Қанабек БАЙСЕЙІТОВ
«ҚҰШТАР КӨҢІЛ»
Мен Манарбектің әншілігін өте жоғары бағалаймын. Қазіргі жастар қазақтың атақты әншісі Әміренің дауысын елестетіп байқай алатын бірден-бір дауыс Манарбектікі деп білем. Ол — Әміреден тікелей үйренген, соның үлгісінде ән салатын және көбінесе соның әндерін айтатын әнші. Өзінің әуелгі білетін әндері өз алдына, оның соңғы кездерде көп айтқан әндерінің біразы – Әміренің өз аузынан үйренген әндер.
Брусиловский Әміреден төрт-бес ән алды, тіпті, Затаевич- тің жинағында бар әндердің де бір-екеуінің айтылуы өзге- шелеу екен деп қайта жазды. «Қос барабан», «Ақ-құм», «Көк көбелек», «Жиырма бес» тағы бірер әндер сол Әміренің айтуынан алынған.
Әрқашан еске аламын. Жұмысшы жастар театрын басқа- рып жүрген күндерімде де Қызылордада құрылған тұңғыш драма театрын бір көрер ме еді деп қатты құмарттым. Театр жайлы, театрдың артистері туралы «Еңбекші Қазақ» газеті әр кез жазып тұратын. Әсіресе аттары аңыз боп көп айтыла- тын да, көп жазылатын да Әміре мен Иса еді. Басқалар құсап мен де сол екеуін көрсем, ән айтқандарын естісем деп аңсадым. Ол арманым кейін астанамыз Қызылордадан Алматыға көшкен кезде барып жүзеге асты. Әміремен де, Исамен де бір театрда болып біте қайнасып кеттік.
Мен – Әміренің өзін де, әнін де өте жоғары бағалайтын адаммын. Қулық-сұмдығы, кісіге арамдығы жоқ жан еді. Ешкіммен ренжіспейтін, біреу қатты сөз айтып жатса, қыңқ етпей көтеретін, сол жуастығымен жеңетін. Әнді аса бір шабыттана айтқанда, тамақ тұсы басымен бірдей болып кеткендей көрінетін, ісініп кеткендей әсер етуші еді. Қазақ жерінің кеңдігін, жанының сұлулығын айқын сезіну үшін кімге де болса Әмірені тыңдау қажет-ақ.
Кезінде, ұмытпасам, 1924 жылы Семейде әншілердің үлкен жарысы болған. Сонда Әміре Қашаубаев пен Қали Байжановтың қайсысы бірінші деген талас болған. Қалидың даусы күшті болғанмен, Әміренікі әсем еді. Сол жарыста бірінші, екінші бәйгені екеуі тең бөліседі. Әттең, ертелеу өліп кетті, өзі жоқ болған соң, ол жайлы әңгіме жастарға аңыз тәрізді көрінетін де шығар, кім біліпті. Тыңдап көрмеген адамға оның қандай әнші болғандығын қайтіп түсіндіруге болады? Дәл мынандай салатын еді деп кімді айтарсың. Бір жақын тұрса, оған бәлкім, тек Манарбек марқұм ғана жақын тұрар. Бірақ ол да Әміре емес қой. Тегінде, Әміредей әншіні әркімге теңестіріп әуре етпеген де дyрыс. Оның дауыс әсемдігін, ән айту шеберлігін кезінде Затаевич те көп жазған, тіпті: «Оның ауылда болмай, қалаға келіп тұрақтануы даусының зорлығын бәсеңдетуі мүмкін», — деп қауіп те айтқан болатын.
Адамдар, әсіресе өнер адамдары өз қатарластарын оңайлықпен мойындай қоймайды ғой; бірі мойындаса, бірі қыңырайып, бірауыздан жоғары баға бере салмайды. Ал Әміре жөнінде ондай ары тарт-бері тарттар болған жоқ. Жақсы әншімін дегендер де, орта әншілер де – бәрі Әмірені ұстаз тұтып, одан бұрын ән салуды әбестік санайтын. Оған әншінің жұмсақ мінезі де біршама себеп болған шығар, бірақ негізгі себеп — Әміренің теңдессіз әнші екендігі. Ән оның стихиясы еді. Соншалық әндердің ішкі-сыртқы әдеміліктерін келтіріп, мән-мағынасын ап-айқын етіп айтқанда, «мына Әміре мұнша ақылдылықпен қалай айтып отыр өзі?» деп таңғалуға болатын еді. Оның былайғы өмірі жай өмір дағы, нағыз өмірі ән салған кездегі өмірі деп білем.
Әміре десе, оның жолынан қай қазақ дүниесін аяп қалушы еді?! Ең сараңының өзі әйтеуір бір сый көрсетіп қалуға тырысатын. Жалпы, халық оған сый көрсетуге таласатын, алғысын білдіруге асығатын. Аса жақсы көретіндігімізді аспен білдіріп әдеттенген елміз, Әміреге де сөйтіп: бірі қымызбен, бірі арағын аямайтын. Ал, сыйлап тұрған жұрттың меселін қайтару Әміренің де әдеті емес-тін, соның арты барып кейде ауырлау жағдайларға соғушы еді. Одан ерте айырылып қалғанымызға өзіміз де кінәліміз бе, кім біледі. Қандай жақсы сый болмасын, оның да шекарасын білу біздер үшін әлі күнге дейін де керек нәрсе сияқтанады. Орыстардың «медвежья услуга» деген сөзінің төркіні сондай жағдайларды меңзейтін шығар деп шамалаймын. «Жақсы тамақты артық жесең де мәкрүп», — деп жатушы едік қой өзіміз, сол сөзді тамаққа ғана емес, кей уақыт атақ-даңққа да қолданып көрген жөн.
Иса жайлы да осындай сөздерді айтуға болар еді, ол да елдің еркесі болды. Ән десең әні, өлең десең өлеңі, ойын десең ойыны бар, ол бір өзі-ақ бір концертті еш қиналыссыз қойып бере беретін, соның есесін халық та оны керемет қастерлейтін. Әміре екеуі тірі кезінде аңыз боп кеткен адамдар ғой.
(«Қyштар көңіл» кітабынан, А. 1977 ж.)