Қазақ-қырғыз мектептері
Еркін далада көшіп жүріп, ерікшілікте, бостандықта өмір шеккен қазақ-қырғыз халқы орыс үкіметінің қарамағына мойын ұсынғаннан кейін бұрынғы мінезін, құлқын, батырлығын жоғалта бастады.
Тарих жүзіне қарасақ, халықтың бостандығын жоюға, əлсіреуіне себеп болған — билеген хандар көрінеді. Əділшілдікті, адамгершілікті ұмытып, тек қана бас пайдасын ойлап, еркін қазақ-қырғызды Россия үкіметіне құлдыққа байлап берген де хандар көрінеді. Қара бұқара бұлардың істеген ісіне, пікіріне қарсы болған. Бостандығын сақтау үшін жау болған. Соғысқан. Россия үкіметінің қолданған саясаты қазақ-қырғыз халқының ұлттығын, тілін, əдетін жоғалту болғандықтан бірнеше жылдар Россиямен де соғысқан. Осыған қарағанда еркіншілік, бостандық қазаққырғыз халқының сүйегіне сіңген деп білуге болады. Малын, жанын бостандық жолына құрбан қылғандығы — сол бостандықты сүйгендігі. Сүйген нəрсе ерлік, батырлық көсемдік тудырады. Бірақ өнер-білім жоқ жерде қара күштен пайда шықпайтындығы белгілі болды. Россия халқының мəдениеті артық болған соң қазақ-қырғызды жеңді. Өзіне көндірді.
Қазақ-қырғыз ішінде ескі заманда мектептер болған жоқ. Оның себебі көшпелі болып, орнығып отырған жоқ. Меншікті қаласы болмағандық.
Енді Россияға қосылғаннан соң мектеп, мешіт салу, оқу мəселесі қозғалды. Бұл мəселені көтерген Россия елшісі – Тевкелеев. XVIII ғасырдың орта шамасында Петерборға берген баяндамасында Тевкелеев қазақты Россияға көндіру үшін бірнеше жолдар көрсеткен: 1) қазақты отырықшы қылу; 2) мешіт салу; 3) мектеп салу һəм басқа жолдар. Үкімет Тевкелеевтің жобасын мақұл тауып, соның бəрін істемекші болғанымен де тарих сол уақытта мектептер ашылды деп айтпайды.
Əуелгі əзірде қазақ ішінде білім таратушы ноғайлар болған. Бұлар хандардың, билердің, байлардың балаларына жазу-сызу мен дін-шариғат үйретсе керек. Осыдан артық үйретуге сол ноғай молдаларының білімі болды деп айтуға да болмайды. 1747 жылы Əбілқайыр ханның Россия үкіметіне өз қолымен жазған арызын оқып айыра алмаған. Оның баласы туралы ханның Орынбор аймағының бастығына жазған хатын да
тəржіме қылушы ноғай тани алмаған. Ел билеген хандар һəм олардың балалары дұрыстап жазу білмеген болса, əрине, қара бұқара арасында кім айтар? XIX ғасырдың 70-жылдарында қазақ-қырғыз халқы ұрыс-қағысты қойып, Россия үкіметіне тегісімен көнді.
Білімнің керек екендігін білді. Сондықтан өз араларында мектеп болмаған соң Бұхарға, Хиуаға, Қарғалыға һəм осылар сияқты мұсылман шаһарларына барып оқи бастады. Осы шеттен оқып шыққан бірді-екілі қазақтар ауыл ішінде мектеп салдырып, мүрит жинап молдалығын жүргізді һəм мешіт жанынан мектеп ашып, жастарды оқытты. Бұл мектептерде тек қана дін-шариғат жайынан оқытушы еді. Еуропа мектептеріндегідей əртүрлі пəннен мағлұмат бермейтін еді. Мешіт жоқ жерлерде ауыл болып бірігіп, балаларын молда жалдап оқытады екен. Қазақ-қырғыздың түсінігінде жазба һəм баспа кітап оқи білсе, азырақ жазу білсе молда болғаны. Осыдан артық оқу болмаса керек. Енді көшпелі ауылдарды алсақ, олардың ішінде оқу жолы жоғарыдағы айтылған түрде болған мешітте оқу қыс мезгілінде болса, көшпелі елде жаз мезгілінде болады екен. Мұсылман мектептері қазақ-қырғыз арасына таралған жоқ. Оған себеп болған Россия үкіметінің қолданған саясаты. Қазақ-қырғыз халқы басқа мұсылман халықтарының жетегінде кете ме деген қауіп көп. Соған қарсы түрліше жобалар жасады. Бір уақыт қазақ ішіне ноғайларды шығармасқа заң шығарды. Мұнан соң қазаққырғыз балалары үшін школдар ашуға қаулы қылды. Самар-Орынбор губерниясының губернаторы Катенин 1890 жылы үкіметке жіберген баяндамасында айтқан: «Қазақ халқы білімнің керек екендігін түсінді. Өз араларында мектеп болмаған соң балаларын Бұхарға һəм басқа мұсылман мектептеріне оқытады. Онда қазақ балалары 20-25 жасқа дейін оқиды. Сонда оқитыны — тек қана дін-шариғат. Басқа ғылым оқымайды. Бұл оқудан зиян болмаса, пайда жоқ. Қазақ халқы бұзылмаған халық. Соның үшін мұсылманша оқу бұлардың ішіне таралмай тұрғанда школдар ашу керек» деген осы Катениннің жобасы бойынша үкімет Ақмешіт, Қазалы һəм Орынбор жағынан бір школдан ашуға қаулы қылған. Мұнан да бұрынырақ қазақ балалары үшін 1844 жылы Орынборда 30 кісілік 6-7 жылдық жатақты школ ашылған. Ондағы оқу: 1) орыс тілі; 2) есеп; 3) ноғай тілі; 4) дін жайынан; 5) орыс тілінде дұрыстап жаза білу. Жəне де қазақ балалары сол Орынборда 1824 жылы ашылған кадет корпусына кіруге ықтиярлы болған. Балаларын оқытқан адамдарға қағаз берілетін болған. Қазақ-қырғыз халқын орыс дініне көндіру мақсұтымен бірқатар жерлерде дінге үндеуші (миссионерские) школдар да ашқан.
Қалай айналдырса да қазақ-қырғыз халқы ұлттығын жойған жоқ. Бұзған жоқ, əдетін ұмытқан жоқ. Осыған қарағанда ескі мектептер халықтың тұрмысына, тіліне, əдетіне лайық болмағандықтан ауыл ішіне таралған жоқ. Жəне де Россия үкіметінің салдырған школдары бұл мектептердің таралмасына үлкен себеп болды. Енді мұсылман мектептері мен Россия үкіметі саясатының қыспағында отырып, қазақ-қырғыз халқы əдетін шариғатқа айырбастамағандығына бас иіп, Россия саясатының алдауына еріп кетпегендігіне себеп болған ақындар, өлеңшілер болған. Осылар арқылы ескі өлеңдер, мақалдар, батырлар жайынан жырлар һəм басқалары осы күнге дейін ұмытылмай келді.
Оқу жұмысы осы күйде тұрғанда Россия 1905 жыл Қозғалысы болып өтті. Бұл Қозғалыс түрік халықтарының көзін ашып, алға басуына себеп болды. Жұрт оқудың керек екендігін білді. Əсіресе, өнер-білімге бел шешіп кіріскен ноғай халқы болды. Пайдасыз ескіше оқуды жоғалта бастады. Мектеп-медресе тұрмыстары жаңа бағытпен, жаңа жолмен жүре бастады. Аз жылдың ішінде медресе «Құсаиния» мен «Ғалия», «Расулия», «Мухамедия» һəм басқалары ашылды. Қазақ жастары ауыл ішінде жаңа мектеп болмаған соң жоғарыдағы айтылған ноғай медреселеріне кіре бастады. Осы медреселерде оқыған шəкірттер жаз мезгілінде ауыл ішіне шығып, ұсул-жəдит жолымен оқытып, ауылды жаңа мектеппен таныс қыла бастады. 3-4 айдың ішінде жазу үйреніп, есептің 4 амалы (қосу, алу, көбейту һəм бөлу) біліп қалушы еді. Жаңа оқудың ескіден артық екендігін халық түсінді.
Бірақ ескі үкімет қазақ-қырғыз ішінен ана тілінде оқитын мектепті ашуға қарсы болды. Бұл үкіметтің саясатына ауылдағы надан молдалар да қосылып, жаңа мектепке дұшпан болып шықты. Сонымен халық ағарту ісі осы күйде шешілмей тұрғанда Россия да октябрь төңкерісі болды.
Октябрь төңкерісінен кейін өнер-білімге кең жол ашылды. Мектеп ашуға, мектепте əр халық өз тілінде оқу-оқытуға ықтияр болды.
Бұрынғы ескі школдар, мектептерді жауып, жаңа жолмен, бағытпен оқытпақшы болды.
Мектеп ашу туралы, оқу-оқыту туралы талай сөйленді. Талай жобалар жасалды. Талай қағаз жазылды. Бірақ пайдалы, керекті деген жобалардың бəрі де тек қана қағаз жүзінде қала берді. Жүзеге шықпады. Мектептер туралы шыққан жақсы жобалар Мəскеуге лайықты болса да көшпелі ауылдың тұрмысы оны көтере алмады. Бірақ үкімет көшпелі ауылдың тұрмысымен əуелде санасқан жоқ. Мəскеудің шығарған жобасын елге таратпақшы болды, жүзеге шығармақшы болды. Оқу-оқыту құралдарының бар-жоғына қараған жоқ. Сондықтан кеңес мектептері де халықтың сенімді көзбен қарайтын білім ошағы болып шыға алмады. Екінші жағынан, мектептерді дұрыстап алып жүретін, толық мағлұматы бар мұғалімдер де болмады. 2-3 айлық мұғалімдік курсынан оқып шыққандарға халық теріс көзбен қарады. Балаларын оқытуға бермеді. Осымен октябрь төңкерісі өнер-білімге кең жол салғанымен қазақ-қырғыз халқы бұған даяр болмағандықтан ешбір пайдалана алмады.
Енді үкіметтің бір үлкен жұмысы — қазақ-қырғыз халқының тұрмысына, əдетіне лайықты қылып мектептердің түрін, оқу-оқыту жобаларын түзеу.
Осы мəселені шешіп алмай, шиеленіскен түйіншек жазылады деп ойлауға мүмкін емес.
Ауыл ішінде мектеп халы нашар күйде болған болса да, шаһарлы жерлерде сондай болды деуге болмайды. Төңкерістен кейін бірқатар қалаларда мұғалімдер даярлайтын мектептер ашыла бастады. Осындай мектептер Ташкентте, Алма-Атада, Шымкентте ашылды. Ташкенттегі мұғалімдер даярлайтын мектепті 20-жылы 4 жылдық институт қылды. Болашақта институттың шаруалық, денсаулық һəм басқа бөлімдері болуы тиіс. Əзір тек мұғалім даярлайтын бөлімі бар. Əрине, жақын арада институтта оқу жобасы Еуропа мектептеріндегідей бола алмайтыны белгілі. Бірақ, осы институт қазақ-қырғыз балалары үшін ашылған түңғыш мектеп. Сондықтан кем-кетігі əуелгі əзірде болуы мүмкін.
Ауыл ішіндегі мектептерден оқып шыққан шəкірттердің институтқа жарамайтындығы осы екі жылда белгілі болды. Солай болған соң институтқа оқушылар даярлау үшін институт жанында 3 жылдық курс ашылып отыр. Осы 3 жылдық курсты бітіргендер институттың бірінші негізгі класына кіреді. Институттың ашылғанына 2 жыл өтіп 3 жылға айналып бара жатыр. Алдымыздағы 24 жылда оқушылардың алды бітіріп шығады. Бұлар қазақ-қырғыз ішінде ана тілінде білім алып шығатын тұңғыш мұғалімдер. Болашақта қазақ-қырғыз халқының мектептерін тұрмысына лайықты қылып, оқуын өрнекті қылып түзеуші осы институттың шəкірттері болуға тиіс.
К.Ж.