ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТ ТЕАТРЫ

Ахмет ЖҰБАНОВ:
«Әміренің аты тек Қазақстан емес, бүкіл Одаққа, бүкіл Еуропаға әйгілі болды. Әміре арқылы қазақтың әншілік өнері мемлекеттік шекараны сонау жиырмасыншы жылдардың ортасында-ақ аттап өтті, орыстың, батыстың ұлы мәдениет қайраткерлерінің ауыздарына түсті. Әміре – қазақтың қалай мақтаса да, қалай мақтанса да бола беретін, сыя беретін асқан өнерпазы».

Мyхтар ӘУЕЗОВ
ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТ ТЕАТРЫ

…Қазақ труппасының пьеса, спектакльмен бірге жасап, дәуірлеп келе жатқан сенімді жақсы күштері осы болса, осымен қатар баяғы кәрі қазақ өнерінің анайы топырағынан келе жатқан асыл бұйымдай қадірлі ірі күштері тағы да бар. Бұл – Иса мен Әміре.
Исадан соң өз жолында осы сияқты жайынан, жабайыдан шыққан сұлу өнердің иесі — Әміре.
Әміренің әнінде ақындық тазалықтың шам-шырағы жанғандай. Жүректі тербетіп қуантатын, аспандаған қуаныш белгісі, балалық жарастығы бар. Әміре – әншіліктің ақыны. Әрбір ырғағынан жанын салған шыншылдығы көрінеді. Жүрегінің түпкірінде жылтылдап жанған өнер оты сезіледі. Сондықтан қазақтың қай түпкіріндегі қай алуан адамы болса да, кәрі, жасы, әйел-еркегіне қарамай, түгелімен Әміренің әнін қуана, сүйсіне тыңдайды. Әміре мен Исаны күнде тыңдап, күнде көріп, бірге сөгіп, мінеп, бірде болымсыз сөзбен жұбатқан болып, әрлі-берлі қақпайлап жүрген біз сияқты қала адамы, оқыған қазақ – олар туралы соңғы сөзді айтудан бұрын, қалың қазақ тыңдаушысы не айтатынын еске алуымыз керек. Егер олардың артында қошеметшісі, мақтаушысы болып иін тірескен қалың елді көрсең, сол бізге тоқтау беру керек. Оны көре тұра өнерлі, сыншы кісімсіп, қыңыр кеудеге салып, өрге сүйреу ұят. Ол – надандық белгісі. Қалың қазақ мақтаған өнерші – сыннан өткен өнерші. Заманының қауымы өнерін таныған, қабылдаған өнерші. Рас, бір түр ғана елдің мақтауымен тойып тұрып қалуға болмайды. Түріне түр қосқызу, ілгері бастыру, нағыз мәдениетті өнерге ұқсату жағынан көмек істеуіміз керек. Бірақ, осының бәрін мыналардың қадір-қасиетін танып бағалай отырып істеу керек.
Жә. Біз бұл күнге шейін қазақ театрындағы өнерлілердің жақсылық белгілерін, ерекше көрікті көрінген қасиеттерін ғана айттық. Сынсыз мақтау құр қошемет сөз сияқты болып кетуге де мүмкін. Бірақ, мен өз білген мөлшерімде бұл уақытқа шейін айтқан сөздерімді сынап айттым деп білемін. Әрбір дені сау сынның бір беті жақсылықты атау болса, екінші беті, астары кемшіліктерін айтуға да арналу керек.
Жаңағы мақталған труппа адамдарында сол жаңағы саналған жақсылықтармен қатар, әзірше жетіспей келе жатқан кемшілік те бар. Енді соны айтайық.
Бұл жайда әуелгі сөзді соңғы тоқтаған кісім — Әміреден бастайық. Әміре Еуропа сахнасының оқымысты, білімді, мәдениетті әншісі емес. Ән салатын үлгісі, айтып жүрген сарыны – барлығы да әзіргі Әміренің, жалпы дайындық шамасына қарағанда, міні деп айтатын нәрсе емес. Біз білген, көпке танылған Әміре осы пішінде, осы күйімен қалар да.
Әнінде таза дала сарынынан гөрі бояу кестесі басқарақ, жаңарақ көрінсе, ол Әміренің біреуден алған үлгісі, жұғындысы емес. Өзінің талантынан ғана туған жаңалық. Бірақ бұл жаңалық европаша емес, қазақша. Әміренің айтуында дала әні жаңашалау сезімділікке боялған. Осынысын қазақ әнінің бір саты ілгері басқаны, көркеюге ұмтылғаны дейміз.
Әміре қай әнді болса да, өзінше кестелеп, қошқар мүйіз салып, үкі, маржан тағып алады. Осы бағытын дұрыс, жақсы бағыт дейміз.
Бір-ақ кемшілігі: Әміре Семей әнін ғана айтады. Ән саны аз ғана. Таңдауы көп емес. Біразына екіншісі ұқсай береді. Өзіне бір нық қалып соғып алып, содан әрі аспай, жылжымай, тұрып қалатын сияқты. Анығында, бүгінгі халінде ол жалпы қазақ әншісі емес. Семей әншісі болып отыр. Қазақтың кең даласындай әр жерінің әні де кең, қорлы, алуан бөлек. Біріне- бірінің кестесі қайшы, жатырақ та болып шығатыны бар.
Олай болса, қазақ сахнасының жалпыға бірдей әншісі сол Қазақстанның әр бұрышындағы ән үлгілерінің әрқайсысын да жақсы білу керек. Бір әнді Семей қалай салады, Ақмола, Қостанай, Түркістан қалай салады. Арқа әні мен Сыр бойының әні, Ұлы жүз бен Кіші жүз әндері, қазақтың романс сияқты ырғағы мол, сезімі зор Мұхит әні сияқты әндердің барлығы да Әміренің төл әні сияқты болу керек.
Әнді бір қалыппен үнемі созып айтпай, анда-санда желісін үзгендей, екшеп тастап, толқын соққандай сатырлатып айтатын құбылысы көп үлгі Атбасарда бар сияқты. Әміреге со да жат болмау керек.
Әміреге тоғыз болыс Қазақстанның әрбір бұрышына барып, жақсы әншіден ән үйреніп, түр жиып алып қайтып жүрсе де, обал емес. Болмаса, Затаевич, Ковалев жиған, нотаға түскен әндерді толық пайдалану керек. Онан соң бірен- саран күйлерді әнге айналдырып, жаңа үлгі сияқты қылып ұсынып байқауға да болады. Не қылса да, бір орында бір-ақ түрлі үлгімен, жалғыз Семей әндерімен қатып тұрып қалмай, кеңею, молаю, өсу керек. Өскенде жалпы Қазақстан әншісі боламын деген мақсатты қолдану шарт.
(«Жұлдыз», 1964, №1. Мақала қысқартылып беріліп отыр.)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *