Согдиана қағанат құрамында. Ашин әулеті Батыс тармағының хандары күш-қайратты Жетісу мен Шу алқабының далалық тайпаларынан алатын болса, байлық олардың қолына Орта Азия мен Тәрім алқабының отырықшы мекен-жайларынан ағындап құйылып жатады. Соғды диқандары мен көпестері Батыс түрік хандарынан көп-көп жақсылық көргендіктен де, өздері еркімен тәж-тақтың тірегіне айналады. VII ғ. бас кезінде Орта Азия өзінің экономикалық және мәдени гүлденуінің биік белесінде болады; сауда-саттық, егін шаруашылығы мен қолөнері жедел қарқынмен дамиды; діни сенім-нанымдар бір-бірімен бейбіт қатар өмір сүріп жатты. Қытайдан — Византияға құбылып аққан жібек бұлағының бір бөлшегі жолай ауыр алтын құймалар түрінде Бұхарда, Самарқанда, Шашта (Ташкент), Қашғарда, Күча мен Тұрфанда шөгіп қалады, сол алтыннан көпестер мен диқандар әйелдеріне арнап, әшекей мүліктерін жасатады. Бірақ осынау бақ-дәулеттің бәрі Соғдиананың түркіт ханына бағынуының нәтижесі еді.
Бір ғажабы, ортаазиялық иеліктердегі мәдени өрлеу саяси сананың мейлінше төмен деңгейімен қатар өмір сүріп жатты. VII ғ. Соғдиана өте уақ бектіктерге бөлініп, ыдырап жататын, бірақ қанша қажет болғанымен, бастарын біріктіруге күштері жетпеді. Ал, шынында да сауда керуендерінің, баптаулы жеміс баулары мен қалалар түбіндегі шеберханалардың қауыпсыздығын тек саяси бірлік қана қамтамасыз ете алар еді. Ашан хандары елге қажетті мамыражай тыныштықты орнатады да, өз бодандарының ішкі істеріне араласпайды. Соғды қалалары толық автономияны сақтап, өте пайдалы саудадан түсетін табыстарының бір бөлегін хандарға алым-салық ретінде төлеп тұратын.
Соғдылар қағанаттың саяси өміріне белсене қатысатын. Олардың керуен саудасын өркендете беруге мүдделі болуы — іс-әрекет бағытын да белгілеп отыратын. Дулының теріскейдегі көпшелілері жібек саудасынан пайданы там-тұмдап қана табатын, өйткені мата өткізетін базарлар мен тасымал пункттерінен жырақ жататын. Кейде олар Жоңғар қақпасы арқылы өткен керуендерді талап алатын, бірақ бұл оларға ұдайы түсіп тұратын қорек еместі, мұның үстіне керуендер көбінесе қауыпты жерлерді айналып, Кучадан Әулие-атаға баратын жолмен жүретін. Оның есесіне Ферғана мен Соғдианаға жақын тұратын оңтүстік көшпелілері — нүшебилер өз жері арқылы сауда керуендерін үздіксіз өткізетін, оларға шабуыл жасаудың нушебилер үшін ешбір мәнісі болмайтын. Олар керуендерді өткізгені үшін, олардың қауыпсыздығы үшін, жол көрсеткені, азық-түлік, отын бергені үшін ақы-төлем алып, соғдылармен бірге байитын.
Бұл өзара күресіп жататын партиялардың күшін теңдестіріп отыратын, ал қарауында кәзіргі Қазақстанның аса батыр, жаужүрек қалың жұрты жайлаған шетсіз-шексіз жазығы созылып жатқанына қарамастан, дулылар, өздерінің бейбіт қала тұрғындарынан көмек алып тұратын бәсекелестері — нүшебилерді әсте жеңе алмайтын. Нушебилер өтe пайдалы, тиімді географиялық жағдайда тұратын: зерттеліп отырған заманда Тянь-шань жоталарына ие болу түркіттер үшін нағыз көкейтесті экономикалық қажеттілік болатын, өйткені осынау орман-тоғайлы, отты-сулы аудандар олардың жазғы жайлаулары еді. Бұған қоса Тұрфан көшпелілерді оларға ең қажет азық-түлікпен — астықпен және маталармен жабдықтайтын. Бұл тауарлардың Тұрфанда мол болғандығы сондай, оны тіпті Қытайға шығаратын.
Жалпы алғанда, бүкіл шығыс түркістан иеліктері ішінен Тұрфан мен Куча екеуі ғана белгілі саяси роль атқаратын. Бірақ ұлы жолдан бұрулау бүйірде, Такла-Макан шелі шағылдарының ар жағында жатқан Хотан бұлардан гөрі Тибет пен Үндістанға бейім тұғын, ал Тұрфанның сулы-нулы аймағы Қытаймен және солтүстік көшпелілерімен байланыста болатын. Батыс түркіт хандарының саясатын талдаған кезде Тұрфанның тарихына — әсіресе онда Гаочан кінәздігі болып-толып тұрған кезеңге көз салған пайдалы.
Тұрфан көгалды аймағы қадым заманнан Шығыс Түркістанның аса ірі мәдени орталықтарының бірі болған. Қытайлар осы аймақ үшін хундармен кескілескен ұрыстар жүргізгендағы, жеңіске жеткеннен кейін, сол арада әскери отар — Гаочан-лейдің негізін салған. Хань үйі құлап, елде аласапыран басталған кезде, Қытай Шығыс Түркістаннан айрылып қалады, бірақ қыруар қытай Тұрфанның құт−берекелі жерінде тұрақтап қалады. Гаочан ешқашанда толық тәуелсіз ел болып көрген емес, жужандар мен гаогюйлердің бірінен соң біріне бағынады, ең соңында, 590 ж. оны түркіттер жаулап алады. Алайда бұл жаулап алу жергілікті әулеттің күні бітті деген сөз еместі. Түркіттер тек бағынғандықтың белгісі деп, гаочандарды түріктің әдет-ғұрпы мен киімін қабылдауға мәжбүр етеді. Осы уақыт ішінде Гаочанда қытайшылдар мен сепаратшылдар (бөлінуге бейімдер) партиясы тартысып жатады, ал соңғы партия көшпелілерге арқа сүйейді. VI ғ. соңғы кезінде Гаочан маңызының өскендігі сондай, түркіт ханы өзінің қызымен гаочан кінәзінің некелесуіне келісімін береді. Гаочанның билеуші иесі, ретті жерінде айталық бір кездегі түркіт ханы қызының баласы, қасиетсіз Жәңгір Кимінхан кезінде түркіттердің әлсіреп жеткенін пайдаланып, қытайға қарай иек соза бастайды. 609 ж. ол Ян-диге барып, император үйінен кінәз қызына үйленіп қайтады.
Жоғарыда айтылғанды қорыта келгенімізде, Апыннің батыс бұтағындағы жағдайдың қияметтей қиындап кеткенін көреміз. Соғды көпестерімен дәстүрлі одақ жасасаң, Иранмен жау болып шыға келуің сөзсіз. Гаочан — Қағанат пен Қытай арасындағы араздықтың алмасы, Батыстағы хазарларға сенім аз, шығыстағы телелер болса анық жау. Ақырында — әулеттің ең басты тірегі — дулы мен нүшеби тайпалары одақтарының бектері оның өкіметін әлсіретуге тырысады. Сөйтіп мейлінше тәуелсіз, дербес тұрғысы келеді. Бұл ниет-қимыл іске асса, онда нағыз анархия — жүгенсіздік басталар еді, тек әлуетті де талантты хан ғана орталық өкіметтің абырой беделін ұстап тұра алар еді. Ал ондайлар аз кедесетін.