ӘН АТАСЫН АЯЛАFАН АҚБҰЛАҚ

Сәтжан КӘРІПБАЕВ
ӘН АТАСЫН АЯЛАFАН АҚБҰЛАҚ

Есімі ел ішінен шарықтап, әлемдік деңгейге көтерілген қазақтың ән жұлдызы — Әміре Қашаубайұлының туғанына 120 жыл толған торқалы тойы әншінің кіндік қаны тамған Ақбұлақ ауылында аталып өтті. Салтанатты шараға берісі Абыралыны қойып, арысы Алматыдан ат арытып келген қадірлі меймандардың көп болғаны Ақбұлақ ауылының мерейін өсіре түскені анық. Мәселен, Республикалық «Әміре Қашаубаев естелігі мен мәдени мұрасы» қоғамдық қорының президенті, филология ғылымдарының кандидаты ақын Амандық Якуда, Ықылас Дүкенұлының атындағы музыкалық аспаптар мұражайының директоры көрнекті қоғам қайраткері Хасен Қожа-Ахмет, «Үркер» журналының бас редакторы, белгілі жазушы Қуандық Түменбаев, Ақбұлақ ауылының тумасы, талантымен танылып келе жатқан ақын,
«Тәрбие құралы» журналының бас редакторы Қайырбек Шағыр, тағы да басқа халық құрметіне ие азаматтар бас қосты. Сонымен бірге Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Құсмілия Нұрқасым, Семей қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Амантай Доғалақов, Семей қаласы әкімінің Абыралы өңірі бойынша өкілі Берік Көпбаев сияқты басшылар да той ортасынан табылды.
Ақбұлақ ауылындағы клуб үйінің ғимаратында өткен салтанатты жиналыста «Ән Ата» қоғамдық қорының директоры Құмар Ыбыраев Ақбұлақ ауылының ірге тасы қаланғанына 80 жыл және Әміренің мерейтойына қатысты мазмұнды баяндама жасады. Сөз реті келгенде айтқан жөн. Құмар Омарұлы – Әміренің тойын ұйымдастырумен бірге ауылдағы клуб үйінің халық игілігіне берілуі үшін аянбай еңбек етіп жүрген азамат. Ұлы әншінің өз дауысы жазылған пластинканы 1975 жылдан бері сақтап келе жатқан оның өнерге деген құрметі атап айтуға тұрарлық. 1974 жылы белгілі өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрімнің мұрындық болуымен Мәскеуден шыққан бұл пластинканы жиналған қауым сүйсіне тыңдағаннан кейін өлмес жәдігер жаңадан ашылған Әміре Қашаубайұлының мұражайына тапсырылды. Ақбұлақ ауылында тұратын қарт ұстаз С. Мусин пластинка ойналатын радионы қоса табыс етті.
Семейге қарағанымен шалғайда орналасқан ауылда болса да Ақбұлақтықтар Әміренің тойын жоғары деңгейде өткізуге белсене араласқаны байқалып тұрды. Әсіресе, мұражайға қойылған фотоқұжаттар, Әміре жайында жарық көрген кітаптар, әнші домбырасының үлгісімен жасалған домбыра, тағы да басқа тарихи жәдігерлердің мұражай төрінен табылғаны қуантады.
Әншіге арналып ас берілгенде Бекен Исабаев, Қабдырахман Қабдоллин, Қалихан Сағатбеков сияқты шежіреші қариялар тартымды да тағылымды естеліктерін айтты. Сонымен қатар Ақбұлақ ауылының тумасы, кеңестік алғашқы сүңгуір қайықтың теңізшісі болған бірінші қазақ Біләл Мұқашовқа да жерлестері үлкен ілтипат білдіріп, құрметпен қарсы алды.
Бұл аста Әміренің аталас туысы Бегайдар Халиевтің естеліктері жұртқа аса құнды деректер берді.
Астан соң Абай ауданының ауылдарынан және Абыралы өңіріне қарасты ауылдардан жүйрік аттарын суытып әкелген атбегілерге бәйге берілді. 5 шақырымдық тай жарысынан бастап 30 шақырымдық ат бәйгелеріне үш орыннан сыйлық белгіленіпті. Тұлпарларының тұяғы сүрінбей мәреден алғашқы лекте өткендердің барлығы да бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл күн ақбұлақтықтар үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды десек те, алдағы уақытта да шешімін күтіп тұрған мәселелер жетерлік екенін айтпасқа болмайды.
Мәселен, клуб ғимараты әлі күнге дейін иесіз күйде қалып келеді. Келешекте бұл мәдени нысанды қалалық мәдениет бөлімінің қарауына берілуі қаралу үстінде. Егер қала әкімі бұл жөнінде арнайы шешім шығарса, халық тілегі жүзеге аспақ.
Әміре тойының ажарын кіргізген әншілер өнерін де көпшілік үлкен ықыласпен тамашалады. Кезінде талай рет аталып өткен Әміре Қашаубаев атындағы республикалық әншілер байқауы жұрт есінде болар. Сол байқауларда топ жарған Бақыт Үдербаева, Келденбай Өлмесеков, Тұрсынғазы Рахимов, Толғанбай Сембаев сияқты ұлттық өнерді ұлықтаған әншілер лайықты өнер көрсетті. Сонымен бірге
«Қайнар» халық театрының әртістері қойған «Парижден келген домбыра» атты қойылымды да ел сүйсіне көрді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *