Шара ЖИЕНҚҰЛОВА «ӨМІРІМ МЕНІҢ – ӨНЕРІМ»

Шара ЖИЕНҚҰЛОВА
«ӨМІРІМ МЕНІҢ – ӨНЕРІМ»

…Құрекең екеуміз қосылғаннан соңғы «қол ұстасып, судай тасып» демекші, бірге шыққанымыз өзінше бір қуаныш болса, бүгіндері аты тарихқа айналған Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Қажымұқан Мұңайтпасов сынды арамызда жоқ ардагер ағалардың өнерін көзбен көру неткен бақыт еді, енді ойласам!
«Ел іші – алтын бесік» дегенді сонда көрдім. Бұл – 1930 жылы болатын. Бағытымыз — Семей, Ақмола, Қызылжар, Кереку. Қайсысында да аттылы-жаяулы алдымыздан шұбап шығып қарсы алып жатқан жұрт. Боз үй тігіп, биіктеу жотаға кілем, алаша, киіз төсеп тастайды. Кәрі-жас, бала- шаға демей алқа-қотан отырады, оларды айнала атқа, түйеге, өгізге, арбаға мінгендер қоршап тұрады. Күн батады, ай туады, біздің төбеміздегі ойын-сауық концертіміз басталады. Ең алдымен Әнші-аға (Әміре) гармоньмен шығады да түрлі әндерді құйқылжытады. Қазақтың небір сұлу әндерін ашық та биік сыңғыраған еркін даусымен айтқанда тыңдаушы аһ ұрады. Одан домбыраға ауысады. Бірде күрсінтіп, бірде күлдіріп, мысалы «Ағашаяқты» айтқанда, жердегі үні аспандағы аққумен үн қосатындай, күміс үні кең даланы жаңғыртып жататын. Егер еуропалық тәлім-тәрбие алған болса, бәлкім, ұлы Карузодай үні әлемді жаңғырықтырған әнші болар ма еді?!
Әсте, әншілік – санаулы адамның ғана басына қонған бақыт, табиғат берген дарын. Оны бағалау, қадірлеу лазым.
Әміренің үні кезінде жазылмады, тек көзкөргендердің тамсана айтуы болмаса, оның даусын кейінгі ұрпақ ести алмай арманда да қалар еді. Қуанышқа орай, соңғы жылдары техникалық сапасы нашар болса да оның диктофонға жа- зылған жеті-сегіз әні табылды, онда да Парижден табылды.
Ал осындай табылмай, қол ұстатпай кеткен халқымыздың інжу-маржандары қаншама!
(«Өмірім менің — өнерім» кітабынан, А., 1992.)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *