері де келмеді. 737 ж. Асад ибн-Абдаллах Хутталянға шабуыл жасап, естерінен тандырыла соққы алды. Сол кезде соғдылықтар азаттыққа жетудің сәті түсті деп есептеді, сөйтіп, Самарканд, Чач және Фараб бөлініп шықты. Мүмкін осы жолы оларға арабтардан құтылудың сәті түсер ме еді, бірақ оған шығыстағы оқиғалар кедергі жасады. Ашин хан қызы, түркеш ханшасы бірде неге екені белгісіз Құшаға қуғыншы жіберді. Өтініш бұйрық түрінде айтылды, өйткені оның хандық абыройы осылай білдірілуге тиіс еді.
Батыс өлкесінің уәлиі, қытайлық Ду Сян жеткізілген өтініштің сарынына шамданып: «Ашиннің қызы маған қалайша ғана бұйыра алады!» деді, сөйтіп, оған жауап қайтармады. Осының өзі-ақ іргені аулақ салуға жеткілікті болды. Ханның абройына дақ түсірілді, даланың «ұзыны құлағы» бұл хабарды бүкіл елге таратып жіберді. Ал бұдан ханның мәртебесі зиян тартуы мүмкін еді.
Қытайлық Ду Сян өзінің осы тәкаппарлығы мен ашушаңдығы соғыс туғызады деп, сірә, ойлай қойды ма екен. Бұл арада бәрінен бұрын қытай мен түрік психологиясы арасындағы өзгешеліктер көрініс тапты. Қытайда Ду Сян үстінен сөз жеткізу жазылар еді және ол байланыстары болғандықтан одан қорықпас та еді; ал Орта Азияда болса бұл жәйт қатты ашу туғызды, сөйтіп, Сұлу тибеттіктермен одақтасып, Құшаны қоршап алды. Ду Сян бекіністе болмай шықты. Бұл кезде ол жоғары қызмет алып, Қытайға кетіп қалған-ды. Оның орынбасары бекіністі қорғаумен шектелуге мәжбүр болды, өйткені, далаға шықса ол сезсіз жеңіліске ұшырар еді. Сұлу Батыс өлкесіндегі қытай отарларын тонап алды әрі өзін жәбірлеуші қолы жетпейтін жерде екенін білгеннен кейін Құшаны қоршауын доғарды. Дегенмен, екі майданда соғысу және арабтармен күресудегі сәтсіздіктер түркеш елі үшін шеменді болып шықты. Сұлу «мардымсыздықты сезіңді, сол себепті тонап алған олжаларын бөліске салмай, аз-аздап өзіне алып қала бастады. Сондықтан қол астындағылары да одан бөлініп кете бастады». Бұл үзіндіден түркеш хандығының бүкіл табиғаты айнадағыдай көрінді. Тағылар тек бірлесіп тонау арқылы ғана бір-бірлерімен байланыста болған еді. Алайда, ата-бабаларынан мұра етіп алған осы байланыстың өзі де «бекзаттар» мен «құл-құтандар» арасындағы айырмашылық салдарынан тарқатылып үзіле бастады.
Бүкіл түркештік қуат ханның күш-жігері арқасында асып-тасып тұрған еді. 738 ж Сұлуды сал ауруы төсекке алып ұрды Сол-ақ екен, ордада жинақталған наразылық бірден сыртқа тепті Чумугувдер209 тайпасының Кюльюг-чурі құрметті атағы бар ақсүйек Бага-тархан (есімі белгісіз) түңде ханды өлтіріп, өкіметті басып алуға әрекеттенді.
Осыдан кейін бірден сарылар мен қаралар арасындағы сол кезге дейін бықсып жатқан жауластық оты лап ете қалды. Сарыларға Баға-тархан басшылық етті, ал екінші бір ақсүйек хан етіп Сұлудың ұлы — Тухосянь Гучжоны қойды. Тухосяньге түркештердің Шy өзені бойындағы қоныстары мен Талас қаласын қорғаушы, қара тұқымнан шыққан Живэйхан бағынады. Баға-тарханның байрағы астына сары түркештерден басқа Батыс өлкесінің, Ферғананың, Чач пен Кештің жасақтары, сондай-ақ империяның «Ұлы Құм Даладан батысқа қарайғы елдегі бас басқарушысы» топтасты. Шу өзені бойындағы шайқаста қара түркештер күйретіліп, Тухосянь тұтқынға алынды. Қашғарлықтар мен ферғаналықтар Таласты талқандап, Живэйханды өлтірді. Сұлудың барлық жесірлері мен Живэйдің жесірі жеңімпаздардың қолына түсті. Тұтқындар Қытайға жіберіліп, мұнда оларға кең пейілді кешірім жасалды, ал Тухосяньға тіпті шен де берілді. 739 ж. Империя Орта Азияға өзінің үстемдігін қайтадан орнатуға әрекеттенді. Сары тұқымдар соғдылықтардан одақтастарын тапты, демек, түркеш аристократиясы соғды мәдениетіне тартыла бастады деген қорытынды жасауға болады.
Бірақ империя үкіметі тағы да мүлт жіберді. Бұрынғы болып кеткен жағдайларды қайта орнатуға тырысып, император «он жебенің» басқарушысы етіп Ашин ханзадасы Хиньді тағайындады. Жаулап алынған түркештер соған бағынуға тиісті болды. Әйтсе де осы арада сары түркештердің көсемі Баға-тархан қатты ашуланып, басқарушыға өзін тағайындауды талап етті. Сол кезде Баға-тархан үшін түркештерді «он жебеден» бөліп берді, бірақ бұл ымыраға келу саясаты сәтті шықпады. Қытайдан жіберілген Ашин Хинь 740 ж. Цзюйлань қаласы түбінде түркештердің шабуылына ұшырап, қаза тапты. Имперліктер мұны кешіре алмады. Қалай болғаны беймәлім, әйтеуір Бага-тархан ұстап алынып, өлтіріледі, ал батыс қоныстарын басқару оның бақталасы — Думочжиге сеніп тапсырылады. Бірақ 742 жылы-ақ қара түркештер Ілетміш Құтлуғ Білгіні (қытайша Илиди Миши Гудулу Бигя) өздерінің ханы етіп сайлайды, ал империя үкіметі оларды тыныштықта қалдырады. Арабтарға қарсы күресу үшін Чачтың басқарушысы императордан өздеріне әскер жіберуді өтінген еді. Бірақ император одан бас тартты, себебі, басқа жерлерде соғысу үшін әскер оның өзіне де керек еді. Сондықтан ол түркештерді де елеусіз қалдырды — оларға жәрдемдесерлік мұршасы болмады.
Бұл аралықта Қорасан мен Мауараннахрдың жаңа уәлиі Наср ибн-Сейяр жаңа әскери күшпен Соғдыға еніп, 737 ж. Харистан маңында көтерілісшілерді тас-талқан етіп жеңді. Осы кезде Құшаны қоршап жатқан түркештердің болмауы арабтардың табысқа тез жетуіне жол ашты. Наср Самарқандтағы, Чачтағы және Фарабтағы қарсыласуларды басып, 738 ж, сыртында ылайланған теңіздей кең дала тербеліп жатқан тұрақты шептерге орнығып алды. Сұлудың өлімі мен өзара талас-тартыстар түркештерді арабтар шабуылын тойтарып тастау мүмкіндігінен айырып, соғдылықтардың кек қайтаруға деген үмітін сөндірді. Арабтардың Орта Азияны жаулап алуы аяқталды деп есептеуге болғандай еді.
Наср ибн-Сейяр өзінің алдындағылардан гөрі неғұрлым шебер саясатшы болып шықты. Ол зорлық-зомбылық шараларынан бас тартып, 740 ж. бейбітшілік жариялады. Осы бейбітшілік келісімінің бір шарты бойынша Наср тек дінге еріктілікке кепілдік беріп қана қойған жоқ, сонымен бірге исламнан бас тартқандарға да толық кешірім жасады, өйткені соңғы соғыстар тұсыңда көптеген соғдылықтар ата-бабаларының дініне қайта оралғандықтан, жаңа дінге сатқындық жасағандары үшін қолданылатын жазадан қорқып, далада, түркештерде жасырынып жүрді. Бұған кешірім жасау олардың қайтып оралып, жаңа өкіметтің әміріне көнулеріне мүмкіндік туғызды. Бейбітшілік келісімі соғыстың қол жеткізе алмаған мақсат-мұратына жеткізді: Соғды даладан жұлып алынып, Хорасанмен біріге қосылып кетті.
Тибет-қытай соғысы. VIII ғ-да Тибет барынша жаугершіл ел болды деп шүбәсіз атап көрсетсек те, Тан әулетінің таянышына айналған қытай шекарашылары жаугершілігі жағынан көршілерінің бәрінен де асып түсті. Соғыс олардың кәсібі әрі жоғарылауының бірден-бір амалы, яғни өмірлерінің мақсаты мен мәні болды. Ал тибет малшыларына келсек, олар соғыстан кейін үйлеріне таратылысымен өздерінің бұрынғы табиғи тұрмыс-жағдайына қайта оралатын. Өткен соғыстағы жеңілістерінен кейін тибет әскер бастықтары қорғаныстық шаралармен, яғни жер бекіністерін салумен шектелді. Өйткені, қытай шаруалары тибет көшпелілерінен қаншалықты қауіптенсе, тибеттіктер қытай шекарашыларынан соншалықты қауіптенді. Сондықтан 731 ж. тибеттіктер империя әскерлерінің қолбасшысы Цуй Симяннің бейбітшілік келісімін қайта жаңғырту жөніндегі ұсынысын қуана қарсы алды. Ол келісім түйреп өлтірілген ақ иттің мәйіті басында ант берумен бекітілді, себебі сол ақ иттің рухы айтылған уәделердің мызғымастығын қорғауға тиіс болатын. Осыдан кейін тибеттіктер «шекаралық сақтық шараларын жайына қалдырып, мал шаруашылығымен айналысып кетті».
Алайда қалыптасқан жағдай төменгі шекаралық командирлерді тіпті де қанағаттандыра қойған жоқ сөйтіп, солардың арасынан біреуі қорғанысқа дайындығын доғарған тибеттіктерді талқандаудың оп-оңай екендігі жөнінде сарайға баяндама тапсырды. Сірә, күштердің ара салмағын нашар білген болар, император бұл жобаны мақұлдай салды. Хэсидегі әскерлер қолбасшысына ешнәрседен күдіктенбеген тибеттіктерге шабуыл жасау туралы бұйрық жіберілді, ал ол өзінің пікірі мен берген антына қарамастан, ол бұйрықты орындауға мәжбүр болды. 737 ж. шапқыншылық сәтті шықты, тибеттіктердің 738 ж. Хэсиге қарсы шапқыншылығы тойтарылып тасталды. Бірақ, дарынды қолбасшының ар-ұяты күшті еді, сол ар-ұяты мұны берген уәдесін бұзғаны үшін қатты қинайтын. Ақ иттің елесі оның түсіне де ене бастады, сөйтіп ол «оймен көз алдына елестетуден», немесе өзіміз айтатынымыздай, жүйкесі жұқарудан қаза тапты.
Оның орнын басушыларға сенгіш әрі алданғыш адамдар бойынан табылатын қатыгездікпен кездесуге тура келді. Енді Тибетке басып кіру жөнінде әңгіме де болмай қалды; бұған керісінше, алма-кезек табыстар барлық соғыс қимылдарын Хухунор көлі айналасындағы қатал қырқысуларға әкеп тіреді. Тегіс жерлердегі ашық шайқастарда имперліктер жеңіске жиі жетіп отырды, ал бекіністерді қоршап қамау оларға тым қиынға соқты. Мысалы, 749 ж. бірнеше жүздеген тибеттіктер қорғаған тау бекінісіне шабуыл жасау оларға бірнеше ондаған мың адамның өміріне түсті. Соған жауап ретінде тибеттіктер тегіс жерге салынған қытай бекінісін оп-оңай басып алып, оның гарнизонын түгел қырып-жойды. Соғысты бастау оны аяқтаудан гөрі әлдеқайда оңай болып шықты. Солтүстік пен батыста табысқа жете тұрса да, бұл ойынға жаңа серік кірісіп, күштердің ара салмағы түбірінен өзгергенше империя армиясы Тибетте 751 ж. дейін омбалап қалды.
Солтүстік пен батыстағы саяси проблемаларды шешудің соңына түсіп жүріп, империя үкіметі Юньаниде 738 ж. бастап Наньчжао кінәздігі құрылған оңтүстікті ескерусіз қалдырып қойды. Оның жігерлі басқарушылары дара-дара өмір сүрген тайпаларды біріктіріп, 748 ж. Қытайға тәуелсіз болу бағытын ұстанды. Ашықтан-ашық дауласу 751 ж. алып келді. Қытайдың алпыс мыңдық армиясы бүкіл халықтың ынтымақты қарсыласуына тап болды және Сиэр көлі маңындағы 751 ж. шайқаста түгел дерлік жойылып жіберілді. Наньчжаоның патшасы Голофон басқа бағыт алып кетуі ықтимал соғыстың созыла беруінен қорқып, Тибеттен көмек сұрады. Екі ел одақ құрды және тибеттің қолдаушылығы арқасында жаңа қытай армиясы 754 ж. тамтығы қалмай талқандалды. Бұдан кейінгі оқиғалар Қытайды кек алу мүмкіндіктерін іздестіруден айырды, сөйтіп, Наньчжао өзінің дербестігін сақтап қалды.
Империя үшін мұншалықты үлкен зиянның есесі Хэсидегі табыстарымен ішінара қайтарылды. 753 ж. бұл облыс тибеттіктерден тазартылып, онда тез арада қытай әкімшілігі орнатылды. Тибет және Үнді. Наньчжао қытай мемлекеттілігі оңтүстік ормандық тайпаларының қарсы әрекеті нәтижесінде құрылды. Ол осы заманғы Сычуаньнің оңтүстік бөлігін қамтыды, қытайлықтардың Тонкинге баратын жолын кесіп тастады, оңтүстігінде Бенгаль шығанағына дейін созылып, үнді мәдениеті мен буддизмнің ықпалында болды. Міне, осыдан, әрине, Тибетке бағыт ұсталды, өйткені, тек осы мемлекет қана Наньчжаоға өзінің дербестігін сақтап қалуына көмектесе алар еді. Осымен қатар Наньчжаомен одақтасу тибеттіктерге Шығыс Үндіге кіруге де жол ашты. Жеңісінің бекемдігіне деген сенімсіздік Голофонның бүкіл саясатына тән сипат. Сондықтан болар ол қабірі басына өзінін іс-қызметін баяндаған жазуы бар тақта орнаттырып, онда өзінің қателігін ашу правосын ұрпақтарға қалдыратынын мәлімдеген. Дәл осы кезде Үндінің батыс өлкесінде Кашмир патшалығы қуатты күшке айнала өсіп жетілді. Кашмир патшасы Лалитадитья Муктапида (700-736) Пенджабты, Канауджды, Бадахшанды бағындырды* және 703 ж. Тибетпен сәтті соғысты. Бірақ Үндінің өз ішіндегі бұдан арғы оқиғалар Кашмирді Тибетпен татуласуға көндірді. Міне, осы уақытта Солтүстік Үндіні буддизмнің жауы болған раджпуттардың жаулап алуы басталды. Үнді буддашылары қарсылық ұйымдастыра алмады; сондықтан брахман (діни жоғары кастаның мүшесі) Кумарилла Бхат қайта құрған ежелгі дін жеңіп шықты. Өз діндестерінің апат болғанына Тибет те, Кашмир де немқұрайды қарай алмады. 8 ғ-дың аяғында Кашмир патшасы Жаяпида Солтүстік Үндіге басып кіріп, Бенгалия мен бөлініп шыққан Канауджды бағындырды. Бұл патша «ілімнің қамқоршысы» деген буддалық құрметті атақ алды. Тибет хабарларында сондай-ақ Бенгалия Тангаға дейін жаулап алынды деп еске түсіріледі, бірақ бұл мәліметтің жазылған уақыты қойылмаған, әрі оқиғалардың барысын қалпына келтіру үшін мейлінше қысқа айтылған. Тек оңтүстік шекара тибет патшасының назарын шығыс шекарадан кем аудармағаны, Үндідегі буддизмді сақтап қалу әрекетіне раджпуттардың табанды да табысты қарсылық көрсеткені және азиялық мемлекеттер арасында Тибеттің бірінші орынға шығуға талпынғаны әбден анық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *