Қазақ-қырғыз білім комиссиясынан

Қазақ-қырғыз білім комиссиясынан
Заманымыз мəдениет заманы. Мəдениетке білім жеткізеді. Білім оңайлықпен қолға түспейді. Білім алуға көп еңбек, аса сабыр керек. «Сарғайған жетер мұратқа» деп атамыз айтқан. Білім мысқалдап кіреді. Білімді болу үшін көп сарғаю керек. «Еңбек етсең емерсің». Еңбек қылмай білім жоқ. Еңбексіз ағартып, тезден елді мəдениетті қыламын деген ой — ауысқандық.
Мəдениетті боламыз десек, жолымызды дұрыстап түзеп алып, бетімізді бір бағытқа салып, азық-түлігімізді түгендеп, ұзақ сапарға шығу керек. Асықпаған арбамен қоянға жетеді. Анау бəлен болды, мынау түген болды деген күншілдікті де қою керек. Күншілдік мұрат емес. Тайлының аттыға еріп, таңы айырылады. «Аяз əліңді біл, құмырсқа жолыңды білді» естен шығармай, айқайламай, шуламай, білімді болып, мəдениетке жетудің жолына анық белді байлау керек.
Білім алудың жолы көп. Жолдың ішінде ең төтесі — жақсы мектеп, білімді мұғалім. Мұнан қалса, ел ішіне көпке түсінікті болып жазылған білім кітаптары. Мектеп жақсы болу үшін құралдары түгел, саймандары жеткілікті болуы шарт. Құралды-сайманды түгіл, құралсыз да бізде мектеп жоқ. Сондықтан мектеп түзеу – біздің бірінші жұмысымыз.
Білімді мұғалім бізде тағы жоқ. Мұғалімдеріміздің шала-шарпы білімі бар.
Бұлардың көбі ел ішінде бір-екі жыл тұрса осы шала-шарпысынан да айырылып қалады. Себебі, оқитын кітабы жоқ, қасында сөз айтатын білімді кісі жоқ, алыстан барып білімін толтыруға өзінің жəне халы жоқ.
Ауруын жасырған жазылмайды. Мектеп пен мұғаліміміздің нашар екендігін ашық айтып, анық түсіну керек. Нашарға жəрдем беріп, жоқты бар қылу бəріміздің міндетіміз. Мұны ұмытпасқа керек.
Жұртымыздың сөзге əуестігі бəрімізге мəлім. Біздің жұрт сөз айтпай, сөз тыңдамай отыра алмайды. Бұрынғы заманда жұрттың айтатыны, тыңдайтыны өзінің ата сөздері еді. Ертегі, жұмбақ, өлең, толғау, терме, жыр, тақпақ, айтыс, жылау, жоқтау, түрлі тарихи əңгімелерді бұрынғы уақытта екі кісінің бірі сөйлейтін. Елдің салты, тіршіліктің қалпы өзгерген сайын сөз айтушылардың саны азайып, сапасы кеміді.
Ел ішіне молдалар мен жерге жазу-сызу білетіндер пайда болды. Ел жазба сөзге мұқтаждана бастады. Бұл мұқтаждық дін кітабын оқу, ағайын түріктердің кітаптарын оқуды туғызды. Пайдакүнем саудагерлерге жұрттың өз сөзін түрлі шатастырып бастырып, кітап қылып сатуға жол берді. Қазанда басылған қиссалар шықты. Арабтың «Мың бір түн» секілді ми кептіретін ертегілерінен алынған сөздер жайыла бастады.
Елдің мұндай мұқтаждығы ескерілмеді. Ой жағынан, ел жағынан пайда беретін кітаптар тарату саналының қолынан келмеді. Санасыздың ойына келмеді. Сонымен төңкеріске жеттік. Бұл туралы төңкеріс те айтарлық ештеңе бермеді. Түрлі себептерден ауыз сөз айтушылар ел ішінде құрыды, дін кітаптары да, қазірде қиссалар да бітті. Бірақ бұлардың орнына лайықты нəрселер тумады.
Төңкерістің алғашқы кезінде баспасөздің төтенше екпінді жұмыстары болды, бұрылуға еркі болмады.
Осы күні жұмысты нықтап, негізді қылып істейтін заман туды. Халық ағарту жұмысы алға қойылды. Баспасөз надандықпен күреске салынды. Жайымыз бұлай болған соң баспасөзді елге жақындату, түсінікті қылу мəдениет жолындағы ауыр жұмыстың бірі болып шығып тұр.
«Сананы» шығарғандағы мақсатымыз – аз да болса жоғарғы айтылған кемшіліктерді жойып, аңсаған елге, алақтаған мұғалімдерге, жасөспірім шəкірттерге түсінікті сөз беру. Бұл өте ауыр жұмыс. Дегенмен де кіріспеске амал жоқ. Заман тоқтамайды, гулеп өтіп барады.
Журнал шығарғанда біздің ұстайтын жолымыз мынау:
1. Ең негізінен бастап əр пəндерден түсінікті қылып жалпы білім беру: 1) ғылым-қисап (математика); 2) физика, химия туралы түрлі мағлұматтар беру; 3) дүниенің жаралу түзілісімен, аспандағы жұлдыздармен, жердегі болатын жауын-шашын секілді өзгерістермен таныстыру; 4) жануарлармен, жер жүзіндегі ағаш-шөп секілді өсімдіктермен, тастопырақпен таныстыру, жердің қалай жаралғанын, неден түзілгенін білдіру; 5) бұрынғы өткен халықтармен, олардың мəдениетімен, салтымен таныстыру.
Бұрынғыдан қалған тамтықтарды қалай іздеу жайында, қалай пайдалану туралы баяндама беру; 6) қай жұртта қандай шаруа бар, қандай заң бар, қандай тұрмыс-тіршілік бар – сонымен таныстыру; 7) жер жүзіндегі елдермен, жерлермен таныстыру, 8) санақ туралы баяндама беру, жер жүзіндегі елдердің түсінің, өлімінің, оқу үйінің, сауатсыздығының, түрлі қажетіне жұмсайтын бұйымдарының санағын беру; 9) адамның, малдың аурулары, саулық сақтау туралы мағлұмат беру; 10) қаріп тізу, баспахана түзу, кітап бастыру, сурет туралы мағлұмат беру.
2. Қазақ-қырғыз жұртының тарихымен, салт-əдетімен, тұрған жерімен таныстыру. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген мақал бар.
Өз еліміздің өткен-кеткені, басынан кешкен дəуірлері, бұрынғы осы күнгі мекендері туралы қолдан келгенінше толық мағлұмат беру. Атабабаларымыздың істерімен танысып, еткен жаңылыстарына күйініп, жақсылықтарына сүйініп, ғибрат алмақ адамға сана береді.
3. Қазақ-қырғыз жұртының тілімен, əдебиетімен жақсы таныстыру. Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды. Мəдениетке ұмтылған жұрттың алдымен тілі өзгермекші, тілі бұзылмақшы. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт. Тамырды бұзбай ұстарту шарттарын қарастыру, жұрт əдебиетінен, көркем əдебиеттен үлгілер көрсетіп, өрнекті түрлерімен таныстыру.
4. Білім таратып, елдің қолын мəдениетке жеткізетін – мектеп. Сондықтан мектептің тарихы, түрлері, түзілісі, оқу-оқыту реттері, мұғалімдердің, шəкірттердің күй-жайы туралы, оқу құралдары, кітаптары туралы толық баяндама беріп тұру.
5. Адамның табиғатындағы бір мінезі – ойын-сауық қылып, қызықтар көру. Ойнамайтын адам жоқ, күлмеген адам – адам емес. Ойын-сауықтың пайдалысы да, зияндысы да көп. Салтымызға, тұрмысымызға қарай түзелген елімізде көп ойындар бар. Бұларды менсінбей ұмытып барамыз. Бұл жарамайды. Біздің кейбір ойындарымызға Еуропа таңданарлық.
«Сананың» бір міндеті – өз еліміздегі жəне бөтен елдердегі ойындармен оқушыларды таныстыру.
6. Бұл дүниеде адам баласы таңданатын іс қылып өткен адамдар бар. Бұл адамдардың аттары атадан балаға ұмытылмай келе жатыр. Түрлі данышпандар, шешендер, шеберлер, батырлар, ақындар, билер тағы басқалар көп өткен.
Осындай адамдар өзіміздің қазақ-қырғыз арасында аз болмаған.
Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу елдіктің белгісі. Сондықтан ең алдымен өз жұртымызда болған, сонан соң шет елдерде болған адамдармен таныстыру.
7. «Санада» «Мəдениет майданы» деген бір бөлім бар. Бұл бөлімде елдің мəдениеті, бұл туралы істелінген істі, үлгілі мектеп-медреселердің күй-жайын, мəдениет, білім ұйымдарының тіршілігін, үкіметтің мəдениет, білім туралы бұйрық-жарлықтары, тағы сондай басқа нəрселер жазылып тұрмақшы.
8. Қазақ-қырғыз тілінде, я қазақ-қырғыз туралы бөтен тілде шыққан кітаптарды тізіп тұрмақшымыз. Жəне де бұлар туралы сын беріп тұрмақшымыз.
Жоғарғы көрсетілген жолмен «Сананың» əрбір санында сыйғанынша, қолдан келгенінше мағлұмат беріліп тұрмақшы. Көңіл шабады, жүрек талпынады. Бірақ қолда қуат кем, жəрдем беретін, көмек қылатын кісі аз. Қанат-құйрық болмай, сүйеуші біреу болмай жұмыс көркеймейді. Сондықтан білімі бар саналы азаматтарға, əсіресе, мұғалімдерге жəрдемші болып сүйеңдер деген өтініш айтамыз. Ақшамен болсын, жазумен болсын жəрдем беріңіз.
Жазушыларға ескертетін нəрсе мынау: əрі болса қара халық үшін, бері болса ауыл мектептеріндегі мұғалімдер түсінетін сөздер жазуға, жазған сөздерің қойыртпақ болмай, таза татымды болсын. Сырты бар, іші жоқ құр тізілген қаріптің керегі жоқ. Əрбір жазылған сөздің журналымызға лайық мағынасы болсын. Кем мағынаға оза жайылып, кең сөйлеудің керегі жоқ.
«Сана» шындығында журнал емес, бөлек басылып шықпайтын уақ білім сөздерінің жиынтығы. Оқу кітабын жазу ұзаққа созылатын қиын жұмыс. Оны жиі шығарып тұру қолымыздан келмегендіктен білім беретін уақ сөздерді жиып, журнал ретінде шығарып тұруды ойладық. Журналымыз екі айда бір шығып, жылына алты кітап болып шығып тұрмақшы.
«Сананың» бірінші саны нағыз ойлағандай болмады. Біраз кемдіктері бар. Бұған бірінші себеп – істің жаңалығы, бұрынғыдан үлгі болмағандығы. Екінші себеп мынау болды – көп адам сөз жазбақшы болып уəде берсе де бірқатары уəдесінде тұрмады, бірқатары журналға лайықты сөз жаза алмады. Журналымызға сөз жазған кісілердің бірен-сараны болмаса ақы алғаны жоқ. Білім кеңесінің берген ақшасы журналдың техника жұмыстарынан артқан жоқ. Халық ағарту комиссарлығының жарлығын ойға алсақ болашақта ақша мол болады деген үміт аз. Бұл оқушы мен жазушының есінде болсын. Еңбегін сатпай, халық үшін бос қызмет қылған азаматтарға жарылқасын айтамыз.
Қазақ-қырғыз білім комиссиясының төбеағасы Халел Досмұхамедов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *