ӘНШІ ӘМІРЕ

Елубай ӨМІРЗАҚОВ
ӘНШІ ӘМІРЕ

…Сол жылы Ташкентте болып, Қырғызстанды аралап шықтық. Біздің бетке ұстарымыз – Иса мен Әміре, 1926 жылы Қызылордадан Алматыға гастрольге келдік. Алғашқы театр саңлақтарының атақтары жайылып-ақ кеткен екен. Келген күні жұрт кірерге орын тапай, есік-терезеден сау қалғаны шамалы болды. Осылайша Алматы жұртшылығымен де таныстық. Біздерді халық соншалықты мейіріммен құшақ жая қарсы алды. Әрі-беріден соң маңайдың еш жерінде бізсіз ойын-сауық өтпейтін болды. Әрқайсысымызды өтілетін жиындарға шақырып апаратын болды.
Өлке жұртшылығымен кеңірек танысу үшін төрт пар атты жегіп, Құлжа жолымен Қарқара жәрмеңкесіне жол тарттық. Екінді кезінде ара қонып, «Еңбекші қазақ» ауылына келіп түстік. Ауыл адамдары қуана қарсы алды. Алдына кілемдер жайылған, қатар тұрған екі ақбоз үйге түсірді. Қой сойылып, сары қымыз сапырылып жатыр. Жер ошақ басындағы екі әйел:
– Келін-ау, бұларды Үміт үйіндегі қайнаға Алматыға барғанда көріпті. Қызылордадан келе жатыр. Шеттерінен өлеңші өнерпаз дейді, – деп бір-біріне естіген-білгенін жеткізіп жатыр.
Жұрт жинала бастады. Көрші ауылдардан аттылы, жаяу жұрт осылай қарай ағылды. Жиналғандардың ортасына барып, Иса домбырамен зулата жөнелді. Ауыл бейнесін, жер көркін, халықты өрнекті өлеңмен суреттеп отыр. «Не деген жігіт, көзі ойнап тұрады екен». «Ақын болу керек, егер ақын болса, талайды жеңген ақын болар. Төре қызбен айтыстырып көрсек қайтеді?» – деген сыбыстар естіліп жатты. Әміре «Қанапияға» басты, Құрманбек өзбектің «Ғайра-ғайра» әнін гармоньға қосылып шырқады. Қалыбек «Қыз ұзатуды» айтып, Мәжит Дәулетбаев өз өлеңін оқып, Серке күлдіре бастады. Мен де қарап қалғаным жоқ. Бұрын мұндайды көрмеген жұртты Иса мен Әміре естерінен тандырды. Әміре домбыраға да, гармоньға да қосылып, әнге басып, халық көңілін көтеріп тастады.
Содан соң біз Қарқараға келдік. Мұнда Ораз Жандосов бір топ адаммен қарсы алды. Екі ақ боз үй тіккізген, неше түрлі әшекей, босағада қара саба күмпілдеп тұр. Бір кварталдай жер қоршалып, ойын қойылатын жер дайындалған. «Ау, жігіттер, бәрің де демалыңдар, ертең 1916 жылы патша жауыздығынан қаза болған жолдастарға ескерткіш қоямыз», – деді Жандосов. Жақсылап дем алғаннан кейін әрқайсымызға бір сәйгүліктен алып келді. Базардың о шеті мен бұ шеті көрінбейді.
Біздер, онда барғандар – Қашаубаев Әміре, Байзақов Иса, Қожамқұлов Серке, Абдуллин Әбілқай, Оспанов Жүсіпбек, Қуанышбаев Қалыбек, Жандарбеков Құрманбек, Дәулетбаев Мәжит, Әшкеев Латиф, Өмірзақов Елубай, Атабаева Зура, Айжан, Жамал, Балқия.
Жәрмеңке дуылдап тұрған кезінде:
– Уа, халайық, тынышталыңдар! Ораз Жандосов сөз сөйлейді, — деп біреу жар салды. Жұрт абыр-сабыр боп сол маңға жиналды. Ұзын бойлы қапсағай қара торы кісі мінбеге көтерілгенде иін тірескен халық сілтідей тына қалды. Оның ел арасындағы беделі, шіркін, адам айтқысыз еді ғой.
Жолдастар! –деді ол сөзінің қорытындысында – азаттық бізге өздігінен келген жоқ. Талай ардагер азаматтардың қаны төгілді. Талай жас, тап тартысында қыршынынан қиылды. Кешегі 1916 жылғы көтеріліс кезінде осынау Қарқара өңірінен қақ сойыл ұстап, қас дұшпанға қарсы аттанған қалың көптің талайы патшаның жазалаушы отрядтарымен айқаста құрбан болды. Арманда кеткен азаматтарға белгі болсын, осынау жиналған қалың ағайын, аттылың атты, жаяуың жаяу, анау шоқыдан көтергендеріңше тас әкеліп, мынау араға үйіңдер, «көп түкірсе көл» деген, кәне, осыған не дейсіңдер? – деп айналасына байыптай қарады.
– Бәрекелді, табылған ақыл!
– Е, ата-бабамыздан келе жатқан жоралғы ғой.
– Қыршын кеткен боздақтардың аруағы риза болсын! Жиналғандар қоржынның екі басын толтырған, кейбіреулері екі қапты толтырып, түйеге, есекке, өгізге, атқа артқан, жаяу адамдар, балалар мен әйелдер ту қадаған жерге қаптады. Ораз өзі қалай қадауды көрсетіп тұрды.
Тас көтерген жұрт сегіз көшедей тізілген десем, өтірік болмас. Босағандары аттылы, түйелі болып, қайтадан қаптарын толтырып, кезекке тұрады.
Көп қол қояр ма, лезде биіктігі екі қабат үйдей екі оба үйілді. Оған «Ереуілтөбе» деп ат қойдық. Ораз шығып сөйлегенде, шешендігіне жұрт таңғалды. Иса шығып, қаза тапқан ерлерді өлеңмен еске түсіргенде, жыламаған жан болмады. Қайтып келген соң Ораз: «Ал, жігіттер, бізде қаладағыдай электр жоқ, ойындарың дайын, ойын көрсету тәртібі қалай болады?» — деді.
Қалыбек тұрып: «Кешеден бері ойын қоятын жерді көріп ризамыз. Ойынды сағат алтыда бастаймыз, күн бата аяқтаймыз.
Жолға дайындалған арнаулы киіз үй бар. Соны тігеміз. Серке «мынау менікі, мынау сенікі» деп, бәрінің киімін үлестіріп береді. Құрманбек гримдейді. Дүйсенғали бізге көмектесіп күлдіріп жүреді», – дейді.
Оңғарбаевті біресе Бозапай, біресе Сапақбай салма деп, екі қолын қалтасына салып тұра бергендіктен айтса керек. Жалпы дайындықтан соң, Серағаң: «Ал, жігіттер, жігіт келсе, қыз дайын», — деп шығады.
Қалыбек Әміреге: «Ал, жалпақбас, бас бір әнге! Халықты үйретіп алайық!» – деуі мұң екен, ол іле жөнелді.
Әміре әнінен соң базар жақтан шапқан аттылардан шаң көтерілді. Түйеге мінгескен, өгіз, есекке мінгендері бар, жаяу аралас қоршауды қиратып кетті. Ойын халыққа мейлінше ұнады. Біраз болғанымызда халық үнемі үздіксіз қаптап келіп жатты. Келетіндер: қазақ, ұйғыр, орыс, қытай сияқты ұлттың өкілдері. Олар Әміре мен Исаны қайта-қайта шақыратын.
Жандосов жолдастарымен жақын отырған ауылдарға апарып, қонақасы беріп жүрді.
1930 жылы Түрксіб бойын аралап, одан соң Семейден пароходпен Риддерге барып, содан оралып, Исаның ауылына бардық. Содан соң, екі бөлініп, бір жаққа бірсыпыра адаммен Жұмат Шанин кетті. Орынбек Беков бастаған топта Қалыбек, Күләш, Боброва, Құрманбек, Иса, Әміре және мен болдым…

***
1925 жылдың жазы…
Біз оқып жүрген ағарту институты Орынбордан Қызылордаға көшіп келіп, Қазақстанның жаңа астанасына орналасқан кезі еді. Өлең мен өнерге әуес бір топ талапкер халыққа анда-санда концерт көрсетіп қоятынбыз. Кісі неге әуес болса, соған құлағы түрік болатыны белгілі ғой, «пәлен жерде пәлен ақын, пәлен әнші бар екен» десе, елеңдеп, соны көргенше ынтығатынбыз. Бір күні әнші Әміре Қашаубайұлы Парижге барып, бәйге алып келіпті деген сөз дүр ете түсті.
Әміренің Семейде екенін әбден білетінбіз, бірақ сол әнші Францияға барып, бәйге алып, Қызылордаға келеді деген хабар бізді қатты толғандырды. Өйткені, бұл қазақ әншілерінің өзге елге шығып, ән салып, жүлде алғандарының тырнақалды тұңғышы еді. Сондықтан енді Әмірені көргенше асықтық. Біздің бағымызға қарай, «Еңбекші қазақ» («Социалистік Қазақстан») газетінің бес жылдық тойы болатын болды да, Сәкен мен Бейімбет мені шақырып алып:
– Домбыраңды ала кел, кешке концертке қатысасың, — деді. Көктен тілегенімізді жерден бергендей болып, жүрегіміз алып ұшып, кешке жұрттан бұрын бардық.
Даңқы жер жарған Әміре еңгезердей адам шығар десем, қаршығадай ғана ақ сары жігіт екен. Қасына келген кісілерді тұңғыш көріп тұрса да, бірге туған бауырындай, «ағатай, інішек, қарындас» деп бауырына тартып әкететін мейлінше ұтымды, кішіпейіл адам екен. Жазық ақ маңдайынан, аздап көкшілдеу ойнақы көздерінен, жылы жүзінен көзімізді ала алмай-ақ қалдық.
Ойынды жүргізіп жүрген Жұмат Шанин сахнаға шығып, қазір Әміре Қашаубайұлы шығады дегенде, залдағы жұрт ду қол шапалақтап, құрмет көрсетіп, бірнеше минут бойына айтатын әннің атын айттырмай қойды.
Ең алдымен орындайтыны «Қанапия» дегенде, одан бетер қызып кетті. Тап әдеттегі күйі жымиып сахнада тұрған Әміре үш отырып, үш тұрып, әлден уақытта зал тынышталған соң барып домбыраны сарнатып тартып-тартып жіберіп,
«Қанапияға» басқанда, театр үйін төңкеріп кете жаздады. Тыңдаушысын тапқан, бабына келген, шабытына қонған құдіретті Әміре барған сайын шырқап, бүкіл залды бір тарының қауызына сыйғызғандай болды. «Үш дос», «Смет»,
«Ағашаяқ» бірінен-бірі асып түскен, бойды балбыратып, еркіңді алып, қалаған жағына сүйрей берді…
Әсем әннің әуенімен еліккен мен аузымды ашып отыра беріппін. Жұмат келіп: «Елубай, енді сенің кезегің», – дегенде, шошып оянғандай селк ете түстім. Сахнаға шықсам да, лүпілдеген жүрегімді баса алмай, өзімнің күлдіргі
«Нақ-нақ», «Кербесті» әндерімді, Сәкеннің «Сарыарқасын» амалдап, ышқынып айтып шықтым. Шымылдықтың сыртына шыққан соң, Әміре иығымнан қағып:
– Қарағым, талабың жақсы екен, жұрттың шегін қатырдың ғой, – деді.
Ұлы әншінің осындай ағалық қамқорлығына қуанып кетіп:
– Ойбай, аға, мен көп әнді айта аламын, тек домбыра жағына шалалаумын, — дедім.
– Гармоньға қосыла аласың ба? – деді Әміре. Мен үндемедім, өйткенім – шиқылдап қаламын деп сескендім.
Үзілісте Әміре мені сахна сыртындағы бөлмеге ертіп келді де, он сегіз пернелі гармоньды ала салып тартып-тартып жіберді.
– Кәне, айтатын әндеріңді айтшы.
Атадым. Әміре «Зулатшы-ай», «Жаяу Мұса», «Жастар»,
«Маусымжанды» екі-екіден жандыра тартып шықты. Саусақтары-ай сабаздың. Перне басқанда көз ілеспейді екен.
Екінші бөлімде Әміре домбырамен, гармоньмен сегіз- тоғыз ән айтты. Мен де гармоньға қосылып айтып бердім. Жүрексініп едім, шүкір, жұрт жақсы қабылдады. Әміренің маған тиген алғашқы шарапаты сол – содан бастап әндерімді нотаға түсірте бастадым.
Тап сол кеште Әміре отыз-отыз бестей ән салды. Той өтті. Әмірені пойызға мінгізіп, Семейге шығарып салып, жатақханаға келіп, ұзақ ойладым. Әмірені ойладым. Әсем әнін ойладым. Адам баласының осынша үнді өнерпазы болатынын ойладым. Ол кешегі мешеу қалып, бүгін теңелуге бет бұрған қазақтан шыққанын да ойладым. Неткен тамаша! Қандай мақтаныш!
Тап сол жылы Қазақстан өкіметі Қызылордада қазақтың ұлттық театры ашылсын деп қаулы алып, комиссия құрды. Талантты талапкерді театрға шақырған жарнамалар жарияланды. Сонда Әміре Қашаубайұлы, Иса Байзақұлы, Қалыбек Қуанышбайұлы, Латиф Әшкейұлы, палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Құрманбек Жандарбекұлы, Серке Қожамқұлұлы арналып шақырылды.
Сол жылы Қазақстанның бесжылдық мерекесі болып, тұңғыш рет ойын қойып, жұртшылықтан жақсы баға алдық. Бұл жайт біздің рухымызды көтеріп, талабымызды өршітті. Шақырылған жолдастар келіп орнықты. Оларға ағарту институтынан әдейі босатылған Әбілқай Абдоллаұлы, Иса Байзақұлы, Қапан Бадырұлы, Жүсіпбек Оспанұлы, Сейфолла Байқожаұлы, сосын мен қосылдым. Мен бұл естелігімде белгілі басқа жолдастар туралы көп айтпай отырғаным – олардың әрқайсысы бір үлкен әңгіме. Әміре әнші ғана емес, тамаша актер да еді. Оның орындаған басқа рөлдерін айтпай- ақ, тек «Еңлік — Кебектегі» Жапал мен «Зарлықтағы» шалды алсақ, Әміре жасаған осы тамаша образдар әлі күнге көз алдымда.
Әміренің мінезі жас баланың мінезіндей қызық еді. Алдағанға нана беретін. Айтса тыңдайтын. Аңқау да, арлы да адам еді Әміре. Қарқара жәрмеңкесіне алғашқы ойын көрсеткен күні: «Жұрт көп жиналсын, алдымен сен шырқап ән сал», — дедік. Тіл алғыш баладай елгезек Әміре айқайға басты-ай кеп. Ән біткенше, сары масаның ызыңы естілгендей тып-тыныш еді. Әміренің шарықтаған әсем әні аспан кезіп келіп, төмен сорғалап барып, аттары бәйгеден келгендей у-шу болды.
– Ой, көп жаса!
– Сені тапқан шешеңнен айналайын!
– Уа, бәрекелді, шырағым! – деген алғыс сөздер, ақсақалдардың айғайы айналаны азан-қазан қылды… Осыншама құрметке жасынан-ақ бөленсе де, Әміре шарасынан аспайтын әдепті жан еді.
Әттең не керек, Әміренің таңғажайып дауысы, ғаламат әндері кезінде не пластинка, не пленкаға түспей қалды. Бірер әні Парижде сақталған деген қауесет бар. Қазақ халқының игілігі, кейінгі ұрпақтардың игілігі үшін сол мұраны республикамызға жеткізсек, қаншама алғысқа бөленген болар едік.
(«Ұстаздарым – достарым» кітабынан, А. «Жалын», 1976 ж.)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *