ИРАНҒА ЖОРЫҚ (Л. Гумилев)

ИРАНҒА ЖОРЫҚ
X тарау
Соғыс қарсаңында. Өтірік көнгені үшін сый-сияпат ретінде берілетін қытай жібегін соғды көпестері арқылы сатып, тек бөгетсіз барын беруі үшін ғана Қара-Сор Түрік бәсекелестерін өлтіріп, немере інісі мен оның қолдаушыларын — өз руластарының көзін құртады. Алайда баюдың бұ жолы содан он жыл бұрынғы, ұлы жанжалдың алдындағы кезден жіңішкеріп, тарыла түседі. Иран мен Византия қасарысқан бетінен қайтпай, қатал соғысты жүргізіп жатты, парсы шахы тым болмаса, басы артық бір керуенді Константинопольге өткізіп жібереді — деп тіпті ойлауға да болмайтын еді. Түркіттер мен гректердің ресми түрде соғыс жағдайында болуы бұл ақуалды қиындатып жібереді. Рас, бұл соғыс жеті жылдан бері толас тапқан, бірақ бітім шартының болмауы елшіліктер алмасу ісіне бөгет жасады, Иранға қарсы соғыс әрекетін реттеп сәйкестендіріп отыру ісін қиындатады. Ал, одақтасу гректерге де, түркіттерге да қажет еді, өйткені екеуінің жауы да ортақ, мақсат-мүдделері де ортақ еді.
Егер иран бөгетін бұза алатын болса, жібек Византия патрикилері — ақсүйектерінің шеберханаларына судай болып атар еді, сонда герман конунгтер-қолбасы көсемдерінен әскер жалдан алуға қаражат табылар еді де, бәлкім, Византия Европадағы жетекшілік рөлін сақтап қалар еді. Ондай күн туса, Соғдиана алтынға кенелер еді, түркіттер арасында таптардың құрылу процесі жеделдеп, ел — феодалдық мемлекетке айналар еді де, Фирдоусидің сөзімен айтсақ, Ираннан бір тұтам балауыз ғана қалар еді. Ішкі дүрдараздық соғыс қағанат тәнін қақырата жыртып жатқан кезеңде, Түркіт хандары сыртқы саясатты белсеніп жүргізе алмайтын, ал бірақ тыныштық орнаса болды, «жібек жолының» проблемасы бірден бірінші орынға шығатын, сонымен бірге Византиямен келісімге келу қажеттігі пайда болар еді, өйткені өзара келіспей жасалған әскери әрекеттердің сәтсіздікке ұшырайтыны күні бұрын белгілі ғой.
Ресми одақ құрылмайды, бірақ дәнекерші-делдал грузин патшасы Гуарам Багратид табыла кетеді де, соның көмегімен 589 ж. күллі иранға қарсы күштердің басы біріктіріледі, соның арқасында «жаулары Персияны садақтың екі басын қосатын адырна секілді тұйықтан тастайды». Ойға алынған бұл әрекет тым қиын болса да, үміт үзу жөн еместі. Өзінің ұзақ тарихында Иран бірде күш-құдыреті артып, атақ-даңқтың асқарына шықса, енді бірде сол биіктен құлап, күл-паршасы шығып жатады. Оның VI ғ. күші мен мүмкіншіліктерін тиісінше бағалау үшін, біз оның тарихын тым болмаса желе жортып бір шолып шығуымыз керек.
Иранның күші мен әлсіз жері. Ахеменидтер империясы тіпті зауалды 330 ж. дейін-ақ ескіліктің қалдығына айналады. Ассириялық дәстүр негізінде құрылған со мемлекет тек тежеусіз әскери билік орнатуға ұмтылады, бұл тұрғыдан қарағанда, ол өзінен бұрынғы қандыжол мемлекеттен де асып түседі. Сонымен бірге өкіметті нығайту қажеттігі Ксеркс пен оның мирасқорларын Шахиншахтың діни басшы екенін мойындағысы келмеген басқа дінді ұстанушыларға да, сол сияқты Заратупттраның нағыз қайсар ізбасарларына да қарсы діни қудалауды (Ксеркстің девтерге қарсы жазуы) бастауға мәжбүр етеді.
Саяси, идеологиялық және экономикалық түйіндер жыл өткен сайын шиеленісе береді, сол себепті де аргироспидтердің күмістей жылтырауы азия халықтарына әуелгі сәтте ғасырлық езгіден азат етудің шұғылалы күніндей болып көрінгеніне таңқалуға болмайды. Бірақ көп ұзамай ұйымдасқан өктемдіктің орнын жүгенсіз зорлық басқаны, ал диадохтардың пасаргад билеушілерінен ешбір артықшылығы жоқ екені, бәлкім, тіпті олардан да жаман екені анықталады. Бірақ соған қарамастан, ескі тәртіпті ешкім де аңсамайды. Сириялықтар мен мысырлықтар гректерте бейімделіп алады, ал тізгінсіз топас билік аздырып-тоздыра алмаған шығыс иран халқы басқыншыларға қарсы күреске көтеріліп, оларды жеңіп шығады. Парфияны найзагер салтаттылар құрған болатын, сондықтан да ежелгі жеті румен бірге осынау 240 әулет текті бекзаттар қатарына қосылады. Өздерінің тосын жеңісін бекіту үшін, парфяндардың көп нәрсені гректерден үйренуіне тура келеді, сөйтіп майдандағы айқаста жеңіліп қалған Эллинизм өздерін жыққан жеңімпаздар дүниетанымына бойындағы бары мен нәрін дарытады. Олар камея мен геммаларға (бәдізделген ою-өрнекті тастар) сүйсіне қарап, Платонды құмарта оқиды, Эврипид трагедияларын көріп, қол соғады, сөйтіп, өз қамал-сарайларының ішіне кірісімен, қалың халықтың бұрынғы құлданушыларға деген өшпенділігін «азат етушілер мен қорғаушыларына» қарсы бағыттағысы келетінін ұмытып кетеді. Парфянның дәулетті бекзаттары халықпен байланысын біржолата жоғалтады, 224 ж. халық өз сөзін айтқан кезде, олардың осы астамдығы өздерінің түбіне жетеді.
Алайда, патшалық құрған әулетті айуандықпен түгелдей құртып жіберген Арташир Бабаган 240 үйге тимейді, өйткені оған ақсүйектер керек болатын. Жас сасанидтер мемлекеті өз тіршілігінің алғашқы кезеңінде лаждың жоғынан қатал соғыс жүргізеді және өзінің атты әскерін яғни әскердің ең жауынгер бөлігін жойғаны мүлде миға қонбайтынын Арташир анық түсінеді. Сөйтіп азат шаруаларға арқа сүйейтін шах өкіметі, өткен бес ғасыр бойы әбден азып біткен эллинизмнен бас тартып, өз тағдырын иран мәдениетімен байланыстырған әскери ақсүйектермен одақтасады.
Әуелгі Сасанидтердің әскери жолы сәтті болады. Шығыста — Бехрудқа160 дейінгі Иран, батыста — Евфратқа дейінгі Месопотамия, солтүстікте — Кавказдың Дербентке дейінгі арғы беті солардың қолдарына көшеді. Парсы патшалығы империяға айналады, бірақ оның құрамына кірген халықтар өздеріне тән қоғамдық құрылысын сақтап қалады: Дейлемнің таулық тұрғындары мен Иран араптары — өздерінің рулық көсемдерін, Месопотамия қалаларының христиандық, еврейлік және гностикалық қауымдары — өзінің басқармаларын, ал армяндар — шахин-шах қамқорлығындағы патша өкіметін — сақтайды.
Сасанидтер тұтас бір мәдени әлемнің көшбасы болып шыға келеді, міне осы жағдаят тепе-тең дәрежеде олардың күшінің де, әлсіздігінің де көзі болады. Бірінші жағынан алғанда, сасанидтер империясында сол заманның ірі мемлекетіне қажет шарттардың бәрі де: дамыған егін шаруашылығы мен жаяу әскерді құрайтын азат шаруа қауымы; әскердің командалық құрамы мен әкімшілік сұрыпталып алынатын текті бекзаттар; негізінен пәрменді атты әскерді құрайтын қалған ақсүйектер қауымы — бәр-бәрі бар еді. Шығыс Иран мен Ирактің көшпелі тайпалары мал шаруашылығының өнімдері мен көмекші жеңіл атты әскерді беріп тұратын, ал Дейлемнің батыр таулықтары шахиншахтарға тек әскери олжа үшін ғана шын көңілден қызмет ететін. Ақырында айтарымыз, Месопотамия қалаларында қол өнері мен сауда-саттық өркен жайып тұрған еді161.
Зейін-зерде саласы түгелдей парсылар қолында тұғын және дін қызметкерлері — мобедтер мен хатылар арасында бөлінетін. Сырттай қарағанда, осының бәрі өте жөндем-жақсы көрінетін, ал шын мәнінде бәрі де жаман болатын, өйткені бұл ақуалдың екінші жағы бартұғын. Шах үкіметін қоса есептегенде, осынау тізілген топтардың бәрінің бейбіт жолмен шешуге келмейтін, ымыра-мәмлені білмейтін, қарама-қайшы мүдделері болатын және Иранның сорына осы топтардың бәрі де өздерін өздері қару күшімен қорғай алатын, құдырет-қуаты мол топтар еді.
Шах үкіметі, әйтеуір өкімет деп есептелсек жетті деп, сонымен шектеліп қалмай, қайта тежеусіз билік жүргізуге тырысады, демек ол ерте ме, кеш пе, ел байлығының денін қарбытып, қамтып алған, тәж-тақта бай бекзаттардың айтқанына көніп, айдағанына жүретін, дәрменсіз шахтың отырғанына ынтызар ақсүйектермен ұстасып, тартысып қалуға тиіс болатын. Сосын зороастролық діни қызметкерлермен одақтасу — ол христиандарды, гностикалық секта-мәзһабтарды, еврей қауымын діни қудалау саясаты деген сөз еді, ал халықтың тап осы топтары экономикалық жағынан бәрінен де мықты болатын, өйткені сауда-саттық солардың қолында еді. Ақша алу жағынан да, оларды сырттағы басты жауы — Византияға қарсы пайдалану үшін де маңызы бар одақ жасау үшін, діни индифферентизм — енжарлық және толық төзімділік позициясында тұруы керек еді, ал олай болса, зороастралық дін қызметкерлері қарсы шыға бастайтын. Тау мен дала тайпалары сөз жүзінде шахтың айтқанынан шықпайтын, ал іс жүзінде толығынан тәуелсіз болуға тырысатын, ендеше, олардан аздап та болса алым салық жинау үшін, күш қолдану керекті. Қысқа қайырсақ, алтын тақтан айрылып қалмауы үшін, бірде-бір топ күшейіп кетпес үшін шахиншах ұдайы одақтастар іздеп, оларды ұдайы өзгертіп отыру қажет еді. Бірақ бұл әманда қолдан келе бермейтін.
Сонымен бірге жоғарыда айтылған топтар шах өкіметімен ғана емес, өзара күресіп те жататын. Христиандар от ғимараттарын бұзып, парсылар арасында Тәуратты уағыздауға ұмтылатын және олар шахтың сол істі жасауға рұқсат беруін талап ететін. Жаяу әскерді құрайтын азат шаруалар ақсүйектерге өштұғын, тау тайпалары дала тұрғындарымен, парсылармен т. б. жауығып жататын. Міне, осындай көп топтарды басқару үшін, шахтың өзінің күші мен қаржысы болуға тиістұғын, ал алғашқы кездері ондайы аз болғаннан кейін, тәж-таққа жиі-жиі Бахрам Гур, Балаш, Джамаспа сияқты ақсүйектер ұсынған қолжаулық билеушілер ие болады.
Шахиншахтардың ішіндегі ең тамашасы Кавад, маздақшылар қозғалысын қолдап, текті бекзаттардың өктемдігіне қарсы күресті ұйымдастыруға тырысады, бірақ ол көкекті қаршығаға айырбастап қоя жаздайды, өйткені маздақшылар ақсүйектерді біраз сілкілеп алғаннан кейін, өздерінің мүддесі үшін өзгелердің бәрімен күресуге бел буған жаңа партия болып ұйымдасады.
Таққа Хосрой Нуширван келіп отырар алдында істің жалпы нобайы тап осындай еді. Ол өлер шақта осының бәрі түбірінен өзгереді. Егер Хосройға дейін жалпы иран мәдениетіне әралуан мәдениет типтерін механикалық түрде қоса салу ғана емес, оларды табиғи түрде игеру процесі ұдайы жүріп, ол бірегей мәдениеттің әралуан турлерін жасаса, VI ғ. орта кезінен бастап, сол баяғы бір диалектикалық процесс кереғар құбылысты туғызады. Сол уақытқа дейін белсенді болып келген топтар жоғалып, аман сақталып қалған топтар со жоғалғандар есебінен нығайып шыға келеді.
Тап сол VI ғ. орта кезінде сасанидтер монархиясының жойылуына әкеліп соққан бетбұрыс байқалады. Біріншіден, уақытша болса да маздақшылардың жеңісі ақсүйектердің күш-қуатын әлсіреткені сондай, олар енді ешқашанда өздерінің бұрынғы жағдайын қайтарып ала алмас еді. Екіншіден, 531 ж. маздақшыларды талқандау азат шаруалардың дербес маңызын толығынан жояды, өйткені олардың ең белсенді бөлегі террор кезінде қаза тапқан болатын. Үшіншіден, Анушзада көтерілісінің сәтсіздікке ұшырауы Ирандағы христиан қауымын біржолата қансыратып, есеңгіретіп тастайды да, сол кезден бастап христиандар шахиншахтың адал қызметшісіне айналады. Сол сияқты өздеріне екі рет ажал қаупы төніп келгенін (Маздақ пен Анушзададан) бастарынан кешірген зороастралық дін қызметкерлерінің, енді туралап келген өлімнен өздерін тек қатал өкімет қана құтқаратынына көздері жетеді; Иранда дінді алмастыру ісіне өлім жазасына кесілу қатері негізінде, тиым салынатынына сәйкес, үкімет ұстаған позиция толығынан мобедтердің көңіліне қонады, өйткені анайы діндердің көпшілігіне жат саналатын прозелитизм — жаңа дінге кіруді уағыздау, зороастралық діни жүйеге де мүлде жат болатын.
Дейлемиттер, армяндар мен араптар Хосрой мен Хормизд патшалық құрып тұрған кездері өздерінің бұрынғы дербестігінің басым бөлегінен айрылып, мемлекет ішінде белсенді роль атқарудан қалған еді. Билеуші талантынан мақрұм қалмағанын мойындасақ та, осының бәрі Хосрой Нуширванның айрықша даналығының арқасында жасалмаған еді, оның себебі, шахиншақ ақырында қажетті күш пен құралды яғни әскерді өз қолына алғанды, мұндай санды, мұндай сапалы әскер бұрынғы парсы патшаларының бірде-бірінде болмаған еді.
Мұндағы кеп — Хосрой маздақшыларды, әкелері барып тұрған ымырасыз дұшпан ретінде, өмірі мен дүние-мүлкінен айрылған, ақсүйек жастардың қолымен күйреткен болатын. Ол өз қолдаушыларына материалдық жағынан сый-сияпат көрсете алмайды, өйткені ел шаруашылығы өзара қырғын кезінде туралап қалғанды, ал тәж-тақ табысының енді қалған көзі — жібекпен сауда жасау ісінде, дұрысы Иран арқылы өтетін керуендерден баж салығын алу әрекетінде жатқан. Осы табыс жаңа әскер құрамын ұйымдастырып, оны асырау мұқтажын ғана өтеген, ал ескі әскер өзінің түбіне өзі жеткенді. Хосрой полктерге өзінің әскери жолдас-жораларын енгізіп, олардың қатарын көшпелі сақтармен толықтырады. Сөйтіп қару-жарақ пен жалақыны162 қазынадан алып тұратын, құрамында 12 полкі бар тұрақты әскер жасалады.
Жаңа қол жасақтар емес, кәсіби армия болатын. Ол заманда соғыс тағдырын атты садақшылар шешетін, ал кезенгенін мүлт кетірмейтін мергендік кісіге көп жылдық жаттығулар арқасында ғана келетін. Үздіксіз жаттығулар мен жиілеткен жорықтар талапты жастарды тәртіппен, жолдастық рухымен берік топтасқан сақа сарбаздарға айналдыратын. Осы күшке табан тіреп, Хормизд шах дәулетті бекзаттарға қарсы күрес ашады.
Византия Иранға қарсы. 589 ж. жазында Иранның жағдайы қатты шиеленісіп кеткен еді. Батыс шекарада Византиямен бітпейтін соғыс жүріп жатқан.Содан біраз уақыт бұрын ғана Мартиропольді жаулап алған парсылардың кейбір табыстарына қарамастан, Низибия маңындағы Сисавран түбінде жеңіліп қалғаннан кейін, олардың халі нашарлай түскен. Византиялықтар Мартиропольді қоршауға алып, Мартиропольдің шығысындағы Нимфия өзені бойындағы Окба бекінісін бұзғанды163. Сол кездері баябан шөлден екі арап шайысы — Қисық Аббас пен Көккөз Әмір164 шапқыншылығы басталған. Олар Евфратқа дейінгі елді жағалай талап-тонап, өткен-кеткен керуендерден баж алым-салығы түсетін баждарды165 типылдап құртқанды, мұның ауыртпалығы әсіресе парсыларға қатты батқанды.
Бір мезгілде «хазар жолымен» яғни Дарльял шатқалы арқылы Армения мен Азербайжанға түрік хазар әскері баса көктеп кірсе, шығыстан «Қытай түріктерінің» басшысы166, иран шахы Хорезмидің ағасы Саве шах жортуылға шыққанды. Одақтастар, тегі, Иранда саяси дағдарыс болатынын сезген тәрізді. Шахиншах Хормизд өзі патшалық еткен уақытының көбін ақсүйектермен күреске арнайды; жазаланған адамдар саны қыруар — 13 мыңға жетеді167. Ирандағы ақсүйектер әскери жікке жататын болғандықтан да, әскердің командалық құрамы жазаланған кісілердің туысқандарынан іріктеліп алынатын, ендеше әскердің соғысу қабілеті әлсіреп, мемлекет шекарасының бұрынғыдан нашар күзетілетіні түсінікті болса керек168. Фирдоуси, Хормизд ел халінің мүшкіл екенін айтатын кеңесті сипаттағанда, төтенше бір қиян жәйттің суретін салады: Марзбаны еңкейіп барып; «Біздің бәріміз жиналып бір мобедке тұрмаймыз, ал сен мобедтер мен хатшыларды өлтірдің, сөйтіп, заң мен діннен қиғаш кеттің»— дейді. Алайда аман қалған мобед аса қажет ақылды айтады. Ол дереу даулы облыстарды беріп, Византиямен келісімге келуге, ал араптарға азық-түлік жіберіп169 оларды шегіндіріп тастауға ұсыныс жасайды. Олжаға батқан хазарлар, талап алған заттарынан айрылып қаламыз ба деп қорқып, парсылардың алдарына түсіп, өздері-ақ қаша жөнеледі. Жалғыз ғана қауыпты жау — ол Саве-шах: «Түрік Жойқынның арғы жағынан келсе, онда мүдіруге болмайды».
Кавказдағы соғыс. Түркіттердің соғысқа кірісуі парсылар жағдайын мүлде асқындырып жібереді, бірақ Иранда әлі пайдаланылмай жатқан жасырын күштер көп еді. 589 ж. 5 мамырда «хазар жолымен» кимелей кірген жауды парсы әскері шілдеден қалдырмай күйретеді де, аналардың зәре-құты қалмай, олжамен қайтқан жан пайда — деп қаша жөнеледі. Олардың орнына, Гуарам Багратид грек ақшасына жалдап алған, кавказ тайпалары остардың, дзурдактар мен дидойлардың жасағы келеді. Жартылай жабайы таулықтарды грузин эриставтары басқарады. Бұл әскердің қолынан келген бар ісі — хазарлар шала тонап кеткен Азербайжанды ақырына дейін талап құлазытып кеткендігі.
Гуарамның жалдамалы жасағына Роман бастаған Византия отряді келіп қосылады, бірақ парсы жерінде гректер де тұрақтап қалғысы келмейді. Олардың ең шұғыл міндеті парсы әскерінің бір бөлігін-шығыстан өздеріне қарай тартып алып, Орта Азиядан шабуылға шыққан түркіттердің шешуші соққыны беруін жеңілдету болған секілді. 589 ж. бұл әскер парсы жерін тазалап тастайды. Кавказдықтар соғысты қойып, үйді-үйлеріне тарап кетеді, ал гректер болса, өздерін Отанынан кесіп тастаған парсы әскерлерімен арпалыса отырып, еліне қайтуына тура келеді.
Парсылар арап шайқыларынан бұдан да оңай жолмен құтылады, олар біраз ақша үшін Месопотамияны тастап кетіп қалады. Бірақ мұның бәрі соғыс тағдырын шеше алмайтын.
Түркіттердің шабуылы. 589 ж. тамызында23 Қара-Сордың ұлы Янг Соух Шығыс Иранға бұзып-жарып кіреді. Шекараға қалқан болып тұрған жетпіс мыңдық әскер тырағайлап қаша жөнеледі де, түркіттерге — Хорасанға, Талеканға және Герат, Балх пен Бадгис сияқты тірек бекіністері бар ежелгі Бактрия жеріне апаратын жолдарды ашып тастайды. Бұл арада парсының шекаралық жаяу әскерінің, барша бастаухаттарда аталып өтетін, жауынгерлік сапасының төмендігі байқалады. Иранды үрей қаптайды. Табари сөзіне қарағанда, Саве-Хормиздға арнаулы кісі жіберіп: «Еліңізге емін-еркін енуім үшін сіз өзендер мен өзектердегі көпірлерді жөндеткізіп қойыңыз, көпірлері жоқ өзендерге жаңадан салдырыңыз, өзіңіздің еліңізден румдықтарға баратын менің жолымдағы өзендер мен өзектерге де соны жасаңыз, өйткені мен сіздің еліңіз арқылы соларға бармақпын»— деген сөзді айтқызады. Ультуматумның тексті жорықтың шын мақсатын да, батыс түріктер мен гректер қимыл-әрекетінің келісіліп қойылғанын да көрсетеді.
Ктезифонда өткен кеңесте түркіттерді тойтарып тастауға парфяндағы текті Михрандар тұқымынан шыққан, Азербайжан мен Арменияның марзбаны Бахрам Чубинді жібермекші болады. Бахрам мұны қабыл алып, небәрі 12 мың жауынгер сұрайды, бірақ олар міндетті түрде қырық пен елудің арасындағы кісілер болуға тиіс. Шын мәнінде олар жауынгерлік сапасы жағынан парсы әскерінің әдеттегі деңгейінен тым жоғары тұрған сақа сарбаздар еді. Бахрамның жастардан гөрі жасамыс кісілерді артық санағанын түсіндіру оп-оңай. Ол заманның негізгі күші жоғарыда айтылғанындай, садақшылар болатын, ал садақты жақсы ату үшін кемінде жиырма жыл уақыт керек еді. Айқастар тағдырын қолмен сайысу емес, атысу шешетін. VI ғ. парсы садақшылары адырнаны кеудесіне емес, құлағына дейін тартып шеберліктің шыңына шыққан еді. Сонда ұшы шынболаттан жасалған жебе 700 м жерге ұшып барып, сауытты тесіп өтеді екен.
Табаридің сөзіне қарағанда, Савенің әскері 300 мың адам Фирдоусидің айтқанына қарағанда, 400 мың. Түркіттер әскерінде соғыс пілдері, ал парсыларда пілдерге қарсы пайдаланатын «арыстандар» яғни мұнаймен тұтанатын от атқыштар болған. Алғашқы жеңістен кейін, түркіттер со пәрменімен шегініп бара жатқан парсы әскерін өкшелей қуып, батысқа қарай жеделдетіп жылжи береді. Бахрамның әскери соғысқа кіріскенше, Балхты ұстап тұру парсы қолының зәру міндеті тұғын. Хормизд ақкөңіл түркіттердің көкейіне қона көтен көнбістігімен Савенің сеніміне ие болады — Савеге шабуыл бағытын өзгерттіреді де, оны азғырып шығысқа түркіттердің ту сыртынан барып шығады. Саве Гератқа Герируд жағасымен жүретін жалғыз жолмен солтүстік-батыс жағынан келе жатады.
Ондағы ақуалды түсіну үшін Гераттың солтүстігі мен оңтүстігі жағынан таумен тұйықталған кең алқапта жатқанын ескеру керек (теріскейде — Занджир-гох, оңтүстікте — Искальджа яки Аман-кух тауы). Шығысқа таман таулар Герируд өзенін тар шатқалға қысып барып тұтасып кетеді. Осы таулардың солтүстік-батыстағы Баророн атты өткелі біраз кеңдеу, онымен атты әскер жүре алады. Бұл ұзындығы 8 шақырымдай тар өткел. Алқаптың Герирудтан Занджир-гох тауына дейінгі енділігі 12 шақырым. Герируд өзені онша терең емес, күзде оның кей жерінен көшіп өтуге де болады, бірақ ағысы қатты болғандықтан да, көп жері өткел бермейді. Ол Герат алқабынан оңтүстік батысқа қарай жатаған асу арқылы шығатын екінші өткелді кесіп өтеді.
Түркіттер Баророн шатқалынан өтеді де өзен мен теріскей таулары тізбегінің арасында жатқан Баулигох даласынан келіп шығады, арты — әлгі тар өткел, алдында — бұлар тіпті күтпеген Бахрамның қалың қолы. Бір даусыз нәрсе — Гераттың түбінде түріктердің күллі әскері түгел болмаған, өйткені тар шатқалдан 300 мың қолдың тұтас өтуі мүмкін емес және айқастың барысында белгілі болғанындай, парсылар әскерінің екі жақ қанаты түріктерді қаусырып алады. Әсілі, Саве, алдынан тек Герат гарнизонын ғана кездестіремін деп есептеп, шағын қолмен келген тәрізді. Түркіттер жағдайы тым қиындап кетеді. Хуррат Бурзин тапсырманы орындағаннан кейін, «Қанды мақшар күніне жақындамай тұрғанда» түнделетіп түрік күзетшілерінің тізбегінен ұрланып өтіп, Бахрамға қашып кетеді.
Мұның үстіне, Герат алқабының топографиясы түркіт әскерінің ең көп дегенде қанша екенін есептеп шығаруға мүмкіндік береді. Айқас алаңы — Баулигох жазығының ені 12 шақырым. Атты әскер еркін шайқасуы үшін әрқатардың арасында 20 метрлік жер болуға тиіс. Демек бір линиядағы қатардағы әскер 2 мыңнан аспауы керек. Көшпелілер санының мөлшері де белгілі —12 қатардан аспайды. Ендеше Герат түбіндегі түркіт әскері жиырма мың адамнан аспаған. Егер алқаптың батысқа қарай жүргенде тарыла түсетінін, түркіт әскерінің ортасында пілдер тұрғанын еске алсақ, онда бұл санды едәуір кеміту керек. Тегі, Гераттың түбіндегі парсылар мен түркіттер саны шамамен бірдей болғанға ұқсайды.
Саве, маңдай алдында парсының жақсы шыныққан жаңа әскері тұрғанын анықтап көреді де, өзінің тұзаққа түскенін сезеді. Оның әскері, әсіресе аттары Хорасанның күн қақтаған шоқылары арқылы ұзақ жортқанда болдырып қалған еді, бұған қоса тұрған жері еркін қимылдауға келмейтін «Тар да қолайсыз» алаң болады, ал Бахрамның артында бекініс ретінде ғана емес, жабдықтау көзі ретінде де маңызы бар Герат шаһары тұрған еді. Парсы әскерінің сол қанаты өзенге, оң қанаты — таулар тізбегіне барып тірелетін. Жау әскерін көріп тұрып, тар шатқал арқылы кейін шегіну есуастық болар еді, онда парсылар түркіттерді заманында таптап кетер еді. Саве Бахраммен келісуге тырысады. Ол қолбасшыға қыруар ақша ұсынады, әйелдікке қызын бермек болады, өз қасынан бірінші орынды, ең соңынан, Иранның тәжін ұсынады, бірақ Бахрам барша ұсынысты қабылдамай тастайды. Тек Хуррад Бурзин мен хатшы Бузург-Дабир ғана келісімге келуді қуаттайды, бірақ Бахрам оларға үндеріңді өшір — деп бұйрық береді де әскерін соғысқа ыңғайлап орналастырады.
Арпалыс. Парсы әскерінің қалай орналасқанын біз Саалибbден табамыз. Бахрам бірінші қатарға жаяу әскерді, арт жаққа — пілдерді (?!), екі қанатқа — таңдаулы бөлімдерді қояды. Бұған қоса, ең сенімді жауынгерлерден тосқауыл отряд құрылады, оның міндеті — өз әскерлерінің бытырай қашуына жол бермеу болатын. Әскердің оң қанаты — Занджир-гох тауына, сол қанаты — Герируд өзеніне тірелетін. Парсы әскерінің артында бау-бақшалы, егін-жайлы кент бар еді, ал түркіттердің алқаптың жалаңаш дала жағын місе тұтуына тура келеді. Бұл диспозиция парсы соғыс теориясының принциптеріне әбден сәйкес келетін.
Бахрамның жауынгерлер алдында сөйлеген сөзі әманда әскердің рухын көтеретін, қолбасшылардың әр заманда сөйлейтін сөздеріне ұқсайтын. Ол: әркім өз парызын орындауға тиіс, өйткені қашатындай жәйт болса, ешкім дұшпанның қылышынан құтылмайды, өзінің от басына қайтып оралмайды,— дейді. Шайқас басталып кетеді. парсыларға олардың бірінші қатарындағылар арасын үрей билей жаздайды. Тек Бахрамның дәл кезінде келіп. қарулас серіктерін рухтандырғаны ғана жеңілістің алдын алып, жұрт көңілін байыз таптырады. Өздерінің қоқан лоққысынан ештеңе шықпағанын көргесін, Саве парсыларға қарсы атты әскерін жұмсайды, ол дұшпанның сол қанатын тықсырғанымен, оң канаты мен орта тұстан тойтарылып тасталады. Түріктердің қатуланып қатты тиіскені сондай, тіпті Бахрам қашу жөнінде де ойлай бастайды. Бірақ Герат алқабы тек түріктер үшін ғана емес, парсылар үшін де құрылған тұзақ тәрізді еді. Таулар қашар жолды бөгеп тастағанды, сол себепті де Бахрамның соғысты жүргізе беруден басқа амалы қалмайды. Саалиби қашуға бейімделгенін Бахрамның әскери қулығы деп есептейді, ал Фирдоуси оның шын екеніне сенеді.
Атты әскер шабуылынан ештеңе шықпағасын, Саве пілдерді соғысқа салады, оған Бахрам осы кезге дейін мұқият сақтап келген қосымша күштерін түгел пайдаланып, қарсы шабуылмен жауап береді. Тап сол арада парсы садақшыларының асқан мергендігі кәдеге асады. Олардың оғы пілдердің жанды жеріне — тұмсығы мен көзіне барып қадалады. Жай жебелермен бірге пілдерге отты тұтандырылған майлы шүберекті жебелер жаңбырдай жауады. Жаны қиналған пілдер құтырынып өз әскерін таптап, жаншып тастайды. Пілдерден құтылмақ болған сарбаздар сапта ұйқы-тұйқы болып, қол сайысқа ұмтылған парсыларға пәрменді қарсылық көрсете алмайды. Саве қашса да құтылмайды, оны Бахрам Чубиннің жебесі қырқып түседі.
Көсемі қаза тапқаннан кейін, түркіттер зәре-құты қалмай қашады. Олар Баророн шатқалымен қашпақ болады, бірақ ұзын да тар шатқалдан қалың нөпір бірден қалай өтсін. Кіре берісте кептеліп қалып, топырласып жатқанда, есінен айрылған жауды парсылар ешбір бөгет көрмей, жусатып салады. Бұл қырғыннан он түркіттің біреуі ғана аман құтылады.
Соғыстың ақыры. Айқастан кейін Бахрам жаудан түскен олжаны шахиншах пен өз жауынгерлеріне бөлемін деп тұтас бір ай Гераттан шыға алмайды. Осы уақыт ішінде Савенің баласы Пармуда талқандалған әскердің қалғанын құрастырып, қарсылық көрсетпекке ұмтылады. Ол көшпелілердің тосыннан лап қойып, түнделетіп шабуыл жасау әдісін қолданады. Бір күні тіпті ол Бахрамның өзін ұстап ала жаздайды. Бірақ тұрақты әскердің басқыншылық шабуылын партизандық қозғалыспен тоқтату мүмкін емес еді, содан да шығар, парсылар Жойқыннан өтеді.
Түркіттердің шешуші соғысқа дайындалуы және олардың өліспей беріспеуге бел байлаған қатулығының мейлінше күші әсер еткені сондай, сол түнгі шайқаста түріктер тағы күйретіледі де, Пармуда Пайкент шаһарының бекінісіне барып кіреді. Бірақ Бахрам қамап алғаннан кейін лажсыздан беріледі, алайда әуелі жау өзіне тимейтін және оны нағашы ағасы Хормуздға жіберетін болып келісіледі. Хормузд оған сый-сияпат көрсетіп, бітім жасалған оң оны құрметтеп шығарып салады. Түркіт ханзадасы еліне қайтып келіп, содан өзінің енші аймағын 603 ж. дейін өле-өлгенше жайбарақат басқарады. Шежірелерде ол «Нилі хан» деген атпен белгілі. Сөйтіп, 589 ж. соғыс бітеді.
Иран құрып кете жаздайды, бірақ Герат түбіндегі жеңіс оны тағы да жарты ғасырға ұзартады. Содан жиырма жыл бойына түркіттер Иран шекарасын бұзуға жүрексінеді де, көрші екі елдің тарихы өз бетімен бөлек ағып жатады. Бахрам Чубиннің көтерілісі түгелдей Иран тарихына жатады, бірақ жеңіліп қалғаннан кейін, ол өзінің кешегі жауы — түріктерге қашып барады, хан оны меймандос пейілмен қабылдайды. Ханға біраз қызмет көрсеткесін, Бахрам оның кеңесші досына айналады. Хан оның Иранда азамат соғысын қайта бастау жөніндегі жоспарын ықыласпен тыңдайды да, іске мұрындық болсын деп оған біраз әскер береді. Бұдан мазасы кеткен Хосрой Парвиз Бахрамды қайтарып беруді талап етеді, бірақ қатты ашуланған хан оның меселін қайтарып тастайды. Бұдан соңғы, әуелгісінен гөрі кішілеу елші түркіт ханшасын сый-сияпатпен азғырып, шах бәсекешісіне қаскүнемдік жасауға бейімдейді, сосын жалдамалы лауыз Бахрамға уланған қанжар салып өлтіреді. Хан қаһарына мініп, баскесерді жазалайды.
Осынау көріністен байқалатын бір жәйт, тіпті күйрен жеңілгеннен кейін де түркіттер өзінің тәуелсіздігінен айрылмаған, басқалардың ықпалына түсіп, бас имеген. Шахиншахтың елшілік жолымен жасаған қысымынан түрік ханы тіпті айылын да жимаған. Амудария өзені бұрынғыша Сасанидтер Иранының саяси ықпалын өткізбейтін шеп болып қала береді.
Ақысын төлеу. 593 ж. бітім қағанат бірлігін ресми түрде қалпына келтіреді, ал 598 ж. батыс түрік ханы мен Византия императорының дәстүрлі одағы жаңғыртылады. Византия әскері таққа отырғызған шахиншах Хосрой Парвиздің император Маврикиймен жасасуға тура келген, пайдасыз бітім шарты оның көңілін алаң етіп, тыныштық бермейді. Ал Маврикий тақтан құлатылып, өлтірілген кезде, Хосрой со сәтті пайдаланып, өзінің өкіл әкесінің кегін жоқтап шыға келеді. 602 ж. Иранның Византиямен соғысы қайта жаңғыртылады, бірақ парсы әскері шабуылға тек 604 ж. көктемінде ғана шығады. Бұл сөзбұйда Иранның шығыс шекарасындағы жағдайдың асқынып кетуіне байланысты туғанды.
Тохарстанның халқы мәдени және экономикалық жағынан, өздері бағынуға мәжбүр болған Персиямен емес, Согдиана және Үндістанмен байланысты еді. Мұның үстіне кушан патшасымақтары мен тәкаппар эфталиттердің ұрпақтары шахиншахтың ауыр қолынан гөрі, түркіт ханына — аты бар да заты жоқ, тәуелді болуды артық санайтын. Сол себепті де парсы әскерінің негізгі күші Месопотамия мен Армения шекараларына шоғырландырылған кезде яғни 603 ж шығыста лау етіп көтеріліс оты жанады, сөйтіп қушан жауынгерлері шапқыншылық жасау үшін бүкіл жер бетіне жамырай тарап кетеді»170.
Хосрой дереу өзінің ең таңдаулы марабаны Сымбат Багратунидің демалысын үзіп, оған бүліншілікті басып тастауды тапсырады. Қол астындағы күштің мардымсыздығына (2 мың салтатты) қарамастан Сымбат Кушандарды талқандап шығады. Тегі бұл арада оның тосыннан жасаған шабуылы басты рөл атқарса керек. Жеңіске мастанған Сымбат Апршахрда (Хорасанда, Нишапүр171 жанындағы қала) лагерь құрып, өзі 300 адамы бар отрядпен Хрохт (?) деген шағын қалада тұрып жатады, Мұны көрген кушандар жалғыз өзінің парсыларға әлдәрмені жетпейтін болғандықтан да, көршілері түркіттерден жәрдем сұрайды. Кушандарға көмекке Джембуху (ябғы-жабғы лауазымының армянша бұрмалағаны) бастаған мол әскер келеді; ол кезде мұндай лауазым ұлы ханның немересі, Түн-жабғы атымен белгілі болған Түнде ғана бар еді. Түркіттер парсыларды абайсызда бас салады. Хрохт қоршауға алынады. Сымбат тек үш серігімен қоршауды бұзып өтіп, қашып кетеді де, оның көмекшісі Датьян деген парсы әскерімен толық күйретіледі. Түркіттер Иран жерін Рей мен Испаганға дейін құлазытып тонайды да, «ұлы қағанның әмірін» алғасын, өз жөнімен қайтып кетеді172.
Түркіттердің шегініп кеткеніне Себеостың берген дәлелі кісіні мүлде қанағаттандырмайды. 603 ж. күзінде түріктерде «Ұлы қаған» болмаған, өйткені тап сол кезде талқаны шығып, соқа басы сопайып жалғыз қалған Қара-Сор жан сауғалап, Тоғанға қашып барған болатын. Әсілі, өзінің енші аймағын қорғау үшін, оның немересін үйге жеткенше асықтырған да тап осы жәйт болса керек. Сонымен оңтүстік Хингандағы Қытай жеңісі Иранды бір ажалдан аман қалдырады, ал Византияны ажал тұңғиығының жиегіне апарып қояды.
Түркіттер кетіп қалғасын, Сымбат жаңа қолды бастап, кушандарға тарпа бас салады. Оның Балхыға дейін жеткеніне қарамастан, ол Тохарстанда тұрақтап қала алмайды. Сөйтіп Сасанидтер мемлекетінің173 қайтадан шығыстағы шекарасы болып қалған Мұргабқа қайта оралады.
603-604 жж. қысы парсыларға біраз жеңілдік әкеледі: түркіттердің құдырет-күшін қытайлар күйретеді де қағанат жұрттың көз алдында қақырап, бүліне береді, кушандарды тағы да бағындыра алмай, бармағын тістегені болмаса, енді мемлекеттің шығыс шекарасы үшін алаңдамауға да болатын еді. Парсы әскері тек осыдан кейін ғана Византияға қарай бет түзейді.
Иранның шығыс шекарасыңдағы оқиғалар, парсылардың соғысқа кірісу мерзімін белгілеуде, империяның ішкі жағдайын174 есепке алғаннан гөрі, басымырақ роль атқарғанға ұқсайды және түріктер әл-дәрменсіз күйде қала бергенге дейін, батыста Хосрой Парвиздің әскері жеңістен жеңіске жете береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *