ӘНШІ ӘМІРЕ

Қалибек ҚУАНЫШБАЕВ:
«Әміре ән салғанда қандай күшпен, айғаймен бірнеше әндер айтқанда, түсі бұзылмас еді. Күшпен айтатын әндердің алдында демін бір-ақ жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып алып, үнемдеп шығарып, көпке дейін дем алмайтын. Әміре әнді ылғи сүйіп, ұнатып, өзі әнге ғашық болғандай айтатын».

Ахмет ЖҰБАНОВ
ӘНШІ ӘМІРЕ

Советтік Қазақстанның атағын жер жүзіне жайған, дарынды әнші, социализм мәдениеті дауылпаздарының бірі — Әміремен А.Затаевичтің «500 қазақ ән-күйі» деген кітабы арқылы таныстым. Онда Әміре оннан аса небір шұрайлы әндерді беріпті. Бірінші қарағанда, Әміре үнемі тек шұрайлы әндерді ғана таңдап айта ма екен деген ой келді. Бірақ, шындығына келгенде мәселе басқада болса керек. Жақын арада болған бір әңгімеде Әміремен көп жолдас болған адамның бірі М.Әуезов: «Әміре ойдағы бір «арық» әндерді де «семіртіп», жұтындырып, құлшындырып жібереді. Кәдімгі ауылда біз естіп, менсінбей жүретін әндер Әміренің аузына түскенде құлпырып сала беретін еді. Бұл жағынан Әміре тек орындаушы емес, композитор да еді, ол әндерді шын мағынасында өңдеп жіберетін еді», — деді. Мұқаңның бұл сөзінің жаны бар екендігін жоғарыда айтылған Әміренің Затаевичке берген әндері дәлелдейді.
Сол кітабының түсіндірмесінде Затаевич Әміренің асқан әнші екенін, оның даусының әрі күшті, әрі музыкалық жағынан аса икемді екенін айта келе, Әміренің тынысының ұзақ та мол екеніне ерекше назар аударады. Жүздеген қазақ әнін жазып, небір саңлақ әншілердің орындау манерасымен жете танысқан Затаевичтің Әміренің тынысын ерекше көрсетіп кетуі де кездейсоқ нәрсе емес болып шықты.
Мен Әміре туралы 1931 жылы Ленинградтан Алматыға бірінші рет келгенімде естідім. Драма театры ол кездерде үнемі концерттер беріп тұратын. Айта бастасақ, ол концерттердің өзі бір әңгіме. Міне, сол концерттердің бірінде Әміре шықты. Ол «Ағашаяқ», «Қорлан», «Үш дос», «Дудар- ай» әндерін айтты. Халық ұзақ қол соғып, сахнадан жібермей көп ән айтқызғаны әлі есімде. Ол кезде мен Арқа әндерін жете түсінетін едім деп айта алмаймын. Сонда да Ленинградта оқып жүргенде Әлкей Марғұлан өзінің кішкене даусымен грек домбырасына қосылып, басы «Әупілдек» етіп, Арқаның біраз әнін айтып беріп, мені недәуір «дайындаған» болатын. Сондықтан ба, жоқ Әміренің ән айтуының ерекшелігі ме, мен ол күні бұрын-соңды еш уақытта есітпеген әншіні тыңдадым деуге болады. Екінші рет 1933 жылы музыка- драма техникумының бір класына Әміре келіп, сонда бетпе- бет, оңаша отырып тыңдадым. Ол кездерде Әміренің даусы бұрынғыдан бәсеңдегендеу кезі еді деседі. Бірақ, мен Әміре- нің оншақты әнін тыңдап, одан тоқырауды, бәсеңдікті таба алмадым. Әміренің ән формасын жақсы түсінуі, дыбыстың өсуі мен бәсеңдеу кезеңдерін өте нәзік түрде беруі, драмалық әндер мен лирикалық әндердің ерекше қасиеттерін айырып айта білуі неше түрлі өрнектер, иректер, әшекейлер енгізуі, бірде самғап аспанға шығып, біресе құлдилап төмен түсіп, біресе кербез, мың бұралған дыбыстар шығаруы, кімді болса да таңғалдырған болар еді. Осы кездесуде Әміре оқып жатқан қазақ жастарын көріп: «Мен болсам, оқи алмай қалдым, менің Күләнім мен Күләшімді музыкаға берсем деп жүрмін», — деп, үлкен бір әкелік мейіріммен айтқан сөздері әлі күнге құлағымда. Осы бір кездесуден кейін Әміремен оңаша отырып сөйлесе алғаным жоқ. Бірақ сол әңгіме ішінде біраз музыкалық сырлар шертілді.
Әміре концерттерде ән салып, спектакльдерде рөлдер ойнады. Әміренің «Еңлік-Кебектегі» Жапалын көрген жұрт осы күнге шейін аузынан суы шұбырады. Өйткені Әміре тек әнші ғана емес, жақсы әртіс те болатын.
Қазақстанорталығы Алматығакөшкенде Әміре де театрмен бірге келді. Мұнда көптеген рольдерде ойнады. 1934 жылы музыкалық театр құрылғанда Әмірені театр труппасының қатарында көрдік. «Айман – Шолпан» пьесасында Әміре Жарастың рөлін естен кетпестей етіп ойнады. Бұл кездерде ол сахнаға әбден кәнігі болып алған-ды. Көруші жұрт Әміренің әні мен ойынын бірдей бағалайтын. Өйткені Әміре Арқаның ән байлығын меңгерген, Біржанның, Ақанның, Жаяу Мұсаның, Абайдың небір әсем әндерін жеріне жеткізе орындайтын. 1934 жылдың күзінде Қазақстан халық ағарту комиссариатының үйінде Әміре, Темірболат, Манарбек, Қуан, Жүсіпбек, Ғарифолла, тағы басқа әншілер жиналып, алдағы уақытта Алматыға келетін граммофон пластинкасына ән жазатын бригаданың әзірлік жұмысы туралы әңгіме болып, алдын ала тыңдау есебінде бірқатар ән тыңдадық. Сол күні Әміре аса бір бабында екен. «Екі жирен», «Әудем жер», «Қос барабан», тағы бірнеше әндер айтты. Тыңдаушылар Әміренің ол күнгі орындауына таңғалды. «Шығармашылық ызаға мініп келген болу керек, бірнеше күн баптанып келген сияқты, бүгін Алматының бар ауасын тамақ «қалтасына» толтырып алған болу керек», — деген дауыстар әр жерден шығып кетті. Қазақстанның әр түкпірінің әнін тыңдап, енді-енді дәмін алып келе жатқан мен сияқтыларға бұл күн тарихи бір оқиға болды. Қоңыр дауысты, баппен айтатын Темірболат, салған жерден әнді аспанға көтеріп кететін Қуан, ән нотасынан сахараның үні естілетін Манарбек, әнді еркелетіп, уілдетіп жіберетін Жүсіпбек, жоғарылаған сайын даусы аңқи беретін Ғарифолла – осылардың бәрінің де қайталанбас орындаушылық өнерлеріне тиісті бағасын бере отырғанда да, ол күнгі Әміре бір төбе болып тұрады. Бақсақ, ол — әншінің соңғы қоштасу үндері болып шықты. Көп ұзамай сол күзде Әміре қайтыс болды. Үлкен өкініші сол – оның үні грампластинкаға жазылмай қалды. Әміре әндерін машығына келтіріп орындайтындар: Жүсіпбек, Манарбек. Олар Әміренің репертуарын көздерінің қарашығындай сақтап, орындап жүр. Әміренің аты да, әні де өлмейді.
Қазақтың талантты жазушысының бірі Қайнекей Жармағанбетов осыдан бірнеше жыл бұрын Әміре туралы повесть жазды. Жазушы онда совет сахнасының көркі болған, қазақ музыкасын әлемге танытқан әншінің образын берген. Соңғы кездерде біздің жазушыларымыздың осындай шығармаларға назар аударуы қуанарлық нәрсе. Сәуірбектің «Динасы», Хамиттің «Құрманғазысы», Н. Ановтың «Ән қанаты» – бұл жолдағы игі қадамдар. Енді музыка зерттеушілерімізден халық Әміре, Қосымжан, Қали және басқа советтік Қазақстанның музыка мәдениетіне үлкен еңбек сіңірген адамдары туралы үлкен-үлкен монографиялар жазуларын күтеді. Сонымен қатар қаламы өткір, музыканы жақсы көретін жазушыларымыз, ақындарымыз әнші- күйшілердің өмірлерін үлкен шығармаларға арқау етіп қағазға түсірсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Әміре жасайды, ол жасауға тиіс.
(«Ән-күй сапары» кітабынан. А. 1976).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *