ТАБҒАШ ХАНЫ (Л. Гумилев)

ТАБҒАШ ХАНЫ

XVII тарау
Бір қадам кейін. 631 ж. император Тайцзун бүкіл ұлы даланың қожасы болады, егер ол қаласа, Батыс қағанаттағы аласапыран бұлғақты пайдаланып, сол кездің өзінде-ақ күллі Азияның жетекшісіне айналар еді. Бірақ осынау тамаша қолбасшы дана саясатшы да болатын, сол себепті де ол ұстап тұруға қиын елдерді жаулап алмағанның өзі жөн деп есептейді.
Сайын даланы талқандалған түркіттерден басқа да көптеген жаужүрек халықтар мекендейтін батыста 70 мың үйлі сеянто , терістікте 100 мың жаңды ұйғырлар бартұғын. Жағдайды безбеңдей келіп, ол: «Егер біз оларды қырып тастай алмасақ, онда бізді неке саясатынан басқа ештеңе де қалмайды» — деп ойын түйеді де, әскерін Гоби шөлінің оңтүстігіне, алып кетеді де, көшпелілерді қинай түссе — талайынан» деп жайына қалдырады. Сол-ақ екен, олар дереу өзара ұстаса кетеді. Ұйғыр көсемі Пусаның мұрагері Түмиду сеянтоларды күйретіп, олардың өріс-қонысын басып алады. Сеянтолардың «ағамандары қорыққандарынан ұшқан құс тәрізді шашырап кетеді», ал он бір теле тайпасының көсемдері өз хандығын тануды өтініп Қытайға келеді. Император олардың әрқайсысына шапан, қылыш беріп, шендерін өсіріп, мас болғандарынша шарапқа тойдырады, бірақ сонымен бірге сеянтоның көсемі Инанға сенім-грамотасын, литавра мен туды қосып елші жібереді, бұл оның хандық қасиетін танығандық еді. Әсілі, ұйғырлардың күшейгені оған сеянто абыройын көтергеннен бетер ұнамаған секілді.
Даладағы жағдай бірден өзгереді, ұйғырлар соғысты тоқтатып, жаңа ханға бағынады. Сеянто мемлекеті Алтайдан Хиданға дейін және Гоби шөлінен Байкалға дейін созылып кетеді. Ол түркіттер. үлгісімен ұйымдастырылғанды. Инанның балалары «шади дәрежесін алып, Теліс пен Тардуш бөлімдеріне бас болады, бұлардың бір айырмасы төлестер теріскейге, тардуштар түскейге орналасады. Қытайлар мұның әскерінің санын 200 мың найза деп анықтайды. Шибірханның кезінде түркіттер қолы миллион деп көрсетілетін. Алайда сеянто хандығы түркіт хандығынан көп әлсіз болса да, өздерімен таласқысы келген түркіт сұлтандарын сәтімен басып тастайды. Бұлардың ішінде тек Кат ханға адалдығын сақтап, 630 ж. Қытайға беріліп, Ордосқа қоныстандырылған түркіттер ғана жоқ болатын. 639 ж. олардың ханы болып, Ашин Сымо тағайындалады, ол саяси рөлінен гөрі жеке басынын қадыр-қасиетімен танылған тамаша кісі еді. Өзі «табиғатынан өткір, ақпейілді, адал жантұғын, оның шыққан тегі шикі деп шүбәланғанына қарамастан — өйткені оның өңі Батыс өлкесінен шыққан кісіге ұқсайтын, соның салдарынан оған жоғарғы шенге апаратын жол жабылып қалады» — оны екі ұлы хан — Шибір мен Чулоның екеуі де жақсы көрген. Кат Елханды күллі дос-жарандары мен қарулас серіктері тастап кеткенді, Сымо оның қасында ақырына дейін бірге болып, тұтқынға бірге түседі. Тайцзун адалдықты бағалай білген: ол әрқашанда Сымога толық сенген, анау оны ешқашанда алдамаған.
Ал егер ханның адалдығына ие болу онша қиындыққа түспесе де, өзіңді халықтың ұната қоюы оңайлықпен түспейді. Сымо Ордоста үш жыл тұрады, бірақ халық пейілін өзіне аудара алмайды. Қайта оның көптеген бодандары солтүстікке кетіп қалады. Тіпті гвардияға тіркелген түркіттердің өзіне сенуге болмайтын. 639 ж. Төлісханның інісі Гешешуай астыртын қаскүнемдік ұйымдастырады, сондағы мақсаты — қытайлардан түркіт тағының мұрагері Төлісханның баласы Хелохуды ұрлап алып, терістікке кету, сөйтіп күресті қайта бастау. Бірақ қытай лагеріне тосын жасалған шабуылдан ештеңе шықпайды. Хелоху қашып бара жатқан жерінде өлтіріледі де, Гешешуай тау ішіне сіңіп кетеді».
Осынау әрекет-жанжалды тілге тиек етіп, қытай шенеуніктері тағы да, сенімсіз адамдар ретінде, бүкіл түркіттерді Қытай шебінен аластаудың қажеттігі туралы императорға ұсыныс түсіреді. Бұған қарсы айтатын ешбір дәлелі болмағасын, император онымен лажсыздан келіседі. Дегенмен, ол өзінің көшпелі бодандарын өкпелетпегені былай тұрсын, оларды өзіне бұрынғыдан да жақындатудың әдісін табады. Ол Сымоханды өзіне шақырып алып, ақ жарылқағанындай етіп, оған өз халқымен бірге Хуанхэнің солтүстік жағалауына өтіп, Гобидің түскейіндегі кең даланы жайлап, қыстауға рұқсат етеді.
Бұл ісімен ол үш мақсатқа бір-ақ жетеді: халыққа «жайылымдары кең, топырағы құнарлы жер беріп, оны өзіне байлап тастайды; түркіттерді өздерінің ата жауы деп қарайтын сеянтоларға қарсы бөгет құрады; шетелдерге жорық жасауға қажетті айбынды атты әскерді қоластына қаратады. 641 ж. олар көшіп, қоныстанып алады, бірақ көптеген түркіттер өздерін жеңген дұшпанға қызмет еткісі келмей, терістікке көшіп кетседағы, қалған жасақ өздерінің ерен ерліктерімен Тан қаруының Азияда бұрын-соңды болып көрмеген атақ-даңқын шар тарапқа жайып жібереді.
Табғаш ханы. Суй әулетін құлату мен «әділетті соғыстың» қытай халқын тұралатып кеткені сондай, енді одан сыртқы жаулап алу әрекеттері үшін қаржы алу мүмкін емес еді. Ел шекарасынан әрі жатқан жерлерде белсенді саясат жүргізуден бастарту құрып кетумен бірдейді, өйткені бұл әулеттің жаулары инициативаны өз қолдарына алып, реті келгенде Қытайға бұзып-жарып кіреді деген сөзтұғын. Даладағы соғысты тек далалықтардың өздері ғана ойдағыдай жүргізе алады, олардың бұған ықыласы ауғаны Тан императоры үшін өмір-тірлігі мен дәулетінің кепілдігі сияқты еді. Қолбасшылық және мемлекет қайраткері талантының арқасында ол жабайылардың көсемдерімен, сұлтандарымен ортақ тіл таба біледі, олардың ақ пейілі мен ашықтығы императордың әділдігі мен дарқандығына тәнті болып табысып кетеді. Бұрын олар Қытайда халық өздеріне амалсыздан төзіп жүрген кірме, жалдамалы жатпыз деп сезінсе, енді өздерінің іс-әрекеті мен бәле-жаласының бәрін елгезектікпен біліп отыратын императордың достарына, жақын адамдарына айналады; ол тіпті Кореяға жорық жасаған кезде жебеден жараланған хан Сымоның қанын өзі сорып алып тастайды.
Қытайдың тең жартысын талапайға салған Кат Елханның күнәсі кешіріледі, бұл — бұл ма, оған үй іші, мал-жанын түгел қайтарып беріп, емін-еркін тұруына мүмкіндік жасайды, ал, оның қайғыдан жүдеп-жадап жүргенін білгенде, оған Хучжоу облысы билеушісінің қызметі беріледі, онда булан мен бұғы аулап, көңіл көтеріп сауығып кететін жақсы жерлер болады. Тайцзун: «Хандық құрған кісі ешкімге де күдік келтірмеуге тиіс» — деп жасырын жалақорлық пен өсекшілік жүйесін тиып тастайды. Көшпелі одақтастарының оны жақсы көргенінің анық бip мысалы Ашин Шенидің император моласының басында, онымен бірге өлгісі келіп, өзіне өзінің қол салғаны.
Алайда императордың дос пейіл саясатына мемлекеттік кеңестің кейбір мүшелері кәдімгідей қарсы әрекет жасайды да, көшпелілердің әлсірегенін пайдаланып, оларды талайын құртып жіберу керек деп ұсыныс түсіреді, бірақ Тайцзун, бекзада Вэнь Ян-во: «Ұзын шылбыр мықтап ауыздықтаудың тиімді шарасы» — деп қысқа сөзбен қайырған, әлгіге қарама-қарсы көзқарасты қабылдайды.
Бөгде жерлерді бірте-бірте өз жеріне қосып алудың Тайцзун тұсында қабылданған жүйесінің түпкі мәнісі мынадай: шетелдік жер иесі «жылы-жылы сөзбен» империяның қамқорлығын қабылдауға бейімделінеді, содан кейін оның иелігінің аты «желілес» облыс деп өзгертіледі, ал оның өзіне Қытай шені — әуелде аты ғана бар — беріледі, содан кейін ол жоғарғы дәрежелі шенеунікке бағындырылады. Әуелде тұралық болатын бұл қызмет, кейін бірте-бірте тағайындалатын орынға айналады да, оған тұруға жергілікті ақсүйектердің құқы артығырақ болып келеді. Келесі сатыда өзін-өзі басқарудың осынау сырттай көрінісінің өзі жойылып кетеді де, «желілес» облыс империяның құрамына жалпы негізде енеді. Тайцзунның тірі кезінде бұл жүйе мол жеміс береді.
Тогонның тағдыры. Жаңадан жасалған әскери машинаның бірінші құрбаны қажымас қайсар кішкене Тоған болады. Түркіттермен соңғы айқастың рақымсыз қатал кезінде тоғондар қайта-қайта шапқыншылық жасап, империяның батыс шекарасына тыныштық бермеген. Қытай әскері қорғанумен шектеліп келген, бірақ олардың құрамында ұшқыр билер мен қатыгез дансяндар пайда болысымен-ақ, олар бұған қарсы шапқыншылықтармен жауап беріп, тогондардың көп малын шұбыртып айдап кетеді.
634 ж. дансяндар мен көшпелі тибеттік жандар қытайларға қарсы көтеріліс жасап, тогондармен бірігеді. Оларға қарсы түркіттер мен кибилерден құралған атты әскер жөнелтіледі. 635 ж. олар тогонды толық күйретеді. Тогонның жетпіс жастағы патшасы Фуюнь Хотанға қашады. Өкшелеп қоймағасын, тұтқынға түскеннен гөрі өзін-өзі өлтіргенді артық көреді. Оның Чаньанда аманат ретінде ұзақ уақыт тұрған мұрагері Мойын Шұнды өз бодандары: «Қытайды жақсы көреді»,— деп күдіктеніп, өлтіріп тастайды. Бұл жаққа әдейі жіберілген империялық армия таққа оның себи ұлы Нохэбоны отырғызады, ол империяның қуыршағына айналады, сол үшін оған әйелдікке, ханшайым деп әспеттеп атап, бір қытай кінәзнәсін әкеліп қосады.
Елде орнаған тыныштық пен қытай тауарларының молдығы тегі, тогондықтарға ұнаған сияқты, өйткені 641 ж. бекзадалардың бірі Тибетпен одақтасып, қаскүнемдік жасағысы келгенде оған кінәздар батыл қарсы тұрады да, империямен одақты тікелей қорғап шығады. Бұл Тогонға жиырма жыл бейбіт өмір береді.
Тогонға да, Тан империясының өзіне де нағыз қауып батыстан төнеді. Оңтүстік Тибеттің ұлы өзені Брахмапутраның орта жеке жағы жағып мекендейтін бота тайпалары VII ғ. бас қосып ынтымақтасып, қуатты әскери мемлекет құрады. 634 ж. Тибет мемлекетінің Цзнпо лауазымды басшысы Сронцангамбо империямен қарым-қатынас орнату үшін Қытайға елшілерін жібереді. Елшілерді қабылдап, салқын қабақ танытады, тибеттіктер мұны тогондардың айла-шарғысынан деп ұтып, со кездері іштей іріп, алауыз болып жатқан тогонға бас салып соғыс ашады. Тибеттіктер Кохзбоны Хуанхэнің жоғарғы бойыңда оп-оңай жеңеді. 663 ж. Нохэбо әйелімен, бірнеше мың жақтастарын бірте Лотчжоу обылысына кетеді. Сөйтіп өкімет Тоғонның, тәуелсіз тіршілігі ақталады.
Ноху 688 ж. қайтыс болады, бірақ оның ұрпақтары кейінгі күз жыл бойына хандар деп есептеле береді, бірақ қолында *жақты билігі де, жер-суы да болмайды, тек Тан империясының түркіттер, тағы басқа да көпшелі бодандары секілді империялық ескер қатарында қызмет етеді.
Гаошық ақыры. Жоғарыда айтқанымыздай, Тан әулеті жауларының бәрі үшін Гаочан бас қосатын орталыққа айналады. Осы ата Қытайдан кеткен барша саяси эмигпанттар, Суй жақтастары ағып келіп, жиналып жатады. Қытайға бағынудың кез келген түрінен бас тартатын, түркіттермен араласы» кеткен көгапелілер тайпалары осыған арқа сүйейтін. Қытайлар шығаратын тауарды өндіретін, сол себепті де олармен Сәсекелес болып табылатын жергілікті тұрғындар өмірде болып жатқан өзгерістерді ескермей, шөл дала олардың тәуелсіздігін аман сақтап қалады деп есептейді. Империяның сыртқы жағдайының шығыста да, сол сияқты батыста да шиеленісе түсуі олардың үміт-сенімін арттыра береді, шығыста Кореяда Жағдайды мүлде қиындатып жіберу қаупін төндірген мемлекеттік төңкеріс пісіп жетіліп қалады, ақырында ол сонымен-ақ 645 ж. соғысқа әкеліп арандатады, ал батыста тибеттің жаңа Мемлекетімен арадағы ұрыс бір тиылмай қояды. Алақан гаочав кіназі мен оның кеңесшілері жаңа жағдайды ескермейді. Қытай жасу әскерін батысқа аттандыру да әуелден-ақ сәтсіз шара болатын, бірақ 636 ж. бастап, империя қызметіне өз жасағымен түркіт ханзадасы жанай келіп қосылады, ал 632 ж. Хэбиге телелердің жаугер тайпасы кионлер көшіп келеді, олардың көсемі Киби Хели де император Тайцзунның таңдаулы достарының қатарынан орын алады. Осынау атты әскерге даланың жолы қорқынышты емес тұғын.
640 ж. ондаған мың түркіт және киби атты әскерінен құралған қалың қол қытай мен көшпелілер офицерлернің біріккен басшылығымен, шөл даланы суыт басып, гүлденген Люкчун ойпатына келіп кіреді. Киби Хяпи лап қойған қызу шайқастан кейін, бекініске басып кіреді де, оның 7 мың тұрғыны жеңімпаздың еркіне беріледі. Сосын империя әскері астана езгісіне келіп, бекініс орын тездетіп көміп тастап, қаланың үстіне тасатқыш қаруларымен тасты жаудырады. Жасөспірім кінәз империя қосынына келіп, тізе бүгетінін айтып жалынады, бірақ бас қолбасшы шабуылға шығуға әмір етеді де, сосын Гаочанның шаруасы бітеді. Империя армиясының Гаочан бекінісін жеделдетіп алуы жергілікті хандыққа сұмдық әсер етеді.
Гаочан тұрғындарына аяушылық білдіріліп, кінәлары кешіріледі; тек «қуатты үйлер» ғана ішкі Қытайға көшіріледі. Гаочандықтарға Қарашардан тартып алған қалалар қайтарылып беріледі, қарашарлық тұтқындар босатылады. Тайцзун өзінің қытайлық жақын адамдарының кеңесіне құлақ аспай, жаулап алынған жерден Сичжоу соғыс округін құрады, сосын оған ол уәлиін тағайындап, мың қылмыстыдан тұратын әскери гарнизон орналастырады, қылмыстылар түрмеде отыру орнына әскери қызметке жегіледі.
Сеянтоны жәукемдеу. Сеянто ханы Инанның император Тайцзунмен достығы, даланың «ұзын құлағы» Хуанхэнің солтүстік жағынан түркіт хандығы қалпына келтірілді деген хабарды ханға жеткізген сәттен бастап бұзылады. Инанның есіл-дерті түркіттерді қырып салу болатын, бірақ оларды қорғау үшін арнаулы әскери шенеунік тағайындалған, ал империямен тартысу насырға шабатын ауыр іс. Бірақ 641 ж. Инанға шапқыншылық жасаудың сәті түскендей болып көрінеді. Император Тайшань тауына барып, дәстүрлі құрбан шалу сапарына аттанады, салт бойынша онымен бірге бүкіл әскер де жолға шығады. Император әскері түркіттерге көмекке келіп үлгіре алмайды деп ойлап, Инан өзіне қарасты күллі тайпаларды — тонгра мен бұғыларды, ұйғырлар мен мохэлерді (жүржендер), татаптарды — түгел жұмылдырып, халқының жауларын біржолата жойып жіберу үшін, осынау қалың армияны Гоби шөлінен асырып түсіреді. Әскерге оның баласы, тардуштердің шады қолбасшылық жасайды.
Шабуылды оқыс бастау үшін, әрбір сарбаздың төрт аты болады, соларды алмастырып мініп, тоқтаусыз жүріп отырады. Бірақ Ашин Сымо соғысқа кіріспестен Хуанхэнің арғы бетіне, Ордосқа әскерімен шығып үлгіреді де, сол арадан шапқыншылық туралы Чаньанға хабар береді, о жақтан бұған көмекке дереу пәрменді атты әскер шұғыл аттанады. Түркіттермен біріккеннен кейін империялықтар ат басын тікелей жауға қарай түзейді де, Ночжень өзенінің бойында (641 ж.) оларды соғысуға мәжбүр етеді. Жорық кезінде әрбір сарбаз басына төрт аттан болғанына қарамастан, сеянтолар жаяу саппен жүріп соғысады. Айқас кезінде аттарды арнаулы атшылар ұстап тұрады; төрт сарбазға бір атшы болады. Айқастың бас кезінде сеянтолар өз тәсілі бойынша түркіттердің сауытсыз аттарын ғана атады. Атсыз түркіттің күні қараң, олар жаяу соғысқа олақ келеді де, іркіліп, сасып қалып, шегіне бастайды. Сеянторлар оларды қуу қызығына түсіп, қатарын шашыратып алады, оны шибғаш қолбасшысы Ли Цзи дереу пайдалана қояды. Ол Қытай жаяу әскерін жүз-жүзден сапқа тұрғызып, жаудың ашылып қалған араларынан соққы беріп, дұшпанның берекесін қашырып, тоқтатады. Ал бұл кездері түркіт атты әскері қатарын тез жөндеп, атшыларға ұрынады да, 15 мың атты бір-ақ қуып әкетеді. Бұл жау қатарында үрей туғызады да, сеянтолар бей-берекет қаша жөнеледі, түркіттер оларды жаппай қуа жөнеледі. Ал, ұрыс желтоқсанда болғандықтан да, қылыш пен семсерден аман қалғандары қайтарда шөлден өткен кездері аяздан ұшып келеді. Сеянто әскерінің 80 проценті жоқ болып шығады. Мұндай сұмдық жеңілістен кейін, Инан амалсыздан бітім сұрап, оны қытай қаншайымына некелесу арқылы бекітпек болады. Тайцзун ханның өзі үлкен басымен некелік қалыңға мол етіп мал айдап келуін талап етеді. Осынау қалыңмалды жинау үшін халыққа алынған алым-салықтың ауырлығы соңдай, қалың жұрт ызаланып, өре түрегеледі. Ал, жиналған малды қыстың көзі қырауда шөлден айдап өту мүмкін болмайды, өйткені малдың өлім-жітімі көбейеді. Бұл Инанды біржолата әл-дәрменнен айырады. Содан кейін енді оны есептен шығарған Тайцзун оған қалыңдық беруден бас тартады.
Инан тулап шапқыншылық жасап көрмекші болады, бірақ империя әскерімен жолығысып қалып, соғыссыз шегініп кетеді. 645 ж. Қытаймен белдесуге әзірленіп жатқан Корея, Инанды империяны бір дүрліктіріп қайтуға қанша азғырса да, одан ештеңе шықпайды. Көкейінде жүрген көп ойының жаппай күйрегенін көзімен көріп, 645 ж. қазанында Инан дүние салады. Сеянтоның бекзаттары оның көлденең ұлы Иманды хан етіп қояды, бірақ ханның заңды баласы Бачжо жақтастарымен келіп, әкесін қойғалы жатқанда Иманды өлтіріп, өзін ханмын деп жариялайды. Тайцзунның негізгі армиясымен Кореяда соғысып жатқанын пайдаланып, Бачжо Қытайға шапқыншылық жасайды, бірақ оны шекарадағы әскердің өзі-ақ талқандайды. Сонымен бірге қарсы партия бекзаттарының кейбіреулерін жазалап өлтіру ордада ашу-ыза тудырады, ал империя жасағы жақындағаннан-ақ, ордадағылар оны тастап, бет-бетіне қашып кетеді. Көп ұзамай Бачжоны ұйғырлар өлтіреді, соның артынша, 646 ж. күзінде сеянто ордасының қалдығын қуып жеткен қытай әскері олардың бір бөлігін қырып жібереді де, енді бір бөлігін тұтқынға алады, тағы бірсыпырасы енді қайтып бірікпейтіндей болып , шартарапқа шашырап кетеді.
Осындай жаугер де қабырғалы қалың тайпаны оп-оңай жеңуді империяның елшілік қызметінің шебер ойластырылған тәсілімен түсіндіруге болады. Тайцзун, Инанның қытай ханшайымымен некелесуін тиып тастауы арқылы сеянто ханына бағынатын тайпаларға көтеріліске шығу жөнінде белгі береді» Сосын ол — оларға көсем етіп, «Түркіт батырын» жібереді, бірақ анаған ол жақтан ыңғайлы тұрақ табылмайды. Көтерілісшілерді ұйғыр ағаманы Түмиду бастайды. Ол сеянтоларды талқандайды, бірақ жеңістен кейін басқа да көсемдермен бірге Тан императорына бағынады. Теле тайпаларына бұл ең жақсы жол еді: Олар ештеңесін де жоғалтпай, өзінің тұрмыс салтын сақтап, өте көп пайда көреді, өйткені қытайлармен сауда жасауға, олжа мен құрмет әкелетін император армиясында қызмет етуге мүмкіндік алады. Рас, біраз қарсы кісілер шығады да, Тумидуды қасыгөйлер өлтіреді, бірақ империя уәлиі оларды айла-амалмен торға түсіреді де, өлім жазасына кеседі. Сосын Тумидудің баласы тайпаның басы болып бекітіліп, әскери шен алады, осыдан кейін ұйғырлар империяның адал бодандарына айналады да, ол жүргізген соғыстың бәріне де қатысады.
Чебихан. Сеянтоны талқандаудың Тан империясының абырой-беделін көтергені сондай, бүкіл теле тайпалары, олардың тіпті байырқы (байегі) мен курыкандар (гулигань) сияқты ит арқасы-қиянда жатқандарына дейін, 647 ж. алым-салығымен қоса елшілерін жіберіп, императорға өз еркімен бағынады. Со жылдың аяғында түркіттің Чебиханынан да елшілік келеді.
Бұл ханзаданың тағдыры айрықша назар аударарлық. Кат Елханның кезінде ол еншілік аймақтың бегі және «кіші» хан деген атағы болатын. 630 ж. күйреуден кейін Чебихан өз ордасымен теріскейге қашады, өзін өкшелеп қыр соңынан қалмаған сеянтолардан ұрыса отырып, қара үзіп кетеді де, шығыс Алтайдың таулы алқаптарына барып тығылады. «Таншуда» былай деп жазылған: «Чеби Алтын таулардың (Алтай) солтүстік жағына сіңіп кетеді. Алтын таулар үш жағынан тіп-тік құлама жартастардан тұрады, тек төртінші жағында ғана атпен, арбамен жүре алғаш өткелең шатқал бар. Ол жер жазық, Чеби барып соны иемденеді… Ол батыста Гэлолуды (қарлықтар), солтүстікте Гегуді (қырғызды) бағындырады». «Алтын таулардың солтүстік тағына» деген сөзді дәл күйіңде, дәлірегі, біздің мағынада түсінуге болмайды. Алтайдың теріскей беті сыңсыған орман, ал онда түркіттер сияқты малшы халықтың тұруына жағдай жоқ. Қырғыздар жоғарғы Енисейді мекендеген, Чебихан шын мәнінде Алтайдан асып кетсе, қырғыздар оның солтүстігінде емес, шығыс жағында болар еді. Қарлықтар Ертістің жоғарғы жағында қоныстанған, ендеше олар ханның батысында емес, оңтүстік жағында болған. Ал, ол араны жан-жағынан тау қоршап тұрса, оның іші теп-тегіс яғни жазық болса, онда бұл Чебиханның Ішкі Алтай алқаптарын иеленгенін көреміз, ал оған баратын бірақ өткел жол — Сайлыгем. Демек, Чебихан иелігінің негізгі бөлігі Теле көлі мен Қатын өзенінің аралығында болған, бірақ шығыс жақта оның қарауында Кобдо өңірінің бір бөлегі болса керек.
Оның әскері 30 мың адам деп есептелген. Ол ебін тауып, өзіне солтүстіктегі қырғыздар мен батыстағы қарлықтарды бағындырып алады. Ал, шығыста ол қажымай-талмай сеянтолармен соғыс жүргізген.
Тайцзун оған жауап ретінде елшілерін жіберіп, хан өзі Чаньанға келіп бағынатынын білдірсін деп талап қояды, бірақ Чебиханның елшілік қарым-қатынас орнатуды сөзсіз тізе бүгушілік деп қарауға ешбір ниеті жоқ болатын. Қытай елшілері ханның икемге келмейтін қайсарлығын көргесін, оны ұстап әкету үшін, қарлықтармен мәмлеге келеді. Айла-шарғы ашылады да, қытай елшілігі түгелдей жусатып салынады. Бұған қатты намыстанған Тайцзун 649 ж. Чебиге қарсы генерал Гао Кань бастаған ұйғыр мен бұғыдан құралған қалың жасақ жібереді, Чеби тұтқындалып, Чаньанға әкелінеді, мұнда оның айыбы кешіріліп, оған әскери жоғары атақ-шен беріледі. Оның халқы шығыс Ханғайдағы Өтікен орман-тоғайына көшіріледі, өйткені сеянто жойылғаннан кейін бұл облыс құлазып бос қалған.
Оқиғаның жалпы барысы осындай, бірақ тұтас халықты Алтайдан Ханғайға көшіргені туралы хабардың әсіреленгеніне шүбә жоқ. Мен «Таншу» мен «Ганмуды» құрастырушылар іске селқос қараған деп шүбәланудан аулақпын. Шамасы, олар туындысында Гао Каннің рапортын көшіріп бере салған. Бірақ басқа да көптеген генералдар сияқты, бұл генерал да қытай сарай маңындағылардың географияны нашар білетінін ескеріп, өз рапортын долбарлап жазған. Бұл рапорттың шикілігін білу үшін Чаньаннан шығып, Гоби мен Батыс Моңғолия арқылы Алтайға дейінгі жол кешуді қосқанда, бүкіл науқан тек бір ғана 650 ж. біткенін айтсақ та жеткілікті.
Осы уақыт ішінде 30 мың түркіт әскерінің қарсылығы жойылды, Чебиханға опасыздық еткен екі ағаманның бас иіп бағынатыны қабылданды, түгел бір аймақ қапылыста алынып, Чебиханның өзі ұсталды дегенге сенуге болады, ал бірақ осынау қысқа уақытта Гао Кань сан мың халықты түгел ұстап алыпты дегенге, Алтайды өмірінде көрмеген қытай сарайының төңірегіндегілер ғана сенуі мүмкін. Бір-бірінен биік асулармеи бөлініп жатқан тау алқаптары жаратылыстың өзі жасаған жасырын баспаналар, кез келген жаудан соларға барып бой тасалай тұруға болады, өйткені қоршауда қалғандар игілігіне иен даланың бір пұшпағы (Алтай алқабының ыстық күн қақтаған солтүстік жоталары әрқашанда далалық аймақ) және жанға сая, жұпар иісті ну орманның бір мүйісі (күн шұғыласы сырғып қана өтетін түскей жотасы) таза, мөлдір суы буырқанып жатқан тау өзені, табанында бұлақтар шулап ағып жататын терең сай-жыралар қосымша баспана ретінде соларға қызмет етеді. Қыс күнінде биік асулардан өту қиын, ал жазда мұндай алқаптарға жеткен жау да ешбір нәтижеге жете алмайды, өйткені жайлаулар су айрықтары аралығында жатады да, оған тек жергілікті адамдар ғана білетін білте сүрлеулермен бара аласыз. Өзеншелер бойын қуалай жүретін табиғи жолдар болмайды, себебі олар төменгі ағысында жартастарды жарып өтеді де, аттылы кісі түгіл, қара жаяу жүре алмайтын тар шатқалдармен ағады. Бірақ Алтайда көшпелі мал шаруашылығы тек алқаптардың далалық жоталарында ғана тірлік ете алады, ал ондай жерлер онша көп емес. Сол себепті де мал басы өсіп, халық саны көбейген кезде Чебихан сайын далаға шығуды ойлауға тиістұғын. Ол соны тапқан, оның түбіне жеткен де осы әрекеті еді, өйткені кең жазықта император атты әскерімен иық теңестіретін күш жоқтұғын.
Текске қайтып оралсақ, біз Чебиханның жазықта талқандалып, Алтай тауының бөктерінде, әлі бой тасалап үлгірмеген кезде ұсталғанын байқаймыз. Шамасы, Гао Кань өз тапсырмасын орындадым деп ойлап, ұсталған тұтқындарды Ханғайға жөнелтіп, Чаньанға тиісті хабарламаны жіберген тәрізді. Соның арқасында тау арасында тұратын түркіттер аман қалады, олар тіпті өздерінің Төлес атын да сақтайды.
Корейлердің ерлігі. Тіпті Сеянто хандығын жойып жіберуден біраз бұрын Тан үкіметі алдына корей мәселесі қайта келіп тұрады. VII ғ. орта кезінде Корея үш мемлекетке бөлінулі еді: түбектің оңтүстік батысында Жапониямен одақ жасауға бейім Пякчо патшалығы; оңтүстік шығыста — жапон теңіз қарақшыларынан тепкі көрген, сол себепті де Қытаймен одақтасуға ділгер Силла патшалығы; солтүстікте — оңтүстіктегі екі патшалықпен де жауласып, маньчжүрлардың орман-тоғайы мүкримен (Мохэ) достас Когурио яки Корея патшалығы болады. Осынау аса берік жауынгер мемлекет Суй әулеті Қытайдың төрт рет жасаған басқыншылық шабуылын тойтарып тастайды. Тан әулетімен ол достық қатынасты нығайтады, бірақ 642 ж. Когуриода төңкеріс болады: Гай Сувынь деген біреу шіркеуге сүйеніп, бекзаттарды түгел қырып, патшаны өлтіреді, оның өлген патшаның немере інісі кішкене сәбиді таққа отырғызады да, бар билікті өз қолына алады.
Империя үкіметі көршісінің ішкі істеріне қол сұғуды ойына да алмаған, бірақ Гай Су-вынь Пякчэмен одақтасып, 643 ж. биллаға қарсы соғыс бастайды. Өз одақтасын талан-таражға түсірмес үшін, Тайцзун Кореяға елші өкілін жібереді, бірақ елшіні менсінбей, енжар қабылдағаны сонша, бұл соғыс ашуға желеу болады. Тайцзун, корей узурпаторының қатыгездігі халықты оған қарсы өшіктіреді деп , бұл жәйт — Силланың көмегімен, империяның қидан, татап және мукрий әскерлерін жеңіп шығуына мүмкіндік туғызады — деп ойлаған. Бірақ ол сұмдық қателеседі: корейлер өз Отанын қорғауға қаһармандықпен, жанын сала кіріседі, ал мукрилер (маньчжурлар) оларға көмекке келеді. Империя армиясы құрамында қытайлардан гөрі көшпелілер көптұғын, бірақ жорыққа қытайлар да қатысады. Телелер корпусына сыңарқолды балуан Киби Хэли, түркіттерге — Ашин Шени, Жоңғария даласынан келген, чуйе салтаттыларына Ашин Мише қолбасшылық етеді, ал хан Ашин Сымо император штабында болады. Жоғары қолбасшылық императордың туысы, сеянтоларды жеңген табғаш Ли Цзи мен қытай әскербасы Чжан-Лянға тапсырылады. Қытай мен түркіт қолбасшылары тең мөлшерде, аралас-құралас тұрып жатады, ал флотта тек қытайлар ғана қызмет істейтін.
645 ж. көктемінде империя армиясы шекарадағы Ляо-шүй өзенінен көктей өтіп, Гаймучен бекінісіне лап қойып, бірден басып алады да, сосын Ляодун қаласын барып қоршайды. 40 мың корей оны құтқаруға жұмылып келіп, қытай жаяу әскерін біраз тықсырады, бірақ соққы жеп, шегініп кетеді. Содан кейін тасатқыш машиналар қала дуалын құлатады, қатты желді пайдаланып, империялықтар қалаға от қояды. Дуал үстінде тұрған корейлер шегінбейді, бірақ жау оларды ұзын найзалармен түйреп түсіре береді. Қала шыдамай құлайды.
Содан кейін Ляодунның солтүстік жағындағы аса күшті Бай-яйчен бекінісі бағынады. Шабуылшы сап бекіністің опырылған қабырғасы алдында лап қойғалы тұрған кезде, қолбасшы Ли Цзи: «Олжаға бір кенеліп қалу үшін, сарбаздар өлген-тірілгеніне қарамастан, атылған оқ пен тас астына өз еріктерімен барады. Енді қала алынып бітуге жақын; ендеше мұның берілуін қабылдап айқасып жатқан әскер қызуын басып қайтеміз?»— дейді. Алдияр атынан түсіп, кешірім сұрап, былай тіл қатады: «Айтқаның рас, бірақ қалың әскерге қарапайым жұртты қырғызып, әйелдерді бала-шағасымен тұтқынға алғызып қоюға менің дәтім шыдамайды, ал сенің корпусыңнан айрықша көзге түскендерге мемлекет қазынасынан әртүрлі заттар беріп сыйлаймын, сөйтіп мен сенен бір қаланы сатып аламын. Ли Цзи әскерді алып кетеді, сосын император қаланың тізе бүккенін қабылдайды.
Корейлер бар күшін жұмылдырып, көмекке мүкрилер атты әскерін шақырады. Ашин Шэни әртүрлі айла-тәсілмен корей әскерінің бүйірін қыздырып шабуылға шығарады да, оларды еліктіріп әкеліп, өздерінің тосқауылда тұрған басты күшінің үстінен түсіреді. Корейлер амалсыздан соғысып, көп адамынан айрылады. Тауға барып ұйлығысып қалып, жан-жағынан империя әскері қоршаған корейлер жеңімпаздар еркіне беріледі. Тайцзун кейін Қытайға көшіру үшін 2500 командирді тұтқында қалдырады. 30 мың сарбаз үйді-үйлеріне жіберіледі де, үш мың мүкри әскері өлтіріледі.
Бірақ империя әскерінің күллі күш-жігері Аныпа қаласының қамалына соғылып, күл-паршасы шығады (Кайпиннің солтүстік-шығысында). Қабырғаны қаусатқан тарандар қайратына, қалаға тас жаудырған тасатқыш машиналар әрекетіне, күні-түні бірдей жүргізілген жеті мәрте шабуылға, қамауға алғандардың көп зиян шеккеніне қарамастан, қала мүлде берілмейді. Сол арада қыс түсіп, азық-түлік қоры таусылады. Император корей әскербасыларын қала қамалына шақырып алып, қаланы қорғау ісінде қайтпас қайсарлық танытқаны үшін оларға алғыс айтады да өз әскеріне шегінуге бұйрық береді. Шабуыл тұншығып қалады да, күллі ұрыс науқаны жеңіліске ұшырайды, шегініс кезінде көптеген сарбаз суық аяздан, жол азабынан қаза табады, осынау соғыс Ян-дидің Кореямен жүргізген соғысына қалай ұқсамайды десеңізші 645 ж. басып алынған жерлер империя қарамағында қалған, корейлер шегінген әскерді қууға жүрегі дауаламайтын, ал енді 647 ж. соғыс қайта жүргізіледі, бірақ түпкілікті жеңіске тек 668 ж. ғана қол жетеді.
Бірақ біз бұл соғыстың бұрылыс-қалтарыстарына көңіл бөліп жатпаймыз. Біздің тақырыбымыз үшін, тек соған қатысқан түріктер мен басқа да көшпелілердің еншісін, мөлшерін анықтасақ болады, ал олардың еншісі аз болмаған.
Шенидің «Батыс өлкеге» жорығы. Кореядан қайтып келгеннен кейін Тайцзун назары тағы да батысқа түседі. Үкі мен Халлығты қуып жіберген соң ол жақ біраз тынышталған. Шығыс Түркістанның уақ билеушілері түркіттер күшін асыра бағалап және Гаочанды оңай бағындырғанынан қорқып, империя басқыншылығына қарсы күресте тірек болар деп, өздерінің болмашы тәуелсіздігін сақтап қалу үшін Ірбіс Шегуйханға бағынады. 630 ж. Кучаның империяға бағынуы Сварнатеп патшаның (Санскрит есімі Суварнадевтің тохарлық өңделген түрі) қолымен жасалған істұғын, бірақ оның орнын басқан Харипұшпа (қыт. Али Бушиби) империямен қарым-қатынасты үзіп, Батыс қағанатына бағынады.
640 ж. Қарашардың луны (қожасы) Тукичжи батыс түріктің Кулишар деген бекзатына қызын ұзатады да, енді сүйенішім нығайды — дегендей, алым-салық төлеуді тоқтады. Әдепкіде қытайлар бұған біраз төзеді, бірақ 644 ж. Қарашар қожайынының інісі өз жағына шыққанын пайдаланып, Батыс өлкесінің уалиі Го Сяо-кэ, оны жол көрсетуші ретінде ұстап, гентек кіріптардың жазасын бермекші болады. Ойламаған жердей кенет шабуыл жасап, ол Қарашарды жаулап алады да, Гүкичжиді тұтқынға алып, Қытайға жөнелтеді, ал босап қалған таққа оның інісін отырғызады. Кулишар, атасының кегін қайтару үшін қасына түркіттерін ертіп алып, қытай әскері кеткесін, үш күннен кейін Қарашарға келеді. Ол жаңа билеушіні қамауға алып, оның орнына таққа әлгінің туысқаны Сепо Аначжиді қояды. Жаңа қожайын опасызды Кучаға жөнелтеді, со жақта оны билеуші Харипушпа жазалап өлтіреді.
Тайцзун мұны соғыс ашуға болатын себеп деп есептейді де, ол жаққа қарауына түркіт пен теле атты әскерінен тұратын жер қайысқан қалың қол беріп, (100 мың адам?), өзінің таңдаулы генералы Ашин Шениді аттандырады.
Ашин Шени күтпеген жерден тосын шабуыл жасау үшін, Хамиден бастап, Тянь-шанның солтүстік жоталарымен жүріп, Жұлдызға жетеді де, жолай чуйе мен Чуми тайпаларын талқандап, сосын армиясын бірнеше асудан өткізіп, Куча бектігінің шебіне келіп кіреді. Жау абдырап сасып қалады: Қарашар сұлтаны Сепо Аначжи астанасын тастап қашып кетеді, бірақ ұсталып, басы кесіледі . Кучалықтар елу мың әскерді қарсы көтереді, бірақ тез талқандалады да, Шени Кучаны жаулап алады. Билеуші жеңіл атты әскермен түркіттерге қарай қашады, бірақ қуғыншылар өкшелей жетіп, қоршап тұтқынға түсіреді. Кучаның Нали деген бекзаты түн қараңғылығын пайдаланып қашып кетеді. Ол Батыс қағанатқа барып, о жақтан он мың түрік салтаттысын ертіп келеді. Түріктер империя жасақтарының біріне тұтқиылдан шабуыл жасап, оны талап; күйретеді. Шени әскерінің арасында үрей туады, бірақ негізгі күшпен қақтығысып қалған Нали біржолата жеңіліп, өзі тұтқынға түседі.
Осыдан кейін шағын-шағын 70 қала өз еріктерімен Шениго бағынады. 649 ж. әскер күшімен айбат көрсету арқылы ғана Хотанды бас июге мәжбүр етеді. Бұқар мен басмал тайпасы да толық бағынатынын білдіреді, бірақ бұл оларды ешнәрсеге міндеттемейді. Ірбіс Шегуйхан өз мемлекетінің тұтастығын сақтап қалуға ешбір қабылеті жоқтығын анық көрсетеді. Шалқар даладағы түркіт сауытты әскерінің бұрынғы басымдығы біткенді, өйткені империяның атты әскері де тап осындай дала тұрғындарынан құралғанды, оларды батыс түркіттерінің қалдықтарынан әсте кем түспейтін, дала соғысының тәжірибесіне жетік қолбасшылар басқаратын. Олардың тәуелсіздік сағатының санаулы ғана екені ел-жұртқа мәлім еді. Бірақ 649 ж. 10 шілдеде Тайцзун қайтыс болады да, Батыс қағанаттың жантәсілім азабы созылып кетеді.
Тайцзунның ажалы. 649 ж. бас кезінде бір орталыққа қарайтын империяны құру ісі аяқталады. Кореяда табанды қарсылық көрсетіліп жатса да, Алтай алқаптарында қайсар түріктер бой тасалап жүрсе де, ал Батыс қағанаты соғды қалалары мен далаларына, сонау Кубанға дейін өктемдік жасап тұpaды да, империяның нақты әскери күшімен теңдесе алатын бәсекелесі жоқ екенін елдің бәрі де білетін.
Батыс түріктерін Куча қасында (648 ж.) жеңгеннен кейін Тайцзун былай дейді: «Мен бір кезде көңілімізге әртүрлі зат жұбаныш болады деп едім. Топырақтан қала салу мен бамбук таяқты ат қып міну балаларға жұбаныш, сауда-саттық арқылы өзара басы артық тауарлармен алмасу көпестерге жұбаныш; жоғары шен мен жақсы жалақы шенеуніктер жұбанышы; дүниедегі тыныштық пен бірлік алдиярлар жұбанышы; мен кәзір көңілдімін. Осынау бірлік пен тыныштық, тәуелсіздіктен бас тартып, бағынған тайпалар мен халықтар үшін жасалған бағдарлама, соны жүзеге асыру жолында ауыр жорықтар жасалып өзіңнің де, өзгелердің де талай-талай сарбаздары қырылатын айтулы бағдарлама болатын. Бұл бағдарламаның қаншалықты шынайы болғанын жоғарыда айтқанбыз, бірақ оның 649 ж. жүзеге асқаны анық факті ретінде қала береді және қолжеткен жеңістерге қоса, соғыс екпіні империя әскерін болашақ соғыстарға итермелей бастағанды. Мұның үстіне елдегі көп нәрсе империяның негізін салушының жеке басына байланысты болатын.
Жеке басының қадыр-қасиеті арқасында жоғарғы өкіметке ие болған адамдар жөнінде сөз туа қалса, әдетте Наполеонды еске алады. Ол кісі мен Тайцзун — Ли Ши-минь арасында ұқсас жәйттар көп болғанын айту керек. Олардың екеуі де өмір жолын армия лейтенанты болып бастаған, екеуі де таланттарымен көтерілген және екеуі де қарулас серіктерін айналасына тығыз орналастыра білген. Оның екеуі де әрі батыр, әрі ақылды болған, екеуі де өз халықтарының өмірінде орасан зор роль атқарған.
Бірақ Наполеонның ісі оның көзі тірісінде-ақ құлап бітеді, ал Тайцзунның ісі өзінен кейін тағы жүз жыл өмір сүреді. Наполеонның «сұрқылтайы» Фуше болған, ал Тайцзун: «Хандық құрған кісі ешкімге де күдік келтірмеуге тиіс»— деп жар салған. Наполеон тұсында салтанат құрған, ал Тайцзун тұсында мәдениет гүлденген. Наполеон франциясы аса қажет тағамға: кофеге, қантқа т. б. зәру (болған, Тайцзун халық үшін азық-түліктің өзіне дейін болып көрмеген молшылығын жасаған. Тек Конфуций жолын қуған интеллигент — зиялылар ғана, императорды әйел құмар, буддашылыққа бейім және соғысты жақсы көреді, деп жұрт арасында пікір туғызады. Конфуцишілдер әсіресе оның көшпелілермен дос-жаран болғанын қатты айыптаған, бірақ олар бұл арада аңламай өз карталарын ашып қояды: олар империя идеясын қабылдайтын, ол түркіттермен, моңғолдармен дос болуды қаламайтын, оның зардабын біле тұра Суй үйінің ескі саясатына бүйректері бұратын.
Тан әулетінің тағына бірнеше сауатты дүмшенің күңкілі шіркеу түсіре алмайтын, өйткені оған көшпелілер әскерінің адалдығы және халықтың қалың бұқарасы арасында абырой-беделі айғақ еді. Тан әулеті сол себепті де қысылмай-қымтырылмай-ақ елге мейрімділік пен төзімділік бейілін көрсете беретін.
649 ж. көктемінде император ауырып қалғанын сезіп, бекзаттарын шақырып алады да, ел басқару ісінде ұлына көмек көрсетіп отыруға әмір етеді. Ол ауырып жатқан кезінде қашан 649 ж. 10 шілдесінде көз жұмғанға дейін, мұрагерге ақылын үйретеді. Ол өлгенде сарайда болған кісілердің бәрі, тап бір әкесінен не шешесінен айрылғандай, егіліп жылайды. Ашин Шени, о дүниеде бірге болуы үшін, мұның өзін жақсы көретін ханының, досының мәйітімен бірге қойыңдар — деп өлмекші де болады, бірақ тақтың қатыгез мұрагері оны тиып тастайды.
Жаңа император Геоцзун лауазымын қабылдап, Кореядағы соғыстың тоқтатылатынын және Кучада ұстап алынған тұтқындардың бәрінің босатылатынын жариялайды, бірақ көп ұзамай оған әкесінің ісін жалғастыруына тура келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *