Тұрсын Жұртбай «Ұраным Алаш»
1.
1928 жылы 26 қарашада, яғни, «Алашордашылардың» тергеу ісі басталған күнімен күнбе-күн БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің «Қазақстанның орта оқу орындары мен жоғары оқу орындарындағы шәкірттердің әлеуметтік құрамын тексеру» туралы қаулысы шықты. Бұл қаулы – қаулы емес, алашордашыларға алдын-ала шығарылған үкім болатын. Тергеу ісінің «Айыптау қорытындысының» «Мәдениет майданы» атты тарауында:
«Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды… Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени-ағарту мекемелерiндегi және ғылыми-зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi. Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынында, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды.
«Алашордашылар» көркем әдебиетке ерекше көңiл бөлдi. Олардың көзқарасын бұқара халыққа кеңiнен таратуда пьесалар, өлеңдер, ескi әдебиеттiң нұсқалары, әңгiмелер мен фельетондар, тағы да басқа жанрлар таптырмайтын оңтайлы құрал болды…»,– деп атап көрсетілді.
Бәрі де қисынды. “Астыртын ұйым”, “қарулы көтеріліс”, “Голощекинге қастандық” – қалайда идеологиялық арандатумен аяқталуы тиіс еді. Сонда ғана тергеудің төрт құбыласы түгелденетін. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаев сияқты «өте қауіпті» творчество иесі, азулы ақынды еркіндікте қалдырудың өзі – «мәдениет майданындағы» қылмыс болып табылатын. Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтында С.Брайнин мен Ш.Шафироның «Алашорда тарихының очерктері» атты кітабының қолжазбасын талқылауға арналған кеңесті жүргізіп отырған «голощекиндік идеологтың» бірі І.Құрамысовтың:
«Тек қана мына нәрсенің өзі, Лениннің қазақ тіліндегі үш мақаласының да аудармасының Мағжан Жұмабаевқа тиесілі болуы, біздің оқулық саласындағы ісіміздің масқаралық жағдайда тұрғанын көрсетеді. Мысалы, орыс тілін білмейтін қазақ жұмысшысы, қазақ батырағы, кедей, коммунист, комсомол мүшесі Ленинді Жұмабаевтің, ең бір шынайы әрі ең көрнекті алашордашылдың аудармасы бойынша оқып жатқанын елестетіп көріңдерші! Бұл дегеніңіз барып тұрған коммунистік жексұрындық екенін тура айтуымыз керек»,– деп (Алашорда қозғалысы, 4 том, 21-бет) «намыстана» сөйлеуі соған дәлел.
Ұлттың игілігі үшін атқарылған еңбегіңді әдірә еткен мұндай «қорлықтан» құтылудың жолы – сыртқа кету болатын. Ақындық пен махаббат майданындағы бақталасы, бұрынғы сабақтасы Сәкен Сейфуллин мен бауырына басқан бауыры, батырақ ақын Сәбит Мұқановтың таптық табасына қалған Мағжан қадірін білетін «қаратаяқтары» бар Түркістан республикасына барып паналайды. Онда қазақ ағарту институтында сабақ берді және тек 1922 жылы ғана 622 кітап шығарған Халел Досмұхамедов пен Мұхамеджан Тынышбаев сияқты ғұламалар жетекшілік еткен Түркістан республикасы оқу ағарту комиссариатының жанындағы Қазақ ғылым кеңесінің жұмысына белсене араласты. Оған:
«Түркістан республикасы оқу ағарту комиссариатының жанындағы Қазақ мемлекеттік кеңесі осы куәлік арқылы Қазақ ғылыми комиссиясының қызметкері М.Б.Жұмабаев жолдас мекемелермен, баспалармен және жеке адамдармен этнография, педагогика және басқа да Түркістанның жергілікті халықтарына, соның ішінде қазақтануға қатысты мәдени-ағарту қызметтерімен келісім жүргізуге өкілдік береді. Оған, Жұмабаевқа жоғарыда көрсетілген мәселелер бойынша мағлұматтар жинау жүктеледі және мемлекеттік ғылыми кеңеспен арадағы келісімшартқа байланысты тұрақты түрде есеп беріп тұруға міндетті»,– деген (М.Құлжабайұлы. Ташкент: Мұстафа мен Мағжанның ғұмырына қатысты құжаттар не дейді?», «Қазақ әдебиеті», 5 ақпан, 1999) куәлік кепілдік береді.
Шындығында да Мағжан бұл жылдары ғылыми-көркем шығармашылықпен алаңсыз араласты. «Ақ жол» газетіне, «Сана», «Шолпан» журналдарына үзбей қатысты. Ғылыми комиссияның тапсырмасымен, біздің ойымызша, Ақан сері туралы ғана емес, жалпы шығармашылық психология туралы көркем ойдың үлгісі «Ақан сері» атты зерттеу де осы Ташкентте жазылды. Ол өз мүмкіндігіне және қоғамға қажет екендігіне сене бастады. Оған Институттың ғылыми Кеңесінің төрағасы Халел Досмұхамедовтің:
«1923 жылы 11 шілде күні Москва қаласында өтетін Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде ұйымдастырылатын қазақтың тұрмысы мен этнографиясына байланысты шараға Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының студенті Құрманбек Жандарбековтің әнші ретінде қатысуын ұсыныс етті, соған орай ол демалыстан шақыртылып алынды. Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысқан қазақтардың көрмесінде Қазақ ағарту институтының оқытушысы, Ташкенттегі Қазақ ғылыми комиссиясының мүшесі Мағжан Жұмабаев ерекше ынта көрсетіп, белсенділік танытты. Көрмеге әр түрлі құжаттар, кітаптар, материалдар жинағы апарылды. Олардың ұзын саны 100-ге жуық. Солардың ішінде Темірдің Түркістандағы Ахмет Яссауидің мешітін салу туралы жарлығы, Иса Тоқтыбаевтың «Түркістанның жағырапиялық очерктері», Тұрар Рысқұловтың «Жетісу мәселелері» атты кітаптар бар»,– деген (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, Ташкент, 2005 жыл, 52-бет) мінездемесі дәлел.
Бір жылда 622 кітап, негізінен институтқа аса қат оқулықтар шығарған Ғылыми комиссияның жұмысы кеңестік күркілдер үшін «мәдениет майданындағы қастандық» болып есептелді. Сол жылдардағы алаш зиялыларының алаңсыз ғылыми-мәдени санаткерлікпен айналысуының нәтижесінде барлық ғылым саласындағы атаусөздер қалыптасты. Алайда мұның барлығын тергеушілер қылмыс ретінде қарастырып:
«е). Аударма әдебиеттерiмен – Бөкейханов, Дулатов, Жұмабаев, Байтасов аудармалардың мағынасын бұрмалап, керексiз, кеңес мектептерi мен бұқара халыққа аса қажеттi емес кiтаптарды аударумен шұғылданды.
к). Маркстiк қондырғысыз, бұрынғы «Алашорданың» идеологиясының негiзiнде мектепке: Байтұрсынов, Аймауытов, Жұмабаев, Байтасов, Жәленов, Омаров Е., Омаров А.С., Байсейiтов Әзiз, Әдiлев, Әуезов, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев оқулық жазды.
л). («Ақ жол» және басқа да «Алашорданың» идеологиялық ықпалында болған басылымдар арқылы): Байтұрсынов, Дулатов, Жұмабаев, Әуезов, Есполов, Аймауытов, Омаров Уәлихан, Досмұхамедов Х., Қашқынбаев, Қожамқұлов, т. б. баспасөзде ұлтшыл пiкiр бiлдiрді»,– деп айыптау қорытындысын жасады.
Мұнда да тыныштықтың болмайтынын, «тықырдың таянып келе жатқанын» сезіп, Мәскеу сапарына аттанарда Мемлекеттік ғылыми Кеңестің төрағасының (С.Қожанов – ?) атынан Әдебиет институтының жетекшісі, ақын В.Брюсовқа қарата:
«Түркістан республикасының Мемлекеттік ғылыми Кеңесі Түркістанның жергілікті тұрғындарын мәдени қаруландыру және олардың мәдениеті мен тұрмысын жақсартуға жағдай жасау мақсатында қыр интеллигенциясын өзінің айналасына топтастыруда. Соның бірі осы хатты тапсырушы, Мемлекеттік ғылыми Кеңестің жанындағы Қазақ ғылым комиссиясының қызметкері, өзінің білімін жетілдіру үшін, соның ішінде ақындық шығармашылықты тереңдеп оқу үшін Мәскеуге бара жатқан М.Б.Жұмабаев жолдас. Қазақ ғылым комиссиясының мінездемесіне жүгінсек: М.Жұмабаев – таланты енді ғана ашылып келе жатқан қазақтың ең белгілі ақыны, егерде оның талантының толық жетілуіне мүмкіндік жасалса, келешекте одан аса көрнекті ақын шығуы мүмкін. Қазақ ғылыми Комиссиясының төрағасы (Х.Досмұхамедов – Т.Ж.) оны: «Біздің болашақ Пушкиніміз»,– деп бағалады. М.Жұмабаевтің жоғарыда аталған сала бойынша талантының ұшталуына тиісті жағдай туғызу мақсатында Мемлекеттік ғылыми Кеңес Сізге – Әдебиет институтының жетекшісі ретінде хабарласып: М.Жұмабаевтің шығармашылық жұмыстарына назар аударып, оның Сіз басқарып отырған институтқа қабылдануына көмек беруіңізді өтінеді»,– деген жолдама алады.
Бұл жолдаманың ебепке-себеп болғаны анық. Сол сапарда этнографиялық көрмені сәтті өткізген Мағжан Жұмабаев оқу мәселесін де оңтайлы шешіп келеді. Соған орай:
«Қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы Мағжан Жұмабаев 1923 жылы 1 қазан күні: оқуын жалғастыру үшін Москваға кетуіне байланысты қызметінен босатылды».
«Қазақтың болашақ Пушкинінің» тағдырына шынымен алаңдаған, аз уақытқа болса да «таптық тартыстың табанында тапталып қалмасы» үшін Сұлтанбек Қожанов Түраткомның төралқасы мен Оқу ағарту комиссариатына жазған Баянхатында:
«Орталықтағы жоғары оқу орындарында оқитын түркістандық стипендианттардың тізімінде қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевтің да есімі жүр. Жұмабаев жолдас – Революцияның талантты жыршысы және қазақ әдебиетіндегі реалистік жаңа бағыттың басы, халық ертегілері мен аңыздарын жырлаудағы теңдессіз шебер саналады. Революция жылдарында ол көптеген тамаша әндер мен ертегілерді сыйға тартты, Түркістан мемлекеттік баспасынан бірнеше кітаптары жарық көрді. Жұмабаев жолдас осы уақытқа дейін Қазақ ғылым комиссиясында қызмет етіп, халық ауыз әдебиетін жинауға көп күш жұмсады. Жұмабаев жолдас бүгінгі күннің рухына сай білім алу үшін Мәскеудегі Көркем әдебиет институтына кетіп барады. Оның тума шығармашылығы мен еңбегі Кеңес өкіметі тарапынан ұқыпты көзқарасты және біздің заманымыздағы қазақ көркем әдебиетінің жалғыз жыршысына үлкен назар аударуды талап етеді. Оның үстіне Жұмабаев үйлі-баранды, соған қарамастан оқу орынына үй-ішімен бірге кетуге мәжбүр болып отыр. Жоғарыдағы айтқандарды ескере келіп:
1) Жұмабаевтің стипендиясын жауапты қызметкерлерге төленетін жалақымен теңестіруді, 2) Жолақысын өтеу үшін және үй-ішімен барып орналасқанша бір рет жәрдемақы төлеуді, 3) Жоғарыдағы аталған оқу орынына ауысу үшін Петорградқа жолданған іссапарын Мәскеуге ауыстыруды»,– ұсынады.
Бұл Баянхат қандай нәтиже берді, ол жағы бізге беймәлім. Тергеу ісінде бұл туралы М.Жұмабаев:
«1923 жылы Ташкентке ауыстым, онда Оқу-ағарту халық комиссары Қожановтың жолдауымен Қазақ оқу-ағарту институтына оқытушы болып орналастым, әрі Қазақ ғылыми комиссиясына мүше болып сайландым. 1924 жылы Москваға барып әдебиет-көркемөнер институтына түстім, ол оқу орынына жолдама бергендер Нәзір Төреқұлов пен профессор Поливанов. Поливанов өзінің досы профессор Ричиге хат жазып берді. Сонымен қатар Қазақ ғылым комиссиясының да жолдамасы болды. Оқудың бірінші жылы Түркістаннан стипендия алып тұрдым. Кейін орталық баспада қызмет істеп жүргендіктен де ол стипендияны алып тастады. Орталық баспаға Төреқұлов жұмысқа алды, онда әдеби қызметкер міндетін атқардым»,– деп жауап берген.
«Мағжан» атты монографияның авторы Шериаздан Елеукенов: қазақ үкіметінің есебінен 20 сом стипендия алып тұрған, – деген мағлұмат береді. Зады, бұл осы алғашқы оқу жылының шәкірттік нәпақасы болса керек.
Бізге мәлімі – Мәскеуде де Мағжанның қу жанына тыныштық болмады. Пролетар жазушыларының қазақ ассоциациясы құрылып, оның құрамына тек қана кедей табынан шыққандар қабылданды. Олар Мағжан, Мұхтар, Жүсіпбек сияқты «оқып туған байшыл-буржуазиялық идеологияның құйыршықтарының тамырына балта шабу үшін» шабуылға шықты. Тіпті Сәбит Мұқановтың айтуынша:
«Халық алдында Мағжанның және өзге алашордашылардың халыққа жау екендігін әшкерелеу… мақсатымен 1924 жылдың басында Орынборда Мағжанға әдеби сот жасауына тура келіпті».
Сотта басты айыптаушы болып сөйлеген шешен өзінің «Өмір мектептері» атты ғұмырнамалық шығармасында:
«1. Жұмабаев қазақ халқының, онымен қатар, қазақ халқына қамқор болып отырған Совет өкіметінің қас жауы деп танылсын. 2. Оның барлық шығармалары оқылудан алыну өкіметтен сұралсын. 3. Бұдан былай советтік баспасөз бетінен Жұмабаевтің шығармаларына орын берілмесін»,– деп қаулы шығарғанын жазады.
Қыза келе Сәбит Мұқановтың балтасының жүзі Абайдың өлеңдерін де отап тастады, сөйтіп, ұлы ақынның есімі «қара тақтаға жазылды».
Мұның барлығына себепкер болып отырған басты кілтипан – 1922 жылы Бернияз Күлеевтің құрастыруымен Қазан қаласында, 1923 жылы Сұлтанбек Қожановтың алғысөзімен Ташкентте басылған Мағжан Жұмабаевтің «Өлеңдер» жинағы еді. Бернияздың «сыршыл сөзімен» және Сұлтанбектің:
«М. Жұмабайұлының өлеңдері қазақ әдебиетінде үлкен орын алған деп санап басып отырмыз. М.Жұмабайұлының өлеңдерімен оқушылар бұрыннан таныс. Әдебиеті жаңа аяқтанып, әдебиет тілі енді жасалып келе жатқан жұртта Мағжандай ақындардың қызметі зор екені анық. Осы күнге дейін Түркістанда қойшылар тілі саналып келген, ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі іске асуы былай тұрсын, өнерге асатын бай, жатық, таза, өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады. Сондықтан біз Мағжан өлеңдерінің саяси мәнісінен гөрі, әдеби мәнісін көбірек көзде тұттық. Сол жақтарын ескеріп, Мағжан өлеңдерінің ішінде кез келетін марксизм дүние тануына ұйқаспайтын жерлерін оқушылар көре салып үрікпей, көркемдік жағына, сыршылдық жағына, суреттеу жағына көбірек көз салуы керек, тарихи мәнісіне жете түсінуі керек. Бұл кітапқа М.Жұмабайұлының баспасөз майданына шыққаннан бергі жазған өлеңдерінің көбісі кірді. Басу жағынан түзей алмай отырған кемшілігіміз: қай өлеңнің қай жылы һәм қай шарттарда жазылғандығын көрсете алмауымыз. Сөйтсе де М.Жұмабайұлының өлеңдері әдебиет тарихындағы соңғы 10-15 жылдағы ағымдарды тексеруге де жақсы құрал бола алады деп ойлаймыз. Түркістан қазағына арнап, Абайдан кейінгі екінші бастырып отырған әдебиет кітабымыз осы М.Жұмабайұлының өлеңдері. М.Жұмабайұлы өлеңдерінің тіл жағынан, әдебиет тану жағынан пайдасы көп болады деп сенеміз»,– деген саяси астарлы пікірлеріне қарамастан «қаратаяқтардың» өкілінің поэзиясын «тапшыл қарабалақтар» қабылдамады.
«Қара қазақтың» батырақ ақындарының пікірімен санаспай қазақ ақынының жинағын Қазақстаннан сырт жерде шығару олар үшін «шетелдік идеологиялық үстемдік, басыну» болып табылды. Бұл аламаннан Мәскеудегі Күншығыс баспасының бас редакторы Нәдір Төреқұлов бастатқан қазақ қызметкерлері мен студенттері де тыс қалуды «ар санады». Өзі «қазақтың Пушкині» деп танып әдебиет институтына жолдама берген, кәсіби баспа маманы ретінде қызметке алып отырған ұлтшыл ақынның шығармашылығына бейнесі жат бейтаныстықпен шүйлігуі түсініксіз. Ол 1924 жылы 24 қараша күні алпысқа жуық «оқырман» қатысқан жиналыста Сұлтанбек Қожанов алғысөз жазған Мағжанның «Өлеңдер» жинағы туралы баяндама жасап, талқылады, жәй талқыланған жоқ, талқандады. Қол астында істейтін ақынның өзін шақыруды ар санады. Тек Жәкен Сәрсенбин ғана қарсы шықты.
Сонымен, «дүние астан-кестен болды». Өмiр де, өнер де тығырыққа тiрелдi. Не iстеу керек? Ұлттың рухын өлтiрмей, жанын қалай таза ұстау керек? Бұл талқылау мен талқандалу ұлт жазушысын қатты ойлантты. Жәкен Сәрсенбинмен екеуара әңгімеде әдеби үйірме құрудың қажеттігі туралы ой туындайды. Ұлт ақыны алты алаштың азаматтарына атой салып «Табалдырық» атты бағдарлама жазды:
«Қазақ әдебиетi тоғыз жолдың торабында тұр. Артында бiр жол, алдында мың жол. Мың жолдың iшiнде өзен өрлегенi де, шөлiркегенi де, барса – келерi де, барса – келмесi де бар. Қазақ әдебиетiн мынау мың жолдың тарауына алып келiп, аңыртып тұрған – тұрмыс. Аңырып тұрған тұрмыс – қазақ тұрмысы. Қазақ тұрмысы орыс тұрмысымен, орыс тұрмысы арқылы Еуропа тұрмысымен соқтығуы – қазақ әдебиетiнiң орыс әдебиетiнiң екпiнiне, орыс әдебиетi арқылы Еуропа әдебиетiнiң екпiнiне кез келуi – «таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақпен тасты ұрсаң да, жапалақ өлмектің» кебі.
Әрине, қазақ тұрмысы қирамақ, әрине, қазақ әдебиетi өлмек. Бiрақ, бiзге молда болатын Еуропа әдебиетiнiң өзi де бiр молда емес, мың молда. Алыстағы анау Еуропаны қоялық, көршiмiз орыс әдебиетiн алалық. Оның да өткен дәуiрлерiн бүркеп, осы күнгi дәуiрiн алалық.
Осы күнде пролетариат төңкерiсi дәуiрiнде, кеңес өкiметiнiң өзiнде орыс әдебиетiнiң мың бағыты бар. Бәрiнiң жалауы – қызыл, ұраны – төңкерiс, алды – ортақшылдық сықылды… Алайда, искусство һам оның бiр саласы болған әдебиет туралы түрлi жақтың түрлі ұғымы бар. «Искусство – бар, һам болмақ»,– деген бағыттан бастап, «Искусство – жоқ, һам – болмақ емес, бұрын болса да – бұдан былай болмақ емес, болуға тиiстi емес»,– деген бағытқа шейiн бар.
Оның үстіне, бiз дүние астан-кестең болған заманның адамымыз. Жұмыр жердiң бетiндегi шiрiк қауды өртеп, өртең шығару үшiн қылыш, найзаны қолдан түсiрмей, майданда жүрген әскердеймiз. Әйелiмiз де, ерiмiз де саясатшылмыз, шаруашылмыз, әдебиетшiлмiз, тегiс әскермiз. Әскер болуға мiндеттiмiз. Төңкерiс iсi осыны тiлейдi. (… бір сөз танылмады – Т.Ж.) тұрмысы да осыны тiлейдi.
Бiрақ майдандағы әскердiң әрбiр тобының да, әрбiр таптың да бас мiндетi болмақ. Әрбiр топ өзiнiң iсiн дұрыс атқарса ғана, жалпы әскер соғыста ұтып шықпақ. Бір топ өз мiндетiн атқара алмаса, өз мiндетiн ұмытып, көптiң дүрмегiмен, айғай-аттанның желiгiмен лап қойып кете барса, майдан құр ойранға айналмақ. Қазақтың жазушылары да аз әскердiң кiшкене бiр қанаты. Үркердей бiр тобы. Бiрақ олардың мойнында жалпы әскерлiк мiндеттен басқа бас мiндет бар. Жазушылықтың, ақындықтың өз мiндетi бар. Жазушыларымыз әскерлiк мiндетiн бiлiп, ақындық мiндетiн бiлмесе, атқара алмаса – ақын емес. Ақындықты бiлiп, әскерлiктi бiлмесе – әскер емес.
Қазақ елi – Еуропа мәдениетiнiң көзiмен қарағанда мәдениет қоры, әдебиет қоры жоқ, кедей ел болғандықтан, бiздiң жазушыларымыз әскерлiк, азаматтық мiндетiн ұмытып, құр ақындыққа қадалып қалуы мүмкiн. Әсiресе, ақындық мiндетiн бiле алмай, жалпы айғайдың екпiнiмен кетуi де мүмкiн. Әдебиеттi – айғай ғана деп, ақындықты – үгiт-насихат қана деп ұғуы. Мысалы, әдебиет, не дiншiлдiктің бәдуамы (бәдуам – әліппе, яғни оқу құралы – Т.Ж.), не дiнсiздiктің бәдуамы деп, әйтеуiр, бәдуәм деп ұғуға мүмкiн… Үлгi боларлық орыс әдебиетiнiң түрлi тарауының тұрақсыз бiр тарауына, не барса – келмесiне, не ұзамай құрып кететiн сиырдың шұбырындысына түсiп кетуге мүмкiн.
Осы мүмкiндiктердiң шет пұшпағын көрiп, әдебиет қазанының бiр құлағына жармасып жүрген біз – тоғыз ойланып, тоқсан толғанып, төмендегi пiкiрлердi ортаға салуымызды борышымыз деп бiлдiк.
Бұл құрғанымыз сегiз қанат боз орда, алты қанат ақ отау емес, «абылайша». Майдан, ойран, жорық дәуiрiнде дағарадай орда да, алты қанат ақ отау да құрып отыруға болмайды. Аттан дәуiрiне «абылайша» керек. Жорық «абылайшасы» керек (жорықта тiгiлетiн қос – Т.Ж.). Жорық – «абылайша» болады. Жорық басылар, жаңа тұрмыс орнар, «абылайша» қалып, бәрiмiз сиятын боз орда тiгiлер. Бұл келешектiкi. Әзіргi баспана – «абылайша!».
Оқушы! Жақсы келдiң. «Табалдырықты» аттап, төрге шық. «Алқаға» кiр!»,– деп ұран тастады.
Бұл – «Алқа» әдеби үйiрмесiнiң «Табалдырық» атты бағдарламасының кiрiспе үндеуi. Оны жазған – ақын Мағжан Жұмабаев болатын.
Ақындық асқақ көңiлмен екпiндете жазылған бұл үндеудiң астарында терең мән жатыр едi. Ол тұстағы әрбiр науқанның өзiн «майдан» деп атау рәсiмге кiрiп кеткендiктен де, әр саланың адамдары өзiн «әскер есебінде» сезiнуi заңды және мұны Мағжан жарым-жартылай мысқылмен айтып отыр. Негiзгi түйiнi:
қалайда Мәскеудегi әріптестерi сияқты бiр көркемдік мақсатты ұстанған өнер адамдарының басын бiрiктiру. Өйткенi сол тұстағы жалаң әлеуметшiлдер мен қызыл жалаулы «жасасыншылдар» мәдениеттiң түп тамырына балта шауып, ежелгі мұраның бәрінен бас тартты. Тек қана «жасасынды» желеу еттi.
Бұл өнердi өлтiрудiң ең бір отамалы шарасы едi. Екiншi, Мәскеудегi қазақ оқығандары мен студенттерiнің:
«Мағжанның шығармалары қазақ кедейдерiне қарсы үгіт-насихат құралы»,–деген қаулы қабылдап, барлық баспасөздерге хат жазды.
Ол хат бүкіл Қазақстанды дүрліктіріп, Мағжанға және ұлтшыл жазушыларға қарсы науқан басталды да кетті.
Ақынның намысын қоздырған және оны «Алқа» атты әдеби үйiрме құруға мәжбүр еткен де сол жағдай.
Ол майданға «жеке әскер» ретiнде емес, «абылайшасы» бар әдеби топ ретiнде аттануға қамданған. Сондықтан да ол өзiнiң ойын айқындай жазып, қанаттас қаламгерлерден ақыл-кеңес сұрады.
Тергеушiлерге берген жауабында М.Жұмабаев:
«Алқа» үйiрмесiн құруды студенттердің талқылауынан кейін ойыма алдым және оның «Табалдырық» атты бағдарламасын 1924 жылы желтоқсанның аяғында бастап, 1925 жылы қаңтар айының басында жазып бітірдім. Бағдарламаны сол кездегi Мәскеу студенттерi Сәрсенбин мен Сегiзбаевқа оқып берiп, талқылаттым, өзгертулер енгiздім. Содан кейiн барып жан-жаққа тараттым», – деп жауап берген.
Әрине, тергеушiлерге: «Алқаның» алдына қойған ешқандай саяси мақсаты жоқ, тек қана әдеби мүддеден туындады,– деген лаж айтады. Бұл орынды да, өйткені, негiзгi мақсат – өнерден туындап отыр.
Сөйтіп, тергеушілердің айтуынша – «астыртын ұйым, ал шын мағынасында «Алқа» атты әдеби үйірме өмірге келді. «Астыртын ұйымды», яғни, әдеби үйірмені құрған – Мағжан Жұмабаев пен рабфактың студенті Жәкен Сәрсенбин және ақын Аманғали Сегізбаев. Бұған енді тек қана қара күйе жағып, тонын теріс айналдырылған:
«Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды»,– дегізетін көрсетінді ғана жетпей тұрды.
Әрине, мұның ар жағы әккі тергеуші үшін түсінікті. Түсініктісі сол, бұл үйірме – Совет Одағындағы жүздеген әдеби-творчестволық үйірменің бірі ғана болатын. М.Горькийдің өзі «ОПОЯЗ»-ға жетекшілік етті. Солардың үлгісімен КазАПП-тың жанкешті қарсылығына ұшыраған «байшыл, өткенді көксеген ұлтшылдар» – өздерін де, өнерді де қорғау үшін «Алқа» атты әдеби үйірме ашуға ұмтылды. Сол мақсатқа орай шығармашылық бәсекеге түсті.
Мағжанның «Батыр Баян», «Қойлыбайдың қобызы», Мұхтардың «Көксерек», «Қилы заман», Жүсіпбектің “Күнікейдің жазығы», «Ақбілек» іспетті кесек туындылары сол жылдары жазылды. Үйірме өз алдына саяси мақсат қойған жоқ. Таза өнерді қолдап, таптық мүддеден гөрі көркемдік шеберлікті жоғары қойды. «Жалаң ұраннан арылып, саф өнермен сусындауды» (М. Әуезов) мақсат тұтып, «Сана» мен «Шолпан» журналына жариялау арқылы сол идеяларын жүзеге асыруды ойластырды. Көркем әдебиет туралы Ж.Аймауытовтың, Қ.Кемеңгеровтің, С.Сәдуақасовтың, А.Байтасов пен Д.Ысқақовтың, Ә.Мәметованың, Ы.Мұстамбаевтің орайлас пікірлері тұтаса жарияланып, «тапшыл табашылдардың» бетін қайырды. Соның ішінде «Тікен» атты «тікен сыншы» Сәкенге:
«Тапшыл ақынбыз деп жүрген «ақындардың бет жуары» Сәкен мен Сәбит (Мұқанұлы) қой. Сәкеннің біраз өлеңдерінде суретшілік бар болғанымен, табанды пікір жоқ. Сәкен қара қазақтың қолына түспейтін «асау тұлпар» болып жүрген. Комиссарлықтан түскен күні үні өшкен Сәкенді қалай тапшыл ақын дейміз? Сегіз жылдай айқайы таусылмаған кемпірге үгіт-насихат айтып отырған, өлең жазудың техникасын білмей, соқыр түйедей шалып отыратын Сәбитті қалай ақын дейміз?»,– деп қадалды.
Ал Ыдырыс Мұстамбаев өзіне тән тура мінезбен:
«Сәбит мақаласының аяғын: «Абайдың ар жағында да қазақтың жақсылы-жаманды әдебиеті болған. Сол әдебиеттер сарқылып келіп, Абай заманында бір қазық қағып өтті. Осының кезеңіне Абай кез келген соң, даяр табақтың иесі, даяр тоқпақтың ұрушысы, даяр қазықтың қағушысы болды да жүре берді»,– деп бітіреді… Жөн, жөн, Сәбит!!! Онан да қазақша: «Абай – арамтамақ», – деп бір-ақ айтсаңшы. Көп сөз сөйлеп әуре болып жататын не бар?», – деп бетке айтты.
Қанша жерден «жолдастық сын» тұрғысынан айтылса да мұндай пікірлер жауапсыз қалмады. Оның зардабы бірге емес, мыңға тиді. Әсіресе, сері де шамкөс Сәкен Халық комиссарлары кеңесінің төрағалығынан кеткеннен кейін 1925 жылдың 13-20 мамыр аралығындағы Кеңестің ІІІ құрылтайынан соң:
«Қазақстандағы жағдайлардан, өз жайымнан Сталин, Куйбышев, Молотов жолдастарға арыз бердім. Сталин жолдаспен ауызша сөйлестім, сөйлескенде барлық мән-жайды айттым («үкімет билігінің алашордашылардың – С.Сәдуақасов пен С.Қожановтың қолына көшкендігі туралы – Т.Ж.). Үлкен орындардан түсірілгендердің оқуға сұранатын әдеті бар ғой. Бұл ретпен мен де: «Комакадемияға оқуға кіргізіңіз»,– дедім. Мен осы сөздерді айтқан соң Сталин жолдас: «Комакадемияға орналастыру оп-оңай, бірақ Қазақстанның халі өзің айтқандай болса, сіздердің Қазақстаннан қашуларыңыз керек емес. Қайта қатты белсеніп істеулеріңіз керек, менің мәслихатым осы»,– деген кеңес алады.
«Үкімет билігі С.Сәдуақасов пен С.Қожанов сияқты алашордашылардың емес», Сәкен Сейфуллин сияқты төңкерісшілдің қолында тұрғанда, ұлтының тең жартысы ашаршылықтан қырылып жатқанда «Қазақ халық комиссары қырға шығып, 5-6 ай бойы демалғанын, сол уақыттың ішінде халық комиссарының кеңсесіне бір де бір рет бас сұқпағанын» (Г.А.Коростылев), ақ боз атсыз «қарға адым жердегі жиналысқа да аттап баспайтынын, ешқашан ешқандай мәселеге араласпайтынын, мәселе де қоймайтынын» (А.Жиханов), әрине, Сталинге жеткізген жоқ. Одан гөрі алаш азаматтарын арандату тиімді еді (Д.А.Аманжолова, На изломе. А.2009. стр. 388).
Араға апта салмастан Т.Рысқұлов пен С.Сейфуллиннің баянхатының негізінде Сталиннің «Ақ жол» журналы туралы хаты» жарияланады. Күзге қарай «алашордашыларды аластатып», қазақ қайраткерлерінің өтініші бойынша Голощекинді Қазақстанға жіберді. Басылымның атын ауыстырып алған Сталиннің қарапайым қатесін түзетуге Орталық Комитеттің де, Өлкелік Комитеттің де, екі «арызшының» да дәті жетпеді. Тура сол кезде «Ақ жолды» жабу туралы қаулы да шықты. Ғалым Шериаздан Елеукеновтің сыни ой өзегінен бұл салыстырудың астарында «Қу жақтың» Қазақстанға келуінің «жоғарыдағы себепкерлерін» меңзеу бар. Олар: жақсылықты күтіп – жаманатқа, көсемді күтіп – Қужаққа тап болды.
Иә! Қандай ұқсастық десеңші! Сексен алтыншы жылы да осы жағдай қайталанып еді-ау! Тарихтан сабақ алмаппыз. Айтпақшы сол тарихтың беті кешігіп ашылды емес пе. Біздің мына жиырма жыл бойы салыстыра жинақтаған жанталасты жанығуымыздағы салыстырулар мен талдаулар сол үшін қолға алынып отыр ғой. Кейде жаныңды жеген жегіден: «Осының бәрі кімге керек, не үшін жанымды қинаймын?»,– деген торығудан сондай ойлар жарыққа алып шығады (Бұл мәселелер туралы бірінші кітапта барынша кең салыстырыла талданып, «Ақ жол» туралы қаулының мәтінін түгелдей біз құрастырған «Алаш ақиықтары» (2006) атты деректер жинағында ғылыми түсініктерімен қоса жариялағандықтан да, осы сілтемемен шектелеміз).
Сөйтіп, «Алқаның» бағдарламасы – қиял, жұмысы – жоба күйінде қалды. Жоғарыдағы екі журнал да («Сана» мен «Шолпан») көркемдік-идеялық жат ұстанымы үшін жабылып тынды. «Әйел теңдігі» мен «Жаңа мектеп» журналында жарияланған М.Жұмабаевтің өлеңдері мен Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтің әңгімелері, Ә.Бөкейхановтың аудармалары, Ы.Мұстамбаевтің, Д.Ысқақовтың сыни мақалалары жалғасын таппай, тоқтатылды. Оның есесіне, 1927 жылы шыққан С.Сейфуллин ұйымдастырған КазАПП мүшелерінің «Құс жолы» атты жинағында «Алқа» мүшелерінің «жон терісін сыпырған» бес-алты мақала қатар басылды. Саяси айып тағуға соның өзі де жетіп жатыр еді. Солай болды да. Ондағы айыптаулардың пәрмені сот үкімінен бірде-бір кем соқпады. Әдеби пікір алысудың өзі «жаға жыртысудың» бір түріне айналды. Әсіресе, Мағжанның ақындығы туралы жарыса жарияланған «таңқиттар» (сын) таланттың танауын тіліп жатты. Оған көбік ауыз Голощекин де араласып кетті. Ол 1927 жылы Бүкілқазақстандық ҮІ конференцияда:
«Ескі интеллигенцияның арасында сменовеховшыларды еске түсіретін қозғалыс бар. Сендер Жұмабаевтің «90» жөніндегі әйгілі өлеңін білетін шығарсыздар, ол өзі 90 жағында болғандықтан, 90 туралы жазады, ал көпшілік бұл сан шынайы екен деп алданып қалады. Олар 100 деп еді, жеңіліп қалды, енді 90 деп күңіренуде, бізге жақсы істерімен келсе, біз олардың арқасынан қағамыз, алайда 90-ды басқалардың қолдамауы қажет екенін аңғарту үшін біз арқасын сипап қана қоймай, бір мезгіл соққыға да жығып аламыз»,– деп («Советская степь» газеті, 1927 жыл, 21 қараша) ойқастады.
Сәбит Мұқановтың Мағжан Жұмабаев пен Мұхтар Әуезов түрмеден қайтып оралғанда соларға жазған хатында да осы «сменовеховшылар» туралы ұзақ түсіндіреді. Шындығында да, М.Әуезов айтқандай, Голощекин келісімен Қазақстандағы дәуір де, уақыт өлшемі де, құндылық та, көзқарас та өзгерді. Мұны «ұсыныс жасаушылардың» өздері де кеш аңғарып, бармағын тістеп үлгере алмай қалды.
Әрине, зияткер қауым еріксіз қаламнан бас тартты. Соған қарамастан көркем өнер туралы пікір таластары ушығып келіп, өлім жазасына ұласты.
Қауіпсіздік комитетіндегі хаттамаға сүйенсек, 1929 жылы 20-шілде күні Мағжан Жұмабаев тұтқындалып, жауапқа тартылыпты. Ал зиялы зерттеуші Шерияздан Елеукенов айналымға түсірген дерек бойынша Мағжан Жұмабаев 1929 жылы 6-шілде күні Қызылжар қаласында тұтқындалып, төмендегі ілеспе хат арқылы Алматыға жөнелтіледі:
«№ 6333 2 ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің КССР бойынша Алматы қаласындағы өкіліне. 1929 жыл, 6-шілде.
Үстіміздегі жылы 6-шілде күні тұтқынға алынған белгілі ұлтшыл қазақ ақыны Жұмабаев Мағжанды сіздерге жіберіп отырмыз. Пәтеріндегі тінту кезінде оның ішінара өмірбаяны жазылған қалың дәптерден басқа ештеңе табылмады… Байтасов Абдолла Петропавловскі қаласы аумағында көзге түспеді. Қалың дәптер «Қосымша» ретінде жіберіліп отыр. ОГПУ округтік бөлімі бастығының орынбасары – В.Никеров. Ш/Б өкілінің көмекшісі – Губайдуллин».
Көзі қарақты, ойы сергек, жадуалға қабілетті, алғашқы тергеулердің мазмұнымен таныс оқырман М.Жұмабаевті тұтқындауға шығарылған қаулының хаттамасын мысқылмен оқитыны анық. Онда М.Жұмабаевтің өміріне қатысы жоқ, тек Д.Әділевке тағылған айыптау қорытындысын көшіре салған. Оқыңыз (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):
«Қаулы: 1929 жыл, 20 шілде. Мен, Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың Шығыс бөлімінің Қазақ АССР-і бойынша өкілетті өкілі бастығының көмекшісі Саенко №6 тергеу ісімен танысу барысында мынадай қылмысты істің ұйымдастырылғанын анықтадым:
1. Жұмабаев Мағжан кеңес өкіметіне қарсы күрескен және Орта Азиядағы басмашылар қозғалысымен байланысы бар астыртын ұйымның жұмысына белсене қатысқан;
2. Бұл астыртын ұйым Сырдария округіне қарасты Сарысу ауданының көлемінде қастандық әрекетпен айналысып жүрген ағайынды Әділевтердің бандысымен астыртын байланыста болған.
3. Астыртын ұйым біраз жылдан бері кеңес үкіметінің науқандық шараларына тұрақты түрде іріткі салып, мәдениет пен шаруашылық жұмыстарына кедергі жасады, сондықтан да Мағжан Жұмабаевті Қылмыстық кодекстің 58 бабының 7, 11 тармақтарына және 59 бабының 3 тармағына сәйкес айыпты деп тауып, соған орай 128, 142, 147 баптарды басшылыққа ала отырып:
1883 жылы туған, ірі бай тұқымынан шыққан, жартылай феодал, партияда жоқ, үйленген, бұрын істі болмаған, бұрынғы алашордашы, Петропавл кеңес-партия мектебінің оқытушысы М.Жұмабаевті жоғарыда аталған қылмысты істерін мойындату үшін тергеуге алуды, соған орай Петропавл кеңес-партия мектебіндегі қызметінен 29-жылдың 15-шілдесінен бастап қызметтен босатуды мақұл деп тауып, Қаулы қабылдадым.
Тергеу ісіне кедергі келтірудің алдын алу мақсатында Жұмабаев Қазақ АССР ОГПУ — нің комендатурасына қамаққа алынсын.
ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығының орынбасары Саенко. Тергеушілер: Логачев, Альшанский (қолдары)».
Тергеу ісімен таныса отырып, айып қорытындысындағы жалғыз ғана жанама деректің растығына көзіміз жетті. Ол – Мағжан Жұмабаевтің Омбы қаласындағы гимназияда Дінше Әділевтен бір саты жоғары курста оқығаны ғана. Тергеу барысында өзге айғақтар қаперге де алынбады. Демек, бұл айыптаулар нақты айып емес, желеу күйінде қалған.
Әрине, «жаппай құрбандық шалу» науқанына ұшырағандардың негiзгi «кiнәсi» ұлтын сүйгендiгi, ұлты үшiн күйгендiгi, ұлтының рухани мұрасын сақтап қалу жолындағы күресi екендiгi түсiнiктi.
Ал, осы төртiншi «майдан – мәдениет майданы» саласындағы, «Алашордашылардың» қылмыстары мынадай еді:
1. Жауапты орындарға кiрiп алып, кеңес өкiметiне жат идеяны насихаттап, оны «Алқа» арқылы жүзеге асырды.
2. Жоғары оқу орындарының шәкiрттерiне оқулықтар жазып, арандатуға ұмтылған әрекеттерiн жандандырған.
3. Әдебиеттiң таптық мүддесiн мойындамады.
4. Ұлтшыл-буржуазиялық идеологияны көркем шығармалары арқылы насихаттаған. Сөйтiп, пролетариаттық мәдениеттi мансұқ етіп, хандар мен феодалдық еркiндiктi, еркiн замандағы қазақтың бостандығын мадақтаған.
Міне осындай «қылмыстық желеу» олардың тұтқындалуына себеп болған. Мұның барлығы оқырманға таныс байбаламдар. Сондықтан да мәселенi тергеу барысындағы қолға түскен, тәргiге алынған хаттар мен құжаттарға сүйенiп отырып баяндаймыз. Тергеу ісіндегі неше түрлі жала мен арыздардың, қолхаттардың, жасанды «доностардың», дәлелсіз қыздырмамен айтыла салған айыптаулардың барлығы да қызыл сөзге, даурықпаға құрылды. Бұл – тергеушiлердiң тонын терiс айналдырған сөзiнің айнаға терiс түскен бейнесі деп ұққан жөн. Ондай дөрекi бұрмалауларға қосымша түсiнiк берiп жатпаймыз. Беттесулердің ішінде аты-жөні кездесіп қалатын ақын-жазушылардың куәландырған көрсетінділері – олардың абырой-атағына көлеңке түсірмесе, көңілді көтермейді.
Өкінішті. Бірақ шындық солай. Жаланың жалынына қанатын күйдірген жалғыз Мағжан емес еді.
2.
Анкеталық анықтама: Жұмабаев Мағжан Бекенұлы (Бекмұхамед), 1893 жылы 25 маусымда Ақмола облысы Қызылжар уезі Сарыайғыр болысы Сасықкөл ауылында ауқатты жанұяда туған. Қызылжардағы Шалақазақ (1905-1910), Уфадағы Ғалия медреселерінде (1910-1911) оқи жүріп орыс тілінен қосымша дәріс алған (Міржақып Дулатов дайындаған), содан кейін Омбы мұғалімдер семинариясында (1914-1917) оқыған. 1918-1922 жылдары Петропавл уездік мұғалімдер курсында дәріс оқыған, сонымен қатар «Бостандық туы» газетінде қызмет істеген. 1922-1923 жылдары Ташкенттегі Қазақ оқу-ағарту институтында оқытушы болған. 1923-1927 жылдары Москвадағы әдебиет институтында оқыған, Шығыс баспасында әдеби қызметкер боп істеген. Әскер қатарында болмаған, жылжымайтын меншік мүлкі жоқ. «Алаш» партиясының оқу-ағарту комиссиясының мүшелігіне сайланған. 1927 жылдан ұсталғанға дейін Қызылжардағы Қазақ педагогикалық техникумі мен Кеңес-партия мектебінде орыс тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен дәріс берген.
Өмірлік шындықты жандүниесімен астасып жатқан көркем ойлау жүйесі арқылы қабылдайтын тума талант иесі тергеу сұрақтарына да ақындық көзқараспен жауап береді.
М.Жұмабаев, 1929 жыл, 14-шілде (Д.Досжанның жарияланымы бойынша): «Өзімнің ұстанымым бойынша, шамамен 1911 жылдан бастап Москваға келгенге дейін, дәлірек айтсам, 1924 жылға дейін ұлтшылдық көзқараста болғаным рас. Ұлтымның аянышты тағдырына жаным ауыратын. Москваға келгеннен кейін көзқарасым елеулі өзгерістерге ұшырады. Қазір коммунистік танымға бір табан жақындағаным рас, бірақ, ол ойымды дәлелдейтін нақты дәйегім жоқ. Қайталап айтамын, менің ұлтшылдық көзқарасым тек қана ұлтшыл сарындағы шығармаларымда ғана көрініс берді, яғни, менің ұлтшылдығым өлеңдерім мен мақалаларымнан байқалатын, бұл туындыларым басылымдарда жарияланып, халыққа кеңінен таралды, олардың көңілінен шықты. Мысалы, «Батыр Баян» атты поэмамда ұлтшылдық сарыны барынша айқын көрініс тапты…».
Қазақ әдебиетіндегі еуропалық үлгідегі лирикалық жинақтың алғашқы қарлығашы – Мағжанның 1912 жылы Қазан қаласында жарияланған «Шолпан» атты жыр жинағы. Бұл жинаққа дем салған, ұлтының көркем сөзінің ой ұйытқысы болуға баулыған адам – қазақ халқының жүрегін «Қазақ қызы» романы арқылы жылытқан татар әдебиетінің тұрлаулы тұлғасы Ғалымжан Ибрагимов. «Ұлтшылдық көзқарасым 1911 жылдан басталды»,– деп көрсетуі де Мағжанның Уфада Ғалымжанмен танысқан және одан кейін Міржақыптан орыс тілінен еркін дәріс алған тұсына дәл келеді. Демек, оның ұлтшылдық санасы зиялыларға тән көркем ойлау деңгейінде қалыптасқан.
Соған орай, Мағжан «Алқа» әдеби үйірмесінің мақсат-мүддесін, іс-әрекетін саясаттан қаншама саяқсыта сырттатып:
«Бағдарламаны сол кездегi Мәскеу студенттерi Сәрсенбин мен Сегiзбаевқа оқып берiп, талқылаттым, өзгертулер енгiздім. Содан кейiн барып жан-жаққа тараттым»,– деп жауап бергенімен, тергеушілер одан саяси астар іздеген.
«Айыптау қорытындысында» бұған: «Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiлдi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт-бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға Жұмабаев М. және айыпталушылар Ысқақов Даниял, Досмұхамедов Х., Әуезов Мұхтар мен Кемеңгеров Қошмұхамед қатысты»,– деп баға берілген.
Осы ретте айта кетеріміз, 14 томдық тергеу ісін түгелдей көшіріп шығу мүмкін емес, оның қажеті де жоқ шығар. Дегенмен де маңызды-маңыздыларын ғана іріктеп алып ек. Сондай іріктеу сәтінде біздің назарымыздан тасада қалған Ж.Сәрсенбиннің 1929 жылы 5-мамыр күнгі жауабы алаш зерттеушісі Д.Қамзабекұлының көз қиығына ілігіпті. Онда Ж.Сәрсенбин:
«Кешікпей Мағжан екеуміз «Алқа» айқындамасының (бағдарламасының – Т.Ж.) 16 данасын жан-жаққа бөліп, Ташкентке – А.Байтұрсыновтың, Орынборға – Ж.Аймауытовтың, Қызылжарға – Ж.Тілеулиннің, Семейге – С.Дөнентаевтің, Ленинградқа – М.Әуезовтің (басылымда «ұлы» деп жазылған, біз тергеу тәртібіне орай алдық – Т.Ж.) атына салып жібердік. Сол жылы 19-қаңтарда Өлкелік коммунистік партия комитетінің қарауына Орынбор қаласына шақырылдым. Мәскеуден жүрер алдында Ә.Бөкейханов пен М.Жұмабаев маған Орынбор мен Ташкенттегі азаматтармен байланыс жасап, «Алқа» айқындамасы туралы ойларын, оны қуаттайтын-қуаттамайтындығын біліп, пікірлерін Жұмабаевқа жіберуін қадағалауды тапсырды. Мұнымен қоса бара салысымен Смағұл Сәдуақасовпен хабарласып, бағдарламаны баспасөз жүзіне шығару керектігі айтылды. Орынборға келгеннен кейін «Еңбекші қазақтың» жауапты шығарушысы С.Сәдуақасовқа барып, бағдарламамен таныстырдым. Смағұл «Еңбекші қазаққа» басатынын, бірақ қазір оны А.Байтұрсыновқа, Е.Омаровқа, С.Қожановқа, Ж.Аймауытовқа көрсетуіміді өтінді… С.Қожановқа барғанымда, ол С.Сәдуақасов екеуі «Алқа» жөнінде Мәскеуге барғанда М.Жұмабаевтан естігенін айтты. Е.Омаров та, Ж.Аймауытов та бағдарламаны ұнатты. Е.Алдоңғаров С.Сәдуақасовпен хабарласып, бағдарламаны газетке емес, «Қызыл Қазақстан» журналына бастыру керектігі туралы ақылдасатынын білдірді»,– деп (Д.Қамзабекұлы. «Алаштың рухани тұғыры. А.Ел-шежіре», 2008 301-302 бет) жауап беріпті.
Соңғы Е.Алдоңғаровтың үйінде өткен пікір алысудың барысы Ж.Аймауытовтың жауабында баяндалған.
Тергеу ісінде «Алқа» әдеби үйірмесінің «Табалдырық» атты бағдарламасының фотопленкаға түсірілген көшірмесі, оның негативі және орысша тәржімасы тіркелген. Бағдарламаны жазғандығын растаған қолтаңбасы бар (Біз сол негативтен көшірілген нұсқаны пайдаландық). Тергеуші Логачев «Алқа» әдеби үйірмесін қалайда ұлтшыл астыртын ұйым ретінде қарастырып, оны «Алаш» көсемдерімен байланыстырғысы келіп, әр бағытты қамтитын түрткі сұрақтар қойған. Соның ішінде «Алқаның» ұйымдастырылуына «Алашорда» көсемдерінің қатысы туралы сұраққа М.Жұмабаев (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):
«Алашорданың» құрамында қызмет істегемін жоқ, 1917 жылдың соңында Орынборда өткен Бүкілқазақтық бірінші құрылтайда, «Алашорда» үкіметі құрылғанда 5 адамнан тұратын, оның ішінде Омаров, Шонанов, мен және тағы басқа бір адам (Міржақып Дулатов – Т.Ж.) бар, оқу-ағарту комиссиясының мүшелігіне сайландым. Жеке басым «Алашты» қандай да бір құқылы партия ретінде қабылдағамын жоқ… 24-жылдың соңында, не 25-жылдың басында (нағында 1924-жылдың күзінде, қазан-қараша айларының өліарасында – Т.Ж.) Москвада өлкетанушылардың құрылтайы өтті. Қазақ өкілдері ретінде оған Байтұрсынов пен Бөкейханов Әлихан қатысты. Сонда ол кісілермен жолығып, әңгімелестім»,– деп жауап берді.
Иә, «жолығып, әңгімелескен», үйіне бармаған. Ал Ж.Сәрсенбин жоғарыдағы жауабында:
«… Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев (басылымда Бөкейхан, Жұмабайұлы деп жазылған – Т.Ж.) мен үшеуміз 1925 жылдың қаңтар айында оқытушылар сьезіне келген Ахмет Байтұрсынов орналасқан жатақханаға барып, ол кісіні жазылып, даярланып қойылған «Алқа» әдеби үйірмесінің бағдарламасымен таныстырдық: «Қазаққа шаруасы мен тұрмысының түріне қарай шапан пішу жарасса да, еуропалықтар оған еуропалық костюм кигізгісі келеді. Қазақтың түйесін отарбаға қосып сүйреуді қалайды. Бұлай ету – қазаққа тән емес, жат нәрсе. Қазақ әдебиеті ұлттық әдебиет болуға тиіс. Мынандай үйірмелер арқылы оны жасау мүмкіндігі де бар. Сондықтан да «Алқаны» құру туралы пікірлеріңді қостаймын»,– деді»,– деп (Д.Қамзабекұлы. «Алаштың рухани тұғыры. А.Ел-шежіре», 2008 301-302 бет) көрсеткен.
Сайып келгенде бұл – Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов қағыс қалатындай елеусiз iс емес едi. Өйткені мұнда ұлттың мәйектi мүддесi жатқан. Сондықтан да алғашқы сұрақтар соларға қойылған. Бұл жөнiнде Ахмет Байтұрсынов 1929 жылы маусымның 18 күнi берген жауабында:
«…Қазақ әдебиетiнiң ағымдары туралы мәселенi мен ешкiммен де бiрiгiп талдағам жоқ. Оның iшiнде, Мағжан Жұмабаев жасаған әдеби платформаны Бөкейхановпен бiрiгiп талдаған емеспiн. Қалай болған күннiң өзiнде, мен Мәскеуге барған кезiмде Мағжан Жұмабаевты Бөкейхановтың пәтерiнен көрмегенiм анық, сондай-ақ Жұмабаевтің да пәтерiнде болғаным жоқ.
Нақтысын айта алмаймын, бiрақ Жұмабаев пен Бөкейханов мен орналасқан жатақханаға (ол РСФСР-дiң Халық ағарту комиссариатының Мәскеудегi жатақханасы болатын, 1924 жылы күзде мен өлкетанушылардың өлкелiк құрылтайына қатысу үшiн барғанмын) келдi ме, әлде бәрiмiз де өлкетанушылардың құрылтайының мәжiлiсiнде кездестiк пе, әйтеуiр, бiр жүздескенiм рас.
Сондай-ақ, «Табалдырық» әдеби үйiрмесiнiң бағдарын оқығаным да есiмде жоқ. Әрине, әдеби шығармаларды оқыған болармыз, алайда ешқандай қолжазбаның болғаны жадымда сақталмапты, ал Сәрсенбиннiң газетте жарияланған мақаласы есiмде. Мен Мәскеуде болған кезiмде оны Жұмабаевпен көрiп қалғаным бар. Орынбор қаласында тұрғанымда Сәрсенбин менiң үйiме келген емес. Әйтеуiр, менiң жадымда қалмапты. Тiптi, өлкетанушылардың құрылтайынан кейiн соның өзiн көрдiм бе, жоқ па, бiлмеймiн. Жұмабаевтің әдеби бағдарын талқылауға арналып Алдоңғаровтың үйiнде мәжiлiс өткендiгiнен бейхабармын, тiптi, Алдоңғаровтың үйiне бiр рет бас сұққан жоқпын»,– дейді.
Тiптi, Мағжанның өзiн Әлихан мен Мiржақыптан бөлiп тастайды. Әйтпесе, жоғарыдағы жауаптың әр сөзi «Алқаның» негiзгi бағыттарының бiрi болғандығы бағдарламадан анық байқалады. Мысалы:
«Мағжан Жұмабаев жасаған әдеби платформаны Бөкейхановпен бiрiгiп оқыған емеспiн. Қалай болған күннiң өзiнде, мен Мәскеуге барған кезiмде Мағжан Жұмабаевты Бөкейхановтың пәтерiнен көрмегенiм анық, сондай-ақ Жұмабаевтің да пәтерiнде болғаным жоқ…»,– деген пікірдің астарына үңілсеңіз, бәрін де жоққа шығарған сияқты.
Ал енді осыны: иә, Ахмет Байтұрсынов «Алқаның» бағдарламасын Бөкейхановпен бірге қатар отырып оқымаған, бірақ өзі оқыған. Мағжанды Әлиханның үйінен көрмеген, Мағжанның пәтерінде болмаған, бірақ кезіккені рас, – деп түсінуіңізге де болады. Солай да. Мұның барлығы әдейі: кіммен, қай жерде, қалай танысты, қандай пікір айтылды, соның ізін жасыру үшін сөйлемді әдейі «жоққа шығару» бағытында құрған.
Философия ғылымында «терiске шығаруды терiске шығару» деген категория бар. Сөздi ойнату арқылы ұғымды тұмандату сияқты көрiнгенiмен, өмiрдiң қайшылығын терең талдайтын және соны түсiндiретiн қарама-қарсы ойлардың шарпысуынан туған парасаттың пайымы. Ұлттың рухани көсемi Ахмет Байтұрсыновтың жауабынан ғылыми тұжырым суыртпақталып шықпағанымен де, осынау қысқа ғана айғақтан оның ойлау жүйесiнiң күрделi құрылымы мен ақыл сарасы анық аңғарылады. Ол тергеушiлердiң барлық сұрақтары мен бопсаларын жоққа шығарып отыр. Сол арқылы өзгенi де, өзiн де оқшаулатып, адамдардың арасындағы көзқарас бiрлiгiн қасахана ыдыратып жiберiп, оларға тағылатын ортақ айыптан құтқаруды көздеген.
«Алаш iсiнiң» жалғасы болатындығын және оның мiндеттi түрде рухани мәселенi қамтитынын бiлген. Сондықтан да, М. Тынышбаевтің, Х. және Ж. Досмұхамедовтердің, М.Әуезовтің, Ә.Ермековтің, Қ.Кемеңгеровтiң тұтқынға алынуынан бiр жыл бұрын оларды арашалап, екi топтың «қылмыстық iсiн» бір-бiрiне байланыстырмаудың бар шарасын қарастырған. «Алқа» әдеби үйiрмесi мен оның «Табалдырық» атты бағдарламасына ешқандай қатысы жоқ екендiгiн үзілді-кесілді мәлiмдейдi. Бiрақ та өзiнiң көзқарасын ашық айтады. Демек:
«Күйсек, бiз күйейiк, сендер өздерiңдi сақтаңдар. Елге екi сөз айта алмаймыз. Ал сендер келешек үшiн керексiңдер»,– деген сөзiн iс жүзiнде дәлелдеген.
Мұны Мағжан да түсiнген. Сондықтан да тергеушiлердi «жалған iзге» салып, әр адамның iс-әрекетiн дербестендiруге тырысқан. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Мiржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаевтің, Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедовтің, Әлімхан Ермеков пен Жаһанша Досмұхамедовтің, Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтiң ұлттық рухани тұтастығын және олардың бiр бағытта, бiр майданда күрескенiн досы да, дұшпандары да мойындады. Алайда саяси күреске әбден шыныққан алаш қайраткерлерi өздерiнiң достығын, ұлы мақсатын ұлтының қаскүнемдерiне ашып бергiсi, Абай айтқандай, «ақ көңiл, ашық жарқын боламын деп, көрiнгенмен жыртақтағысы» келмедi. Қосақ арасында қоса кетпей, қалайда бiр-бiрiн сақтауға тырысты.
Алғашқы тергеудегі барлау мен арбау сұрақтарына берген (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):
«Бөкейхановпен кездескен кезімізде әңгімеміз әдебиет туралы пікірден әрі аспайтын»;
«Ақ жол» газетінің саяси бағыт-бағдары айқын болмады, онда ұлтшылдық көзқарасты ұстанған мақалалармен қатар коммунистік күресті насихаттайтын мақалалар да қатар жариялана беретін. Оның сол кездегі редакторы Сұлтанбек Қожанов болды. Ұлтшылдардың ішінен ол газетте Әуезов «Шолпан» журналымен сәйкестендіре істеді»;
«Заки Валидов туралы ешқандай мағлұматым жоқ. Шоқаев туралы газеттерден оқығамын, Бірімжановпен таныс емеспін»,– деген жауаптарынан бұл анық аңғарылады.
Сөйтіп, «терiстеудi терiстей отырып», ұлттың мәйегiн аман алып қалуға ұмтылды. Тіпті басты «куәгер» Дінше Әділев те:
«Қазақстандағы астыртын әдебиет үйірмесінің бар екендігі туралы мен ештеңе естігемін жоқ. Ұлтшыл көсемдердің жанама аттары маған белгісіз. Мен Ташкентте жүрген кезімде бір күні маған Байтасов па, әлде басқа біреу ме, ұмытып қалдым, маған Жұмабаевтің бағдарламасын көрсеткені есімде. Өзімнің әдеби үйірмеге тікелей қатысым болмағандықтан да, оған қатысқан жоқпын, ол жөнінде ештеңе айта алмаймын»,– деп бас тарта жауап беріпті.
Айыптау қорытындысында:» «Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн эпикалық сарында әспеттей суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде –байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды»,– деп жазылған.
Ал оған М.Тынышбаев: «Ал «Алқа» әдеби үйірмесі туралы ештеңе білмеймін. Әдеби үйірмелер Сібір үкіметі тұсында болған шығар, оған Мағжан Жұмабаев, Әуезов, Смағұл қатысқан шығар. Ал оның қалай аталғанын білмеймін. Олардың идеялық бағыты біздің алашорданың бағыты болуы тиіс. «Алқа» үйірмесі туралы Халел Досмұхамедов білуі мүмкін. Ол әдебиетке жақын әрі өзі де айналысады»,– деп жауап беріп, аттың басын теріс бұрып жібереді.
Әйтпесе, баспасөзде даңғазалықпен желпілдетіп жатқан әдеби айтыстан хабардар болғаны айдан анық. Еш күмән туғызбайды. Халел Досмұхамедов бірнеше рет:
«Тағы да қайталаймын: 1. «Алаштықтармен» 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық байланысымды үздім және олардың Қазақстандағы қылмысты әрекеттеріне ешқандай да қатысым жоқ. 2. „Алқа” үйірмесіне қатысқамын жоқ. Ол туралы білгендерімді бұрын айтқанмын»,– деп жазып берген.
Ал бұрынғы айтқандары Қазақ ғылым комиссиясындағы атқарылған жұмыстар, шығарылған кітаптар, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспары туралы болатын. Сол жауаптардың барлығының басы қосылып, қорытылып «Айыптау қорытындысында»:
«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық… «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм» (Досмұхамедов Х., № 2370-iс, 1 т., 221-парақ)»,– деп «толықтырылып», шындықтың астары өзгертіліп берілді.
«Терісті теріске шығару» тәсiлін жауап беру барысында Мағжан да қолданды. Ол өзiнiң түсiнiктемесiнде:
«Байтұрсынов пен Бөкейхановтың жалпы әдебиет, оның iшiнде әдеби сын туралы көзқарастары менiң пiкiрiммен үнемi қайшы келiп отырды. Өз басым әдебиеттi рухани толысуға, рухқа, рухани құштарлыққа қызмет етедi деп есептедiм, ал жоғарыда аты аталған адамдар: әдебиет – ең алдымен халықты жаңа бағытқа, жаңа iске шақырады, оларды үгiттейдi,– деп түсiнедi. Әдебиеттi – өнер,– деп емес, насихатшы құрал,– деп қабылдайды. Мiне, осындай пiкiр қайшылықтарының нәтижесiнде жолымыз екi айырылды. Осыған орай «Тоқсанның тобы» деген толғау жаздым, мұндағы негiзгi ойым: тоқсан деп көрсеткенiм – қалың бұқара халық, қалған оны – еңбексiз күн көретiн тоғышарлар…
Осы толғау арқылы болып жатқан төңкерiске өзiмнiң көзқарасымды бiлдiрдiм. «Алқа» атты үйiрменiң бағдарламасын сол толғау арқылы насихаттадым. Бұл толғауды Оқу-ағарту халық комиссариатының Ақмоладағы бұрынғы төрағасы Молдағали Жолдыбаевқа жiбердiм. Сонымен қоса «Толғау» атты өлеңмен жазылған бағдарламаны да қоса жолдадым. Ол «Толғау» баспасөзде жарияланбаған күйiнше қалды. Аты аталған ұзақ толғауымда өзiмнiң бүкiл өмiрiмдi, жiберген қателiктерiмдi, оңды-солды толқуларымды, соқпақсыз жолдарымды, тұтастай жалпылама баяндап шықтым.
Ақыры «Алқа» үйiрмесi ұйымдастырылмай, аяқсыз қалды»,– деп көрсеттi.
Әрине, мұндағы Бөкейханов пен Байтұрсыновтың көзқарасының Мағжанның көзқарасымен үйлеспеуiнiң шынайы мәнiсiн, саяси астарын жоғарыда ескерткен жайды еске ала отырып түсiнген абзал. Әйтпесе, ұлтын ояту үшiн Мiржақып пен Мағжанның тартынып қалған жерi жоқ. Ахмет Байтұрсыновтың:
«Мен үшiн әдеби бағыттардың – пролетарлық немесе ұлтшылдық бағыттардың қайсысы басымдық танытса да бәрiбiр»,– деп немқұрайлы қарамағаны анық.
Бұл тергеушiнi iзден жаңылыстырудың ғана амалы. Рас, Бөкейханов пен Байтұрсыновтың ұлт алдындағы жауапкершiлiгi аса үлкен, тек көзқараспен шектелiп қалмайды. Олардың басты мақсаты – барлық мүмкiндiктi пайдаланып, ұлттың рухани мәдениетiн көтерiп, жаңа танымдық сатыға көтеру едi. Көркем әдебиет саласындағы белдi таланттардың өзiн, Мағжан мен Жүсiпбектi, Мұхтарды, Халел және Жаhанша Досмұхамедовтердi, Мұхамеджан мен Елдестi, Даниал мен Қошкенi оқу-ағарту саласына тартып, ғылымның барлық саласынан ұлтына мағлұмат берудi көздедi. Бұл идея олардың өзара жазысқан хаттарында да басты тақырыптың бiрi болды.
Алайда, қандай да қолға iлiнетiн суыртпақты iздеген кеңестiң кекшiл тергеушiлерi мұны мүлдем басқаша баяндап, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеттiң қатарына жатқызды.
Оған Ә.Байділдиннің: «Тағы да: «Алқаның» бар екенін мен жақсы білдім. Алғаш рет шамамен 1925 жылдары білдім. «Алқа» ұлтшыл Жұмабаевтің бастауымен Москвада ұйымдастырылған. Бұл әдеби үйірмені бүркемелеген астыртын ұйым болатын… Семейден рабфакқа оқуға келген Ыдырыс Мұстамбаевтің туысы Смағұл Нұрпейісовтен ұйым туралы сұрадым. Ол көпке дейін жасырып айтпады… Ақыры Смағұл: өзінің Аймауытовпен, Байтасовпен, Кемеңгеровпен байланысы бар екенін, оларда астыртын қоғамның платформасы бар екенін, ол қоғамға мұны да тартқанын айтты. Оның бастаушысы Жұмабаев екенін білдім. 1927 жылдары Аймауытовтың, Кемеңгеровтің, Әуезовтің, Байтасовтың арасында хат арқылы пікір алысулар болыпты. Жұмабаев Москвада, қалғандары Шымкент пен Ташкентте тұратын»,– деген көрсетіндісі негіз қалады.
Араларында пікір алысудың тәжірибесі болғандықтан да және сол тұстағы маңдай алды жазушының қатарына көтерілген сөз қайраткері ретінде «Алқаның» «Табалдырық» атты бағдарламасын Мағжан Жұмабаевтiң Жүсiпбек Аймауытовқа жiберуi заңды да, орынды да едi. Бұл Аймауытовтың айы оңынан туған дүлдүлдi шағы болатын. Мағжан жолдаған бағдарламаны қалай алғаны туралы түрме тергеушiсiне Жүсiпбек:
«24 / VI – 29 жыл. Мен «Алқа» үйiрмесiнiң бағдарымен бiрiншi рет 1925 жылдың басында Орынбор қаласында мынадай жағдайда таныстым.
Мен Ташкент қаласында шығатын «Ақ жол» газетiнде iстейтiнмiн, содан Орынбор қаласына демалысқа келдiм. Сол жолы редакцияда Сәрсенбинмен кездесiп қалдым, ол өзiнiң менде жұмысы бар екендiгiн айтты. Екеумiздiң сөзiмiздi Алдоңғаров тыңдап отырған болатын, содан кейiн бiз соңғы адамның (Алдоңғаровтың – Т.Ж.) пәтерiнде кезiгуге уәделестiк. Сәрсенбин: «Онда бiзден басқа да бiрнеше адам болады»,– дедi. Сөйтсем Алдоңғаров үйiрме бағытымен (платформасымен) таныс екен. Келесi күнi, әлде сол күнi ме, әйтеуiр түс әлетiнде бiз Алдоңғаровтың үйiнде жолықтық, онда – Сәрсенбин, Алдоңғаров, Сегiзбаев, мен аты-жөнiн бiлмейтiн тағы да басқа адамдар отыр екен. Менiң ойымша, олар қостанайлық студенттер болуы керек. Сәрсенбин «Алқаның» бағдарын оқып шығар алдында: «Мұны Жұмабаевтің қатысуымен мәскеулiк студенттер жазған», – деп түсiнiктеме бердi. Кейiннен Жұмабаевпен хат алысудың барысында ол бағдарды жазған Жұмабаевтiң өзi екенiн бiлдiм, себебi оның маған жолдаған бағдарының үлгiсi әлгiден айнымайды. Бұл iске Бөкейханов Әлихан мен Байтұрсынов Ахметтiң қатысының бар-жоғын бiлмеймiн, ол туралы Сәрсенбин ештеңе деген жоқ. Ол маған бұл бағдарды Байтұрсыновқа оқып бергенiн айтты, бiрақ бұл жөнiнде Байтұрсыновтың не дегенiн бiлмеймiн. Бағдарды Сәрсенбин тағы кiмге оқып бердi, одан да хабарым жоқ. Бағдарды оқып болғаннан кейiн, өзiм келiспейтiн бiрнеше тармағын қағазға түртiп алдым да, бұл туралы пiкiрiмдi Жұмабаевтің өзiне тiкелей жазып жiберемiн,– дедiм. Ол тармақтарда не жөнiнде айтылғаны қазiр есiмнен шығып кетiптi.
Қатысқандар Сәрсенбиннен: «Алқа» сияқты үйiрмелер өзге жерде бар ма, ондайды ұйымдастыруға мүмкiншiлiк бола ма? »,– деп сұрады. Оларға Сәрсенбин: «Мәскеуде орыс жазушыларының «Алқа» iспеттi үйiрмелерi бар, «Алқаны» ұйымдастыратын күш те бiзде бар»,– дедi. Сөзiнiң соңында Сәрсенбин: «Кiмде-кiм үйiрменiң бағдарымен келiспесе және оған мүше болғысы келсе Мәскеудегi Жұмабаевқа не Сәрсенбинге хабарлассын»,– дедi.
Содан кейiн мен өзiмнiң әдеби бағыттардың ағымдарымен таныс емес екенiмдi айтып, Жұмабаевқа осы мәселе турасында жазылған кiтаптарды жiберудi өтiндiм. Ол маған «Символизмнен бастап қазан төңкерiсiне дейiн» деген кiтапты жiбердi.
Орынборда үйiрме жұмысы ұйымдастырылмады. Мүмкiн менсiз өтуi де мүмкiн, өйткенi, мен iле Ташкентке кеттiм. Онда барған соң әлгi бағдарлама тағы да алдымнан шықты, оның бiр данасы Мәскеуден Қошмұхамед Кемеңгеровтiң атына жiберiлiптi. Бiр күнi мен, Кемеңгеров пен Байтасов және маған белгiсiз тағы екi студентпен бiрге Кемеңгеровтiң үйiнде отырып, тағы да сол бағдарды талқыладық, «Алқа» үйiрмесiн ұйымдастыра аламыз ба, оған кiм қатысуға келiседi, кiмдер қарсы болады – соны талқыладық.
Негiзiнен алғанда қатысқандардың бәрi де үйiрменi ұйымдастыруды қолдады, ал жекелеген тармақтарымен келiспеген нәрселерiн Мәскеудегi Жұмабаевқа жазып жiберуге уағдаластық. Олардың барлығыда: үйiрме мүшелерi бағдарламада көрсетiлген талаптардың негiзiнде көркем шығарма жазуы тиiс, қазақ әдебиетi жас әрi жұтаң болғандықтан да, әдеби мәселелердi талқылау үшiн құрылтай шақыру керек дегенге келiстi.
Қорыта айтқанда, үйiрменiң негiзгi мiндетi – қазақ әдебиетiн дамытуға үлес қосу болатын.
Құрылтайды шақыру жөнiндегi барлық жауапкершiлiктi мәскеулiк студенттер өз мойындарына алсын дестi жиналғандар. Кейiн менiң өзiм Жұмабаевқа хат жазып, құрылтайдың қай жерде өткенi оңтайлы деп сұрадым. Мәскеуде ме, Орынборда ма, Ташкентте ме? Олардың көпшiлiгi Ташкент қаласында жиналуға тiлек бiлдiрдi. «Алқа» үйiрмесi сол күйi ұйымдастырылмай қалды, себебi айтылған мәжiлiстен кейiн бiз бiрде-бiр рет бас қосқамыз жоқ, Жұмабаевтің бағдары өзiне қайтарылып берiлдi. Ол бағдарға мен қол қойдым ба, жоқ па, есiмде қалмапты, сондай-ақ өзгелердiң де қол қойған-қоймағанын бiлмеймiн.
Осы бағдардың негiзiнде жазылған шығарма жарық көрдi ме, оны да айта алмаймын. Жеке басым ол бағдарды негiзге алып ешқандайда туынды жазғамын жоқ. Кемеңгеров пен Байтасов бағдардың көшiрмелерiн өздерiнде қалдырды ма оны да бiлмеймiн. Ал менiң өзiмде оның ешқандай көшiрмесi қалған емес. Кейiннен мен бұл бағдар туралы Жұмабаевпен, Әуезовпен пiкiр алысып, хат жаздым».
Өмiрiнде де, өнерiнде де шындықты ту қып ұстап өткен Жүсiпбек Аймауытовтың бұл жауабында ешқандай жала да, жалтаң сөз де жоқ. Олар «Алқа» үйiрмесiнiң бағыт-бағдарын ашық мәлiмдеп, ондай ниеттiң болғанын бiр ауыздан тайсақтамай мойындайды. Өздерiне: пәлендей кесiрiн тигiзедi, айып ретiнде тағылады, үйiрменi астыртын ұйым ретiнде бағалайды – деп қауiптенбегендерi байқалады.
Алайда, қандай да қолға iлiнетiн суыртпақты iздеген кеңестiң кекшiл тергеушiлерi мұны мүлдем басқаша баяндап, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеттiң қатарына жатқызды. Мұны олардың барлығыда кеш, өте кеш, айыптау қорытындысымен танысқанда бiр-ақ бiлдi. «Алқа» әдеби үйiрмесiн алдыға тарта отырып тергеушi Поповтың Мұхтар Әуезовке қойған сұрақтарына алған жауабы мынадай:
«Ал «Алқа» үйiрмесiне байланысты айтарым мынау: 1925 жылдың басында «Табалдырық» әдеби тобының декларациясы қосып салынған Жұмабаевтің хаты маған почта арқылы келдi. Ол партияда бар және партияда жоқ 6-7 адамнан тұратын топ жария түрде «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрғандығын, бұл туралы менiң пiкiр бiлдiруiмдi, егерде бұл үйiрменi қостайтын болсам, онда соның құрамына кiруiмдi өтiнiп, тiлек бiлдiрiптi. Мен ол кезде Семейде болатынмын. Мен «Табалдырықтың» декларациясын губерниялық комитеттiң үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдасқа көрсеттiм, бiрақ та ол мұны бiр айдай ұстады да, қайтарып бердi, алайда нақты ештеңенi ашып айтқан жоқ.
Бұл декларацияның мазмұнынан ұққаным: үйiрме ашық жұмыс iстеу керек екен және баспасөзге араласуы тиіс көрiнедi, өйткенi өзiнiң бағыт-бағдарынан байқалып тұрғанындай, М.Жұмабаевтiң бұрынғы көзқарастарына қарағанда мүлдем басқаша, мазмұны жағынан солшылдыққа жақын, бүгiнгi күнге бейiмделе жасалған едi. Жұмабаев бұл бағдарлама (платформа) туралы маған баспасөз бетiнде пiкiр бiлдiруiмдi өтiнiптi, бiрақ та мен олай iстемедiм және оған жауап хат жаздым, мазмұны толық есiмде жоқ, бiрақ та: әдеби мектептiң өмiр сүруi аса қажеттi, көкейкестi мәселе, «Алқаның» талап-тiлектерiн қостаймын, кейбiр дiттеген ұсақ мәселелер жазушылардың кеңесiнде талқылануы тиiс – екендiгiн ескерттiм.
Жұмабаев екеумiз бұдан кейiн де хат жазысып тұрдық, мен оған шақыру, қалайда кеңесу керек екендiгi туралы жаздым, алайда «Алқа» жөнiндегi мәселе бiрте-бiрте өшiп тынды.
Қандай да бiр астыртын ұйым туралы ештеңе естiгенiм де жоқ, бiлмеймiн де.
Күдеринмен арадағы қарым-қатынасым туралы Ташкентте берген жауабымда айтқан болатынмын».
Қат-қабат хатталған көп томдық тергеу iсiнiң iшiндегi жауаптардың арасынан «Алқа» әдеби үйiрмесi жөнiндегi барынша толық тоқталған жауаптың бiрi осы. Мұнда Мұхтар Әуезов өзiнiң көзқарасын ашық бiлдiредi. «Алқаны» ешқандай күдiксiз-ақ ақтап шығады. Сонымен қатар, Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовке қойылған тергеушiлердiң сұрақтарының астары да өзгеше. Екi сұрақ-жауаптың арасын бiр жыл төрт ай уақыт бөлiп тұр. Осы мерзiмнiң iшiнде Жүсiпбек пен Мағжанның тергеу iсi аяқталып, сотқа берiлген болатын. Олардың iзi суымай жатып ұлтшылдардың екiншi тобын әшкерелеу қолға алынды.
Тергеу iсi жаңа басталғандықтан да, бұл мәселеге Голощекиннiң және барлық жазалау мекемелерiнiң қандай астарлы мән берiп отырғандығын аңғармаса керек. Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде оған барынша елеусiз етiп жауап берген.
Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде М.Әуезов:
«Байділдиннің «Алқа» туралы берген көрсетіндісі дұрыс, әдеби үйірмені принципті түрде қолдағанымды бұрынғы түсінігімде жазған болатынмын. Мен Жұмабаевқа бір-ақ рет хат жаздым, астыртын ұйым туралы ештеңе естігемін жоқ»,– деп оған барынша елеусiз етiп жауап берген.
Сөйтіп, Ә.Байділдиннің көрсетіндісіне жүгіне отырып «Алқаны» астыртын идеологиялық-контрреволюциялық ұйым ретінде бағалаған тергеушілер түрмедегі әр адамға сұрақ қойып, жауап алып отырған. Олардың мазмұны жоғарыда келтірілген мәтіндерден алшақ кетпейді. Сондықтан да «Алқаның» ұйымдық бағыт-бағдары қақындағы көрсетінділерді осымен шектеп, қорытынды тұжырымды ұсынамыз.
Жоғарғы соттың анықтамасынан: «…Жұмабаев, Омаров, Байтасов және Жәленов “Алқа” атты жасырын, ұлтшыл бағыттағы әдеби үйірмені ұйымдастырды және оның жұмыстарына қатысты деген айып та негізсіз. Бұл әдеби үйірме болғандықтан да, өзінің алдына совет өкіметін құлатуды, немесе оған қастандық жасап, күшін әлсіретуді мақсат етіп қоймағаны, сондай-ақ контрреволюциялық қылмыстарды жасауға шақырмағаны тергеу материалдарынан-ақ көрініп тұр. Аталған үйірме мүшелерінің әдеби шығармаларында да мұндай іс-әрекетке шақырған үндеулер кездеспейді. М.Жұмабаев осы үйірменің жетекшісі болғанымен де, өзінің алдына контрреволюциялық мақсат қойған жоқ».
Бірақ, “Алқа” – алқадан тұзаққа айналды.
3.
Мiне, «Алқа» әдеби үйiрмесiнiң құрылу қарсаңында қазақ көсемдерiнiң iшiнде осындай қоғамдық саяси-рухани жаңғырулар жүрiп жатқан болатын. Тарихи дерекке сүйiнсек, сол кезде оқулық жазуға араласпаған бiрде-бiр зиялы жоқ. Тiптi Мұхтар Әуезовтiң өзi де «Құрылыс туралы», «Жердiң жаратылысы туралы» оқулықтарды аударуға қатысыпты. Қаражат та қажет болған шығар, бiрақ, түпкi мақсат – қазақ елiн ғылымның әр саласымен жан-жақты суару, ғылыми ұғымдар мен тiлдi, жаңаша ойлау жүйесiн қалыптастыру болатын. Ұлт iшiндегi рухани түлеудiң осындай толқынды тұсында көркем әдебиет туралы пiкiрдiң қозғалмай қалуы мүмкiн емес-тiн. Мұның өзi өмiрлiк қажеттiлiк әрi көркем ойдың дамуының өзектi мақсатын өгей қалдыруды ойларына да алмады. Көркемдiк iзденiстiң өзi – өмiрлiк шешiмнiң көрінiсi едi. Арпалысып тұрған заманды бейнелей отырып, көркем тұжырым жасау болатын. Әсiресе, Мағжан, Жүсiпбек, Мұхтар сияқты насихаттық әдебиеттен көркем әдебиеттi екшеп, тiл-жағын айырып алу – өздерiнiң өмiрлiк мақсатын таңдап алумен бiрдей талқы едi. Мұндай пiкiр алысулар екеуара жүрiп жатты. Ұлттық даму бағытын мұрат еткен жазушылар барған сайын қоғамдық өмiрден шеттетiлiп, әрбiр қадамы аңду мен арандатуға ұшыраған тұста олар жан сырын бiр-бiрiне ашты. Өзара пiкiр бiлдiру арқылы болашақ «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрудың алғы шарттарын жасады.
Өзара пiкiр алысуларда осыншама тереңдеп барған зиялылардың көзқарасы қалайда жарыққа шығып, талқыға түсуi қажет едi.
Ахмет Байтұрсынов 1929 жылы маусымның 18-і күнi берген жауабында:
«Менiң әдеби шығармаларымның iшiнен самодержавие тұсында басылып шыққандары: Крыловтың мысалдарының аудармасы және «Маса» деген атпен шыққан өзiмнiң өлеңдерiм мен аудармаларым. Кеңес өкiметi тұсында мен әдеби iспен айналысқамын жоқ. Көркем шығарма туралы мәселеге келетiн болсақ, мен көркем дүниенiң құндылығын оның қандай идеяны негiзге алғандығымен емес, адамның жандүниесiне, сезiмiне қалай әсер етуiне байланысты бағалануы керек – деген көзқарастарды жақтаймын. Қазақстандағы әдеби ағымдармен таныспын, бiрақ та олардың ешқайсысына iш тартпаймын, себебi мен үшiн әдеби бағыттардың – пролетарлық немесе ұлтшылдық сарынның қайсысы басымдық танытса да, бәрiбiр. Оқу орындарындағы жастарды тәрбиелеу жолындағы ұстаздық қызметiмді және әдебиет жөнiндегi дәрiстерiмдi жоғарыдағы айтқан пiкiрiмнiң негiзiнде жүргiземiн…»,– дейдi.
Иә, «Алқа» үйiрмесi мен «Табалдырық» атты бағдарламада ешқандай «жасырынбақтың» жоғы анық едi. Алайда, тергеушiлердiң қаламының күшiмен ол «контрреволюциялық ұлтшыл астыртын ұйым» болып шыға келдi. Оған таңданатындай ештеңе жоқ едi. Бұл кезде Ресейдiң өзiндегi әдеби ағымдардың жетекшiлерi бiрiнен кейiн бірі жазаға тартылып, қудалауға ұшыраған болатын. Есенин өзiнiң күретамырын қиып жiбердi, Маяковский атылып өлдi. Тарихтың бiр тәлкегiн ретi келгенде айта кетейiк: Маяковский Есениннiң қазасына арналған сөзiнде оны кiнәлай сөйлеген болатын, iле-шала өзi де соның таңдаған өлiм жолын өзiне мұрат етiп алды. Маяковскийдiң басында тұрып сөйлеген Фадеев те кейiннен өзiн-өзi атып өлтiрдi. Тура бiр қарғыстың қамыты сияқты қаралы нышан.
Мәскеудiң данышпандарының өзi осылай «құрбандыққа шалынып жатқанда», Ахаң – Ахмет Байтұрсынов айтқан «бiздiң 96 – пробалы коммунистер» бұл науқанды одан әрi өршiтiп жiбердi. Оның кесiрi Жүсiпбек сияқты адал да абзал азаматқа тидi. Мұхтардың да, Жүсiпбектiң де, Мағжанның да «терiстеудi терiске шығарған» тәсiлi iске аспады. Бiрақ олар айтарын ашық айтып барып қанатынан қайырылды.
Бұл ретте әдебиет туралы Жүсiпбек пен Мағжанның пiкiрi барынша айқын көрiндi. Тергеушiлердiң қолына түскен Жүсiпбектiң хаты мен «Алқаның» бағдарламасы дербес талдауды қажет етедi. Мұнда саяси көзқараспен қатар Мағжанның iшкi ақындық әлемiнiң де жаңғырығы қылаң бередi. Бiз олардың әр пiкiрiн жiк-жiкке бөлмей, ойлары орайласқан тұстарды ғана қысқаша үзiндiмен салыстырып өтемiз. Мағжанның пiкiрi – «Алқа» үйiрмесiнiң ресми бағдары. Ал Жүсiпбектiң пiкiрi сол «Табалдырықты» оқып шыққаннан кейiн жазылған хат. Хаттың бас жағын әдейi кiрiстiргенiмiз жоқ.
Ал үшiншi сөз – Мұхтардың «Ашық хатының» iшiндегi пiкiр. Үш пiкiр үш түрлi жағдайда жазылғанына қарамастан ұзын сарыны ортақ желi тартады. Әңгiме – әдебиеттiң ұлттық, таптық, көркемдiк сыпаты қақында өрбидi. Соның iшiнде маркстiк iлiмнiң қағидаларын талдайды. Алғашқы кезектi Мағжан ақынға беремiз. Ол бiрден Маркстi аузына ала ой сабақтайды:
Мағжан Жұмабаев, «Алқаның» бағдарламасынан: «Әдебиеттiң өзiнше дәуiрлеуi – техника мен әдебиеттің өзiнше дәуiрлеуіне бағынбайды». (К. Маркс. Введение к критике политической экономии. Изд. «Московский рабочий», 1922 г.). Маркс осы пiкiрiн бекiту үшiн грек тарихының Гомер заманы мен Еуропа тарихының Шекспир заманын көрсетедi. Шынында да Гомер заманындағы – гректiң, Шекспир заманындағы – Еуропаның техника мәдениетiнiң бала болғаны рас. Алайда сол дәуiрде грек пен Еуропа мәдениетi құлашты аспанға сермеген. Неге бұлай болғандығын тексеру әдебиет тарихының мiндетi. Бiздiң бұл жерде айтатынымыз: Маркстiң мынау пiкiрiн қазақ өмiрiне қабыстырсақ, қазақтың техника мәдениетi тiптi төмен болған. Сондықтан да, әдебиетi де «жоқтың жанында болған» деген пiкiрдiң тууы қате. Шындығында да қазақтың өзiнше терең әдебиетi болған. Һам бiр қазақ әдебиетiнiң түрлi өзгерiсi, өрi – қыры, қайғысы – қуанышы, ойы – қиялы әдебиетiне түсiп отырған».
Жүсiпбек Аймауытов, хаттан үзiндi: «… Сiрә, бiздiң жас марксшiлер үлкен кiтаптарды оқып алады да: мынау қазаққа келедi екен,– деп жалшының не мұжықтың көзiмен қазақты өлшейдi. Маркстi бiздiң жiгiттер қазаққа жанастыра алмай, шатақ осыдан туып жүр ғой деп ойлаймын. Қазақ өзгеше (своеобразный) тұрмысты, тарихты, салт-саналы жұрт болуға керек. Қисыншыл (теоретик) болу мен тәрбиешiл болудың арасы алыс. Бiздiң Ғаббас (Тоғжанов – Т.Ж.) алдыңғысы болар деймiн. Әуелi қазақты оқу керек. Қазақты бiлемiн дегенiмiзбен, көбiмiз бiле бермеймiз, оны Бройданың кiтабынан оқып отырмын. Бiз анық бiле алмай, көмескi көрген нәрселердi ол анық айтып отыр. Қазақ ұйымсыз, қазақ берекесiз, (бiрақ) қазақ ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мiнезi де сондай жұрт. Бұл мәселе түбiрленбей тұрғанда бiздегi даудың шегi болмайды».
Мұхтар Әуезов, «Ашық хаттан» үзiндi: «Өзiмнiң сондай топтармен («Алашордамен» – Т.Ж.) байланысқан артқы күнiмдi осылайша нақ тексерiп, қайта бағалап келгендегi ендiгi байламым: сол ескiлiгiмнен өз арамды бұдан былай бiр жола үзiп, жарып алу және сол ескiлiкпен менi байланыстырып, жақындастырған жайлардың барлығынан үзiлдi-кесiлдi арылып шығу. Осы сияқты жаңа түсiнiк, жаңа бағыт тұрғысынан алғанда ендi менiң жүрiп өткен әдеби және қазақ әдебиетiнiң тарихын қарастырғандағы зерттеушiлiк қызметiмдi шолып өткенде айтатыным: ол қызметтерiм Қазақстандағы мәдени төңкерiстiң жол – бағытымен үйлескен жоқ. Қайта соған қайшы келiп отыр».
Алдыңғы екеуi теориялық тұрғыдан пiкiр қозғаса, Мұхтар Әуезов әдебиет тарихшысы ретiнде «өткендегісінен арылған». Әрине, «Ашық хатта» терiске балаған iсiн оң деп түсiнсек, мұның астарын тез аңғарамыз. Үш пiкiрдiң айтар түйiнi – қазақтың төл ұлттық әдебиетi мен мәдениетi, дербес көркем ойлау жүйесi қалыптасқан, тарихи танымдық сынақтан өткен және сол мәдени-рухани жәдігерлер ұлттық мүдденiң тұтастығын көздеген. Демек, таптық мүддеден көрі биiк мұратты нысанаға алған. Мұхтардың жазғанындай, бұл пiкiр «Қазақстандағы мәдени төңкерiстiң жол-бағытымен үйлескен жоқ. Қайта соған қайшы келiп отырды». Мағжан бұл ойын былай дамытты.
Мағжан Жұмабаев (жалғасы): «Әлi тiптi тексерiлмеген дәуiрдi қоя тұрып, соңғы дәуiрдi алсақ, кешегi Мұрат, Махамбет, Базар, Шортанбай, Ақан серi сықылды ақындардың елдiң мұңын, зарын, ой-қиялын жырлай бiлген шын жыраулар екенi анық. Бұлар қазақ даласына бет алған Еуропаның, орыстың қарабоз отаршылығының қарасын көрiп, бiрiншi уланған ерлер. Қазақ әдебиетiнiң алыбы Абай қазақ даласына кеулеп кiрiп келе жатқан капитализмге, отаршылдыққа қазақтың қанды жас төгiп, ерiксiз шалған бiрiншi құрбаны. Ел билеп, елге ақыл айтудан бастап өмiрден үмiт үзуге, тұңғыш тұңғиық ойға барып келген Абайдың өмiрiнiң ақындық трагедиясы да, тереңдiгi де осында. Абайдың алыптығы – қыл көпiрдiң үстiнде тұрғандығы. Екi қолмен, екi өмiрмен алысқандығы. Сондықтан да қазақ әдебиетiнiң ескi мағынасын, бұрынғы бағытын тереңдеткендiгi, әдебиетке жаңа түр кiргiзгендiгi. Абай жиын-тойдың ақыны болмағандықтан, әсiресе, баспасөздiң жоқтығынан Абайдың әдебиеттегi бағыты, әсiресе, түрi сол дәуiрде қазақ даласына тарай алмады. Сол дәуiрде қазақ даласына капитализм кеулеп кiре бердi. Ел езiле бердi. Әдебиет те, бағыт та, түр де қалмады. Әдебиет: «ғизатлы», «матурлы», «бисмилла деп башлиын сөздiң басын» сықылды балдыр-батпаққа айналды.
Бiрақ, Еуропа отаршылдығының «бiр қасиетi» – «құлды қуып батыр қылды». Өлiмге бұйырылумен өмiрдi сүйгiздi, езiлген елдiң ұлттық сезiмiн оятты. Осы заң бойынша, 1905 жылғы төңкерiстен соң соққы жеп, сiресiп жатқан қазақ елi есiн жия бастады. Жаралы жанның есiн жия бастағандығы үнi – ыңырсу, күрсiну, күңiрену болмақ. 1905 жылдан соңғы әдебиетiмiз – «Оян, қазақ», «Қырық мысал» сықылды «елiм-жұртым» деген әдебиет. Сол күңiренген жаралы жанның көзiне әлгiндей қылышынан қан тамып, майданда жүргенi елестеген.
Ояна бастаған ер – кешегi ел болған күнiн есiне түсiрдi. Әдебиетiмiз мынау «Оян!» деген зармен бiрге елдiң өткен күнiн есiне сала бастап едi. Өткен(дегі) тағы болып жүрген дәуiрдi қайта орнату үшiн емес, жасынан елдiң жанына үмiт салу үшiн өткендi жырлай бастап едi. Жырлап үлгерген жоқ едi, жырлай бастап едi. Әдебиет осы күйде тұрғанда бiз үстiмiздегi зор төңкерiске келiп кiрдiк».
Жүсiпбек Аймауытов (жалғасы): «Менiң тағы бiр қосылмайтын жерiм бар, мысалы: «Ақын таптың ғана ақыны болады. Бiрақ кейде тұрмыс жағдайымен, таптан мойыны асқан, тап шарасынан жоғары, өзге таптың да сойылын соғатын бұқарашыл, ұлт санасын меңгерген ақын да болады»,– деп Плеханов айтады. Оны Ғаббас жазып отыр. Олай болса, қазақ ақындары тапқа неге қамалып қалады? Неге байшыл, неге дiншiл болуға мiндеттi? Отаршылдық зардапты бай, кедей – ұлт болып тартқан жоқ па едi? Жерiнен бай да, кедей де қуылған жоқ па едi? Малы жоғалса – хохолдан бай да, кедей де таяқ жеп өлген жоқ па едi. Ұлт мұңы бұрын бiр емес пе едi? Бiр болғандықтан да Асан қайғысы, Бұқар жырауы, Шортанбайы, Абайы, Ахметі, Мiржақыбы, Мағжаны, тағы басқалары отаршылдыққа, орысқа, патша өкiметiне қарсы болып келген жоқ па едi? Осы өткен ақындардың бәрiн түгелiмен байшыл, кедейшiл қылып алып, одан кейiн Мағжанға, тағы тағыларға келсе, сонда жүлгелi (последовательный) болып сынаған болмай ма, әйтпесе, Мағжан – байшыл, Міржақып (?) – байшыл, Бейiмбет – кедейшiл деген сөз бола ма? Төңкерiстен бұрын қара кедей Сәбит Дөнентайұлы да, Бейiмбет те, бәрi де ұлтшыл болып жазып жүрсе, ендi кедейдi бетке ұстады деп, олар тап ақыны бола қалмақ па? Бояма ақын бола ма? Әдебиеттiң сұйылуы боялудан шығады деп бiлемiн. Шындап ақын жаза алмаса, ақын емес – етiкшi».
Мұхтар Әуезов: «Менiң өткендегi жазушылық қызметiмнiң айқын белгiлерi – «Еңлiк – Кебек», «Қаракөз» сияқтылары едi. Бұлар бүгiнгi төңкерiс дәуiрiнен алыстағы қазақ салтын көрсетумен қатар, өздерiнiң екшелiп алынған тақырыптары бойынша төңкерiс тематикасынан әдейi аулаққа жайылып кеткендiгi және ұлтшыл жазушылардың тобын бiлдiретiн нәрселер. Мен сол жазушылардың қатарына кiрiп, 1920 жыл мен 1928 жыл, аздап 1929 жылдың аяғында Қазақстандағы және Ташкенттегi баспасөзге әсер етiп, баурап алмақ боп әрекет еттiм. Сол жылда оқушы тобына тар ұлтшылдық бағытында әсер етiп, әдеби шығармалар, сындар, айтыстар арқылы ұйымда қандай iс жүргiзсек, жастар арасына (сондай – Т.Ж.) ұлтшылдық күйiн тараттық. Бұл әрекеттiң ортақшыл партиясы мен кеңес үкiметiнiң сол жастарды интернациональдық рухында баулимын деген мiндет бағытына негiзсiз қарсы жүрiп отыр. Мен қазiр де жаңағы сияқты шығармаларымның бүгiнгi күннен аулақ кетiп, бiр беткей тақырыптарды ғана екшеп алғандығын айып деп, кiнә деп қоймаймын. Сол тақырыптарды суреттеген, таратқан әдiсiн санашылдық-суреттеулiк ретiндегi қалыптасуын да терiс деп бiлемiн».
Үшеуiнiң мұндағы шүйiлiп отырған басты мәселесi – әдебиеттiң ұлттық сыпаты. Ұлттық сыпаттан айырылған көркем өнерде не қасиет қалады. Бұл – ұлттың тарихын, танымын, сенiмiн, салт-дәстүрiн, тiлiн, өзiндiк ерекшелiк сыпаттарын жоюмен пара-пар қылмыс. Ұлттың мұңы – оның ұлының да мұңы. Ал кеңестiк кесiр идеологиялық саясат ұлттық сананы өшірiп, оның орынына тексiз таптық, массондық будан ұрықты сепкiсi келдi. Мағжан да, Жүсiпбек те, Мұхтар да елдiң өткендегi тарихы мен тағдыр тәлкегiн суреттей отырып, ұлттық сананы оятпақ болды. Сол үшiн де олар «Батыр Баянды», «Қорқытты», «Қартқожаны», «Қилы заманды», «Хан Кененi» жазды. Ал кеңес бұларға мүлдем жат бағытты ұсынды. Бiрақ та көркемдiк ойлау жүйесi мен қалам қуаты әбден қалыптасқан үш арыс оған көндiге қоймады. Мойынсынбады. Олар тарихи шындықты, кеңес өкiметiнiң билiгiн жоққа шығарған жоқ. Алайда оның кесiрлi саясатына ерiп те кетпедi. Бәрiн де суық ақылмен қабылдап, өздерiнше қортынды жасады.
Мағжан Жұмабаев: «Үстiмiздегi зор төңкерiс – бiздiң өз тарихымыз тудырған, өз тарихымыздың қатынасы болған таныс төңкерiс емес, Еуропа тарихы тудырған жат төңкерiс едi. Осы себептен, бiздiң әдебиетiмiз бастапқы жылдарда төңкерiс туралы ешнәрсе жаза алған жоқ… Бiр жағынан, орыс отаршылығының зардабынан елге кiрген бүлiншiлiктi, бұзықты суреттеп, екiншi жақтан, елдiгiн ұмытып, жасып қалған елдiң өткенде өзiнше ел болғанын есiне салып, табиғи жолмен келе жатты… Осы жолда жаңа әдебиетiмiз бiрталай iлгерi аттап та қалды. Қияға қарғып шығамын деп мертiгiп қалмай, тұрмыстық тарихтың заңы бойынша табиғи жолмен жүрiп, күн санап өсiп келе жатқан кешегi, бүгiнгi әдебиетiмiздi қарғауға емес, алқауға мiндеттiмiз. Төңкерiс туралы тез үндей қоймады деп томпиып өкпелеуге емес, не себептi үндемегенiн ұғынуға мiндеттiмiз. Әдебиетiмiзге төңкерiстiң мәтiбiнiң түспеуiнiң, бiрен-саран түсiрем деген топас тәжiрбиелер де терiс жағынан түсушiлiктiң бiр себебiн (аңғартады). Төңкерiстiң өзiнiң қазақ даласына күнгей бетiнен емес, терiскей бетiнен, оңынан емес, солынан кiруi алақандағы нәрсе ғой. Оны бүркеп қоюға болмас… Зор төңкерiске пролетариат зеңбірек, пулемет, машинамен кiрсе, қазақ қамшы, сойыл, балпаң етiп малма тұмағымен жолдан қосылып отыр… Осы төңкерiстiң екпiнiнен қазақ сықылды құр қалған елдер өмiр үмiтi кiргенiн жырлай бiлсе, төңкерiсшiл әдебиет болғаны. Марксшыл зор ғалым белгiлi ақын Луначарский жазады: «Жаңа ұлт, жаңа тап бұрынғының бiтiрген жерiнен бастап кетпейдi… Жаңа тап, яки жаңа халық, бұрын өздерiн билегендерге қас болып, олардың мәдениетiн жек көретiн болып өсiп-өркендейдi»,– дейдi (Основы позитивной эстетики. Москва. 1923. стр. 125.). Сондықтан да осы мiнез, осы құлық үстiнен қарап айтқанда, осы қияңқылық, осы ыстық қандылық қазақ әдебиетiнде де болуға мүмкiн, болғанда да өзiнше, қазақша, азияша болуға мүмкiн».
Жүсiпбек Аймауытов: «Рас, пiкiр жүре өзгередi. Орыс жазушыларының да кейбiрiнің төңкерiстен кейiн жарамсақтанғаны да бар, олардың жарамсақтықтан аманы да бар. Қазақ ақындарының пiкiрi соншама күрттен өзгеретiндей жағдай болған жоқ, өйткенi төңкерiске көлденеңнен қосылдық. Ащысын, тұщысын, тауқыметiн басымыздан кешiргемiз жоқ. Сондықтан тек думанға, дүрмекке қызып, төңкерiстiң маңызын, дәнiн тата алмай қалдық. Сол дүрмекпен әлi де келе жатырмыз. Күшенгенмен сөзiмiз үйлеспей жатыр.
… Менiң миымдағы перне – шұп-шұбар. Сыртқы әсерден қалған миымдағы iздер де бар. Ол iздермен жүрмесiме мүмкiн бе? Ғаббас қалай жүргiзбейдi екен? Құлағымнан, көзiмнен миға хабар жеткiзетiн жүйкелерiмдi (нерв) кесiп тастамақ па екен? Әлде, жүйкемдi мүлде құртпақ па екен? Көлденең адам жазушыға, ақынға көтен зорлық қылуға жарамайды. Өзiнше ойлатам деу – қиянат…
Қағаз жүзi мен өмiр жүзiн айыру керек. Ғаббас, Әбдiрахмандар қағаз жүзiн алса, мен өмiр жүзiн алғым келедi. Мiне, менiң пiкiрiм осы».
Мұхтар Әуезов: «Менiң шығармамның көпшiлiгi сарыннамашылық бетiмен болуымен бiрге, өткен дәуiрдi төңкерiсшiл сарыншылдық жолымен сипаттаудан қашық болды. Қайта ескiлiктiң кейбiр залалды салттарын жарыққа шығарып, өсумен, ол салтты жақтаушыларды аз-аздап пiкiрi жолындағы құралсызданумен қатар, бәрiбiр, мен өз шығармаларымның көпшiлiгiмен, анығында бетi ашық ұлтшылдық күйiндегi жазушы боп шықтым… Қорытындысын айтқанда, менiң әдеби қызметiм, сол жастардың көңiлiндегi, салт-санасындағы ұлтшылдық күйiн жеңiлдетiп, сейiлдетуге арналмай, қайта соны нығайта түсуге арналып кеттi. Қазiргi күнде мен өзiмнiң бұрынғы жазушылық жолымдағы бағытыма ғана емес, қазақ әдебиетiн тексерген тарихшы, зерттеушi есебiндегi қызметiме де терiс деп қараймын. Түгелдеп айтқанда, төңкерiс жолдарының қоғамдық заказы мен төңкерiсшiл жұртшылықтың тiлегiне бiржолата үйлеспейтiн сөздерiм болған. Бұл ретке қосылатын төңкерiс жолындағы жылдар iшiнде қазақ әдебиетiнiң жолы қандай болуы туралы «Шолпан» журналының бетiнде ертеректе айтқан пiкiр едi. Сол қаталарым кейбiр кейiнгi тексерулерiмнен де арылған жоқ. Мысалы, соған ұқсаған қаталар Абай шығармаларын тексеруiмде де бар».
Жә, үш арыстың әдебиет туралы пiкiр таласын осымен тоқтатамыз. Сұлу сөздiң насихаттық құрал емес екендiгi, өнердiң мiндеттерi туралы қилы-қилы қисындар бұрын да, бүгiн де, ертең де айтыла бермек. Үш түрлi жағдайда, үш түрлi көңiл күйде жазылған бұл үш пiкiрдiң түп қазығы – ұлттың рухани тәуелсiздiгi едi. Үш арыс бұл мүдденi азаматтық арымен қорғай бiлдi. Сол арқылы ұлттық сананы мәңгүрттенiп кетуден сақтап қалды. Мұхтар айтқандай, «ұлтшылдық күйiн жеңiлдетiп, сейiлдетуге арналмай, қайта соны нығайта түсуге арналды». Олардың басты мақсаты да сол болатын. Ең маңыздысы – кеңестiк жазалау саясатының диiрменiне өздерi жаншылса да ойларын жаншылдыртпады. Отаршылдық коммунистiк пиғылдың еркiнде кетпей, оны әшкерелей бiлдi.
Бұл олардың үлкен рухани ерлiгi едi. Талқыға түстi. Талқыланды. Бiрақ рухтары талқандалған жоқ. Осынау үш дерек – Мағжан мен Жүсiпбектiң соңғы сөздерi, Мұхтардың ең талмалы мәлiмдеуi болғандықтан да, олардың сол тұстағы жандүние тебiренiсiн сезiндiру үшiн аталған құжаттардағы олардың соңғы пiкiр – тiлектерiн оқырманға жеткiзудi парыз деп санадық. Бұл олардың бiзге жолдаған жүрек сәлемi едi.
Мағжан: «Домбырада бiрi – қоңыр, бiрi – ащы үн беретiн екi шек бар. Екi шек екi түрлi үн шығарып тұрса да бiр-ақ күй тартылмақ. «Алқа» осы. Жөн iздеген жас болсаң, жол iздеген жолаушы болсаң, тез iздеген естi тентек болсаң, мынау «Алқа» сенiкi! «Алқаға» кiрейiк! Өзiңнiң сұмырай мақсұтыңа шындықты құрбан қылып шалып, қайқайып жүре беретiн соғылған болмасаң, балапан әдебиетiмiздiң шын әдебиет болып ержетуiн шын тiлейтiн болсаң, мынау «Алқа» сенiкi. «Алқаға» кiр. Шын әдебиетшiл, шын ақын болсаң, мынау «Алқа» Сенікi».
Жүсiпбек: «Мен осы пiкiрiмдi газетке жазуға Смағұлдан рұқсат сұрап, толық хат жазып отырмын. Өрiс берер-бермесiн бiлмеймiн. Iшiмде қайнап жатқанша тым болмаса сендей жолдасқа ағытайын деп жазып отырмын. Сен бұған өз пiкiрiңдi жаз. Терiс, бұрысын көрсет! Бұл пiкiрiмдi Ғаббасқа да айт. Жөнi келсе, керек жерiн оқып жібер».
Мұхтар: «Тағы бiр сөз, ауыр қатам деп санайтыным – қазақ баспасөзiнiң жүзiндегi төңкерiсшiл марксшiлдiң сынына құлақ салмауымда. Дәлелсiз сыңаржақтықпен қарап, барлық сынды түгелiмен ұйымсыз жазушыларға арналған жаулықтың ғана сыны деп санап жүрдiм. Өз iшiмнен: ол сынның ролi де, мұраты да, ортақшыл емес. Жазушыны әдебиет жүзiнде соққыға жығудан басқа емес – деп, бiр жақты терiс баға берiп жүрдiм, сонымен сынның негiздi – ғылыми негiздi төңкерiсшiл басшы екенiн ескермедiм. Сынға осылайша терiс қараған көзқарасыммен соңғы жылдарға шейiн келдiм де, әдейi ұстаған көңiл құрылысы есебiнде, жұртшылық алдында өзiмнiң қаталарым туралы да үндемей, сөз көтермей келдiм. Бұл да қатамның бiрi едi. Ендi «Қазақстан правдасы» мен «Социалды Қазақстан» арқылы барлық Қазақстан жұртшылығының алдында өзiмнiң бұрынғы әдеби-саяси iстерiмдi осылайша айқын күйiнде айыптайтынымды ашық жарияламақ болдым. Сонымен бiрге, ендi бұрынғы қаталарымды төңкерiс iсiне барымша бой салып ұдайы, адал қызметпен түзетуге бекiнгенiмдi бiлдiрмекпiн. Ендi мәдениет, салт-сана майданының ең жауапты, ең тартысты кезеңдерiнде iс iстеуге өзiмдi өзiм мiндеттiмiн деп санаймын».
Мiне, талқы осылай аяқталды. Бiрi – «Алқаға» ақылдасуға шақырды, екiншiсi – өзiнiң өзгелерден бұрын атылып кететiнiн бiлгендей «Қош, сүйдiм. Жүсiпбегiң!»,– деп бақұлдасып қалды, үшiншiсi – «ең жауапты, ең қызу тартысты кезеңдi» күтiп алуға бел буды. Бұл олардың ақ қағаз бетiндегi соңғы пiкiр бөлiсулерi болды. Үш тұлға. Үш тағдыр. Үш түрлi қаза. Ендi олардың басын қазақ ұлтының тәуелсiздiгi ғана мәңгi қосты. Олардың асыл бейнелерi қатар iлiнiп, есiмдерi де құрметпен қатар аталатын болды.
Әрине, мұны барлығы көңiл жұбанышы ғана. Үшеуi тiзе қосып өмiр сүрiп, қаламдарын қатарласа ұстап, көркем сөзбен еркiн айналысқанда, қазақ ұлтының рухани мұрасы мен көркем ой деңгейi сол тұстың өзiнде-ақ әлемдiк сатыға көтерiлер едi. Өкiнiшке орай, бұл салмақты Мұхтар Әуезовтiң жалғыз өзi көтердi және ұлтының рухани байлығы мен мәдениетiн дүниеге мойындатты. Бiз соған шүкiршiлiк жасаймыз. Әйтпесе, екi досымен бiрге одан да көз жазып қалуымыз әбден мүмкiн едi. Құдай оның бетiн аулақ қылды. Бұған да тәубә.
Міне, ІІІ томда тіркелген тергеу ісінің реті мен ұзына мазмұнының бір желісі осындай.
СССР Халық Комиссарлары Кеңесiнiң жанындағы ОГПУ-дың коллегиясының 1930 жылы 4-көкектегi қаулысы бойынша:
– Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла – «Алқа» атты жасырын, ұлтшыл үйiрме құрғаны үшiн;
– РСФСР қылмысты iстер кодексiнiң 58 статьясының 4, 11, тармағына сәйкес – Жазаның ең ауыр түрiне кесiлiп, ол жаза 10 жыл концентрациялық лагерьде өтеу туралы үкiммен алмастырылды».
4.
Әлихан Бөкейхановтың араласуымен Мағжан бір рет тұзақтан құтылды. Жары Зылиха Жұмабаеваның естелігіне жүгінсек: Әлихан Бөкейханов Мағжанның зайыбы Зылихаға арыз жазып беріп, оны М.Горькийге және оның әйелі, Қызыл крест қоғамының төрайымы, актриса Екатерина Павловна Пешковаға жолықтырған. Түрлі мекемелерге кіргізген. Қаржылай көмек көрсетіп, кешірім жасалуына дәнекерлік еткен. Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова ол туралы:
«(түрмедегілер)… 1922 жылдан бері Мәскеуде «жіпсіз байланып», еш жаққа шығуға рұқсаты болмаған, сондықтан адресі белгілі Әлихан арқылы кімнің қайда жүргенін біліп, өзара байланыс жасап, хат алыса бастайды. Ешкімнен сескенбейтін ер жүрек Әлихан оқта-текте Бутыркаға барып, тұтқындарға ауқат жеткізіп тұрған. Ахмет, Мағжандардың қызыл крес меңгерушісі Екатерина Павловна Пешковаға жиі жазған арыздарын қадағалап, нәтижесі тезірек болуы үшін Пешковаға жиі барып, көмек көрсетуін өтінеді. Көп ұзамай арыздары бойынша екі арысымызға жеңілдік жасап, берген үкім мерзімін қысқартып, елге қайтарған. Елге жету үшін жол қаржысын Пешковадан алып берген де сол Әлихан атам»,– деп жазды.
Бұған Ахмет Байтұрсыновтың:
«Қыр баласының ел жайынан жазған хаты қолды болып, қолыма тиген жоқ. Қужақ екі жолдасымен орнынан түскен. Жолдастары кім екенін жазбайды. Қазақ жайы – соқырға көрінген, саңырауға естілген болса керек. Жақын арада жазушының бұрынғы қатыны бастық болып тұрған мекеме арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйімнің бәрін айтып: өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұрған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлемін,– деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан еш нәрсе шықпаса, шынында да өлу ғана қалады»,– деген хаты да дәлел.
Мұндағы «жазушының қатыны» деп отырғаны М.Горькийдің әйелі Е.П.Пешкова болатын. Ол өзінің өтелін Карелиядағы Соловки мен Сивир (Сібір емес) лагерьлерінде өткізді. Ақынға тән сарыуайым жүрегінің басына сарысу боп ұйып, тіршіліктен түңілдірді. Ол отыз сегізінші жылғы соңғы тергеуде берген жауабында:
«Соловки мен Свир лагерлерінде өткізген жеті жылдың ішінде, шамамен 1931 жылдан бастап өзімнің өткеніме деген түңіліс бірте-бірте мүлде билеп алды»,– деп жазды.
Бұл, көңілінің зар күйі ме, жоқ, өткенімен толық есеп айырысқанын дәлелдеуге тырысқан ілдебай ма? Алайда кесімді уақыты бітіп, елге қайтқан адамнан беріп жіберіпті-мыс делінетін:
Жігер, шіркін, желінді,
Болат жеген қайрақтай.
Мешеу болды жүйрік ой,
Кететін орғып қарғытпай.
Қолды қардан оқ үзді,
Ордаға байрақ байлатпай.
Өлер – өмір, сөз қалар,
Молаға қойған сайғақтай, –
деген өлеңнің астарында ақындық ой мен қайраттың қайрақтан өткен ұшқындарының жарқылы бар.
Алаш ақиықтарының ішінде соңына аңызға бергісіз естеліктер қалдырған кейіпкер тұлғалардың бірі де бірегейі осы Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин. Әсіресе, бірінші және екінші тергеудің арасындағы аңыздар шындыққа барынша пара-пар. Сол аңыздардың арасынан сенімді зергер Шерияздан Елеукеновтің ақынның жары Зылиха Жұмабаеваның естелігімен тиянақтаған бір-екі деректі келтіреміз. Концлагерьде Мағжан айдауылдағыларға сауатсыздықты жою дәрісін береді. Петербургтің зиялы тұқымы Иван Иванович Фетисовтың ақылымен медфельшерлік мамандықты игереді. Медициналық техникумның бағдарламасына сәйкес қажетті кітаптарды И.И.Фетисовтің үйінен (Васильев аралы, 20 орам, №15 үй, 10 пәтер) Зылиха Жұмабаева жеткізіп тұрады. Бұл білімнің өмірде қызығын көрмесе де, ой-сарасын тотықтырмай, жанып отыруға жанабы тиген.
Сондай-ақ Әлкей Марғұлан да лагерьге барып, өзек жалғайтын қолүздік беріп тұрыпты. Зылиханың тұрмысына сүйеу болыпты. Барлық қаражаты мен бұйымдарын ұрлатып алғанда Әлкей Марғұлан 25 сом көмек беріпті. Ол кездегі ақшаның құнына шаққанда қомақты қаржы. Өзі «қалпақ астында» жүріп халық жауына жолығуы – ерлік. Өкіл баласындай болған Әлекеңнен – Әлкей Марғұланнан бұл туралы сұрағанымызда: «Маған Ленинград пен Мәскеудің үлкен ғалымдары қорған болды. Солардың ақылымен «тереңге шөгіп жаттым»,– деп қырылдай күлетін. Ал Мағжан екінші рет ұсталғанда тергеушілерге: «Маған досым әрі жанашырым Әлкей Марғұланов келіп тұрды. Ол шизофрениямен ауырып, жүйке ауруханасына түскен»,– деп жазыпты. Ал тергеушілер Марғұланның тұсына: «Өлген», – деп белгі қойыпты. Шындығында Әлкей Марғұлан 1934 жылы Ленинградтағы студенттердің қозғалысына қатысып, соңынан тіміскі түскенде өзіне өзі қол жұмсап, ажалына әлгі тыңшының себепкер екенін көрсетіп, өсиет қалдырған. Жүйке ауруханасына сол жолы тіркелген. Әлгі «тіміскінің» аты-жөнін атап:
«Ол әлі тірі. Соны іздеп барып, қатты-қатты ұялтшы»,– деп сондай бір өкпелеген балаға тән аңқаулықпен кәдімгідей өтінетін.
Содан отыз тоғызыншы жылы ғана СССР ғылым академиясының Қазақстандағы бөлімшесі ашылғанда ұстаздарының тапсырмасымен «жарыққа шығып», академияның ғылыми жолдамасымен уақытша көмектесу үшін Алматыға келген.
Жақсылардың алақанының табын сезген ақынның қалайда еркіндік пен жарық дүниеге ұмтылысы өзінің нәтижесін берген. Сөйтіп, Мағжанға ресми түрде мұрсат беріліп, уақытша бостандыққа шыққан:
«ССР Одақтық Орталық Атқару Комитеті президумының 14/ІV – 1934 жылғы мәжілісінің № 72 хаттамасы. «34». ОГПУ коллегиясының 4/ ІV – 30 ж. күнгі үкімі бойынша 20/ VІ – 29 ж. күнгі қаулысымен 10 жыл концлагерге кесілген Мағжан Жұмабаевқа кешірім жасау туралы ұсыныс (№ П-443-41 іс) мақұлдансын. Концлагердегі тұтқындалу мерзімі жеті (7) жылға қысқартылсын. ССР Одағының ОАҚ-нің хатшысы үшін: А.Медведов. Көшірме Сивирлагка жіберілсін» (ҮІІ том, 441-бет).
Бұл Қаулы Мағжан тұтқында болған Свердловскідегі лагерге жіберіледі:
«ОГПУ-дің Свирлаг басқармасының ПВШ-сына Лодейное поле қаласы. 28 апрель. ССР ОАК-нің Призидумы мәжілісінің азамат Мағжан Жұмабаевтің № П-443-41 ісі туралы 1934 жылғы 14 сәуір күнгі № 72-91 қаулысының көшірмесі жолданып отыр. Анықтама: ОГПУ коллегиясының 26/ІV-34 жылғы қаулысы» (ҮІІ том, 440-бет)».
Осы томның 439-бетінде ОГПУ коллегиясының:
«ССР ОАК Президумының 14/ІV-1934ж. Қаулысы орындалуға жіберілсін»,– деп жазылған осы қатынаспен ҮІІІ том аяқталады.
Бұл Қаулы араға екі жыл салып барып күшіне енді. 1936 жылы 2-маусым күні айдаудан босатылды. Вязьма – Сызрань – Челябинскі арқылы Қызылжарға келді.
Аңду мен тіршіліктің мұқтаждығынан құтылмаған Мағжанды алда қысқа ғұмырдың күдікті күндері тосып тұрды. Қысқа жіптің күрмеуін шешу үшін Елбаев Халилдің көмегімен 20 күндік мұғалімдер курсына дәріс өтеді. Одан «саяси жағдайға байланысты» босатылады. Жұмабай Шаяхметовтің «қалпағының» астында қатаң бақылауға алынды. Жалпы Мағжанның өз еліндегі досы да, жалған жанашыры да, меншікті тіміскілері де көп болды. Ұшынған отыз жетіні былай қойғанда, сонау 1922 жылы өзге емес, Сабыр Шарипов Мағжан Жұмабаев пен Жұмағали Тілеулиннің Қызылжарда өткен қазақ зиялыларының кеңесінде аштарға көмектесу туралы сөйлеген сөздерін «ауырсынып», өзінің «естімегеніне» өкініп:
«Көпшілігі мәселені талқылауға дәрменсіз қазақ интеллигенциясы мен жаңадан тартылған коммунистерді қатыстырып Қазақ кеңесін өткізудің қандай қажеттігі бар? Қазақ кеңесін шақыруды кім шығарғанын білмеймін, алайда өткен жылы Орынборда бұл идеяны ұсынған «Бөкейханов бабай» дегенді естігемін»,– деп Губкомға арыз жазыпты.
Осы арыздың сыртына қарындашпен:
«Бұл фракцияда емес, кеңес те емес, тек орыс тілін білмейтін қызметкерлердің жиналысы ғана. Оларды үйірмеге ертіп келген Шарипов емес қой. Мен мұны үнемі жиналыс деп атаймын… Жиналыстың мақсаты: партияда жоқ көпшілікті тарту ма? Жұмабаевты да. Уәкілдің келуіне байланысты дайындалған»,– деп («Алашорда қозғалысы», 3 том, 1-кітап, 105-106 бет) бұрыштама соғылыпты.
Әрине, жаны күйген жанашыры да жоқ емес еді. Мағжанның қанатының астынан түлеп ұшқан ақын, бауырына басып тәрбиелеген бауыры «кәдімгі Сәбит Мұқанов» болды. «Өмір мектебі» үштағанында оны қалаға әкеп, өзінің бөлмесіне жатқызып оқытқанын, аяқ киіміне дейін беріп, ақындық көркем әлеммен таныстырғанын, соған сай әр түрлі кештерге ат шанамен алып барып, алып қайтқан қолқанаты болғанын: «Мағжан буржузияшыл ақын еді. Менің кедейлерді жырлаған өлеңдерімдегі қарабайырлығымды сынайтын. Бірақ кедей табымды жырлаудан қайтпадым»,– деп «астарлай сынап» жазғаны арқылы біз де Мағжанның атын алғаш біліп едік. Бұл кеңестік кездегі шындықты жеткізудің әдеби тәсілі болатын. Мағжан түрмеде жатқан жылдардың ішінде, дәлірек айтсақ, 1931 жылы 15-мамырда соңғы нүктесін қойған «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты тарихи зерттеуінде С.Мұқанов:
«Ақындық жағынан келгенде Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарына саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетке жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ… Мағжанға шейін өткен қазақ ақындары көбіне өлең үлгісін күншығыс елінен, әсіресе, араб, парсыдан алатын. Мағжан орыс мектептерінде оқып, көбіне Еуропа, оның ішінде, әсіресе, орыстың әдебиетін тез меншіктенді. Абай қазақ әдебиетіне Еуропа түрлерін шетпұшпақтап кіргізсе, Мағжан дендеп кіргізді. Еуропаның әдебиет түрлерімен қазақ оқушылары Мағжан арқылы толық танысты… Мағжан өлеңдерінде сыршылдық (лирика) жағы күшті келеді. Мағжанның өлеңдерін оқып отырғанда оның сол өлеңді жазып отырған уақыттағы жан жүйесінің құбылысы (душевное переживание), ішкі сезімнің толқыны көрініп тұрады. Мағжан өлеңінен құр ғана ұйқасқан сөздерді көрмейсің, ақынның ішіндегі әйгілейтін айнаны көресің. Сыршылдық жағынан Мағжан көп ақынға бәйге бермейді»,– деп жазды.
Кеңестік идеологияның тылсым түрмесінде жатып, ату жазасына кесіліп, одан он жылға концлагерьге жер аударылған ақынның шығармашылық жолына мұндай жоғары баға берген Сәбит Мұқановты Мағжан Жұмабаевқа қарсы қою, ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішұлы айтқандай, «тіпті ұят» (Т.Кәкішұлы, К.Ахмет. Сәбит Мұқанов, А.Арда. 2005. 161-бет). Өзінің азаматтығын ол Мағжан Карелияда тұтқында жүргенде дәлелдеп, 1934 жылы қарашада хат жазып, онда әдебиеттегі маркстік талапты, таптық күресті мойындаса, онда социализмнің адасқан ақынды кешіре алатынын, осы сапарда бір жола тазарып келсе, жазушылар одағының есігі ашық екенін айтқан. Бұл жай хат емес, әдеби ортаға ресми шақыру еді. Араға арандатқан сөз араласпау үшін Сәбит Мұқанов бұл хатты орысша жазған. Мағжанға және 1933 жылы 21-ақпанда Мұхтарға жазылған хаттың түпнұсқасын бізге сексенінші жылдардың аясында Сәбеңнің шырақшысы боп жүрген тұста пікірлес досым Құлбек Ергөбек ұсынып еді.
«Мағжанға – Сәбиттен.
Мағжан! Мен жақын күндері сізбен бірге тұрған Әуелбеков деген жігітпен кездейсоқ кездесіп қалдым, түрмедегі кесімді уақытын бітіріп, үйіне қайтып келеді екен. Егер ол Сіздің адресіңізді дұрыс берсе, онда менің бұл хатымды аласыз. Бұған сіз алғашында таңданып та қаларсыз. Ол орынды да, өйткені сіз бен біз мүддесі мүлдем кереғар екі таптың өкіліміз. Алайда сіздің қазіргі жағдайыңызды бетіңізге баса айтқым келетіні мынау. Біздің өкіметтің жазалау саясаты адамды қанауды мақсат етпейді, қайта еңбек арқылы қайта тәрбиеленуге мүмкіндік береді.
Сіз жұмысшы табының алдында үлкен қателіктер жібердіңіз, оның идеясы мен мүддесіне қарсы шықтыңыз. Большевиктер: керек кезінде күш те қолдана алатынын үнемі айтып келді, айтып та жатыр, бірақ бұл зорлық күш өзіне ұнамайтынның бәрінің көзін жоя береді деген сөз емес. Буржуазия табымен жұмысшы табы татуласпайды, оны жояды – деген болатын Ленин. Алайда кейбір тұлғалар қайтадан түлеуі мүмкін. Ондай жағдай тарихта бірнеше рет қайталанған.
Сіз, біздің қазіргі сөз өнеріміздің ұлы шеберлерінің бірісіз. Қазақтың жазба әдебиеті тарихы дәуірлік маңызы бар туындыларды дүниеге әкелген үш ірі ақын мен жазушыны біледі, олар: феодалдық әдебиеттің шыңы – Абай, буржуазиялық әдебиеттің шыңы – Сіз және кеңестік әдебиеттің шыңы – Сәкен. Біздің сынымыз мұны әлденеше рет атап өтті.
Иә, Сіз, 1928 жылы «Тоқсанның тобыры» мен «Толғау» атты 2 өлең жаздыңыз. Бұл өлеңдеріңізде кеңестік идеологияға қарай қадам басуға тырысқаныңыз байқалады. Бұл шығармалардың негізгі құрылымын дұрыс түсінсем де, кейбір жағымды тұстарын бағалай алмағанымды мойындауға тиіспін. Біз сізді сол пікірімізбен үркітіп алдық па, әлде басқа себептері болды ма, бұл қадамыңызды одан әрі жалғастыра алмадыңыз.
Буржуазия табының жойылуы және оның мәдениетінің күнінің батқанын біз, коммунистер ғана емес, сол таптың өз өкілдері де мойындап отыр. Бұған ағылшынның буржуазияшыл жазушысы Уэллстің Сталин жолдаспен әңгімесі мысал бола алады (Бұл сұхбатты Сізге оқып шығуды өтінемін, «Большевик», № 17, 1934 ж.).
Кім де кім талқаны шыққан буржуазиялық мәдениетті қалпына келтіруге ұмтылып, өліп бара жатқан тапқа қызмет еткісі келсе, онда «құмды суарып, егін екпе» деген қазақ мәтелінің керін құшады. Сондықтан да әлемнің адал ниетті интеллигенттері пролетариаттың өсіп келе жатқан мәдениетіне шұғыл бет бұрып, оған үлес қосуға тілек білдіріп отыр. Сөйтіп адамдар өздерінің азаматтық парызын өтемек. Өйткені адамзат қоғамы оның бір бөлігінің екінші бөлігін қанаудан тек пролетариат диктатурасы арқылы құтқара алады. Біз, коммунистер, оларды қайта тәрбиелеуге бар күшімізді жұмсаймыз. Мысалы, Сіздің кешегі пікірлесіңіз Мұхтар Әуезов бүгін өзінің қателігін мойындап, кеңестік жолға түсті және ол жазушы коммунистермен бірдей партия мен үкіметтің қолдауына ие болып отыр.
Сталин жолдас жазушы Уэллспен сұхбатында: жекелеген адамдар субьективті түрде социализм идеясына қарсы шықпауы мүмкін, бірақ буржуазиялық диктатураның күшпен құлатылуын мойындамауы арқылы оның қорғаушысы болып шығады – деген болатын.
Сіздің кінәңізге пролетариат мемлекеті қашан кешірім жасайтынына қарамастан, мен сізге бір сұрақ қойғым келеді: болашақта сіздің ақындық қаламыңыз кімге қызмет етеді?
Сіз маған жауап береді деп сенемін.
Соңғы екі-үш жылда мен Қызыл профессура институтының әдебиет бөлімінде оқыдым. Қарашаның 20-да Алматыға тұрақты қызмет істеуге барамын. Отбасым әзірше Москвада қалады. Оларды алып кетуге мен желтоқсанның аяғында келемін.
Сәлеммен – Сәбит. 2/-ХІ.1934 ж.»
Менің адресім: Москва, 21, Остожкенко, 53, 62-бөлме (алпыс екінші). Мұқанов Сәбитке».
Шындығында да, бұл хаттың мазмұны түсініксіздеу көрінуі мүмкін. Алайда екеуінің де жазушы екенін ескерсек, онда мұндағы емеуіріннің астары тереңде. Біріншіден, тұтқыннан босанған жолаушы арқылы Мағжанның жөнін біліп, хат жазуының өзі мәрттік. Екіншіден, тура осы хаттағы «еңбекпен тәрбиелеу», «біз, коммунистер қайта тәрбиелейміз», М.Әуезов солай істеді, Сіз кімге қызмет етесіз, маған жауабын беріңіз – дегеннен-ақ Сәбит Мұқановтың: Сіз де Мұхтар сияқты ашық хат жазыңыз, оған жазушылар одағының атынан мен кепілдік беремін, адресім мына,– деп отырғанын Мағжан түсінетінін білген. Кейін Мағжан тура осы мағынада Жазушылар одағына және Халық Комиссарлары кеңесіне өтініш жазуы соның дәлелі. Зады, түрмедегі Мағжанға жазылған бұл хатты ешкім білмеген. Әйтпесе, С.Мұқанов партия қатарынан шығумен ғана шектелмейтіні анық еді.
Бұл хатты 1959 жылы 10 қарашада Сәбит Мұқановтың өзі сүйікті бауыры Тұрсынбек Кәкішевке оқып беріпті. Тұрсекең ол хатта:
«Таяуда түрмеден шығасыз, сонда қай жақта боласыз, зорлық-зомбылықты кек тұтқан пиғылда шығасыз ба, әлде «Тоқсанның тобындағы» ойға ойысасыз ба? Біз үшін, қазақтың қасиетті поэзиясының келешегі үшін Сіздің совет жағына шыққаныңыз олжа болар еді», – деген ойларды жазыпты. Тұрсекең: «Сізге тиісті орындар жазғызды ма?» – деп сұрағанында: «Жоқ, өзім жаздым – арымның әмірімен жазғанмын»,– деп жауап қайырыпты (Т.Кәкішев. Санадағы жаралар. Қазақстан. 1992, 224-бет).
Ал отыз жетінші жылы мұндай «саяси көрсоқырлыққа» жол жоқ болатын. Дегенмен де бір жыл болса да бой жазып қалған сол қысқа қызықтың бірі туралы ақынның немере бауыры Ғадылша Қаһарманов:
«1936 жылы Қызылжарда педтехникумда мұғалімдердің мамандығын арттыру курсында сабақ беріп жүрген кезінде Жәжекемді (Мағжанды – Т.Ж.) екінші рет көру сәті түсті. Бұл кісілер Зылиқа жеңгей екеуі Дзержинский көшесіндегі екі қабатты ағаш үйдің үстіңгі қабатында бір бөлмелі пәтерде тұрды. Сенбі, жексенбі күндері немере туысым Мүтәш екеуміз Жәжекемнің үйіне барып қонаға жатып қайтатынбыз. Жәжекем бізге әсте бала деп қарамайтын, төредей сыйлап, өзі қызметтен шаршап келсе де бізге әңгіме-ертегі айтушы еді. Қашан көзі ұйқыға кеткенше жалықпайтын, шыдамды және бауыр жанын нәзік түсінетін адам еді. Кейбір демалыс күндері Жәжекем, Зылиқа жеңгей үшеуміз қаладан 10 километр жердегі «Мащан» (Мықан – ?) ағашына ат арбамен барып қайтатынбыз. Ағаштың көлеңкесінде бізден бұрын барып, аттарын доғарып, алқа қотан болып отыратын көп азаматтар, Жәжекемді күтіп отыратындай көрінуші еді. Әйтеуір біз бұл жерге жақындағанда барлығы бізге қарай лап қойып, Жәжекем мен жеңгемді лезде қоршап алатын. Олардың ортасында қатар түзеп отыратын Жәжекем мен Зылиқа жеңгей қос аққу сияқты әсер қалдырушы еді. Осынау көпшіліктің ортасында Жәжекемнің аузынан шыққан әр сөзді жиналған қауымның зор ынтамен тыңдап отыратынын мен бала да болсам анық аңғаратын едім. Бірақ қаншама көпшілік отырса да туысқа деген сүйіспеншілігінен бір айнымай, менен көзін жазбай әрқашан назар аударып, көңіл-күйімді бағдарлап, қас-қабағыма қарап отыратындығын да сезінетінмін. Жәжекемнің менің атымды ерекше атайтындығы да әлі күнге дейін құлағымда. «Ғадылша» дегенде дауысының ырғағын көтеріп, екпінді басты буын мен соңғы буынға түсіретін. Ара-тұра: «Алысқа кетіп қалма, ағаштың ішінде адасып, қорқып қаларсың»,– деп ескертіп те қоятыны есімде. Ал кешкі салқынмен қалаға қайтқанымызда жол бойы жеңіл желдіртіп отыратын. Біздің атымыз жүрдек болушы еді. Жарыста алдына ат түсірмейтін, қамшы салдырмайтын. Оның жүрісіне Жәжекем де риза болып, жымиып отырушы еді. Атты мен айдайтынмын, бала да болсам тізгінге мықты едім. Соны байқайтын Жәжекем маған сенімсіздік білдірмей, ерік беріп қоятын. Жанында отыратын Зылиқа тәтей де әйел болып жеңіл мінез көрсетпейтін, қорықпайтын. Тек байсалды сәнмен жар қызығына тойып, бал-бұл жанып отырушы еді»,– деп еске алыпты (Жәжеке. Естеліктер мен деректер. А. Қазығұрт. 2005, 27-бет).
Балалық мөлдір сезім мен азаматтың туыссыраған ыстық сағынышының тоғысы ұзаққа созылмады. 1936 жылдың қыркүйек айында Сәбит Мұқанов Қызылжар қаласына келіп, Мағжанды өзі іздеп тауып, оны Алматыға шақырады. Мәселенің ресми шешілуі үшін 1936 жылы 27-қыркүйекте Жазушылар одағының хатшысы атына:
«Өзімнің кінәма лайықты жазамды өтедім. Еңбектің қара қазанына қайнап, адасулар мен жат ойлардан мәңгілікке арылдым. Мен бұрынғы ойларымнан арылып, бай мен ұлтшылдардың жолынан бас тарттым және жаңа жолға, еңбекшілер жолына бет бұрдым. Мен қалған өмірімді берік ниетім мен үміиімді дәлеледеу үшін социалистік құрылысқа еңбек етуге бел будым, ісіммен барлық ескі көзқарастан арылғанымды көрсеткім келеді. Мен үшін енді еңбекші таптың, коммунистік партияның жолынан басқа жол жоқ. Еңбекші табы әдебиетінің жетекшісі – Жазушылар одағы басқармасы менің өткен кезеңдегі адасушылығымды қатаң сынға ала отырып, сыртқа теппей, өзіне тартып, жазушылар одағына қабылдап, жетекшілік етуін, көмек беруін сұраймын.
Мағжан Жұмабаев. Петропавловкі қаласы, Дзержинский көшесі, №19 үй»,– деп (Т.Кәкішұлы, К.Ахмет. Сәбит Мұқанов, А.Арда. 2005. 177-бет) өтініш жолдады.
Алматыға оралған соң осы хатты алға тарта отырып, тиісті орындармен ақылдаса келіп Сәбит Мұқанов Мағжанға хат жазды. Бұл хатты Ш.Елеукенов ағамыздың қысқартып пайдаланған нұсқасы бойынша келтіреміз:
«…Сізбен жолығып сөйлескенде де мен айттым ғой: егер де өзіңіз шын ниетпен совет әдебиетіне қызмет етем десеңіз жазуыңызға ешкім бөгет болмайды деп. Сол сөзім әлі де сөз. Бұл пікірге басқа жолдастар да қарсы емес. Бұл хатта мен жалпы сөзді қоя тұрып, сіздің екі сұрағыңызға жауап берейін:
1. Жазушылар ұйымына совет әдебиетіне қаламымен еңбек сіңірген кісі алынады. Біз сіздің қаталықтан қайттым деп жазған хатыңызға сенеміз. Бірақ көпшілік алдына дұрыс қаламыңыздан шыққан көркем сөзіңізді ұсынғанша, өлеңдеріңіз басылғанша, ұйымға мүше болуыңызды устав көтермейді. Бұл сөзге сіз ренжуге тиісті емессіз. Устав – ұйымның тәртібі. Тәртіп – декларациядан істі жақсы көреді. Жазуыңызды бетке қақпаймыз. Совет платформасында отырып жазған сөзіңізді басамыз. Содан кейін ұйымға мүшелік мәселесі өзінен-өзі шешіледі».
2. Қызметіңіз, ұйымның сізге көмегі туралы. Алдымен Қызылжарда тұрсаңыз да, Алматыға келсеңіз де ықтияр өзіңізде болсын. Мұнда келем десеңіз сізді бетке қағатын кісі жоқ. Қайда жүрсеңізде жазуға керекті жағдайды жасатуға болады. Бірақ бұл ретінде маған хабар беріңіз. Қызылжарда сөйлескенде айттым ғой: жазуға белсене кірісу, совет әдебиетіне қызмет ету тетігі өзіңізде деп.
Егер де шын ниетпен совет әдебиетіне ат салыссаңыз сізді бетке қағатын, бұрын пәлен болып едің – дейтін кісі болмайды. Пролетариаттың рақымы мол. Ол қорғай да біледі, жарылқай да біледі. Бірақ пролетариат сөз емес, істі жақсы көреді.
Сәбит».
Бұдан кейін Мағжан Көкшетаудағы Казгородоктағы дәрігер досы Мұратбек Сейітовтің шақыруымен демалып қайтады. Саяси қысым басталғанда күнкөріссіз қалған ақын Степняк қалашығында мектеп директоры болып істейтін досы Біләл Молдабаевтің үйіне «мейманшылап» барып, сонда жүріп ол Сәбитке:
«Құрметті жолдасым Сәбит! Сіз менің Петропавловскідегі орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүргенімнен хабардар боларсыз. Январьдың басында мені қызметімнен босату туралы мәселе қозғалғанымен де, біраз уақыт басылып қалған еді. Бірақ январьдың соңында бұл жәй тағы әңгіме болды да, мені жұмыстан шығарып жіберді. Не себепті босатылғанымды сұрасам, қалалық оқу ісінің меңгерушісі жалпы саяси себептерге байланысты дегенді айтты. Міне, 20 шақты күн болды, жұмыссыз отырмын.
Декабрьде көркем әдебиеттердің қазақ баспасымен Толстойдың «І Петр», Некрасовтың «Декабристерін» аударуға келісімшартқа отырған едім. Содан бері одан да хабар жоқ. Ол жақтан мен өте қиын қалде оралдым. Әсіресе, жұмыссыздығым жаныма жаман батады.
Мен Қазақстанға жаңа жолға түскенімді өз қалам күшіммен көрсетсем деген тілекпен оралдым. Қалай болғанда да орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қаражат тапсам, орталыққа баруды ойлап отырмын. Әрине, өз халімнің мүшкілдігін айта отырып, сізді де бірдеңеге міндеттегім келмейді. Сізге осылай жазуға қазіргі халім мәжбүр етіп отыр. Бұл хатты қыдырып келген туыстарым жақтан, «Степняктан» жазып отырмын. Төрт-бес күннен соң қайтамын. Құрметпен Мағжан. 20 февраль, 1937 жыл»,– деп хат жазды.
Бұл – жетіскеннің емес, мұқтаждықпен амалсыз торға өзі кеп түскен арыстанның шарасыздығы. 1937 жылы 25-науырызда Мағжан Алматыға келді. Ол туралы Мұхамеджан Қаратаев:
«Жазушылар одағының секретары қызметінде істеп жүрген кезім. Одақтың председателі Сәбит Мұқанов екеуміз бір кабинетте отырамыз. Жаңылмасам, 1937 жылдың жаз айы. Бір күні кабинетте жалғыз едім, бір орта бойлы, жұпынылау киінген, өңі сынық кісі кірді. Амандасып болған соң, өзін таныстырды: «Мен Мағжан Жұмабаев боламын, шырағым. Сәбитті іздеп келіп едім…»,– деді. Жүрегім лүп ете қалды. Көп өлеңін жатқа білетін, сүйсінсек те сүйгенімізді өзгеге білдірмей, сездірмей жүретін уақыт. Орнымнан ұшып тұрдым: «Сәбең жаңа ғана шығып кеткен. Осы маңайда жүрген шығар. Қазір»,– дегенше болған жоқ, Сәбеңнің өзі де кіріп келді. Амандық-саулықтан соң телефонның құлағына жармасты. Сол кездегі Қазақстан Қомпартиясы Орталық Комитетінің екінші секретары Нұрпейісовке мән-жағдайды баяндап еді, ол: «Келе беріңдер, бірақ бұл мәселені шеше алмаймын, Мирзоянның өзіне кіріңдер»,– деді. Сәбең маған да жүр деп, үшеуміз Мирзоянның қабылдауына бардық. Қазақтар Мырзажан деп қадір тұтатын бұл басшымыз жақсы адам, кісілікті кісі еді ғой. Бірден: «–Несі бар. Келе берсін. Жағдай жасаңдар. Әне, Әуезов сияқты. Театрда істейді. Сабақ береді. Жазуын да өндіріп жазып жүр»,– деп Шерияздан Елеукеновке айтып беріпті (сонда, 138-бет).
Өзінің ақындық жолдағы ұстазы Мағжанға берген уәдесін Сәбит Мұқанов орындады. А.Толстойдың «Петр І» және Некрасовтың «Декабристер» атты көлемді шығармаларын аударуға келісім шарт жасатып, несие қаламақысын төлеттірді.
Мұңлы ақынның бейнесін жүрегінде сақтап жүрген, «ақынға ғашық болған ару» Зағипа Тінәлина:
«Көзден ғайып болып кеткен Мағжанды, тек 1937 жылы ақпан (наурызда – Т.Ж.) айында Алматыда Орталық Партия Комитетінің қабылдау бөлімінде көрдім. Оны Сәбит Мұқанов Мирзоянға кездестіруге әкелсе керек. Бұл менің Мағжанды көп жыл өткеннен кейін көруім ғой. Бұрынғы сән-салтанаты жоқ, үстінде былғары пальто, аяғында былғары етік, басында қаракөл бөрік. Көп ұзамай тағы да Өлкелік партия комитетінің қабылдау бөлмесінде Мағжанның жалғыз отырғанын көрдім. Мүмкін біреуді күтіп отыр ма? Бұлай күтпеген жерден бетпе-бет жеке кездесуіміз мені қатты састырды, не болғанымды өзім де сезбей қалдым. Төбеге ұрғандай тұрып қалыппын, ол да ләм деген жоқ, тек бір-бірімізге қараумен болдық. Маған сол сәтте қолын ұстап амандассам ба деген ой келді. Бірақ жолым тар, әйел адам болған соң дәтім бармады. Артынан үйге келген соң өкініші кетпей, жолдасым Абатқа: «Мағжанды үйге қонаққа шақырсақ қайтеді?»,– деп едім, ол басын ашып ештеңе жауап бермеді. Тек: «Мағжан Сәбитке келіпті ғой…»,– деді де қойды. Бұл менің Мағжанды соңғы көруім болды. 1937 жылы мамыр айында менің жолдасым Абатты да «халық жауы» деген жаламен түрмеге жапты. 1938 жылдың 10-сәуірінде мені де қызмет істеп отырған орнымнан ұстап әкетті. «Халық жауының әйелі» – (член семьи изменников родины» деп үш жылға кесті. Осымен «Алжир» колониясында 1941 жылға дейін жазамды өтеп, елге Ақмолаға көштім»,– деп (Ғаділша Қаһарманұлы. Жәжеке. 198-202 беттер) еске алыпты.
Сөйтіп үмітсіз нәзік жүрек тағы да бір шымши соғыпты. Иә, бұл да бір үмітті үмітсіз дүние.
Үмітсіз дүниеден үміт күттірген құпия құжаттың бірін тағы да сол талмайтын тарлан Тұрсынбек ұстазымыз көпшілік назарына ұсынды. Онда:
«21-көкек, 1937 ж. Құпия. Жаманқұлов жолдас, алашордалық ақын Мағжан Жұмабаевтің Алматыға келгені саған мәлім, ол Жазушылар одағына өтініш жазып, өзінің кеңеске қарсы жіберген қателіктерін мойындап, түзелуге мүмкіндік беріп, көмектесуді, қызмет беруді сұрапты. Бұл мәселе жөнінде мен таяуда Мирзоян жолдаспен кеңестім. Ол маған: «Қызмет беріңдер, яғни, орыс әдебиетінің классиктерін қазақ тіліне аударту арқылы қаржылай көмектесіңдер. Оның қаншалықты түзелгені содан кейін белгілі болады»,– деді. Мен сенен, партия мүшесі және Қазкөркеммембастың меңгерушісі ретінде менің тілшемдегі Мирзоян жолдастың сөзін ескере отырып, аударма жасауға шарт жасасып, аванс беруіңді өтінемін.
Коммунистік сәлеммен, ҚКЖО-ның төрағасы және партия мүшесі С.Мұқанов.
Қарар: шарт жасасу кезінде ескерілетін болады. Редактор. 21-сәуір, 1937»,– деп жазылған.
Алдын-ала айта кетеріміз, бұл шарт жасалғаннан кейін арада үш-төрт ай өткен соң Р.Жаманқұловқа:
«алашордашыл-ұлтшылға» үкімет қаржысын рәсуа еткені үшін», – деп, ал Ал С.Мұқановқа:
«Жұмабаев айдауда жүргенде онымен хат жазысты және қаржылай көмек берді»,– деген айып тағылды.
Іле Р.Жаманқұлов халық жауы ретінде ұсталды, С.Мұқанов партиядан шығарылды. З.Тінәлинаның естелігінде көрсетілген Мағжанның үкімет кеңсесіне екінші рет келуінің себебі, тарихшы Қ.Алдажұманов ғылым айналымға түсірген 1937 жылы 21-мамыр күні Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы О.Исаевқа жолдаған төмендегі «Ашық хат» болса керек. Онда:
«Қаз ССР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы жолдас Исаевқа Жұмабаев Мағжаннан (Алматы қаласы, Лесная, №89 (Киров, 103)
АШЫҚ ХАТ
Мені, контр-революциялық алашордашыл қайраткер ретінде және төңкерісшіл ұлтшыл жазушы ретінде социализм құрып жатқан қазақ еңбекшілерінің ортасынан пролетарлық өкімет әділ шеттеті, сондай-ақ қазіргі уақытта мені социалистік қоғамнан аластатып ұстағаны да өте дұрыс.
Біраз уақыт еңбекпен түзету мекемесінде болған кезімде, өзім тікелей атсалысқан социалистік алып құрылыстарда оның ізгі ықпалын сезіне отырып, кеңес мемлекетінің еңбекпен түзету саясатының әлемдегі бірден-бір ең сенімді және дұрыс саясат екеніне көзім жетті, сондықтан да мен өзімнің идеологиям мен бүкіл қоғамдық-әдеби жұмыстарымды қайта тексеруден өткіздім, сөйтіп, барлық қоғамдық-әдеби қызметімде мен ұстанып жүрген және басшылыққа алып жүрген ұлтшыл-алашордашыл идеологияның сөзсіз реакцияшылдығына және сатқындық қылмыс екеніне бүтіндей сендім, ұлтшыл-алашордашыл идеологияның және алашордашыл ұлтшылдардың барлық сатқындық әрекеттері қазақ еңбекшілеріне және бүкіл социалистік отанға дұшпандық қылмыс екеніне көзім жетті.
Осы тексерісімнен, ұстанымымнан кейін өзімнің өткендегі барлық іс-әрекетімді, қоғамдық және әдеби қызметтерімді айыптай отырып, өзімнің қылмысты өткенімнен, ұлштшылдықтан, ұлтшыл-алашордашылардан мүлдем және мәңгілік қол үземін, сөйтіп, қалған өмірімді ешқандай бұлтарыссыз тұтастай социалистік қоғамға сенген азаматы ретінде, социалистік Отанның сенімді ұлы ретінде социалистік қоғамға қызмет етемін деп шештім.
Осындай асыл арманмен, осындай бірегей мақсатпен мен осыдан бірнеше ай бұрын, тиісті мекемелердің рұқсатымен, таңғажайып өркендеу үстіндегі Қазақстанға келдім, қазақ еңбекшілерінің гүлденген өмірі менің және барлық ұлтшыл-алашордашылардың іс-әрекеттерінің сатқындық қылмыс екеніне толықтай көз жеткізді, сөйтіп өзімнің өткендегі контрреволюциялық ұлтшылдығымды және ұлтшылдарды революция мен социалистік отанға, қазақ халқына дұшпандық деп санап, олармен екі арамды ешқандай бұлтарыссыз және мәңгілік ажыратқанымды, аса ауыр қылмыс жолынан толықтай арылуға бет алғанымды, Отанның адал ұлы ретінде қайта түлегенімді, сол үшін қалған өмірімді социалистік отанға қызмет етуге арнайтынымды мәлімдеймін.
Бұл мақсатымды мен Сізге – кеңестік Қазақстанның Үкімет басшысына, бақытты өмір құрып жатқан мұқым қазақ халқына ашық, шын жүрекпен және бұлтартпас сеніммен мәлімдейтінімді осы хат арқылы Сізге жеткізе отырып, менің өзімнің қайта түлегенімді, қайта түбегейлі шыңдалғанымды, социалистік отаныма шынайы берілгендігімді іс жүзінде, шығармашылық жұмысымда, соның ішінде әдеби шығармашылық қызметімде дәлелдеуім үшін (еңбектерімнің) Қазақстанда жариялануына, сол арқылы ұзақ уақыт бойы қылмысты реакциялық жолға, қазақ контрреволюцияшыларына қызмет еткен қаламымның кеңестік еңбекпен өтеу саясатының ықпалымен қайта шыңдалып, қайта тәрбиеленгеннен кейінгі социалистік отанға адал және өнімді еңбек етуіме мүмкіндік берулеріңізді өтінемін.
Менің шығармашылық жұмысымның соңғы үлгілері ретінде үш өлеңді осы хатпен қоса жолдап отырмын.
Сонымен бірге, дәл қазіргі кезде кеңестік-еңбекпен түзету саясатының әлемдегі ең дұрыс ұстаным екенін көрсететін жаңа тақырыпты көркем түрде игеру ісіне кіріскеніме Сіздің және мұқым социалистік қоғамның назарын аударамын, бұл поэмада екі қазақтың – тұрмыстық қылмыскер қазақ пен қылмыскер-ұлтшыл қазақтың өмірі, тәрбиеге көнетін және көнбейтін атышулы халық жаулары мен қоғамның шірінділерінің тәрбиелену жолы жарыстырыла суреттеледі.
М.Жұмабаев. 21 май, 1937 жыл» (Қ.Алдажұманов, Ақынның соңғы үміті. «Қазақ әдебиеті». 21.08.1992).
Бұл «Ашық хат» туралы не айтуға болады? Естайдың:
«Жалғанды жалғамалап әркім жүр ғой,
Қысқа жіп келмеген соң күрмеуіне», –
дегені сияқты, «жалғандықпен жалғанған көңіл жібі» болса керек.
Араша тілеп отырған Ораз Исаевтің бұл өтінішті қарауына мұршасы да келмеді. Оқыған күннің өзінде де мұрағатқа жолдаумен аяқталды. Өйткені алашордашыларды әшкерелеуші бас идеологтың өзі де көп ұзамай және Мағжаннан бұрын тұтқындалып, тергеушіге:
«Менің тұтқындалуым – менің дұшпандық әрекетімнің жолын кесті, сондықтан да мен, өзімнің сатқындық әрекеттерім мен опасыздығым бұлжытпайтын айғақтармен әшкереленіп отырған сәтте, іштен тынып, әлденені жасырып қалуға жортақси тырысуымның ақылға сыймайтынын білемін. Мен жиырма жыл бойы партия мен халықты алдап келдім. Өтірік пен екіжүзділік менің екінші және нағыз болмысыма айналды, сол болмысым маған ұзақ уақыт бойы партия ісіне шынайы берілген адал коммунистің ролін орындауға мүмкіндік берді. Мен, тұтқындалғанға дейін, оңшылдар орталығының қарары бойынша әрекет еткен Қазақ ССР-дегі кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйымның жетекшілерінің бірі болдым»,– деп жауап беріп жатты (Алашорда қозғалысы, 3 том, 2-кітап, 266-бет).
Шағынар қайраткердің қалмағаны және енді олардың қайтып оралмайтыны түсінікті еді. Сондықтан да ендігі арызданудың өзі өз еркіңмен абақтыға қамауға өтініш берумен тең болатын. Кімнің абақты мен концлагердің есігін қайтадан ашқысы келеді дейсің?
Бірақ Мағжан ашпасам деген есік тағы да ашылды, ашылған жоқ, ашқызды. 1937 жылы желтоқсанның 31-і күні кеште Мағжан Жұмабаев екінші және соңғы рет ұсталды. Ш.Елеукеновтың зерттеуі бойынша, Мағжанды тұтқындау туралы №1445 ордер 1937 жылы 27 желтоқсан күні жазылыпты. Осы арада ескерте кетеріміз, Мағжанды тіміскілеткен не тұтқындаған, біз танысқан Ахмет Байтұрсыновтың ісіне де қатысы бар тергеушілердің біреуі – кейіннен Қазақстанның бірінші басшысы, екіншісі – қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары, үшіншісі – Ішкі істер министрі, төртіншісі – төбе би болды. Солар қызмет басында тұрғанда бұларды ақтау туралы мәселе қозғаудың қандай нәтижемен аяқталғаны түсінікті. Олардың үрім-бұтақтарының өтініші бойынша аты-жөндерін қағыс қалдырдық. Ол үшін бізді жазғырудың да жөні болмас.
Сонымен, ұлтшыл және қылмыскер қазақтар туралы дастан жазылмай қалды. Зылиха Жұмабаева:
« – Зылиха, көп болды пельмен жемегелі, пельмен жасашы,– деп ойланып отырды да, – енді менде несі бар, ұстамайтын шығар, табылса қара жұмыс болса да істеп күн көреміз,– дегені. Мен болсам Қызылжардан бекер келдік деп өкінемін. Бір бәлені сездім-ау… Бұл Мағжанның өзін-өзі жұбатқаны екен ғой. Соңғы кезде дөңбекшіп ұйықтай алмай шығатын. Енді қайта түрмеге түссе кездесетін күн жоқ екенін Қызылжарда түсінгенмен, Алматыға келгенімізге қатты өкіндім. Тамақ та алдымызға келді, үйге екі жігіт кіріп келді:
– Мағжан Жұмабаев, сіз тұтқындалдыңыз,– деді де ең құрымаса алдындағы асынан дәм татқызбай дедектетіп ала жөнелді…» (А.Тасымбеков. Азапты сапарлар. Лениншіл жас. 1989, 10 қаңтар).
Тергеудегі азап пен қинаудың тәсілдерінің бірі туралы бізге академик Мұхамеджан Қаратаевтің:
«Мұны таспаңа (магнитофон) жазба. Есiңде жүрсiн. Кiм бiледi, көлеңкемiз қысқарып келедi… Тергеу камерасында жатқанымда қасыма бiреудi әкеп қосты. Өскеменнiң омарташы орысы екен. Ол да ұзақ жатыпты. Жөн сұрастық. Сонда Сәкендi есiне алды… Менен бұрын сол кiсiмен бiр камерада болыпты. Ол: «Мен өзiм орнатқан өкiметтiң жауы емеспiн»,– деп ұзақ қасарысыпты. Бар қорлыққа шыдапты. Бiр күнi тергеуге кеткен Сәкен кiрiп кеп: «Мен бiттiм, төзбедiм қорлыққа!»,– деп айғайлап сөйлеп, төсекке етпетiнен жата кетiп, солқылдап жылапты. Талай қыспаққа салғанда қайыспаған Сәкеннiң морт сынуына сенбеген омарташы себебiн сұрайды. Сонда Сәкен: «Бәрiне шыдар ем ғой. Жас ұрпақты бiзге қарсы қойғанына қалай шыдармын. Орындыққа отырғызып қойды да, қазақтың екi жас баласын алып келiп, екеуiне екi құлағымды создырып: «Ой, әкеңнiң аузын… Сейфуллин, ой шешеңдi… Сейфуллин! Сен халық жауысың!»,– дегiзгенде шыдамадым. Қорлық қой. Олардың көзiне жексұрын боп көрiнгенше өлгенiм жақсы. Қағазына қол қойдым,– дептi»,– деп айтқан, біз көзі тірісінде жариялаған естелігінде ащы да кекесінді шындық бар, мүмкiн көп шындықтың бiреуi осы шығар.
Арлы, намысты азаматтар осындай қорлаудан бас тартып, ешкімге зиянын тигізбей, өзін-өзі әшкерелеген. Мағжан да сол жолды таңдағанына оның 1938 жылы 6-қаңтар күні КССР Ішкі Істер Халық Комиссариатына қарата жазған Мәлімдемесіндегі:
«Мен – Жұмабаев, кеңес өкіметі алдындағы өзімнің кінәмды жуу үшін: «Шетелдік бір мемлекеттің мүддесі үшін бірнеше жылдар бойы шпиондық әрекетпен шұғылданды»,– деп маған тағылған айыпты мойындаймын. Жапонияның пайдасына шешілетін шпиондық жұмыспен, мен – Жұмабаев 1919 жылдан бастап 1929 жылға дейін, яғни, ұсталып, лагерьге айдауға жөнелтілгенге дейін айналыстым. Ондағы мерзімімді өтеп, 1936 жылы Қазақстанға қайтып келгеннен кейін де жоғарыда аталған мемлекеттің мүддесі үшін өзімнің шпиондық жұмысымды одан әрі жалғастырдым»,– деген «мойындауы» анық дәлел.
Бұл арада тергеушілер Мағжанға неге 1919 жылды нақты көрсеткізіп отырғанының мәнісі алдыңғы бөлімде З.Валидовтің «Қатираларындағы» М.Тұңғашиннің архивіне қатысты тұста толық баяндалған болатын. Өзге істерге қарағанда мұнда Ә.Бөкейхановтың да аты аталып, сол «шпиондық» қылмысты дәлелдеу үшін Колчак үкіметінің архиві сақталған Омбыға сұрау салыпты. Олардың бұл сұрауына Омбы облыстық мемлекеттік архивінің бастығы Маркова мен бөлім бастығы Попова:
«Омбы облыстық мемлекеттік архивінде Бөкейханов Әлихан мен Мағжан Жұмабаевтің жапон барлау мекемесіне қызмет еткені туралы және сұрау хатта көрсетілген өзге де жайларға қатысты мәліметтер жоқ»,– деп хабарлаған.
Іздеген «шпиондарының» табылмағанына тергеушілер өкінген-ақ шығар. Бірақ ең басты өкініш – алтын басты азаматтар имансыз көмілді. 1938 жылғы тергеу ісімен жете танысқан мағжантанушы Ш.Елеукеновтің мәліметінше оныншы, жиырмасыншы ақпан күндері жауапқа алынып, әр жолы 8 беттен хаттама жазылып: Отанын сатқаны және кеңес өкіметіне қарсы қастандық жасау мақсатында астыртын ұйым құрғаны үшін 58- баптың 6, 11-тармақтары бойынша айып қорытындысы шығарылады. Кіші лейтенант Гайкович жасаған «Өлім туралы актісіндегі» мәлімет бойынша:
«Мағжан Бекенұлы Жұмабаевті ату жазасына кесу жөніндегі 1938 жылы 11-ақпан күнгі №377 шешім 1938 жылы 19-наурызда орындалды».
Бірақ Мағжан: « … тірі еді». Оған Қаз ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары А.Тілеулиевтің 1962 жылы 27-тамызда Партия институтына берген анықтамасындағы:
«1936 жылы 2-маусым күні түрмеден босатылды, жазасын өтеп келгеніне қарамастан 1937 жылы тағы да қылмыстық жауапқа тартылған, НКВД-ның комиссиясы мен СССР прокурорының шешімі бойынша 1938 жылы 11-ақпанда сотталды (осужден)»,– деген жолдар себепші болған.
Осындағы «сотталған – осужден» деген сөз де жұрт арасында Мағжанның соғыс аяқталғанша жер басып тірі жүрді-мыс деген жорамал жасауына мүмкіндік берген.
1958 жылғы 28-ақпандағы Мағжанды ақтау туралы Қазақ ССР Жоғарғы сотының шешімін қолына алып тұрып Зылиха өзінің жесір қалғанын, күйеуінің өлгенін естіп, оған сенбей немересі Ұлжанға:
«– Ау, Мағжанды неліктен 1938 жылы 19-наурызда атылды дейді? Маған осы жері түсініксіз. Өзің білесің, Алматының күні сәуірде ыси бастайды. Жұрт қысқы киімдерін тастайды. Мағжанды қысты күні желтоқсанның 30-ы күні ұстады. Қысқы киіммен кетті. Күн жыли бастаған соң, сәуірдің орта белінде НКВД-ға жаздық киімдерін апарып, өз қолыммен тапсырып едім ғой. Олар қабылдап алды: «Жарайды, иесіне тапсырайық»,– деді. Ал комиссияның қаулысына сенсек… Сенбеске амал не? Сонда мен шын мәнінде киімін емес, кебін апарған екем ғой. Мен киімін апарғанда Мағжаным бұл дүниеде жоқ екен ғой. Алданған екенмін, әй, сұм тағдырым-ай!»,– деп жылапты» (сонда, 146-бет).
Аяулы ақынды елі өлімге қимаған. Сәкен екеуінің ажалының өзі аңызға айналған. Оның басты себебін оқымысты мағжантанушы Ш.Елеукенов:
«Тұтқындауға келгендердің біреуі: «Ақынға тиіспейміз. Тек Қазақстаннан сырт жерге жібереміз»,– депті-мыс. Содан болуға керек, Мағжан Новосибирскі маңында бір жерде жасырын тұрады,– деген аңыздың тарауы. Осы сияқты аңыздардың әсері Орталық Комитеттің комиссиясы кешірім жариялағаннан кейін де кей газеттерде белгі беріп қалып жүрді. Рас болса жарайтын еді, бірақ ақиқат олай болмады ғой»,– деп түсіндіреді.
Иә, «рас болса жарайтын еді». Тіпті мен де Мағжанның соғыс аяқталған соң да тірі екеніне сендім. Сенбеске амалым да жоқ болды. Ол оқиға былай басталды. 1977 жылы қараша айында «Білім және еңбек» журналының Бас редакторы Әбілхамит Мархабаев мені Баукеңе – Бауыржан Момышұлына қызыл әскердің құрылғанына 60 жыл толуына орай мақала жаздырып алуды тапсырды. Алдын-ала келісіп, тура сағат онда қазіргі Төле би көшесінің бойындағы пәтерінің есігін қақтым. Мақаланы айтып отырып жаздырды. Шараппен сыйлады. Сұхбат аяқталғанда мен демімді ішіме ала отырып: «Профессор Хайыржан Бекхожин студент кезімде: «Алдарында қарыздар едім»,– деп мені алаш ардагерлерінің архивімен танысуыма себепкер болды, ол ізденісті жалғастырып жүрмін, өйткені мен де ұстазыма қарыздар едім. Қаламгер Мамытбек Қалдыбаевтің айтуы бойынша, Сіз Мағжан мен Жүсіпбекті көріпсіз. Соны білгім келеді»,– деген уәж айттым.
Қатты дауыстап: «Жүсіпбектің алдында мен де қарыздармын. Ол менің ұстазым… Ал Мағжанның ажалына себепші болдым ба?– деп ойлаймын,– деп ұзақ ойланып қалды да мына хикаяны айтты.
Бауыржан Момышұлы: «Соғыстан кейін мен әскери академияда болдым. Бірақ та армияның өзіне сұрандым. Новосибирь қаласындағы дивизия командирі етіп тағайындады. Бірде Совет Одағының маршалы, армия қолбасшысы әскери поезд арқылы Новосибирь вокзалы арқылы Қиыр Шығысқа кетіп бара жатқаны, менің оған жағдайды баяндауым туралы бұйрық түсті. Вокзалға келдім. Сібірдің қысы қатты. Әскери состав келгенше перронда ары-бері жүрдім. Көзім жүк почтасын қабылдайтын қоймаға кіріп-шығып, шанаға жүк тасып жүрген егде адамға түсті. Түрі азият, азияттың ішінде қазақ сияқты көрінді. Қасына барып: «Қазақпысыз?»,– дедім. Қазақ екенін білген соң жөнін сұрадым. Сөйтсем,: «Среди гор, среди скаль, Александрия централь»,– дейтін атақты концлагерьдің жүгін тасиды екен. Аты-жөнін айтқысы келмеді. Соның арасынша екі-үш рет кіріп-шығып үлгерді. Дауысымды қатайтыңқырап сұрап едім: «Жастар сендер білмейсіңдер ғой. Мен – Мағжан Жұмабаев дегенмін»,– деді. Сол арада өзім оқулықтан жаттаған «Шал» деген өлеңін жатқа айтып бердім. Тағы да бір-екі жәшікті шанаға сап үлгерді: «Ә, мені ұмытпаған екенсіздер ғой. Біледі екенсіңдер ғой»,– деп кемсеңдей сөйлеп, өзімді сұрады: «Ә, Бауыржан Момышұлы деген сіз екенсіз ғой. Естігемін. Білемін»,– деді. Өтірік емес, шын Мағжан екеніне көзім жетіп, лагерінің командирін сұрадым. Сол арада поезд келіп, вокзал жабылып, сарт та сұрт боп кетті. Мен де асығыс маршалға рапорт беруге асықтым. Жарты сағаттан кейін жаңағы жерге келсем, әлгі шал кетіп қалыпты. Лагерьдің командирін танитын едім, қаладағы әскери кеңесте кездесіп тұратынбыз. Телефон шалып, Мағжан – қазақтың үлкен ақыны екенін, оны жеңіл жұмысқа ауыстыруын өтіндім. Ол келісті. Содан арада үш-төрт ай уақыт өтті. Әскери қарбаластан қол босамады. Бір жолы әлгі лагерь бастығын Новосибирьскідегі әскери кеңесте көріп қалып, өтінішімнің не болғанын сұрадым. Сонда ол: «Жерлес ақыныңнан айырылып қалдық. Сен тапсырғаннан кейін мен оны жеңіл жұмысқа – хат тасушы етіп ауыстырғамын. Көктемде Енесай өзенінің сеңі бұзылған кезде почта таситын қайық аударылып кетіп, суға кетті. Сүйегін таба алмадық»,– деді маған. Мұңайып мен қалдым. Міне, менің Мағжанның өліміне себепші болмадым ба – деп ойлайтыным осы, қарағым»,– деп сөзін аяқтады.
Тәуелсіздік жылдарында осы оқиғаны қаламгер Мамытбек Қалдыбаев та газетке жариялады, басылымға енгізді. Оқымысты ағамыздың Новосібірді мекзеп отырғаны сол жарияланым ба, жоқ, басқа басылым ба екен? Анығы бұл оқиғаға өз басым кәміл сендім және жастық аусарлықпен Шәкәрім мен Мағжан екеуін басты кейіпкер ете отырып 1978 – 1979 жылы «Жер – бесік» атты роман жаздым. Ол 1984 жылы жарық көрді. Сондағы Енесайға суға кетіп өлетін Саржан ақын осы Мағжан еді… Енді, міне, ол оқиғаны тағы да бір еске алудың реті келіп отыр.
Иә, шындығында да аңызға бергісіз ақиқат және естелік иесі қандай сенімді адам. Қай шындықты қабылдайсыз, оны патша көңіліңіз білсін. «Мағжан өлмепті!»,– деп жұмбақтап емеуірін танытқанымыз осы оқиға еді. Мағжанды еске алған сайын «Кәмилә» мен «Япурай» әндері жұмсақ мұңымен жүректі шымшылай сыздатып жүрді. Шындығында да Мағжанның рухы өлген жоқ. Бірақ тұншықтырып ұстағысы келгендер болды. Мағжан ақталған тұста Зылиха ханыммен соттасып, ол туралы лақап тарата жүріп шығармаларына алғысөз жазған бір кәрі ақын, Ш.Елеукенов ескертіп өткен жазушылар одағындағы комиссияда және алпысыншы жылы екінші хатшы боп тұрған кезінде: «Мағжанның шығармашылығы мәңгілік жарияланбауы тиіс»,– деп Орталық Комитетке және Қауіпсіздік комитетіне қарсы пікір жазды. Осы кітаптағы деректермен танысуға себепкер болған 1987 жылғы ақпан айында Жазушылар одағының төрағасы Олжас Сүлейменовтің кабинетінде өткен Қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары, С.Қ.Әбдірахманов бастатқан жеті полковникпен кездесуде генерал: «Мағжанның шығармаларын жариялауға біз емес, рұқсат бермеген сіздерсіздер. Сол кездегі екінші хатшы … қарсы болып, Мағжанды ешқашанда ақтауға болмайды деп қол қойған»,– деп әлгі қорытындыны оқып бергенде Сафуан Шаймерденов марқұм: «Не дейді?!. Әкау, ол да сондай ма еді?!»,– деп еш қымсынбастан жылап жіберіп еді.
Ұлт үшін ең қауіпті жау – іштегі жау. Оны не сүйкімдінің, не сүйкімсіздің қатарына қоса алмайсың.
Бұл үкім шыққан кезде Мағжанның атасы Жұмабайдың да, әкесі Бекеннің де (Бекмұхамедтің де) шаңырағы ортасына түсіп еді. Ғадылша Қаһарманұлының мағлұматы бойынша, Жұмабайдан қалған тұқым-тұқиянның барлығы, соның ішінде:
«Бекеннің 9 баласы түгелімен қуғынға түседі. Олардың басты айыптары – Мағжанның туысы болғандықтары. Мәселен, екі ағасы Әбәммүсілім мен Қаһарман, інілері Мұхамеджан мен Сәлтай «халық жауы» деген атпен тұтқынға алынды. Ал ең кіші інілері Қалижан мен Сабыржан 1930 жылы қырғыз ағайындарға барып, сол жақта қалып қояды… Осы Жұмабай әулетінен айдауда он жыл өмірін өткізіп, еліне қайтып келгені тек Мұхамеджан мен Сәлтай… Бекеннің тоғыз баласынан тірі қалған ешкім жоқ. Бекеннің ұл-қыздарынан ұрпақтар көп тараған, олар қазір Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Қарағанды, Ақмола және Ресейдің Қорған, Омбы, Түмен облыстарында, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Солтүстік Осетияда тұрады. Ағамыз артына тұяқ қалдыра алмаса да, өлмес мұрасы қалды»,– деп жазады бір өкініш, бір жұбанышпен.
Сөйтіп, Мағжанның қаны орыс, қырғыз, тәжік, осетин ұлттарының тамырында соғып тұр.
Иә, бір өкініш, бір жұбаныш. Әлмисақтан бері сүзіліп келген тұқымның текті үрімі, махаббатшыл сұлу сезім осылай, үзілді.