ЕЖЕЛГІ РИМДЕГІ САЯСИ ІЛІМДЕР
Көне Римдегі саяси ілімдер де өз тарихи тамырын тереңнен алады. Антикалық Римдегі саяси ілімдер тарихын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады:
1. патшалық (б.э.д. 754-510 жж.) кезең;
2. республикалық (б.э.д. 28-509 жж.) кезең;
3. императорлық (б.э.д. 27-476 жж.) кезең.
Біздің дәуіріміздің 395 жылы Рим империясы екі империяға бөлініп кетті. Батыс Рим – астанасы Рим қаласы, Шығыс Рим – астанасы Константинополь, ал соңғысы 1453 жылы толық мемлекеттілігінен айырылды.
Көне Римдегі саяси ілімдердің қалыптасуы Патрицийлер мен байыған плебейлер, оптиматтар, мен популярлар, ерікті азаматтар мен құлдар арасында күшті таптық күреспен бірге қатар дамып жүріп жатты. Осының барлығы да кейіннен Рим билеушілерін билік монополиясын бөлісуге итермеледі. Соның бірі Римнің алтыншы императоры Сервий Туллийдің плебейлерді
«рим халқының» санатына қосуымен аяқталды. Бірақ оларды мүлкіне қарай бірнеше разрядтарға бөлді. Нәтижесінде плебейлер халық жиналысына қатысу және жер иесі атану құқығына ие болды. Плебейлер мен патрицийлер арасындағы теңдік үшін күрес ұзаққа созылды. Осы жолда көптеген рим консулдары мен халық трибундары реформа жасауға тырысты, бірақ олардың әрекеті нәтижесіз, өздерінің өлімімен аяқталды.
Өздерінің бағдарламасында рим реформаторлары Сократ, Платон, Аристотельдің мемлекет, заңдар және саясат пен саясаткерлер туралы идеяларын пайдаланды және соған арқа сүйеді. Әсіресе, рим ойшылдары саясат пен құқықты дамытуда ерекше рөл атқарды. Солардың бірегейі – Цицерон.
Марк Туллий Цицерон (б.э.д. 106–493 жж.) атақты заңгер, мемлекет қайраткері, ойшыл. Ол өз шығармашылығында мемлекет пен құқық мәселелерін қарастырды. «Мемлекет туралы», «Заңдар туралы», «Міндеткерлік туралы» атты еңбектердің авторы.
Цицерон мемлекетке (respublika) анықтама бергенде оған «халық – адамдардың бей-берекетсіз, мақсатсыз жиынтығы емес, керісінше қоғамда өз ынтымағы бар, ортақ мақсаты мен құқығы үшін топтасқан адамдар жиынтығы» деп баға береді. Осылайша Цицерон алғаш рет саяси ілімдер тарихында мемлекетке заң тұрғысынан анықтама берген ойшыл, ғұлама.
Цицерон мемлекеттің пайда болуын адамдар арасындағы өзара келісімділікпен түсіндіреді. Мемлекет пен құқық, Цицеронның пікірінше, адамдардың өз қалаулары бойынша пайда болмайды, ол құдіреттің (құдайдың қалауымен) арқасында болатын іс. Осының барлығын түсініп білу үшін үлкен сана иесі болу керек. Жердегі болып жатқан барлық үдерістер жоғарыдағы «саналы әрекет арқылы әділетті басқарылуы» тиіс деп көрсеткен.
Сана – адам жанының ең жоғарғы сатысы. Атаққұмарлық, дүниеқоңыздық және мансапқорлық сияқты «жан бүлікшілері» дана басшыларға жат қасиет, «парасат жайлаған жерде ешқашанда ашу-ыза мен бейбастылыққа жол болмайды» деген пікір білдірген.
Цицерон көне грек философтары сияқты мемлекет басқару формасының үш түрін көрсетеді: патша билігі, оптиматтар (аристократия) және халық билігі (демократия). Патша осы көрсетілген формаларды пайдаланып мемлекетті ұтымды басқарса мемлекет дұрыс дамиды дейді. Патша егерде жеке-дара басқарып, өктемдікке берілсе, оның арты тиранияға алып келеді, ал оптиматтар билігі тек байлар мен игі жақсылардың жиынына айналады деп ескертеді. Сонымен қатар, Цицерон «жағымсыз» басқару деп демократияны көрсетеді, өйткені ол «тобырдың ақылсыздығы мен озбырлығына алып келеді» деп ескертеді. Сондықтан да, оның ойынша, басқарудың ең озық түрі – аралас басқару формасы деп тұжырымдайды. Ақылды мемлекет басшысына мемлекеттегі көптеген мәселелердің алдын алу керек деп ескертеді. Мемлекет басшысына алдын болжай білетін көрегендік қасиет пен өз ісіне деген жауапкершілікті басты талап етіп қояды.
Цицерон табиғи заңдарға ерекше мән береді. Ол табиғи заңдар барлық заңдардан бұрын пайда болғанын атап өтеді. Сонымен қатар, мемлекеттегі қабылданған заңдар сол елдің менталитетіне сәйкес болуы керек деп ескертеді.
Рим стоиктерінің саяси көзқарастары Рим империясының әлемдік державаға айналған тұсына сай келеді. Олар өз идеяларында космополитизм мен адамның адамгершілік жағынан өзін-өзі дамыту мәселелерін қозғады.
Луций Анней Сенека (б.э.д. 3–65 жж.) император Неронның тәрбиешісі, мемлекет қайраткері, сенатор болған.
Сенека рухани идея бостандығы үшін күресті. Ол адамдардың қай әлеуметтік статусқа жататындығына қарамай олар рухани жағынан азат болуы керек деп есептейді. «Тіпті құлдың өзі де рухани азат адам, тек оның тәні ғана құлдықта» деген. Құлдық жүйені Сенека жоққа шығармайды, бірақ ол құл иелерінен құлдарға адамгершілікпен қарауын сұрайды. Ол барлық адамдар тағдыр алдында бірдей дәрежеде «құл» деп есептейді. Оны ол «біреулер құлқынның құлы, біреулер дүниенің құлы. Ең ауыр құлдық – өз еркімен құлдыққа мойын ұсыну» деп түсіндіреді.
Сенека өзінің табиғи-құқықтық тұжырымдамасын «тағдыр заңдарына» таңып
қояды. Бұл заңға адамзаттың ойлап тапқан нұсқаулары, мемлекет және заңдар түгел бағынады деп түсінді.
Стоиктердің келесі өкілі – Эпиктет. Ол қоғамдағы адамдар әрқайсысы өзіне тағдырдан келген істермен ғана шұғылдануы керек дей келе, байлық пен құлдық жүйені қатаң сынады. Құл ұстау адамгершілікке жатпайтын жат қылық деді. «Өзіңе тілемеген жаман істі өзгеге де тілеме. Егер саған құл болу ұнамаса, онда өзгені де құлдықта ұстама» деген.
Марк Аврелий Антонин мемлекет пен құқық туралы ойды дамыта түсті. Император-стоик қоғамдағы адамдардың заң алдында барлығының бірдей және жауапты болуымен қатар, қол астындағылардың ерікті азат болуын қалады.
Стоиктердің саяси
ойлары кейіннен рим саяси құқығының негізін қалады.
Тақырыпқа қатысты ұғымдар мен түсініктер: патша, император, республика, билік, плебейлер, патрицийлер, мемлекет, заң, саясат, құқық, сана, аристократия, демократия.
Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:
1. Ежелгі Римдегі саяси ілімдерге сипаттама беріңіз.
2. Цицерон идеяларындағы құқықтық мемлекеттің қоғамдағы орны қандай?
3. Марк Тулий Цицеронның «Мемлекет туралы» және
«Заңдар туралы» еңбектерінің мәні неде?
Әдебиеттер:
1. Синайский В.И. История источников римского права. – Варшава, 1911.
2. Трубецкой Е.Н. Религиозно-общественный идеал западного христианства в V в. – М., 1892.
3. Утченко С.Л. Политические учения Древнего Рима III-I вв. до н.э. – М., 1977.
4. Утченко С.Л. Цицерон и его время. – М., 1972.
5. Цицерон Марк Туллий. Диалоги. О государстве. О законах. – М., 1996.
Реферат тақырыптары:
1. Таптар мен түрлі әлеуметтік топтардың теке-тіресуі Ежелгі Римдегі саяси идеологиялардың түрлі бағыттарының қалыптасуының қайнар көзі ретінде.
2. Римдегі саяси мектептер.
3. Цицерон – мемлекеттің түрлері мен құлдықтың табиғаты туралы.
4. Цицеронның саяси көзқарасы.
5. Римдік стоиктер: фатализм ілімі.