Нушебилер жеңісі (Л. Гумилев)

Нушебилер жеңісі. Шегуйхан. Дулы одағы руларының ағамандарынан құрылып, Чулохан Таман атынан билік жүргізетін үкімет дәйексіз болып шығады. Шығыс облыстар бөлініп кетеді, дулылар мен телелердің талауы мен тонауы керуен саудасына кедергі жасайды, Қытаймен бітімге келу жолына жұмсалған құрбандықтардан ешбір нәтиже шықпайды. Ел ішіндегі жағдай да шиеленісіп, қауып-қатер күшейе түседі. Үкіметтің дәрменсіздігі соғды қалаларын Қытаймен тікелей жақындасуға итермелейді. 608 ж. Қытаймен одақтасуға ұсыныс жасаған Тұрфаннан кейін, 609 ж. Орта Азияның Ань (Бұқар), Боқан (Ферғана), Ши, Ми (Маймург), Цао, Хэ, Унаге, My, Кан (Самарқан) сияқты иеліктері соның жолын қуалайды. Олардан соң 609 ж. Куча мен Гибинь мол тарту-таралғымен елшіліктер аттандырады. Ақырында елшілік Шегуйден де келеді. Ол некелесу одағын жасауға ұмтылады, қытай үкіметі осы сәтті Чулоханға ықпал жасауға қолайлы сәт деп есептейді. Шегуйге қалыңдық орнына «жебенің ұшқырлығы секілді, іс те тез бітсін» дегенді мегзеп, оның ұлы хан деп аталғаны мәлімделіп, ақ қауырсынды бамбук жебе жіберіледі. Бірақ дулылар елшілікті жолай ұстап, жебені тартып алады, бірақ елші «алдап-сулау арқылы босанып» шығып, Шегуйге келіссөздің нәтижесін айтып береді. Шегуй дереу Таманға қарсы жортуыл жасап, оның күл-талқанын шығарады. Таман шығысқа қарай қашады да, жолай қуғынға ұшырап, тоналып, қытайларға тұтқын болып түседі. Оның жақтастары үш кіші ордаға бөлінеді (612 ж.).
Таман қайғылы қазаға ұшырайды 618 ж. әулет жаңарғаннан кейін, шығыс түркіттер қытайлардан өздерінің хас жауының қанын төгуді талап етеді. Мемлекет кеңесшілері бір ғана түркітке бола тартысқа түсуді естілік емес деп тауып, императорды азғырып, Таманды құрбандыққа беруге көндіреді. Байғұсқа мас болғанша арақ береді де, сосын оның үстіне түркіт елшісін кіргізіп жібереді, сосын ол оны өз қолымен бауыздайды. Әскер мен көшпелі ел арасында жаңа әулеттің беделін түсірмес үшін бұл баскесерлік құпия түрде жасалады. Өйткені әскер де, халық та опасыздықты қолдамайтын.
612 ж. төңкеріс, дулы ағамандарының сиымсыз мінез-құлқынан туған, саяси ақуалдың шиеленісін толық бәсеңдетеді. Соғдиана мен Тәрім аймағындағы бектер түгелдей Батыс Түрік ханының тәж-тағы аясына қайта келеді. Бұдан тек Гаочан кінәздігі ғана жырылып қалады, өйткені олар өзінің географиялық жағдайына қарағанда, түркіттерден гөрі Жоңғарияның теле тайпаларымен тығыз байланысты еді, олар осынау көгалды бай аймақтан өздеріне қажетті егін шаруашылығы мен қолөнер өнімдерін алып тұратын. Сол сияқты Гаочан арқылы өтетін жол дулының қоныс-өрістеріне апаратын, сол себепті де ол Гаочандықтарға баж салығынан орасан көп пайда түсіретін.
Соның арқасында Гаочан кінәзі 692 ж. өздерінің сауда бәсекелестері қарашарлықтар, кучалықтар мен соғдылардың қамқоры Шегуйханға бағынғаннан гөрі, Суй үйіне бағынғанды тәуір көреді. Шегуйхан аз ғана жерін жоғалтқанына онша қиналмайды, өйткені қытайлар бұған тіпті 609 ж. император Ян-диге бағынатын сулы-нулы аймақтарды билеуге мүмкіндік берген еді. Шегуйханның күшеюі тіпті императорға пайдасын да тигізеді, өйткені ол бұл кезде Батыс өлкесіне көз салуын қойып, күллі назарын Кореяны жаулап алуға тікелей аударған болатын. Оның соңғы есуастығы екі халықтың екеуінің де қанын судай ағызып, безбүйрек билеушіні ғұмырынан да, тәж- тағынан да айырады, бірақ біз корей соғысын басқа мәселеге байланысты қарастырамыз, ал әзірге Батыс қағанатының ішкі жай-жапсарына тоқталамыз.
Нушебилер басшылығы. Түн-жабғы-хан Шегуйдің жеңіске жетуі 604 ж. Қара-Сор түріктің қаза табар алдындағы жағдайды қалпына келтіру деген сөзтұғын. Қағанаттың ішкі жағдайы нығайып, сыртқы ауыртпалықтары сейіледі. Ең өткір мәселе — Жоңғариядағы дербес теле бірлестігінің болуы — өзінен өзі шешіледі. 619 ж. телелердің қос көсемі — кибилік Мохехан Гелен мен сеянтолық Ышбар (Ишибо) лауазымдарынан бастартып, өз еркімен Тун-жабғы-ханға бағынады. Адал да ақниетті әрекеттің осынау акті, соғыстың шын себебі телелер де, Ашиннің хандары да емес, тыюсыз-жиюсыз кеткен, көршілерімен тіл табыса алмайтын, тіпті тіл табысқысы да келмейтін дулы тайпалары екендігіне куә бола алады. Дулылар ежелгі хұндардың жаугершілік машықтарын мирас еткенді және солар сияқты, «атты айқастың айтулы ерлері» болатын. Бірақ біркездері хұндарды «халықтарды билеуге» жеткізген қам-харекет, енді қатты қарсылыққа душар болады. VII ғ. көпес батырлармен иін тірестіре тұрып, құбатұз ерлерін орман-тоғайлар мен шөл түкпірлеріне қуып тығуы үшін, өздеріне қажырлы жақтастарды жетіп артылатындай етіп сатып алғанды. Мұны телелердің ағамандары дәл кезінде байқап, момын да жуас қылығымен өздерін мажыражай тыныш тіршілікпен қамтамасыз еткен. Олар Ашиннің хандары өздерінің көңірсіген қой-ешкісіне көз салмайтынын жақсы білгенді, өйткені жыл сайын даламен қара құрымдай болып қатынап жататын керуендерден хандардың қолына алтын мен жібек ағып келіп жатады.
Керуен жолының со замандағы маңызы «Суйшудың» географиялық бөліміне іріктеліп-сұрыпталып енгізілуінен және оның соған орналасуының рет-ретімен анық байқалады. Негізгі жол Тянь-шанның солтүстік жағымен жүретін, сондықтан да Турфан көгалды аймағындағы Гаочан кінәздігі бірінші пункт етіп қойылған, ал екінші, анау сияқты тасымал пункті Кан яғни Соғданың бас және ең бай шаһары Самарқан болатын. Соғда иесінің зайыбы түркіт ханшайымы, Қара-Сор Түріктің қызытұғын, оның заңдары мен жазу-сызуы түркіттердікі еді. Самарқан Ашин хандарына бағынып, ұзақ уақыт олардың тірегі болудан көп нәрсені ұтқан қалалардың бірітұғын. Қытай географы: Самарқанның тұрғындары «сауда-саттыққа шебер… көптеген шетелдіктер сауда-саттық жасау үшін оларға келіп жатады»— деп әдейі атап өтеді.
Екінші пункт болып Ань яғни Бұқар аталады. Мұнда түркіт ханына тәуелділік байқалмайды. Дегенмен де Бұқар қағанат құрамына кіретін, онда шад басқаратын еншілік аймақ болатын, ал Шашты (Ташкент) бар болғаны тудун билейтін. Соғдиананың басқа қалаларынан бір айырмашылығы Шаш Шегуйханға қарсылық көрсеткен, бірақ Ашиндер әулетінен шыққан ханзадаға тікелей бағынып, бас иетін болғанды.
Сосын тап осындай қисынмен екінші жол да белгіленеді. Қарашар мен Куча, Қашғар мен Хотан, сосын Ферғана, Тохарстан мен Идан яғни Эфталиттер елі тұрған. Бұл Тянь-шанның күнгей жағымен жүріп, Қытай мен Үндістанды қосатын жол еді. Осы жол өтетін облыстар Батыс түрік ханына бағынатын және Амударияның оңтүстігіндегі эфталиттер қалдығына бас идіру бастаухатта арнайы атап өтілген. Орта Азияның кіндігіндегі бектер: Ми-Маймург, Шы — Кеш, Цао — Усрушана, Хә — Кушания (Катта-Қорған) тексте тізбекпен емес, шоғырлана орналасқан, өйткені олар бірыңғай мәдени алаңда қоныстанған болатын. Олардан соң сәл оқшаулау етіліп, түркіт ханына бағынбайтын Унагэ-Мерв, Му-Амул мен Босы-Персия топтастырылғанды.
Бірақ Амудария тек орта және төменгі ағысында ғана Батыс түркіт қағанатының шекарасы болып табылатын. Оның жоғарғы жағында түркіттер өзеннен аттап өтіп, Ауғанстан арқылы Солтүстік-Батыс Үндістанға енген тұғын. Осынау елдерді бағындырғаны жөнінде егжей-тегжейлі мәліметтер сақталмаған, бірақ түркіттердің көп-көп қиналуына тура келеді. Бұл көп мәні бар бір ауыз сөзден көрінеді. «Түн-жабғы-қаған батыр да байыпты сақ кісі еді. Ол арпалысқа кіріскен кездері әрдайым жеңіп шығатын». Осы жеңістері оған Иранның бүкіл шығыс шекарасын өз иелігіндегі жерлермен қоршап алуға мүмкіндік береді Батыстағы Византияның қажырлы қарсылығына байланып қалған шахиншах Хосрой Парвиз түркіт ханының күшейіп кетуіне кедергі жасауға әл-дәрмені жетпейді. Бұған қоса шығыс шекараны қорғауға шахтың өзі тапсырма берген армян нахрарлары түркіттерге беріліп кетеді де, олар аналарды Каспий теңізін айналып жүретін жолмен Кавказға жөнелтеді, олар сонда парсыларға қарсы соғысқа қатысады. Иранның шығыс шекарасы 620 жылдан 630 ж. дейін қорғансыз жатады, соған қарамастан, Түн-жабғы Иранға шығыс жақтан басып кірмейді. Бұл оның бейбітшіл екендігіне тіпті де айғақ бола алмайды. Тап сол уақытта ол Кавказда белсенді әрекеттер жасайды, ол Орта Азияда бұрынғыша қатерлі тыныштық қанат жайып тұрған еді.
Осынау біртүрлі ғажап құбылысты әлеуметтік күштердің Батыс қағанаттағы нүшебилер жеңісінен кейін қалыптасқан ара қатынасымен түсіндіруге болар еді. Көпестердің сауда жасағысы келеді. Олар өздерінің жібекпен жау парсыларды жабдықтап жатқанына қысылмайды, өйткені жеңістің келешегі күмәнді де алыс болатын, ал саудадан түскен табыс бірден қойны-қонышына келіп құйылып жататын. Мұның үстіне Бахрам Чубиннің жорығы мен 589 ж. Авазаны талқандау, соғдыларға парсылардың қарсы соққы беруге қабылеті жететінін анық көрсетеді, кім білген, олар тіпті Балхты өздеріне қайтарып алып, Үндістанға баратын жолды бақылауына алуы ғажап емес. Сол себепті де ханды Иранмен соғысуға итермелей отырып, олар ретін тауып, оның әскерін Каспийдің ар жағына жөнелтіп, Грузия мен Арменияны талан-таражға салуға мәжбүр етті де, өздерінің бай қазыналы сарайлары мен бау-бақшаларының, келе-келе түйелерінің қауыпсыздығын сақтап қалады.
VII ғ. 20-шы жылдары Европаның Оңтүстік-Шығыс даласы түркіттер өкіметінің қол астына қарайтын. Ханның мұндағы оң қолы, оның «жабғы-қаған» (джебухаған) лауазымы бар інісі болатын. Оның баласы қасында «шад» лауазымды қолбасытұғын, ол «Агван тарихында» «солтүстік патшасының» немере інісі делінген. Демек жабғықаған «солтүстік патшасының» інісі болған.
Ол кезде Батыс Түркіт мемлекетінің ханы, тәуелсіз алдияр Түн-жабғыхан еді. Ендеше «солтүстік ханы» ретінде көрініп жүрген тап соның өзі, бұған қоса Жабғыхан мен «солтүстік ханының» қаза табатын датасы бірдей (630 ж.). Оның ағалары 626 ж. дейін қайтыс болады, ал оның қасында Мохошад деген інісі бартұғын. 618 және 626 жж. арасында Мохошад елшілік қызметпен Қытайға барып қайтады, ол жөнінде қытай күннамалары басқа ештеңе айтпайды. Мұндағы ең табиғи жорамал, жабғы лауазымын алғаннан кейін, ол батыс облыстарының билеушісі, ханнан кейінгі екінші кісі болса керек, шынында ол ханның ең жақын туысы екен. «Агван тарихында» оның үш ұлының қайсысы «шад» атымен жүр? Олардың үлкені Нишу Гянашад Бұқарға еншілік бегі болған. Оған тетелес Тонғашадтың енші аймағының қайда екені белгісіз, бірақ оның ұзақ уақыт бойы қарашар билеушісінің досы болғанын еске алсақ, олар бір-бірінен онша алыс тұрмаған болуға тиіс. Яғни Тонғашадтың еншілігі Орта Азияда болған деп ойлаған жөн. Бәрінен де ыңғайлы келетіні — Бөрішад, өйткені бұл лауазымды батыстағы еншілік бектері алатын болған, мәселенки Тобоханның немере інісі.
Қытай күннамашылары ол жөнінде өмірбаяндық ешбір мәлімет бермейді, бұл жәйт көлденең де болса, тағы да еншіліктің батыста, әлгі авторлар көзінен қалыс жерде болғанын дәлелдейді.
VII ғ. бас кезінде Кавказдың алдыңғы жағын екі халық қоныс еткен: Кубанның оң жағасынан Днепрге дейін мекендеген болгарлар (оның ішінде ұйырғыр, унногундүр, оногур т. б. тайпалар болған) мен Терек пен Еділдің төменгі жағын жайлаған хазарлар, олардың 589 және 626—630 жж. соғыстарда өздерінің тағдырын Ашин хандарымен қосақтап тастағаны сондай, гректер мен парсы авторлары «түрік» пен «хазар» аттарын синоним ретінде қолданған. Алайда осынау халықтардың бір-бірінен айырмашылығының көптігі шығар, Шаванн оларды бірдей санауға болмайды деп оқырмандарды әдейі ескертіп қояды. Хазарларды тіпті қытайлар да білген. «Таншуде» Босы (Персия) мен Фолиннің (Рум-Византия) солтүстіктегі көршісі «кэсаның дулғастық (түркіттік) тармағы» деп аталады. Қытайлар мұндай атты, бағынуға мәжбүр болған, мәселен, телелер мен қидандар сияқты, тайпаларға емес, өз еркімен бағынған тайпаларға беретін болған. Иранның ежелгі жауы болғандықтан да, хазарлар нушеби хандарының саясатын күллі күш-жігерімен қолдаған, ендеше олармен бәсекеге шығуы мүмкін халық тек болғарлар ғана болуы керекті, бұл бастаухаттардың жанамалай айтып кетуімен дәйектеледі.
Кавказдың ар жағындағы жорықтарға болгарлардың қатыспағаны — аса мәнді жәйт. Егер аварлардың бүкіл құтырғырлар жерін яғни Қаратеңіз өңіріндегі даланың Донға дейінгі облысын бақылап отырғанын еске алсақ, бұл жәйт түсінікті де. Түркіттің жабғықағаны, егер осынау шекараны қорғаусыз қалдырса, нағыз ашықауыз аңқаудың өзі болар еді. Шамасы, оны күзету тап болгарлардың өзіне ғана тапсырылған тәрізді, бұл оқиғалардың одан әрі дамуы барысымен дәлелденеді. Бірақ, олжалы оралатын жорықтан шығарып тастау сияқты, осынау ауыр да қауыпты міндет, болгарлардың нүшеби тобын ұнатуына апарып соқпаса керекті. Шынында да кейін болған оқиғалардан біз олардың дулының жақтастары ретінде іс-әрекет жасағанын көреміз.
Қазіргі Батыс Қазақстанның даласы — сабирлардың ежелгі елі де Батыс қағанатына кіретін. Ондағы енші аймақ беті «Батыр» деген лақап аты, кіші хан деген қадырлы дәрежесі бар, Түн-жабғыханның ағасы болатын. Бұл ел VII ғ. өзінде Сібір деп аталатын, өйткені кейінірек, жүре келе «Батыр»—»Күйлуг Сібірхан» лауазымын қабылдайды. Өздерінің ұнату-ұнатпаулары тұрғысынан қарасақ, Сібір тайпалары, болгарлар секілді, дулы тобына бейім тұрған.
Орданы ұйымдастыру. Батыс түркіт қағанатын сипаттайтын қытай және грек-армян авторлары көңілдерін көбінесе, елді билеген түркіт ордасына емес, сол елге кіретін тайпаларға аударып, құбылысқа үстірт қараумен шектеліп қалып отырған. Сәті түскенде, П. Пелльоның экспедициясы VII ғ. екінші жартысына жататын, бес хорлар (тоғондар) құрастырып, тибет тіліне аударылған бір географиялық трактатты тауып алады. Бұл құжат «Солтүстікті мекендейтін-патшалықтар мен тайпалар туралы» (яғни Тогонның теріскей бетіндегі) бес баяндамадан тұрады; оның төртеуінде авторлар заманындағы этносаяси ақуалды, ал тағы біреуінде (біріншісінде) тарихи жағдайды суреттейді, оны Түн-жабғы патшалық құрған кездің аяғы деп, датасын дәл айтуға болады, бұл — құжатта тізімделген тайпалар құрамынан анық көрінеді.
Бұл құжатты түсіну үстінде кісі бірқатар тосын қиындықтарға кездеседі. Бәрінен бұрын, әуелде осынау құжат құрастырылған тіл — оңтүстік моңғол тілі болуға тиіс, ол терминологиясы жағынан, мүлде қытай тілінің ықпалына түсіп кеткен. Әсілі, баяндамалардың авторлары қытай география әдебиетін білетін білімді адамдар болса керек. Сондықтан да тайпалардың аттарында қытай тіліне тән дәстүрлі фонетикалық бұрмалаушылықтар ізі кездеседі. Содан кейін, тибет тіліне аудару кезінде, тілмәшқа естуінен ғана белгілі, тайпалардың аттары тағы да бұрмаланған, соған қарамастан бұл құжатты, егер оны бүкіл ғылым жинақтаған мәлімет қорымен салыстырған жағдайда ғана және мұқият тарихи сыннан өткізгенде ғана, айқындап, түсіндіруге болады. Талдануға тиісті тибет текстінің төрт жолында өнекі (шыны он бір) тайпаның аттары бар. «Осынау тайпалардың ханы жоқ және соғысқа 6 мың сарбаз шығарады» деп көрсетілген. Патшаның жоқтығын (тегі, әрбір тайпаға жеке-жеке) былай ғана түсінуге болады: олар тікелей жоғарғы ханға ғана бағынған, қағанатқа кіретін басқа тайпалардан бұлардың бір айырмашылығы — олардың өз басқармалары болмаған. Егер бұл жорамал дұрыс болса, олар толус-тардуш жүйесіне, Батыс түрік елінің екі қанатына енуге тиіс. Аздаған түзетілуі болмаса, өзі шынында да солай.
Тізімдегі тайпалар мынадай топтарға бөлінеді: 1) «Азма Мугань патшаның тайпасы»— бұл Ашиндер әулеті; 2) «хали»— «фули» сөзімен, түрік сөзі «бөрінің» қытайша бұрмаланған түрімен қатар қойылады, бұл яғни түркіт хандарының нөкерлері; 3) «А-са-стэ» текті түрік әулеті Ашиденің аты; 4) «Cap»— күмәнсіз «сир» яғни сеяньто тайпасының басты руы. Тізім «дули» деген сөзбен бітеді, бұдан «Толис» терминін оп-оңай тануға болады.
Бұдан әрі тізім батыстан шығысқа қарай жүреді: 5) «Ло-лад»— алаңдар, аяғында моңғолдың көпше жалғауы бар, бұл — түсінікті де, өйткені баяндаманы жазған Тоғонның тұрғыны ғой; 6) «Парсия»— Каспий теңізінің Солтүстік-батыс жағасын мекен еткен болгар тайпасы барсилдер; 7) «Нгике», Таманның лауазымы —»Нигю-Чулохан», нигю —»ежелгі үйсін жерін» яғни Балқаш көлінің жағасын мекендеген түріктер тайпасының аты; 8) Суни — Шығыс пен Батыс қағанаттары шекарасында қоныстанған, Жоңғариядағы түрік тайпасы. Тізім джолто (9) тайпасымен аяқталады, оның баламасы жоқ. Бұл арада біз қағанаттың батыс қанатын құрап, жоғарыда аталған тайпалардың бәрін қамтитын «тардуш» терминінің бұрмаланған түрін көріп отырмыз ғой деп ойлаймыз. Сол кезде өмір сүрген Тибет тілмәші тегі, «Толис-тардуш» жүйесінің дәурені өткен ескілік болғанына қарамастан, оны айрықша тайпа етіп бөліп жазған.
Келесі үш тайпа: Янь-Ти, Хе-бдал (эфталиттер) және гаррга-пұр. ортасындағы буынына қарағанда, Орта Азияда және оның VII ғ. 20-шы жылдарында Түн-жабғыхан қағанатқа қосып алатын бөлігінде қоныс тепкен тәрізді. Сол кездері ол өңірде кушандардың ұрпақтары тұрып жатқан, ал кушандардың этникалық жағынан сарматтарға жататыны анықталған десе де болады. Мұнда біздің есімізге ежелгі қытайдың сармат тайпаларына қойған аты — Янь мен Яньцай есімізге түседі, қытайды зерттеушілер осы аттар —»сармат» этнонимін білдіреді деп есептеген. Кушандар ұрпағының 603 ж. түріктермен одақ жасап, Иранға қарсы шыққанын біз жоғарыда көргенбіз, ал ара да 20 жыл өткеннен. кейін олардың жері ешбір күрес-тартыссыз Батыс қағанатына қосылып кетеді. Дахақтардың яғни далалықтардың жұрағаты болып, VII—XI ғғ. Түрді билеп тұрған Сурилердің асыл текті әулеті саналатын. Біздің автор есіне қытай әдебиеті түсіп кететінін ескерсек, Пянджанның далалық бетін мекендеушілерді ежелгі атымен атап, ол өзінің білімін көрсеткен — деп жорамал жасасақ — артық кеткен болмаймыз.
Гар-рга-пур аты екі сөзден тұрады: «пур»— ұл (парсыша) ал «Гар-рга»-қарға (түрікше)-Бұл парсы сөзі «Чубин»— қарғаның баламасы, Хормизд шахтың тұсындағы Бахрам Чубиннің сарайлықтар қойған лақап аты. Бахрамның ұрпақтары, ол өлгеннен кейін, VII ғ. Батыс түркіт қағанаты шебінде болған Балхта тұрып қала берді, оларды Саманидтердің арғы аталары деп есептейді. Тегі, түркіттер арасында дәулеттілер санатында тұрып жатқан бір топ парсы эмигранттарын замандастары түркіт елін құрайтын тайпалардың бірінен деп қарағанға ұқсайды.
Түркіттерден нәсілі, тілі мен мәдениеті жөнінен айырмасы бар, «Толис-Тардуш» жүйесіне кірмейтін осынау үш тайпаның басқалармен, нағыз түрік тайпаларымен бірдей, тең негізде тізімге енгізілуі — олардың тең құқықты мүшесі ретінде ордаға қосылғанын көрсетеді. Солардың адалдығы арқасында, түріктер, барсилдер мен аладардың, түріктер өз ортасына қабылдаған бөлегінің қолдауы нәтижесінде Кавказ бауырында тұрып қалғаны сияқты, Гиндүкуш баурайында да жайбарақат тұрып жатты.
Хан қосынында. Түн-жабғыхан өз қосынын Шаш көгалды аймағының теріскей бетіндегі жасыл далаға апарып қондырады. Бұл оның аса аумақты, кең иеліктерінің дәл кіндігі болатын. Осында ол Шығыс (Қытай) және Батыс (Византия) императорларының елшіліктерін қабылдайтын. Бірақ осының ең бір қызықты және мәнді жері, түрік билеушісі Сарайының суреттемесін бізге қалдырған елшілер емес, хан жылы шыраймен қабылдап, көп көңіл бөлген будда сопылары. 626 ж. хан құзырына Үнді уағызшысы Прабхакарамитра он шақты серігін ертіп келеді де, орда ішінде өнегелі тәртіп пен жүйелі іс барын көреді. Хан меймандарымен мейірімі түсіп, сүйсіне сұхбаттасады, олар ештеңеден де тарықпайды. Олардың тек қытайға баруына рұқсат етілмейді, Прабхакарамитрамен хан қосынында танысқан қытай елшісі оны өз еліне шақырған еді.
Арада бірнеше жыл өткеннен кейін хан иелігіне өзге бір будда сопысы — қытайлық Сюань Цзан келеді. Ол тек Хами көгалды аймағына жетісімен, оны дереу Қаған-жайға яғни Бесбалыққа шақырады. Жолай оны азғырып, Тұрфан көгалды аймағына әкеледі де, Гаочанның қожайыны «әулие кісіні» өз қасында қалдырғысы келеді, бірақ ержүрек дәруіш аштық жариялайды, сөйтіп өзінің емін-еркін жол жүруіне кедергі жасамауға мәжбүр етеді. Сюань Цзан кетіп бара жатып, қайтар жолында Гаочаанға соғып, будда философиясы жөнінен дәріс оқуға уәде береді, бірақ оның бұл ниеті жүзеге аспай қалады, 644-645 жж. ол Қытайға қайтып келе жатқан кезде, Гаочан кінәздігі өмір сүруін тоқтатқанды.
Кәзіргі Тоқмақ қаласы тұрған жерден дәруіш аң аулап, сайран құрып жүрген Түн-жабғыханды көреді. Сюань Цзан сүліктей сұлу аттардың көптігіне қайран қалады. Хан үстіне жасыл атластан желбегей киген екен. Ол жалаңбас екен, тек жіңішке жібек таспамен иығына түсетін қалың шашы қобырамас үшін, маңлайынан бастыра байлап тастапты. Ханның айналасында қамқа шекпенді екі жүздей атты нөкері бар еді. Олар шашын бұрымдап өріп алған. Ал қалған әскері ат, түйе, мінген. Олар үстеріне ұлпаннан, матадан тігілген киім киіп, ұзын шашақты найзалармен, тік садақтармен қаруланған еді. Олардың көптігі сондай, әскердің шет-шегіне көз жетпейді екен.
Бұл суреттен біз батыс түркіт ханының аса бай, сән-салтанатты сарайының сыртқы бейнесін көз алдымызға елестетуге мүмкіндік аламыз. Оның әшекей бояуында сұрғылт түс мүлде кездеспейді: жібек пен атлас құлпырып көз жауын алады, күн нұрымен қамқа шекпендер жарқылдайды, ұлпан тондар да көмескі жылтылдайды, жарау аттар жер тарпып, ойнақтай басады, маң-маң басып түйелер қозғалады. Бәрі де әртүрлі, мың құбылып, мейрам күйін шерткендей болады, тіпті тайпалық салтқа сай қойылатын шаш тараудың өзі әртүрлі. Сонымен бірге зейін-зердеге деген құрмет қалай жан тебірентеді. Қайыршы сопыны қадырлеп қарсы алып, ауқаттандырады, оның сөзін ықыласпен тыңдайды, ең соңында оның Үңдістанға жетуіне жағдай жасайды, ол жақтан сопы даналықтың бір түйірін әкелмек болып уәде етеді. Бірақ осынау жалт-жұлт еткен сән-салтанат, байлық оқымысты қонақ кеткеннен кейін көп тұрмайды. Бұл —630 ж. бас кезі болатын, ал оның аяққы кезінде апат соғады.
VIII ғ. азиялық тарихшылар «Тайпа» түсінігін, XX ғ. этнографтары түсінетін мәнде ұққан деу — дөрекі қатеге ұрыну. Азиядағы әскери демократия дәуірінде кісінің шыққан тегі, тілі, шаруашылықты жүргізу тәсілі, діні есепке алынбаған, есепке алынатын нәрсе — тек орталық өкіметке бағынудың рет тәртібі ғана болған және ел жүйесіне кіретін кез келген ұйымшыл коллектив тайпалармен тең саналған. Оны Тан империясының әскері 640 ж. жаулап алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *