Мәннан Тұрғанбаев

Тұрсын Жұртбай «Ұраным Алаш»

Сол кезеңде қалыптасқан «дәстүр бойынша», тергеу хаттамасына аты ілінген адамның барлығы да түрмеге қамалып, сұрақ-жауап алынды. Сөйтіп олар тікелей айыпты болмаса да жанама куә ретінде қатыстырылды. Орта Азия басмашылары мен Ташкенттегі астыртын ұйымға еш қатысы жоқ, бірақ жалпы «Алаш» қозғалысына атсалысқан зиялылардың барлығы тұтқындалды. Солардың қатарында «Алашорданың» Семейдегі бөлімшесінің мүшесі ретінде Мәннан Тұрғанбаев та тергеуге тартылды.
Анкеталық анықтама: Мәннан Тұрғанбаев – 1886 жылы Семей губерниясы Қарқаралы уезі Абыралы болысындағы «Сарыапан» қыстағында туған. Семей медіресесінде оқығын. 1906-1910 жылдары ауылда халық мұғалімі болған. Уфадағы «Ғалия» медіресесіне 1910 жылы түсіп, 1915 жылы бітірген. 1917-1919 жылдары Семейдегі педагогикалық курстың меңгерушісі (анкетадан тыс анықтама: сонымен қатар 1917 жылы «Алашорданың» Семейдегі басылымы «Сарыарқа» газетінің редакторының орынбасары, 1918 «Алашорда» атты әскер полкінің жауынгері де болған), 1919 жылы Орынборда шығатын «Ұшқын» газетінің редакторы, 1922 жылдан бастап Семейдегі халық соты кеңесінің мүшесі, қазақ істері жөніндегі азаматтық бөлімнің меңгерушісі, төраға орынбасары, 1926 жылдан Қарқаралыдағы педучилищенің мұғалімі, 1928 жылдан қалалық оқу бөлімінің нұсқаушысы, одан кейін Қарқаралыда, ұсталғанға дейін Қапалда қызмет істеген. 1930 жылы 4 көкек күні тұтқындалған. Шаруа отбасынан шыққан. Өз еңбегімен күн көрген. Сотталмаған. Жылжымайтын мүлкі жоқ. Үйлі-баранды. Әскер қатарында болмаған (иә, солай көрсетілген). Кәсібі – мұғалімдік. Кеңес өкіметіне қарсы астыртын әрекетке қатыспаған. Ешқандай партияның мүшесі болған жоқ.
Мәннан Тұрғанбаевтің басты айыбы – Қарақаралыдағы Ә.Ермеков ұйымдастырған педучилищеде қызмет істегені болса керек. Тергеудегі шағын хаттамада одан басқа деректер көрсетілмеген. Оған қойылған сұрақтардың негізі Әлімхан Ермеков пен Жүсіпбек Аймауытов туралы болған.
«1931 жылғы 11 мамыр күнгі тергеу хаттамасы. «Алаш» партиясына мүше болғамын жоқ және «Алашордамен» ешқандай байланысым жоқ. 20-шы жылы Семей қаласында компартияның қатарына өттім (кімнің кепілдік бергені есімде жоқ), мен ұзақ уақыт іссапарда жүрген кезімде мүшеліктен шығып қалдым, қайтадан партияға кіруге ұмтылмадым. Партия ұйымының ережелерін орындай алмаймын деп ойладым. Сол үшін мені Аймауытов және басқалары қатты сөкті. Мен ол кезде „Қазақ тілі” газетінде Ғалифолла Ысқақовпен және Аймауытовпен бірге істейтінмін. Партияға мүше болмау жараспайды деген желеумен Аймауытовтың және Гурьевтың кепілдігімен мүшелікке өттім. Менің жоқ кезімде Аймауытов газетке редакторлық етті. Газет Губком мен губерниялық атқару комитетінің органы болатын.
Қазақ ұлтшылдарының ішінен мен „Алашорданың” Семейдегі Шығыс бөлімінде істеген Ермеков Әлімханды, Тынышбаев Мұхамеджанды, Ғаббасов Халелді, Ақбаев Жақыпты, Дулатов Міржақыпты білетінмін. Алайда олармен ешқандай байланысым болған жоқ. «Алашордашылар» Ермековті өте қатты сыйлайтын және ол ашық ықпалды тұлға болды. Оның үстіне ол таза қанды қазақ болғандықтан да үлкен сенімге ие еді. Оның ықпалы аса зор еді әрі тұрғындар оны өзге алашордашыларға қарағанда қатты қадірлейтін.
Сұрақ: Тұрғындардың арасынан Ермековті кім өте жақсы көрді: кедейлер ме, орташылар ма, немесе байлар ма?
Жауап: Барлық қазақ тұрғындары жақсы көрді. Мен де Ермековті ерекше сыйладым. Мынадай бір оқиға болды. 27-ші жылы мен Қарқаралы қаласында мұғалімдерді дайындау курсінің меңгерушісі болып жүрген кезімде Ермеков маған сабақтан 10-15 күн кешігіп келген інісін курсқа алу туралы өтініш етті. Мен тілегін орындадым.
Алашордашылардың маған жасаған әсері туралы. 21-ші жылы Семей губерниялық атқару комитетінің бөлімдерінде істейтін Марсеков, Ақбаев Жақып арқылы өздерінің адамдарын, мені де Қарқаралы уезінің сотына тағайындатты. Жұмысқа тағайындалған соң мен кеңес үкіметіне адал қызмет еттім, кеңес үкіметіне қарсы ешқандай дұшпандық әрекет жүргізгенім жоқ. Бұған мені жақсы білетін Тоқжігітов Шаймерден, Тоқтабаев Кәрім, Шынғалиев Абзал, Орынбаев Мұқаш, Сидалиев Асхат кепілдік ете алады.
30-шы жылдың сәуір айында Қарқаралыда тұрған кезімде Абыралы ауданының екінші ауылының тұрғыны Байдаров Сыдық (көшір) және Байсымақов Керімқұл Балқаш ауданындағы көтеріліске Ақбаев Жақып, Марсеков Райымжан және Әділов Ике жетекшілік еткенін айтты. Бұдан басқа көтеріліс туралы ештеңе естігемін жоқ, ешнәрсе білмеймін. Қапалда қызмет еткендіктен де ауылмен байланысым болған жоқ. Менің Семей мен Қарқаралыдан Қапалға ауысуыма ауылдасым Төленов Игіліктің орныма келуіне байланысты болды. Оны Абыралы ЕРКА-сінің төрағасы Шымшарин Хамит қолдайтын.
Өзімді ешнәрсеге кінәлімін деп есептемеймін және жоғарыдағы айтқаныма алып қосар ештеңем жоқ.”
Кездейсоқ жауапқа тартылған М.Тұрғанбаев тергеушіге қысқа да нақты жауап берген. Ә.Ермеков пен Ж.Аймауытовты әшкерелейтіндей айғақтар жоқ. Жақып Ақбаевтың тұтқындалуы Мәннан Тұрғанбаевтің көрсетіндісіне байланысты ма, жоқ па, ол туралы құжаттарды індете іздестірудің мүмкіндігі бізде болмады.
Тек ескерте кетеріміз, Жақып Ақбаев пен Әлімхан Ермековтің 1930 жылғы тәркілеуге қарсы көтерілісті ұйымдастырғаны туралы мағлұматтар көтеріліске қатысушы өзге де куәлардың тарапынан түсіп жатқан болатын. Ал Райымжан Марсеков пен Ике Әділевтің Балқаш ауданындағы көтерілісті ұйымдастырғаны жөніндегі Мәннан Тұрғанбаевтің айғағы екіұшты. Өйткені соңғы екі адамның алдыңғысы – сегіз жыл бұрын, кейінгісі бір жыл бұрын арғы бетке өтіп кеткен еді. Бұл көрсетіндінің, қалайда, құйынның бас көтеруіне түрткі болуы әбден мүмкін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *