АШИН РУЫНЫҢ ҰЛЫ МЕМЛЕКЕТІН ҚҰРУ

Л. Гумилев

АШИН РУЫНЫҢ ҰЛЫ МЕМЛЕКЕТІН ҚҰРУ
(545-581 жж.)
III тарау
Көне түріктер (түркіттер) тарихының басы. Әрбір халықтың тарихы өзінің тамырларымен бағы замандарға қарай тереңдеп кеткенімен, күллі дәуір тарихшыларының халықтың шыққанын анықтайтын датаны (олардың пікірі бойынша) сипаттауға ұмтылатын әдеттері бар. Мысалы, римдіктер Римнің негізі салынған датаны шартты түрде ала салған, араптардың датасы нағыз шынайы — Мұхаметтің Меккеден Мединаға қашқан кезі, орыс шежірелері 862 ж. таңдап алып, орыс тарихының «басталуын соған бейімдеген, француз күннамашылары «бастауды» Хлодвиг Меровингтен алады, ал тарихшылар Огюстен Тьерридің үлгісімен, оны 843 ж.— Ұлы Карлдың империяны бөлген кезіне телиді т. б. Түркіттер үшін мұндай дата 545 ж. болды.
Солтүстік Қытайда жаңа соғыс бұрқ етеді48. Шығыс Вэй империясының билеушісі Гао-Хуань жужан ханы Анахуанмен және тоғон ханы Куалүймен49 одақтасып, Батыс Вэй империясына шабуыл жасап, бәсекеші-бақталасы Юйвынь Тайды қатты тықсырады; алайда одақтастар шешуші жеңіске жете алмайды. Батыс Вэй императоры Вэнь-ди Ань Нопаньто50 деген біреуді достық қатынас жасау үшін түрік сұлтаны Бумынға жібереді51.
Түркіттерге 545 ж.52 келген елші қуанышпен қарсы алынады. «Ордадағылар: бүгін бізге ұлы мемлекеттен елші келді, ұзамай біздің мемлекетіміз де өрге өрлейді — деп бірін бірі құттықтай бастайды». Осынау елеусіз фактінің өзі жужандар өктемдігі түркіттерге ауыр тигені, бостандық жолындағы қашса — құтылмайтын соғыстан олардың тайсалмайтыны айқын көрінеді.
Халқының көңіл күйіне бейімделген Бумын өз алдияры — Жужан ханына адал еместігін танытып, Батыс Вэй астанасы Чаньанға жауап ретінде көп тарту-таралғымен елшілер аттандырады, сөйтіп өз мырзасының жауымен одақ құрады. Алайда бұдан жужандармен ара қатынас үзілмейді: тегі, келіссөз аса құпия жағдайда жүргізілгенге ұқсайды. Осынау елшілер түркіт мемлекетінің Батыс Вэй және оның мұрагері Бэй-Чжоу империясының одақтасы ретінде, 550 ж. бастап, Бэй-Ци әулеті бекіп алған Солтүстік-Шығыс Қытайға қарсы бағытталған шығыстың саясатын алдағы ширек ғасыр бойына белгілеп береді. Алайда әлемдік саясатқа араласқан Бумын, өзі кіріптар болып отырған жужандарға қарсы күресуге әлі де әлсіз екенін анық түсінген. Бумын сол себепті де әрі одақтас, әрі бағынышты рөлін адал орындауға бел байлайды.
Батыс теле рулары жужан құлдығынан зар иледі. Ақырында олардың төзімі таусылады: олар көтеріліске шығып, жужандардың жүрегінен дәл соғу үшін Батыс Жоңғариядан Халхаға аттанады. Жорықтың өте нашар ұйымдастырылып, уақыт есебінің нашар жүргізілгені сондай, оны жоспарлы ұйымдастырылған соғыстан гөрі, халықтың ашу-ызасының еркінен тыс бұрқ етіп көрінуі деп болжаған дұрыс тәрізді. Тарих тіпті көтеріліс көсемдерінің аттарын да сақтамаған. Телелер жарты жолға жеткен кезде, Гоби Алтайының шатқалдарынан үстеріне көк сауыт киіп, қарағай найзаларын ұстаған жарау атты түркіт сарбаздары сап түзеп, қатар-қатары мен шыға береді. Телелер соққы бір бүйірден беріледі деп ойламаған және өздерінен өмірде жамандық көрмеген түркіттермен емес, жексұрын жужандармен соғысқысы келген. Сол себепті де олар дереу Бумынға мойынсұнатынын білдіреді, ал анау бұларды қабылдап, осы арқылы Жужанға екінші рет онша адал емес екенін көрсетеді.
Ұлан далада мойынсұну екі жаққа да міндет жүктейтін ұғым. Егер қарауында 50 мың киіз үй53 боданым болсын десең — онда олардың тұрғындарының тілегін орындауың керек; әйтпесе бодандарыңнан да, өз басыңнан да айрыласың. Телелер тек бір-ақ нәрсеге — жужандардың көзін құртуға ынтызар болатын, ал Бумын оларды ордасына қабылдаған кезде мұны жақсы білген. Мұндай іңкәр тілек өз руластарының көкейінде де бар, ендеше соғыс болмай қалмайды. Өз бодандарының есілдертін хан да қолдайды, сол себепті де оқиға да заулап ала жөнелді.
Жужандарды күйрету. Жужандармен арада жанжал тудыру үшін және сонымен бірге бұл тартыстың айыпкері болып көрінбеу үшін, Бумын арандату әрекетін жасады. Ол жужан ханы Анахуанның қызына үйленбекші болып ханға сөз салды. Дала дәстүрі бойынша, бұл онда ханмен нық теңестіріп шыға келер еді, ал хан абыройын төккісі келмесе, бұған келіспеуге тиіс. Қаһарына мінген хан оған дөрекі жауап қайтарады: «Әй, сен менің телмірген теміршімсің (түркіттер жужандарға темір балқытып беретін), маған мұндай көргенсіздік жасауға дәтің қалай барады!»54. Хан бетін қайырғасын Бумын жәбірленуші болып шыға келеді, оған керегі де сол. Ымыраға келу жолын кесіп тастау үшін ол жужан елшісін жазалауға әмір етеді, енді осы арада оған Батыс Вэй үйімен жасаған одағы бірден кәдеге асты. Ол дереу Вэнь-димен қайтадан келіссөз жүргізіп, 551 ж. жазында қытай ханының қызы Чанлені әйелдікке алады, бұл оның көшпелілер арасындағы абырой-беделін біржолата арттыра түседі. Тосыннан шабуыл жасаудың артықшылығын пайдалануға тырысқан Бумын 552 жылдың қысында жорыққа шығады да, жужандарды толығынан жеңіп шығады. Анахуан өзін-өзі өлтіреді, ал оның ұлы Яньлочен одақтасы циліктерге қашып кетеді.
Бумын Ильхан (Елхан) лауазымын алады, бірақ 552 ж. аяғында қайтыс болады. Таққа оның баласы Қара Ыссық хан деген лауазыммен отырады55.
Түркіттер оқыс күйреткен жужандар56, қаза тапқан ханының ағасы Дыншуцзыды көсем етіп сайлап, күресті жалғастыра береді. Бірақ Лайшан тауы маңындағы соғыста олар тағы да талқандалады. Олардың аз күндік бақытына орай, Қара Ыссық хан жұмбақ жағдайда көз жұмады, оның баласы Шету» биліктен шеттеледі де, Қара Ыссық ханның інісі Кушу, Муганхан57 деген лауазыммен таққа отырады.
Жаңа хан қатал да рақымсыз, батыр да ақылды болады және соғыстан өзге58 ештеңемен де шұғылданбайды. 553 ж. күзі бітер кезде ол жужандарды тағы да жеңеді. Ци императоры өзінің бақытсыз одақтастарын қабылдап, оларды өкшелеп келе жатқан түркіттерді тойтарып тастайды59. Бірақ жужандар қытайлармен сиыспайды. Өздерінің малынан, дүние-мүлкінен айрылған, еңбек-бейнетке үйренбеген олар қарақшылық жасай бастайды да, Ци үкіметі 554 ж. көктемінде оларға қарсы лажсыздан әскер жібереді. Жужандар тағы жеңіліп қалады. Бірақ олардың мінез-құлқы бұдан да өзгермейді, сосын 555 ж. жазында Ци императоры оларды өз жерінен түзге қуып жібереді де, жужандарды сонда түркіттер мен қидандар тас-талқан етеді.
Қалған қолын бастап, Дыншуцзы Батыс Вэгке барып, пана таппақшы болады, бірақ ондағылар Ци империясына қарсы одақтасы ретінде түркіттерге аса мұқтаж еді, олар сосын түркіт елшісінің қолына байлап-маталған үш мың жужанды береді. Елші ересектердің басын түгел кесуге әмір етеді де, балалар мен- «бектеріне ерген» қызметшілерге60 тимейді. Жужандар сөйтіп құрып бітеді де, түркіттер ұлы Даланың бүкіл шығыс бөлегінің қожасына айналады. Жужандарды жусатып салу жеңісіне жасаған қызметі үшін, түркіттер Батыс Вэй империясымен сол 556 ж. есеп айырысады. Чаньанның шығыс қақпасы алдында жужанның бастары домалап түсіп жатқан кезде, түркіт-қытайлардың біріккен қолы Тоғондар еліне кимелеп кіріп барады, оның тұрғындары бас сауғалап, Наныпань тауына61 қашып тығылады. Жеңіске жеткендер Кукунор көлінің жанындағы Куалүй ханның сарайы бар Шудун қалашығын, тағы да Хэмчен деген қаланы басып алады. Келесі жылы тоғондар шапқыншылық есесін қытай жеріне шапқыншылық жасаумен қайтармақшы болса да, бекіністерді қалай алуды білмегесін, шегініп кетуге мәжбүр болады. Ци империясы өзінің құрып бара жатқан одақтастарына ешбір көмек көрсете алмайды, өйткені одан бұрын солтүстіктен тиіскен қидандардың (553 ж.18) және оңтүстіктен киліккен Лян патшалығының (555 ж. ) бетін қайтарамын деп әлсіреп қалған−ды. Үлкен табыстардан қанаттанған Юйвынь Тайдың баласы Юйвынь Цзу заңшылдық пердесін жұлып тастап, Вэй әулетінің соңғы императорын тәж-тақтан бастартуға мәжбүр етіп, 557 ж. таққа отырып, өз әулетін Вэй-Чжоу деп атайды.
Шығыстағы соғыс. Жужандарды жәукемдеп тастағаннан кейін, түркіттер өздерінің көшпелі көршілеріне қарсы әрекеттер жасауға кіріседі 554 ж. жеке бектерден империя құрылған жыл болды. Теріскейде Цигу мемлекеті жаулап алынады. Қытайлар Цигу атынан не түсінгенін — Қырғыздарды ма, әлде чиктерді ме — о жағы көмескі62, өйткені, осы уақыттан бастап, түркіттер Саяннан асып кете алмаса да63, Муганхан өзінің солтүстік шекарасын қауыпсыздандырады.
Ол кездері шығыс жақты үш халық: қытайлар хи деп атайтын татаптар, қидандар мен қытай географтары Шивэй64 деп кеткен отыз тайпалы татарлар мекендейтін. Осынау үш халық түгелдей моңғол тілінің диалектісінде сөйлейтін, тұрмысы мен мәдениеті жағынан жақын болатын, бірақ өзара қырқысып жататын. Татаптар Хинганның батыс жоталарында тұратын және Бэй-цимен одақтас болып жүретін. Қидандар Маньчжурияның далалық аймағында, Ляохо өзенінің теріскей бетінен әрі қарай көсіліп жататын. Олар татаптармен ұдайы соғысатын болғандықтан, Бэй-Цимен65 де тартысып қалатын. 553 ж. Бэй-Ци императоры Вэнь-ди қидандарды талқаңдап, оның халқының едәуір бөлігін өзіне қаратады. Олардың қалғаны Когуриоға (Корея) немесе со кезде Сары теңіз аймағынан барып шыққан түркіттерге бағынады.
Қидандарды жеңуінің нәтижесінде Бэй-Ци мемлекеті өзінің сыртқы саяси жағдайын жақсарта алмай, кайта оны нашарлатып жібереді, өйткені енді оны теріскей жағынан түркіттер иеліктері қаумалай қапсырып жатқан-ды. Сенбилердің қалдығын рақымсыз қаталдықпен жазалағаны және қыруар көп қаржыны жалмап жатқан будда дініне ашықтан-ашық қомқорлық жасағаны мемлекеттің сыртқы жауларға қарсылық жасау қабы. етін әлсірете береді Ал бұл кездері Бэй-Чжоу, түркіттермен жасаған одағының арқасында, сол сияқты оның билеушілері қызметшілер қауымына табан тіреуі және будда, даос сопыларына қаржыны тығын етпеуі нәтижесінде өсіп, нығая түсті, 579 ж. император Уди буддизм мен даосизмге тиым салу жөнінде жарлық береді, қытайдың осынау Генрих VIII-сі «Әуелі-құдай» деген атты алып, Будда мен Лao-Цзыдің мүсіндерін өз тағының екі жағына қоюға әмір етеді де, олардың арасына отырып, дінді қорлау үшін, жұрттың көзінше оған тағзым еткенсиді. Чжоу империясы тіпті Батыс Азияда да белгілі бола бастайды, о жақтың әралуан билеушілері онымен қарым-қатынас орнатуға тырысады. Мәселен, 553 ж. эфталиттерден66, 555 ж.— Ираннан67 елшілер келеді. Тоғондарды жаңадан бұл жолы тек чжоулықтардың өз күшімен — жеңгеннен кейін, 559 ж.— Гаочан (Тұрфан)68, 561 ж.— Куча69 және 564 ж.— Қарашар70 елшілерін жібереді.
Бэй-Чжоу империясының басты міндеті — Шығыс империясы — Бэй-Циді құрту болатын, бірақ егер ептілікпен есебін тауып пайдаланса, соңғының, империяның дербестігін сақтап қалуға жетерлік ішкі қорлары бартұғын. Мәселенің шешімі — түркіт ханының қай жақты қолдап шығатынына байланысты еді.
561 ж. екі император да Муганханға ханшаны айттыруға елшілер жібереді. Аса бай Бэй-Ци әкелген мол тарту-таралғы істі солардың пайдасына шеше жаздайды, бірақ чжоулық елшілердің тәсілқой жылпостығы Муганханды одақтастық шартқа71 адал болып қалуға мәжбүр етеді. Ол айырылып қалған тарту-таралғы есесін соғыстағы олжамен қайтармақшы болады.
563 ж. одақтастар Цзиньян қаласын келіп қамайды, бірақ жеңіске жете алмайды да, түркіттер елді жағалай талап, туған даласына қайтып келеді. Келесі жылы жорық тағы қайталанады, бірақ циліктер Лоян түбінде72 чжоулық тұтас бір армияны толық жеңгеннен кейін, Муганхан лаждың жоғынан әскерін кейін қайтарады. Алайда, осынау сәтсіздікті көзге ілместен, хан Цимен одақ құру жөніндегі ұсынысты тағы да қабылдамай тастайды. Мұны айқындайтын бір себеп, одақ жөніндегі шарт бойынша, Чжоу империясы түркіттерге жыл сайын 100 мың тең жібек матасын беріп тұратын.
572 ж. Муганхан қайтыс болады. Оның інісі, әрі мұрагері Тобохан Чжоу империясымен қатынасын үзбей, Ци империясымен бітімге келеді. Чжоу салық жарнасын төлеуден бастартқан кезде, бұрынғы жағдайдың қалпына келуі үшін түркіттердің әскер күшімен доқ көрсетуінің өзі жеткілікті болады. Түркіттер жортуылынан қорыққан Ци империясы бітім салығын төлеймін деп күллі қазынасын сарқады. Тобохан тек оңтүстіктегі екі бала (Чжоу мен Ци) бізге бағынышты болып тұрса болғаны, онда кедейліктен қорықпаймыз73 — дейді екен.
Ци империясымен одақтасу түркіттердің Қытаймен мәдени қатынас жасауына әкеледі. Ханның ордасында будда сопылары пайда болып, Тобоханды өз дініне кіргізеді. Будда миссионері буддизмнің басқа діннен артықшылығын аңқаулық жасап, ханға Будда заңын ұстанғандықтан да Ци империясының байлығы мен күші тасып отыр деп дәлелдейді. Соның ізінше Ци талқандалғасын түркіттер будда дінінен үмітін үзіп, 581 ж. Сүй әулеті орнағаннан кейін, буддашылардың Қытайға қайтуы қажет болады74.
576 ж. чжоулықтар цилерді қирата жеңіп, Цзиньян қаласын жаулап алады. Циліктер қаланы қайтарып алуға тырысады, бірақ табысқа жете алмайды, сол себепті де, Ечен қаласында қоршауда қалған Ци императоры, оны жау қолына берерде, 577 ж. тұтқынға түскен кінәз Гао Юань-Цзунның пайдасына тәж-тақтан бастартады.
Күйрегеніне қарамастан, тақтан тайдырылған әулет Тайюань қаласының тұрғыны Гао Бао-нин75 деген кісі секілді қайратты қорғаушыны табады. Әулет талқандалғанға дейін ол кәзіргі Чахардағы шекаралық бекініс Инчжоудың коменданты болып тағайындалған еді. Аз уақыт ішінде Гао Бао-нин қытайлардың ғана емес, көшпелілердің де құрметіне ие болады. Әулет жеңілгеннен кейін, бұл жәйт оның тәуелсіз жағдайға көшуіне жол ашады. Гао Бао-нин тұрақсыз саяси мансапқор болмайтын; оның бойынан Солтүстік Қытайды қайта өрлетуге себеп-демеуін тигізген парызға адалдық, патриоттық пен күрестегі қажымас қайсарлық сияқты моральдық күш-жігер табылады. Ол жеңіске жеткендердің құрметпен тізе бүгу жөніндегі ұсынысынан бастартады да, өзін Ци әулетінің соңғы өкілі, түріктерге қашып кеткен кінәз Гао Шао-идің жақтасымын деп жариялайды. Осы әрекеті үшін Гао Бао-нинге канцлер атағы беріледі (әрине, қызмет істеу мүмкіндігінсіз).
Түркіт ханы, өз көзқарасы тұрғысынан, Бэй-Чжоу тым күшейіп кете ме деп қауіптеніп, жеңілген әулет жағына шығады. Бұл одаққа өз императорына қарсы шығып Фаньяида (Пекиннің жанында) бекініп алған қолбасшы Лю Чжон-цзы да қосылады.
Гао Бао-нин дереу қол астындағы күллі күш-қуатын жұмылдырып, Гао Шао-нин жағын қолдайды. Бірақ ол кешігіп қалады. Бұған Фаньян қиратылып, көтерілістің басылып-жаншылғаны туралы хабар келгенде, оның әскері тек Ляохэ жағалауына жеткен еді. Гао Шао-и түркіттерге қайтып келеді де, Гао Бао-нин өз облысында бекініп қала береді.
Бэй-Чжоу үшін бәрінен де қорқынышты жау түркіттер болып шығады. 578 ж. Тобохан Қытайға баса көктеп кіріп, чжоу ескерінің күл-талқанын шығарады. 579 ж. басталған келіссөздер үзіліп қалады да, соғыс әрекеттері жалғаса береді, түркіттер үшін ол толық жеңіс болып саналады. Алайда қытай елшісі көлгөсір сыйлық тартып, Тобоханның аузын алады, сөйтіп, 580 ж. бітім шарты жасалады, бұл шарт бойынша, Гао Шао-и жау қолыңа беріліп, Чжоу мемлекетінің астанасы — Чаньанға жеткізіледі. Ол Сычуанға жер аударылып, сонда қайтыс болады76.
580 ж. түркіттер құдыретінің шарықтау шегі болады. 581 ж. Тобохан дүние салады, ал Қытайда түріктердің қас жауы, Сүй әулетінің негізін салушы, жауынгер генерал Ян Цзян, Чжоу әулетін құлатады, бұл саяси ақуалды толығынан өзгертіп жібереді. Гао Бао-нин өз жауларынан көбірек жасап, түркіт хандарының одақтасы ретінде, Чахарда дербес кінәз болып қала береді77.
Батыстағы соғыс. Шығыс шекарасында белсенді әрекет ете жүріп, түріктер тап сол мерзімде батысқа жорықтар жасайды. Бір өкінішті жері бастау-деректерде осынау аса маңызды оқиға егжей-тегжейлі жазылмаған, дегенменде оқиғаның жалпы жүрісін белгілеп шығуға болады.
Батыс жорығын Бумынның інісі Істеми қаған бастайды. Істеми қаған бұрын да. Бумынмен талай рет бірге жүрген, он көсемге,— тегі, тайпа көсемдері78 болса керек — басшылық еткен, бәрінен бұрын олар Солтүстік Алтайдың угор тектес тайпаларының басшыларына ұқсайды. Олардың түріктеніп кеткен кәзіргі ұрпақтары — шорлар, қумандықтар, қулар тағы басқалары болып табылады. Істеми хан атының түрікше емес, угорша — аруақ атаның аты болуы тегін емес тәрізді. Қытайлар оның әскерінің санын 100 мың адам деп шамалайды, бірақ бұл дерек нақты жауынгерлер санын көрсетпейді, қолбасшысының деңгей-дәрежесін, тап осы жерде ең жоғарғы дәрежені көрсетеді, бұл оның «баһадүр-жабғу» деген лауазымына сай келеді.
Істеми өз жорығын 552 ж. кейінірек бастаған, өйткені абарлар сол жылы өлі де болса Бумынды жерлеуге79 ақтық жіберген өзіндік дербес тайпа болатын, шамасы, ол 553 ж. күзінде жужандарды біржолата оңдырмай жеңгеннен кейін болған тәрізді. Жортуылды бастаудың ықтимал уақыты жужандардың ісін бітіргесін, 554 ж. көктемі, дала көкорай шалғынға оранған кез болуға тиіс, әрине атты әскерге шөптің қалың өсуінің шешуші маңызы бар.
Жеделдеткен түрлеріне қарағанда, түріктер жолай күшті қарсылыққа кездеспеген сияқты. 555 ж. олардың әскері «Батыс теңізіне80» жетеді, бірақ оны Каспий теңізі емес, Арал теңізі деп түсіну керек, өйткені Фирдоуси Істеми билеген жердің мынадай шекарасын көрсетеді: «Шыннан (Қытай) Жойқынның (Амудария) жағасына дейін және Шаштың аржағындағы (Ташкент) Гүлзарунға (Сырдария) дейін»81.
Осынау үзінді негізінде біз 555 ж. шекарасын белгілей аламыз: ол Ташкенттің теріскейімен жүріп, Сырдария Солтүстікке қарай бұрылатын жерде оны кесіп өтіп, ендік бағытымен жылжып, Амударияның төменгі жағы мен Арал теңізінің оңтүстік жағасы арқылы өткен. Соғдиана мен Бұқар ол кезде эфталиттерге қарайтын, жолаушылар82 солармен қақтығысып қалады. Сөйтіп түркіттер бір жарым жылда бүкіл Орталық Қазақстанды, Жетісу83 мен Хорезмді84 бағындырады.
Бірақ одан әрі іс қиындай береді. Арал теңізінің теріскей бетінде олар хуни (хионаттер) , yap мен огорлар тайпаларының қарсылығына ұшырайды. Тек 558 ж. ғана бұл тайпалар талқандалады да, түркіттер бағынғысы келмегендерді алдына салып айдап, Еділден барып шығады. Олар yap мен хуни тайпаларының жұрнағы — небәрі 20 мыңдай адам еді, кейін олар бір халық — авар85 болған.
Түркіттер Еділді кесіп өтпеген, Жайық өңіріндегі даланы қаратумен шектеліп қалған. Осымен Істемидің батыс жорығы біткен. Төрт жылда қолжеткен жетістіктері қағанат алдына бірқатар жаңа саяси міндеттер қояды.
Бүкіл азиялық даланы қамтып жатқан бір мемлкеттің пайда болуы Қытай, Византия мен Иран елшіліктері қызметі үшін орасан зор маңызы бар факторға айналады.
Ең бастысы — Византияның көреген де нәзік саясаты себебінен, VI ғ. 50-ші жылдарының аяғында Қара теңіз өңіріндегі саяси жағдай шиеленісіп, қиындап кеткен еді. Дон мен Днепрдің төменгі жағындағы облысты болгар халқы — құтырғырлар қоныс етеді. Олармен туыс ұтырғырлар Кубанда тұратын. Құтырғырлардың Фракияға жасайтын жортуылдарының қасіретін шеккен Византия қайта-қайта көп тарту-таралғылармен елшілер жіберіп, ұтырғырларды құтырғырларға қарсы соғыс ашуға айдап салады. Юстинианнын сұрқия саясаты осынау туысқан екі тайпаны бір-бірімен қырқыстырып, қырып бітуге жеткізеді86.
Ұтырғырлардың шығыс жағында, Дағыстандағы Құм өзені аймағында аса жауынгер тайпа сабырлар бартұғын. Сабырлар әуелі Иран жағында, сосын оған қарсы шығып, византия-парсы соғысына белсене қатысқан еді. 552 ж. олар Агванияны жаулап алады, бірақ 554 ж. парсылардан жеңіліп қалады87.
Кубанның бойын Византияның адал одақтасы алаңдар мекендейтін. Солар арқылы гректер жана жабайы халық — аварлардың пайда болғаны туралы хабар алады.
Аварлар Қара теңіз алқабында. Түркіт басқыншылығынан қашқан аварлардың халі сырт көзге мүшкіл көрінетін еді: олардың артында өздерін он орап алатын аса күшті жау бар, алдында — соғысқа әбден еті өліп, үйреніп кеткен және жауларын жеңе де білетін, қисапсыз көп, бай халықтар тұтасып жатыр. Аварлар болса, мал-мүлкінен, туған елінен айырылған қашқындар еді. Ал, олар қалай және қайтіп аман қалды, аман қалғаны былай тұрсын, жеңіске де жетті — міне бұл сұраққа ауап беру үшін, сол кездің саяси ақуалын мұқият қарап, безбендеу керек.
Аварлардың бірінші міндеті дұшпанынан қара үзіп қашып кету болатын. Олар бұл мақсатына жетеді, өйткені бұл кезде Орта Азияда эфталиттер белсеніп шығады да, Істемиді жолынан қайтарады, ол кетерінде: «Түрік семсерінен құтылатқандай, аварчар ауамен ұшатын құс емес, теңіз тұңғиығына сүңгіп, жоғалып кететін балық емес, олар мына қара жердің үстінде қаңғырып күредідағы! Эфталиттердің көзін құртқаннан кейін, аварларға бас саламын әлі, олар менің қайратымнан қайда қашып, құтылар дейсің!»88,— деп жар салады.
Хосрой Акуширван Юстинианмен бейбіт шарт жасап, назарын шығысқа сала бастаған кезде барып, Істеми эфталиттерге қарсы белсенді қимыл-әрекет істеуге көшеді. Орта Азияда түпкілікті бітімге 571 ж. келеді. Түркіттер тек осыдан кейін ғана қайтадан батысқа көз сала бастайды, бірақ аварлардың тыныс алу кезін табысты түрде пайдаланғаны сондай, оларға Істемиханның қолы жетпей қалады.
Түркіттерден құтылып кеткеннен кейін, аварлар енді одақтастар іздей бастайды. Олар Аланның көсемі Саросийден89 өздерінің Византиямен жақындасуына көмектесуін сұрайды. Саросий аварларға қол ұшын береді, олардың елшісінің Лазикаға жетуіне көмектеседі де, сол арадан ол Константинопольге жөнелтіледі, бірақ оны қабылдағанымен, сенбейді де, оң қабағын бермейді. Дегенмен Юстиниан бұған жауап ретінде семсерші Валентин бастаған елшілікті жібереді. Валентин аварларға мол сыйлық әкеліп, империяның жауларына қарсы ұрысқа шығуға ұсыныс жасайды, ал, олардың жауларының ең үлкені Иран болатын. Сөйтіп одақ та құрылады (558 ж.). Бірақ аварлар Византияның жауларына шабуыл жасау орнына, оның одақтастарына бас салады.
Сабырлар олардың бірінші құрбаны болады, олар осынау жаңа халық «варды», Азияның өздерін V ғ. орта кезінде талқан еткен нағыз аварлары (абар) екен деп ойлап қалады. Осы бір түсінбестік сабырлардың зәресін ұшырып, аварлар жеңісіне жол ашады. Тілдегі болмашы ғана қателік бір халықтың тағдырын шешеді. Сол сияқты империяның адал одақтасы құтырғырлар сабырлардан кейін соққыға жығылады, сонымен бірге Донның төменгі жағындағы сол жағалауды мекендейтін залдар да жәбір-жапа шегеді. Бұдан кейін аварлар Донды көктей өтіп анттарға лап қойып, ол халықты ақсирақ етіп, талап-тонап кетеді.
Кавказда аварларды біраз уақыт алаңдар қолдаса, Қара теңіз аймағында ол роль енді құтырғырлардың еншісіне тиеді. Бастау деректерде аварлармен құтырғылардың арасында одақ жасалғаны туралы тіке сілтемелер болмағанымен, күллі оқиғалар барысы мен көлденең мәліметтер ондай одақтың болғанын ойға салады.
551-ден 558 ж. аяғына дейін құтырғырлар Византия империясының шекарасына тиісуге бата алмайды. Мұның себептері көптен мәлім: византиялық елшілік қызметінің ерекше ептілікпен нәзік жүргізілуіне байланысты, құтырғырлардың шығыстағы шекарасына ұтырғырлар қауып төндірсе, батыс шекарасына Қаратеңіз алқабындағы даладан терістікке қарай созылып жатқан орманды дала аймағын тұрақ ететін қабырғалы қалың жұрт анттар тайпалары ұдайы қауып төндіретін. Менандр, аварлар «ұтырғырлармен ұрыс бастап», содан кейін үздіксіз жортуылдап, анттар жерін құлазытып тастады деп жазады. «Ант билеушілері кедей бишаралар дәрежесіне түсіріліп, барша үміт-сенімдерінен айырылады»90. Бір өкінішті жәйт, Менандр анттардың қандай үміт-сенімдерінен айрылғанын айтпайды, жалпы алғанда, оның әңгімесіне үндемей кеткен жерінің көптігі сондай, оның авар-византия келіссөздерінің нәтижесі жөніндегі хабарламасын сын көзімен қайта қараудың қажеттігі пайда болады.
Валентиннің елшілігінен кейін аварлар тек Византияның жақтастары сабырларды, ұтырғырлар мен анттарды ғана бөрліктіріп, шабады. Осынау қимыл-әрекеттер Византия мүддесіне кереғар келіп жатқандықтан да, Иранның ұтып шыққандығы табиғи нәрсе. Шынында да келіссөздер тіпті сәтті болған күннің өзінде де, аварлар тек Константинопалъге ғана қолқа салып, Ктезифонды көзге ілмеді деп ойлаудың өзі мүлде мүмкін емес. Егер аварлар мен парсылар өзара одақ жасасқан деген жорамалды қабыл алсақ, оңда аварлардың Кавказды тастап кетуге неліктен мәжбүр болғаны айқындала түседі. Византияның адал одақтасы, алан кнәзі Саросий бұл жағдайда аварларды демеп-жебей алмайтын болды, ал мұндай тірегінен айрылғасын, аварлар Кавказ бөктерлерінде тұрақтап қала алмайды, өйткені олардың артында түркіттердің қаһарлы әскері тұрғанды.
Бірақ гректердің құтырғырлардағы жауы Заберган, өзінің Византияға және оның дос-жарандары — құтырғырлар мен анттарға қарсы күресіне аса қажет, авар сияқты жана одақтас тапқанына қуанбаса ренжімегені түсінікті болса керек. Шынында да аварлар ұтырғырларды талқандап, құтырғырлар тылындағы қауіпті жойғаннан кейін, Заберган Балқанға тағы да жорық жасап, Константинопольдің түбіне дейін жетеді. Авар елшілігінің ізін суытпай, тап со мезгілде Константинопольге түркіт елшілері келіп (558 ж. шілде), шын көңілмен қабылданады. Әсілі, грек-авар қарым-қатынасының сун түсуіне бұл да әсер еткенге ұқсайды.
Хош, сонымен 558 ж. Византияға қарсы жаңа күшті жау шауып, қауыпты көршілерді өз шекарасынан Балқанға қарай иіріп, парсы елшілік қызметі жеңіске жетеді. Әлі алдағы икиталардан көрінетіндей, парсы-авар одағы 628 ж. дейін өмір сүріп, Византия империясын жәукемдеп тастай жаздайды.
Анттар аварларға Мезамир деген елшісін жіберіп, олармен келісімге келмек болады, елшінің ең шұғыл міндеті тұтқындарды сатып алу еді. Мезамир аварларға келгесін, тым мардамсып, тасырлап кеткені сондай, алаңдар оның елшілік дәрежесіне қарамай, өлтіріп тастайды. Елшісінің көзін жойғасын, лиарлар анттарды талау-тонау, құлдыққа салу әрекетін жалғастыра береді.
Осындай қайратты одақтастың қолдауына сүйенген құтырғыр кнәзі Заберген, шығыстан өзіне ешкімнің қауып төндірмесін білгесін, склавиндермен одақ құрады да, Византияға басып кіреді. 559 ж. наурызында ол Дұнай мұзынан өтіп, қалың қолын үш отрядқа бөледі: оның біреуі Македония арқылы Эллалаға, сосын Фермопильге барып кіреді, екіншісі Фракиялық Херсонесті қорғайтын бекіністерге қауып төндіреді, ал өзі Сисқарған үшінші отряд,Ұзын қорғанның жер сілкінуінен пайда болып, әлдекімдердің қылмысты салақтығынан бітелмей опырылып қалған саңлау арқылы ішке бұзып-жарып кіріп кетеді.
Константинопольде үрей күшейеді: ел баяғыда ұмыт болған қарт қолбасшы Велизарийді тауып алады да, ол тұз тағыларын әрірек қуып тастайды. Басқа отрядтардың да шабуылы тойтарылады. Бірақ оған қарамастан, Заберген Фракияда қосынын құрып тастап, қашан оған қыруар ақша төлеп, ұтырғырларға берілетіндей «тарту-таралғылар» беріледі деп серттескенге дейін, елді бөрліктіріп талай береді. Тек содан кейін ғана құтырғырлар елден кетіп қалады.
Юстиниан қолма-қол ұтырғырлар көсемі Сандилхпен хабарласады, содан кейін ұтырғырлар Заберганның Фракиядан қайтып келе жатқан отрядтарының біріне шабуыл жасап, оны жойып жібереді, тартып алынған олжаны Сандлих гректерге қайтарып береді. Осының ізінше басталған соғыс екі халықты қалай қансыратып әлсіретсе, тап солай аварлар пайдасына асып, оларды күшейте түседі.
565 ж. империяның өз құдыреті жетеді деп санап, Юстин II анарларға салық төлеп тұруды тоқтатады. Бірақ аварлар күші өсе береді. 565 ж. олар Тюрингияны талқандап, франктер королі Сигезбертті сілкілеп, біраз шаңын қағады. 567 ж. аварлар Ланговардтармен одақтасып, Византия жәрдемдесіп тұрған гепидтердің түбіне жетеді де, Тисса алқабын жаулап алады.
Лангобардтар Италияға кеткесін, бір жылдан соң, аварлар бүкіл Паннонияның қожасына айналып, Орталық Европаны қаһарымен қалтыратады. Олардың қол күшін құрайтындар ішінде анттардың, батыс славяндар мен авар ханына бір жолата бағынған құтырғырлардың көмекші әскерлері бартұғын. Аварлардың бірінші ханы Баян, Византияға қыр көрсетіп, арсыздықпен: «мен қанша қырылса да жаным ауырмайтын осы сияқты адамдарды Рим жеріне жіберемін»— деген ғой, сөйтіп шапқыншылыққа 10 мың құтырғырларды жөнелтеді91.
Жоғарыда сипатталған оқиғалар VI ғ. 60-шы жылдарындағы халықаралық саясаттың ішкі серіппесін ашып көрсетеді. Иран мен Византия бітіспес жау болған. Византияның дұшпаны ретінде, аварларға Иранмен одақтасу аса қажет болады, ал аварлардың хас жауы түркіттер Византиямен емін-еркін достық-қатынас жасай алатын еді.
Бірақ күш-қуаттың осылай орналасуын, түркіттерге де, Иранға да жауығып алған эфталиттер мемлекеті қиындатып жібергенді. Сол Себепті де Істеми ханға Юстинмен келіссөз92 жүргізгеннен гөрі, Хосрой Ануширванмен одақтасу әлдеқайда тиімді еді. 560 ж. шамасында парсылар мен түркіттер өктемдік одағын құрады: біріншілері «Перез шахтың кегін қайтармақшы»93 болса, екіншілері Соғдиананың гүлденген шаһарларын жаулап алу үшін одақ жасайды.
Эфталиттер лаждың жоғынан екі майданда, тіпті үш майданда бірдей соғысады, өйткені эфталиттер ханы Михиракула Пенджаб пен Кашмирді билеп тұрып, үнділермен қажымай-талмай шайқаса береді94.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *