ТАН ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ТУУЫ
XIII тарау
Суй үйі мен түркіттер. Суй үйінің шығыс түркіттерді билеуі біржолата бекіп қалғандай еді. Жәңгір Кимінхан шекараны қорғап қана қоймайды, сонымен бірге өз халқын қытайларға ұқсас ету үшін қолынан келген шаралардың бәрін істеп бағады. Ол түркіттерге күшпен қытай киімін киіндіруге, үй тұрғызып, егін салуға көндірмек болады. Оның өз басы, бұл үшін қытайлар әдейі салып берген , Кинко мен Динсян атты шағын қалаларда тұрса, ханның бодандары киіз үйде тұрғанды жақсы көретін. Хан өзінің бірден-бір тірегі император екенін көміл түсінетіндағы, осынау одақты жалғыз ғана жолмен — қытай ханшайымына некеленіп қосылу жолымен нығайтпақшы болады. Қырсық соққанда, оның бірінші әйелі дүние салады да, ол дереу оның орнын басатын ханшаны сұрайды. Жаңа ханшайым Ичжен көз ілеспес жылдамдықпен әкелінеді, өйткені, кейін анықталғанындай, ол әйел рөліне қоса құпия тыңшы рөлін де атқарады екен. Оның ханның іс-әрекеті халықтың көңіл күйімен мүлде қабыспайтынын байқағаны дәйексіз еместі.
607 ж. Ян-ди хан мен ханшаға үлде мен бүлдеден тігілген киім, алтын құмыралар мен жібек маталар сыйлайды. Осындай тарту-таралғы ханзадалар мен бекзадаларға да беріледі. Оларға бұл тарту аз көрінгендей болғасын, өздері қытайларға сату үшін үш мың жылқы айдап барады да, қазынадан 13 мың бума жібек, өлшеусіз көп мүлік алады, бұл шын мәнінде астыртын сатып алушылық еді.
Мұның есесіне сол 607 ж. қытай халқының түріктермен тікелей сауда жасауына жарлықпен тиым салынады, соның салдарынан түріктер өз мүлкі санап кеткен тауарларынан айрылады. Қытай үкіметінің есебі түсінікті болатын, үкіметтің өзі адал қызмет қылады деп сенген хандар мен сұлтандар тарту-таралғыға шашетектен келіп байыған, ендеше қарапайым сарбаздар хандар мен бекзаттар қолынан басартық байлығын алады да, оның есесін ұқыпты да адал қызметімен қайтарады. Ал қатардағы жауынгерлер өздерінің қажет мұқтажын емін-еркін базарға барып тауып жүрсе, хан оларды несімен қызықтыра алады. Оларды ханның көмегінсіз қытаймен ымыраға келтірем деп әуре болғаннан түк шықпайды. Мұның үстіне Ян-ди, өз одақтастарынан бөгет арқылы бөліну үшін, Бэй-Ци империясы бастаған Ұлы қамал бекіністерін қалпына келтіру ісін жалғастыра береді.
Бұл саясат» қайырымдылык пен әлсіздік» деп аталады. Қағанат тағында өз халқының күш-жігерін байлап-матайтын билеуші отырған шақта ол саясат әйтеуір табысты болады.
Жәңгір бұл рөлге мейлінше сай келетін, бірақ 608 ж. күзінде ол дүние салады да, Ян-ди оның ұлы Дұғишадты хан етіп тағайындайды. Бұл тәж-тақ мұралығы жөніндегі түркіт заңын бұрмалау болатын, бірақ Ян-ди енді түркіттерден қысылмаса да болады деп есептейді. Дуги «Шибірхан» лауазымын қабылдап, әйел етіп әкесінің жесірі, қытай ханшасын алады, сөйтіп түркіт әдет-ғұрпына сәйкес іс жасайды. Осынау бірінші қадамының өзі-ақ жаңа ханның дәрменсіз де момын әкесіне емес, елден ерек қу және мансапқор атасы Чулохоуға ұқсас екенін көрсетеді.
Жаңа ханның жағдайы аса ауыр болатын. Біріншіден, ол әкесінің құбылмалы жағымпаз саясатына жалғастыра алмайтын. Бұған оның бодандары қарсы еді, ал мұның өзі де олардың Қытайды жақтырмайтынын қолдайтын. Бірақ екінші жағынан, қағанаттың арқа сүйер тылы жоқтұғын. Батыс түркіттері қанқұйлы жау еді, ал Таманханды Шегуйханмен алмастыру қағанаттардың өзара қарым-қатынастары сипатын өзгертпейді. ұйғыр, бұғы, тонгра, байырқу, қидандар мен татаптар сияқты көшпелі бодандар еткен бүліншілік кезінде өздерінің адалдығынан оп-оңай айнып қалатынын көрсеткенді. Ақырында, Қытайдың күш-қуатын жеңу мүмкін еместей көрінеді, ал бірақ түркіттер бостандығының жаңа таңын атыратын оқиғалар тап сол елде басталады.
Ян-ди. Вэй Чжэннен (VII т.) бастап, профессор Шан Юэге (XX г.) дейінгі Қытай тарихшылары император Ян-дидің жеке басына, әсіресе оның қимыл-әрекеттеріне мейлінше теріс көзбен қарайды. Едәуір дәрежеде олардың да сөзінің жаны бар, бірақ соның бәрі кездейсоқ жасалмағанын еске алу керек. Ян-ди өзін таққа отырғызған таптың әсіре өкілі болған, сол себепті де ол тап оның дарынсыз дарақылығын, есуастығын елемеген. Гуаньлун тобының помещиктері өз партиясын құрған, егер ол біздің заманымызда болса, біз оны ұлтшыл, халыққа қарсы партия дер едік. Осы бір топ күллі күш-жігерін Хань дәуірінің өше бастаған сән-салтанатын қалпына келтіруге бағытталған. Осы көзқарас тұрғысынан қарасақ, «Батыс өлкесінің» бексымақтарын сатып алғаны да, Кореяға жасаған жорығы да түсінікті болады. Бұл екі елдің екеуі де бір кезде Хань қытайына бағынған ғой. VII ғ. Кореяға жаңа халық келіп қоныстанғанды, енді Ляодунда қытай тұрғындары жоқ тұғын, сол себепті де ол шығысқа шабуыл жасауға база бола алмайтыны анық еді, ендеше жорықтың да қажеті жоқты, ал түркіт қағанаттарымен одақ жасап тұрғанда, Лобнордың айналасындағы аса кедей аймақтарды ұстап қалудың ешбір қисыны болмайтын, т. б. Бірақ «Ұлттық менмендік» талабы толық қанағаттандырылуы қажет еді, сондықтан да осындай миға қонбайтын қимыл-әрекеттер жасалады, ал оның ауыртпалығын алым-салық төлеп, қызмет атқаратын жіктер көтеретін.
Император мен оның сарай маңындағы сыбайластарының қияли-бұлдыр мақсатына бола, қисапсыз көп адамның арып-ашып, азып-тозып, қырылып жатқаны тәрізді сұмдықпен, сан миллион қытай халқының кемел ақыл-ойы үнсіз келісіп, қарап отыра алмайды. Қалың бұқара арасында наразылық күшейеді. Бұл үкімет залымдарының көзінен тыс қала алмайды да, императорды қажетті шаралар қабылдауға мәжбүр етеді. 609 ж. қарапайым адамдардың темір, айыр, орақ, біздер мен пышақтар ұстауына тиым салатын жарлық шығады. Бірақ бұл сақтықтан ешбір көмек болмайды. 610 ж. бас кезінде әлемді құтқарушы Майтрейидің келгені туралы будда уағызынан арқасы қозған қалың тобыр император тұратын Лоян орамына баса-көктеп кіреді де, күзетшілер қаруын сыпырып алып, көтерілісті бастайды. Әрине ол қолма-қол тұрақты әскер күшімен жанышталады, бірақ қатал жазадан қытай халқы айылын да жимайды. Осы уақыттан бастап, билеуші әулет пен елдің ара жігі ашылды деп есептеуге болады, бірақ Ян-ди оны уақ-түйек мәселе деп көзіне де ілмейді.
611 ж. Солтүстік Кореямен (Когуре) соғыс басталады. Оған желеу болған нәрсе — бағынатынын мойындау үшін корей патшасының император сарайына арнайы келуден бас тартуы. Жалпы саны 1130 мың адам деп есептелетін, жер қайысқан қалың қол, 612 ж. көктемінде шығысқа қарай жылжиды. Император жоғарғы қолбасшылықты өзі алып, жеке бөлімдердің командирлеріне инициатива көрсетуге қатал тиым салады. Әрбір мәселе бойынша олар қосынға сұрау салып, нұсқауды күтуі керек болады, ал хабаршылар дәл мерзімде жете алмайды да, әскер қам-қарекетсіз қарап тұрады, сөйтіп корейлердің қатарларын түзеп, қайта құруына мүмкіндік береді. Әскерді жабдықтау ісі жөнге қойылмағанды, соның салдарынан шабуыл іркіліп қалады. Шегініс кезінде корейлер қытайдың артта қалған қолын соққылап тоздырып жібереді. Ляошуйден өткен 350 мың адамның 2700 ғана қайтып оралады. Осындай масқара жеңіліске ұшыратқан дарынсыз басшылық қалың халықтың ғана емес, билеуші таптың да ашу-ызасын қоздырады. Мұны тіпті Янь-дидің өзі де түсінеді, сөйтіп, келесі 613 ж. Кореяға жаңа әскер жіберген кезде, командирлерге өз беттерімен қимыл жасауға рұқсат береді. Бірақ ол кешігіп қалған еді: үкіметке деген наразылықтың соңы бүліншілікпен ұласады.
Шаньдүнде қашқындар көтеріліске шығады. Олар: «Ляодунға ажал іздеп бармаймыз» — деген өлеңді айтады. 613 ж. жазында Шаньдунның, Хэбой мен Хэнанның шаруалары әскери қызметке барудан бас тартып, көптеген көтерілісші әскерлер тобық құрайды, бірақ олар үкіметтің тұрақты әскерімен тайталасқа шыдамай, жеңіліп қала береді, одан кейін қатыгез жазалау басталады. Халықтың қарсылығына қарамастан, Кореяға жорық басталады.
Қытайлармен салыстырғанда күш-қуаты мүлде мардымсыз болса да, корейлер жанқиярлықпен қорғанады. Енді корей тәуелсіздігінің күні санаулы қалды деген кезде, кенеттен қытай әскері кейін шегініп кетеді. Сөйтсе Шудағы (Сычуандағы) орынбасар, кінәз Ян Сюань-гай императордың жоғын пайдаланып, бүліншілік бастап, Лоянды келіп қоршайды. Ян-ди әскерін асығыс ертіп келеді де, Ян Сюань-гай лажсыздан қашып кетеді. Жау қолына түсіп, қор болмас үшін, ол адал досынан өзін түйреп тастауын сұрайды.
Ян-ди өкіметті нығайтудың бірден-бір жолы — жазалау деп есептейтін. Янь Сюань-гайдың көтерілісі үшін, оған мүлде қатысы жоқ 30 мың адамның өмірі қиылады, олардың дүние-мүлкі қазынаға түседі». Лоянта келіп, көшеде жүрген халықты көргенде император шімірікпестен: «Пәлі, мына арада халық әлі көп сияқты ғой!»— дейді.
Ян-диге халық санын азайтуға корейлер де көмектеседі, олар император тастап кеткен армияның арьергардың толық қырып жібереді. Оңтүстік Қытайды жуасытуға аттандырылған қолбасшы Ван Шигун де көп «істі тындырады». Ол маздап тұрған қасиетті шырағдандар алдында тұрып, көтерілісшілер кінәсін кешіруге ант етіп, уәде береді, содан кейін қару-жарағын тастаған 300 мың адам тірідей жерге көміледі.
614 ж. Ян-ди әскерін тағы да Кореяға қарай қозғайды, бірақ со кезде «бүлікшілер ұялы арадай болып, қожылдап шыға келеді» Алайда корейлердің соғысқысы келмейді де, бұрынғы шартқа сәйкес, номиналды түрде бағынып, аздап салық төлеп, тыныш тұрмақшы болып, елшілерін жібереді. Ян-ди мұнымен лаждың жоғынан келіседі, өйткені оның алдында әуелі өз халқын жеңу мақсаты тұрған болатын.
615 ж. император өз жарлығымен ауыл тұрғындарына қалаларға көшу туралы тапсырыс жасайды. Почта станциялары, күзет мұнаралары мен қыстақтар дуалдармен қоршалып тасталынады, ал олардан тыс жерлерде шаруалар партизандық соғысының теңізі буырқанып жатады. Қабылдаған шаралардың пәрменіне сенген император көптеген қам-қарекеттер мен қайнаған жаз ыстығынан демалмақшы болады. Ол аң аулап той-томалақ жасап, сауық құрмақ ниетімен, күллі жиһазды сарайын, харамын ырғап-жырғап алып, солтүстік Шаньсиге келеді, бұл кезде оның әскері патшаның өз бодандарын ұстап, асып, атып жатқанды. Түркіт ханы ұзақ уақыт бойы төзімділікпен тосқан киелі сәт тап сол сағатта соққан еді.
Шибірхан. Ян-дидің бұл сапарына ресми себеп болған нәрсе — солтүстік шекараны тексеру ісі болатын. Ол жақтан шынында да тыныштық кеткен еді, өйткені шекара бойын мекендеушілер —баяғы Тоба ұрпақтары — Суй режіміне өкпелілер қатарына жататын. Олар баяғыда Тоба түрік болудан қалғанды, бірақ әлі де қытай болып үлгірмеген еді, бірақ әйтеуір Қытай мен Ұлы дала аралығында, қашықтығы екі жаққа да бірдей жерде айрықша этникалық топ құрап тұрып жататын. Түріктер бұл халықты табғаштар деп атайтын, өз басым осы терминді қабылдаған пайдалы деп есептеймін. Туғалы тұрған аласапыран бүліншілікке табғаштардың тікелей қатыспай қалуы мүмкін емес, өйткені олар біркездегі жаугерлік қасиетін сақтап қалған еді. Олар бірақ жүйесіз бейберекет әрекет жасайтын, себебі ынтымақ бірлігі мен ұйымшылдығынан айрылып қалған болатын. Олардың көсемдерінің бірі, ежелгі Тан облысының кінәзі, қолбасшы Ли Юань әулетке адал еді, ал, мәселен, Боюй-со, Ван Сю-ба мен Вэй Дао-эр сияқты кейбіреулері қолтықтарына түркіттердің су бүркуімен бас көтеруге, қарсы тұруға шақырады. Елге тәртіп орнату қажет-ақ, бірақ император оның орнына Фын-ян-гун сарайында сауық құрып, көңіл көтеріп жатты. Түркіт ханы мұны білісімен, Ордоста көшіп жүрген руластарын тік көтеріп, оларға өзі бас болып, императорды ұстамаққа тұра ұмтылады. Бірақ қытай барлауы да қалғып, қапыда қалмайды. Ханның зайыбы болып алғасын, оны көзінен екі елі таса етпейтін ханшайым, Яндиге төнген қауып жөнінде хабар беріп үлгіреді. Соның арқасында император Ұлы қамал жүйесіне орналасқан Яймынь бекінісіне барып тығылады. Түркіттер бекіністі қамайды, сонымен бірге бүкіл облысты талқандап шығады, 39 бекініс құлайды. Тек Fo бекінісі мен Яймынь ғана шыдас береді. Яймыньде 150 мың солдат пен қарапайым халық бой тасалайды. Бекініс қабырғаларының опырылған жерлері бұзылған үйлер қыштарымен бітеледі. Азық-түлік қоры тек 20 күнге ғана жететін. Түркіттер қамалға лап қойған кезде, олардың жебелері ысқырған бойы ең бір қауыпсыз жерде отырған императордың қасына келіп қадалып жатады. Демек, күллі бекініс оқ астында қалды десе де болғандай. Жаужүрек сарбаздар мен қала тұрғындары шабуылға тойтарыс беріп жатқанда, «Ұлы» императордың «баласын құшақтап, егіліп жылағаны сондай, көзі құп болып ісіп кетеді».
Түркіттер шапқыншылығының табысты болуы тек тосындыққа ғана құрылған еді. Түркіттер дала дивизияларымен және Ли Юаньнің шыныққан сақшыларымен қасарыса соғысуды ойларына да алмағанды. Сол себепті де Қытайдың тұрақты әскері өз императорын құтқаруға асығыс ұмтылған сәтте Шибірхан бекіністі қоршауын қойып, далаға шегініп кетеді де, өз жауынгерлерін жаңа ерліктер жасауға сақтап қалады. Ордос даласына кимелей кірген Ли Юаннің корпусы ол арадан тек 2 мыңдай ауру-сырқау мен шалдарды кереді, бұл сорлылар қытайдың құтырынған сақа солдаттарының құрбандығына шалынады. Соғысты бұдан гөрі қаталырақ жүргізу үшін Ян-ди ақшаға солдаттар жалдап алады, сол уақыт үшін бұл өзгеше бір оқиға болады. Шамасы, бүліншілік кезінде әскерге жаппай кісі алу мүмкін болмаған тәрізді, ал, ол болса, қатты қорыққаны үшін көшпелілерден еш алуды езіне борыш санайды. Әлбетте, бұдан кейін түркіттер мен Қытай арасындағы соғыс тоқтамайды.
Шибірханның көтеріліс жасауына, шын мәнінде себепші болған қытайлардың өздері көрінеді. Шибірханның күшейіп кеткенінен секем алған Суй үкіметі түркіттерге өзінің әдеттегі саясатын қолдануға тырысады. Чжан-сунь Шэннің мирасқоры Фэй Гюдің ақылы бойынша, ханның інісі Чжигишадқа ханшайым және «оңтүстік ханы» лауазымы ұсынылады. Осынау жолмен олар түркіттердің күшін ірітіп бөліп-жармақшы болады. Алайда Чжигишад бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартады да, оны ағасына айтады, бұл ханның Суй әулетіне деген өшпенділігін күшейте түседі. Бұл сәтсіздіктен мүлде қысылып-қымтырылмаған Фэй Гю Ян-диге түркіттердің ең күмәнді ағамандарын алдап-сулап қолға түсіріп алу жөнінде ұсыныс жасайды. Хуси деген біреу соның құрбаны болады. Ол Май қаласына тарту-таралғы алуға шақырылады да, қасындағы серіктерімен бірге ұсталынып, бәрінің де бастары кесіледі. Императордың бұл сұрқиялығы Шибірханды соғыс бастауға итермелейді.
616 ж. әуелгі кезде соғыс әрекеттері баяу жүргізіледі. Дала соғысының әдіс-тәсілдерін үйреніп машықтанған Ли Юаннің қолы түркіттердің шекараға жасаған шапқыншылықтарын табыспен тойтарып тастай береді. Оған қарамастан, түркіттерден өлердей қорыққан Ян-ди олардан алыс жаққа, оңтүстікке аттанып кетеді. Ол Цзянду (Янчжоу) бекінісіне қамалып отырып алады да, елді тағдырдың тәлкегіне тастап, өзі тежеусіз ырду-дырдуға салынады. Мұның зардабы тез тиеді.
Шіріген режимді топалаң аттыру үшін Шибірханның жай итере салғанының өзі жеткілікті болады. 617 ж. Қытайда көтеріліс бес жерде бұрқ етеді. Кінәздар мен генералдар, қарақшылар тобының атамандары көтеріліске шығады. Шибірхан бұл бүліншіліктің қалың ортасында жүреді. Оның алдында көтерілісшілердің бәрі жарамсақтанып тұрса да, ол генералдар Лян Ши-ду және Лю Учжоумен одақтасып, оларға аттар мен бөрі басы алтынмен салынған туды жібереді. Кейінірек ол өзінің басты жауы Ли Юаньмен де тіл табысады.
Жақында көрсеткен қорлықтары үшін, қытайлардан түркіттердің кегін қайтаратын күн де туады. Шибірхан кіндік империяның іс жүзіндегі қожасына айналады. Түркіт сауыттыларының қан-талапай шапқыншылықтары Цзиньянның қабырғасына дейін жетеді. Көптеген қытайлар түркіттер жағына шығып, әскер қатарын молайта түседі.
Ли Ши-минь. Кіндік империяны жайлаған бүлік кездейсоқ оқиға еместі. Қытай патриоттары Хань империясының ұлылығын қалпына келтіруді көксейді, ал одан кейін Үш патшалықтың қанды бүлігі мен хұндардың басқыншылығы басталғанын олар ұмытады. Ал, енді тым қысқа мерзім ішінде тап сол баяғыдай сұмдық хал болып өтеді, бірақ бұл жолы ол қарекет қолдан қайта жасалады. Сол сияқты сардарлар да өзара ұстасып кетеді, ал түскей хұндарының орнын табғаштар басар еді-ау, әттең, оларға шын мәніндегі көсем ғана жетіспейді. Бірақ ұзамай көсем де табылады: ол қолбасшы Ли Юаннің екінші ұлы тұғын.
Ерте заманда Ли фамилиясы қытайдың әскери қызметтегі текті әулетіне берілетін. 400 ж. Ли Хао Аньси мен Дуньхуанның билеушісі, Бэй Лян (Хэси) кінәздігінің боданы болады. Бүліншілікті пайдаланып, ол бөлініп шығып, өзін орталығы Ляньчжоу болып табылатын Си Лян кінәздігінің алдиярымын деп жариялайды. 422 ж. бұл кінәздік хұндарға бағынады да, Ли қайтадан текті қызметші атанып, әуелгі қалпына түседі. Тобавэй мен Бэй-чжоу әулеттері кезінде де олар сол күйінде қала береді. Лиден тараған ұрпақтың бәрі тоба билеушілеріне шексіз берілген еді, сол себепті де әкімшілікте аса маңызды қызмет атқарған, ең соңында мұра болып қалатын Таңды ғұн лауазымын алады. 200 жыл бойы созылған іскерлік, жеке басындық және некелік қарым-қатынастар Ли атасын шала тоба, шалақытай тектілері қатарына қосқанды, оны біз жоғарыда өзгеше халық — табғаштар деп сыпаттаған едік.
Бұл арада олардың таптық тегі де аз роль атқармайды. Лидер өте бай жер иеленушілері болған, сол себепті де тұрмыс қажеті оларды өздерінің егін даласында жұмыс істейтін қытай батырақтары мен жалшыларынан гөрі, өздері сияқты табғаш помещиктерімен байланыстырған еді. Бақ-дәулеттің шыңына Ли Юаннің әкесі Ли Ху шығады, Юйвынь Цзюді өкімет басына әкелген төңкеріске қатысқаны үшін, оған аса құрметті Дас фамилиясы беріледі. Ян Цзянь, Ли Юаннан бұл абыройлы атақты қайтып алады, бірақ оны Тайюаннің билеушісі етіп қалдырады.
Осы әулеттің бүкіл тарихы, оның барша мүдде-мақсаты Солтүстік Қытайдағы табғаш помещиктерінің мүддесіне сәйкес келіп жатқанын көрсетеді, бірақ Ли Юанның бойында саясатшы мен көсемге тән қасиет жоқ екен, ол тек жақсы. генерал ғана болған. Бұның есесіне осынау қадыр-қасиеттер оның екінші ұлы Ли Шиминде молынан бар екен, міне осы ұлы әкесіне ел ішінде етек алған азамат соғысына қатысуға ой салады.
Таптық жарылыс пен азамат соғысы жағдайында болатын кез келген қарулы көтерілістің әлеуметтік мәні мен бағдарламасы болуға тиіс. Тек осындай жолмен ғана ол өзіне жақтастар тауып, табысқа жете алады. Бүкіл Қытайды шаруалар қозғалысы топан суындай қаптап кеткесін, ал аман қалған помещиктер мен шенеуніктер қала-қалаларға бой тасалап, жасырынғасын, Ли Ши-минь елді «тыныштандыру» бағдарламасын жасап, Суй әулетінің өкіметін қалпына келтіру ісін бастайды, бірақ ол бастаған соғыстың «әділетті» соғыс деп аталғаны неліктен?
Бұл бағдарлама кімге қолайлы еді?
Бұл, біріншіден, Солтүстік Қытайдың тәж-таққа өз адамын отырғызып, «Гуаньлун тобының» бекзаттарын қыспаққа алғысы келген, табғаш помещиктеріне қолайлытұғын. Екіншіден, бекзаттар өзінің бекіністі сарайларында қаннен-қаперсіз шәниісіп отырған кездері, шаруалар ешбір жаза-қазадан сескенбей-ақ өлтіре салатын қытайдың уақ помещиктері мен шенеуніктеріне пайдалы болатын. Үшіншіден, ол көтеріліске шыққан шаруаларға қолайлы еді; өйткені оларды тірідей жерге көмуді қойып, мемлекет қамбаларында жатқан астықпен ауқаттандыра бастағаннан-ақ, олар қаруларын тастап, бейбіт еңбекке кірісу үшін, ауыл-ауылдарына тарап кетеді, себебі әуел бастан-ақ оларға жетпей жатқаны — тап сол жұмыс болатын. Төртіншіден, өздерін мейлінше жек көріп, жиіркенетін қытайлардың орнына, тап қасынан күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпына үйренген кісіні көріп, көңілдері көншитін түркіттерге пайдалытұғын. Әрине, өздері қолданатын соғыс әдістерін пайдаланып, Ли Юань бұларға талай рет қатты соққы берген, бірақ соғыстағы ерлігі үшін, кісіні жазғыруға болмайды, ал ер-азаматпен достасудың өзі бір ғанибет емес пе!
Енді басталған бұл қозғалысқа Суй әулетінің жақтастары қарсы шығады, олар Тан әскері қимылынан өздері мейлінше өш Вэй мен Бэй-Чжоудың жартылай көшпелі империяларының дәстүрін қайта жаңғыртуға ұмтылушылық сыңайын байқайды және бұлары негізсіз де еместі. Ян-ди дұшпандарының көпшілігі-ақ, Суй империясы принциптерін жүзеге асыру үшін, өмірлерін құрбан етуден тайынбайтын. Сол себепті де бұл тым қатал, тым рақымсыз соғыс болады.
Ал осынау қантөгістің шын айыпқоры, «Асланасты империясының алдияры, қайталанбас ұлы ағзам Ян-ди не істейді? Ол өзінің бай жиһазды, салтанатты сарайында жатып шарап ішіп, сұлуларды құшып, көңлін көтереді, тегі, ол өзінің не істеп, не қойып жатқанын онша түсініп, түйсінбесе керекті. Өзінің қимыл-әрекетсіз өтіп жатқан қысыр тірлігімен жақтастарының қайрат-жігерін тұсап тастағаны сондай, солардың біреуі мас сойқанды буындырып өлтіреді де, өзін императормын деп жариялайды. Осынау әрекетімен әлгі қанішер тек Ли Юаннің жұмысын жеңілдетеді, енді ол бүлікшіден аяққа басылған заңдылықтың қорғаушысына айналады.
Уақыт өткен сайын Тан әскерінің қатары өсіп, жеңіске жете береді. 617 ж. қысында Ли Юань Чаньанды жаулап алады да, ескі режиммен байланысты болған бірнеше бекзаданы жазалап өлтіргеннен кейін, жалпы кешірім жариялайды, бұл ісімен халықтың қалың бұқарасының ынта-ықласын өзіне қарай аударып алады. Мұның үстіне ол көп еңбек еткен қарт шенеуніктерге құрметті атақтар береді. Жарлы-жақыбайлар үшін мемлекет қамбаларының аузы ашылады, ал сарайдағы кәнизактарды үйді-үйлеріне қайтарады. Солдаттардың жай халықты талауына тиым салынады; Суй кезінің қатыгез заңдарының күші жойылады, оның орнына жаңа кодекс қабылданады, бұл кодекс бойынша «кісі өлтірушілер, тонаушылар, опасыздар мен бүлікшілер өлім жазасына кесілетін болады» (яғни жаңа үкіметтің жаулары да). Ян-дидің өлтірілгені туралы хабар Чаньанға жетісімен, Ли Юань өзін Гаоцзу императорымын деп жариялап, әулетін Тан деп атайды. Бұл 618 ж. 18 маусымында болған еді.
Опасыздар. Ли Юаннің Чаньанда тәж-таққа ие болуын өз жеңісім деп есептеуіне Шибірханның қақысы мол еді. Ли Юань түркіт ханының қолдауына ділгер болып жүрген көп үміткердің біреуі ғана болатын, сол себепті де Тан кінәзінің жеңіске жету-жетпеуі едәуір дәрежеде солтүстіктен келетін көмекке байланысты еді. Атты әскер қатарын толықтыру үшін түркіттер 2 мың атты айдап әкеледі, дұшпанды жаныштап тастау үшін 2 мың сауытты сарбазды жібереді. Аса қуатты одақтасының уысына түсіп қалмауын ойлап , Ли Юань бұдан артық көмек алудан тартынып қалады. Шибірхан, Тан әскері таяу уақыт ішіңде ұланғайыр Қытайды жаулап ала қояды ғой деп ойламайды, онда өз йеліктерін қасық қаны қалғанша қорғап жатқан бірнеше талантты да батыр қолбасылары бар. Алайда Ли ІІІиминнің әскери таланты мен шекара бойындағы тынымсыз соғысқа әбден бойы үйреніп кеткен табғаштардың қайсарлығы қытай дәстүрлі әскерінің қажыр-қайратын басына тастайды, сөйтіп, 624 ж. иек артарда бүкіл ел Тан императорының аяғының астында жатады. Бұл соғыс тұтас күйінде Қытай тарихына ғана қатысы бар болғандықтан да, біз оның бұрылыс-қалтарысы мен драмалық көріністеріне көңіл бөліп, тоқталмаймыз. Біздің тақырыбымыз үшін маңыздырағы — Суй және Тан үйлерінің екеуіне бірдей дұшпан болып, түркіт ханынан көмек іздеп жүрген екен, шағын тобы.
Сәті түскенде, оларды бастаушылардың тізімі сақталып қалған, сондықтанда біздің Шибірхан қолдаған қозғалысты жаттап шығуға мүмкіндігіміз бар: 1. Го Цзы-хэ — жеңіл әрі әскердің сол қанатының гвардиялық офицері. Аштық кезінде сөзге 18 қасыгөймен бірге уәлаяттық қаланы басып алып, аш-жалаңаш халық арашаға шықпаған билеушіні өлтіреді. Сосын Го Цзы-хэ өзін «мәңгі достық ханы» деп жариялайды. Түркіт ханының ықпалына түскен ол өзін «Ян үйін құртатын Көк перзентімін» деп атап, тап со мезетте «Бөрішад (Бөрібек)» деген туркіт лауазымын қабылдайды. 2. Лян Ши-ду — Шофан бекінісі (Батыс Ордостағы) гарнизонының офицері. Ол жалдамалы қарақшылар күшімен қаланы жаулап алады да, билеушінің көзін құртады, сөйтіп өзін Лян әулетінің императорымын деп жариялайды. Түркіттерге бағынғаннан кейін, олардан «Тарду Білгехан» лауазымын алады. 3. Лю У-Чжоу — Ма-и бекінісіндегі (Шығыс Ордоста) атты әскер офицері, он жолдасының тілеулестігіне сүйеніп, билеушінің қабылдау бөлмесіне кіреді де, оны сүйретіп далаға шығарып өлтіреді. Тірі жан оған кедергі жасамайды, қайта, көп ұзамай оның туының астына 10 мың сарбаз жиналады. Сол өзін жай ғана билеушімін деп жариялап, Шибірханға көмек сұрап жаушы жібереді. Бұған жауап ретінде, ол бөрі басы алтынмен салынған Ту мен «Ян үйі мен императорды құртатын қаған» лауазымын алады. Суй әскеріне қарсы сәтімен қимыл-әрекет жасап, солтүстік Шаньсидің көп жерін басып алады, сол себепті де ол император лауазымын алуға талпынады.
Бұлардың басқалары да осы сұрықтас — ар-намыстан айрылған сұмпайылар болады. Тарихта олар ешбір мәнді роль атқармаған, сол себепті де тізімдеп жатудың қажеті жоқ. Олар Ян-дидің қылмысты жауыз өкіметі билеген қытайдағы жалпы моральдық азғындаудан туған сұмырайлар еді. Өздерінің мінез-құлықтық тұрпаты жағынан, олар, ел ішіндегі Тан әскеріне қарсы күрескен қытай дәстүршілеріне мүлде кереғар келетін. Бірақ көптеген бүлікшілер ішінен кездейсоқ адамдар да табылатын. 621 ж. маскүнемдігі мен басбұзарлығы үшін сотқа тартылған кейбір офицерлер өз отрядтарын азғырып бүлікке қосады да, оған бастық етіп Лю Хэй-да атты бір оқымыстыны қояды, сөйтіп оны өздерін басқарып, тәж-тақты алуға ұмтыл, әйтпесе басыңды аламыз деп қорқытады. Лю Хэй-да байғұстың оған келіскеннен басқа шарасы қалмайды.
Әрине, түрік ханы осынау «императорлардың» бәріне бірдей жеркене қарауға хақысы бар еді, өйткені мұның демеу-жебеуі арқасында ғана олар өз басын сақтап қалады. Сол себепті де ол, тегі, Лю Юанның тәж-таққа ие болуына көмектескен тәрізді, сонда хан ол басқаларынан гөрі тәуір, таққа отырса, Қытай әлсірейтін болар — деп ойласа керек. Мұның үстіне Ли Юань әрбір әрекетке* абайлап баратын нағыз әккі еді, ол қытай дәстүріне қарама-қайшы келіп, ханға хат жазғанда оған өзімен тепе-тең алдияр ретінде тіл қатады. 613 ж. Шибірханның елшісі той кезінде императормен қатар отырады, бірақ 619 ж. хан өзінің қатесін түсініп санын соғады да, оқиғалар енді өзге арнамен аға бастайды.
Заманның алмасуы. Түркіт ханы жансыздарының көзінен, тан үкіметінің үлкен жасампаз да сауықтырғыш жұмысты жүргізіп жатқаны таса қалмайды. Өзіне бақ-дәулеті шалқыған бай Қытай емес, әлсіз де бытыраңқы Қытайдың керек екенін хан анық түсінетін. Таққа отырысымен Ли Юань, Ли Ши-минмен бірге бүкіл әскер жүйесін қайта құрады. «Тан әулеті астанада сегіз дивизия құрмақ болады. Әрбір дивизия шығыстық және батыстық болып, екіге бөлінетін, сондықтан да небәрі 16 дивизия болатын. Осынау 16 дивизияның әскери шенін Тан үйі шетелдегі иеленушілер мен өздерінің жатжерлік вассалдарына береді».
Осынау дивизиялардың қатардағы құрамы да жалдамалы әскерден жиналады, оларды «Илохэ» яғни «Сарбаздар, таңдаулы, тегеурінді жігіттер»— деп атайды. Жаңа әскерге Ли Ши-минь былай деп баға береді: «Ертеде, Хань әулеті кезінде, хұндар қайратты еді де, Қытай әлсіз болатын. Ал кәзір Қытай күштідағы, солтүстік жабайылары әлсіз. Қытайдың мың солдаты олардың ондаған мың солдатын талқандай алады». Оның бұл сөздері шын болып шығады.
619 ж. Шибірхан шағын қолмен Ордосқа келіп кіріп, Лян Шидумен қосылады. Көп ұзамай бұлармен Лю У-чжоу келіп бірігеді де, одақтастар енді Ішкі Қытайға басып кіруге әзір тұрады. Жаңа жау қарасы көрінісімен қатты сасқан Ли Юань дереу Ұлы қамалдың бекіністерін қалпына келтіруге және тау асуларына бөгеттер жасауға бұйрық береді, бірақ Ли Ши-минь: тасқа емес, жауынгер командирлердің тапқырлығы мен амал-айласына сенген жөн — деп әкесін райынан қайтарады. Алайда шапқыншылық басталмайды, өйткені хан ауырып қайтыс болады. Чаньандағылар жақын досынан айрылған сыңай танытады. Императордың өз басы «қатты қынжылатынын» білдіріп, «жаназаға салған ақтық» ретінде 30 мың бума жібек матасын жібереді. Сонымен шұғыл соғыс бір жылға шегеріледі. Осы бір жылда Тан империясы кәдімгідей нығаяды, ал түркіт қағанатында оның күш-қуатын едәуір кеміткен оқиғалар болады.
Тан Қытайы мен дала. Көне қытайлықтың ой-санасында әрбір дәуірді бейнелейтін өз түсі бар. Ерте Цинь дәуірі ақ түсті деп есептелетін, ол Лю Банның әлгі белгілі түсінде көретін жәйті қызыл жылан яғни Хань жұтып қоятын ақ жылан бейнесінде көрінетін. Қызыл түс Қытай үшін ұлттық түс еді, көгілдір түс дала көшпелілерін бейнелейтін, қара түс — тибеттіктер еншісінде; жер стихиясы мен адалдықты білдіретін сары түсті Вэй әулетінің негізін салушы — Тойба Гуй қабылдағанды, ал Тан әулеті ше?.. Тан түр-түс жағынан алғанда, көзге алашұбар болып елестейтін.
Шынында да, 618 ж. тек Қытай үшін ғана емес, бүкіл Азия үшін шұғыл бұрылыс датасы болады. Ұлы қолбасшы, әкім және саясатшы Ли Ши-минь Александр Македонский тәрізді, мәдениеттері әртүрлі елдерді жаулап алып қана қоймай, «өркениетті» Қытайды жабайы көшпелілерге қарсы қоятын ежелгі түсінікті тығыз ынтымақтасып бірлесу ұғымымен алмастырып, осынау, мәдениеттерді туыстастырғысы келеді. Оған дейін мәдени алыс бей-берекет өз бетімен жүріп жататын, 618 ж. бастап оны саналы түрде жүргізіп, қолдап-қостайды. Буырқанған уақыт енді басталған іске медеу болады: Суй жауыздығынан қашқан қыруар көп қытай түркіттердің өріс-қонысында тұрақтап қалады да, өздерінің меймандос қожайындарымен туыстасып кетеді.
Ержүрек жауынгер Ли Юаннің туы астына көптеген саһара сайыпқырандары барып жиналады. Бұлар кімдер — қытай ма, түрік пе?— деген бос сұрақты қоймай, оларды қызметке қабылдай берген. Олар үлбіреген нәзік қытай қыздарына үйленіп, жана тағдыр-талайынан көңілдері байыз тауып, ендігі өмірінің мән-мағынасын әскери қызмет пен сарай төңірегіндегі мансаптан іздейтін. Сөйтіп империя құрылып, «табғаш» халқы көбейе береді, хош, сонымен Ұлы қамал тікелеп айтсақ та, жанамалап айтсақ та, бұзылып ашылып қалады.
Қытайда жатжерлік атаулы нәрсенің бәріне қызығушылық күшейеді. Қытай-түрік сөздігі жасалады, бірақ, бір өкінішті жері, ол сақталмайды. Тан әулетінің алдында ғана өткен Бэй-Чжоу әулеті заманынан бастап, император оркестрі әртүрлі халықтардың, оның ішінде түріктердің де музыкасын ойнайтын болған, біз қарастырып отырған дәуірде жұрт оны әбден мойындаған еді. Адамдар ұдайы алмасып, араласып жататын: VII ғ. 20-шы жылдары Чаньанда 10 мың түрік семьясы тұрған. Олардың киімі мен әдет-ғұрпы қытайдың асыл тектілеріне ұнайды, II ғ. Римде герман мәнеріне, VIII ғ. Византияда хазарлар мәнеріне қалай еліктесе, мұнда күллі түрік нәрселері сәнге айналады. Жыл өткен сайын көшпелілердің әдет-ғұрпына деген сән етек алып, ақырында сарай маңындағылар мен тектілердің тұрмысына сіңіп кетеді. Той-томалақтарда жатжерлік музыка ойналып жатқанда «шетелдік тағамдар» тартылатын болған. Түрік киімі — сол жағынан ілгектеліп, белі белбеумен қынай буылатын, жағалы жасыл немесе қоңыр шекпен Тан дәуірінде үйреншікті киімге айналады. Бірақ қытайларға бәрінен де гөрі киіз үй көбірек ұнайды, ол қыс кезінде, VII ғ. қытай үйлерінен тұруға әлдеқайда қолайлы болады.
Киіз үйдің артықшылығын ақын Бо Цзюй-и (772—846) келістіре суреттеген. Қытай бекзаттары киіз үйлерді ауласына тігіп қойып, қысты күні сонда тұрады екен. Бо Цзюй-и киіз үйді «көгілдір» деп атайды, тегі, түріктер бейнесін білдіретін түр-түсті әдейі алған тәрізді. Бұл бастаухат ғылыми қолданымға таяуда ғана енгендіктен, мен оны толық келтіргенді жөн көрдім.
КӨК ОРДАМЕН ҚОШТАСУ
Ұмытқам жоқ қарлы қыстың дірілін,
Ұмытқам жоқ ақ боранның гуілін.
Қартайдым ғой, ұнатпаймын түнді мен.
Ұнатпаймын тұңғиықты мүлгіген.
Солтүстіктің. көк аспаны сияқты,
Көрдім ғой мен көк ордамнан
Ошағымда алау-жалын ойнайтын
Желпіп мені жел-құйыннан қорғайтын.
Балықтай ем көк толқынға тығылған,
Қояндай ем өз інінде жылынған.
Бір-ақ қылғып жұтар еді ақ боран
Сол шырақ қой мені жылтып сақтаған.
Ілe бір күндер, не бір түндер өтті ғой,
Күліп-ойнап көктем келіп жетті ғой,
Уақыт деген алмағайып дүние,
Мен әлі де ризамын үйіме,
Қуат кеміп, қу кәрілік жеткенде,
Қоштасуың қиын екен көктемде.
Жаз да менің медет берер жаныма.
Құдай жазса, кездесерміз тағы да,
Сәл сауықсам, басқа сауық іздемен.
Көк ордама қайта оралам күзде мен.
Орта ғасырдағы көптеген өлеңдер сияқты, бұл өлеңнің де қос мәні бар: тура және аллегориялық. Көктемнің елткіш иісі мен құбылмалы уақыттан жыл мезгілінің ауысуы ғана емес, көшпелілермен қарым-қатынастың шиеленісіп кеткені де аңғарылады. Империялық саясатқа әманда он қабағымен қараған, бұрынғы үлкен шенеунік Бо Цзюй-и бәрі де орны-орнына келіп, көрші жабайылармен бейбіт өмір қалпына түсетініне кәміл сенеді. Мұнда ол империялық саясаттың негізгі бағытын поэтикалық образдармен береді.
Сөйтіп, Тан империясы дүниежүзілік маңызға ие болғысы келеді. Бұл оның содан былайғы саясатын, бұрын болып көрмеген гүлденіске жетіп, қанды істермен күні бітетінін анықтап береді. Бүкіл бастамалар сияқты, Қытай мен даланы біріктірудің де астары бартұғын: Тан монархтары жұрттың бәріне бірдей сүйенгісі келеді, бірақ сын-сынақ сәтінде оларды ешкім қолдамай қояды. Командирлерінің жаужүректігі мен сарбаздарының қайтпас қайсарлығы арқасында Тан монархтары жеңістен жеңіске жетеді, бірақ содан олардың мемлекеті тек әлсірей береді. Шын мәнінде олардың қоластындағы жердің бәрі қарудың күшімен бағындырылған еді, ал Қытай олардың ең бірінші олжасы еді. Бірақ олардың жеңілгендерге мейрімді болуы, таңғажайып сұлулықты бағалап, алыс қиырларды сүюі — ол дәуір мәдениетінің атақ-даңқын қастерлеп, ғасырларға жайып жібереді.