Л. Гумилев
Жужандар мен телеуіттер. Жужандар халқының шыққан тегі туралы мәселе талай рет қойылғанымен, түпкілікті шешуін тапқан емес. Бұл арада мәселені осылай қоюдың өзі дұрыс емес екенін айту керек, өйткені оның шығу тегін емес, қалай құрылғанын сөз еткен жөн. Жужандардың халық ретінде бірыңғай этникалық тамыры болмаған. Жужан халқының пайда болуының өзіндік өзгешелігі бар. Заман азып, ел бұзылған кездері жаман ат тағылып халық қатарынан шығып, қаңғып кететіндер ұдайы болып отырған. IV ғ. орта кезіңде де ондайлар аз болмаған. Тоба ханының ордасында немесе хұн шаньюінің астанасында тұра алмайтын кісілер иен далаға безіп кеткен.
Рақымсыз қожаларынан кеткен құлдар, әскерден қашқан қашақтар, жұт соққан ауылдардың қайыршы кедейлері сонда барып паналаған. Олардың бәріне бірдей ортақ нәрсе — шыққан тегі де, тілі де, діни сенімі де емес, өздерін қайыршы халіне жеткізген тағдыр-талайы ғана болған; ал оларды билеп-төстеп ұйымдастыруға мәжбүр еткен де сол қатал тағдыры.
IV ғ. 50-ші жылдарында сәнбилердің атты әскерінде қызмет еткен бұрынғы құл Өгілей деген біреу өлім жазасына кесіледі. Ол ебін тауып тау ішіне қашып кетеді, сосын оның төңірегіне өзі сияқты жүз қаралы қашқын жиналады. Қашқындар иіні келгенде көрші көшпелілермен тіл табысып, солармен бірге тұра береді.
Өгілейдің мирасқоры Гүйлекей тоба хандарымен қарым-қатынас орнатып, оған жылма-жыл шұрқыратып аттарын аттай, сусар, бұлғын терілерін терідей берігі, алым-салық төлеп тұрады. Оның ордасы Жужан атағын алады. Жужандар күллі Халқа аймағын басып, Хинғанға дейін еркін көшіп-қонып жүрген, ал олардың ханының ордасы Ханғайдың етегін қоныс еткен. Жужандардың тұрмысы мен ұйымдасу түрі тым жабайы болған және рулық қауымнан мүлде шалғай жатады. Әскери және әкімшілік бөлімі мың адамдық полк болып есептелген. Полк хан тағайындайтын қолбасыға бағынған. Онда әрбір жүздікке бір тудан, он ту болған; әр тудың өз қожасы болады. Жужандардың жазу-сызуы мүлде жоқ; есеп-қисапқа қойдың құмалағы немесе кертіктері бар таяқша пайдаланылған, заң зәкүндері соғыс пен талау-тонау мұқтажына сәйкес келген: батырлары олжаның көбін алған, ал қорқақтарын дүрелеп7 отырған. 200 жыл өмір кешкен жужан ордасы кері кетпесе, ілгері баспаған — өйткені олардың бар күш-қуаты көршілерін талауға жұмсалған.
Жужандар өзара қай тілде сөйлескен? Қытайдың бастау хаттары бізге әртүрлі мәлімет береді. «Вэйшу» жужандары дұнхудың бір бұтағы деп біледі. «Суншу», «Ляншу» мен, «Наныпу»8 — оларды хұндарға туыс тайпа деп есептейді және ақырында, Бэй-ши (?) Өгілей гао-гүй тегінен шыққан9 деп жорамалдайды. Оңтүстік Қытай тарихшыларының мәліметтері шала-шарпы деректер ал Өгілейдің өзінің шыққан тегін қазбалаудың ешбір мәні жоқ, өйткені оның айналасына топтасқандардың рулас емес екендігі айдан анық нәрсе. Бәрінен де дұрысы жужандар сәнбише яғни моңғол тілінің бір диалектісінде сөйлескен болуға тиіс, өйткені қытай тарихшысы олардың хандарының атақ-дәрежесін қытай тіліне аударғанда, ол түп нұсқасында — Вэй мемлекеті тілінде, яғни сәнбише сөйлейтінін атап өтеді. Жужандардың өздері де ататегін тобалармен10 бір деп есептеген, алайда олардың бұлай деуіне беймәлім тегі11 емес, тілдерінің ұқсас болуы дәйекті дәлел берген тәрізді.
Жужан хандығының негізгі күші теле тайпаларын қарауына бағындырып ұстай білгенінде болса керек. Өз тарихының таң сәрісінде яғни б. з. д. III ғ. телелер Ордостың батыс жағындағы даланы мекендеген. 338 ж. олар тобалар ханына бас иіп, теріскейге, Жоңғарияға көшіп барады да, Батыс Моңғолияны қаптап, сонау Селенгаға дейін жайылып кетеді. Бытырап жатқан ел болғандықтан да, телелер жужандарға қарсы тұра алмайды, сөйтіп оларға алым-салық төлеуге лажсыздан көнеді.
Теле тайпалары жужандарға аса қажет болады, ал жужан ордасының телелерге мүлде қажеті жоқтұғын. Жалпы, жужандар бейнеті көп еңбекті суқаны сүймейтін адамдардан құралған еді, ал олардың балалары еңбектің орнына алым-салық жинап, олжа табуды артық санайды.
Телелер мал шаруашылығымен шұғылданатын, олар тек малын бағып, ешкімге ештеңені төлемей, еркін жүргісі келетін.
Осындай ыңғай-бейіміне орайлас етіліп, қос халықтың саяси жүйелері қалыптасқан еді: әскери күштің көмегімен көршілерінің есебінен күн көру үшін жужандар бір ордаға бас қосады; телелер байланысы нашар тайпалардың әлсіз бірлестігі болып қала берді, бірақ барша күш-жігерімен өздерінің тәуелсіздігін сақтап қалуға тырысады.
Телелер жужандармен қатарласа өмір сүріп жатты, бірақ оларға ұқсас ешбір белгісі болмайтын. Олар хұндар империясы құрамынан ерте шығып, қарапайым ақсақалдық қауым мен көшпелі тұрмысын сақтап қалады. Қу мекен меңіреу түзді мекен еткен жарлы-жақыбай көшпелілер қытайландыру ісінен де қалыс қалады, өйткені қытайлар шөл даланың несіне қызығады. Телелердің жалпыға ортақ ұйымы болмаған, әрбір 12 рудың әрқайсысын ру басы ақсақалдар басқарған және «ағайын туысқандар ынтымақтасып тұрған».
Телелер үлкен доңғалақты арбаларымен сайын далада көшіп-қонып жүрген, өздері ұйымшылдық атаулыны мойындайтын және еркіндікті жақсы көретін жауынгер халық болған. Олардың меншікті аты «теле». Ол осы уақытқа дейін Алтайда «телеуіт» деген атпен белгілі болып келеді. Якуттар, төлеңгіттер мен ұйғырлар, және басқалары со телелердің ұрпақтары. Олардың көбі біздің заманға дейін сақталмаған.