ҚАТЫН ҚЫЛЫП АЛУҒА ШАРИҒАТ ҚОСПАЙТЫНДАР

ҚАТЫН ҚЫЛЫП АЛУҒА ШАРИҒАТ ҚОСПАЙТЫНДАР
Кітабынан басқа кәпірлердің ұрғашыларын алуға болмайды (кітабы деген бұрынғы Тәурат, Інжіл, Забур деген кітаптардың бірінің шариғатыменен жүргендер — жүһіддер сықылды) және өз шешесі, өгей шешесі, шешесінің шешесі, қанша жоғары болса да, солар арам және өз қызы һәм қызының қызы, баласының қызы, немересінің қызы, қанша төмен болса да, бұлар арам және бірге туысқан аға-інісінің, апа-қарындасының қыздары, ол туысқандарының шешесі, басқа әкесі бір болса да, яки әкесі басқа, шешесі бір болса да, солардың қыздары һәм қыздарының қыздары, ұлдарының қыздары, қанша төмен болса да, олар арам және ол бірге туысқан апа-қарындастарының өзі де арам және қатынының шешесі, оның шешесі, қанша жоғары болса да, ол арам және әкесіменен туысқан қыз шешесі бөлек болса да, яки әкесі бөлек болса да, сол арам. Есебі екеуі де немере болса, шариғат қосады. Егерде біреу ата баласы болса, біреу немеренің баласы, яки оның да баласы болса да қоспайды және қатынының бұрынғы байынан туған қыз, яки өзінен шыққан соңғы тапқан қызы, яки байсыз күнінде ойнастан тапқан болса да, сол қыз арам және ойнас болған ұрғашысының тұқымы арам және баласының қатыны, немересінің қатыны, қанша төмен болса да, арам және баласына жас күнінде айттырған қызды баласы алмай қойса да, яки баласы өліп қалса да, яки қыз тимей қойса да, сол арам. Бұл жоғарғы айтылған жақындықпенен арам болғандар сықылды, сүт еміскенменен де сондай емшектес жақындары да арам болады және бірінің-бірі әбүйірін ұстасқан бір еркек бір ұрғашының бірінің тұқымы біріне арам және әбүйірін ашып көріскендердің де бірінің тұқымы біріне арам. Есебі — қылысқан, әбүйірін ұстасқан һәм әбүйірін көріскен бір еркек бір ұрғашының бірінің тұқымы біріне арам болады және осындай не жақындықпен, не сүт еміскенмен, не ұстасып, көріскенменен арам болғандардың екеуі де ұрғашы болса — біреуін еркек қылып ойлағанда бірі біріне арам болса — ондай екі ұрғашыны бірінің үстіне бірін алып, бір кісі қатын қылып тұруға болмайды. Біреуі өлсе, яки біреуін талақ қылып шығарса сондай болады және әмеңгерім, жесірім деп бір жақынының қатынын байы өлген соң, яки шығарған соң ықтиярсыз зорлықпен алуға болмайды. Аятта: «ла йахил-лу лакум ан тарисун-нисаға кархан» — деген, мағынасы: адал емес сіздерге ұрғашыларды мирас деп зорлықпенен алмақ деген.

Ш.Құдайбердіұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *